«Ертегі еліндегі қуыршақтар»
Мақсаты: қатысушының көңіл-күйін көтеру, психикалық денсаулықты жақсарту, бала бойындағы кездесетін ішкі уайымды қуыршақ ойындары арқылы сыртқа шығару, тұлғаның шығармашылығын дамыту, әлеуметтік ортаға бейімділігін арттыру, ішкі эмоциясын еркін ашуға көмек беру.
Көрнекіліктер: Саусаққа киюге әзірленген ертегі кейіпкерлері үлгісінде жасалған қуыршақтар, көңілді әуендер.
Өткізілууақыты: 45 сағат.
Ұйымдастыу кезеңі: қатысушылар ертегі кейіпкерлерін таңдайды. Таңдаған кейіпкерлері бойынша ойнайды.
«Шалқан» ертегісі
Баяғы бір заманда шал мен кемпір болыпты. Олардың бақшасы бар екен.
Бірде шал шалқан отырғызады. Шалқан үп-үлкен боп өседі. Бір күні шал шалқанды жерден суырып алмақшы болады. Олай тартқылайды, бұлай тартқылайды, тартып шығара алмайды. (Саусақтағы куыршақтарды кейіпкер іс-әрекетіне қарай қимылдатады)
Атай әжейді шақырады.
Атай: Әжесі, әжесі, көмектесіп жібер.
Олай тартқылайды, бұлай тартқылайды, тартып шығара алмайды. (Саусақтағы куыршақтарды кейіпкер іс-әрекетіне қарай қимылдатады)
Әжей немересін шақырады.
Әжей: Қызым, қызым көмектесіп жібер.
Олай тартқылайды, бұлай тартқылайды, тартып шығара алмайды. /Немересі күшігін шақырады. (Саусақтағы куыршақтарды кейіпкер іс-әрекетіне қарай қимылдатады)
Немересі: Күшігім, күшігім көмектесіп жібер.
Күшік мысықты шақырады.
Күшік: Мысық, мысық көмектесіп жібер.
Мысық тышқанды шақырады.
Мысық: Тышқан, тышқан көмектесіп жібер.
Олай тартқылайды, былай тартқылайды, шалқанды шығарып алады. (Саусақтағы куыршақтарды кейіпкер іс-әрекетіне қарай қимылдатады).
«Бауырсақ» ертегісі
Ертеде бір Шал мен Кемпір болыпты. Кемпір бір күні қаймаққа нан илеп, оны майға қуырып бауырсақ пісіріпті. Оны терезенің алдына суытып қойыпты.
Бауырсақ суып тұрып тұрып, бір кезде домалай жөнеледі. Домалап келіп терезе алдындағы орындыққа, орындықтан еденге, еденнен дәлізге, дәлізден аулаға, ауладан сыртқа, одан әрі, одан әрі домалай береді, домалай береді.
Бір кезде оған Қоян жолығып:
– Бауырсақ, Бауырсақ! Мен сені жеймін! – дейді.
- Қоян, сен мені жеме. Мен саған өлең айтып беремін: «Менің атым Бауырсақ, Бауырсақ! Қаймаққа иленгем, майға пісірілгем, терезеде суығам. Ұстатпай кеттім Атама, ұстатпай кеттім Әжеме. Ұстатпаймын Қоян саған да!».
Содан Бауырсақ қара жолмен домалап кете барады. Оған Қасқыр кездесіп, оның да жегісі келеді.
Бауырсақ өзінің әнін Қасқырға айтып беріп, одан әрі домалай береді.
Бір кезде Аю жолығады:
- Бауырсақ, Бауырсақ! Мен сені жеймін! – дейді ол.
- Сендей майтабанға мені жеу қайда? Ұстатпай кеттім Атама, ұстатпай кеттім Әжеме, Қоян менен Қасқырға ұстатпағам ендеше.
- Ал сендейге ұстатпаймын мүлде де!
Сөйтіп домалай жөнеледі. Аю тек көзімен шығарып салады.
Бауырсақ домалағаннан домалап келе жатса оған Түлкі жолығады:
- Бауырсақ, Бауырсақ, қайдан домалап барасың? - дейді ол.
- Жолмен домалап барамын.
- Бауырсақ, Бауырсақ, маған өлең айтып берші!. . .
- Содан Бауырсақ: «Менің атым Бауырсақ, Бауырсақ! Қаймаққа иленгем, майға пісірілгем, терезеде суығам. Ұстатпай кеттім Атама, ұстатпай кеттім Әжеме. Ұстатпай кеттім Қоян менен Қасқырға. Ұстатпай кеттім Аюға, ұстатпаймын саған мүлде де!» деп өлеңін айтып береді.
Түлкі оған:
- Әнің өте жақсы екен. Бірақ жөнді ести алмай тұрғаным. Бауырсақ, сен менің тұмсығыма шық та, әніңді тағы бір рет қаттырақ айтшы, - дейді.
Бауырсақ Түлкінің тұмсығына домалап шығып алып бар даусымен әнін айтады. Сол кезде Түлкі ұстап алады.
- Түлкі, сен мені жеп қайтесің! – дейді Бауырсақ. Жүр одан да біздікіне, Атам мен Әжеме барайық. Олар сені тойғызады.
Түлкі келіседі. Жолшыбай өздерімен бірге Қоян, Қасқыр мен Аюды ертіп алады. Олар келсе Әжесі көп қаусырма пісіріп қойыпты. Қоянға орамжапырақ салған, Қасқыр мен Түлкіге ет салған, Аюға таңқурай салған қаусырма тиеді. Ал Бауырсақ терезенің алдында өзінің әнін айтып отырады.
Жоғарыда аталған жұмыстарды орындату кезіңде ертегілерді пайдалана отырып, өмірге деген үмітін қалыптастыру, денсаулығын нығайту. Бала бойындағы мейірімділікті молайту. Үлкендер мен кішілер арасындағы сыйластықты, бауырмалдық пен қайырымдылықты дәріптеу.
Достарыңызбен бөлісу: |