Ми арқылы қан өтуінің азаюы:
√ жүйелік артериалық қысымның төмендеуінен;
√ орталық веналық қысымның көтерілуінен;
√ Ми артерияларының атеросклерозы, тромбозы немесе ангио-спазмы кездерінде байқалатын Ми тамырларының кедергілік қасиетінің артуынан;
√ субарахноидтық қан құйылу нәтижесінде Ми тамырларының қысылып қалуынан;
√ тамыр ішінде қан жасушаларының (эритроциттердің, тром-боциттердің) агрегациясынан – байқалады.
Артериалық гипотензия мен веналық қысымның көтерілуінен артериалық және веналық қан қысымдарының арақатынасы қысқарады. Содан Ми тамырлары арқылы қанның өтуі баяулайды. Бұндай жағдайға әкелетін себепкер ықпалдардың ішінде артериалық гипотензия бірінші орында тұрады.
Артериалық гипотензия тұтас Мида қанайналымды азайтып қана қоймай, оның аралас қанмен қамтамасыз етілетін аумағында қан ағымын ең үлкен деңгейде кемітеді. Өйткені бұл аумақта тамыр ішінде қан қысымы қаттырақ төмендейді. Мидың жекелеген артериясы тарылғанда немесе бітелгенде қан ағымының айқын бұзылыстары негізінен сол артерияның қанмен қамтамасыз ететін орталығында байқалады. Бірақ бұл кезде Ми тамырларында пайда болатын салдарлық өзгерістер қанайналым бұзылыс-тарына үлкен үлес қосады. Мәселен, ишемия кезінде Ми артериясының тамыр кеңітетін ықпалдарға, әдеттен тыс жиырылып жауап қайтаруы, ишемиядан кейін Ми тінінде қан ағымының қалпына келмеуі немесе қан құйылған аумақта артериялардың жиырылуы қан ағымы бұзылыстарын үдетеді.
Мида веналық қысым көтерілуі онда қан ағымының азаю қарқынына аз мөлшерде ықпал етеді. Егер ол, жүйелік веналық гипертензиямен қатар, бассүйек ішінен веналық қанның ағып шығуы қиындауына әкелетін жергілікті себепкер ықпалдармен (тромбозбен немесе өспе өсуімен) қабаттасса, онда өз бетінше Ми қанайналымын бұзады. Бұл кезде Мида веналық гиперемия дамуынан қан іркілуі бассүйек ішінде қысымды көтереді, қанның сұйық бөлігі тамыр сыртына шығып Миды ісіндіреді.
Мида қан ағымының дерттік түрде күшеюі жүйелік артериалық қысым көтерілуінен және Ми артерияларының біріншілік кеңейіп кетуінен байқалуы мүмкін. Соңғы жағдайда қан ағымының күшеюі сол кеңіген Ми артериясының аумағында ғана болады. Мида қан ағу қарқыны дерттік күшейгенде тамыр ішінде қысым көтерілуіне әкеледі. Бұл кезде артерияның қабырғасы өзгерістерге (атеросклероз, аневризма) ұшыраған болса, онда артериалық қысымның күрт көтерілуі Миға қан құйылуына әкелуі мүмкін. Ми қанайналымының дерттік күшеюі артерияның жиырылуымен қабаттасады. Бұндай жағдай жүйелік артериалық қысымның күрт көтерілуінде қатты байқалады. Егер бұл кезде артерия қабырғасының тегіс салалы ет талшықтарында жиырылу үрдісі күшейіп, босаңсуы әлсіреген болса, онда жүйелік артериалық қысым көтерілуіне жауап ретінде қатты ангиоспазм дамиды. Бұндай құбылыс жүйелік артериалық қысымның қысқа мерзімде көтерілгенінде айқын көрінеді. Гемато-энцефалиялық тосқауылдың бұзылыстарында, Ми ісінуіне бейімділік болғанда Ми қылтамырларында қысымның көтерілуі қанның сұйық бөлігінің тамыр сыртына сүзілуін ұлғайтады, Ми тіні ісінеді. Мида қан ағу қарқынының күшеюімен қосымша ықпалдардың (бас жарақаты, ауыр гипоксия) әсері қабаттасқанда Ми ісіну қауіпі артып кетеді.
Қан тамырларының бұзылыстары бітеліп қалуымен, саңылауы тарылуымен, иіліп қалуымен және тамырдың аневризмасымен т.с.с. көрінеді.
Жүйке жүйесінің қан тамырлық бүліністерінде келесі жүйкелік әйгіленімдер байқалады:
● қимылдық бұзылыстар (салдану, шаласалдану, пирамида сыртылық бұзылыстар, қимылдың үйлеспеуі, еріксіз қимылдар);
● сезімталдықтың бұзылыстары (сезімталдықтың азаюы, кейде ауырусыну);
● жоғары қыртыстық қызметтердің бұзылыстары (сөйлей алмау-афазия, жаза алмау-аграфия, оқи алмау-алексия);
● қояншық ауруының (тұтасқан немесе ошақты) ұстамалары;
● парасаттың, жадының өзгерістері;
● психиканың ауытқулары.
Ми қанайналымы бұзылыстарының түрлері
Ми қанайналымының бұзылыстары жіті және сүлде түрлерде кездеседі. Оның жіті бұзылыстары науқаста бұрыннан бар тамыр ауруларының (атеросклероз, артериалық гипертензия, құздама және т.б.) көріністерімен қабаттасатын жүйке жүйесі өзгерістерінің әйгіленімдерімен байқалады. Дерт әдетте күтпеген жерден аяқ астынан басталады және тұтас Мидың және оның белгілі бөлігінің ауқымды өзгерістерімен сипатталады. Жіті түрі Ми қанайналымының өткінші бұзылыстарымен және инсульт дамуымен көрінеді.
Достарыңызбен бөлісу: |