Алымның екі ұлынан Есен, Жарбол деген балаларының біріншісі біздің атамыз.
Оның Асау, Берік деген ұлдары болған. Асау да ел билеп, көп елді, жерді өзіне бағындырған деседі.
Асаудың:
Жүз, Дүз, Еркіл, Көркіл, Терен балаларынан - біздің бабамыз Жүзден Дәу, Бас туыпты. Бабамыздың аты Дәу болмаса керек, ол ірілігіне батыр тұлғалылығына қарай аталған. Өз аты Азан болса керек. Бірақ оны олай ешкім атамаған. Жұртқа белгілі есімі Дәу.
Дәуден екі ұл Жантай, Елсау. Елсау хижра жыл санауынан тоғыз жүз жыл бұрын (278 жыл *) Шүлен деген жерде дүниеге келіпті. Ағайын ала болып, Дәуді өз туыстары Үйсін тұқымының бірі өлтіріпті. Әкесі өлген екі ұл ит көзі түтін танымас ғұмыр сүріп, қабырға ағайыны, әкесінің дүбірі болған Бөже деген кісі қолында тәрбие алған. Бұл жерде ел арасында не түрлі аңыздың бар екенін айту керек. Соның бірі Елсауды нән бөрі емізді деген әңгіме. Бұл әңгіме нақ осындай болмағанымен, осыған жуық растығы бар болса керек.
Жетім қалған екі бала үлкені Жантай жеті жасар екен де, Елсау кішісі бір жарым жаста болған. Бөже әкесін өлтірген өз туысқандарынан екі баланы жерден жерге, көрден көрге тығады. Елсіздегі тау бауырындағы өткен жылдан қалған бір мая шөпке тығады. Бөже тамақ әкеліп береді екен де, түнде ғана келіп, таң біліне кетіп қалады екен. Сөйтіп жүргенде, бір күні шөп астындағы жеті жасар Жантайдың қалғанын көреді. Жантай айтады: Елсауды қасқыр тістеп кетті. Сөйтсе, Дәудің екі баласын іздеген дұшпандар таудың қуыс-қуысын қоймай бәрін іздеп жүріп, құздағы бір апаннан барыстың екі аланын көріп, әлгіні Дәудің екі ұлын тауып алғандай қуанып, алып жөнеледі. Екі аланның иісін білген ит атаулы осы үйдің төңірегінен шықпай, әбден шуылдап, Дәуді өлтіруге қатысқан Көрки деген жасауылдың үйінің жанын шу-шырқан қылып тұрады. Оған бір- екі күн шыдаған Көрки үшінші күні ит шуынан құтылмақ болып, барыстың екі аланын алып далаға лақтырып тастайды. Екі аланды иттер сілкілеп, бірінен кейін бірі талап өлтіреді...
Аланның ізімен (исімен) іздеп келген таутан сол ауылды жағалап бірер күн жүреді...
Енді Бөже жанұшырып, жер-көкті қарап алас ұрады. Таудың үңгір апандарын қарап, ең болмаса баланың сүйегін тауып көмейін деп, қарамаған жері қалмайды. Сөйтіп жүрсе, бір үңгірден емшектері салпылдап бір таутанның шығып бара жатқанын көреді. Көреді де, таутанға қарай айғайлап тұра жүгіреді. Таутан адамнан қорықты ма, емшегін салпылдатып таз таудың тағы бір тауына өрмелей жөнелді. Бөже жасы келіп қалған адам барыс шыққан жерге таман зорға келсе, ыңырсыған дыбыс білінеді. Абайлай басып апанға келсе, кішкентай ұл басы жамбасына қайрылып , бүк түсіп ұйықтап жатыр. Ішін басып көрсе, қарны қабыспаған, тоқ. Таутан ұрлап алып емізгенін ол сонда барып біледі де, сол таутанға еміздіре берсем бе екен деп сәл даққа қалып тұрады да: қой, олсыз да бес күн емізді, енді Дәудің ұлын аң қылып жіберермін деп, алып қайтады.
Мен бұны өтірік дегім келмейді. Аланын алғызған таутанның Алатау өңірінде бала ұрлап әкетіп емізген кезі кейін де болған. Қазір де бар. «Алма апаннан аланды, таутан ұрлар балаңды» деген осы дағы.
Міне, сол барыс емізген бала Елсау ер жетіп, арғындар көмегімен еліне қайта ие болады. Арғын бауырлары арасында жүріп, соғыс өнеріне әбден жетіліп, одан өз елінен қашқан аталастарынан қол жиып, қайта өз елін, билікті қолына алады.
Бұл кездері ел іші ала болған соң, Бақтиярдың біраз баласы екі-үш ауылы Иран жеріне өтіп кетеді. Оған Ұлы жүздің бірсыпырасы еріді. Соларды қайтарып алу үшін, Елсау көп қолмен Сақтарға шабуыл жасайды.
Бірақ атамыздың жауынгерлері жеңіске жеткенімен, олардың бәрін қайтару жөнге келмейді. Осы дәуірде олар Бақтияр атпен тауарихқа мәлім. Қазіргі Иран жеріндегі Бақтияр атанатындардың бәрі- бұдан мың сегіз жүз жыл бұрын кеткен біздің аталастарымыз.
Бұл шақта бабаларымыз Іленің екі жағасын, Көктеңіздің батыс- шығысын, Лабастың (Алатаудың) бауырын алып жатады.
Еліміз қатты шарықтап өсіп, халқы да толып, жүз мың қол шығара алатын икемге келді. Елсауды ел ардақтап Күн би атандырған. Жалпы мен Үйсіндер немесе қазақтар пәлен жақтан түген жаққа көшіп барды дегенге көнгім келмейді. Өйткені осы шақта қытай, иран жазбаларынан сондайды кездестіремін. Үйсіндер де немесе жалпы біздің халқымыз қазақтар қазіргі мекеніне еш жақтан көшіп келген жоқ, олар атамзаманнан қазіргі (1776*) 1154 жылы қоныстанып жүрген жерінде болған. Әрине, бұрын жерінің бұдан әлдеқайда кең болғандығын, сонау Сібір жерінің, тіпті Еренқабырғаның арғы жағы-Тұрпан да қазақтың ат шаптырып, той қылып көкпар тартып жүрген жері еді. Аталарымыз қырылса да , жойқын төбе болса да, ол жерлерді ешкімге бермеген, япырмай, менің жерім тым далиып жатыр-ау, мынау артық демеген. Қайта соның бәрін қанымен, жанымен, қасық қаны қалғанша қорғаған. Біз сол ата мұрамыз үшін әлі де жан алып, жан беріп жатырмыз.
Елсау билік құрған кезде Үйсіндердің күшейуінен Қытай қатты іш жиып қалған. Оның миллионға тарта жұртынан екі жүз мыңдай сайлауыт шыққан. Қытай патшалығы нақ осы кезден біздің жерімізге көз алартуын көбейткен. Өйткені осыған дейін ұсақ- ұсақ мемлекет дәрежесіне көтеріле алмай келе жатқан елдерді көріп, ұзын арқан, кең тұсау салып қоямын, бұл елдер қашанда менің ашсам алақанымда, жұмсам жұмырығымда деп келген. Елімізді ішінен ірітуді ойлап, не түрлі айла-шарғымен бірімізді-бірімізге айдап салып отырған. Ұлы жүздің өзін бірнешеге бөліп, мыналар Үйсін, сендер Ұлы жүз болып, бөлініп оларға шабуыл жасауың керек деп, Ұлы жүздің өзін-өзіне айдап салу, Қаңлылардың Елсау елінен Ұлы жүз атымен бөлінуі, Бақтиярлардың Бақтияр атпен бөлінуі, Елсау елі кәдімгі Ұлы жүз еместей, Бақтияр Бақтияр еместей көрсетілуі сол шет жұрттардың ел арасына сына қағып, сабан арасына су жібергені болатын. Менің атам Матайдың айтуына қарағанда Қалмақ байқұстарды (байқұс деп аяғаныма ғапу өтінемін) бізге күні бүгінге дейін айдап салып келген де сол арқамыздағы көзі қысық, тісі қисық тісін жасырып, тілін көрсеткен, беті күліп, іші ұлып жатқан қытай хандарының ісі, пәлесі болатын. Матай атамның айтуына қарағанда, сол бір Елсау бабамыз ел билеп тұрғанда, бізге келген жансыздарда сан болмапты. Олар тіпті сауда-саттықпен, байбатшалықпен, көпес-көрімдікпен елді еркін аралап, ішіне бітінәлықпен пәлесін тоқып жүріпті. Олардың бар арманы енді қазақтарды терістіктегі қазақ бауырларына айдап салып, егер соларды шапса, қыз алысып, қыз берісер едік деген құдандалығын да білдіреді.
Елсау атамыз әйелін арғыннан алған. Біздің шешеміз Ұмай бәйбіше Арғын Аспар деген кісінің қызы екен. Оның үстіне қытай патшалығы да ол кісіге қыз берген. Бірақ би Қытайлардың күнбе - күнгі елшілігі – жаушылы- ғын өзінің Арғын ағайындарымен ғақылдасып, оларды үнемі хабардар етіп отырған.
Арғын қызы Ұмай-біздің шешеміз – он үш құрсақ көтеріпті. Жалпы Елсау атамыз бес әйелінен 23 бала көріп, соның оны тіреп тұра қалыпты.
23 баланың үлкені Нулы, одан кейінгі тоғызы Дулы, Ерте, Көк, Бер, Көнбіс, Шор, Қалыш, Дүр, Көлби - бәрі он ұл, атамыздың артында бір рулы ел қалыпты. Қалыш кейін хан болған.
Елсау бабамыздан кейін бізге қараған (яғни маған) жағында Майқыға дейін ел билеген, басшы болған бірнеше адам, көрнектісі Дулы болса керек.
Атамыз Нулы әкесі Елсаудың ұсынған көрші елдегі тағына отырудан өзі бас тартып, тете інісі Дулыны әкесіне балап таққа ұсыныпты. Сонда қалған сегізі атамыз Нулыға өкпелеп : «Басыңа келген бақты аяғыңмен тептің, өйтетінің бар, неге ортамызға салмайсың»,-деп, әрқайсысы артына ерген біраз елді бірге көшіріп, Алатауды сағалап кетіпті. Ол шақта бидің ордасы Барсығанның шығыс жағында екен. Жазда ылғи көл жағасын жайлайды екен, одан қоныс ескірсе, соны керек болса, Көбін асып, Үйсін асқан- Көкайрақ арқылы Үш Алматыға келеді деседі.
Таққа отырған інісі Дулы да ағасына лайықты сый көрсетіп, таққа отырып Үйсінді биледім демей, қызметін таңертең оразасын ашпай тұрып, ағасына амандасудан бастайды екен, кешке жатарында ағасымен қоштаспай ұйқтамайды екен. Сондықтан жеңгелері «Есен бек» атандырыпты. Жужаңдарға қарсы Үрбі одағын құрған Тауарихқа мәлім Естем қаған (Күлтегін жырындағы) да осы Дулының тұқымынан болатын. Оның ордасы үнемі Барсығанның шығыс жағында Құяста болған. Ол - жарты ғасыр қазақ даласын кезіп, жерін жаудан тазартқан адам. Бұл тауарихты Махмут атам жазғандықтан, мен ондай жерге бара алмадым. Атамыз Нулы мен бірге туған Дулы ұрпағы кейін Бәйдібек немересі Дулаттың тұқымымен араласып кетті де, бәрі Дулат болды. Моғол жерін билеген Дулаттар сол арғы Дулы тұқымынан келеді. Моғол деген атау да Абыл ұрпағына берілген есім. Ал Мұхамед Хайдар, яки тауарихшы Дулати ол соңғы Дулат ұрпағынан.
Нулы атамыз әкесі Елсаудан бұрын жастай жиырма екі жасында кетіпті. Сол жасында артында төрт ұлы -Абыл, Албан, Азық, Санжар (Жоңша нар) қалыпты. Жиырма екі жасында дүниеден жас кеткен, өзі ғақылды, патшалық таққа қызықпаған, орнын інісіне силаған Нулыны қатты ардақтап Үш-Қарашқа қойыпты. Осыдан кейінақ Елсаудың да денсаулығы болмапты.
Елсау жепіс төртке келгенде, Қытай ханы Жетісуға жіберген елшісінен мол мағлұмат тыңдап, Үйсінді алу үшін оларға қыз алысып, қыз берісіп, солар арқылы билеу керек деп қорытынды жасаған. Сөйтіп Қытай патшасы Ұранфай ырғап-жырғап бір қызы Шәйжанды біздің атамызға ұзатыпты. Сексенге тақаған, өзінің де бес әйелі бар шал оны алмай, Шәйжанды немересі Санжарға қосыпты. Үйсін ханының нақсүйері боламын, оң тізесін басамын деп, ханша болуға алдарқанып келген шешеміз енді жай ел билеуші көп қазақтың бірінің әйелі болғанына ыза болып, ақыры бес-ақ жыл тұрып қайтыс болыпты.
Елсау би дүние салып, осыдан 1980 жыл бұрын қайтқан соң, оның көзінің тірісінде –ақ таққа отырған Санжар - Жөңша нар қытай қыздарына құмарлау болып, бірнеше әйелді қытайдан алған. Ақыры қытайлар дегеніне жеткен. Қытай әйелдері қазақтың осы күшті мемлекетін ыдырауына себеп болған. Өйткені қазақ әйелден туған балалар билікке қолы жетпесе де, олармен алагөз болып, ақыры елдің күші қашқан. Қытайға керегі осы, енді бұл ел өзіміздікі деп есептеген.
Төртеудің үшеуі Абылдан – Абыл елі, Албан билеген уәлайаттан Албан елі, Азық билеген елден Азық елі пайда болған. Осы үлкен елдің бәрінің басын Санжар қосқан. Бірақ нақ пәле осыдан болған. Оның үстіне осының алдындағы Нулының өзіне тете інісі Дулы да, оның балалары да Санжардың , Қытай әйелдерінің істеген, іннің түбіне қарап жатқан қылығына келісе алмаған. Ел төрт-беске бөлінген.
Елсаудан кейінгі аталарымыз аталы – балалы Нулы, Абыл,
Достарыңызбен бөлісу: |