Монография түркістан, 2010 жыл Пікір жазғандар: Ә. Жолдасбеков- педагогика ғылымдарының докторы,профессор


БІРТҰТАС ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҮДЕРІСТЕГІ ТҰЛҒАЛЫҚ ТӘРБИЕ



бет7/17
Дата23.02.2016
өлшемі1.72 Mb.
#8369
түріМонография
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   17

6. БІРТҰТАС ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҮДЕРІСТЕГІ ТҰЛҒАЛЫҚ ТӘРБИЕ
6.1. Тәрбиелік үдеріс мәні мен ерекшелігі
Педагогикалық үдерістің аса маңызды элементтерінің бірі тұлғалық тәрбие ісі. Тәрбиенің жалпы әлеуметтік қызметі - өткен әулеттер тәжірибесін, білімін, ептіліктері мен дағдыларын, әрекет-қылық үлгілерін, т.с.с. өскелең ұрпаққа меңгерту. Ал әрқилы қауымдастықтағы тәрбиенің нақты қызметі қоғам өмірінің шарттарына, қоғамдық қатынастар сипатына, мәдениетіне, құндылықтылық бағыт-бағдарына орай тарих желісінде өзгеріске түсіп, нақтыланып барады.

Тәрбие тек тұлға қалыптасуына көмекші істермен шектелместен, адам даралығын дамыту шарттарын да түзеді. Адам тәрбиесіндегі басты міндеттердің бірі- оның өз басының әлеуметтік даму шарттарын айқындап алуы. Бұл екі жағдайдың іске асуына тәуелді. Олардың біріншісі- жеткіншектерді нақты әлеуметтік қатынастарға араластыру, яғни тәрбиеленушілер бойында обьектив және субьектив бірліктерден құралатын іс-әрекетке деген тұлғалық сезім, қалыптар пайда ету. Объектив бірлік - бұл тұлғаның өз қызмет-әрекеті, ал субъектив бірлік - тұлғаның сол әрекетке болған қатынас күйі. Екінші шарт - әлеуметтік әрекеттестікке келу үдерісіндегі балалардың өз мүмкіндіктерін іске асыра білуі. Бұл шарттың орындалуынан бала өзінің тұлғалық дамуына қажет іс-әрекеттің мақсаты мен маңызын байқап, өз “менін” танып, өзі араласқан іс-әрекеттің жақын да алыс міндеттерін дәл әрі айқын сезінуге мүмкіндік алады. Осыдан бала қоршаған болмыс, нақты адамдар ортасында өзінің кім екенін толықтай аңдап, олармен қалай қатынас жасау қажеттігін түсінетін болады.



Тәрбие - бұл белгілі педагогикалық мұраттарға сай арнайы ұйымдастырылған ықпалдар көмегімен тұлға қалыптасуынаа бағытталған мақсат бағдарлы үдеріс.

Педагогикалық үдерістің негізгі элементі болған тәрбие өз ішіне төрт мәнді белгіні қамтиды:

- ықпалдардың мақсат бағдарлылығы;

- сол ықпалдардың үлгі, өнеге, әлеуметтік-мәдени бағдар, мұраттарға сай бағдарлануы, сондай-ақ тәрбие үдерісінің адамзат дамуының тарих барысындағы жетістіктеріне сай келетін құндылықтарына орай жүргізілуі;

- ұйымдастырылатын тәрбие ықпалдары мен әсерлерінің белгілі жүйеде болуы мен және орындалуы;

- адамның әлеуметтік тәжірибені меңгеріп, тұлғалықты және даралықты дамуға түсуі.

Тұлға қалыптасуына бағытталған тәрбиелік үдеріс өзінің негізгі ерекшеліктеріне, арнайы сапалық танымал көріністеріне ие.

Бұл тұрғыдан ең алдымен ескерілетін жәйт-тәрбие үдерісінің көп жағдаяттылығы. Тәрбие тек мектепте емес, ол отбасыда, мектептен тыс мекемелерде іске асып барады. Педагогтардың тәрбиелік ықпалы көптеген сан қилы ұжымдардың іс-әрекетімен толығып барады. Тәрбие үдерісінің көп жағдаяттылығы, тәрбиелік ықпалдар кеңдігі тұлға қалыптасуында көптүрлі мүмкіндіктерді пайдалануға жол ашады. Сонымен бірге, бұл жағдайлар себебінен тәрбие үдерісі қиыншылыққа да кезігеді. Саналуан ықпалдарға түскен тәрбиеленушілер ұнамды тәжірибелік қор жинақтаумен бірге теріс өнегеге де тап болуы мүмкін.

Тәрбие үдерісінің екінші ерекшелілігі оның ұзақ мерзімділігі. Осыдан тәрбие мектепке дейінгі жас шақтарында басталып, мектептен соң да жалғасын табады. Гельвеций пікірінше, адамның барша өмірі тұтастай ұзақты бір тәрбиелік желі. Адам есейген шағында да тәрбиеленеді не қайта тәрбиеге түседі. Ол өзінің еңбек, моральдық тәжірибесін топтап, жетілдіруде, өз білімін кеңейту мен тереңдетуде, эстетикалық құндылықтар меңгеруде ешбір үзіліс не тыным таппайды. Әлбетте, мектептік жылдар тұлғанын жедел дамып, мінезі мен әрекет-қылықтық қалыптасуының басты себебшісі.

Тәрбие үдерісінің ұзақ мерзімділігінің айғағы оның нәтижелерінің бір сәтте көрінбеуі. Шәкірт арифметика ережелерін, тарихи деректері мен оқиғаларды қысқа уақытта игеріп алуы мүмкін, ал демнің арасында оны ұжымшыл, жақсы серік, адал да кішіпейіл адам етіп қалыптастыру мүмкін емес. Бұл үшін едәуір уақыт қажет болады. Қай жағдайда да тәрбиелеу мен қайта тәрбиелеуде жедел әрі үлкен табысқа жетуді мақсат ету орынсыз.

Тәрбие үдерісінің үшінші ерекшелігі оның сатылық сипатында, бұл сатылық бірнеше кезеңдерден тұрады:

1-саты: балалар отбасы мен мектепте тәртіп, әрекет-қылықтың алғашқы ережелерін игереді;

2-саты: әрекет-қылық туралы алғашқы ұғымдар негізінде шәкірттер әдептілік түсінігі мен қоғамда қабылданған тәртіп ережелерін меңгереді;

3-саты: наным-сенімдер қалыптасады, мінез-құлық дағдылары тұрақталады, сезімдері кеңейіп, бой түзейді. Бұл сатыда балалар қандайда іс-әрекеттің себеп-салдарлылығын белгілі идеялық, адамгершілік принциптері негізінде түсіне бастайды.

Аталған сатылардың бәріде өзара тығыз байланысқан, өз алдына айқара шектелмеген.

Тәрбие үдерісінің келесі, төртінші ерекшелігі- тәрбие жұмыстары мазмұнындағы шоғырлылық. Бұның мәні - тәрбие барысында тұлғаның қандай да бір сапасына бірнеше рет қайталай назар салуға тура келеді. Бірақ бұл қарадүрсін қайталау емес, бала жасының ерекшелігі мен тәрбиелік деңгейіне сәйкес кеңейтіліп, тереңдей түскен қайталаулар. Адам қасиет-сапалары кезегімен емес, бәрі бірдей өзара байланыста қалыптасады. Қайсы бір тұлғалық қасиетті тәрбиелей отырып, педагог тәрбиеленушінің басқа сапаларының дамуына ықпал жасайды.

Тәрбиенің бесінші ерекше белгісі - оның екі тараптылығы мен белсенді үдерісті болуында. Тәрбиеленуші тек нысан (объект) ғана емес, ол тәрбие субъекті де. Осыдан педагогтың тәрбиеленушілерге тұрақты өзіндік талдау, өзіндік бағалау, өзіндік тәрбие қажеттілігін белгілеу міндетін үйрету маңызды роль атқарады. Шәкірттерді үздіксіз өзіндік күш салуға талпындырып, олардың жан белсенділігін оятып, барынша дербес іс-әрекетке ұмтылысын дамыту қажет. Егер педагог өзінің тәрбиелеп отырған шәкіртінің орнына өзін қоя біліп, мәселеге оның көзімен назар салса, бұл мәселенің шешілуі қиын болмайды.

Тәрбиенің алтыншы ерекшелігі- бұл үдеріс нәтижесінің сырттай көзбен онша елене бермеуінде. Тәрбиеші жұмысын тексеру және бағалау аса қиыншылықты іс. Ол әрқандай ұнамды сипаты қашықтаған, уақыт озған сайын көрінгіш келеді. Осыдан педагог өзінің тынымсыз әрекетінің жемісін тез арада көре алмайтынына, осы жолда басқалардың айыбымен тіпті сынға ұшырайтынына да дайын болғаны жөн. Сондықтан педагог өз шәкірттеріне үлгі-өнеге көрсету үшін ғана емес, талай рет болып қалар өзіне деген әділетсіздіктер жағдайында байсалдылық пен ұстамдылықты болу үшін өте кішіпейіл адам болғаны абзал.

Тәрбие үдерісінің ақырғы жетінші ерекшелігі - оның болашаққа бағытталған іс-әрекетте болуында. Әр педагог өз тәрбиеленушілерінің өмірге алдағы өзгеріске түсетін, басқаша қоғамдық қатынастар жағдайында араласатынын ұмытпағаны қажет. Сондықтан тәрбие жұмыстарының барысында бүгінгі күн талаптарын ғана ескеріп қоймастан, техникалық ілгерілеу мен қоғамдық дамудың болашағына мән бергені жөн. Болжастыруда көрегендік танытып, бүгінгі тіршілік астарында болашақ мәселелерін байқай біліп, және олардың болашақ адамдарына қоятын талаптарын күні ілгері сезу және оған балаларды үйрету - ұлағатты педагогқа қажетті және бір ұтымды сала.
6.2. Тәрбие - біртұтас үдеріс
Егер тәрбие біртұтас үдеріс күйінде ұйымдастырылса ғана, оның барша мүмкіндіктері толығымен ашылады.

Тәрбие үдерісінің біртұтастық мәні - оның барша бөліктері мен қызметтерінің жалпы “мақсатқа” бағытталуында, адамның тұтастай қалыптасуына ықпал жасап, оның әлеуметтік даралығы мен әлеуметтік тұлға сапаларын дамытуға арналуында. Тәрбиелік істерді ұйымдастырудағы біртұтастық бағыт- әр педагог іс-әрекетінің жалпы “мақсатқа” сәйкестігі - “тәрбие” мен «өзіндік тәрбиенің», тәлім мен өзіндік тәлімденудің бірлігі; - «педагогикалық жүйелер арасындағы байланыстарды, яғни ақпарат алмасу байланысын, ұйымдасу - іс-әрекеттер (бірлікті іс-әрекет әдістерін) байланысын, басқару мен өзіндік басқарым байланысын қалыпқа келтіру. Осы тұрғыдан тәрбиелік үдерісті педагог пен шәкірт әрекеттері іске асыуы тиіс жүйе құрастырушы жағдаят және мақсаты тәрбиеленуші тұлғасын дамыту болған біртұтас қозғалысты жүйе ретінде қарастыруға болады. Тәрбиелік үдеріс тәлім мекемесіндегі педагогикалық қызметтің ажыралмас өзегі. Сонымен бірге бұл үдеріс оқу-үйретім, тәрбие мекемесінің ұйымдастыру аймағымен шектелмей, әлеуметтік ортадан болатын барша ықпалдарды да ескерумен атқарылады.



Тәрбие үдерісінің қозғаушы күші - бұл тәрбиеленушіге бағытталған әрқилы да әртарапты әсерлер мен оның біртұтас тұлғасының қалыптасуына бағытталған ниеттері арасындағы қайшылықтар тоғысында туындайды. Егер педагог тарапынан қойылған тәрбие мақсаттары шәкірттің даму мүмкіндіктерінің жақын аймағынан болып, әрі олардың маңыздылығы оның бағамына сәйкес келсе, қандай да қарама-қарсылық ықпалды қозғаушы күшке айналады. Керісінше де, мұндай қайшылықтар, егер бала қоршаған әлеуметтік ортадан, әсіресе, өз педагогы тарапынан болатын оң ықпалдарды ажыратып, оларды қабылдауға дайын болмаса, жүйенің тиімді дамуына себін тигізе алмайды. Тәрбиелеу нәтижесінде әр шәкірттің тәрбиелік деңгейі қаншалықты өзгеріске түссе, тәрбиелік үдеріс қатынасшылары арасындағы қарым-қатынас сипаты да соншалықты өзгерісте болуы күтіледі. Бұл тұрғыдан, “тәрбие үдерісі” және “тәрбие жүйесі” түсініктерінің арасындағы өзара байланыстықты қарастырған жөн. Әлбетте, бұл екі құбылыс арасындағы байланыс табиғи құбылыс. Бір тараптан – тәлім-тәрбие мекемесінде педагогикалық мақсаттарды белгілеу үдерісінде тәрбиелік жүйе жасалады әрі ол дамиды, ал екінші тараптан - бұл жүйе тәрбиелік міндеттердің табысты шешілуінде басты себепке айналады. Егер тәрбие үдерісін жүйелілік тұрғысынан қарастыратын болсақ, онда “тәрбие жүйесінің дамуы” мен “тәрбие үдерісі” өзара сәйкестікте екенін байқаймыз.

Біртұтас педагогикалық үдеріс есептелетін тәрбие жұмыстары педагог пен тәрбиеленушілер арасындағы әрекеттестік байланыстарға негізделеді. Жетекшілік бұл үдерісте педагогтар есесіне тиеді. Бұлай болса, педагог тәрбие үдерісінің субъекті де, ал тәрбиеленуші – оның объекті.

Педагогтар субъект ретінде тәрбие жұмыстарының орындалып, шешілуіне мақсатты бағытталған кәсіби іс-әрекет – қызметті атқарады. Бұл іс-әрекет балаға ғана бағытталған мақсатты ықпалмен шектелмейді, ол баланы қоршаған әрқилы орта ерекшеліктерін ескеруді және сол ортаға белсенді ықпал жасауды көздейді. Осыдан, өз кәсіби қызметтерін атқару барысындағы педагогтың шәкіртіне жасаған әрекет ықпалына негізделген педагогикалық іс-әрекет тәрбиелік жұмыс деп аталады. Тәрбие жұмысы өз ішіне тәрбиеленуші тұлғасын тиімді дамытуды, белгіленген міндеттерге сай тәрбие формалары мен әдістерін және үдерістің өзін іске асыруды қамтамасыз етуші ұйымдастыру және педагогикалық міндеттерді қамтиды. Бұл жұмыс педагогтар мен жасөспірімдердің бірлікті іс-әрекетін көзде ұстап, балаға күшті ықпал-әсерлер тигізуші әлеуметтік мәселелер қатынастарын реттеп барады.

Тәрбие жұмысы үш топ қызметтің іске асуына байланысты жүргізіледі:

- педагогтың шәкіртке тікелей ықпал жасауы: бала дамуының ерекшеліктерін, қоршаған ортасы мен қызығуларын зерттеу; тәрбиелік ықпалдарды бағдарластыру; баламен жеке-дара жұмыс алып барудың әдістері мен формалары кешенін іске асыру; тәрбиелік ықпал тиімділігін талдау;

- тәрбиелеуші орта түзу: ұжымды ынтымақтастыру; жайма-шуақ көңіл жағдайын қалыптастыру; тәрбиеленушіні әртүрлі әлеуметтік қызметтерге тарту; балалардың өзіндік басқарым тетіктерін дамыту;

- әлеуметтік қатынастар субъекттерінің балаға тигізетін әсер-ықпалдарын реттеп бару: отбасыға әлеуметтік жәрдем; педагогикалық ұжыммен әрекеттестікке келу; бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалын реттеп бару; әлеуметтік келеңсіз ықпалдарын оқшаулау; басқа да тәлім,тәрбиелеу мекемелерімен байланыстар түзу. Тәрбие жұмысындағы педагогтың басты қызметі – ұйымдастырушылық, яғни мақсат белгілеу, жоспарлау, үйлестіру, тиімділікті талдау, т.с.с.

Тәрбие үдерісінде педагогтың маңызды орын иелейтінін атаумен бірге бүгінгі педагогика адам тәрбиесінің нәтижесі мен сол адамның белсенділігінің арқасында ғана болатынын баса уағыздайды. Тәрбие үдерісінде үлкен назар аударатын мәселе - тұлғаның сырттай ықпалдарды өңдеуге салып, одан өзіне қажеттісін іріктеп, меншіктей білуі. Сырттай ықпалдар адамға өздерінің сипатымен маңызды емес: олар қаншалықты шәкірт даралығына сай келеді, оларға деген баланың қатынас қозғалысы қандай, бала іс-әрекеті мен қылығында олар қай дәрежеде іске асуы мүмкін?-дегендей сұрақтар кезкелген адам дүниесінде шешімін тауып отырса, сырттай ықпал қабылданады. Сондықтан да, тәрбие үдерісінде тәрбиеленуші бала не ересек тәрбие субъекті санатында танылады. Тәрбие үдерісі өз ішіне табиғи түрде тұлғаның өзіндік тәрбиесін де қамтиды.



Өзіндік тәрбие - бұл тұрақтанған мұраттар мен наным-сенімдерге негізделіп, саналы белгіленген мақсаттарға сәйкес әр адамның өз тұлғалық сапа-қасиеттерін өзгертуге арналған педагогикалық іс-әрекеті.

Өзіндік тәрбие әрқандай тұлғаның белгілі даму деңгейіне, саналық қалпына, өз қылықтарын басқалар әрекеттерімен саналы салыстырып білуіне байланысты. Адамның өз мүмкіндіктерін саралай білуінен, шынайы бағалау қабілетінен, өз кемшіліктерін тануынан оның қандай да кемелге жетіскенін байқап, оның өзіндік тәрбие жүргізе алатынына сенім артамыз.

Өзіндік тәрбие келесі тәсілдерді қолданумен іске асып барады: өзіндік міндет қоя білу, өзіндік есеп бере алу, өз әрекеті мен қылығын бағалай тану және өз ісі мен әрекетін қадағалай білу.

Өзіндік тәрбие өзіндік басқарым үдерісінде орындалады. Бұл үшін әр адам өз мақсатын, әрекет бағдарламасын жасап, бағдарлама орындалуына бақылау қойып, нәтижелерді бағалау, қажет болса, реттеу, түзетулер енгізе білуі қажет.

Адамның өз дербестігін тануы – оның саналы өмірлік бағдар, мақсат, құндылықтар, адамгершілік қалыптар, кәсіп, тіршілік шарттарын таңдай білуінен аңғарылады.

Өзіндік тәрбие әдістері:

- өзін өзі тануы: өзіндік бақылау, өзіндік талдау, өзіндік баға, өзіндік салыстыру;

- өзін өзі меңгеруі: өзіндік сенім, өзіндік қадағалау, өзіндік билеу, өзіндік иландыру, өзіндік қолдау, өзіндік есеп, өзіндік мәжбүрлеу;

- өзіндік ынталандыру: өзіндік бейім, өзіндік қуат-қолдау, өзіндік жаза, өзіндік шектеу.

Өзіндік талдау, өзіндік баға, өзіндік қадағалау, өзіндік реттеу, өзіндік сендіру - өзіндік тәрбие тәсілдерінен.


6.3. Тәрбие заңдылықтары мен принциптері
Педагогика тәрбие үдерісінің негізіне алынған жалпы заңдылықтарды ашып, біршама принциптерді нақтылайды.

Педагогикалық міндеттерді шешуде тиімді нәтижелерге қол жеткізуші педагогикалық үдерістің тұрақты әрі мәнді байланыстары - тәрбие заңдылықтары деп аталады.

Бұл заңдылықтар қатарына енетіндер төмендегілер:

1) Тұлға тәрбиесі сол тұлғаның іс-әрекетке араласу барысында іске асады. Әрбір адамның тәлім игеруі оның танымдық іс-әрекетке қатысуынан болады. Еңбекке араластырмай, тұлғаны аралық қатынастарға түсірмей, ұжымдық мәселелерді шешуге қатыстырмай, адамды еңбеккерлікке, ұжымшылдыққа тәрбиелеу мүмкін емес. Осыдан тәрбие нәтижесі құрғақ уағыз, сөзбен емес, өскелең әулет өкілін жасына сәйкес қоғамдық қатынастарға келтіріп, еңбек әрекетіне қосудан болады. А.С.Макаренко пікірінше, тәрбие нәтижесі – тәрбиеленушілердің өмірі мен іс-әрекетін мазмұнды ұйымдастырудан.

2) Тәрбие - бұл қалыптасушы тұлғаны нақты іс-әрекетте белсенділікке ынталандыру. Тұлғаның тиімді дамуы мен қалыптасуы оның нақты іс-әрекеттегі жоғары белсенділікке ие болуынан. Егер адам өз қызметіне селқостықпен қараса, нәтижеге жетуде енжарлық танытса, тәрбие ісі қай уақытта да ақталмайды. Ал белсенділік болу үшін тұлғаның қажетсіну аймағын дамыту керек. Қажеттікті сезінуден тәрбиеленуші іс-әрекетке өз белсенділігімен араласуға ынталы болады.

3) Тәлім және тәрбиенің ажырамас бірлігі. Тәлім, білім әрқашан адамның жалпы мәдениетінің қалыптасуына бағытталады. Осының негізінде қоғам өкілі дамиды, қажетті білімдер мен қабілеттер орнықтырушы әлеуметтік тәжірибені игереді. Тәлім мен тәрбие әрекеттестігінен тұлға жетіледі. Тәлім игере отырып, адам дамиды. Даму барысында ол өз қызметтері мен қарым-қатынастары аймағын кеңейтеді, ал ол өз кезегінде жаңа білімдер мен ептіліктерді игеруге ынталандырады.

4) Тәрбиелік ықпалдардың біртұтастығы - тәрбие мақсаттарының мазмұны мен әдістерінің бірлігі, әлеуметтік ұстанымдар мен педагог талаптарының ұштастығы, тәрбиелік үдеріс субъекттері тарапынан қойылатын барша талаптардың өзара байланыстылығы.

5) Тұлғаға деген адамгершілік қатынас және сыйластықтың жоғары талаптармен бірлесе жүруі.

6) Тәрбие үдерісінде шәкіртке болашақтағы жетістігін аша көрсетіп, табыс қуанышына бөленуге жәрдемдесу.

7) Тәрбие үдерісінде жастардың ұнамды сапа қасиеттерін таба біліп, оларға арқа сүйеу. П.П. Блонский пікірінше, оқу-үйретімде кемшілігі бар шәкіртпен күресу керек емес, ал оның өзімен бірлікте ондағы кемшіліктерге қарсы реттеу әрекеттерін жасаған орынды. Осыдан баланы сынап, таптамай, оған деген мейір көрсетіп, кезіккен қиыншылықтарды жеңуге көмек көрсету қажет.

8) Тәрбиеде шәкіртің жас және даралық ерекшеліктерін ескеру қажет.

9) Тәрбие үдерісінде баланы өзіндік тәрбие іске асыруға баулу қажет.

Аталған заңдылықтар негізінде тәрбие принциптері іске асырылады. Тәрбие принциптері - бұл тәрбие мазмұны мен оны іске асыру жолдарын анықтайтын тәрбиелік үдерісті ұйымдастырудың негізгі талаптары.

- Тәрбиенің адамгершілікке бағыттау принципі - адамаралық қатынастар жүйесінде баланы негізгі құндылық ретінде қарастыруды талап етеді. Осыдан әрбір адамға сыйластық қатынас жасап, оның ар-намыс, рухани сенімі мен көзқарас еркіндігі сақталуын қамтамасыз ету қажет. Бұл принцип тұрғысынан баланың тән-дене, әлеуметтік және психикалық салауаттылығына қамқорлық - басты міндет. Бұл принциптің орындалу шарттары: баланың іс-әрекет, еңбекке араласу еркіндігі; мақсатқа жету жолында балаға болған сенім; тәрбие міндеттерін анықтауда тек жақсылықты көздеу; бала қызығулары мен даралық талғамын ескеріп, оның жаңа ұмтылыстарына дем беру; педагогикалық ықпалдардың болымсыз салдарының алдын алу; балаға өзінің әлеуметтік қорғанысты екенін сезіндіріп, оны өз мүдделерін қорғауға баулу.

- Тәрбиенің әлеуметтік жағдайларға сай келуі. Бұл принциптің іске асу шарттары: тәрбие міндеттері мен демократиялық қоғамның әлеуметтік даму міндеттерінің өзара байланысы; бала тұлғасына ықпал жасаушы әлеуметтік мекемелер әрекеттестігін үйлестіру; балаларға арналған әлеуметтік-педагогикалық жәрдемді қамсыздандыру; педагогикалық үдерісті қоғамның нақты мүмкіндіктеріне сәйкестендіру; қоршаған әлеуметтік ортаның әрқилы жағдайларын (ұлттық, аймақтық, ауыл-қалалық, оқу-үйретім орны ерекшелігі және т.б.); сабақ барысында қабылданатын ақпараттарды реттеу.

- Тәрбиені дараландыру принципі: әрбір шәкіртің әлеуметтік даму бағытын айқындауды көздейді. Осыдан әр баланың жеке ерекшелігіне сәйкес арнайы міндеттер белгіленеді, бала өз мүмкіндіктеріне сай келетін қызметтерге қатыстырылады, тұлғаның оқу-үйренім, танымдық, сабақтан тыс білім топтау қабілеттері ескеріледі, әр шәкіртке өз мүмкіндіктерін танытып, оларды іске асыруға жол ашылады.



- Тәрбиелеуші орта түзу принципі тәлім мекемесінде бала әлеуметтігін қалыптастыратын қатынастар ұйымдастыруды талап етеді. Тәрбиелеуші ортаның түзілуі үшін педагогикалық үдеріске араласқандардың өзара жауапкершілігі, өзара түсіністігі, өзара жәрдемі, қиыншылықтарды бірлесе жеңу қабілеттері болуы тиіс. Бұл принциптің іске асуы келесі шарттарға тәуелді: ұжымдық мақсат басымдылығын көзде ұстау; ұжым мүшелерінің бәріне маңызды келетін жетекші іс-әрекеттер түрін анықтау; балалардың өзіндік басқарымын дамыту; балалар мен ересектердің ынталылығы мен дербестігін өрістету; әртүрлі балалар бірлестіктерін түзу; шығармашылыққа ұмтылыс қалыптастыру; мектеп бірегейлігін көрсете білу; өзара жауапкершілікті тәуелділік қатынастарының болуы. Бұл принцип педагогикалық іс-әрекетті ұйымдастырудың бірнеше ережелерінің орындалуынан көрінеді: мектеп бала үшін сүйікті орынға айналып, осыдан ол ондағы ұжым қуанышы мен күйзелісіне ортақ болуы, мектептің жалпы мақсаты әр педагог пен шәкірттің мақсаты ретінде қабылдануы тиіс; балаларға мейлінше сенім білдіру қажет; ұжымның әрбір мүшесі жаңа қатынастар мен жаңа істерге мұрындық бола білгені жөн; немқұрайлы педагог немқұрайлы шәкіртті жаратады.

- Тәрбиелік оқу-үйретім принципі. Бұл принципке сәйкес дұрыс ұйымдастырылған оқу-үйретім тұлға дамуы мен қалыптасуында шешуші қызмет атқарады, ал оның табысты болуы көбіне шәкірттердің еңбекке деген жауапкершілігін тәрбиелеуге, оларда тәртіптілік, жинақтылық және сенімді сапалардың қалыптасып баруына тәуелді.



Оқу-үйретім – аса маңызды тәрбиелік құрал. Ол білім, ептілік және дағдыларды қабылдатумен шектеліп қалмастан, нақты саясат, идеология, моральдық сапалармен қаныққан тұлға тәрбиелеудің бірден бір арқауы. Оқу-үйретім үдерісі тұлғаның тек ақыл-ес дамуын қамтамасыз етіп қоймастан, сонымен бірге ол дүниетаным мен адамгершілік болмыстың қалыптасуына, эстетикалық талғам мен тән-дене қасиеттерінің дамуына, әрекет-қылық дағдылары, әдістерінің орнығуына ықпал жасайды. Ғылым негіздерін меңгеру барысында шәкірттер тұрмыстық және өмірлік бағыттарын дұрыс таңдауға үйренеді, қауымдық бірлікті тіршілік ету қалыптары мен ережелерін игереді. Дәрістерде олар жақсы мен жаманды, адалдық пен арамдықты, достық пен залымдықты айырып, әділет және азаматтық борыш ұғымдарының төркінін түсінуге баулынады. Бұл үдерісте игерілген білімдер әрбір болашақ тұлға -азаматтың наным-сенімдерінің орнығуына негіз береді.

Оқу-үйретім, негізінен, ұжымда жүргізілетіндіктен оның барысында шәкірттер көпшілікпен бірге жасауға және еңбектенуге дағдыланады, бірлікті өмір рухында тәрбиеленеді. Осыдан әр шәкірттің ұжымшыл, көпшіл болуға деген ықыласы арта түседі. Оның моральдық келбетінің тіктелуіне дәріс мазмұны ғана ықпал жасап қоймастан, бұл орайда оқу-үйретім әдістерінің, таным жұмыстарын ұйымдастырудың да мәні орасан. Даралап айтатын болсақ, олар келесідей:

- оқу-үйретім мазмұны тұлғаның адамгершілік пайымы мен бағамының орнығуына жанама ықпал жасайды, инабатты кемелденген тұлға қалыптасуына жәрдемін тигізеді;

- шәкірттің әрекет-қылық дағдылары мен әдеттерінің қалыптасуына оқу-үйретім әдістерінің әсері мол. Мектептің көздегені шәкіртің білімге деген қызығушылығын, әуестігін, белсенділігі мен ынталылығын көтеру, Осыдан тәлім ордасы жанжақты дамыған, рухани қуат беретін оқу-үйретімнің белсенді әдістері мен тәсілдерін мейлінше еркін әрі молынан пайдалануға ұмтылады;

- оқу-үйретімнің дамытушылық ролін жоғарылатуда пәнаралық байланыстардың маңызды болатыны дау тудырмайды. Пәндер арасындағы байланыстарды түсінген шәкірт сабақ материалын тереңдей ұғып игереді, өз санасында әлемнің тұтастай бейнесін қалыптастыру мүмкіндігіне ие болады. Бұл өз кезегінде жастардың диалектикалық-материалистік дүниетанымының негіздерін қалайды;

- оқу-үйретімнің тәрбиелік маңызының көтерілуіне мұғалімдердің өз тәрбие жұмыстарына зерттеушілік сипат бере білуі, шәкірттердің дербес өзіндік жұмыстарының жоғары деңгейде ұйымдастырылуы зор ықпал жасайтынын күнделікті тәжірибе дәлелдеп отыр. Кейінгі жылдары осыдан жоғарғы сыныптарға пікір–таластар, семинарлар, баяндама жасап, рефераттарды қорғау, қосымша әдебиеттерге шолу жасап, кабинеттер мен мектеп учаскелері және зертханаларында өзіндік ізденіс-зерттеу дәрістері кең қолданымға енуде. Мұндай қалыптан тыс оқу-үйретім жұмыстарының нәтижесінде күнделікті сабақта шәкірттердің жоғары интеллектуалдық сапа көрсетуіне жол ашылады;

- оқу-үйретімнің тәрбиелік ролінің артуына игерілген білім деңгейіне берілетін әділ баға да үлкен ықпал жасайды. Бұл шәкірттерді жүйелі оқу-үйретім еңбегіне баулиды, еркін нығайтып, мінезін орнықтырады, адал ниеттік пен мұнтаздық, жоғары талапшаңдық және жауапкершілік қасиеттерін дамытады. Тәжірибелі мұғалімдер оқу-үйретім нәтижесін ғана бағалап шектелместен, баланың еңбек үдерісін де назарда ұстай отырып, тәлімге болған ынта-ықыласына да ден қояды;

- тәрбие міндеттерінің табысты болуы үй жұмыстарын дұрыс ұйымдастыруға да байланысты келеді. Оларды орындау барысында шәкірт өзбетімен жұмыс орындау дағдыларын меңгереді, өз еңбегін жоспарлауға үйреніп, уақытын үнемді де жемісті пайдалануға әдеттенеді, сабақ жұмыстарына орай кезігетін қиыншылықтарды жеңіп өту амалдарын табуға дағдыланады;

- оқу-үйретімнің тәрбиелік маңызын көтерудің өте пайдалы да қажетті шарты - бұл сабақ материалын игерудің ұтымды жолдарын іріктеу және оны оңтайластыру. Оңтайластыру мәні: нақты жағдайларда сыныптағы және үйдегі жұмыстарды орындауға бөлінген уақытты көбейтпестен, оқу-үйренім, тәрбие міндеттерінің тиімділігін мүмкін болғанша арттыра, шешімін табу. Яғни оқу-үйретім үдерісін оңтайластырудағы басты ниет – шәкірттердің даму деңгейіне сай келетін тәрбие нәтижелеріне қол жеткізу. Бұл орайда үлкен маңызға ие болатын талап - мұғалімдер мен шәкірттердің сабақ, еңбек, демалыс уақыттарын дұрыс жоспарлап, олардың күші мен қуатын үнемдей білу. Оқу-үйретімнің сапасы және тәрбие нәтижесі көп уақытты сарп етуден емес, оны саналы пайдалана білуден;

- оқу және тәрбие бірлігін қамтамасыз етуде факультатив дәрістердің үлесі айтарлықтай. Мұндай сабақтар білімдерді тереңдете түсіп, оларды күнделікті тәжірибеде, өмірде қолдануға көмектеседі. Факультатив сабақтар кейде жаңа оқу-үйренім пәндерін енгізумен байланысты келеді. Факультатив пәндер сонымен бірге шәкірттердің техникалық шығармашылығы мен ауылшаруашылық тәжірибе топтау мүмкіндігін дамытып, оларды қоғамдық пайдалы еңбекке тартуға жәрдемдеседі.


6.4. Тәрбие құрал-жабдықтары, әдістері мен формалары
Әрқилы тәрбие міндеттерін шешудің санқилы құралдары, әдістері мен формалары қолданылады. Тәрбие құрал-жабдықтары – бұл көзделген тәрбиелік ниеттерді іске асыруға бағытталған материалдық және рухани-мәдени заттары (кітаптар, кинофильмдер, компьютер, өнер туындылары және т.б.), көп жағдайда тәрбие құралы ретінде тұлғаның қалыптасуына ықпал етуші іс-әрекет түрлері де қабылданған. Олар: ойын, оқу-үйретім еңбегі, қоғамдық пайдалы еңбек және іс-шаралар, спорт және көркем өнермен шұғылдану, сыныптан тыс үйірме жұмыстарына қатысу.

“Тәрбие құралы” түсінігімен тығыз байланысты келетін категория – бұл тәрбие әдістері. “Әдіс” түсінігінің жалпы мәні – ниеттелген мақсатқа жетудің амалы, жолы. Ал тәрбие әдістері – бұл алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуге арналған педагог және тәрбиеленушілер арасындағы әрекеттестік амалдары. Тәрбие құралдарының ықпалы педагог қатысуын қажет етпейді, ал педагогикалық міндеттерді шешуге арналған тәрбие әдістері белсенді өзара әрекеттестікке, педагог қызметіне негізделіп, педагог және тәрбиеленушілер арасындағы қарым-қатынас пен әңгіме-сұхбатынсыз іске аспайды.

Біртұтас, жан-жақты дамыған тұлғаны тәрбиелеуді көздеген стратегиялық міндеттерді шешуде қолданылатын әдістер адамның барша мәнді аймақтарының - интеллектуалдық, сеп-түрткілік, көңіл-күйлік, еріктік, өз бойындағы мүмкіндіктерді іске асыру, заттай-тәжірибелік және рухани-имандылық (экзистенциялдық) дамуын қамтамасыз етуі тиіс.

Тәрбиелік үдерістің ұтымды жүрісі үшін, кем дегенде, тұлғаға педагогикалық ықпал жасау әдістерінің бес тобы қажет:

сендіру;

жаттықтыру және үйрету;

оқу-үйретім (үйренім);

ынталандыру;

бақылау және бағалау;

Тұлғалық ықпал жасау әдістері шәкірттерге кешенді әсер жасайды, сондықтан олар өз алдына жеке, бір біріне байланыссыз қолданылмауы тиіс.

Гуманистік педагогиканың аса көп мән беретін әдісі – бұл өзіндік тәрбие. Бұл педагогика тұрғысынан, шәкірт тәрбиесіне бағытталған педагог ықпалы өзіндік тәрбиеге көмек беретін сырттай талапқа сай шәкірттің өз әрекетін оятуға арналуы қажет. Осыдан тәрбие әдістері жұптас (бинарлы)келеді: тәрбие және өзіндік тәрбие диалектикалық бірлікті қатынаста.

Айтылғандай, тәрбие әдістерінің баршасы адамның мәнді аймақтарының бәріне топтасып әсер етеді. Дегенмен, әрбір тәрбие әдісі және оған сәйкес өзіндік тәрбие амалы бір-бірінен адам болмысының қай тарапына басымдау ықпал жасайтынына қарай ажыралады.

Ақыл ес (интеллектуал) аймағына ықпал ету әдістері: көзқарас, түсінік, ұстанымдар қалыптастыруға сендіру әдістері қолданылады. Сендіру үшін қандай да түсініктерге, адамгершілік бағыт-бағдарға, төңіректе болып жатқан оқиғаларға сәйкес орынды дәлел-дәйек келтіру қажет. Ұсынылған ақпаратты қабылдай отырып, шәкірт түсінік не ұғымның өзін қабылдамайды, оның есінде қалатыны қисынды (логикалы) баяндалған педагогтың өз көзқарасы, дүниетанымы. Ұсынылып жатқан ақпаратты қабылдай отырып, шәкірт өз көзқарасының дұрыс не бұрыстығына көз жеткізеді, қажет болса, оны реттеп барады. Педагог тарапынан айтылғанның дұрыстығына сенумен шәкірт әлемге, қоғамға, әлеуметтік қатынастарға болған өзінің пайымдау жүйесін қалыптастырады. Сендіру жұптасы өзіндік сенім әрекеті – баланың қандай да әлеуметтік мәселеге байланысты өз ойын саналы үйлестіруге қаратылған дербес ізденіске негізделген өзіндік тәрбие әдісі. Осы әдіс арқасында шәкірт өз бетінше өзінің меншікті қисынды қорытуларана қол жеткізеді.

Ақыл-ес аймағының дамуында маңызды рөл оқу-үйретім әдістеріне тиісті. Олар, әдетте, екі топқа ажыралады: 1) қайта жасау (репродуктивті) әдісі. Мұндай жолмен шәкірттер дайын білімдерді меңгеріп, өзіне енді таныс болған іс-әрекет амалдарын қайталап қолданады; 2) өнімді (продуктивті) әдіс – мұның ерекшелігі: шәкірт жаңа білімдерді өз пайымдауы негізінде, шығармашыл әрекетін арқау етіп, ізденіспен табады әрі меңгереді. Қайта жасау әдісі - өткен әулеттер топтаған ақпараттарды игеруге мүмкііндік береді. Ал өнімді әдіс – адамда ауыспалы жағдайларда шапшаң бағдар-бағыт алу, ой бірігейлігі мен өнімділігі, тапқырлық көрсету қасиеттерін қалыптастырады. Өнімді әдістер арасында аса көп қолданылатын проблемді әдіс. Проблемді оқу-үйретім шәкіртті қажетті білімдерді қабілетіне сәйкес шығармашыл ізденіс арқылы өз бетінше топтауға, кезіккен қиыншылықтарды жеңіп өтуге үйретеді, мұндай әдіс ақпараттың дәлелді-дәйекті меңгерілуіне көмектеседі, сонымен бірге игерілген материалдың мұқияттылығы мен беріктілігін қамтамасыз етеді.



Ынталандыру әдісі шәкірттерді өздерінің оқу-үйренім, тіршілік іс-әрекеттерімен саналы қатынас арқылы айналысуға баулиды. Педагогикада ынталандыру әдісінің екі тәсілі қабылданған: марапаттау және жазалау. Марапаттау балалардың ұнамды әрекеттерін бағалауда қолданылып, болымды дағдылар мен әдеттердің бекіп, орнығуына жәрдемдеседі. Марапаттаудың әртүрлі жолдары бар: қолдап-қуаттау, мақтау, алғыс беру, құрметті құқықтарға ұсыну, байрақтау. Әрқандай марапат бала әрекет-қылығының табиғи жалғасы болып, әділдігімен, ұжым пікіріне сәйкестігімен көрінуі тиіс. Оны қолдануда әр баланың жеке-дара ерекшеліктерін ескерген жөн.

Жазалау. Бұл тәсіл шәкірттер бойында қалыптасуы мүмкін болымсыз әрекет-қылықтардың алдын алуда, көрініс берген жат қылықтарды тежеуде және өзінің не басқалар алдында күнәсін сезіндіру үшін қолданылады.

Жазалау әділ, мұқият ойластырылып іске асырылатын әдіс. Ол қай жағдайда да бала намысына тиіп, оның адамгершілігін аяқ асты етуден аулақ болуы тиіс. Жаза берудегі педагог қателігін орнына келтіру қиынға соғады, сондықтан бұл әдісті қолдануды асығыстық жасамай, жазаның орынды екендігіне, оның бала әрекет-қылығына оң әсер ететініне толық сенім артумен пайдаланған жөн.



Аталған ынталандыру әдістері адамға өз әрекет- қадамдарын дұрыс бағалау ептіліктерін қалыптастыруға жәрдем береді. Осыдан тәрбиеленуші өз қажеттерін саналы түсініп, өзінің өмір тіршілігінің мәнін пайымдаумен алға қоятын мақсаттары мен міндеттерінің сеп-түрткілерін (мотивтерін) таңдастыруға бейімдеседі.

Ерік күші аймағына ықпал жасау әдістері балаларда ынта-ықылас, өз мүмкіндіктеріне сенім пайда етеді, көздеген мақсаттарына жету жолындағы кедергі, қиыншыларды жеңуге көмектеседі; ұстамдылыққа (шыдамдылыққа, сабырлылыққа) үйретеді; дербес әрекет-қылық дағдыларын жетілдіріп баруға жәрдем береді. Ерік күші аймағының қалыптасуында талап қою және жаттығу әдістерінің маңызы орасан. Талаптар қою арқылы адамның өзіндік тәрбие үдерісіне ықпал жасауға болады, ал мұның салдары - жаттығу, яғни қажетті әрекеттерді көп мәрте қайталаумен автоматты орындау қалпына жеткізу. Жаттығулар нәтижесі - тұлғаның тұрақты сапа қасиеттері. Ал мұндай сапаларды қалыптастыру үшін жаттығуларды мүмкін болғанша ерте шақтан бастау қажет, себебі ағза неғұрылым жас болса, оған қондырылатын әдеттер тез орнығады. Белгілі талаптарға әдеттенген адам өз сезімдерін ұқыпты тізгіндей алады, ниеттеріне теперіш береді, ал егер олар қандай да міндеттерді орындауда кедергілік етсе, өз әрекетіне бақылау салып, басқалар көзқарасымен орында бағасын беріп отырады. Ұстамдылық, өзіндік қадағалау, ұқыптылық, тәртіп, қарым-қатынас (сөйлесу) мәдениеті - бәрі де тәрбие арқылы қалыптасқан әдеттерге негізделетін сапалар.

Көңіл-күй аймағына ықпал жасау әдістері өз сезімдерін басқаруда қажет дағдыларды қалыптастыру және өз көңіл-күй қалпы мен оны туындатушы себептерді түсіну үшін қолданылады. Баланың көңіл-күй аймағына ықпал жасаушы әдістер тобына иландыру және онымен байланысты аттракция тәсілдері кіреді. Иландыру – бұл сезімге әсер ету арқылы адамның ақылы мен еркіне ықпал жасау. Илану адам санасына оның еркінен тыс, сын-сарапқа салынбай өтіп жатады. Илану негізінде балада өз әрекет-қылықтарына болған толғаныс және онымен байланысты көңіл-күй қалпы өзіндік пайым мен бағалауға түседі. Ұнамды көңіл-күй мен қабаттаса жүріп, бір адамның екіншіге болған құмарлығы - атракция әсерінен.

Өзіндік реттеу және түзету аймағына ықпал жасау әдістері балаларда өзіндік психикалық және тән-дене қалпын реттеу дағдыларын қалыптастыруға, өмірлік жағдайларды талдау дағдыларын дамытуға, балаларды өзінің және басқа адамдардың әрекет қылықтары мен сезімдерін түсіну дағдыларын үйретуге, өз өзіне және басқаларға адал қатынас жасау дағдыларын қалыптастыруға бағытталады. Бұл топта аса маңызды әдістердің бірі - әрекет-қылықты реттеу. Бұл әдісті қолданумен баланың тікелей өз әрекетіне, басқаларға деген қатынасына түзетулер енгізуіне жағдай жасалады. Мұндай реттеу және түзетулер шәкірттер қылығы мен қоғамдық талаптарды салыстыру, қандай да қылық салдарын талдау, іс-әрекет мақсаттарын нақтылау негізінде жүргізілуі мүмкін. Бұл әдістің біршама өзгеріске келген түрі үлгі, өнеге көрсету. Бұл тәсіл белгілі заңдылыққа негізделеді: көру арқылы қабылданған құбылыстар санада тез әрі оңай орнығады. Себебі, сөзбен берілетін әсерлерде қажет қайта өңдеудің керегі болмайды. Осыдан, үлгі бала тәртібін дұрыс жолға салуда өте қолайлы әдістердің бірі. Алайда, әрқандай түзету не реттеу осы бағыттағы шәкірттің өз ықпал ниетін арқау етпесе, іске аспайды. Еліктеуге тұрарлық өнегені, қалыптасқан талаптар мен үрдіс, салт-дәстүрлерді ұнатумен шәкірт өз әрекет-қылығын, тәртібін өзгеріске келтіреді. Нәтижеде тәрбие барысында аса қажет шәкірттің өзіндік саналы реттеу қызметі іске асады.

Заттасқан-тұрмыс, тәжірибе аймағына ықпал жасау әдістері әрбір адамның өзін өзі шынайы қоғамдық тіршілік иесі және бірегей даралық ретінде көрсете білуіне жәрдемдесетін бала қасиеттерін дамытуға бағытталады. Тәрбиеленушілердің іс-әрекеті мен әрекет-қылығын арнайы жасалған жағдайларда ұйымдастыру жолдарын тәрбиелеуші жағдаят әдістері деп атау қабылданған. Бала мұндай жағдаяттарға (ситуацияларға) қандай да мәселені міндетті шешу үшін әдейі кезіктіріледі, мысалы - моральдық таңдау, іс-әрекет тәсілін қалау, әлеуметтік мәртебе-рольге ену және с.с. Жағдаят үдерісінде бала алдында қандай да міндет пайда болып, әрі оны дербес шешу шарттары тұратын болса, әлеуметтік сынақ ретінде көрініс беретін өзіндік тәрбие әдісі іске қосылады. Әлеуметтік сынақ адамның барша өмір аймағын және тіршілік байланыстарының халін қамтиды. Осындай арнайы түзілген жағдаяттарға ену барысында балаларда нақты әлеуметтік көзқарас-бағдар және әлеуметтік жауапкершілік ұстанымдары пайда болады, ал бұл өз кезегінде болашақ тұлғаның әлеуметтік ортаға еніп, кемелденуінің бірден-бір негізі.

Тәрбиелеуші жағдаяттар әдісінің нарықтық заманға сәйкес жаңашыл түрі – бұл жарыс, бәсеке. Мұндай әдістің психологиялық негізі – бала бойында табиғи қалыптасқан көшбасшылыққа (лидерство), бәсекелесттікке деген ұмтылыс. Жарыса бәсекелесумен бала өз жолдастары арасында табысқа қол жеткізеді, жаңа әлеуметтік мәртебеге көтеріледі. Жарыс баланың тек белсенділігін ғана арттырып қалмастан, оның бойында табиғатынан және әлеуметтік ықпалдардан қалыптасқан өз мүмкіндіктерін жүзеге келтіруге мүмкіндік береді. Ал бұл өзіндік тәрбиенің таптырмас құнды құралы. Осылайша, бала өзін әрқилы қызмет, іс-әрекеттерде қабілетіне, жасына сай өнімімен көрінуге үйренеді.



Рухани өмір аймағына ықпал жасау әдістері шәкірттерді олар үшін жаңалықты болған өмір қатынастарына ендіру бағытында қолданылады. Әрбір балада әлеуметтік пайдалы әрекет-қылық тәжірибесі, өмірлік бағыт-бағдар бірліктерін қалыптастырушы шарттарға байланысты тұрмыстық тәжірибе, қоғамға жат қылықтардан сақтандырушы жоғары адамгершілікті ұстанымдар қоры жинақталуы тиіс. Бұл үшін өз тәрбиесіне қаратылған әрбір шәкірттің өзіндік жан еңбегі (В.А.Сухомлинский) ұйымдастырылуы тиіс. Мектеп жағдайында әділдік принципі негізінде балаларға пікір, ой сарабын жүргізу қабілетін қалыптастыруға бағытталған жаттығуларды пайдаланған жөн. Ой туындатушы жаттығулар (метод дилемм) балалардың бас қосып моральдық мәселелерді талқылауымен жүргізіледі. Талқы барысында әр мәселе бойынша сұрақтар қойылып, балалардың қолдау не қарсы жауаптары келтіріледі. Жауаптарды талдау және бағалау келесі белгілер бойынша өткізілгені дұрыс: таңдау, құндылық, әлеуметтік ролі және әділдік. Айтылған әрбір ой пікір бойынша қай адамның да құндылықты өмірлік бағыт-бағдарын айқын тануға болады. Ой, пікір туындату сайысын кез-келген мұғалім ұйымдастыра алады, тек төмендегі шарттарды ұстанса, жеткілікті:

мәселе балалардың нақты өмірімен байланысты болуы;

мүмкіндігінше түсінімді, қарапайым келуі;

мәселе тұйықталып қалмайтын, кең ой-өріс танытуға қолайлы болуы ;

инабаттық мәселелерін кең қамтитын екі не одан да көп сұрақтарды қамтуы;

шәкірттер таңдауына жауап баламаларын бере отырып, басты мәселеден ауытқымауды талап ету, яғни “бас кейіпкер қандай адам болғаны жөн?” деген сұрақ төңірегінде шешім табу.

Мұндай сұрақ көп жағдайларда шәкірттер арасында қызғын пікір-талас пайда етіп, қатысушылардың қайсысын да өз дәлелін келтіруге ынталандырады, ал бұл шәкірттердің өмір барысында молынан кезігетін әрқандай жағдайлардан жол тауып, шығуына мүмкіндік қалайды.

Ой туындату әдісіне сәйкес өзіндік тәрбиенің және бір әдісі рефлексия - әрбір жеке бастың өз санасында болып жатқандар жөнінде ой толғастыру үдерісі. Рефлексия арқылы адам нақты уақыт не белгілі жағдаяттарға байланысты тек өзін ғана танып шектелместен, өзіне деген басқалардың да көзқарас, пікірін пайымдастырады, сонымен бірге өз бойында болып қалар өзгерістер жөнінде де алдын ала ой қалайды.



Тәрбие формалары – тәрбие үдерісін ұйымдастыру жолы, шәкірттердің ұжымдық және жеке-дара іс әрекеттерін белгілі мақсатқа бағдарлап жүзеге асыру шаралары.

Тәрбиелік шараларды ұжымдасып жоспарлау. Дайындау және өткізу үдерісінде шығармашыл қызметтестік жағдайы жасалады. Бұл тұлғаның, ұжымның дамуына көмектесіп, ұжымның ішкі қатынастарын өрістетуде қолайлы мүмкіндіктер береді. Мұндай шаралар педагог-тәрбиешінің әр тәрбиеленушімен, ұжыммен тәрбиелік міндеттерді орындау бағытында өзара әрекеттестік қатынастар құрып, көзделген мақсаттарға жетуге жол ашады. Қазіргі заман мектебі тәжірибесінде қатысушылар ауқымына орай кең қолданымдағы тәрбиелік іс формалары төмендегідей: сынып мүшелерінің баршасын қамтыған – жаппай, үйірмелік – топтық, жеке дара формалары. Ал тәрбиелік іс бағыттарына байланысты, мысалы – шәкірттердің таным дамытушылық іс-әрекеттеріне арналған формалары, келесідей: викторина, білім аукционы, білгірлер бәсекесі, жобалар конкурсы, іскерлік ойындар, мектептегі ғылыми конференциялар, ойлап тапқыштар мен қиялшылдар жарысы және т.б. Адамгершілік тәрбиесін іске асыруға қолданылуы мүмкін формалар: пікір-талас, дөңгелек стол, инабаттылық тақырыбындағы әңгіме – сұхбаттар, теле-көпірлер, қайырымдылық істері, әдеби-сазды құрылымдар және с.с. Тәрбиелік іс формалары педагогикалық ғылыми принциптер негізінде іріктеледі. Тәрбие үдерісін ұйымдастыру формалары өз мазмұны бойынша неғұрылым көп түрлі және ауқымды келсе, оның тиімділігі де арта түседі. Балалар ұжымының әрбіріне сай келетін тәрбие формасын ұсына отырып, оның негізіне алынатын педагогикалық мақсатқа сәйкестік талабын бірде естен шығармаған жөн.

Ынталы педагог үшін тәрбиелік іс формалары шексіз көп, солардың арасынан баланы жалықтырмайтын, жаңалыққа көзін ашып, қызықсыну, ұмтылыс жолына жетек болатын формаларды әрдайым ауыстыра пайдалану- шебер педагог жемісі.


6.5. Тәрбие және қайта тәрбие
Тұлға бойында көзге түспей, астарлы жүріп жататын үдерістер мен олардың қалыптасу мерзімінің белгісіздігі педагогтың да, тәрбиеленушінің өзін де қоғам талаптарына сай келмейтін кейбір күтілмеген әрекет-қылықтардың бой тіктеуінен қиын жағдайларға кезіктіріп жатады. “Қайта тәрбиелеу” үдерісінің мәні – адам бойындағы қандайда сапа мен әдеттерді дұрыстау, ретке келтіріп түзету, қажет болса, қосу не жоюға ұмтылыс. Әлеумет-қоғамға зиянды не жат әрекет қылықты, адамзат қауымына қайшы келетін тұлға қасиеттері, қылмыстық істер жөнінде сөз көтерілсе, “қайта тәрбиелеу” ұғымына жүгінуге тура келеді. Ертеректегі әдебиеттерде болымсыз қылықтарды, “ойып алу, жою, өшіру”, олардың орнына ұнамды әдеттерді «қоя салу» секілді кеңестер берілетін еді. Алайда тәрбиеленуші мейлі бала, мейлі ересек болсын, үнтаспа емес қой, қажетсіз таспаны лақтыра салып, қалаулысын қоса қоятын.

Адам бойындағы кемшіліктерді өшіре салуды мегзейтін қайта тәрбие ескіріп, өткен заман есесінде қалды. К.Д.Ушинский атағандай, бұдан былайғы міндет жаман әдеттерді жақсылармен ауыстыра отырып, болымды әрекет қылықтарға жол ашумен ұнамды әдеттерді қалыптастырып бару. А.С.Макаренко дәлелдегендей, қалаған баланы қалыпты адамгершілікті жағдайларға салып, дұрыс тәрбиелеу мүмкіндігі бар. Қазіргі заман педагогикалық тұжырымы мен гуманистік психологиясы баланы болмысымен қабылдау, оның даралығын құрметтеу, қалыптасу, даму жолдарын ескеріп, бала бойындағы ұнамды сапаға арқа сүйеу қажеттігін алға тартып отыр.

Педагогикалық қараусыз қалған балалардың қайта тәрбиесі мақсатты тәрбиемен қатар жүріп жатады. Қиын балалар әрекет қылығындағы кемшіліктерді жою, әсіресе, оларда ұнамды сапаларды қалыптастыру үшін көбіне әдеттегі педагогикалық ықпал жасау әдістері қолданылады. Мұндайда осы маңызды келетін әдістер – сендіру және жаттығулар, ұжым талаптары мен қоршаған адамдардың өнегелі әрекеттері мен әдеттері, мадақтау және жазалау. Дегенмен, кей уақыттары ашу шақырып, қатал талаптар қоюға да тура келеді. Осылайша тәрбиеленушіні өзі күтпеген тосын жағдайға душар етіп, өз өзінен, өз әрекетінен жиеркенуге көмектесуге болады. Бірақ бұл тәрбиелік қадамға баруда педагог талабы ұжым қолдауымен орындалғаны дұрыс.

Педагогикалық қараусыз қалған балалардың қайта тәрбиесінде маңызды болар және бір жәйт – тәрбиеленушілерді қоршаған тұрмыс, тіршілік жағдайларына өзгерістер енгізу, кері ықпал шарттарын жою, мүмкін болса “қиын” балаларды қоршаған ортаның болымсыз әсерлерінен оқшаулап, мейір қамқорлығына алу. Әлбетте, баланы сыртқы болымсыз ықпалдардан толығымен ажыратып алу қиынға соғады. Қажеттісі, олардың өздерін жағымсыз ықпалдарға қарсы тұра білуге үйрету. А.С.Макаренконың “балаларды сырттағы жаман әрекет-қылықтардан қорғаудың пайдасы шамалы, қажеттісі, олардың өздерін кері әдеттерге табанды қарсылық жасауға дағдыландыру” – деген тұжырымы әбден орынды.

Тәрбиелеушілер нақты баланың тіршілігінде жетекші болған өмірлік қатынастарды мұқият зерттеп, қажет болса, оларды түбегейлі ауыстырып баруы керек.

Қайта тәрбиелеу тәжірибесі көрсеткендей, қиын шәкірттерді басқа сынып не басқа мектепке өткізгеннің де ұнамды тараптары бар: бала жаңа дос, жолдастар табады, өзі аңсаған соны да қызықты істерге араласып, бұрынғы жағымсыз қылықтары мен қызығуларын ұмытады. Тәрбие қамқорынан жұта болған балаларды дұрыс жолға салудың пайдалы және бір тәсілі - отбасыдағы жағдайды қалыпқа келтіріп, олардың тәртібіне қадағалауды күшейту және қызықты да қоғамдық пайдалы мазмұнға ие болған іс-әрекеттерге тарту.

«Қиын» балаларды қайта тәрбиелеуде олар бойында табиғи қалыптасқан ұнамды қасиеттерді арқау ету де үлкен маңызға ие. Әр баланың өзіне тән бір немесе бірнеше сапалары болатыны анық. Осыларды анықтай, пайдалана отырып, бала мінезі мен санасындағы кемшілікті жою қиынға соқпайды. Аса қажетті жағдай – педагог пен шәкірт арасындағы қатынастарды дұрыс алып бару. Тәрбие үдерісіндегі баланың теріс жолға түсуі көбінесе ұстаз бен шәкірттің арасындағы байланыстың бұзылуында.

Тәрбие және қайта тәрбие ажырамас бірлікте жүріп жатады. Бұлар өз кезегінде өзіндік тәрбиемен толығып барады.

Тәрбиеленушілердің жалпы мәдениеті, тәлімділігі мен жалпы даму көтеріңкі жағдайда өтіп жатса, қайта тәрбиелеу үдерісі жылдам әрі табысты нәтижесін береді.

6.6. Тәрбие әдістері және оларды топтастыру
Тәрбиелік ықпал жасау әдістері – бұл тәрбиеленушілердің педагог- тәрбиешімен бірлікті іс-әрекеті және қатынастарындағы педагогикалық міндеттерді шешу үшін тәрбиеленуші санасына, сезіміне, әрекет қылығына қандай да әсер етудің нақты жолдары. Әдістерді іріктеу және қолдану баланың қоғамдық тәрбие ортасының, жас деңгейінің, даралықты-типологиялық ерекшеліктерін, нақты ұжымның тәрбиелік деңгейін ескерумен белгіленген педагогикалық мақсаттарға (нақты қызметтік, жақын аралық, ұзақ мұратты) орай іске асып барады.

Тәрбие әдістерін олармен байланысты тәрбие құрал-жабдықтарынан ажырата білу қажет. Педагогикалық міндеттерді шешуге арналған тәрбие құралдары қатарына ең алдымен заттасқан және рухани мәдениет туындылары кіреді. Тәрбие әдісі тәрбиеші-педагог қызметімен іске асатын болса, ал құралдар (кітаптар, фильмдер және т.б.) педагог қызметінсіз-ақ, ол болмаса да, өздігінен ықпал жасауы мүмкін.

Педагогтың күнделікті жұмысында тәрбие әдістері келесідей топтастырылуы аса қолайлы келеді:

- иландыру әдістері - бұлар арқылы тәрбиеленушілердің көзқарастары, ұғымдары, түсініктері қалыптасады, нақты іскерлік ақпарат алмасуы (сендіру, хабарлау, пікір алысу, дерек-дәйек келтіру, ұрандау, көз жеткізу) жүріп жатады;

-жаттықтыру (үйрету) әдістері– бұлар жәрдемінен тәрбиеленушілердің іс-әрекеті ұйымдастырылып, соған деген ұнамды ынта-ықылас баулынады (тапсырма, талап, бәсеке, өнеге және үлгі көрсету, табысқа жеткізер жағдайлар жасау сиқты жеке және топтық істерге байланысты әрқилы жүктемелер);



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   17




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет