4.3. Жүйке талшықтарымен қозуды өткізу заңдары.
Қозғыштық және өткізгіштік - жүйке талшықтарының негізгі қасиеттері
болып есептеледі. Сондықтан жүйке талшықтары қозуды жүйке жүйесі мен
атқарушы мүшелерге қарай өткізеді де, олардың қызметтерін белсенді
жағдайға келтіреді. Осы жүйке талшықтарының қозуды өткізу қасиеттерін
зерттеу нәтижесінде бірнеше заңдылықтар анықталған.
Жүйке
талшығының анатомиялық–физиологиялық тұтастығы
заңы. Жүйке талшығымен серпіндерді өткізу мүмкіндігі тек оның
анатомиялық тұтастығы бұзылмағанда іске асады, өйткені жүйке талшығы
нейрон денесімен байланыста болғанда ғана өмір сүре алады. Талшық
мембранасының кесілуі немесе кез келген жарақаты оның өткізгіштігін
бұзады. Сонымен қатар талшықтардың физиологиялық қасиеттері
бұзылғанда оның өткізгіштігі де зардап шегеді. Мысалы, жүйке талшықтары
қысылғанда, созылғанда, аса жоғары (немесе төмен) температуралық
әсерлерге түскенде немесе новокаин және басқада заттармен (хлороформ,
эфир т.б.) блокада жасағанда, мембранасының өткізгіштігі жартылай, кейде
толық бөгеледі. Мұндай әсерлер (немесе заттар) жүйке құрылымын
бұзбайды, тек оның өткізгіштігі, заттың әсері тоқтағанша бұзылады да, одан
кейін қайтып бұрынғы қалпына келеді. Жүйкелердің бұл қасиет ерекшелігі
клникалық жағдайда көп қолданылады ( новокаиндық бөгеу).
Қозуды екі жақты өткізу заңы. Атқаратын қызметі түріне қарамастан, кез
келген жүйке талшығы (сезгіш, қозғалтқыш) тітіркендіргішпен әсер еткен
жерінен пайда болған қозуды екі жаққа (орталыққа, шетке) қарай өткізеді.
Бұл заңдылық тәжірибеде талшықтың екі ұшынан ӘП тіркеу әдісімен
дәлелденген. Бірақ тұтас организмде (химиялық түйіспелерде қозу бір
бағытта өтуіне байланысты) қозу тек бір бағытта өткізіледі: афференттік
талшықпен – шеттен орталыққа, эфференттік талшықпен – орталықтан шетке
қарай.
Достарыңызбен бөлісу: |