Мемлекет пен құқық өркениеттің аса зор жетістігі, оның адамзат тарихындағы мәні айрықша


Билікті аумақтық тұрғыдан ұйымдастыру



бет7/18
Дата26.10.2022
өлшемі213.2 Kb.
#463429
түріЛекция
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   18
darister

Билікті аумақтық тұрғыдан ұйымдастыру
Қоғамдық өмірдің ру-тайпалық ұйымы қойнауында пісіп-жетілген мемлекет өз юрисдикциясын белгілі бір қауымдастықтың аумағында тұратын халыққа қолданады. Мұнда мемлекеттік билікті жүзеге асыруда ең бастысы адзамзат өркениетінің бастауында тіршілік ету ареалы әлі нақты көрініс таппаған халық болып табылады. Отырықшы халықтардың тіршілігін қамтамасыз етуге қажетті аумақ біршама тұрақты шама болып табылады. Көшпелі халықтарда бұл аумақ біршама белгісіз сипатқа ие, ол белгілі бір дәрежеде маусымдық өзгерістерге ұшыраған табиғи және климаттық жағдайларға байланысты болды.
Қоғамды мемлекеттік басқару үшін аумақ факторы уақыт өте келе айрықша мәнге ие болады. Мемлекеттік биліктің шегі тарихи тұрғыдан алғанда, мекендеу ареалы шегіндегі қол астындағы халықтың сандық құрамымен шектелді. Сондықтан мемлекет бұл аумақты, ең алдымен, белгілеп, содан кейін ғана осы аумақтың шекарасын сызуы керек. Яғни өзінің егемен юрисдикциясын іске асыру күтілген шекте мемлекеттік шекараны жариялау қажет болды. Бұл міндет тұрғылықты жерлеріне – кенттер мен қалаларға экономикалық тұрғыдан байланған отырықшы халықтарда оңай шешілді. Халықтың көшіп-қонып жүруіне және олар тұратын жерлердің шекараларына байланысты көшпелі қоғамдарда бұл міндет қиындау шешілді.
Халық санының және аумақтың кеңеюіне қарай*, мемлекеттік басқару қолайлы болу үшін халық пен аумақты әкімшілік-аумақтық бірліктерге бөлу қажеттігі туындайды. Тарихи тұрғыдан олардың шекаралары бастапқыда бұрын рулар мен тайпалар мекендеген аумақтармен, сондай-ақ мемлекет құрылғанға дейінгі елді мекендердің шекараларымен сәйкес келеді. Ру-тайпалық ерекшеліктер жойылып, біртұтас этнос қалыптасқанша, бұл фактор өзінің мәнін жояды. Тарихи қалыптасқан басқару жүйесі мемлекеттік мақсаттылық қағидатынақұрылған жаңа басқару жүйесіне түпкілікті орын береді. Демографиялық, географиялық және экономикалық факторлар шешуші болып табылады. Төменгі деңгейдің әкімшілік-аумақтық бірліктерінің өлшемдері халықтың саны мен тығыз орналасуына, қоныстанған алаңына, өндірістік инфрақұрылым объектілерінің орналасуына тікелей байланысты және халыққа өңірлердегі мемлекеттік органдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету қажеттілігіне сүйене отырып анықталады.Әкімшілік-аумақтық бірліктердің саны сонымен қатар мемлекет халқының саны мен оның аумағының шамасына да байланысты болады. Әкімшілік-аумақтық бірліктерөз алдына дербес мемлекеттік мекемелер болып табылмайтындықтан, түгелімен орталық мемлекеттік органдарға бағынып, бақыланады. Тиісті өкілеттіктер аясы берілген олар ұйымдық тұрғыдан да, ақпараттық тұрғыдан да мемлекеттік органдар жүйесінде заңмен белгіленген иерархиялық байланыстарға қолдау көрсетуі тиіс.
Әкімшілік-аумақтық бірліктердің әңгіме болып отырған осы және басқа барлық сипаттамалары мемлекеттің пайда болу және әрі қарайғы даму кезеңдерінде кеңінен қолданылған. Олар белгілі бір дәрежеде өңірлерге орталық биліктен берілетін басқару бұйрықтарын берудің тиісті тәсілдерімен, бұл бұйрықтардың орындалуын қамтамасыз ету бойынша жергілікті биліктің ұйымдастыру мүмкіндіктерімен, жергілікті жерлерде жоғары тұрған инстанциялардың басқару шешімдерінің орындалуына жүйелі бақылау жасаумен байланысты.
Заманауи коммуникация құралдары, оның ішінде интернет технологиялары болмаған кезде бүкіл мемлекеттің аумағы аумағы бойынша басқару бұйрықтарын жүйелі түрде беру қажеттігі басқару жүйесінде билікті табыстайтын буындарды құруды талап етті. Олар бір-бірінен айырмашылықтары бар жергілікті жағдайларға қолдануға болатын, орталықта қабылданған басқару шешімдерін егжей-тегжейлі ашуға арналған. Осыған байланысты мемлекеттік биліктің жергілікті органдары (аудандар, провинциялар, кантондар және т.б.) өз мемлекеттік органдар жүйесі бар неғұрлым ірі әкімшілік-аумақтық бірліктерге ұйымдық жағынан бірігеді. Біртұтас және автономды мемлекетке, сондай-ақ федерацияға тән көп сатылы иерархиялық басқару жүйесі қалыптасады. Осы жүйенің басында мемлекеттің орталық органдары, ал төменінде облыстық, округтік, өлкелік және басқа оларға тең дәрежелі органдар орналасады. Олар түрлі мемлекеттерде түрліше аталуы да мүмкін. Бұдан әрі мемлекеттік биліктің аудандық, қалалық, поселкелік және селолық органдары орналасады.
Мемлекеттік басқарудың осы жүйесі кезінде билік төмен тұрған буындар жоғары тұрған буындардың қатаң бақылауында тұратын абсолютті орталықтандырылған, саяси режимге тәуелді болуы мүмкін. Бұл тоталитарлық және авторитарлық режимдерге тән. Ол мемлекеттің басқару өкілеттіктерінің көпшілігі төмен тұрған буындарға берілетін орталықтандырылған болуы мүмкін және заң берген өкілеттіктердің арқасында жергілікті жағдайлардың өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, мемлекеттің саясатын іске асыруда біршама еркіндікке ие. Бұл демократиялық басқару режимі тұсында және азаматтық қоғамның дамуы жағдайында мүмкін болады.
Әкімшілік-аумақтық бірліктердің перспективаларына қатысты мынаны айтуға болады, заманауи интернет технологиялар, әсіресе, цифрландыру мен жергілікті мемлекеттік басқару жүйесінен бөлек дамып келе жатқан жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі «орталық – өңір» әмбебап сызбасы бойынша екі буынды басқару жүйесіне көшу үшін жеткілікті негіздер құрылғанын болжауға мүмкіндік береді. Ол ел аумағын иерархиялық көп сатылы бөлуге және әкімшілік процестерді оңайлатуға жол бермейді.
Әкімшілік бірліктер жиналып келгенде біртұтас мемлекеттің – өз ішінде басқа ұлттық-мемлекеттік құрылымдары жоқ, бірыңғай, бөлінбейтін мемлекеттің біртұтас аумағын құрайды. Тарихи мемлекет мемлекет құрылған кезде оны құраушы ұлтқа айналатын қалыптасқан этностың негізінде пайда болатыны белгілі. Мұнда әу баста мемлекеттік басқару органдары жүйесін құрудың бастауында тұрғандар (бұрынғы ру ақсақалы, қарулы күштердің танымал қолбасшысы және т.б.) түбегейлі маңызды болып табылмайды. Маңызды болып табылатыны - әлеуметтік база, яғни мемлекет сүйенетін халық, ол ерікті немесе мәжбүрлі келісім бойынша осы билікті мойындайды, мемлекетті құраушы ұлтқа айнала отырып, оған қолдау көрсетіп, дамытады. Бұл ұлт деп аталатын жаңа әлеуметтік-саяси қауымдастыққа көшудің негізгі сәті. Бұл мағынада «ұлт» термині ұлт деп этникалық тиістілігіне қарамастан, осы немесе басқа мемлекеттің барлық азаматтарын түсінетін халықаралық - құқықтық лексикада қолданылады. Ұлттың мұндай түсінігі әлемдік саясатта жалпыға бірдей қабылданған болып табылады және сондықтан «француз ұлты», «неміс ұлты», «түрік ұлты» деген сөз тіркестерін пайдалану этникалық реңкпен (француз, неміс, түрік) емес, олардың этникалық тиістілігіне қарамастан, мемлекетте тұратын азаматтардың мемлекеттік сәйкестігі тұрғысынан қолданылады.
Бастапқыда бір этностан тұратын мемлекет ретінде қалыптасқан біртұтас мемлекет тарихи даму процесінде оның аумағына басқа этностардың қоныстануы есебінен көп этностық мемлекетке айналуы мүмкін. Ол басқа халықтардың аумағын қосып алу нәтижесінде көп этностық мемлекетке айналуы мүмкін. Сол кезде бұл ұлыстар саяси және экономикалық даму деңгейіне қарай біртұтас мемлекеттің құрамына ұлттық-аумақтық автономия ретінде кіре алады. Бұл идеяны Ресей құрамында Қазақ автономиялық мемлекеттігін құруды көздей отырып, «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының көсемдері іске асыруға тырысты (1917 ж.). Қазіргі әлемде құрамында автономиялық мемлекеттік құрылымдары бар біртұтас республикаларға Грузия, Өзбекстан, күні кешеге дейінгі Украина мысал бола алады.
Біртұтас мемлекеттердің қалыптасуының тағы бір жолы - федерациялар мен империялардың ыдырауы. Мемлекеттік құрылыс нысанындағы империя мемлекеттің қандай да бір ерекше нысанын білдірмейтінін естен шығармау керек. Ол, әдетте, колониялары бар біртұтас мемлекет болып табылады. Басып алған немесе өзгеше бір тәсілмен бағындырылған аумақтарда колонияға дейінгі мемлекеттер таратылып, қанаушы мемлекеттердің әкімшілік органдары қызметіне кіріседі. Сондықтан империяның құлауы жаңа біртұтас мемлекеттердің құрылуымен сабақтасады. Бұл жерде отарлаушы мемлекеттің колония аумағында этносаралық қақтығыстарды жағу саясатының салдарлары мемлекеттік құрылысты айтарлықтай қиындатады және бір мемлекет құраушы ұлты бар мемлекеттің біртұтас нысанын артықшылықпен таңдауын талап етеді.
Федерация ыдыраған жағдайда мәселе басқаша болады. Бұл аса ауырлық келтірмейтін процесс федерацияны (КСРО) жаңарған күйде сақтап қалуға тырысумен қатар жүреді. Федерация ыдырап, федерация субъектілері орталықтан, яғни федералды биліктен аулақ кетуге және одан бөлінуге ұмтылған кезде ортадан тепкіш үрдістер күшейеді. Бұл қозғалыс федерация субъектісінің егемендігін тәуелсіз мемлекет ретінде толық көлемде қалпына келтіруді мақсат етіп қояды. Бұрынғы КСРО аумағында мұндай «егемендіктер шеруі» ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында өтті. Ресейді қоспағанда, барлық бұрынғы одақтас республикалар өз егемендіктерін мәлімдеп, өздерін біртұтас мемлекеттер ретінде жариялады. Сол арқылы 70 жылға дерлік (1922 – 1991 жж.) созылған, бірақ егемен мемлекеттерді бірыңғай одаққа біріктірудің әлеуметтік-саяси сынағында өзін ақтамаған жүйеге түбегейлі нүкте қойылды.
Сонымен қатар, әлемде және күні бүгінге дейін тарихы неғұрлым ұзақ мысалы, Бразилия, Германия, Индия, Канада және басқалар секілді федеративті республикалар бар. Осы және басқа федерациялардың пайда болу және даму негіздерінің жалпы ерекшеліктерімен қатар көптеген өзіндік айырықша ерекшеліктері бар.
Сөйтіп, кеңес дәуірінде федерация деп егемен мемлекеттердің одағы саналатын. Оның негізгі міндеті бұрынғы Ресей империясының аумағында ұлттық мәселені шешу болды. Федеративтік мемлекетті осылай түсінгендіктен, 1922 жылы КСРО-ны құру туралы шартқа қол қойылды, оның құрамына бұдан аз уақыт бұрын жарияланған егемен кеңестік республикалар (РКФСР, Украин КСР-і, Белорусь КСР-і және Закавказье Социалистік Федеративтік Кеңестік Республикасы) кірді. 1925 жылы бұл шартқа Өзбек және Түркімен КСР-ілері, ал 1929 – жылы Тәжік КСР-і қосылды. Бұл федерация осы федерация құрамынан шығу құқығы бар мемлекеттердің ерікті одағы ретінде жарияланды. Ол, осылайша, ұлттардың өзін-өзі билеу құқығынан туындайтын ұлттық қағидатқа құрылған. Бірақ коммунистік партияның монополиялық билігі әу бастан, алдымен жасырын, одан соң ашық түрде мемлекеттік басқаруда біртұтас мемлекетке тән орталыққа бағынатын үрдісті нығайтты. Сондықтан өз алдына дербес әрі тең құқылы кеңестік республикалардың жарияланған одағы кеңестік республикалардың ұлттық айырмашылықтарын мойындамайтын өзіндік бет-бейнесі әрі құқығы жоқ бірлікке айналды. Формальды түрде федеративті деп саналатын мемлекет іс жүзінде біртұтас мемлекетке айналды.
Осындай модельмен Югославия Социалистік Федеративтік Республикасы (ЮСФР) мен Чехия-Словакия Социалистік Республикасы (ЧССР) құрылды. Олар да КСРО-ның кебін киді.
Оның үстіне бұл ұлттық факторға негізделген федерация дәл осы себептен оның ыдырауына сөзсіз алып келеді. Әлемде социалистік федерациялардың тағдырларын қайталамаған федерациялар да (Үндістан, Бельгия, Нигерия, Пәкістан) бар. Одақтың құлауы белгілі бір деңгейде төрешіл жүйенің алысты болжай білмейтін әрі тоқмейіл саясаты мен экономикасы тұралаған социалистік федерациялардың әкімшілік-командалық жүйесінің салдары еді. Ұлттық фактордың рөлін мүлдем терістеу мүмкін болмаса да. КСРО-да және басқа социалистік елдердегі бүлініп-қираған саяси және экономикалық дағдарыстар фонында «қалғып кеткен» ұлттық фактор федерацияның ыдырауында шешуші рөл атқарды. Бұған мынадай түсініктер беруге болатын сияқты.
Этностың дамуында мемлекеттің қайталанбас рөл атқаратыны тарихи заңды болып табылады. Ескі рулық қатынастарды ығыстырып шығару, экономикалық қатынастардағы алуан түрлі қайшылықтарды нормативтік тұрғыдан реттеу, әлеуметтік сала мен мәдениетті дамыту, елді сыртқы жаулардың қол сұғуынан қорғау қажеттілігі этностың дамуы үшін қолайлы жағдайлар туғызуды көздейтін мемлекетті құру проблемасын өзектендіреді. Сондықтан этнос толыққандылықтың тиісті деңгейінде өз мемлекетіне деген қажеттілікті сезінеді. Оған құрылтайшылық ете отырып, айналадағы әлемге өз мемлекетімен танылған мемлекет құраушы ұлтқа айналады. Адамзат тарихы өз тәуелсіз мемлекетін құру арқылы этностың өз биігіне ұмтылу фактілеріне толы. Бұл процесс, сірә, қалыптасқан этностардың басым көпшілігінің өмірінен көрініс табатын тарихи заңдылық болып табылады. Түрлі себептерге байланысты өздерінің байырғы аумақтарын жоғалтқан және түрлі елдер бойынша шашылған этностарға бұл қатысты емес. Ұлт-азаттық қозғалыстағы бастысы мемлекеттіліктің қайта өркендеуі немесе жаңа ұлттық мемлекеттің құрылуы туралы мәселе болып табылатыны кездейсоқтық емес.
Бұл заңдылық КСРО ыдырап, барлық одақтас республикалар өз тәуелсіз мемлекеттілігінің қайта құру жолына түскен кезде байқалды. Ол ұлттық-аумақтық қағидатқа негізделген федеративтік мемлекеттердің және құрамында автономиялық мемлекеттік құрылымдары бар біртұтас мемлекеттердің қазіргі жағдайларында байқалады. Испаниядағы Каталонияның, Грузиядағы Абхазияның, Қытайдағы Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданының және т.б. дербес мемлекет мәртебесін иелену әрекеті соның айғағы болып табылады. Мұның бәрі ұлттық қағидатқа негізделген федерацияның келешегі таяу арадағы келешекте барынша проблемалы болады деп болжауға негіз болады. Бірақ алыс болашақта экономикалық әлеуеті, саяси және гуманитарлық мәдениетінің деңгейі бойынша бірдей тең мемлекеттер одағына біріккен жағдайда мұндай федерация барынша өмір сүруге қабілетті болады.
Мемлекет – адамзаттың этностың нығаюы мен дамуына ықпал ететін ұлы жетістігі. Сонымен қатар, ол кейінгі қызметі барысында мемлекет деп аталатын «ұлттық пәтерлерге» орналастыру арқылы этностардың жақындасу мүмкіндігі жолындағы еңсеруі қиынға түсетін кедергіге айналады. Бір мемлекеттің екінші мемлекетке қырғи қабақтығы немесе ұлттық мүдделерді қорғау деген желеумен жүргізетін өктем саясаты этностарды бір-бірінен оқшаулайды. Осы арада, жалпығаламдық экономикалық және әлеуметтік-мәдени қатынастарға тартылған барлық этностар мен ұлттар жаһандану жағдайында интернационалдық байланыстарды ұлғайту қажеттілігінің алдында тұрғанда мемлекет жағымды да, сондай-ақ жағымсыз да рөл атқаруы мүмкін. Халықаралық ынтымақтастықты кеңейтумен қатар, мемлекет оны басқарушы элитаның пайдасына қарай сайланбалы ете алады. Мемлекеттің қай жолды таңдайтыны оның қоғамнан алшақтау мәселелерін шешу деңгейіне байланысты болады.
Осылайша, мемлекеттік билікті аумақтық тұрғыдан ұйымдастыру өзінің тарихи жолында этникалық және ұлттық даму мәселелерін шешумен байланысты қиын жолды жүріп өтеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   18




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет