Мемлекет пен құқық өркениеттің аса зор жетістігі, оның адамзат тарихындағы мәні айрықша


ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТ, НАРЫҚТЫҚ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ



бет5/18
Дата26.10.2022
өлшемі213.2 Kb.
#463429
түріЛекция
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18
darister

ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТ, НАРЫҚТЫҚ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ
Аристотельден бастау алған құқықтық мемлекет идеясы XVIII ғасырдың ортасынан бастап өзекті бола бастады. Бұл кезде саяси ой-пікір мен қоғамдық даму тәжірибесі азаматтық қоғам орнықтыру мәселелерін өзектендіреді. Капиталистік типтегі жаңа экономикалық қатынастар феодалдық өндірістік қатынастардың тар шеңберін бұзып-жара отырып, шамамен осы тарихи кезеңде қалыптасып келе жатқан нағыз шынайы өндірістік қатынастар аренасына шығады.
Нарықтық қатынастар элементтері дамымаған нысанда кез келген тауар өндірісінен көрінеді, яғни тауарлар жеке тұтынудан бөлек, сату үшін де өндіріледі. Бірақ өндірушінің әлеуеті өзінен жоғары тұрған сословиелер, таптар өкілдерінің еркінен тыс толық деңгейде ашылмайды. Нарық тұтыну конъюнктурасын ескере отырып, өзінің шешімі бойынша нені, қашан және қанша көлемде өндіру және сату керек екенін анықтайтын ерікті қызметкер мен кәсіпкерді талап етеді.
Мұндай экономикалық еркіндік құқықтық мемлекетке заңнамалық қолдау көрсеткен жағдайда ойдағыдай жүзеге асуы мүмкін. Құқықтық емес мемлекет мұны қамтамасыз ете алмайды. Құқықтық мемлекет, өз кезегінде, мәртебесін тек егер ол азаматтық қоғамның күшімен құрылған жағдайда ғана қалыптастырып, сақтап қала алады. Ал азаматтық қоғам өзіне тән ерекшеліктерге ие бола отырып, экономикадын тыс мәжбүрлеу мен командалық әкімшілік етуді, яғни нарықтық қатынастарды сезінбейтін ерікті адамдардың экономикалық қатынастарына тәуелді болады.
Осылайша, белгілі бір тарихи кезеңде қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық аренада тарихи процестердің объективті даму барысы оларды бір-біріне қарсы итеретін үш әлеуметтік феномен пайда болады. Ақырында олар тура және кері байланыс бағыттарында жұмыс істейтін «нарықтық қатынастар – азаматтық қоғам – құқықтық мемлекет» тұйық шеңберін құрады. Барлық шеңберлердегі секілді бұл жерде бастапқы буынның қайда екенін іздеудің мәні жоқ. Идея нысанындағы бұл элементтердің кез келгені дамыған елдерде хронологиялық тұрғыдан әр мезгілде және басқа құбылыстармен байланыссыз, өз бетімен пайда болуы мүмкін. Осылайша, құқықтық мемлекет идеясын әу баста Аристотель (б.э.д. IV ғ.) ойлап тапты. Ежелгі Греция мен антик дәуіріндегі Римде (Цицерон) пайда болған азаматтық қоғам идеясы қоғамды сословиге бөлуге және әділетсіз сословиелік артықшылықтарға қарсы күрестің басталуын жүз жылға басып озды. Өндірістік күштердің дамуын тежейтін капиталистік дәуірге дейінгі өндірістік қатынастар шеңберін бұзу қажеттілігін еуропаның ұлы ойшылдары әлдеқашан нарықтық экономиканы құрмас бұрын зерделеп, түсінген.

Сонымен, нарықтық экономика, құқықтық мемлекет және азаматтық қоғамның бірін-бірі тартатын күші неде? Бұл мәселені түсіндіру үшін олардың әрқайсысына қысқаша сипаттама беру қажет.


Құқықтық мемлекет мыналармен:
- мемлекеттік биліктің жоғарғы органдарының қызметін ұйымдастырудың демократиялық нысандарымен; мемлекеттің, оның органдары мен лауазымды тұлғаларының, сондай-ақ азаматтар мен олардың бірлестіктерінің заңдарға сөзсіз бағынуын білдіретін заңның үстемдігімен;
- адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етумен; мемлекеттік органдар тарапынан азаматтың құқықтары бұзылған жағдайларда мемлекеттің азамат алдындағы жауапкершілігімен;
- азамат құқық бұзушылықтар жасаған жағдайларда оның мемлекет алдындағы жауапкершілігімен; біртұтас мемлекеттік биліктің үш – заң шығарушылық, атқарушы және сот – тәуелсіз тармаққа бөлінуімен сипатталады.
Азаматтық қоғамға мыналар: сословиелік, таптық, этникалық, діни және өзге тиесілілікке негізделген артықшылықтардың болмауы; қоғам өімірінің саяси және экономикалық салаларындағы өз мақсаттары мен әлеуметтік бағдарларын таңдауда азаматтардың әу баста тең құқылы деп танылған жеке басының бостандығы; ой-пікір білдіру мен адамдардың (саяси партиялардың, қоғамдық қозғалыстардың және т.б.) мүдделерін қорғаудың мемлекеттік емес дамыған нысандары; мемлекеттің азаматтар мен қоғамды қорғауы; иделолгиялық әралуандық және ақпарат бостандығы; халықтың аумақтық өзін-өзі басқаруының дамуы тән.
Нарықтық экономика мыналармен: тауар өндірушілердің экономикалық тәуелсіздігімен және дербестігімен; қызметкерлердің айналысатын істері мен кәсіптерін таңдаудағы еркіндігімен; мемлекеттің жеке кәсіпкерлік қызметке араласуына жол бермейтін бизнестің тұрақты заңнамалық негізімен; тұтынушыларға ұсынатын тауарлар мен қызметтердің бәсекесімен сипатталады.
Бұл қысқаша сипаттамалар капиталистік қатынастардың қалыптасу және қарқынды даму кезеңінде құқықтық мемлекет, азаматтық қоғам және нарықтық қатынастар негіктен қажет болды дегенді түсіндіреді. Олар феодалдық қоғамның қойнауынан шыққан елдердің экономикалық және саяси дамудың сапалық тұрғыдан жаңа деңгейіне көшу үшін берік негіз қалауының қажетті шарты болып табылды. Әлемдік тәжірибе қаншалықты айналып өткісі келсе де (КСРО) капиталистік даму жолынан қазіргі дамыған және дамушы елдердің бірде-бірі қашып құтыла алмағанын көрсетеді. Тарихи заңдылық осындай, онымен санасуға тура келеді.
Кездейсоқтық емес, сондықтан да Кеңес одағының шекпенінен шыққан мемлекеттік меншікті бір қолға шоғырландырған әкімшілік-командалық экономикаға ие, егемендігінен айрылған партократтық мемлекеті және үстем коммунистік идеологиясы бар ерікті емес қоғамы бар барлық одақтас республикалар нарықтық қатынастарға негізделген құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамды құруға бағыт алды. Бұның қарапайым мысалы Қазақстан болып табылады.
Қазақстанның бұл тарихи, саяси, экономикалық және гуманитарлық таңдауы тек әлемдік қоғамдастық үшін мәлімделген жоқ, ол республикалық референдумда Қазақстан халқы қабылдаған Конституциядан орын алғандықтан, барлық қазақстандықтар, мемлекет пен оның органдары үшін міндетті болып табылады. Негізгі Заңның баптарында Қазақстанның тарихи таңдауының мәні мен мазмұны егжей-тегжейлі толық ашылып, аталған әлеуметтік институттардың жұмыс істеу тәртібі жалпы регламенттеледі.
Қазақстанның тарихи таңдауын барынша айқын, дәл көрсететін Конституцияның 1-тармағы болып табылады: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары». Бұл шағын тұжырымдамада Қазақстан халқының тарихи таңдауының әлеуметтік-саяси аспектісі бекітілген, атап айтқанда: демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Қазақстан халқының басым көпшілігі сөзсіз қолдайтын бұл идеологиялық айқындама берік іргетас және республикадағы жаңа конституциялық-құқықтық реттеу үшін негізгі пункт болып табылды.
Сонымен, Конституцияның 3-бабына сәйкес, «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық». Осылайша, мемлекет осы биліктің тек агенті, тасымалдаушысы болып, халық әзірге оған осы билікті беріп, оны жүзеге асыру құқығын берген кезде мемлекеттің нағыз құқықтық сипаты анықталады (3-б.). Билікті заңсыз басып алу, оны мемлекеттің тартып алуы конституция аясынан шығып кетуге алып келеді әрі ол құқықтық болып табылмайды. Бұл Конституцияда қаралған: «Билікті иемденіп кетушілік заң бойынша қудаланады (3-б.).
Қазақстан халқының жалпыға бірдей еркі, яғни оның жалпыға бірдей міндеттілігі референдумдар мен ерікті сайлаулар арқылы осы билікті тұтастай алғанда мемлекетке, жекелеп алғанда, оның органдарына табыстаудан көрінеді. Осы кезден бастап халық билігі, тұтастай алғанда, оның елге жасайтын тарихи уағдаласылған ерік-күші (үстемдігі) басқару және мәжбүрлеу құралдарымен қаруланған мемлекеттік билікке айналады. Халық билігі мемлекеттік билікке айналып, институционалдық нысанды қабылдайды, соның арқасында оның бұйрық ьеруші, жалпыға бірдей міндетті сипаты күшейеді.
Мемлекеттік биліктің өзінің институционалдық және функционалдық ұйымдасқан құрылымы болмаса, бір жағынан, ол қоғамнан алшақтай отырып, қоғамға бақылаусыз өктемдік жүргізу, екінші жағынан, осы билікті ыдырату мен құлату қаупін туғызады. Мемлекеттік билікті ұйымдастыруда болуы мүмкін осындай жағымсыз үрдістерді болдырмау үшін конституция мынаны белгілейді: «Республикада мемлекеттік билік біртұтас, ол Конституция мен заңдар негізінде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну, олардың тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы, өзара іс-қимыл жасау принципіне сәйкес жүзеге асырылады».

Осылайша, Конституция Қазақстан құрамын деп шешкен құқықтық мемлекеттің барлық параметрлерін қамтиды. Құқықтық мемлекеттің Конституцияда көрсетілген басты өлшемдері саяси және заң ғылымдарында оларға берілген түсінікпен сәйкес келеді. «Құқықтық мемлекет» түсінігінің ауқымында ол білдіретін құбылыстың (мемлекеттің) белгілері барынша жеткілікті және мейлінше толық болғандықтан, оны әрқилы мағынада түсінуге жол берілмейді. Сондықтан Конституцияда «құқықтық мемлекет» ұғымын әр түрлі оқылады деп қауіптенбей, пайдалануға толық болады әрі ол орынды.


Азаматтық қоғаммен және нарықтық экономикамен байланысты мәселе басқаша, бұлар - Конституцияда терминологиялық тұрғыда қолданылмаған ұғымдар. Бұл Конституция құқықтық мемлекетке қарағанда бұларға айтарлықтай маңыз берген жоқ дегенді білдіре ме? Бұл Қазақстанның қоғамның осы институттарын құқықтық мемлекетпен қатар таңдауын әлсіретпей ме?
Бұл мәселелер Конституциямен атүсті, мәтінге көз жүгіртіп танысқан кезде туындайды. Бірақ оның ережелеріне жасалған қисынды талдау Конституцияда құқықтық мемлекетке қарағанда азаматтық қоғам мен экономикалық қатынастарға аз көңіл бөлінбегенін көрсетеді.
Заңнамалық техника қағидалары бойынша нормативтік құқықтық актілер мәтінінің ережелері мейлінше қысқа, мағынасы екіұдай түсінбейтіндей, дәл, нақты болуы тиіс. Көнерген және көп мағыналы терминдерді қолдануға жол берілмейді («Нормативтік құқықтық актілер туралы» ҚР Заңы 19-б., 3-т.). Бұл талапқа «азаматтық қоғам» және «нарықтық экономика» терминдері сәйкес келмейді. Оның мәнін бірізді түсінген жағдайда, аталған терминдермен белгіленетін ұғымдар бірқатар жағдайларда тым кең мағынада, ал кейде тіпті тар мағынада түсініледі.
Тіпті салалық энциклопедиялық сөздіктерде де азаматтық қоғам мен нарықтық экономика белгілерінің түпкілікті, жалпы мойындаған тізбесі жоқ. Мысалы, «Саясаттану. Энциклопедиялық сөздігінде» (1993 ж.) «Азаматтық қоғам» мақаласы кең форматты үш жарым бетке берілген. Қазақ саясаттану сөздігінде (1998 ж.) осыған ұқсас мақаланы неғұрлым жинақы, конспект түрінде берген, бірақ азаматтық қоғамның кейбір маңызды сипаттамалары, мысалы, жергілікті өзін-өзі басқару түсіп қалған. Заңтану үлкен энциклопедиялық сөздігінде осы тектес мақала бұдан да гөрі қысқартылып берілген. (2005 ж.).
Осыған ұқсас жағдай нарықтық экономика ұғымына байланысты да қалыптасқан. Мұнда сонымен қатар нарықта тауарлар мен қызметті ұсынумен байланысты нарықтық, кез келген қатынастар ретінде танудан бастап тауар өндірушінің еркіндігі мен бәсекеге дейінгі көптеген шашырап жатқан пікірлер орын алған.
Осы жағдайларға байланысты Конституцияда «Азаматтық қоғам» және «Нарықтық экономика» терминдері қолданылмайды. Мұның орнына ол логикалық тұрғыдан осы ұғымдардың нақты мазмұны туралы түсінік беретін нормаларды белгілейді. Сөйтіп, Қазақстан Республикасы өзін әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратыны туралы конституциялық ереже оның басым мақсаттары адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылатынын айғақтайды. Ал, бұл дегеніңіз – азаматтық қоғамның өзегі.
Азаматтық қоғамның келесі маңызды белгісі – «қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық», барша халықтың игілігі үшін экономикалық даму. Бұл Конституцияның 1-бабының 2-тармағында көрініс тапқан. Азаматтық қоғамның сөзсіз жетістігі идеологиялық және саяси әралуандық болып табылады. Бұл әлеуметтік жеңіс Конституцияның 5-бабының 1-тармағында танылады. Нағыз пікір әралуандығы өзінің қажетті шарты ретінде сөз және шығармашылық бостандығын, ақпаратты алу және тарату бостандығын талап етеді. Сондықтан Конституция осы бостандықтарды қарастыра отырып, цензураның тыйым салып, кепілдік ететіні кездейсоқ емес (20-б.,1-т.).
Азаматтық қоғам жағдайында халықтың әлеуметтік белсенділік танытуының бір түрі бейбіт әрі қарусыз жиналу, жиналыстар, митингілер, демонстрациялар, шерулер өткізу, тосқауылдарға тұру мүмкіндігі болып табылады. Бұл мүмкіндік конституциялық құқық дәрежесіне көтеріледі (32-б.). Жөнсіздіктің алдын алу мақсатында мемлекет тарапынан да, сондай-ақ азаматтар тарапынан да «бұл құқықты пайдалану мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулық қорғау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделері үшін заңмен шектелуі мүмкін» (32-б.). Мұның үстіне, Конституция қоғамдық бірлестіктерге заң алдындағы теңдікті және мемлекеттің олардың ісіне араласпауына (5-б.,2-т.), сонымен қатар адамдардың бірлесу бостандығына кепілдік береді (23-б.,1-т.).
Конституцияда азаматтық қоғамның аса ірі жетістігі көрініс тапқанын ерекше атап өткен жөн, ол – адамның табиғи, сондықтан да тартып алынбайтын құқықтары мен оның осы мемлекетке тиесілілігіне (азаматтығына) сәйкес пайда болатын жүре пайда болған құқықтары (12-б., 2,3-тт.). Мұның үстіне, осы құқыққа ие болғандардың барлығы заң алдында тең. Әсіресе «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайтынын» атап өту маңызды (14-б.).
Сонымен, Конституцияның нормалары қоғамдық өмірдің түрлі салаларындағы адамдардың қарым-қатынастарын реттей отырып, Қазақстанда құрылатын азаматтық қоғамның бет-бейнесін барынша нақты айқындайды. Оның қалыптасу процесі – бір сәттік акт емес, ол уақытты қажет етеді. Қоғамның тоталитарлық режим белгілеп, орнықтырған еріксіз ахуалдан сапалық тұрғыдан азаматтық қоғамның жаңа, ізгілікке бағдар ұстаған ахуалына бір сағатта көшуі мүмкін емес екені анық. Көріп отырғанымыздай, Қазақстанда азаматтық қоғамның дамуында оның Конституциясының үлкен рөл атқаруы тиіс.

Қазақстан үшін өзінің тарихи даму жолын таңдау кезінде ең қиыны, абзалы, өз экономикалық стратегиясын әзірлеу болды. Ғылыми зерттеулерді жандандырудың, өткір саяси пікірсайыстардың арқасында Қазақстан халқы кәсіпкерліктің еркіндігі мен жалдамалы жұмысшылардың бостандығы өзегі болып табылатын нарықтық экономика бағытын ұстану буралы күрделі шешім қабылдай білді. Бұл еркіндіктер жеке меншік жағдайында толық көлемде іске асырылуы мүмкін болғандықтан, Конституция «Қазақстан Республикасында мемлекеттік меншік пен жеке меншік танылатынын және бірдей қорғалатынын» (6-б.1-т.) жариялады.


70 жылдан артық монополиялық түрде тек мемлекеттік меншік өмір сүрген елде бұл шаруашылық жүргізудің социалистік тәсіліннің түбегейлі қирауының және нарықтық экономикаға көшудің басталғанын білдірді. Меншік иесінің эгоистік жөнсіздігінің алдын алу мақсатында Конституция «Меншік міндет жүктейтінін, оны пайдалану сонымен қатар қоғам игілігіне де қызмет етуге тиіс екенін» белгілейді (6-б., 2-т.). Бұл - әсіресе, меншік иесі үшін, егер меншігінің әлеуметтік құндылығы болған және оны пайдаланған кезде қоғамның әл-ауқаты көбейетін жағдайда ол жеке басына (жеке меншік) пайда әкелетінін сезінсе, өте маңызды және принциптік мәні бар ереже. Сондықтан меншікке ұмтылу, сонымен қатар меншік иесінің өкілеттілігін жүзеге асыру шектері қоғамның даму деңгейімен, оның осы тауарға қажеттіліктерімен байланысты болуы тиіс.
Меншік иесінің бұл шарттастықты бағалауы қиын, тіпті оған ниеті де болмайды. Соған байланысты Конституция «Меншік субъектілері мен объектілері, меншік иелерінің өз құқықтарын жүзеге асыру көлемі мен шектері, оларды қорғау кепілдіктері заңмен белгіленетінін» белгілейді (6-б., 2-т.).
Нарықтық экономиканың негізгі белгісі –кәсіпкерлік қызмет еркіндігі өз бейнесін Конституцияның арнайы бабынан тапқаны ескерерлік: «Әркімнің кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне, өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалануға құқығы бар» (26-б., 4-т.). Кәсіпкерлік қызмет еркіндігінің экономикалық негізі жеке меншікті құрайды. Сондықтан Конституцияда «Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады» деп белгіленген (26-б.,1-т.). Бұл құқық «Соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайтынымен, заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшін мүліктен күштеп айыру оның құны тең бағамен өтелген кезде жүргізілуі мүмкін екендігімен» сенімді кепілдендіріледі (26-б., 3-т.).
Нарықтық экономика жағдайында өндіріс құралдарының, тауарлар мен қызметтердің меншік иесі болып табылатын кәсіпкерлер ғана емес, сонымен қатар оларды жасайтын жалдамалы қызметкерлер де ерікті болуы тиіс. Мәжбүрлі еңбек кәсіпкерлердің тауар өндірісін ұйымдастыруға қатысты барлық ынта-жігерін нөлге теңестіруге қабілетті болғандықтан, ол нарықтық қатынастар жүйесіне кірікпейді. Осыған байланысты Конституция «Әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар» екенін белгілейді (24-б.,1-т.). Осы еңбек үшін «нендей де бір кемсітусіз» сыйақы алуы тиіс болатыны (24-б., 2-т.) бұл норманы маңызды әрі орынды толықтыру болып табылады.
Сонымен, Конституция, құқықтық мемлекеттің, азаматтық қоғамның және нарықтық экономиканың негізгі параметрлерін бекіте отырып, Қазақстанның саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан орнығуының бастауларын да белгілеп береді. Мемлекеттің тарихи дамуының белгілі бір үзігіндегі негізгі заң ретінде Конституция олардың мүмкін болатын даму жолдарын есепке ала отырып, қалыптасқан жағдайларды көрсетеді. Егер Конституцияның реттеуші рөлі шындыққа барабар болуы мүмкін болса, онда оның болжамды рөлі туралы бұлай айтуға болмайды. Конституциялық тұрғыдан реттеуге жататын оқиғалардың туындау мүмкіндігін болжау өте қиын, сондықтан кез келген Конституцияны әзірлеген кезде оның авторлары тек жағымды аспектілерімен қатар жағымсыз аспектілері де болуы мүмкін нақты әрі объективті қалыптасатын қарым-қатынастарға сүйенеді.
Сөйтіп, мысалы, конституциялық тұрғыдан мойындалатын құқықтық мемлекеттің артықшылықтары көп болғанымен, әлемдік тәжірибе шеше алмаған бірқатар жағымсыз сәттері бар. Олардың қатарына демократияның кемшін тұстары жатады, ол көпшіліктің жаппай азшылыққа бағынуы қағидатында көрініс тапқан. Ал егер азшылық дұрыс, сындарлы ұстанымды ұстанса ше? Өкілді демократия жүйесі сайлаушылардың еркін әдейі немесе ойланбай бұрмалау мүмкіндігі сақталатын болғандықтан, халық мүдделеріне барабар өкілдікке кепілдік бермейді.
Дамудың түрлі сатыларында әр түрлі топтасу деңгейімен ерекшеленетін азаматтық қоғам өзінің шексіз белсенділігі, бастама жасайтын немесе арандататын жекелеген институттары арқылы оны объективті түрде уағдаласқан жолдан тайдыратын тұрақсыздандырушы фактор рөлін атқаруы мүмкін. Азаматтық қоғамның шексіз еркіндігі өзінің әлі пісіп-жетілмеген қалыптасу кезеңінде қажетті заңнамалық шектеулерді белгілемей, деструктивті факторға айналады.
Гуманитарлық көзқарас тұрғысынан бұдан да көп жағымсыз факторлардың бірі – нарықтық қатынастар. Меншік иелері мен жалданатын ерікті қызметкерлердің өндірістік қатынастары олардың әрқайсысының жеке мүдделері негізінде қалыптасады. Меншік иелерінің мүдделері - пайда табу, қызметкерлердің мүдделері – өмір сүріп, тіршілік ету үшін материалдық жағдай жасау. Халық игілігі үшін адал еңбек ету псизологиялық тұрғыдан да, идеологиялық тұрғыдан да олардың қызметін ынталандырушы фактор болып табылады. Өндірістік қызметке қатысушылардың барлығының бастапқы себебі - материалдық игілікке ұмтылу, олардың мүдделерін оятатын күш бір-біріне сәйкес келеді.
Меншік иесі мен жалдамалы қызметкер өндірісте түрлі рөл атқарып, соған сәйкес, түрлі табыс тапса да, серіктестер, өндіріс агенттері ретінде әрекет етеді. «Капитализм – тең мүмкіндіктер қоғамы» деген идеологиялық ұран ерікті қоғамда әркім меншік иесі болу, соған сәйкес, өндірістің жетекші агенті болу мүмкіндігіне ие екендігімен өндірілген өнімді иемдену проблемасының өткірлігін жұмсартады. Бұл гипотезалық мүмкіндік адамды материалдық баю жолдарын іздеуге ұмтылдыратын жеке басының мінез-құлқын ынталандыратын факторға айналады.
Бұл жолда адам жеке басының өз мақсаттарына қол жеткізуіне жол бермейтін көптеген әлеуметтік шектеулерден ерікті болуға тиіс екенін түсінеді. Жеке бастың баюына себеп индивидуализм секілді қоғамдық маңызы бар әрі жеке адамға қатысты феноменді туғыза отырып, қалыптан тыс ұлғаяды. Ол тарихи тұрғыдан үрдістер мен дін қолдау көрсететін туыстық және рухани қарым-қатынастар екі ахуалдың тарихи өту барысында әлсіреп, бұзыла бастаған кезеңде нығаяды.
Ислам (сүнниттер мен шииттер) мен христиан діні (католицизм және православие) секілді дәстүрлі діндерде болып жатқан іштей жіктелу олардың қоғамдағы бұрынғы рухани біріктіруші рөлін әлсіретіп, беделін түсіреді. Бұл, бір жағынан. Екінші жағынан, нарықтық экономика үшін соншалықты қажет жеке бас бостандығының идеологиясы азаматтардың субъективті құқығы мен бостандықтары түрінде заңдық тұрғыдан ресімделе бастады. Бұл жағдай капиталистік елдерде индивидуализм психологиясының тасқын секілді таралуына мықты түрткі болды.
Қазақстанда орныққан капитализмнің отыз жылға жуық тарихы индивидуализм тасқыныоның шекараларына дейін жеткенін көрсетеді. Туыстық қатынастардың бұрынғы нысандарының әлсіреуі, жақын туыстардың арасында мүліктік даулардың орын алуы, табыскер балалары бола тұра қарттар үйлерінің толығуы, ауыздықтауға көнбейтін жемқорлық, бюджет қаражатын жымқыру, жақын адамдарға қатысты алаяқтық фактілері – индивидуализмнің жағымсыз салдарларының толық емес тізбесі.
Индивидуализмнің ең шектен шыққан түрі өзгелердің мүдделерін ашықтан-ашық немесе жасырын түрде елемей, өз мүдделерінің қамын шамадан тыс ойлау екені белгілі. Адалдық, ар-ұяттылық, қайырымдылық және басқа осындай қасиеттер бастапқы ізгілігті мәнін жойып, баюға жету мақсаты жолындағы рухани кедергілер ретінде қарастырылады. Адамның капитализм әкелген моральдық азуы гуманитарлық, қоғамдық, мәдени және адамгершілік құндылықтарды өзектендіру мен қолдау бойынша тиімді шараларды, оның ішінде мемлекеттік шараларды қолданбаса, қоғамның бет-бейнесін өзгертуге қабілетті.
Нарықтық экономиканың осы уақытқа дейін еңсерілмеген жағымсыз аспектілерінің тағы біреуі – оның өзегін солқылдататын дағдарыстар: артық өндіру дағдарысы, инфляция және девальвация. Әзірге әлемдік экономика өзінің мемлекеттік аумақтары бойынша бытырап тұрған кезде, және осы дербес тұрғанында, оларды болдырмау теориялық жағынан мүмкін болса да, практикалық жағынан мүмкін емес.
Мұндай дағдарысты жағдайда, нарық еркіндігі мәжбүрлі түрде тарылса да, экономикаға мемлекет араласады. Елдің экономикалық дамуының белгілі бір тұрақты кезеңдеріндегі мемлекеттің рөлін терістеу оның экономикаға белсенді араласуының қажеттігін танумен алмасады. Мұндағы қиындық ерікті нарықтық қатынастарды мемлекеттің қамқорлығымен іске асырылатын экономикалық қатынастардан бөліп тұратын шекарадан өтіп кетпеуде.

Осылайша, Республика Конституциясы құқықтық мемлекеттің, азаматтық қоғам мен нарықтық экономиканың келтірілген әдеттен тыс, ерекше аспектілеріне қарамастан, оларды қазақстандық қоғамның негізін салушы институттар ретінде таңдап алды. Әлемдік дамудың теориясы да, тәжірибесі де қоғамдық өмірді құрудың барынша жетілген және сынақтан өткен нысандарын ұсына алған жоқ. Конституция сондықтан да қоғам дамуының осы заманғы өркениетті бағытын қабылдады.




Литература

1. Амрекулов Н., Масанов Н. Казахстан между прошлым и будущим,- Алматы: МГП « Берен», 1994.-206с.


2. Досмухамет Нур-Ахмет. Государство и нация (к вопросу о национальном строительстве): монография – М.,: Инфра-М, 2016-147 с.
3. Гражданское общество. – В кн.: Казахстанская политологическая энциклопедия. – Алматы, 1998, с.76-77
4. Коганов М.Ш. Республика Казахстан как правовое государство // Право и государство, 2012, №1(54), с.30-33.
5. Нурпеисов Е.К. Местная государственная власть и рыночные отношения. В сб.: Административный район и рыночные отношения. Алма0Ата, 1992, с. 141-143
Понкин И.В. Сильное государство.//Право и государство, 2018, № 1-2(78-79), с. 53-70.
6. Правовое государство. – В кн.: Румянцев О.Г. Додонов В.Н. Юридический энциклопедический словарь. – М.: Инфра-М.,1996, с. 238.
7. Рынок. – В кн. : Словарь-справочник менеджера / Под ред. М.Г. Лапусты. – М.: Инфра-М, 1996, с. 414-415
8. Черниловский З.М. Правовое государство: на перекреске мнений. – В кн.: Право и власть. – М. Прогресс, 1990. С. 41-63.
9. Шакенов М.А. Научная конструкция правового, социального, демократического государства. // Право и государство, 2015, № 2(67), с. 17-19
10. Яруллин Р.Н. Трансформация государственной власти в эволюции политической системы. – Алматы, 1996. – 53с.
11. Энтин Л.М. Разделение властей: опыт современных государств. – М.: Юрид. Лит., 1995. –176 с.
12. Ударцев С.Ф. Сильное правовое государство и новые вызовы безопасности: вопросы теории. // Право и государство, 2018, № 1-2 (78-79) , с. 4-22





  1. Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет