Бақтияр біздің бабамыз. Оның төрт ұлы – Қотан, Қора, Болат, Алшын делінеді.
Қотан деген кісіден Үйсін екен. Міне үйсіндер - осы тұрпайылау атты кісінің үрім-бұтағы. Қотанның көп баласынан үш ұл -Үйсін, Байсын, Исін қалыпты.
Ол кезде атамыз Қаратауды қоныстанады екен де, жаз жайлауы кейде Талас Алатауындағы – Сусамыр, кейде Тұрпан асып Үйсін тауына көшеді екен. Ал Үйсіннің екі інісінің қонысы өзгермей, барлық уақытта Қаратау қойнауында Ұзынбұлақ деген жерде болады.
Үйсін деген кісі ел билеген, сол кезде бүкіл еліне хәкімдігін жүргізгендіктен, бар Ұлы жүз Үисін аталыпты. Әрине, оның ішінде Үйсіннің ұрпағы еместері де жетерлік болған. Сол кезде қалған мына бір ауыз өлең осыған куә:
Ұзынбұлақ, –Үйсін елі қонысы,
Малға майдан Қаратаудың сонысы,
Соны қуып бегі де бек болады,
Байтабасы балағында шорысы.
Үйсін өте көп жасап, хандық құрған кісі екен. Одан хандық құрыпты дегеннен басқа сөз қалмапты. Тек екі-үш жыл сайын Шымбас,Талас, Шуас, Лабас асып « ата-баба қонысын көремін» деп Тәңір, Ақпан тауларына келіп тұрыпты, одан мұзарт басып Арқас, Тұрпан асып, Ерен қабырғаның арғы бетіндегі Үйсін тауына барып, Семкерге барып қоныс теуіпті. Үйсіндер көшкенде Үш Алматы арқылы « Үйсін асқан»-Көкайрақпен де жүріпті.
Үйсіннің Бай, Нақ деген екі ұлының алғашқысы біздің атамыз болады. Бай әке тағына ие бола алмаған, әншейін шаруасын күйттеген дәулетті адам болыпты. Інісі де қойшылықпен күн өткізіпті.
Байдың екі ұлы Шора, Ырза қайта хәкімдікке көтеріліпті.
Шораныңұлы Алым, Қарнақ екеуі екі елді билепті. Жетісудың Лабас тауының Бұғамүйіз, Бесмойнақ жерінде Жаманты өзенінің боыйнда Алым қайтыс болыпты. Алым бұлағының аты осылай шыққан. Қазір ол жерлерді жайлап-жастап жататын Дулат, Шапырашты оны әлі де Алым ата бұлағы деседі. Мен осыдан он бес жыл бұрын, (1761ж*) 1139- жылқы жылы сол ыстық бұлаққа барғанмын.
Жаманты өзені - жаяу кісі өте алмайтын қатты ағысты өзен. Сол өзеннің арнасында, тау ішінде, өзен табанында екі бұлақ қатар сығысып, аяғы ағып өзенге қосылып жатыр. Екі бұлақтың арасы бір құлаштай ғана. Табиғатқа таңданбасқа болмайды, әлгі бұлақтың бірінің суы ыстық, тіпті шым-шым десемде болады, екіншісі тау суындай сұп-суық. Сол тұмалардың шығыс бетіндегі таудың бүйірін тесіп тағы бір қайнар шығып жатыр. Ғажап. Әлгі судың бір шелегін ішуге де болады.