Мектеп алды оқУ Әрекеті барысында бастауыш сынып оқушыларының танымдық процесін қалыптастырудың дидактикалық негіздері


Қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалар



бет4/21
Дата15.04.2024
өлшемі248.14 Kb.
#498768
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21
Мухамбетамин Ж

Қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалар:
- оқу әрекеті барысында танымдық қызығушылықты қалыптастырудың мәні мен мазмұндық сипаты;
-оқу әрекетіне танымдық қызығушылықты қалыптастырудың дидактикалық негіздері;
-оқу әрекетіне бастауыш сынып оқушыларының танымдық қызығушылығын қалыптастырудың құрылымдық моделі мен оның өлшемдері, көрсеткіштері, деңгейлері;
-оқу әрекеті барысында 3-сынып оқушыларының танымдық қызығушылығын қалыптастыру әдістемесі.
Зерттеудің нәтижелерінің дәлелділігі мен негізділігі: теориялық және эксперименталдық зерттеулердің логикалық құрылымымен; зерттеу мазмұнының ғылыми аппаратқа сәйкестілігімен, зерттеудің мақсат- міндеттеріне сәйкес зерттеу әдістерін таңдаумен; эксперименталдық мәліметтерді сандық және сапалық талдауда оларды өңдеудің статистикалық әдісін қолданумен; зерттеу нәтижелерінің дәлелді қорытындылауымен қамтамасыз етілді.
Зерттеу базасы: тәжірибелік- эксперименттік жұмыстар Ақтөбе қаласындағы №19, 38 жалпы білім беретін мектептерінде жүргізілді.
Диссертацияның құрылымы. Диссертация кіріспеден, екі бөлімнен, зерттеудің тұжырымдамасы келтірілген қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1 МЕКТЕП АЛДЫ ОҚУ ӘРЕКЕТІ БАРЫСЫНДА БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ТАНЫМДЫҚ ПРОЦЕСІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ДИДАКТИКАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ




1.1 Бастауыш сыныптағы оқу әрекетінің педагогикалық ерекшеліктері
Қазіргі кезде еліміздің экономикалық және әлеуметтік-мәдени жағдайына сай, қоғам өмірінің барлық салаларында өзін-өзі жетілдіріп, өзін жан-жақты дамытатын, білімді, барлық іс-әрекетінде шығармашылық бағыт ұстанатын жеке тұлғаны тәрбиелеу, оқыту дәне дамыту мектептің негізгі міндеттері болып табылады.
Қазақстан Республикасының «Білім беру туралы» Заңында ғылым мен практика жетістіктерін жеке адамды дамытуға, шығармашылық, рухани және дене мүмкіндіктерін, интеллектін дамытуға бағыттау міндеттері көзделген. Демек, қоғам дамуының қазіргі кезеңінде оқыту үрдісін жетілдіру, оқушылардың ізденімпаздығын, дербестігі мен шығармашылығын дамыту өзекті мәселе болып отыр [66].
Бүгінгі жағдайда қоғамның білім деңгейі мен интеллектуалдық әлеуеті ұлттық байлықты құрайтын маңызды сипатқа ие, ал адамның білімділігі, икемділігі, шығармашылыққа талпынысы және қолайсыз жағдайларда әрекет ете білуі еліміздің дамуына, тұрақтылығына және қауіпсіздігіне негіз бола алады.
Қазақстан мектептерінің түлектері өзгермелі өмірдің жаңа тұжырымдамалары мен үрдістерін қабылдауға дайын болуы, саналы таңдау жасауға, сондай-ақ өзінің бүкіл өмірі бойында өзгермелі жағдайларға икемді болуға үйренуі және бейімделе білуі тиіс.
Соған байланысты қазіргі қоғам жеке адамнан прогрессивті ойлай алатын, белсенді әрекетті, жан-жақты болуды талап етеді. Бұл білім беру үрдісін дұрыс жолға қоймайынша мүмкін емес. Себебі, оқыту үрдісін жетілдірмей, қоғамның қажеттілігін қанағаттандыратын жеке тұлғаға білім беру мүмкін емес.
Білім беру - адамның қоғамның, мемлекеттің мүддесі үшін ұрпақ тәрбиелеу және оқыту үрдісі болып табылады, ол білім беру ісін жетілдіруге, сақтауға және оны ұрпақтан ұрпаққа жалғастыруға, еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуын қамтамасыз ету мақсатында мәдениетті жаңа ұрпақ тәрбиелеуге, тұлға мен қоғамның адамгершілік, интеллектуалдық, эстетикалық және физикалық жағдайын үнемі жетілдіріп отыруға бағдарлануы тиіс [67].
Осыған байланысты әдіснамалық негіздемелерді мұқият қарастыру қажет, ол білім беру үрдісін неғұрлым тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Педагогикада әдіснама «педагогикалық шындықты ақиқатты тану мен қайта құрудың принциптері, әдістері, нысандары мен рәсімдері туралы» [68] ретінде айқындалады. Методологияны бұдан да кең мағынада нақты ғылымдағы танымның ғылыми әдістерінің жиынтығы деп түсінеді.
А.М. Новиков: «Методология дегеніміз – бұл іс-әрекетті ұйымдастыру туралы ілім». Мұндай анықтама методологияның пәнін іс-әрекетті ұйымдастыруды заңдастырады [69].
Іс-әрекеті ұйымдастыру дегеніміз - оны логикалық құрылымының нақты белгіленген сипаттамаларымен және оны жүзеге асыру процесімен бірге тұтас жүйеге келтіру деген сөз [70].
Педагогикада әдіснаманы педагогикалық таным және болмысты қайта құру туралы теориялық ережелердің жиынтығы ретінде қарастыруда.
Методология іс-әрекетті ұйымдастыру туралы ілім ретінде қаралатындықтан, ең алдымен іс-әрекет туралы негізі ұғымдарға жүгіну қажет.
Іс-әрекет адамның айналадағы өмірмен белсенді қарым-қатынасқа түсуі болып табылады. Оның барысында адам обьектіге мақсатты түрде әсер етеді және сонысымен өзінің қажеттіліктерін қанағаттандыратын субьект ретінде танылады.
Философия іс-әрекетті адамның өмір сүруінің жалпыға бірдей тәсілі ретінде зерттесе, психология іс-әрекетті психиканың аса маңызды құрамдас бөлігі ретінде зерделейді.
А.Н. Леонтьев іс-әрекетті субьект жүзеге асырады деп есептесе [71]., Г.П.Щедровицкий іс-әрекет, өздігінен алғанда, тұлғаны еліктіріп әкетіп, ұдайы жаңарып отыратын түп негіз болып табылады деп түсіндіреді [72].
Сонымен қатар, кейбір ғалымдар (Ф.И. Перегудов, Ф.П. Тарасенко) іс-әрекетті саяси, әлеуметтік, экономикалық, техникалық, т.с.с. сипаттағы проблемаларды шешуді іске асыруға, дайындауға, негіздеуге бағытталған күрделі жүйе ретінде қарайды [73].
Қазақстандық ғалым Қ.Жарықбаев, әрекет –іс-әрекеттің шағын бөлігі, единицасы. Ол жеке мақсатты орындауға бағытталады деп пайымдайды [74].
Адам әрекеті әрдайым философтар, психолог және педагогтардың жеке тұлға қырларын зерттейтін ғалымдардың үнемі назарында болды.
Философиялық мағынада, “Әрекет-қоршаған ортамен қарым - қатынастың” адамдық тәсілін білдіреді [75]. Бұл үрдіс нәтижесінде адам табиғатты субъект ретінде қарастырады. Қазіргі философтар жеке тұлғаны жеке қабілеттері мен әлеуметтік негізі, оның қоршаған ортамен қарым-қатынасында емес, оны өзгерте білуінде деп есептейді.
Әрекет ғылыми түсінік болып ХҮІІІғ. И.Кантпен философияға енгізілді [76]. Дегенмен Г.Гегельдің жұмыстарынан бастап [77], методологияға енді, К.Маркстың талдауы нәтижесінде әрекет категория негізінде мазмұнды, толық түсіндірілді [78]. Ғалым Л.И.Анцыферова өз еңбегінде әрекет туралы былай деп жазған: «Психологияда да, философияда да әрекетке нақты сараланған анықтама берілмеген. Сондықтан да бұл ұғымды ғалымдар әр түрлі мағынада қолданады» [79].
А.Г.Асмоловскаяның анықтамасы бойынша: «Әрекет - субъекті мен әлем арасындағы өзара ықпалдастықтың динамикалық айналымды иерархиялық жүйесін ұсынады. Бұл процесте психологиялық образдар пайда болады, ол объектіде кемеліне келеді, заттық шындығында субъектінің қарым-қатынасын психикалық образбен жүзеге асырып, қайта қалпына келтіреді» [80].
А.Н.Леонтьевтің әрекет теориясына сүйенетін болсақ, әрекет – бұл адамның қоршаған ортамен, не басқа адамдармен белсенді мақсатқа бағытталған процесі. «Әрекет» үлкен орынға ие және де адам белсенділігінің мәнін анықтау негізінде жатыр деп түсіндіреді [81].
Әрекет - бұл адамның қоршаған ортамен не басқа адамдармен белсенді мақсатқа бағытталған өзара әрекеттесуінің формасы.
С.Л.Рубинштейн: «Ойлау не проблемадан, не ситуациядан, не таңдаудан, не түсінбеуден, не қайшылықтан туады», - деген. Олай болса, оқушыларға койылған сұрақтардың мазмұнында білетіні мен білмейтіні қатар болуы шарт [82].
Сонымен, философиялық тұрғыдан алғанда әрекеттің негізгі мәні адамның өзін-өзі және қоршаған ортаны тануға бағытталатындығында деп түсінуге болады.
Философтардың бұл ілімі педагогика ғылымы үшін өте маңызды, себебі педагогикалық үрдіс барысында адамның тек білім, білік қабілеттері қалыптасып қана қоймайды, сонымен қатар тұлғаның әлеуметтік дамуы жүзеге асады.
Әрекет - бұл адам белсенділігінің, оның әлеуметтік орнының көрінісінің негізгі белгісі. Әрекет нәтижесінде адам қоршаған ортаны, оның даму заңдарын меңгереді. Дәлірек айтсақ :

  • ол табиғаттың және қоғамдық өмірдің қол жеткен жетістіктерімен танысады, сонымен қатар ол өзін қоршаған ортаны толықтыра, өзгерте, байыта түседі;

  • бұл күрделі әрекет, адамның өзінің кім екенін түсінуіне көмектеседі;

  • адам субъект ретінде, қоғамдық күш, қайраткер ретінде көрінеді.

Н.Ф.Талызина, «Әрекет – элементтердің бір – бірімен байланысты тұтас
жүйесі» деп қарастырса [83]., Л.Д.Столяренко, «Әрекет – ол адамның ортамен белсенді қатынасында, белгілі нәтижеден туған мотив пен қажеттілік арқылы саналы түрде қойылған мақсатқа жетуі» деп бағалайды [84].
Әрекет белгілі - бір жүйе ретінде өзіне тән қасиеттерімен, даму заңдылықтарымен сипатталады. Г. Щукина әрекеттің қай түріне болса да тиісті мынадай қасиеттерді көрсетеді:
- мақсаттылық – адам әрекетін жан-жануардың өмір жағдайына бейімделуіне байланысты реакцияларынан айырып тұрады;
- адам әрекетінің қоршаған ортаны өзгертуі. Егер жануар қоршаған ортаға сай бейімделетін болса, адам керісінше, сол ортаны өзгертуге күш жұмсайды;
- әрекеттің материалдық негізін бейнелейтін нысаналығы; оның қоршаған ортамен байланысы, белгілі-бір нәрсеге бағытталуы;
- адам әрекетінің түсініліп, түйсіктеліп, мағыналы орындалуы.
Адам әрекетінің өзгешелігін бұл қасиеттер жеке-жеке түрде емес, өзара байланыста ғана анықтайды. Осы тұрғыдан алғанда әрекеттің келесі ортақ заңдылықтарын көрсетеді:
- әрекеттің әрбір түрінің пайда болу, қалыптасу және даму үрдістері болады;
- әрекеттің құрылымдық бөлшектері бір-біріне айнала отырып, өздерінің қызметтерін өзгертуі мүмкін;
- әрекеттің түрлері бір-бірімен тығыз байланысты;
- әрекет әуелі қарым-қатынас және тәжірибе алмасу нәтижесінде адамдар арасында пайда болады да, соның нәтижесінде жеке адамның әрекеті қалыптасады;
- балалықтың әрбір кезеңіне өзінің жетекші әрекеті сәйкес келеді, ол баланың жасына байланысты болатын негізгі өзгерістерге тікелей қатысты деп санайды [48].
Ал, көптеген педагог - психологтар әрекет құрылымы мақсат, әрекет ету, операция, мотивациядан тұратындығын айтып, әрекет барысында білуге деген қызығушылығы оянып, алдына мақсат қойып, соған байланысты әрекет етіп, операциялар орындайды.
Қазақ ғалымдары Қ.Б.Жарықбаев, «Әрекет- түрлі қажеттерді өтеуге байланысты белгілі мақсатқа жетуге бағытталған процесс» десе, Қ.Б.Сейталиев, «Әрекет- қарапайым, күнделікті міндеттерді орындауға бағытталған, әрбір аяқталған іс-әрекеттің элементі» деп түсіндіреді [74].
Ал, К.С.Жұмасова: «Әрекет- адам жасайтын жеке қозғалыстардың күрделі кешен болып бірігуі» десе [85]., Сәбет Бап-баба, «Әрекет-жай бір міндетті іске асыруға қажет болған біршама біткен іс-әрекеттің элементі» - деген қорытындыға келеді [86].
«Әрекет дұрыс болу үшін, біздің соған баратын жолымыздың қандай болуы керек екендігін анықтап алуға тиіспіз» - деген болатын Әл-Фараби [87].
Әрекет - түрлі қажеттерді өтеуге байланысты белгілі мақсатқа жетуге бағытталған процесс Әрекеттің жетекші түрін анықтау - жеке тұлғаны қалыптастыруға мақсатты түрде ықпал жасайтын құрал.
Әрекет - субъектінің дүниені өзгертуге, рухани немесе материалдық мәдениеттің белгілі бір объектіленген өнімін туғызуға немесе өндіруге бағытталған белсенділігі.
Педагогикалық-психологиялық сөздікте: «Әрекет - іс-қимыл бірлігі, саналы түрдегі мақсатқа жетуге бағытталған тікелей жасалатын еркін, ниеттік, белсенділік. Әрекет ұғымы талдау мен зерттеу нысанының бірлігі ретінде перцептивтік, атқарушылық, ақыл-ой, шығармашылық т.б. әрекеттерді зерттеу кезінде пайдаланылады. Әрекет қажеттіліктен, мақсатқа ұмтылудан және оны орындауға керекті білім мен дағдылардан құралады» делінген [88].
Әрекет әрқашанда белгілі бір бағытқа құрылып, алдына қойған мақсатқа жетуді көздейді. Іске кіріспес бұрын адам ойша әрекет жоспарын белгілейді, оның түпкі нәтижелерін топшылайды. Оған жетудің әр түрлі құралдарын пайдалану жолдарын ойластырады. Әрекетті жүзеге асыруға тиісті оқу еңбектерінің барысын бақылап, өзіне-өзі іштей есеп беріп отырады.
Адамның кез-келген әрекеті белгілі себептен туып, нақты мақсатқа жетуге бағытталған. Оқушы іс-әрекетінің негізгі түрі – оқу, оқудың да өзіне тән мотивтері болады. Егер оқушылардың іс-әрекетінде мотив болмаса, ол белгісіз үрдіске айналуы мүмкін.
Оқу мотивтері болсын, әлеуметтік мотивтер болсын оқушының жеке басының дамуымен, өсуімен байланысты болуға тиіс. Егер, оқыту мазмұнына сай мотивтер тәрбиеленсе, оқушы үшін оның әрекеті мәні жоғары құбылысқа айналады. Оқушының позициясы мұндайда тек мектепке келіп, мұғалімнің тапсырмасын екі етпей тиянақты орындаумен шектелетін адамның әрекеті түрінде емес, өзінің әрекетінің түпкі мақсат, міндетін түсінетін адамның көзқарасын танытады. Осы оқу-танымдық мотивтер арқылы оқушы білім алумен бірге, сол оқу пәні негізінде берілетін еңбек тәсілдерін де игере алады. Себебі, оқытудың басты мақсаты оқушыларға белгілі бір білім туралы мағлұмат беру емес, ең бастысы оның бойындағы қабілеттерін дамыту: оқушыға қандай материал беру емес, оны бақылауға, ойлауға үйрету маңыздырақ, оқушыға белгілі бір білім жиынтығын меңгертуден гөрі, сол білімді үйрену, алу тәсілін меңгеруге қажетті қабілетін дамыту қажет.
Әрекеттің жүзеге асуы мен оған түрткі болған мотивтердің нәтижеге жету жолы, объективтік дүниенің субъективтікке ауысуы – интериоризация процесі сатылап жүреді. Мотивтер тек объективті түрде, әрекетке, оның дамуына талдау жасау арқылы танылады. Субъективтік жақтан олар жаңаша құбылыс ретінде - мақсатты орындауға тілек, талпыныс, ұмтылыс түрінде көрінетіні айтылды. Осы жүйенің ішкі бөліктері мен іске асу кезеңдеріне сай әрекет компоненттері өзара алмасып, бірігіп отырылады. Оқу мотивтері туғызған әрекеттер тізбегі белгілі бір мақсатқа бағындырылған бірнеше оқу еңбектерінен құрылады. Яғни, әрекет еңбек түрінде жүзеге асырылады. Осы еңбектің жүзеге асырылуында мотив мақсатқа сай келеді. Мақсат жүзеге асу үшін оған объективті жағдайлармен үндес шарттар белгіленіп, өзіне сай түрлі операциялардың орындалуын қажет етеді. Тізбектей айтқанда, әрекет мотивтердің қозғауымен, еңбек мақсаттың жетегімен, операция шарттарға бағындырылып жүргізіледі. Сондықтан әрекет қалыптастыруда осы бөліктерінің бір-бірінен туындайтын ішкі байланысы мен өзара қатысы ескеріліп отырады.
Оқу әрекеті - басқа әрекеттерге қарағанда балалардың танымдық қызығушылығын, дүниеге адамгершілік көзқарасын бірте-бірте қалыптастырады.
Баланы дамыта отырып, оқыту теориясын негіздеген ғалымдар В.В.Давыдов [89], Д.Н.Богоявленская [90], Н.А.Мечинская [91],т.б. білім алушылардың білімін бағалауда мұғалім назары тек білім деңгейіне ғана емес, білім алушының ойлау әрекетінің барысы мен сипатына, танымдық әрекеттерінің қалыптастырылу жолдарын табуға ұмтылысына көңіл бөлуі қажет деп санайды.
Профессор А.Х.Аренова өзінің докторлық диссертациясында ойлау әрекетінің дербестігінің дамуына мүмкіндік туғызатын тапсырмалардың мынадай түрлерін ұсынған:
1. Өз бетімен мақсат қоюды дамытуға бағытталған тапсырмалар: мәтін бойынша сұрақтар қою; көрсетілген талаптарға байланысты бұл сұрақтарды өзгерте білу; берілген тапсырмаға ұқсас тапсырмалар құрастыра білу, т.б.
2. Өз бетімен жоспарлауды дамытуға бағытталған тапсырмалар: берілген мәтінді бөлімдерге бөлу, оларға ат қою; мәтінді сөйлемдерге ажырату; суретке байланысты әңгіме жазу; мазмұндамаға жоспар құру, т.б.
3. Өзін-өзі бақылауды дамытатын тапсырмалар: берілген сөздерді салыстыру; екі есептің шешімдерін салыстыру, т.б.
4. Өз әрекетін бағалауды дамытатын тапсырмалар: әңгіме кейіпкерінің мінез-құлығын шығарма авторының көзқарасымен бағалау” [64].
Оқушыларды талдауға, дәлелдеуге, қорытындылауға, салыстыруға үйрететін жаттығулар оқулықтың дамыту функциясын күшейте түседі. Жаңа буын оқулықтарындағы шығармашылыққа, оқушының өз бетімен әрекет етуіне бағытталған тапсырмалар көбейгенде ғана, өз пікірін айта алатын, оны дәлелдей білетін, қоғам дамуына әлінше үлес қоса алатын, жан-жақты жетілген жас ұрпақ өкілдерін дайындауға болады.
Қорыта келгенде, оқу үрдiсiне әрекеттiң осындай көптеген түрiнiң қатысуының маңызы мынада:
- оқудың және оқытудың негiзiн құрайтын еңбек, таным, қарым-қатынас әрекеттерiнiң арасындағы жан-жақты байланысты анықтау арқылы оқу-танымдық әрекетi және бүкiл оқу үрдiсi байытылып, толықтырылып отырады;
- әрекеттiң әрқайсысы оқушылардың белсендiлiгiн өзiнше арттырады, дербестiгiн туғызады, оқуға қызығушылықты тереңдетедi. Ал осы әрекеттiң түрлерi бiрiге отырып, оқу үрдiсiнiң нәтижелi болуын күшейте түседi.
Сондай-ақ, Д.Эльконин оқу әрекетінің өзге әрекет түрлерінен ең басты өзгешелігін, оқушының үнемі «жаңа дүниеге» енуімен, әрбір жаңа әрекеттің компоненттерін игерумен, әрдайым оның бірінен екіншісіне ауысып отыруымен байланыстырады [92].
Т.В.Габай: «Оқу әрекеті –білік, дағды, іскерлікті игеруге мақсатты бағытталған әрекет»,-деген анықтама береді [93].
В.В.Давыдовтың ойынша, оқу әрекеті -білім, білікті жаңғыртып қана қоймай, оған сәйкес теориялық сана, ой –рефлексия, талдау, ойлау экспериментінің қалыптасуын көздейді [89].
Ал, Н.Ф.Талызина оқу әрекетін теориялық және эмпирикалық білімді меңгерудегі негізгі әрекет ретінде қарастырып, оқушының ақыл-ойын қалыптастырудағы жоспарлы әрекетпен байланыстырады [83,112-б].
Ц.Б.Бадмаев: «Оқу әрекетінің психологиясы мәселелерін қарастыра отырып, жеке тұлғаның әрекет – тәсілдерін бекіту, меңгеру процесін қамтитын оқу психологиясы кең көлемді сұрақтарды зерттейді»,-деп тұжырымдайды [94].
Оқу әрекеті – оқушының жетілуі, өсу әрекеті, оның нәтижесі сол әрекетті жасау барысында әрекет субъектісінде болатын өзгерістер. Міне, бұл оқу әрекетінің негізгі белгісі.
Оқу әрекетінің қалыптасуы білім мазмұнының теориялық деңгейін көтеру ұстанымымен тығыз байланысты. Бұл, білім мазмұнындағы ғылыми ұғымдардың үлесін арттыруды көздейді. Оқу әрекетін тиімді қалыптастыру оқыту үрдісін түбегейлі ұйымдастыруды талап етеді.
Сондай-ақ, “Жалпы білім беретін мектептің бастауыш сатысындағы білім мазмұны тұжырымдамасында” бірінші кезекке, бұрынғыша оқушыны пәндік білім, біліктердің белгілі бір жиынтығымен қаруландыру емес, оқу әрекетін қалыптастыру негізінде жекебас тұлғасын тәрбиелеу мақсаты қойылған.
Оқу әрекеті әлеуметтік және моральдық құндылықты игереді. Осыған байланысты оқу әрекетінің үлкен тәрбиелік қызметі бар. Оқушылардың оқу материалын игеру үрдісіне оларды теориялық ойлаудың маңызды операциялары қалыптасады. Оқу әрекетіндегі білімді игеру үрдісі ғылыми зерттеуден өзгешеленеді. Оқушылар оқу әрекеті үрдісінде арнайы алдын – ала жүргізілген ғылыми жинақталған нәтижелері түрінде теориялық білімді игереді.
Қазақ педагогикалық энциклопедия сөздігінде: «Оқу әрекеті- жоспарлы, жүйелі түрде бірте – бірте жүргізіліп, ақыл – ойының, өмірге дұрыс қатынасының дамып, адамгершілік қасиеттері мен эстетикалық талғамын қалыптастыруға мүмкіндік береді» [95] деп көрсетілген.
Психологияда оқуға әрекет етуді әр түрлі тұрғыдан қарастырады. Мысалы, В.В. Давыдов төмендегідей береді:
- оқу міндетінен проблеманы анықтау;
- оны шешудің ортақ тәсілін көрсету;
- оқу материалы мен оны шешудің ортақ тәсілдеріне ортақ қатынасын модельдеу;
- әрекет етудің жалпы тәсілі мен қатынасын нақтылау;
- оқу әрекетінің барысы мен нәтижесін тексеру;
- оқушылар әрекетінде оқу міндеті мен проблемасын шешуде барысы мен нәтиже сәйкестігін бағалау [96, 196-б.].
Д.Б. Элькониннің пікірінше, оқу әрекетінде білім, іскерлік, дағдыны қалыптастыру бірнеше ерекшеліктерге ие:
- оқу әрекетінің мазмұны ғылыми түсінік пен заңдылықтарды, танымдық мақсатқа сай шешудің жалпы тәсілдерін құрайды;
- мұндай мазмұнды негізгі мақсат және басты нәтиже;
- оқу әрекеті процесінде субъект ретінде оқушының өзінде өзгеріс болады, жаңа білімдерді алу негізінде баланың психикалық дамуы жүреді. Оқу әрекетінің өнімі деп оны орындау кезінде субъектінің өзінде болған өзгерісті айтады [96].
В.В. Давыдов бастауыш мектеп оқушыларға тек қана белгілі білім беріп қана қоймай, оқи алуға үйретеді, берілген білімді белсенді игертеді, оларды әр түрлі жағдаяттарда қолдана алуға [96] үйретеді, оқушылардың оқу әрекетін қалыптастырады, ғылыми түсініктерді игеру барысында өз бетімен ойлау негізін салады деп түсіндіреді.
Әрине, бастауыш сыныптарда оқушыда оқу әрекеті деңгейін тұспалдап шолуға болады. Себебі, кіші мектеп жасында оқушыда оқу әрекетін қалыптастыру негізгі факторларға (жаттығу түріне, нәтижені игеруді дұрыс бағалаудан, өзін - өзі бақылау деңгейіне) байланысты.
Оқу әрекеті теориясының негізгі түсінігі: әрекет ету және мақсат қою. Оқу әрекетінің маңыздылығы сол оның нәтижесі – оқушының өзіндегіні өзгерту. Бұл теорияны одан әрі дамыту тәсілдерін меңгеруі болып табылады.
Оқу әрекетінің мұғалімнен талап етілетін нәрсе ол өзінің оқушыларын нақты пән бойынша оқу мақсатының жүйесін шешу арқылы оқытуы. Ал оқу мақсатын шешу – бұл қайта қалыптастыру, белгісіз жағдайларға оқу материалымен әсер ету. Өз кезегінде анық емес нәрсені іздеу адамның ойлауына, санасына, психикасына табиғи тән нәрсе. «Сабақ өте жақсы өтті, мен оқушылардың белсенді әрекетіне ризамын», - «әрекет» тек қана термин ретінде қолданылып тұр. Мұғалім бұл жерде мына нәрсені ойланып тұрған жоқ: Егер бұл әрекет болса, онда нені қайта қалыптастырды. Әрекеттің жалпы түсінігі қайта қалыптастыруымен байланысты, оқу әрекеті қандай да оқу пәнінің қайта қалыптасуы. Әрекет - бұл қайта құру, оқу әрекеті – оқу материалын қайта құру. Оқу мақсатын шешуде оқушыға қойылатын талап – берілген оқу материалын міндетті түрде қайта құруы, тұтас сыныптың жалпы шешім негізін іздеуі, нақты практикалық тапсырмалардың көп сериялы немесе тапсырманы шешудің жалпы принципінің негізін іздеуі. Қайта құру дегеніміздің өзі - іздену. Іздену ешқашан аяқталмайды, ол әрқашан білмейтін нәрсеге жасалатын қимыл - қозғалыс. Сондықтан оқу мақсатын оқытушы қойып және оны оқушының көмегімен шеше алуы керек.
Осыған орай, В.В. Давыдовтың пікіріне толығырақ тоқталар болсақ оның айтуынша, оқу әрекетінің қажетті бір компонентінің бірі - оқу мақсаты.
Оқу мақсаты теорияның жалпы мазмұнымен тығыз байланыстылдығына, ол оқушыны оқыған білімдерін жалпы меңгеруіне әкеледі. Оқу мақсатын оқушының өз бетімен және «өзі үшін» қабылдауы оқу мотивімен тығыз байланысты, бұл оқушыны қызмет субъектісіне айналдырады. Келесі компонент оқушының оқу қызметін жүзеге асыруы. Оқуды дұрыс ұйымдастырғанда оқушының оқу қызметі жүргізуші принципке, қатынастарды модельдеуге, жалпы қатынастарға ауысу тәсілдерін меңгеруге, модельден объектіге және керісінше қатынастарға бағытталады.
Т.Габай оқу әрекетіне мынадай анықтама берді: “Оқу әрекеті нәтижесінде бір қатысушылары білім тәжірибе жинақтап, ал енді біреулері осыған қолайлы жағдай жасайтын біріккен әрекет. Бірақ мұнда оқытушы адам зерттеушілік әрекетпен айналыспайды, жаңалық ашпайды, тек әдістемелік өңдеуден өткізеді. Оқу әрекеті негізгі және басты өнім ретінде танымды ұсынады. Оның еңбек әрекетінен айырмашылығы осында. Еңбек әрекеті нәтижесінде де адам жаңа білім алып немесе бұрынғы білім дағдыларын жетілдіруі мүмкін, бірақ бұл қосымша өнім ретінде ғана қабылданады” [93].
Н.Ф.Талызина бойынша, оқыту үрдісіндегі негізгі бетке ұстар - оқушы. Мұғалім оқушыны оқытуға, үйретуге барлық күшін салады. Бұл үшін ең маңыздысы - оқушының оқуға деген қызығушылығының болуы және оқи алуы. Оқушы мектепке үлкен қызығушылықпен оқуға келеді, бірақ оны істей алмайды, орындай алмайды. Яғни берілген тапсырмаларды орындай алмағандықтан оқуға деген қызығушылығы басылуы мүмкін . Егер оқушыны оқу әрекетіне үйретпесек, алғашқы күннен бастап қиындықтар кездесіп, қызығушылығы төмендейді. Оқушының оқи алу іскерлігі неден тұрады? Олар оқу әрекетімен (игеру әрекетімен) шұғылданады.
Г.И.Вергелестің оқу әрекеті жөнінде пікірі мынадай: «Негізгі қызметіңді орындау үшін, - жастарды еңбекке дайындауда, - оқу әрекеті қоғамдық - өндірістік еңбегіне қатысты модельдеуші рөлде ойнау тиіс. Онда еңбек әрекетінің жан – жақта ең маңыздылары беріліп, модельденуі тиіс, кез келген ұжымдық әрекет негізінде жатқан моральдық құндылықтар мен әлеуметтік нормалар игеріледі, жаңа өзгерістер талаптарына сәйкес қажетті тұлға сапалары қалыптасады» . Оқу әрекетін, адамзаттың тәжірибесі арқылы жинақтаған білімді, мұғалімнің мақсатты түрде оқушыларға меңгеруін ұйымдастыру деп көрсетеді [97].Ол оқуға әрекет етуді төмендегідей береді:
- тапсырманы талдау;
- оқу міндетін шешуге қажетті, білімінің актуализациясы;
- шешу жоспарын құру;
- практикалық жүзеге асыру;
- тапсырманы шешудегі бақылау мен бағалау;
Ш.А.Амонашвили өз еңбектерінде жазған әдістемесін, оқушының оқу әрекетіндегі тұлғалық позициясын анықтауда қолдануға болады деп көрсетеді.
Ю.К.Бабанский, оқу әрекеті мұғалім басшылығымен өткен кездегі оқушыларды оқуға әрекет етуін төмендегідей болатындығына тоқталды [98]:
- мұғалім ұсынып отырған оқу міндеті мен әрекет ету жоспарын түсіну;
- оқу міндетін шешу бойынша оқуға әрекет ету мен операцияларды орындау;
- мұғалім бақылауымен және өзін - өзі бақылау арқылы оқу әрекетін реттеу;
- мұғалім басшылығы арқылы оқу әрекетінің нәтижесін талдау;
Оқу әрекеті барысында өз бетімен оқуға әрекет ету төмендегідей жүреді:
- оқу әрекетінің тапсырмасын жоспарлау және нақтылау;
- оқу әрекетінің әдістері, құралы және формасын жоспарлау;
- оқу әрекетін өз бетімен ұйымдастыру;
- оқу әрекеті барысында өзін - өзі бақылау;
- оқуда өзін - өзі реттеу;
- оқу әрекеті нәтижелерін өзі талдау.
И.Я.Лернер бойынша, оқу әрекеті - өзара байланыстағы оқыту, оқу және игеру ұғымдарына сәйкес келмейтін әрекеттің ерекше түрі және ерекше феномені [99].
Г.Щукинаның пікірінше: 1) оқушы әрекеті басқа адамдардың әрекетімен тығыз байланыста болады және олар бір- бірінің әрекетін байытып отырады. Өз әрекетінің тәсілдерін басқалардың әрекет тәсілдерімен салыстыра отырып, оқушы өз мүмкіншіліктерін анықтай түседі; 2) педагогикалық үрдістегі әрекеттің дамуы және тұлғаның дамуымен тікелей байланысты болып, әуелі-орындау әрекеті; содан соң-белсенді орындау әрекеті; одан кейін-белсенді өзіндік әрекет; сосын-шығармашылық өзіндік әрекетке жетелейді; 3) әрекеттің күрделене түсуі оқушы ұстанымына да әсер етеді [100].
Оқу әрекеті төмендегідей талаптармен сәйкес келгенде ғана, мұғалім мен оқушы да белгілі нәтижеге жетеді, - деп Р.С. Немов атап көрсетеді:
- мұғалімде жақсы оқытуды, оқушыда жақсы оқуды туғызатындай екі жақты қызықтыратындай процесте болса;
- өте жақсы дамыған құрылымда болуы;
- мұғалім педагогикалық шығармашылығын толық түрде шығара алатындай, ал оқушы жеке тұлғалық мүмкіндігін білім, іскерлік, дағдыны игеруге қолдану, әр түрлі бейнелі формасында орындалса;
- мұғалім және де оқушыны әр түрлі операциялардан құтқару, яғни оқытуда жаңа техникалық бұйымдар арқылы орындау.
Р.С.Немов, «Оқу әрекеті жаңа білім, іскерлік және дағды алады немесе сол білім, іскерлік, дағдысын өзгертетін процесс. Өз қабілетін одан әрі дамыта түседі», деп нақтылайды [101].
Т.Тәжібаев болса, адам әрекетінің барлығы бір мақсатқа, бір мүддеге саналы түрде бағытталып отырады, – дей келіп, психология тұрғысынан саналы әрекетке тоқталады [102].
Қ.Жарықбаев оқу әрекетін психологиялық тұрғыдан былай түсіндіреді: «Оқу материалдары оқушы психикасына зор талап қояды. Өйткені ұғыну өте күрделі әрекет. Ұғыну бірнеше кезеңдерден тұрады. Мәселен, мұның бірінші кезеңі, таныстыру кезеңі, оқушы нені қалай оқу керектігі жайлы мағлұмат алады. Бұдан кейін ол ойындағысын тәжірибеде орындап көреді. Үшінші кезеңде, ұғынғанын сөзбен тұжырымдайды, төртінші кезеңде, оқушы ұғынған нәрсесін ойына ұстап тұрады да, бесінші кезеңде, оқушыда зат пен құбылыс туралы белгілі ойына ұстап тұрады да, бесінші кезеңде, оқушыда зат пен құбылыс туралы белгілі ұғым қалыптасатын болады». Ақыл – ой амалдарын меңгеру арқылы бала шындықтағы заттардың байланыс қатынастарын ажыратады, бір нәрсені екіншісімен салыстыра дәлелдей алуға, олардың айырмашылық, ұқсастықтарын көре білуге үйренеді, себеп пен нәтиженің заңды байланысына [74] түсінеді.
П.Ф.Каптерев: «Педагогикалық процесс өзіне тән негізгі екі белгіні түйістіреді, олар ағзаның өзіндік дамуына жүйелі түрдегі көмек және адамның жан – жақты жетілуі» деп түсіндіреді. Қазіргі уақытта болашақтың алдына қойылып отырған талап, жеке адамды жан – жақты дамыту дей келе, оқушы әрекеттің барлық түрін игергендегі оқу әрекетін төмендегідей элементтерге бөледі:
- оқу тапсырмасы. Бұның басқа элементтерден ерекшелігі, бұл тапсырма
білмегенін үйретеді. Білімге құштарлығын арттырады.
- оқуға әрекет ету, яғни ынталану. Бұл сол тапсырманың орындалуына көмек береді. Сол арқылы білім қоры дамиды.
- өзін - өзі тексеруі және бағалау. Бұл әрекет болмаған жағдайда адам мақсатына жете алмайтындығына тоқталады [103].
И.Т.Огородникова, мұғалім мен оқушының жаңа оқу материалын игерудегі әрекеттерін былай белгілейді:
- мұғалім оқу материалын түсіндіреді, оқушылар қабылдайды, үйден бекітеді;
- мұғалім негізгі сұрақтар қояды, оқушылар өз бетімен оқу тапсырмасын қабылдайды;
- мұғалім сабақтың әдістемелік жағына кіріспе жасайды, оқушылар өз бетінше қарастырған сұрақтарды қамтиды;
- оқу тапсырмасын таныс материал арқылы немесе сұрақ арқылы жүргізеді;
- мұғалім, оқушыда өз бетімен жұмысты ұйымдастырады және тексереді [104].
М.В.Матюхинаның зерттеуі бойынша, оқу әрекеті қалыптасуы қызығушылықпен байланыстылығы, әр компоненттің өзінің орны болып, барлығы бір – бірімен тығыз байланысты болатындығы жөнінде сөз етеді. Оқу әрекетінің жеке компоненттерінің дамуындағы өзара байланысты қарастырады. Компоненттерді байланыстыра дамытса, оқу әрекетінің тиімділігін арттыруға болады деп есептейді [105].


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет