1.2Бастауыш сынып оқушыларының оқу әрекетінде қалыптастатын танымдық қызығушылық ұғымдарының мәні мен маңызы, мүмкіндіктері
Бастауыш мектеп шағы бала өмірінің алты - жеті жастан он жасқа дейінгі кезеңін қамтиды. Бұл кезеңге тән негізгі белгі мынада: бұл жаста мектеп жасына дейінгі бала мектеп оқушысына айналады. Бұл баланың өз бойында мектеп жасына дейінгі балалық шақтың белгілерін оқушының ерекшеліктерімен ұштастыратын өтпелі кезең. Бұл белгілер оның мінез-құлқында, санасында күрделі, кейде қайшылықты үйлесім түрінде қатар жүреді. Кез келген өтпелі күй сияқты, бұл шақ көзі ашылмаған даму мүмкіндіктеріне бай. Адамның көптеген психикалық қасиеттерінің негіздері тап осы бастауыш мектеп жасында қалыптасады және әдетке айналады.
Жеті жасар бала мектеп табалдырығын аттасымен-ақ оқушы болады. Оның өмірінде ойын әлі маңызды орын алғанымен осы уақыттан бастап ол біртіндеп басымдылық ролін жоғалта бастайды. Бастауыш сынып оқушысының жетекші әрекеті оның мінез-құлық мотивтерін елеулі түрде өзгертетін, оның танымдық және адамгершілік күштерін дамытудың жаңа көздерін ашатын оқу болады.
Мектеп кезеңіне өту – балалардың іс-әрекеті, басқа адамдармен қарым-қатынасында болатын шұғыл өзгерістермен байланысты. Бұл кезде оқу оның негізгі әрекетіне айналады, жаңа міндеттер пайда болады, айналадағы адамдармен қарым-қатынасы өзгереді.
Биологиялық тұрғыдан бастауыш сынып оқушылары мектепке дейінгі кезмен салыстырғанда, бойының өсуі баяулайды және салмағы едәуір артады, қаңқасы қатая бастайды. Бұлшықет жүйесі жедел дамиды, саусақ сүйектері мен бұлшықеттерінің дамуына байланысты, нәзік қозғалыстарды орындау қабілеті артып, бала жылдам жазу дағдысын меңгереді, ағзасының барлық ұлпалары өсу жағдайында болады.
Бастауыш мектеп кезеңінде жүйке жүйесі жетіледі, үлкен ми сыңарларының функциясы жедел даму үстінде болады, ми қабығының аналитикалық және синтетикалық функциясы күшейеді, мидың салмағы ересек адам миының салмағына жақындап, 1400 граммға дейін жетіледі. Психикасы тез дамиды. Қозу және тежелу процестерінің өзара қатынасы өзгереді: тежелу процесі күшейгеніменғ қозу процесі басымдау болады. Соған орай, бастауыш сынып оқушылары тез қозғыш болып келеді. Сезім мүшелерінің жұмысының дәлдігі артады. Мектепке дейінгі кезеңмен салыстырғанда көру мүшесінің түске сезімталдығы 45% , буын-бұлшықеттік сезімталдығы 50%, көру мүшесінің сезімталдығы 80% артады [106].
Бастауыш сынып оқушыларының қабылдау қабілеті әлі ұйымдастырылмаған және тұрақсыз болғанымен жаңа нәрсені қызығушылықпен қабылдайды. Олар қоршаған ортаны үлкен қызығушылықпен қабылдап, өздері үшін күн сайын жаңа нәрсе ашады. Бастауыш сыныптың соңына қарай оқушылардың қабылдауы күрделеніп, талдамалы, ұйымдасқан сипатқа ие болады.
Бастауыш сынып оқушыларының зейіні тұрақсыз, көлемі шектеулі келеді. Сондай –ақ, ойлауы эмоциональды-бейнеліктен, абстрактылы-логикалық бағытында дамиды. Ойлауы сөйлеумен байланыста дамиды. Қазіргі үшінші сынып оқушыларының сөздік қоры шамамен 3500-4000 сөзді құрайды. Мектепте оқытудың ықпалы сөздік қорды молайтудан ғана емес, сонымен қатар маңызды біліктілік болып саналатын баланың өз ойын жазбаша және ауызша түрде еркін жеткізуден көрінеді.
Оқушының танымдық іс-әрекетінде естің орны ерекше. Бастауыш сынып оқушысының табиғи мүмкіндіктерінің маңызы зор: материалды сөзбе-сөз жаттап алуға оның миының пластикалылығы жағдай жасайды.
Алғашқы кезде оқушы нақтылы оқу пәндерінің мазмұнымен шын мәнінде әлі таныс емес. Олардың оқу материалдарына танымдық ынтасы әзірге жоқ. Олар тек математика, сауат ашу және басқа пәндерді тереңдеп оқу кезінде қалыптасады. Әйтсе де бала алғашқы сабақтардан бастап-ақ, тиісті мағлұматтар ала бастайды. Бұл ретте оның оқу жұмысы жалпы білім алуға деген ынтаға сүйенеді. Ынталылықтық жеке-дара көрінісі бұл жағдай математикада және қазақ тілі пәндерінде байқалады. Мұғалімдер бұл ынталылықты алғашқы сабақтарда дереу пайдаланады. Осының арқасында бала үшін сандардың тіркестілігі, әріптердің реттілігі және т.б. сияқты шын мәнінде ұзын-сонар, дерексіз жайлар туралы мағлұмат алу қажеттігі де маңызды бола бастайды.
Оқушының білім қазыналарын интуициялық қабылдауын мектептегі алғашқы күннен бастап, ендігі жерде математика, сауат ашу және басқа пәндердің өздерінің күтпеген, таңқаларлық, қызықты жайттарын паш ету жолымен қолдап, дамытып отыру керек. Бұл оқу әрекетінің негізі ретінде балалардың шын мәніндегі танымдық ықпалдарын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бастауыш сынып оқушысының танымдық әрекеті оқыту әрекетінде жүзеге асырылады.
Оқушы жұмысы түрлі типті іс-әрекеттерден құралады. Олардың арасынан оқу әрекеттері ерекше орын алады. Солар арқылы оқушылар оқу міндеттерін шешудің жалпы әдістерінің үлгілерін және оларды қолдану шарттарын анықтаудың жалпы тәсілдерін қайта жаңғыртып, игереді.
Бастауыш сынып оқушысының дамуы өте күрделі процесс. Бұл кезеңнің адам дамуындағы орны ерекше. Бұл кезде адам өмірінің әрбір күнін тиімді пайдаланғаны дұрыс. Бұл кезеңдегі негізгі міндет – қоршаған әлемді, табиғатты, адами қарым – қатынасты танып білу. Осы кезеңде алға қарай өмір бойы өзгеріссіз қалатын көптеген әлеуметтік, адамгершілік және интеллектуалдық сапалар қалыптасады.
Мектептегі өмірінің басталуымен бірге балалардың әрекетінің жетекші түрі де өзгереді: ойыннан, оқушының жоғары күш-қуаты мен интеллектуалдық, ерік-жігер сапасын талап ететін, оқу әрекетіне ауысады.
Бастауыш сынып оқушыларының белгілі бір дәрежедегі жеке дамуы бастауыш сыныптың оқу үрдісін баланың оқу әрекетіне сәйкес ұйымдастырған жағдайда ғана байқала бастайды. Міне, осы кезеңде көптеген оқушылардың танымдық қызығушылығы оянып, ойлауы ішінара логикалық қорыту сипатына ие болып, өзіне-өзі және жолдастарына баға беруі қалыптаса бастайды.
Оқу әрекетін арнайы ұйымдастырмайынша білімнің тиімді меңгерілуі және оқушылардың дамуы мүмкін емес. Сондықтан, оқытудың тиімділігінің көрсеткіштері туралы айтқан кезде, меңгеруді ұйымдастыру тәсіліне, соңғы нәтижесінде оқушылардың зиялылығын дамытатын, білімді меңгеруді қамтамасыз ететін, интеллектуалдық амал-әрекетті туғызуға ерекше көңіл бөлу қажет. Танымдық қызығушылықты қалыптастыру шын мәніндегі ұйымдастыру, тек оқушылар білім, білік және дағдыны меңгеру барысында, арнайы және жүйелі түрде танымдық әрекеттер тәсіліне үйретілген жағдайда ғана мүмкін болады. Бұл тәсілдерді меңгеру білімді қалыптастыруға әсерін тигізіп қана қоймайды, ол оқушының өмірге деген көзқарасын өзгертеді. Мұғалімнің басшылығымен таным әрекетінің тәсілдерін меңгере отырып, оқушы кейін оны өз бетімен кез келген жағдайда, әр түрлі оқу тапсырмаларын шешуде қолдана алады, өз белсенділігімен өзгерте отырып жаңа тәсілдерді де пайдалана алады.
Оқушылар оқу әрекетін жүзеге асыру барысында мұғалімнің басшылығымен қоғамдық сананың әртүрлі формаларының мазмұнын және олардың талабына сай әрекет ету білігін жүйелі меңгереді. Мектеп жасындағы балалардың бәріне де тән оқу әрекеті, адам жасаған қоғамдық сананың формаларын меңгерумен байланысты.
Оқу әрекетінің бала дамуының қайнар көзіне айналуы, әрине, оның негізгі компоненттерінің рөлін дұрыс танумен, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері мен ішкі заңдылықтарын түсінумен, соған сай педагогикалық ізденістерге толы шығармашылық еңбектердің нәтижесімен айқындалады.
Сондықтан, бүгінгі таңда педагогика ғылымында кең қанат жая бастаған психологизация тенденциясын талаптарына орай, танымдық қызығушылық мәселесін жан-жақты қарастыру көзделді.
Жеке тұлғаның танымдық қабілеттерін жетілдірудің көрсеткіші ретінде бағаланатын қызығушылықты баланың жас және психологиялық ерекшеліктерімен бірге сәйкестендіре дамыту мәселесі оның жалпы әрекет категорияларымен өзара қатынасын арнайы сөз етуді қажет етеді.
Біздің мектептеріміздегі білім беру, оқыту жүйесінде оқушының өзін-өзі дамытуына, өз бетінше білім алу іскерліктерін дұрыс қалыптастыруға әлі де жете көңіл аударылмай келеді. Ішінара ұйымдастырылатын танымдық – шығармашылық бағыттағы жұмыстардың берері аз. Көбінде пәндік білім мазмұнына назар бөлінеді де, оны игертудегі басты факторларға:
-оқушылардың танымдық мүмкіндіктерінің (зейін, ойлау, ес, елестеу) даму деңгейіне;
- бала қабілетінің даму деңгейлеріне;
- оқу әрекеті мотивациясының сипатына, оқу әрекетін талдауға, мақсатын анықтауға мән бермейді.
Өзінің тіршілік және рухани қажеттілігін өтеу үшін оқушы дүниені танып білгісі келеді. Алайда, ол өзі үшін ешбір мәні жоқ нәрсеге қызықпайды. Оқушының қызығушылығы мен құндылық бағдары тығыз байланысты. Оқушы өзі үшін құнды, әрі қажетті нәрсеге қызығады. Кейіннен бұл нәрсе оқушы іс-әрекетінің мақсатына, қозғағыш күші – мотивіне айналу мүмкін. Осыған орай, кейбір ғалымдар қызығушылықты оқушының өзіндік дербес іс-әрекетке жұмыс мотиві ретінде қарастырады.
Қызығушылық феноменінің қоғамдық ғылымдардың барлығына бірдей қатыстылығы оның философиялық сипатын айқындайды.
Қызығушылық – философияның адам туралы ең маңызды мәселелерін бірлікте қарастырылатын ұғым. Адамның әлеуметтік мәні, оның қабілеті, субъектінің қоғамдық орны, объективті дүниемен қарым-қатынасы, адамның өмір-тіршілігінің мәні мен мақсаты секілді толып жатқан мәселелерді шешу адамның қызығушылығы мен қажеттерін танудан басталады.
Қызығушылық мәселесін түбегейлі зерттеу философиясының осы мәселесін терең түсінуге де көмектеседі. Себебі, адам бойындағы қызығушылық оның болмысымен де, практикалық іс-әрекетімен де, сана-сезімдерімен де тікелей байланысты. Адамның танымдық әрекетіне түрткі болуы, оның жасампаздық қабілетінің кілт болуы да қызығушылықтың қоғамдық маңызын көрсетеді.
Қызығушылықтың басты мәні ондағы объективтік пен субъективтік негіздердің бірлігінен сипатталады. Қызығушылық адамдардың еркін мен сана-сезімінің жемісі емес, қоғамдық қатынастардың нәтижесі.
Біріншіден, кез келген қызығушылықтың тамыры объективтік ортадан өсіп шығады, ол процесс объективтік - дүниенің субъективтікке ауысуын көрсетеді.
Екіншіден, қызығушылықтың мотив ретінде сыртқы ортаны адамның қажетіне, тілегіне сай өзгертетін әрекетке тигізетін ықпалы субъективтігінің объективтігі ауысуын танытады. Мұндай ішкі қайшылық қызығушылықтың дамуының қайнар көзі болып есептеледі.
Қызығушылық іс-әрекетке біржақтылықтан пайда болып, объектіге әсер ету нәтижесінен тартымды қарым-қатынас туғызады.
Қызығушылық – бұл адам психикасының танымдық, эмоционалдық және ерікті ортасы. Бұл құбылыстың күрделілігі мен маңыздылығы соншалық, қызығушылық категориясы философия, әлеуметтену, психология, физиология, педагогика, жеке әдістемелерде қарастырылады.
С.Л.Рубинштейннің пайымдауынша, қызығушылықты қажеттілікпен теңестіру орынсыз. Қызығушылық - ойдың бағыттылығы, қажеттілік -тілек, құштарлық, әуестік. Қажеттілік адамда белгілі бір затты меңгеруге деген ықыласты туындатса, қызығушылық - онымен тереңірек танысуға ұмтылдырады. Қажеттілік өтелген соң жоғалып кетеді, ал қызығушылықтың қанағаттандырылуы оның ары қарай жетілуі мен тереңдеуіне түрткі болады.
Педагогика ғылымында қызығушылық жеке тұлға көзқарасына және оның таңдаған бағытына бастау болатындай қажеттіліктің бір формасы ретінде айқындалады. Қызығушылық пен қажеттілік арасындағы өзара байланыс - өте күрделі мәселе. Қажеттілік пен қызығушылық арасында белгілі бір байланыс бар, әйтсе де бұған қарап оларды теңестіре қарастыруға болмайды.
Қызығушылық – бұл күрделі психикалық білім беру, яғни обьективті (әрекет мазмұны) және субьективті (әрекетті таңдаушылық) бастамалардың бірлігін көрсетеді.
Қызығушылық тұлғаның қоғамдық бағыттылығының формасы болып саналады. Адам қызығушылық арқылы өзінің көзқарасын, көңіл-күйін, идеологиясын, эмоционалды реакциясын білдіреді.
Қызығушылықты дамытуда өнер - білім рөлінің әрқашан жоғары екендігі туралы кезінде Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынов , М. Жұмабаев та айтып өткен.
А. Байтұрсынов «балаларды қинамай, оңай оқыту керек.
Күнделікті тіршілікте адам баласының өз алдына нақты мақсат қойып, белгілі іс- шұғылдануда өзінің ерік жігерін жұмсайтынын ескере отырып, Т.Тәжібаев адам қызығушылығын үш топқа бөліп қарастырады:
- мақсатты қызығушылық: адам кейбір кезде алдына қойған мақсат-міндетіне жетуді қызық көреді;
- әрекеттік қызығушылық: адам алдына мақсат қоймай, істейтін ісінің нәтижесі қандай болатынына мән бермей, тек атқаратын еңбегінің ағымына қарай ғана қызығады;
- нәтижелік қызығушылық: адам кейбір кезде істейтін еңбегінің нәтижесіне қызығады. Нәтижеге жетуді көздеп әрекет жасайды, соған барлық күшін жұмсайды .
Т.Тәжібаевтың пайымдауынша, адам қызығушылығын осылайша топтастырған тиімді. Өйткені қызығу адам өмірі мен тіршілігінде елеулі орын алады. Адам өмірдің бақыты мен болмысына өз бойында қызығу бар кезде ғана сезінеді. Қызығу белгілі бір іспен айналысуға бағыттайды, адамды ширатады, іс-әрекетін белсендіреді [102].
Соңғы жылдары педагогика - психология ғылымдары саласында қызығушылық мәселесіне, аса назар аударғандардың бірі белгілі профессор Қ.Жарықбаев болды. Ғалымның пайымдауынша, қызығу болмыстағы заттар мен құбылыстарды белсенділікпен танып - білуге бағытталған адамның біршама тұрақты, жеке ерекшеліктерінің бір көрінісі.
К.С. Жұмасова [85]: «Қызығушылық – адамның рухани және дене күші дамуының аса маңызды шарттары болып табылады және оның ой- өрісін кеңейтіп, білім алуға итермелейді» деген қорытынды жасайды.
Бүгінгі таңда психологиялық- педагогикалық еңбектерде «қызығушылық»
ұғымына бірқатар түсінік, анықтамалар берілген. Анықтамалардың мазмұны әрбір автордың бұл ұғымды өзінің зерттеу жұмысының нәтижесіне қарай түсіндіретінін көрсетеді және олар бір мақсатты көздейтінін, мазмұны жағынан бір - бірін толықтыра түсетінін дәлелдейді.
Баланың объективті дүниені тану үрдісінде қызығушылық оның болмысы мен сапасының практикалық әрекет арқылы байланыстыру шын дәнекері ретінде қызмет атқарады. Философиялық таным теориясы бойынша сана-сезім болмыстың ғана бейнесі емес, ол адамның практикалық қажеттігі мен мүддесінің де көрініс болып саналады.
Қызығушылықтың ерекше бір түрі - танымдық қызығушылық. Оның нысанасы болып танымдық үрдіс саналады. Ол құбылыстың мәнін, белгілі білім саласының ғылыми негізін меңгерудегі талпынысты сипаттайды. Бұл жеке тұлғаны танымдық салада, нақты пәндік салада және білімді меңгерту процесінде бағыттау әрекеті.
Қызығушылық танымының негізгі алғы шарты ретінде көрінеді. Сондықтан таным үрдісінің қалай жүзеге асуы адамның әрекет нысанасына қызығуының мазмұнына байланысты шешілмек. Олай болса, таным ұғымының мәнін тереңірек ашуға тырысайық.
Таным – адам санасын дамытудың негізі. Бастауыш мектеп жасындағы баланың танымдық әрекеті оқыту үрдісінде жүзеге асады. Оқу әрекеті арқылы баланың таным үрдісі дамиды. Күнделікті өмір барысында бала шындық дүниенің құбылыстары мен заттарын анықтай білуге, адам баласының жинақтаған бай тәжірибесін үйренуге талаптанады.
Философиялық тұрғыда: «Таным- ойдың білмеуден білуге қарай, дәл емес білуден, неғұрлым толық дәл білуге қарай ұмтылған ой өрісінің күрделі өрісі». Адам танымы бақылаудан, нақты аңғарудан заңды теория жүзінде ашуға, ал сонан кейін ол заңды теорияны, практикада қолдануға қарай жүріп отырады. Таным заттардың адаммен практикалық байланысының мәні мен қасиеттерін ғана көрсетіп қоймай, заттардың өзара объективтік байланыстарын және заңдылықтарын қоса анықтайды [75].
Танымдық психикалық үрдістің дамуымен бірге баланың психикалық қасиеттері қалыптаса бастайды. Осыған байланысты ойлаудың қабылдағыштық, бақылағыштық, білімге құмарлық, тапқырлық сияқты болымды жақтары да жетіле түседі.
Мектептегі таным үрдісі білім берушілік, тәрбиелеушілік, дамытушылық сипатта болады. Оқу әрекеті барысында оқушының ой қабілеттері мен оқу тапсырмаларына қызығушылығы дамиды. Олардың сенімдері, сезімдері қалыптасады.
Таным үрдісі мұғалімнің басқарушылық әрі бағыттаушылық ролімен, ынтымақтастық байланыс бірлескен қызметінде іске асырылады.
Осы мақсатта, алдымен оқушының танымын дамыта білуіміз шарт. Сол үшін әрбір ұстаз алдындағы балауса шәкірттерінің дүниетанымын бақылап, оған дұрыс бағыт-бағдар беріп, айналадағы өмір болмысына сай жан-жақты бүлдіршіндердің мектепке алғаш келген күннен бастап, біліммен қатар танымдылық қасиеттерін де дамытуды қолға алу қажет. Себебі, өзін қоршаған дүниені жете таныған оқушы сабақты да терең меңгереді. Ендеше күнбе-күн өсіп, есейіп келе жатқан шәкірттерді оқыту – басты,өзекті мәселе етіп олардың танымдық қасиет-қабілетін дамыту болып табылады.
Оқушылардың танымдық әрекеттерін арттыру қазіргі заман педагогикалық теориясы мен практикасының даму кезеңінде өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Оқу үрдісіндегі таным әрекеті оқу, үйрену арқылы жүзеге асады. Оқушы белгісізден белгіліге, білімсіздіктен білімділікке, таным жүйесіне талпынады.
Таным әрекетінің оқушының жалпы дамуы және жеке тұлғасының қалыптасуы үшін маңызы зор. Таным әрекетінің әсерінен ой-сана үрдістерінің бәрі дамиды. Таным тек ойлау үрдісінің белсенділігін ғана емес, саналы әрекеттің барлық үрдістерінің белсенділігін қажет етеді. Білімді меңгеру үшін тек оларды есте сақтап қалу ғана емес, салыстыру, жүйелеу, анықтау, жалпылау, талдау сияқты жұмыстар жүргізілуі тиіс. Сонда ғана оқушының таным әрекетін еңбек әрекеті сияқты негізгі түрлерінің бірі деп есептеуге болады.
Себебі, біріншіден, таным - адам санасында табиғат, қоғам заңдарын бейнелейтін дүниежүзілік - тарихи үрдіс. Екіншіден, таным әрекеті арқасында адам белгілі нәрсені, құбылысты еш жаңалық ашпай біле алады. Үшіншіден, таным әрекеті жеке тұлғаның шығармашылық деңгейін көрсете алады.
Адамның жаңаға құштарлығы, тануға деген оның білігіне байланысты. «Білген сайын белгісіз нәрсе көбейе түседі, ал бәрін білдім деген адам ешнәрсе де білмейді» деген қағида осыдан туса керек. Білім арқылы туған қызығушылық арқылы жаңа ұғымдар адамның қабылдауы нәтижесінде оның білімін кеңейтеді. Яғни, танымдық қызығушылықтың қалыптасуына қажетті фактордың бірі ретінде білім қаралса, сол білімнің одан да әрі дамуына себептесетін ынталандыру, осы танымдық қызығушылық болып саналады.
Оқу әрекетінің саналылықпен жүзеге асуына тікелей ықпал ететін ең негізгі оқу мотивтерінің бірі – танымдық қызығушылықтың өзі, әрекет үстінде туып қалыптасады. Танымдық қызығушылықты негізгі оқу мотивтерінің бірі деп санасақ, мотив дегеніміз не?
Адамның әрбір қылығы мен әрекеті белгілі белгілі қалыпта мотивацияланады да (нақтылы себеп нәтижесінде белгілі болып анықталады) бұған ол іштей айқын есеп береді. Мотив әрекетінің процесі мотивация болады.
Мотив - әрекеттің қозғаушысы болғандықтан, ол әрекетті орындауға деген оқушының ішкі ниеті, нәтижеге ықпал ететін түпкі себебі деп түсіндіруге болады. Мұғалімге және оқушыға тиісті мотивтерді білу, оның әрекетінің мақсатын дұрыс анықтау үшін аса қажет.
Мысалы, оқушы сабақ үстінде сауатты жазудың қажеттілігін сезінгеннен кейін, ол жазуда қиындық келтіретін сөздерді орфографиялық сөздіктердің тауып дәптеріне көшіруге кірісті. Бірақ осы кезде қоңырау соғылды делік. Үзілісте оқушылар қызықты ойын ойнауға ұйымдасып жатыр. Оқушы ойында осы екі істің қайсысына баруды шешу күрес жүреді. Қайсысының оқушы үшін мәні күш болса, ол соны қалайды. Оқушының осы сәттегі жайы оның бойындағы мотивтер күресін көрсетеді. Егер оқушы ойыннан гөрі оқуды қаласа, ол өзінің алдында тұрған бөгетті жеңе алады деген сөз.
Дидактикада белгілі бір объектіде бағытталған әрекетке түрткі жасайтын тілек, талпыныс, қызығушылық, ниет, ынта, ықылас, т.б. – мотив, ал олардың бірігіп, кірігіп әрекетке бағыт беруі мотивация деп аталады. Мотивация оқу әрекетінің танымдық, эмоциялық қырларымен қатар жүреді, әрі олардың қалыпты дамуына әсер етеді. Оқушының ұғым-түсініктерін кеңейтуге тірек бола отырып, бірте-бірте оның ішкі қасиетіне ауысып отыратын элементтерді саралайды. Себебі қандай әрекет түрі болсын оның жемісті болуы, оқушының жеке басы қасиеттерін дамытудың мәнді факторына айналуы әрқашанда оған себеп болатын мотивтерге тәуелді.
Қазіргі таңда әрекеттің түрлері туралы психологиялық және педагогикалық көзқараста қарама-қарсы пікірлер көп. Дидактикада белгілі бір объектіде бағытталған әрекетке түрткі жасайтын тілек, талпыныс, қызығушылық, ниет, ынта, ықылас, т.б. – мотив, ал олардың бірігіп, кірігіп әрекетке бағыт беруі мотивация деп аталады. Мотивация оқу әрекетінің танымдық, эмоциялық қырларымен қатар жүреді, әрі олардың қалыпты дамуына әсер етеді. Оқушының ұғым-түсініктерін кеңейтуге тірек бола отырып, бірте-бірте оның ішкі қасиетіне ауысып отыратын элементтерді саралайды. Себебі қандай әрекет түрі болсын оның жемісті болуы, оқушының жеке басы қасиеттерін дамытудың мәнді факторына айналуы әрқашанда оған себеп болатын мотивтерге тәуелді.
Оқушы қызығуы мен құндылық бағдары тығыз байланысты. Оқушы өзі үшін құнды әрі қажетті нәрсеге мәселен, оқу тапсырмаларын орындауға қызығады. Кейіннен бұл нәрсе оқушы іс-әрекеттің мақсатына, қозғалғыш күші - мотивіне арналуы мүмкін.
Демек, қажеттілікпен қызығу осы түрткіге негіз болады. Оқушылар білімнің қажеттілігін сезінуі қажет, ал қажеттілік олардың оқуға деген танымдық қызығушылығын арттырады. Оқуға байланысты негізгі түрткінің бірі - танымдық қызығушылық. Бұл адамды еліктіріп әкететін ынтызарлық. Оқудың жемісті болуы оған деген танымдық қызығушылықтың нәтижесі. Оқушы оқуға өзі қызықпаса, оны зорлап оқытуға болмайды. Ескертетін бір жайт, оқушыға барлығы оңай болатын оқу ешбір қызықты болмайды, таным мен қуаныш әкелмейді.
Олай болса, танымдық қызығушылық оқушының қоршаған ортамен қатынасының ішкі мазмұнын әр қырынан таныта отырып, оның әрекетінің даму заңдылықтарын, сол дамудың басты шарты болып саналатын ішкі қайшылықтарын игеруге ұйтқы болады.
Адамның барлық іс-әрекетін тануға ұмтылудан басталатыны белгілі. Олай болса, танымдық қызығушылық сол әрекеттің кеңеюіне, өрістеуіне қажетті алғышарттың бірі болып енеді. Қызығушылық оқу-шығармашылық, танымдық әрекеттердің ынталандырушысы бола отырып, бүкіл тіршілік әрекетінің қозғаушы күші ретінде де қызмет етеді. Объективті дүниедегі заттар мен құбылыстарға бағытталған танымдық қызығушылықтың таңдайлық қасиеті таным нысанасының индивидін рухани қажеттілігіне сәйкес бөлігіне бағытталады.
Сондай-ақ танымдық қызығушылықты жеке тұлғаның рухани байлығын дамытатын, өзі үшін мәнді нәрселерді таңдай білуге ықпал ететін айрықша қасиет деп бағалауға да болады.
Танымдық қызығушылық өте ерте жастан қалыптасады және оның алғашқы көріну түрі - әуестік, құмарлық түрінде болады. Оқушының бірінші жылында-ақ оны ашық түсті заттар, қатты шыққан дыбыстар, заттардың қозғалысы өзіне тартады. Оқушы күнделікті осы тітіркендіргіштерді үзіліссіз қабылдайды және оларды қайта-қайта қабылдауға тілек білдіреді. Алайда, объектіге деген бағыттылықты оның эмоциялық тартымдылығына сәйкес уақытша және оны қызығудың алды деп есептеуге болады.
Танымдық қызығушылық категориясы бірқатар психологиялық – педагогикалық еңбектерде қарастырылған. Мысалы: Г.И.Шукина өз еңбегінде, танымдық қызығушылық оқытудың құралы ретінде, мотив негізінде және жоғары деңгейде тұлғаның қасиеті бола алатынын көрсеткен [100].
Танымдық қызығушылық көп қырлы құбылыс ретінде оқыту мен тәрбие ісіне жан-жақты әсер етеді.
Танымдық қызығушылық оқушының қоршаған ортамен қатынасының ішкі мазмұнын әр қырынан таныта отырып, оның әрекетінің даму заңдылықтарын, сол дамудың басты шарты болып саналатын ішкі қайшылықтарын игеруге ұйтқы болады.
Адамның барлық іс-әрекетін тануға ұмтылудан басталатыны белгілі. Олай болса, танымдық қызығушылық сол әрекеттің кеңеюіне, өрістеуіне қажетті алғышарттың бірі болып енеді. Сондай-ақ танымдық қызығушылықты жеке тұлғаның рухани байлығын дамытатын, өзі үшін мәнді нәрселерді таңдай білуге ықпал ететін айрықша қасиет деп бағалауға да болады. Танымдық қызығушылықтың оқушы әрекетінің құнды мотиві ретіндегі орны, оның сыртқы ортадан өзіне қажетті материалдарды жинақтай отырып, оқушының тұрақты білім игеруіне жол ашуымен, өмірлік тіршілік әрекетінің қозғаушы күші сипатында көрінуімен анықталады.
Танымдық қызығушылықтың мотив ретіндегі ролін мынадай сипаттарына қарап тұжырымдауға болады:
- танымдық қызығушылық оқу, танымдық әрекеті секілді оқушының рухани дамуына негіз болатын аса маңызды әрекеттермен тікелей байланысты;
- оқушының белсенділік, дербестік қасиеттерінің әсерімен дами отырып, өзі де сол қасиеттердің өсуіне, кеңеюіне ықпал етеді;
- танымдық қызығушылық оқушының оқуға деген қарым-қатынасын танытады.
Бұл феноменнің осындай қасиеттері оқушының даму деңгейін анықтап, соған лайықты жұмыстардың бағытын белгілеуге септігін тигізеді. Оқу, әрі оқыту мәселесі «оқушы психологиясына негізделмесе, оны ескермесе, оқытудың әдістерін қанша құбылтып түрлендіру де, сабақ үстінде сан алуан көрнекіліктерді қолдану да жай, жасанды дүниеге айналады. Өйткені, жеке тұлғаны қалыптастыру жинақталған қоғамдық тәжірибе мен кейбір арнайы нормаларды меңгеру арқылы жүзеге асқанымен, оқудың мәні тек білім негіздерін түсініп, игеруде емес, сол нормалардың оқушылардың іс-әрекеті мен жалпы қасиетінің ішкі тетігі, қозғаушысы – мотиві болатындай әрекеттің ұйымдастырылуына болып табылады.
Танымдық қызығушылық күші мынада, яғни білім берудің терең тұлғалық мәні бола отырып, ол оқытудың обьективті құндылығы, оқуға күш береді, жеңілдік, жылдамдық, танымдық іс-әрекетке тұлғалық ой береді, қатысушылардың әрекетінде жағымсыз қасиеттерді жояды, барлық оқу әрекетіне жағымды, эмоционалды тонус береді. Қызығушылықты дамытумен қатар тұлғаның бойында құнды қасиеттер қалыптасады, яғни, байқағыштық, тырысушылық, беріктілік, қиыншылықты жеңе білу, ізденушілікке ұмтылу, өзбетінше жұмыс жасау және т.б.
Танымдық қызығушылықтың әсерінен оқушының әрекеті жемісті бола алады. Қызығушылық арқылы әрекет адамды келесі әрекетке итермелейді, оның ұзақтығы мен өнімділігіне әрекет етеді.
Танымдық қызығушылық – оқудың маңызды факторы. Сонымен қатар, тұлғаның қалыптасуына қажетті өмірлік фактор.
Оқушылардың танымдық қызығушылығы өз бетімен пайда болмайды, ол әлеуметтік ортаның, ересектердің әсерінен пайда болады. Оқушылардың қызығулары олардың жас және дербес ерекшеліктеріне байланысты болғандықтан, оқу жұмыстарын ұйымдастыруда әртүрлі жастағы оқушылардың өздеріне лайықты қызығулары болатынын ескеру қажет.
Жеке тұлғаның қалыптасуында танымдық қызығушылық іс-әрекетке себеп болады. Олар жеке тұлғаның тұрақты белгісінің бірі бола отырып, оның ықыласын, ақыл-ой бағытын айқындайды, сезімін белсендіреді, іс-әрекетіне ықпал етеді, қажеттілігін қалыптастырады, білімнің дүниетанымдық негізіне жағымды көзқарас пен сенімін қалыптастыруға көмектеседі.
Танымдық қызығушылық оқушының жеке басының тұрақты қасиеті бола отырып, оның оқудағы белсенділігін, өздігімен дербес танымдық мақсатты қоя білуін анықтайды.
Зерттеулер негізіне сүйенсек, танымдық қызығушылық оқу әрекеті барысында қалыптасады. Оқу әрекеті - бұл, бір сөзбен айтқанда, оқу тапсырмаларын орындау туралы түсініктері.
Оқушыдағы танымдық қызығушылықтың пайда болуы оның іс-қимылынан, әрекетінен айқын аңғарылады. Ең әуелі оқушының іс-әрекетке деген көзқарасы өзгеріп, танымдық белсенділігі арта түседі. Танымдық қызығушылық әбден жетілгенде, оқушының бүкіл болмысы жаңа сипатқа ие болады.
Адамның танымдық қызығушылығы - оның өзіне тән қасиеті, ол туа бітпейді, өмір сүру барысында дамып, қалыптасады. Адамның биологиялық ерекшеліктері, оның табиғи нышандары қызығушылықтың қалыптасуында белгілі роль атқарады, алайда олар шешуші және анықтаушы маңызға ие деп айтуға болмайды. Анықтаушы және шешуші рөл адамдардың әлеуметтік өмірдегі жағдайларына тиесілі болады.
Танымдық қызығушылық адам өміріндегі алатын орнына қарай атқаратын бірнеше функциясын да атап өтуге болады:
1. Дүниетанымдық - қызығушылық жеке тұлғаның білім мен идеялық сенім жүйесін, қоғамдық-саяси көзқарасын қалыптастырудың рухани негзі ретінде қызмет атқарады.
2. Мағыналық - бұл функция арқылы танымдық қызығушылық адамды іс-әрекетке, оны басқаруға, алдына қойған міндеттерді шешу жолдарын іздестіруге бағыттайды.
3. Қозғаушы - ол әрекеттің сипатын анықтайды, яғни оның қарқыны, күші, тұрақтылығы, әсерлілігі.
4. Реттеуші - оның көмегімен әрекет түрлерінің реттеуші деңгейі қамтамасыз етіледі.
5. Бағыттаушы - нәтижеге жетуде әрекет процесінің бағытын айқындайды.
6. Бағдарлаушы - қызығушылықтың арқасында адам сыртқы күштердің (дыбыс, жарық, иіс, шу т.б.) әсеріне жауап қайтарады, құбылыстар мен оқиғаларға таңдамалы қатынасы жасайды.
7. Таңдаушы – әрекеттің неғұрлым әмбебап тәсілдерін таңдауға мүмкіндік береді.
8. Жасампаздық - қызығушылық тіршілік ету жағдайларына араласуға, осы жағдайлардың дамуына өзгеріс енгізуге, оларды өзінің еркіне бағындыруға көмектеседі. Осының нәтижесінде қызығушылық жеке бастың көптеген сапаларының дамуына белсенді ықпал етеді.
9. Толықтырушылық - оның көмегі арқылы жеке бастың дамуындағы кем шіліктер басқасын дамытуды күшейту есебінен толықтырылады.
Көріп отырғанымыздай, жеке бастың дамуында танымдық қызығушылық атқаратын функционалдық міндеттері өте көп. Функциялардың кейбірі бағыттылығы мен мазмұны бойынша бір-біріне жақын болғандықтан оларды біз былайша топтастырамыз: дүниетанымдық, қозғаушы, таңдаушы, реттеуші, жасампаздық.
Бұл функциялар бастауыш сынып оқушыларының жан-жақты дамуындағы танымдық қызығушылықтың мүмкіндіктерін өзара байланыстырып, сабақтастырып отырады.
Сонымен, танымдық қызығушылық дегеніміз - бұл жеке бастың саналы және белсенді эмоцияға толы танымдық бағыттылығы. Қызығушылық ойын, оқу, еңбек, қоғамдық іс-әрекет процесінде қалыптасады және туындаған сұраққа белсенді жауап іздеу барысында жүзеге асады.
Танымдық қызығушылық жеке басқа қатысты болғандықтан, қызығу құбылыстарына жеке адамның барлық психологиялық процестерінің бейнелері енеді. Демек, танымдық қызығушылық - жеке, психикалық процесс емес, оның құрылымына интеллектуалдық, эмоционалдық, еріктік процестер жатады (В.Н. Мясищев, С.Л.Рубинштейн, А.Г.Ковалев, Л.И. Божович).
Осы үрдістердің ешқайсысы, жалғыз өзі қызығушылықты тудыра алмайды. Эмоционалдық факторлардың болуы қызығушылық затын тартымды етеді, ал қызығушылықтың интеллектуалдық және еріктік сәттермен байланысты болуы, оған танымдық бағыттылық береді. Осылайша қызығушылық жеке бастың болмысқа танымдық көзқарасын анықтайды. Демек, танымдық қызығушылықтың психологиялық құрылымы: эмоционалдық, интеллектуалдық және еріктік процестердің бірігуінен тұрады:
- әрекетке қатынастағы жағымды эмоция (эмоционалдық компонент);
- осы эмоциялардың танымдық жағының болуы, яғни танып-білу қуанышы (интеллектуалдық компонент);
- нақты бір әрекеттен туындайтын мотивтердің болуы (еріктік компонент).
Танымдық қызығушылық проблемасын зерттеумен айналысқан Г.И.Щукина өз зерттеулерінде танымдық қызығушылықты:
- адамның қоршаған ортадағы құбылыстарды және обьектіні тану бағыты ретінде;
- жеке адамға қанағат әкелетін әрекетпен айналысуға деген негізгі ой, мақсат, талпыну, қажеттілік ретінде:
- жеке бастың белсенділігін талпындырушы ретінде, соның әсерінен адамның барлық психикалық процестері қарқынды өтеді, ал іс-әрекеті нәтижелі және қызықты болады;
- ең соңында, қоршаған ортаға, оның обьектілеріне, құбылыстарға, процестерге ерекше таңдамалы қатынас ретінде қарастырады
Г.И. Щукинаның мектеп мұғалімдері жұмысына жүргізген бақылау нәтижесі оқушылардың танымдық қызығушылығының тағдыры мұғалімдердің қолында екендігін көрсетеді. Ол оқу тапсырмаларын орындауға деген саралы көзқарас, ең алдымен мұғалімге, оның жеке басына және шеберлік дәрежесіне байланысты екендігін, сондай-ақ мына жәйттерді де ескеру қажет екендігін ескертеді:
- танымдық қызығушылық - жеке адамның ішкі процесі және ол танымдық процестердің (қабылдау, зейін, ес, ойлау, қиял) дамуымен байланысты;
- оқушыны оқудың әртүрлі жақтары қызықтыруы мүмкін.
Оқу материалының түсініктілігі, мазмұндылығы оқытуды ұйымдастырудағы тиімді тәсілдер, мұғалім мен оқушы арасындағы жылы қөзқарас оқушылардың оқуға танымдық қызығушылығының қалыптасуына үлкен жәрдемін тигізеді.
Осы еңбектерді негізге алсақ, оқушылардың танымдық қызығушылығының пайда болуы мен бекуінің негізгі дерегі, оқу әрекеті болады, онда оқушылардың жаңа білім, іскерлік және дағдылармен қарулануы жүзеге асады. Басқа жағынан алып қарағанда, белсенді танымдық әрекет процесінде оқушылардың мүмкіндіктері дамиды, соның арқасында ол өзіндегі бар білімді өз бетінше және шығармашылық түрде қолданып қана қоймайды, сонымен қатар өзінің танымдық қажеттілігін қанағаттандыра отырып, жаңа нәтижеге қол жеткізеді. Осыған байланысты мынадай сұрақ туындайды: «нені оқыту керек?» және «Қалай оқыту керек?».
Танымдық қызығушылық оқу үрдісінде үш түрлі бағытта көрініс табады: оқу құралы (ынталандырушы) ретінде қызмет атқара отырып, ол сыртқы ықпалдың көмегімен оқу үрдісін әсерлендіреді, яғни оқушылардың зейінінін еріксіз өзіне аударады, олардың ойлау процесін және эмоцияларын белсендіреді. Оқу тапсырмаларына еліктіреді. Мұндай қызығушылық белгілі бір жағдайларда ғана пайда болады. Танымдық қызығушылықтың оқу құралы ретіндегі тиімділігі дамыта оқыту құралын пайдаланғанда ғана көрінеді.
Танымдық қызығушылықтың оқу әрекетінің себеп-салдары (мотив) ретінде ішкі ынтаға байланысты жеке тұлғаның қажеттілігінен туындайды. Оқытудың себеп - салдары бола тұра, ол басқа себептермен де өзара байланыста болады, әйтсе де оларға қарағанда өзіне тән басымдылығы бар: қызығушылықтың себебіне көбірек мән беріледі, оны оқушылар басқа себептерге қарағанда (әлеуметтік, кәсіптік және т.б.) тез қабылдайды.
Танымдық қызығушылықтың жеке тұлғаның тұрақты белгісі ретінде оқушының жан-жақты дамуына жағымды ықпал етеді, ақыл-ой және адамгершілік қуаты оның ерік-жігерін, ойлау, елестету қабілетін, эмоциясын белсендіретін қызықты іс-әрекетінде көрініс табады.
Өзін қоршаған ортаның шындығын ұғып білуге ұмтылудың бір көрінісі –оқушылардың сұрақ қойғыштығы. Есейе келе оқушылар тек заттар туралы ғана емес, әрі айналасындағы әлеуметтік көріністер жөнінде нақты білім, хабар, түсінік алғысы келеді. Ересектерден оқушылар өз сұрақтарына жауап күтеді. Осыдан келіп, оның ізденісіне, білуге ұмтылысына мұқият қарау керектігі туады.
Сұрақ деген не? Сұрақ – оқушылардың білім деңгейін анықтау үшін қойылатын сұрау; адамдар бір –бірімен қарым-қатынас барысында ойларын айқындау үшін қойылатын сұрау.
Оқушылардың қоғамда алатын орны, үлкендермен қарым-қатынасы, әлеуметтік өмірге араласуы, олардың өзіне ғана тән ішкі әлемі, қызығуы, қабылдауы, ойлауы, қиялы, есі т.б. көптеген мәселелер ғылымның сан-саласын тоғыстыратын күрделі әлем. Балада мектеп жасына дейінгі жастың соңына қарай үлкендердің әсерімен мектептегі оқуға деген қызығу қалыптаса бастайды. Осыған байланысты бастауыш мектеп жасында оқушылардың алғаш мектепке келген күнінен бастап оларды не қызықтыратынын, олардың танымдық қызығушылығының өзіндік ерекшеліктері қандай болатынын, сабаққа қалай қызығатынын жан-жақты білу үшін оқу жұмысын жақсы ұйымдастырып, жақсартудың, оқу үлгерімін арттырудың маңызы зор.
Оқушы оқуға, сабақта үлгеруге, жалпы білімге қызығып тұрса, оқудағы іс-әрекеті сәтті болады, білімді де сапалы меңгереді. Оқушының оқу тапсырмаларына қызығушылығы болмаса, онда оқудың да, тәрбиенің де нәтижесі дұрыс болмайтыны түсінікті.
Сондықтан, танымдық қызығушылықтың оқушылардың жақсы оқуына, оқығанын жақсылап ұғып алуына, оларды дұрыс тәрбиелеуде, олардың бойында адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруда ықпалы зор.
Ол үшін мұғалімдер оқушылардың жалпы оқуға, оқу тапсырмаларын орындауға қызығушылықтарын оятумен қатар, олардың не істеп жатқанын талдау, мақсатын анықтау және қандай нәтижеге жете алатынын білуі аса қажет. Оқушылар өздерінің бос уақытын мақсатты қолданып, өз қызығуын қанағаттандыру үшін әрекеттің әр түрімен шұғылдануы қажет. Таңдап алған саладағы белсенді оқу мен іс-әрекет, танымдық мүмкіндіктер қызығудың дамуына негіз болады.
Егер, мақсат етілген бақыт ойлаушы күш арқылы танылатын болса, оған талпынғыш күш арқылы жетеді. Осы қиял мен сезімнің көмегімен сол бақытқа жету үшін істелетін іс ойлану арқылы анықталады. Бұл әрекеттер талпындырушы күш арқылы аяқталатын болса, онда адамзат әрекетінің бәрі де жақсы әрі тамаша болмақ. Бұдан мотивтердің әрекет мазмұнын байытып қоймай, дұрыс жүйеленген жағдайда әрекет нәтижесінде жаңа, алдыңғыдан кеңірек мотивтердің тууына әкелетіні туралы ой түйінделеді.
Оқушының қоршаған өмірге қызығуы болмаса, ол өзін қызықтыратын құбылысты бақылауын күшейтеді, керісінше қызығуы бар болса, өзінше оны ойлап байқайды, осыған байланысты өзінше шешім шығаруға тырысады. Осындай іс-әрекет барысында қызығу өз-өзінен дамиды және баланың ақыл-ойы дамуына әсер етеді.
Танымдық қызығушылықтың тағы бір ерекшелігі, оның әсерінен оқу әрекетінің сипаты тез өзгереді. Қызығу бар кезде, оқу әрекетінің жақсы нәтижесі ғана қамтамасыз етіліп қоймай, оның сипаты тұтастай өзгереді: белсенді, дербес жан-жақты, шығармашыл, тереңдетілген және т.б.
Алда негізгі міндет – оқушы үшін қызықсызды қызықтыға айналдыру. Осылай жасағанда ғана, оны өзі-ақ орындайтын болады. Бұл жағдайда оған қиыншылықты жеңу оңай болады. Оны жеңу балаға қуаныш әкеледі, өз күшіне сенім ұялатады.
Неге оқушы өмірдің қызығын бүгін көрмей, кейін көруі керек? Көптеген оқушылар мектепте көңілсіз, қызықсыз деп шағымданады. Неге бізге оқушылардың өмірін бүгін қызықты етуге болмайды? Қызығу қуаныш, қанағат әкеледі және еңбек сүйгіштікті тәрбиелеуге әсер етеді.
Демек, танымдық қызығуды дамыту оқуға немқұрайлы қарауды жеңуге көмектеседі. Танымдық қызығушылық жұмыстағы кемшілікті және қиындықты жеңуге жәрдемдеседі, қол жетпейтін нәтижелерге жеткізеді. Бастауыш сынып жасындағы оқушылардың танымдық қызығушылығын қалыптастыру, белсендіру, одан жан-жақты дамыған, білімді, шығармашыл қайраткерді тәрбиелеуге көмектеседі.
Атақты педагогтар танымдық қызығушылықтың мәні табысты оқытуда екенін мойындайды.
Я.А.Коменский «Ұлы дидактика» деген кітабында «Қандай сабақты бастасаңда, оқушыға осы пәннің тиімділігін дәлелдеп, оған деген сүйіспеншілік, қызығушылық сезімін оята білуің керек» деп жазса [6]
Жеке адамның дамуы мен білімнің қалыптасуы үшін қызығудың мәнін ескеру педагогикалық практикада ерекше маңызға ие болады.
Әртүрлі жастағы оқушылардың танымдық қызығушылығының өзіндік мазмұны, ерекшеліктері зерттеушілер үшін қиыншылық тудырады. Өйткені, танымдық қызығушылықтың қалыптасуы және дамуы – жеке бастың дамуы барысында жүзеге асатын өте күрделі үрдіс. Жалпы алғанда, қызығушылықтың қалыптасуы оқушы айналысатын әрекетке және жеке өмір тәжірибесіне байланысты болады. Сондықтан да, оқушыдағы танымдық қызығушылықтың даму деңгейін тек нақты жасқа байланысты деп те қарастыруға болмайды. Бір жастағы балаларда тұрақтылығы, бағыттылығы, мазмұны жағынан бірдей емес қызығу болуы мүмкін.
К.Д.Ушинский ешбір қызығусыз тек қиналарлық күшімен жүргізілетін оқу, оқушы бойындағы білім алуға деген құштарлықты жойып жіберді деп өте әділ жазған болатын. Сонымен бірге ол барлық оқудың мәнін тек қызығуға құруға болмайды деп атап көрсеткен.
Оқушының танымдық қызығушылығы – танымдық саласына қатынасынан пайда болады. Оқуға, білуге деген қызығушылық танымдық белсенділіктің қозғаушысы екені белгілі. Бұл жөнінде, Л.С.Выготский былай деген: «Ең алдымен оқушыны бір әрекетке тарту үшін, сен оны қызықтыр, оның бұл әрекетке дайын екенін білу үшін қамқорлық жаса, осыны іске асыру үшін барлық күшін салатынын және оқушы өзі қимылдайтыны, ал оқытушы болса тек сол әрекетті басқарып, бағыттап отыруы керек.
Оқыту әрекетіне бағытталған проблемалардың ішінде танымдық қызығушылықты қалыптастыру проблемасы маңыздырақ болып есептеледі. Бұл оқушылардың оқыту әрекетіне көңілін аударатындай, қызықтыратындай оқыту жолдарын іздестіруді қажет етеді. Қызығушылық оқыту әрекетінің ішкі және сыртқы күштерінің белсенді жағдайы бола алады.
Танымдық қызығушылықтар мектепте құрылады. Мұғалім әрекеті (сабақ беру) және оқушы әрекеті (оқу) біріккен кезде, өзара байланысты оқу үрдісі құрылады. Яғни, бұл үрдісте ғана өзара байланысты әрекет кезінде танымдық қызығушылық арта түседі, дамиды, толықтырылады.
Танымдық қызығушылық - бұл жеке тұлғаның таным үрдісі кезіндегі ерекше таңдалған, іріктелген бағыттылығы. Танымдық әрекетінің негізінде оқушыда танымдық қызығушылық қалыптасады. Олай болса, танымдық қызығушылық дегеніміз, білімді меңгертуді тек байқаумен, сезумен ғана қабылдатып қоймай, керісінше, талданып отырған үрдісті аңғарту арқылы заңдылықтың теория жүзінде қалай ашылғанын байқата, соны білдірте отырып, меңгерген білімін пратикада шығармашылықпен қолдана білудің дұрыс амал-тәсілдерін үйрету, сол арқылы іскерлігі мен дағдысын арттыру болып табылады.
Танымдық қызығушылықтың тағы бір ерекшелігі, оның әсерінен оқу әрекетінің сипаты тез өзгереді. Қызығу бар кезде оқу әрекетінің жақсы нәтижесі ғана қамтамасыз етіліп қоймай, оның сипаты тұтастай өзгереді: белсенді, дербес жан-жақты, шығармашыл, тереңдетілген және т.б.
Қазіргі уақытта осы аталған зерттеулердің нәтижесінде «қызығу» түсінігі, оның даму сатылары нақтыланған, танымдық қызығушылықтың мәні мен өзіндік ерекшеліктері ашылған. Дегенмен, қазіргі таңда бастауыш сынып оқушыларының танымдық қызығушылықтарын қалыптастыру мәселесі мына бір жағдайды есепке алу керектігін көрсетеді: қазіргі алынатын мәліметтердің осыдан біраз уақыт бұрын алынған мәліметтерден өзгешелігі болады. Бұған белгілі дәрежеде жаңа оқу бағдарламалары, оқулықтар, бастауыш оқытудың теориялық және ғылыми деңгейінің жоғарылауы, сонымен қатар, қоғамымыздың рухани мәдениетінің өсуі де ықпал етеді.
Демек, танымдық қызығушылықты дамыту оқуға немқұрайлы қарауды жеңуге көмектеседі. Танымдық қызығушылық жұмыстағы кемшілікті және қиындықты жеңуге жәрдемдеседі, қол жетпейтін нәтижелерге жеткізеді. Кіші мектеп жасындағы оқушылардың танымдық қызығушылығын қалыптастыру, одан жан-жақты дамыған, білімді, шығармашыл тұлғаны қалыптастыруға көмектеседі. Оқушылардың танымдық қызығушылықтарын қалыптастыру жолы – жақсы ұйымдастырылған сабақтағы оқу тапсырмаларын орындаудың әмбебап тәсілдеріне байланысты. Сондықтан, әрбір сабақта бұрыннан белгілі мәліметтерді қайталай бермей, оқу тапсырмаларын орындаудың әмбебап тәсілдерін іздестіру қажет.
Танымдық қызығушылықты қалыптастыру – бұл оқушыға шамадан тыс жүктеме беру емес, керісінше, бір мәселені шешу арқылы оқушыда бірнеше түсінік қалыптасып шығатындай жағдай жасау. Бұл жерге тек қана озық педагогикалық технологиялармен қаруланған ұстаздар мен заман талабына сай жабдықталған мектептер ғана емес, сонымен қатар, татулығы ұйыған отбасы мен көзі қарақты ата-аналардың өзіндік үлесі бар.
Жоғарыда айтылған пікірлерді қорытындылай келе, біз «оқу әрекеті барысында қалыптасқан танымдық қызығушылық» дегеніміз – оқушының оқу тапсырмаларын ынталы, қызығушылықпен орындаудағы нәтижені көздеген танымдық бағыттылығы.
Жалпы алғанда, мұғалім мен оқушы бірігіп әрекет еткенде ғана, оқу әрекеті барысында бастауыш сынып оқушыларының танымдық қызығушылықтарын арттырып, жан-жақты дамыған тұлғаны қалыптастыру әбден мүмкін болады.
Танымдық қызығушылық көп қырлы құбылыс ретінде, оқу әрекетіне жан-жақты әсер етеді. Үнемі тануға, білуге деген құштарлықтың болуы - адамның болмасының басты ерекшелігі. Сол ұмтылысының арқасында ол өзінің рухани жан- дүниесін байытып, дамыта береді. Күнделікті тамақ ішу оның өмір сүруіне қаншалықта қажет болса, ақыл-оймен санасын кеңейтуге бағытталатын, оны қамтамасыз ететін рухани қажеттілік те соншалықты маңызды. Сондықтан да, педагог оқушының бойынан болашақ адамды көре білуі, оның жан дүниесіндегі әрбір өзгерісті қалт жібермей бақылап, жақсысын дамытып, жаман қасиеттерден оның саналылықпен бас тартуына ықпал ете отырып зерттеу немесе зерттей отырып дамытуы тиіс.
Олай болса, оқушы өз әрекетін орындауда мұғалім тапсырмаларын орындаушы, дайын ақпараттарды қабылдаушы деңгейінде қалып қоймай, мұғалімнің басшылығымен шығармашылық қабілеті дамыған, өзінді ой-пікірі, саналы көзқарасы бар жеке тұлға дәрежесіне көтерілуі тиіс. Осы айтылған мәселелерді оқушының субьект ретінде дамыту үшін танымдық қызығушылықты оқу әрекетінде қалыптастырудың дидактикалық негіздері туралы келесі бөлімшеде қарастырамыз.
Достарыңызбен бөлісу: |