Н. Дауенов ДӘСТҮрлі қазақ этнографиясы


ХХ ғасырдың басынан бергі отбасының жағдайы



бет13/18
Дата24.02.2016
өлшемі1.5 Mb.
#13498
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18

ХХ ғасырдың басынан бергі отбасының жағдайы. Қоғамдық құрылыста болған өзгерістер қазақ халқының отбасылық, некелік қарым-қатынастарында, әдет-ғұрыптарында, салт-санасында, жалпы мәдени өмірінде де үлкен өзгерістер жасап, жаңа қарым-қатынастардың қалыптасуына мүмкіндік туғызады. Кеңес өкіметі 1917 жылдың 18 желтоқсанында "Азаматтық неке, балалар және оларды тіркейтін кітаптар енгізу", 19 желтоқсанда "Некеден ажырасу туралы" қабылданған декреттерге В.И Ленин қол қойды. Бұл декреттерге әйел мен еркектің отбасындағы теңдігі, неке құру мен айырылысу мәселесіндегі еріктілік, балалар тәрбиесі сияқты келелі шаралар жайы баяндалды.

Мәселен, 1919 ж. Түркістан Автономиялық Кеңестік Социалистік республикасында отбасы, неке құқылары мен некелесушілерді ЗАГС орындарында тіркеу мәселелері іске асырыла бастады. 1920 ж Қазақ КСР-нің бірінші Құрылтай съезінде 1917-1918 жылдары қабылданған қарарларын қарап, оларды Қазақстанда іске асыру шаралары белгіленді. Бұл шаралардың белгіленуі қазақ жұртшылығына тән көптеген патриархалды-феодалдық қатынастардың сарқыншақтарымен күресуді күн тәртібіне қойып, ерлі-зайыптылар теңдігін, әсіресе олардың арасындағы мал-мүлікке иелігін, яғни мұрагерлік құқының бірдейлігін, неке құруда ешбір зорлықтың болмай, еріктілік негізінде жүргізілетіндігін уағыздауымен бірге, жалпы әйел қауымының ар-ұят, ұжданына нұқсан келтіретін қалыңмал төлеу, көп әйел алу және жесір алу құқына тыйым салынды. 1928 және 1938 жылдары неке құрушылардың жас мөлшері туралы мәселе күн тәртібіне қойылып, заң бойынша 18-ге толмай үйленуге не тұрмысқа шығуға рұқсат етілмейтін болды.

Қазіргі ауылдық жерлердегі қазақ отбасының дені екі ұрпақтан, яғни әке-шеше және үйленбеген балалардан тұрады. Үйленген кенже баласын бөлек шығармай, бірге тұратын отбасылар да бар. Бұл арада айта кететін қазіргі заманның бір ерекшелігі — әке-шешелері кейде кенже балаларын бөліп жіберіп, үйленген үлкен ұлдарының бірімен не оның балаларымен бірге тұратындығы. Мұндай жағдай көбінесе кіші ұлының мамандығына байланысты басқа жерге қызметке ауысатындығына және өздерінің онымен бірге қоныс аударғысы келмейтініне байланысты болады. Үйленген үлкен балаларын бөліп шығару кейінгі балаларының үйленуіне байланысты. Сондықтан бір отбасы құрамында тұратын әке-шеше, үйленбеген балалары және жас немерелерімен, үйленген ұлы әйелімен тұрады. Әр түрлі себептермен әке-шешеден ерте айырылған жас балалар әкесінің, аға-інісінің, немере, шөбере ағаларының қолында үйленгенше бірге тұратын жағдайлар да кездеседі. Мұндай оқиғалар әсіресе Ұлы Отан соғысының одан кейінгі жылдарда көп болды. Еркек балалары болмаған кейбір ата-ана, әсіресе шешесі күйеуге шыққан қызының қолында тұратын отбасылары да бар. Кейде тіпті ұлы жоқ әке-шеше қызын ұзатпай, қолдарына күйеу балаларын кіргізіп алатындары да бар. Мұндай жағдай көбінесе өз әке-шешесі жоқ, тіпті туған туыстары да болмаған жалғыз басты жігіттердің қалыңдығының, әкесінің қолына кіретіндігіне байланысты болады.

Әркім өз еркімен қандай отбасылық құрамын ұнатса, соны тандайды. Әрине, бұған қоғамдық, экономикалық жағдайлар әсер етпей қоймайды. Әсіресе, үйленген ағайынды адамдардың бір отбасы болып табылатын табыстарын да, барлық шығындарын да біріктіріп тұруы қазіргі кезде көпке созылмайды. Өйткені, әр отбасы мүшесі қазіргі күнде еңбек етеді, еңбегіне қарай табыс табады. Табысына қарай ішіп-жеп, киінеді, өз еңбегіне өзі қожалық етеді. Ал әрбір ерлі-зайыпты жастар бөлек үй болуды, жеке тұрмыс құруды ұнатады. Оларды үнемі бірге тұруға мәжбүр етіп тұрған ешбір экономикалық-әлеуметтік фактор жоқ. Олар әдетте жеке тұратын үй мәселесі шешілгенше бірге тұрады. Бұдан, әрине, алысты-жақынды туыстар арасындағы, әке мен балалар арасындағы туыстық қарым-қатынас қазір әлсіреді деген ұғым шықпайды. Олар қазір де бір-біріне керек жағдайда сүйеу болып, көмек беріп, бас-көз болып тұрады.

Жалғыз баласымен бірге тұратын ата-аналардың өздері қазіргі кезде бөлек үй атына тіркеледі. Әкелі-балалы туыстар екі отбасы болып жазылса, әрине, үлес молырақ келеді. Бұл жағдай мұндай отбасында шын мәнісінде үш ұрпақ бірге болғандықтан, жан саны да артық болады.

Үйленген балаларын бөліп шығаруға байланысты қазақ арасында бір малын сойып құрмалдық беру дәстүрі қазіргі уақытта да сақталған. Тойға келген жақын, жанашыр туыстары мұндай жағдайда құралақан келмейді. Әрқайсысы өз әлінше қосарын әкеліп, жас жұбайларға тілектестіктерін білдіреді. Бөлек шығатын жастарға асар ұйымдастыру әдетімен кірпіш құйып, үй салып беру ғұрпы да жиі кездеседі.

Үйленген бір баласынан бөлінген отбасылар өте-мөте жиі кездеседі. Мұндай отбасы мүшелерінің ара-қатынасы әр отбасында әрқалай қалыптасады. Қазіргі отбасы күн көрісінің негізгі көзі қоғамдық еңбегі үшін алатын ақы болғандықтан, ондағы басшылық та соған байланысты. Отбасы қорын жасауда кімнің үлесі басым болса, сол адам от басының ортақ қорына иелік етеді. Бұл мәселе әке мен баланың қоғамдық қатынастардағы орнына, олардың жеке басының отбасына басшылық ете білу қабілетіне де байланысты болады.

Егер отбасы қорының көпшілігі әке табысынан тұрып, әке әлі тұғырдан түспеген жағдайда қолындағы жас баласымен келіні түгелдей әке ықпалында болады. Ал отбасы қоры негізінен келін мен бала табысынан тұрып, әке-шеше қартайып, үй шаруашылығымен айналысатын жағдай туғанда, әсіресе зейнетке шыққан кезде, отбасы тізгіні балаға өтеді. Әрине, үлкенді сыйлау дәстүріне байланысты олардың ой-пікірімен санаса отырып, кейде тіпті көрер көзге отбасы тізгінін соларға берген болып, іс жүзінде өзі басшылық етеді. Мұндайда әке-шеше баласының келісімінсіз өз беттерімен отбасы өміріндегі маңызды мәселелерді шешпейді.

Ауылдық жерде әлі де болса үй шаруасын істеуге байланысты ескі дәстүр сақталып келеді. Үй шаруасының аса бір қатты қайырымы болмаса, күнделікті күйбең негізінен әйелдер үлесіне тиетіндігі айрықша дәлелдеуді керек етпейді. Сондықтан ең алдымен үйдегі әйел еңбегіне тоқталайық: бір-біріне керек жағдайда сүйеу болып, көмек беріп, бас-көз болып тұрады.

Тәулігіне неше рет болсын су әкелу, от жағу, тағам дайындау, ыдыс жуу, ертелі-кеш үй жинау, төсек салып, кір жуу, мал сауып, оның сүтін отбасы керегіне жарату, керек болған жағдайда киім тігу, киіз басу, сырмақ сыру, жүн иіріп, алаша, кілем тоқу, әр түрлі төсек жабдықтарын тігу, шілтер тоқу, кесте тігу, жас балаларға қарау т.б. көптеген үлкенді-кішілі үй шаруасы әйелдер үлесіне тиеді. Бұл арадағы “әйелдер” деген ортақ атауға ене, келін және ересек қыздар қосылады. Енесі болмаған жағдайда шешенің өзі мен оның қыздарына, ал шешенің қыздары болмаса, барлық үй шаруасы түгелдей отбасындағы жалғыз әйелдің үлесіне тиеді. Әрине, бұл үй жұмыстарының бәрі бірдей бір адамның қолынан келе де бермейді. Сондықтан олар өздерінің қолынан келмейтінін басқа шеберлерге жасатады. Оның үстіне қазір киімнің көпшілігін дайын күйінде сатып алатыңдықтан, киім тігу көп уақыт та алмайды. Бұған қосымша іс тігу бұрын қолмен тігілетін болса, қазір әр үйде іс машина тігін жұмысын жеңілдетумен бірге, тігін сапасын арттыруға әсерін тигізеді. Текемет басу, сырмақ сыру, алаша және кілем тоқу көп еңбекті керек етеді. Сондықтан қоғамдық жұмысқа белсене араласатын әйелдер даяр кілем, алаша сияқты дүниені сатып алуды тиімді көреді. Мұндай бұйымдарды үйде отырған, жұмыс істемейтін, егде тартқан әйелдер жасайды. Осы айтылған төсеніш түрлерінің бәрі бірдей әрбір үйде бола да бермейді.

Мәселен, сырмақ сыру қазіргі кезде орталық, солтүстік және шығыс Қазақстанда көп кездеседі де, республиканың оңтүстік өңірінде текемет басу және түрлі кілем тоқу жиі кездеседі. Ал алаша тоқу Қазақстанның барлық жеріне бірдей таралған. Бірақ қазіргі кезде алаша тоқудан гөрі, дайын кілемдер сатып алуды тиімді көреді. Шынында да, жүнді жуу, түту, иіру, бояу, ширатып домалаққа төгу, өрмек жүгірту, өрмек құру, тоқу, енге бөлу, ендерді біріктіріп тігу және көмкеру сияқты толып жатқан еңбек сіңіру керек. Алашаға кететін материал мен жұмсалатын еңбекті қосқанда өте қымбатқа түсетіндіктен, оны тоқу сиреп отыр. Алаша, бау, басқұрлар тоқу Жамбыл, Шымкент, Қызылорда, Атырау, Маңғыстау отбасында әлі де болса өзге жерге қарағанда жиірек кездеседі. Жасөспірім қыздар өнерді тым жақсы игерген. Алғашқы көрсетілген үш облыста жас келіншектер мен оқушы қыздар түкті кілем тоқу өнерін қазір тамаша меңгерген.

Үй шаруасындағы әйел еңбегін жеңілдететін көптеген жаңалықтар ауыл өміріне еніп жатыр. Айталық, қазіргі әйелдер бұрынғыдай тезек теріп, тобылғы, қурай алып, оны жаяу арқалап тасып отқа жақпайды. Көпшілік жердің отыны көмір, ағаш, қи, газ болып отыр. Бұларды түсіру қазір әйелдер үлесіне тіптен жатпайды. Ал тамақ дайындау мен үйге от жағуда да көптеген жеңілдіктер туып отыр.

Мал сүтін керекке жаратуда ауылдық жерде кеңінен тараған сеператорлардың да әйел еңбегін оңайлатуда белгілі әсерінің барлығы сөзсіз. Үй жұмысындағы әйелдерге тән ауыр еңбек - кір жуу. Кір жууда үлкен астаулар мен кір ысқыш темір тақталардың, әр түрлі ұнтақ сабынның, әсіресе кір жуғыш машиналардың ел арасында таралуы кір жуудағы әйел еңбегін жеңілдетумен бірге, оны көріне көзге өнімді етіп отыр.

Қазіргі заманда ауылдық жерде салынып жатқан үйлердің көбеюі мен қала үй жиһаздарының көптеген түрлерінің кеңінен таралуы үй шаруасындағы әйел еңбегін жеңілдетуде әсерін тигізіп отыр.

Осы күні үй шаруасына еркектер де араласады. Қоғамдық жұмыстан бос кезінде малға қарау, үйді жинау, малдың қысқы жемшөбін дайыңдау, отын түсіру, диірменге ұн тартқызу, бақшаға қарау т.б. жұмыстарды еркектер істейді.

Сөйтіп, жаңа типті қазақ отбасындағы қарым-қатынастардың қалыптасуы, ең алдымен, келіннің күй-жайының жақсаруымен, оның қайын жұртымен қарым-қатынасының жаңа жағдайға байланысты мүлдем өзгергеніне байланысты болып отыр. Қазіргі келіндердің отбасындағы бар мәселелерге тікелей араласып, ақыл қосып отыратын шын мәнісіндегі тең құқысы бар екендігі айрықша дәлелдеуді керек етпейді. Жаңа отбасын құрушы қазіргі жастардың ішінде он жылдық, қала берді 7 жылдық мектеп бітірмегені кемде-кем. Орта және жоғары дәрежелі мамандық алғандары қанша. Мұндай жағдай жас жұбайлардың білімділігін, мәдениеттілігін, парасаттылығын, адамгершілік қасиеттерін молайтып, жаңа өмірдің кілтін өз қолына ұстай білуіне мүмкіндік береді. Олар үйде де, түзде де қол ұстасып, отбасы және қоғам мүддесіне сай өнімді еңбек етіп, өнегелі жастар қатарынан табылуды мақсат етеді.

Қазіргі жағдайда келін мен ата-ене, қайын жұртының арасында қатынас өзгеше жағдайда қалыптасып отыр. Бұрынғыдай қайын ата, қайын ағаларынан жасырыну сияқты жағдайлар қазір жоқ.

Сөйтіп, қазіргі күнде ауылдық жердегі қазақ отбасындағы бала тәрбиесінде балалар бақшасының, мектептің, әр түрлі қоғамдық ұйымдар мен үйірмелердің, қоғамдық еңбектің, орта және жоғары оқу орындарының алатын орны өзгеше. Жергілікті өкімет отбасындағы бала тәрбиесіне көп көңіл бөліп, оның мектеппен және әр түрлі қоғамдық ұйымдармен байланысты адамгершілік принциптеріне сай жүруін қадағалап отырады. Нәтижесінде қазіргі ауыл жастары өмірдің қай саласында болсын және қоғамның жасампаз құрушыларына айналып отыр.


3.2 Некелесу түрлері

XX ғасырдың басында бүкіл қазақ халқына тән болған некелесудің ең негізгі түрі - қалыңдықты қалыңмал төлеп сатып алуға негізделген құдалық арқылы неке құру болды. Мұнымен бірге алғашқы қауымдық қоғамда үстемдік еткен топтық некенің қалдығы ретінде қазақ арасыңда әмеңгерлік (левират) және балдыз алу (сорорат) ғұрыптары бойынша неке құру әдеті де өте жақсы сақталып келді. Әр түрлі жағдайларға байланысты ел арасында қыз-келіншектерді алып қашып некелесу әдеті де болды. Бірақ бұл әдет XX ғ. басында құдалық арқылы неке құру ғұрпымен тығыз байланысты болды. Олай дейтініміз, кей уақытта құдалық арқылы некелесу тәртібі алып қашумен аяқталса, енді бірде алып қашу арқылы некелесу міндетті түрде құдалық ғұрпымен қалың төлеу арқылы бітетін.

Қазақ арасында, сирек болса да — XX ғ. басында кездесіп тұратын некелесу түрінің бірі — туған-туысы жоқ, қалың төлеуге шамасы келмейтін жалғыз басты жарлы жігіттер қыз әкесіне қалың орнына күшін сатып, белгілі мөлшерде қызмет істеу немесе қыз әкесінің ер балалары болмаған жағдайда — қолына күшік күйеу болып кіру арқылы неке құру болды. XIX ғ бірінші жартысына дейін әр түрлі жаугершілік уақиғаларға байланысты тұтқын боп қолға түскен қыз-келіншектерді жауынгерлер өзара бөлісіп немесе сауға ретінде сұрап алып некелесу түрі де болған.

Патриархалды құлдықтың жойылмай тұрған кезінде қарауындағы күңге үйлену әдеті де кездескен. Көбінесе алғашқы уақытта күңге ресми түрде үйленбей, тек көңілдес болып жүретін. Мұны қазақ күңге "аяқ салу" деп атаған. Аяқ салудың нәтижесінде күң балалы болса, ауқатты адамдар оны бөлек үй етіп, тоқалы ретінде заңдастыратын. Осындай күңнен туып, өз алдына терезесі тең ел болған ата ұрпақтары, тіпті үлкен рулар да аз емес.

Кісі өліміне байланысты екі елдің арасында дау-шарды кейбір билер қалыңсыз қыз берумен бітіретін. Құн орнына берілген қыз, міндетті түрде барлық жасауымен құн қуушыға ұзатылатын.

Енді жоғарыда айтылған неке құру түрлеріне жеке-жеке тоқталайық. Қалындықты қалыңмал төлеп сатып алуға байланысты құдалық арқылы некелесудің өзі оны жан-жақты қарап, сан алуан сипаттарын еске ала отырып, оның мәнін толық талдауды қажет етеді. Құдалық деген сөздің өзі некелесудің бұл түрінің тек ата, әке не басқа туыстар еркіне байланысты, тіпті күйеу өз тізгінін өзі алған адам болған күннің өзінде, оның атынан сөйлейтін кісі тарапынан жүргізілетіндігін көрсетеді.

Әр әке өзінің шама-шарқына қарай, мүмкіндігінше өзіне теңдес адамды таңдайды. "Бай — бастас, батыр — білектес, би — құлақтас" деген халық даналығы тегін айтылмаған. Алайда құда болудың бірнеше жолы, тәртібі болады. Кейде тағдырлары ұштасып достасқан екі адамның әйелдері екіқабат болса, олар босанбай тұрып — кімде ұл, кімде қыз боларын білмей-ақ — ниет қосып құда болатын. Мұны "бел құда" дейді. Әдетте бел құдалар қалың алыспайтын. Қазақ арасында кең тараған аңыз "Қозы Көрпеш—Баян сұлу" жырындағы Қарабай мен Сарыбайдың тумаған балаларын атастырып серттесуі осы бел құдалықтың анық айғағы: Оңда:

Алланың әміріне көніселік, Көздің қыры түскенін көріселік. Ұл туар да, қыз туар заман болса, Уағдамен қалыңсыз беріселік, — деп уәделескен. Мұндай құдалықтың шарты екеуінің әйелі босанған уақытта бірі ұл, бірі қыз боп туса, екеуін қалыңсыз үйлеңдіру, ал екеуі де бір жыныстан болса, екеуін дос етіп, әкелерінің достығын әрі жалғастыра беру болатын. Қазақ арасында ежелден келе жатқан құдалық түрінің бірі - бесікте жатқан екі нәрестені атастырып қою. Мұндай құдалықты "бесік құда" дейді. Балалары шыр етіп жерге түсісімен қыз айттырып, құда түсу — негізінен ерекше бір мақсатты көздеген әкелердің ісі. Кейбіреулер келешекте ісі түсетін адаммен жақындасуды көздесе, енді біреулері (әсіресе дәулеті шағын орта шаруалар) бесіктегі балалары ер жеткенше қысылып қымтырылмай қалыңмалды біртіңдеп төлеуді көксейді. Қыз әкесінің де өз есебі өзінде болады. Біреулері қызы үшін ерте алынатын қалыңмалдың өсімін пайдалану мен ол малды өз тарапынан керегіне ұстауды, тіпті ер баласына айттырған қыз үшін қалыңға беруді ойласа, енді біреулер шағын дәулетін төгіп-шашпай, асықпай жасау жасап, уақыты келгеңде баласын дұрыстап ұзату қамын ойлайтын. Төңкеріске дейінгі қазақ жұртшылығының басым көпшілігі орта шаруа болғандықтан, қазақ арасында балаларын жастай айттырысу жиі кездесетін.

Қалыңмалды қай уақытта болсын өте қысылмай өтеуге мүмкіндігі бар ауқатты адамдар, әсіресе мың айдаған белгілі байлар төтенше жағдайға байланысты болмаса, бесіктегі балаларын атастырып, құда болуды құптамайтын. Өйткені ірі байлар құда мәселесіңде ел арасындағы рулық талас-тартыс, билік, ықпал, сән-салтанат, байлық т.б. жағдайларды ескеріп, құдалықты өздерінің ерекше мақсатына сай пайдаланатын. Әсіресе екі жақтың да көбірек ойластыратын жайы - құдаларының мол байлығы мен қалыптасқан шаруашылығы болуы еді. Өйткені мұндай мүмкіндік жастардың тұрмыс жағдайына, өміріне айтарлықтай әсер ететіні сөзсіз. Ендеше, мұның өзі әркімнің сана-сезімін, оның тұрмыс жағдайы, болмысы билейді деген материалистік қағиданың қазақ арасындағы тікелей көрінісі іспеттес.

Бесік құда тек қазақ халқына ғана тән нәрсе емес. Оның Орта Азия халықтарының көбінде болатындығын Н.А.Кисляков атап көрсеткен. Қай халықта болмасын бесік құда болудың мәні мен мақсаты жоғарыдағы қазақтар арасындағы бесік құдалықтың мазмұнымен түгелдей үйлеседі. Кисляковтың айтуынша, мұндай құдалар шамасынша бір-біріне сый-құрмет көрсетіп, кейде балаларының көйлектерінің етегіне ішек салып, олардың бірінің күйеу, екіншісінің қалыңдық болғанын әйгілеген. Мұндай құдалар арасында қалыңмал мөлшері де кейде шағындау болған. Сайып келгенде, бесіктегі нәрестелерді атастыру әдетінің тұп тамыры өте көне замандарға, яғни аналық дәуірге кететін тәрізді. Ана үстемдігі дәуірінде бір аналық рудың ұлдары туысымен екінші аналық рудың қыздарының күйеулері болып саналса, соңғы екінші рудың ұлдарының үшінші рудың қыздарының күйеулері болып саналатын неке түрін Л.Я.Штернберг ортодоксалды неке деп атаған. Сөйтіп ортодоксалды неке топты некеден дара некеге өту кезеңімен тығыз байланысты болған.

Бесік құдалықтың ортодоксалды некемен ұштасатындығын гиляктар арасындағы деректер негізіне сүйене отырып, Л.Я.Штернберг "әрбір ұл тапқан әйел босанысымен қызы бар туысына балаларды атастыру керек екенін дереу өтініп, құда түсетін де, олардың білектеріне иттің жүнінен иірілген жіп байлайтын" (28-6) дейді. Қазақ арасындағы бесік құдалығы сонау аналық ру кезінде пайда болғанмен, патриархалды отбасының үстемдік еткен кезінде алғашқы мәнін өзгерткенін, қалың төлеп некелесу ісіне өзінше әсер ететін ғұрыпқа айналғандығын В.В. Востров та атап өткен.

Ел қорғаны болған ер-азаматтар, ел еркесі аталған сал мен сері, ақындар қалыңдықты өздері таңдаған Құда түсу қалыңдық таңдаудан кейін жүргізілетін. Бұдан қазақ арасында әрдайым ер азаматқа қалындық тандауда ерік беріле берді деген ұғым шықпайды. Кейде қатыгез әке өз үкімін жүргізіп, дегенін істейді. Бұған аты шулы "Қыз Жібек" жырындағы Базарбай сияқты феодалдың баласы Төлегенге жасаған қаталдығы айғақ.

Жігітке қалындық тандауда ата-ананың жанашыр жақын туыстары көмектесетін. Қыз таңдаушылар қыздың жағымды, жағымсыз жақтарымен түгелдей танысатын.

Қыз таңдау аяқталған соң, күйеу жағы қыз әкесіне құда түсіп, қалыңмалын түгел төлеп, әдет-ғұрып бойынша толып жатқан алыс-берістер, жол-жобалар, орын-орнымен екі жағынан бірдей орындалған соң, қыз аулында ұзату, күйеу аулында келін түсіру тойы жасалып, құдалық арқылы неке құру түрі аяқталады.

Құда түсу арқылы некелесудің бұдан өзге де түрі болады. Оған, ең алдымен, қарсы құда болу әдетін жатқызу керек.

Некелесудің көне түрінің бірі — қызды алып қашып үйлену. Төңкеріске дейін қазақтар арасында бұл әдет болғанмен, өзінің алғашқы мәнін жойған. Қазақ арасында қыз алып қашудың ең көп кездесетін түрі - өзінің айттырылған заңды қалыңдығын алып қашу. Күйеу жағын мұндай іске мәжбүр ететін әр түрлі себептер болады: қыз әкесі құдасына не күйеу баласына көңілі толмай, немесе өзіне пайдалы басқа адаммен құдандалы болып, оны өз мүддесіне сай пайдаланғысы келеді. Мұндай жағдайларда әр түрлі сылтаулармен алғашқы құдасына қыз ұзату мерзімін соза береді. Тіпті қалыңмалдың түгелдей төленгеніне, немесе оның негізгі бөлігінің берілгендігіне де қарамай, қызын "әлі жас" деген сылтаумен дәйекті жауап бермей, кешеуілдете береді. Бата бұзуға дейін баратын қыз әкесінің мұндай жат ойын сезген жігіт жағы да бірнеше рет кісі салып, алдынан өткеннен кейін қалыңдықты алып қашу шарасын қарастырады. Мұндайда қыз әкесі де қамсыз болмайды. Сондықтан қалындықты алып қашудың ең тиімді жағын ойластырады.

Егер қыз әкесі алғашқы құдасының кедейлігін менсінбей, қызын байлығына, мансабына қызығып жасы үлкен шалға немесе "аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін" дегендей, әкесі бай кемтарға, кейде тіпті тоқалдыққа бергісі келгенде, оң-солын танып қалған қыз бұған көнгісі келмейді, шамасынша қарсылығын білдіреді. Мұндай жағдайда алғашқы атастырған қайын жұртының алып қашуына жеңілдеу болады.

Егер алғашқы айттырған жеріне қалындықтың да барғысы келмейтіндігіне көзі жеткен күйеу жағы қалыңмалы төленіп не жартылай беріліп қойса, мүмкіндігі болса зорлықпен болмаса қапысын тауып ұрлап әкетуге дейін барады. Мұндайда күйеу жағы тегеуірінді ел болса — батыл келеді. Қызды еріксіз әкеткен жағдайда күйеудің өз ауылына тікелей апармай, басқа жерге бой тасалай тұрып, уақиғаның барысына қарай іс істейді. Қыз әкесі қандай мықты болғанмен, әдет-ғұрып алдында өзінің шеттігін сезіп, аса батыл қимылға бармайды да. Оған қосымша қалындықтың қалыңмалын төлеп, енді керек болған жағдайда тартып әкету осал ел мен дәрменсіз күйеудің қолынан келмейді. Мұндай істі өзіне сенген, тәуекелге бел байлаған намысқой ауыл адамдары ғана істейді. Олар әрдайым болған іске бекем болуға түйінеді.

Құда түсу салты бойынша құйрық-бауыр жесіп, ақ бата жасалып, қалыңмал түгелдей немесе жартылай төленіп қойған жағдайда өз қалындығын алып қашудың қандайы болсын кешірілмес күнә емес. Дегенмен мұндай жағдайда қалындықты алып қашқан күйеуге әр түрлі мөлшерде айып кесіледі. Қалыңдықтың келісуімен әкетсе және әкетер алдында құда алдынан бірнеше рет өтіп, қалындықты беру туралы өтініш болса, айып мөлшері мықтағанда ат-тоннан аспайды. Ал мұндай ескерту болмаса, оған қосымша қыз төркіні әлді жер болса, айып мөлшері бір тоғыздан үш тоғызға дейін барады. Кейде намысқой қыз әкесі қызын қайтарып алып, тез арада тойын жасап, жасауымен қолынан да береді. Көбінесе қалындығын алып қашқан күйеу жағы айыбын мойындап, қыз әкесінің алдына келсе болды, әдет-ғұрып бойы заңдылық пішінге келетін. Сайып келгенде, өз қалындығын алып қашу, әсіресе қалыңмалы төленген соң бата бұзғаңдық болып табылмайды.

Енді қыз алып қашудың жоғарыда айтылғаннан басқа түріне тоқталайық. Біреудің айттырып қойған, керек десеңіз, қалыңмалы да төленген қалыңдығын алып қашу да қазақ арасында кездесіп тұратын. Мұндай уақиғалар қандай жағдайларға байланысты болатындығына келсек: бірінішіден ер жеткен сұлу қыздар әрқашан ел ішіндегі еті тірі өнерлі жастардың назарын аударатындығы заңды. Ал қазақ дәстүрінде балаларын жастайынан атастырып қоятындығын еске алсақ, көркімен де, өнерімен де талай жанды тамсандыратын сұлу қыздардың бой жетіп қалған кезде басы босы некен-саяқ кездесетіндігіне күмәндануға болмайды. Мұндайда ер жеткен қыздар өз бойына тең санаған болашақ күйеуіне бар үмітін артып, сонымен бақыт табуды армандайтын. Ал еңді көрікті бойжеткеннің барар жері де, болашақ күйеуі де ойлаған жерден шықпаса ше? Тек қалыңмалын жыға беріп, сұлуды құшпақ болып жүрген жасы келген сасық бай не өнерсіз ез, яки кемтар болса не істемек? Міне, осындай жағдайда ақ батаны аттап, сүйгенімен қашып кететін. Намысқа шамданған жесір иесі қыз алып қашқан жігіт ауылын шауып, жесірін тартып әкетумен бірге, мал-мүлкін, тіпті сол ауылдың басқа қыздарын қоса әкету сияқты зорлық жасалатын да, ел арасында бітпейтін барымта, шабыс басталатын. Нәтижесінде бүкіл қауым жазықсыз жапа шегіп, күйзелушілікке ұшырайтын.

Кейде мұндай шапқыншылық қаупін болдырмау үшін кейбір қатыгез билер бірін-бірі сүйген екі жасты қорғай алмай, намыс кегі кернеген даугер жағына ұстап беріп, аяғы өкінішті өліммен бітетін. Бұған мысал ретінде "Еңлік-Кебек" трагедиясын келтірейік.

Ал енді екі жақ сөзге келіп, билер алдына жүгініске баратындай жағдай туа қалса, қыз жағы мен алып қашушы жігіт жағы кінәлі болып есептелетін де, даудың қаңдай ауыр салмағына болсын көнетін. Сондықтан көпшілік жағдайда бітім шартына жесір иесінің талабы мен ықпалы әсер ететін. Мәселе насырға шаппай, үш ел келісімге келсе, күйеу алып қашқан қызды өзінде қалдырып, оның бұрынғы айттырған күйеуіне қалыңмалын қайтарумен бірге, бір қызды айып ретінде беретін немесе қыз орнына қалың мөлшерін төлейтін. Сонда қыз алып қашушы жақ екі қалың беретін боп шығады. Кейде екі қалың орнына екі қыз беріп (бұрынырақта) құтылатын. Ал қалыңдықты қайтарғысы келсе, айыбына бір қыз не оның төлеуі ретінде қалың беретін. Қыз әкесі айыпты болмаған жағдайда, қыз алып қашушы оған да айыбын беретін қыз әкесі алып қашушымен үңдес болса, бұрынғы құдасына қалыңын қайтарып, өз тарапынан айыбын төлеуге не басқа қызын беруге ерікті болатын. Қыз алып қашқан жігітке жоғарыда айтылғандай ауыр айып төлеу ертеректе болатын. XIX ғ. екінші жартысында қазақ арасына Россия ықпалының күшеюі нәтижесінде қызды қайтарса, 1—3 тоғызға дейін айып берумен бітетін, ал қызды қайтармаса, айыпқа қоса бір қалың беріп құтылатын. Ал жесір үшін кезек шабысуға тыйым салынды

Ел ішінде байлығына масаттанып, өзінен әлсізге зорлық қылуды мақтан ететін есер жуандар жоқ нәрсені сылтау етіп біреудің айттырып қойған оң жақтағы қалыңдығын күшпен тартып әкетуден немесе қапысын тауып еріксіз ұрлап әкетуден тайынбайтын. Мұндай зорлыққа қалындық қарсы болған жағдайда, қыз төркіні күйеу жағы бірігіп қалындықты айыбымен қайтаруды талап ететін. Келіске көнбеген жағдайда шауып алуға дейін баратын. Шапқыншылық қаупінен сескеніп, қалыңдықты қайтаруға мәжбүр болған жағдайда әдет-ғұрыпты бұзғаны үшін міндетті түрде қалындық иесіне айып төлейді Қалындықтың зорлық жасаушы жағынан зәбір көргендігі анықталса, айып мөлшері анағұрлым артық болады. Кейде тіпті қалың-мал құнына теңеледі. Әрине, мұның бәрі қыз төркіні мен қайын жұртының тегеурінділігіне байланысты. Кейде қалындықты еріксіз әкеткен зорлықшыл елдің мерейі үстем болып, қыздың қалыңмалына қосып, азынаулақ айыппен шектелетін жағдай да болады. Мұндай жуан атаның зорлығына тап болған кезде, қыздар оларға еріксіз пенде болып, тағдыр азабына көндігетін.

Сөйтіп, біреудің айттырып қойған қалыңдығын оның келісімімен бе жоқ еріксіз бе — әйтеуір алып қашудың қайсысы болсын, үш ел арасында араздықты үдетіп, өзара барымталасуды күшейтетін. Осыған байланысты ел арасындағы даушар көпке дейін тоқталмайтын. Ал енді ешкімге айттырылмаған басы бос бойжеткен қызды алып қашу - өз алдына назар аударарлық мәселе. Басы бос қызды алып қашу да әр түрлі жағдайларға байланысты болатын. Мұндай жағдай, көбінесе, бірін-бірі сүйген жастар арасында кездесетін. Өйткені қалыңмалды ойдағыдай төлеуге шамасы келмейтін жігіттерге өз қолынан қызын беруге қыз әкесі әрдайым қарсы болатын да, құдалықтан ат-тонын ала қашатын. Мұндайда бір-бірін ұнатқан жастар өз беттерімен қосылуға серттесіп, қыз ешкімге білдірмей уәделі жерге баратын да, жігіт сенімді жоддастарымен келіп алып қашатын. Әке-шешесінің рұқсатынсыз қашқан қызды жігіт бірден өз ауылына апармай, басқа жақтағы сыр сақтарлықтай немесе құдандалы елдерге апарып, келіссөз аяқталғанша бой тасалай тұратын. Кей уақытта қуғыншының келмейтіндігіне көзі жеткен іргелі ауыл өз еркімен келген келінді бірден-ақ ауылына түсіріп, тойын да жасата беретін. Қайткен күнде де мұндай жағдайдың көпшілігі жастардың ықыласын бұзбай, екі жақтың үйлесуімен аяқталатын. Мұндайда қыз түскен жеріңде қалып, ол үшін қалыңмал, түйе бастатқан тоғыз не қалың мөлшеріне тең айып беріп, қыз әкесінің оң батасын алатын. Қызының өз еркімен кеткеніне кезі жеткен ата-ана әменде "бетінен жарышқасын" деп шүкіршілік етіп, баласының бақытты болуына тілектерін білдіретін. Ал қалың мен айыбын алған соң, қызының жасауын беріп, қолынан ресми түрде ұзататын. Бұдан кейін жігіт әкесі келін түсіру тойын жасап, құдаларын шақырып, әр түрлі әдет-ырымдарын жасайтын, құдалар арасындағы алыс-беріс, қарым-қатынас әдеттегідей қалпына түсіп, өмір көші әрі қарай жылжи беретін.

Қыз алып қашудың бұл түрі қайсыбір уақытта керісінше аяқталады. Қыз төркіні тегеурінді ел болған жағдайда, қызының өз еркімен кеткендігіне қарамай, алып қашушы елді шауып-жаншып, қыздарын тартып әкететін жағдай да болып тұратын. Мәселен, өткен ғасырдың 70-жылдарында Қапал уезінің байы Тәнекенің Мана дейтін сұлу қызын оның келісімі бойынша Аякөз маңының байы Тілеулі алып қашады Тәнеке дереу Тілеулі ауылын шауып, қызын тартып алады. Кеп шығынға ұшыраған Тілеулі Тәнекеге кісі салып құдалық сөйлеседі. Қызының бөтен елге барып қайтқандығын ескергендіктен ғана Тәнеке Тілеуліден 100 түйе қалың мал алып, Мананы қолынан қайта берген.

Махаббаты үйлескен екі жастың ата-аналарының құда түсіп, қыз беріп, келін түсіруге шамасы келмейтіндей жағдайда екі жағы астыртын келісіп, жігіт жағы жасырын алып қашқан болады да, қыз төркіні білмей қалған болып, қолдарынан аттандырып жібереді. Мұндай жағдайда құдалар арасында ешқандай келіспеушілік қаупі болмайды. Келін түсірген ауыл өз шамасынша той жасайды. Кешікпей қыз әкесіне кісілер жіберіледі. Әдетте одан кешірім сұралып, айып төленеді. Әр түрлі жол, жоралғы екі жағынан да әдеттегісінше орындала береді.

Кейбір мықты ауылдың жігіттері қызбен аддын ала келіспей-ақ алып қашатын жағдайы да қазақ арасында кездесіп тұратын. Еріксіз әкелінген қызды алдап-сулап сөзге көндіріп, беделді адамдар бастаған елшілер жіберіліп, айыбы мен қалыңмалын төлеуге әзір екендігін білдіретін. Мұның айыбы ауырлау болғандықтан, қыз төркіні айыбы мен қалыңмалын толық етіп алуға тырысатын. "Тас түскен жеріне ауыр" дегендей, еріксіз болса да, қыз барып қалған соң қайтып әкетуді ар көріп, көбінесе ризашылығын беретін. Ал қыздың өзі көбінесе, екі ел арасында даушар басталып, билер алдына жүгінісетін де, кінәлыға айып кесіп, қызды үйіне қайтаратын. Мұндай жағдай сирек кездесетін, оның өзінде қызды алмақшы болған адам кемтар не тым кәрі болса, немесе бірнеше әйел үстіне тоқалдыққа алмақ болса, ақыл тоқтатқан батыл қыздар ғана мұндай қорлыққа ешқашан мойынсұнбайтын. Көпшілік жағдайда бұйығы өскен жас қыздар ғана көндіге беретін. Бұдан кейінгі әңгіме тек төркінімен келісуде қалатын. Қызы көнген жағдайда, төркіні теріс кетпейтін. Алда-жалда қыз төркіні мен күйеу арасында шыққан дау қалыңмалдың не жасаудың толық берілмеуі төңірегінде ғана болатын. Ал қызды қайырып алу деген атымен күн тәртібіне қойылмайтын "Қайыра шапқан жау жаман, қайтып келген қыз жаман" деген мақал тегін айтылмаса керек.

Қазақ арасында неке құрудың бір түрі — ертеректе көрші халықтармен жиі болып тұрған соғыстар мен шабыстарда қолға түскен тұтқын қыз, келіншектерге үйлену болып табылады. Феодалдық қоғам қатынастарының үстем болған кезінде қазақ хандары мен билерінің мүддесіне сай қалмақ, қырғыз, өзбек, түркмен, қарақалпақ және башқұрт халықтарымен болған әр түрлі шайқастардың нәтижесінде қолға түскен тұтқын қыз, келіншектерді, ең алдымен, соғысқа қатысқан батырлар бөлісетін де, одан қалғандарын ел шетіне кірер-кірместе алдынан сауғалап шыққан туыстары алатын. Сөйтіп, тұтқынға түсіп батырлар үлесіне тегін тиген жас қыздар мен келіншектер неке құратын болса, мосқал тартқандарының күні күңдікте өтетін.

Жаугершілікте пенде болып қолға түскен Орта Азия халықтарын былай қойғанда діні, тілі, әдет-ғұрпы, салт-санасы бөлек қалмақ қыздарының қазаққа сіңісіп кеткендері туралы қазақ арасында аңыз-әңгімелер өте жиі кездеседі. Аңыздар бойынша кей уақытта қолға түскен тұтқын сұлуға көптеген батырлар таласып, өздерінің қолбасшыларының алдына баратын, енді бірде қыздардың өздеріне таңдау беретін. Мәселен, "Бөгенбай батыр" жырында немесе С.Сейфуллиннің "Көкшетау" поэмасында қолға түскен қыз-келіншектерді бөлісу мәселесінде олардың кейбіреулеріне таңдау беретіндігі сөз болады. Орта Азия және Қазақстан жеріндегі халықтар арасындағы феодалдық шапқыншылықтардың келе-келе сиреуіне байланысты, біртіндеп қолға түскен тұтқын қыз-келіншектермен неке құру түрі де сиреді, бара-бара мүлдем жойылды. Әсіресе XVII ғ. ортасында жоңғар мемлекетінің күйреуіне және Қазақстан жерінде Россия үстемдігінің орнауына байланысты феодалдық соғыстардың тыйылуы тұтқындарға үйлену мүмкіндігін келе-келе жойды.

Ата-анадан ерте қалып, жетімшіліктің, жоқшылықтың зардабын басынан өткізген жарлы жігіт ес білісімен өз еңбегімен күн көруге кіріседі. Мұндай адамдардың әдетте қалыңмал беріп әйел алуға, өз бетімен үй болуға көбінесе мүмкіндігі болмайды. Сондықтан олар көп жыл бойы жалға жүріп, үйлену үшін мал табуға кіріседі. Кейде олар қызы бар, ұлы жоқ адамдарға бірнеше жыл қалыңмал үшін қызмет істеп, қызын алатын. Мұндайлар көбінесе қайын атасының қолына кіріп, қызына үйленетін, оларды "күшік күйеу" деген. Мұндай ат қою тегін емес.

Өз елінде жанашыр жақыны жоқ жарлы жігіттер бөтен елде кәсіп қуып жүріп, үйленіп, қайын жұртында қалып қойса, оны кірме күйеу деп атандыратын. Бірақ барлық шаруашылығы қайын атасының шаруашылығынан бөлек болатын.

Сөйтіп, қазақ арасында кездесетін күшік күйеу де, кірме күйеу де негізінен жетімдік, жалғыздықтың нәтижесінде болатын. Қайын жұртында қалып, өз алдына ел болып, кейін сол рудың бір атасы болып сіңісіп кететін жағдай да жиі болған. Мәселен, Найман тайпасының ішіңдегі қаракерей руының бір үлкен атасы Байжігіт деп аталады Байжігіт ұрпағы Тарбағатай, Зайсан атырабында мекендейді. Аңыз бойынша Байжігіттің әкесі Тоқтар дейтін оңтүстіктен келген жалғыз жігіт Байыс байдың қолыңда көп уақыт қызмет істей жүріп, оның Мақта дейтін қызына үйленіп, осы елде мүлде қалып қойыпты. Одан Байжігіт, Жанжігіт дейтін екі бала болыпты. Әкесі өлген соң Жанжігіт әкесінің елін іздеп оңтүстікке кетіпті де, Байжігіт нағашы жұртында қалып қойып, жоғарыда айтылған Байжігіт дейтін үлкен рулы елдің негізін салыпты. Қазір Байжігіт ұрпағы түгелдей бұл аңызды білгенмен, өздерін найман, оның ішінде қаракерейміз дейді. Бұған қарағанда некелесудің бұл түрі қазақ арасында ертеректен келе жатқандығын аңғаруға болады.

Сөйтіп, қазақ арасында әлде де болса сақталып жүрген күйеудің қалыңдық әкесінің қолына енуі не сол елге кірме болып қалып қоюы патриархалдық қарым-қатынастан бұрын болған матриархалдық некенің жұрнағы болса керек. Сондықтан да патриархалдық некенің әбден жеңген кезінде оның ішінара бой көрсетуі оқшаулау көрінуі заңды нәрсе.

* * * Неке құрудың ең бір көп түрінің, яғни алғашқы қауымдық қоғамда болған топты некенің жұрнағы ретінде қазақ арасында әмеңгерлік (левират) және балдыз алу (сорорат) әдет-ғұрыптары бойынша үйлену тәртібі күні кешеге дейін сақталып келді. Бұл әдеттер тек қазақ халқына емес, сонымен бірге көптеген түрік тілдес халықтар мен монғол халықтарына да тән. Ол туралы дүние жүзі халықтарының өмірінен этнографиялық деректер жинаған көптеген зерттеушілер жазған болатын. Қыруар құнды деректерді ғылыми тұрғыда талдай отырып, бұл әдеттердің тегі мен сипаты туралы дүрыс пікірлердің айтылуы біздің аддымыздағы міндетті бірқыдыру жеңілдете түседі. Соңдықтан біз деректердің жалпы түп тамыры, шығу тегіне көп аялдамай, тікелей қазақ өміріндегі деректерді баяңдаумен ғана шектелеміз. Әмеңгерлік және балдыз алу алғашқы қауымдық қоғам қатынастарының жұрнағы ретінде осы күнге дейін өзінің алғашқы мазмұнын өзгертпей қойған жоқ. Қоғамдық қатынастардың өзгеруіне сай, бұл әдеттердің де мазмұны өзгеріп отырды.

Енді әмеңгерлік әдеттің қазақ халқында қалай сақталып, қандай жағдайларда қалай орындалып келгендігіне біраз тоқталайық. Қазақта "Аға өлсе — жеңге мұра, іні өлсе — келін мұра" деген мақалға айналған нақыл бар. Мұның негізгі мәні күйеу өлген жеңгені ағасының мұрагері есебінде қайнысы алады немесе күйеуі өлген келінін қайнағасы алады деген сөз. Мұра есебінде тек әйел ғана емес, онымен бірге бала-шағасы, мал-мүлкі де өлген адамның ең жақын мұрагеріне тиеді. Ағалы-інілі адамдар бірінің баласын бірі әрдайым балам дейді. Әсіресе ағасына інісінің баласы тек қана бала қатарында болса, інісіне ағасының баласы іні қатарыңда болады. Сондықтан әкесі олген жас балаларға жетімдік керсетпеу үшін, әсіресе олар-дың жас шешесі бөтен елге кетіп, мал-мүлікті бетенге олжа, жас балаларды жат бауыр етпеу үшін жесірді еш-қайда жібермей, жақын әмеңгері иемденуге тырысатын. Жесір әйелге күйеуінің барлық туыстары әмеңгер болып есептеледі. Бірақ олардың құқы туыстық жақындығына байланысты болады. Ең алдымен, күйеуінің бірге туған аға, інісі ағасының баласы, немере, шебере туыстары, одан қала берді аталас жақындарының жесірге иелік етуге әмеңгерлік қақы болатын. Мұның өзі қалыңмал төленіп алынған әйел тек өзінің күйеуінің ғана емес, онымен бірге барлық туыстарының, тіпті рулы елдің иелігіне көшетіндігінің анық айғағы болып табылады.

Күйеуі өлген жесір әйелді әмеңгерлікпен алудың толып жатқан тәртібі бар. Әмеңгерлік - күйеуі өлген әйелдердің барлығына бірдей жүреді. Бірақ әр түрлі жағдайларға байланысты бұл әдетті бірде пайдаланса, екінші жағдайда оны пайдаланбайды. Бұл мәселеге үңіле қарап, оның сыр-сипаты мен мәнін тереңірек талдасақ, қазақ арасына кеңінен тараған әмеңгерлік әдеттің қандай жағдайға байланысты қалай орындалатындығын дұрыс түсінуге болады. Сондықтан төңкеріске дейінгі әлеуметтік құқық мәселесі туралы қалам тартқан авторлар пікірлеріне біраз тоқталайық.

Бізде бар әдеби деректерге қарағанда, қазақ арасында әмеңгерлік әдеттің болғандығы туралы ең алғашқы мәліметті қапитан И.Андреевтің еңбегінен кездестіреміз. Онда "Өлген күйеуінің жылын өткізген соң, әйел күйеуінің бірге туған аға-інілерінің біріне немесе басқа жақын туыстарына тұрмысқа шығады" делінген. Бұдан гөрі толығырақ деректі 1824 ж. қазақтың әдеттік құқы жайында Омбының уақытша комитеті жинаған материалдардан да кездестіруге болады. Бұл құжатта баласыз қалған жесір, ең алдымен, күйеуінің ағасына тұрмысқа шығуы керек. Ал жесір қайнысына шыққысы келсе, оған қарсылық жасалмайды, бірақ жеңге алған інісі ағасына жолы деп 9 бас мал беретін болған. Жесір тұрмысқа шыққысы келмесе, оған ешкім зорлық жасамайды. Бірақ бөтен біреумен байланыспауын қатал бақылайды. Сонда да жесір басқа біреуге тұрмысқа шыққысы келсе, оған тыйым салмағанмен, мал-мүліктен ештеңе бермеумен ғана шектелмей, оның тиетін күйеуінен толық қалыңмал алады.

Баласыз қалған жесірдің күйеуінің туған немере, шөбере туыстарына ез еркімен шығатындығын және мұңдай әмеңгерлер болмаған күнде бөтен біреуге шығуына да қарсылықтың болмайтынын 1846 ж. Кіші жүз ішінен этнографиялық деректер жинаған ұлық Д.Аңдре баян еткен. XIX ғ ортасыңда Кіші жүз қазақтарының арасындағы әмеңгерлік құқық жайындағы деректерде жесір әйел, ең алдымен, күйеуімен егіз туған сыңарына шығуға міңдетті де, оңдай болмаған күңде жоғарыдағыдай туыстық жақындығына қарай шығатындығын ФЛазаревский келтірген.

Қазақтың әмеңгерлік құқы туралы егжей-тегжейлі деректерді Л.Баллюзек еңбегінен табамыз. Ер балалары бар жесір қайнағасына, қала берді қайныларына тиеді және барлық мал-мүлікті әмеңгердің қарауына өткізеді. Баласыз жесір әмеңгерінің біріне шыққан уақытыңда тек төсек-орын, киіз үй, азын-аулақ малдан басқа ештеңе алмай, қалған мал-мүлік туыстар арасында бөлінетін. Жесірде бір ғана қыз болса, ол өз үлесімен шеше қолыңда болады, ал бірнеше қыз болған жағдайда, шеше қолында біреуі ғана қалып, қалғаны өз үлестерімен туыстар арасыңда бөліске түседі. Егер жесірдің бір ұл, бірнеше қызы болса — барлығы түгелдей, мал-мүлкімен, шешесімен бірге әмеңгер қолына көшеді. Баласы бар егде тартқан жесір тұрмысқа шықпаймын десе, оған зорлық болмайды. Ылғи қыз болған жағдайда бір туысының ер баласын асырап бауырына салады. П.Е.Маковецкий болса әмеңгерлер тарапынан жесірге жасалатын зорлыққа баса көңіл бөлсе, И.Аничков біршама асыра сілтеп, шындыққа қиянат жасауға бой ұрған. Мәселен, И.Аничковтың айтуынша, жап-жас жігіттердің әйел үстіне мосқал тартқан жесір жеңгесіне әмеңгерлік құқық бойынша үйлену себебі: біріншіден, жеңге үшін бір кезде төленген қалыңмалды босқа жібермеу; екіншіден, оның қызы болса, келешекте ол үшін алынатын қалыңмалды өзіне екінші әйел айттыру үшін пайдалану мақсатын көздегендіктен деп түсіндіреді. Біздің қолымыздағы көптеген әдебиет, архив деректері бойынша, жесірді әмеңгерлік әдетімен күйеуге шығуға ылғи зорлау, күштеу әдісімен мәжбүр етеді деу қиянат сияқты. Әрине, зорлау, жәбірлеу де болған, бірақ бүкіл халық әрдайым осылай істеді деу шындыққа жатпайды. Ал қыздың қалыңмалын өз мүддесіне пайдалану мәселесіне келсек, ол да жете түсінбей, сырттай топшылаудан туған жаңсақ пікір. Тіпті бұған дәлел ретінде қызға берілетін жасау мен той шығындары көпшілік жағдайда ол үшін алынатын қалыңмалдан артық болатынын айтсақ та жеткілікті.

Әлі баладан қалмаған жас әйелдердің күйеуі өлсе, әсіресе оның алғашқы күйеуінен бала қалмаса, ол әйел міндетті түрде екінші күйеуге шығу керек. Мұндай жағдайда қалыңмал төленіп алынған жесірін басқаға мал-мүлкімен жібермеу оның әмеңгері болып есептелетін ең жақын қайын ағасы не қайнысы алу керек. Қазақ ғұрпы бойынша алғашқы жол — ағанікі. Сондықтан бұл тәртіп әрқашан сақталатын. Бірақ та қайнағасының жасы келінің жасынан тым алшақ жатса, оның үстіне жесір жасына лайықты басқа інілері болса, солардың біріне өз еркімен жолын беретін.

Мұндай мәселе жесір әйелдің өз пікірін еске ала отырып, ағайынды адамдардың арасындағы ақыл-кеңестің нәтижесінде күйеуі өлгеннен кейінгі бір жыл ішінде шешілетін. Егер жасы келіп қалған әйел ешкімге шыққысы келмесе, өлген күйеуінің түтінін түтетіп отыра бергісі келсе, оған қарсы болмайтын. Мұндайда жесір әйелді ұстап тұрудың бір жолы — жақын әмеңгерінің бірі баласын беріп, сырттай қамқорлық жасайтын.

Күйеуінен баласымен қалған жас әйелдерді балаларымен алғысы келген немесе туыстар кеңесі ұйғарған әмеңгер ниетін білдіретін. Мұндай ұсынысқа көне қоймаған әйелдердің өздеріне астыртын таңдау беріп те байқайтын. Баласы бар әйелдер әмеңгерлік тәртіппен ерге шыққысы келсе, мүмкіндігінше күйеуінің ең жақын тусын қалайтын. Өйткені алғашқы күйеуінен қалған балаларының қас қабағына қарап, өз баласындай етіп тәрбиелеу тек жанашыр жақын туысының ғана қолынан келетіндігі ежелден белгілі.

Балалары ер жетіп қалған жесір әйел бұдан былай тұрмысқа шықпай, өлген күйеуінің түтінін түтетіп, балаларын бағып отырам десе, оған ешбір әмеңгер өктемдік ете алмайтын. Қайта ел болып рахметін айтып, барлық туыстары мүмкіндігінше қамқорлық көрсететін.

Әмеңгерлік әдетімен ерге шыққан әйелдер көпшілік жағдайда жаңа күйеуінің екінші не үшінші әйелі болатын. Сондықтан оларды еркімен көндірген күннің өзінде экономикалық және моральдық жағынан туып отырған қиын жағдайдың күшімен, толассыз үгіт, алдау-арбаудың ықпалымен көндіретін. Біреу баласын қимаса, енді біреуі мал-мүлкін, түскен жерін қимайтын, немесе өз бетімен басқа жол таппай, жылай-жылай айтқанға көніп, күндесінің күңі болуға өз тағдырын душар ететін. Мұндай жағдай көбінесе ауқатты шаруалар мен байлар арасында кездесетін.

Ал енді қалыңмал төлеп үйленуге шамасы келмей жүрген кедейлер арасында әмеңгерлік әдетті пайдаланудың өзіндік ерекшелігі де болады. Айталық, ағасы өлген бойдақ жігіт жесір жеңгесін алса, ол оның бірінші әйелі болады. Әрине, жеңге үстіне басқа әйел алуға қақысы болғанымен, мүмкіндігі болмай "асулы қазан, тігулі үйге" ие болып, ағадан қалған балаларды қамқорлығына алып жесір жеңгесімен күн көріп жүре береді.

Әмеңгерлік әдетке мойынсұнбай басқа елдің адамына өз қалауымен тұрмысқа шыққысы келген жесірге бүкіл ел болып намыс жыртысып, қайткен күнде оны жібермеуге тырысатын. Кейде қатал жазалар да қолданылатын. Тіпті болмаған жағдайда жесірдің мал-мүлкінен басқа төсек-орнынан ештеңе бермей жіберумен қоймай, есейіп қалған балаларын да алып қалатын. Тек емшектегі балалары ғана кей жағдайда шешесімен бірге кететін Ал, жесірдің болашақ күйеуінен қалыңмал даулап алатын. Әйел де, күйеуі де осы үкімге көнген жағдайда ғана жесір дауы бітетін, әйтпесе екі ел арасында барымта басталуы ықтимал.

Күйеуі өлген әйелдің баласы болсын-болмасын, оған иеменерліктей әмеңгер болмаса, әйел тұрмысқа шығуға ниет білдірсе, ақсақалдар жиналып рұқсат беретін. Бірақ әйелдердің келіскен адамынан жолына түйе не ат бастатқан тоғыз алып бітісетін. Кейде 20—25 жасар жесір қалған қаралы келіндерін 60—70 жасар қайнағалары жібергісі келмейтін. Мұндай жағдайда әйелдер тарапынан наразылық туып, билер алдына немесе уездік әкімдерге шағым беретін де, әйелдер талабы әрдайым қолдау табатын.

Күйеуі өлген жас келінін қолма-қол қоса қоярлық жас баласы болмаса да, үй ішінің шаруасына нық, қайратты келінін өз ұясынан шығарғысы келмеген байлар бірнеше баланың анасы болып, мосқал тартып қалған келіндерін. 10-13 жасар баласына зорлап неке қидырып қосатын. Мұндай жағдайға душар болған әйел бала "күйеуіне" әйелдік міндетін атқару орнына, оның тәрбиешісі міндетін атқаратын. Ал ол ер жеткен кезде сол үйдің нағыз күңіне айналатын. Мұнымен келіспеген келіндер қатал атасының істеп отырған қиянатына көнбейтін де, билер алдына немесе уезд әкімшілігіне дейін жүгініске баратын.

Кезінде әмеңгерлік құқын пайдаланбай, жесір отырып, күйеуінің отын сөндірмей, балаларын жеткізіп "ұлын ұяға, қызын қияға қондырып" көңілі тынған анаға көксе тартқан шағында әмеңгерлікпен тұрмысқа шығуға тура келетін жағдай да болатын. Не қайнысының, не қайынағасының қартайған шағында әйелі өліп от басында жалғыз қалса, яки жайсыз келінінің қолына қарап бабы табылмаса, ағайын-туғандар жесір жеңгелерін көндіретін.

Әмеңгерлік әдетпен неке құру тек жесір қалған әйелдерге ғана тән емес, ол алғашқы атастырған күйеуі өлген жағдайда оң жақта отырған қалындыққа да тән болатын. Құда түсіріп, құйрық-бауыр жескен соң, бәрібір қалыңмалының төленіп-төленбеуіне қарамай-ақ күйеуі өлген қалындық айттырған елдің жесірі болып саналатын. Сондықтан да жесір дауының көпшілігі осындай жағдайдан туатын. Әрине, мұндай жағдайда қалыңмалдың бұрын келіп үлгеру, үлгермеуі жесір қалған қалындық мәселесін шешуге әр түрлі әсер ететін.

Халық дәстүрі бойынша, қандай жағдайда болсын, күйеуі өлген қалындық айттырған елдің занды жесірі болатындықтан, ол күйеуінің бірге туған аға-інісінің біріне тұрмысқа шығуға міндетті. Ал енді осы міндеттілік іс жүзінде қандай жағдайда, қалай орындалатындығына тоқтайық.

Күйеу жас күйінде өлсе, қалындық та әлі жас болса құдалықты үзбей, өлген күйеудің ешкімге атастырмаған інісіне атастырып, бұрынғы келісілген қалыңмалдың үстіне бір ат үстеме төлейді. Егер өлген күйеудің басы бос, қыз айттырмаған інісі болмай, басқа жерде айттырылған қалыңдығы бар інісіне немесе үйленген ағаларының біріне қосқысы келсе, бұрынғы келісілген қалыңмал үстіне түйе бастатқан тоғыз төлеу керек болатын Қалындық ер жетіп қалған жағдайда басы бос тым жас әмеңгері бола тұрып, күйеу әкесінің еркі бойынша үйленген балаларының біріне қосатын болса, түйе бастатқан тоғызды екі не үш еселеп беретін. Өлген күйеудің өзімен бірге туған ешбір еркек кіндік болмаса немесе туыстарының да қалыңдықты әмеңгері ретіңде алуға хақы бар. Бірақ қыз әкесінің олардан бас тартып, қалыңмалын қайыруға да еркі бар. Бұл жағдайдың өзі қазақ арасындағы әмеңгерлік құқықтың әлсіреу нышаны тәрізді. Ал қалыңмал қайыруға мүмкіндігі болмаса, немесе ықыласы түскен сыйлас құдасынан айырылғысы келмесе, өлген күйеуінің немере туыстарына да әмеңгерлік тәртіппен қызын беретін.

Қалыңмал қайтарудың да өзіндік тәртібі бар. Күйеу ұрын келуге үлгермей қайтыс болса, берілген малды түгел қайтарып, ал ұрын келгеннен соң өлсе — бұған дейін берілген малдың жартысын немесе түйе бастатқан тоғызын алып қалып, қалған бөлігін түгелдей қайтаратын.

Егер күйеуі өлген жесір қалындықтың әкесі ешбір әмеңгеріне бергісі келмесе, бата бұзып, қалыңмалды қайтарғысы келсе, халық ғұрпы бойынша оған әр түрлі айып кесілетін. Мұндайда күйеудің ұрын келіп үлгеру-үлгермеуіне қарамай, төленген қалыңмалды түгел қайтаратын. Күйеу ұрын келіп үлгермесе және қызын әлі үйленбеген қыз айттырылмаған әмеңгеріне бермей отырса, қалыңмал үстіне бір тоғыз айып қосылады, ал бұдан бұрын үйленген не айттырылған қалындығы бар әмеңгеріне бермей отырса, қайтарылатын қалыңмал үстіне бір түйе не ат қана қосылатындығын көрсеткен Баллюзек пен Добросмыслов болатын.

Ал енді қалыңмал той малына дейін түгел беріліп, тек ұзату тойының алдында ғана күйеу өлсе, қалыңдықтың жасауын жасап, тұл отауын тігіп, көлік, сауынымен түгелдеп қаралы ауылға қалыңдығын дереу көшіріп апарып, күйеуін жоқтату керек. Бүйтіп барған қалыңдықты өлген күйеуінің бір туысқанына әмеңгерлік тәртіп бойынша қосатын. Мұндай жағдайда апарылған қалындық кімге тиетіндігін күні бұрын біліп баратын. Сондықтан ешқандай наразылықсыз және басқадай жол-жоралғысыз-ақ басына түскен тағдырға көндігетін. Әрине, мұндай жағдайда, ең алдымен, себепкер болатын өлген күйеу әкесінің ел ішіндегі абырой-атағы, кісілік парасаты мен дәулеттілігі болса керек. Онсыз да қаралы болып отырған қадірлі атаның көңіліне қарап, қайткен күнде де оның жабырқаған көңілін сергіту жағын ойлаған немесе осындай жалпаңы үшін келешекте оның да бір есесін қайыратындығынан үміт еткен құдалар жасайтын. Бұл арада да қыздың басы саудаға түсіп жатқанын әдет-ғұрып деген пердемен бүркемелемек болатын. Баласынан айырылып, қаралы болып отырған ата-ана үшін мал беріп көп шығындалған келіні бар жасау-жабдығымен түсіп жатса, өшкен шырағы қайта жанғандай көңілдеріне медеу, жандарына желеу болғандай, біраз сергітіп тастайтыны да рас. Қаралы боп түскен келініне жылы өтісімен бір баласын үйлендіретін жағдай туып, басына бас, малына мал қосылса, шүкіршілік етпеске не шара. Құдасының мұндай ерлігіне де дән риза болып, шын тілеулестігін білдірді деп ағынан жарылатын.

Қаралы түскен келінін айттырылған қалындығы бар кіші баласына қосатын болса, өлген ұлының жылын өткізіп, қаралы күні аяқталғанша кіші баласының отауын түсіру керек. Өйткені өз қалындығына үйленбей тұрып жеңге алса — қайын атасы да, қалындығы да қарсы болып, әйел үстіне келмей қоюы мүмкін. Сондықтан әуелгі уәдеде тұрып, өз жолымен кіші келінді түсіріп, одан соң күйеуі өлген жесір келінін әмеңгерлік әдетімен жеңге алған екінші әйел есебінде қосатын да, мал сойып, құрмалдық жасайтын. Ал әйелі бар үлкен баласына қосатын болса да, осы сияқты жылын өткізген соң үйлендіретін.

Сөйтіп, әмеңгерлікпен күйеуге шыққан қалындық көпшілік жағдайда әйел үстіне баратын. Тек айттырылған қалыңдығы жоқ ер жеткен әмеңгері болған жағдайда ғана күйеуінің бірінші әйелі, яғни бәйбіше атанатын. Қазақ арасында әмеңгерлік әдеттің мұңдай түрі де тым ертеректен бері келе жатқандығын қазақ эпостарынан көруге болады. Оған мысал ретінде Төлеген өлгеннен кейін Қыз Жібектің басқа күйеуге шықпай, сүйген жары Төлегеннің туған інісі Сансызбайға күйеуге шығып, көп жасаумен ұзатылғандығын келтірсек жеткілікті болар. Қазақ халқында әйелі не қалыңдығы өлген жағдайда балдыз алу әдеті де (сорорат) болған. Әйелі өлген жігіттің қайын атасының қолында айттырылмаған бой жеткен қызы болса, күйеу әкесі құдасына барып, "жиендерің жетім қалды, келінімнің бой жетіп отырған сіңлісі бар екен, ата-бабамыздың жолы ғой" деп салмақ салады. Қыз әкесіне құдасы да, күйеу баласы да ұнайтын болса, өлген қызы тіршілігінде күйеуінен, қайын жұртынан қорлық-зорлық көрмей сыйласып өтсе, басы бос қызын жездесіне беріп, құдандалық қатынасты әрі қарай соза береді. Балдызы үшін "балдыз қалың" беріледі де, алғашқы қызын алғандағыдай ырғап-жырғамай, киім-кешегімен ғана алып кетеді. Бұған берілетін жасау балдыз қалыңның мөлшеріне шамалас болатын. Құдаларының бірі келінінен, екіншісі туған қызынан, ал күйеу сүйікті әйелінен айырылып, балалары жетім қалып жатқанда сыйлас құдалар бірін-бірі көп қинамай, көбінесе жеңіл-желпі ырымын жасап қана, "жең ұшынан жалғасып" дегендей, жездесіне балдызын қосатын. Әрине, күйеу мен балдыздың жас ерекшелігі де онша алшақ болмау керек. Оған да мұқият қарайтын.

Егер қыз әкесіне күйеуі немесе құдасы ұнамаса, әсіресе өлген қызы түскен жерінде тиісті сый-құрмет көрмей, ылғи жәбірленіп жүріп дүние салса, басы бос бой жеткен қызы бола тұра бергісі келмесе, ешкім оны зорлай алмайды. Сондай-ақ бойжеткен қызы біреуге айттырылып қойған болса, бұл мәселе тіпті сөз де болмайтын.

Балдыз алу мен балдыз берудің міндетті түрі қалыңдық оң жақта отырып өлген жағдайда болатын. Қалыңдық өлісімен, күйеу бірнеше жолдастарымен қайынатасына келуі керек. Егер ол уақытында келмесе, балдызын алу құқынан мүлде айырылады. (Е.Гродеков, 57) Сондықтан түрлі себептермен уақытында өзі бара алмайтын болса, бір сенімді адамды басшы етіп уәкілдер жіберетін. Мұндай жағдайда көбінесе күйеу әкесі өзі келіп, мәселені шешіп қайтатын. Өлген қалындықтың басы бос бойжеткен туған сіңлісі болса, міндетті түрде жездесіне береді.

Егер күйеу алғашқы қалыңдығына ұрын келіп үлгерген болса, балдызы үшін бұрынғы келісілген қалыңмал үстіне "балдыз қалың" (1-2 түйеден 1 тоғызға дейін) төлейтін. Ал енді алғашқы қалындығымен ешқашан кездеспесе, яғни ұрын келіп те үлгірмесе, балдыз қалың төлемейтін. Егер балдызы тым жас болса, қыз әкесі оны бой жеткізіп беруге уәделеседі де, құдалар жағына ат мінгізеді. Балдызының бой жетуін күткісі келсе, әдет бойынша, балдыз қалыңын төлейтін болып келіседі. Өлген қызының орнына беретін басқа қызы болмаса, берілген қалыңмалды қайтару керек. Мұндай жағдайда қайтарылатын қалыңмал мөлшері күйеудің ұрын келіп үлгеру-үлгермеуіне байланысты болған. Егер қалындық күйеумен әлденеше рет кездескеннен кейін өлсе, алынған қалыңмалдан "балдыз қалың" мөлшерін ұстап, қалғанын қайтаратын, ал мұндай кездесу бір рет те болмаса, қалың үшін алынған мал түгелдей қайтарылатын. Ал бойжеткен басы бос қызы бола тұрып бермесе, қыз әкесі алған қалыңмалын түгел қайтарумен бірге, түйе бастатқан бір тоғыз айып төлейтін. Балдызын жездесі жақтырмай, оны алудан бас тартса, кінә күйеуге ауып, айып тартады. Өтелген қалыңмал саны кесілетін айыптан кем болса, түгелдей қайтарылмайды. Мұндай айыптың мөлшері түйе не ат бастатқан тоғызға дейін баратын. Кейде қайтарылуға тиісті өтелген қалыңмалдың жартысына дейін айып кесілетін.

Балдызының тым жастығын еске ала отырып, оны алудан бастартқаны үшін де күйеу айып тартатын. Әрине, мұның кінәсі жоғарыдағыға қарағанда солғындау болғандықтан, айып мөлшері де кінәсына сай болатын. Гродековтың деректері бойынша, алынған қалың-малдың үштен екісі күйеуге қайтарылып, өзгесі қыз әкесінде қалатын.

Өлген қалындықтың туған сіңлісі тым жас болса, оны күйеу жігіттің інісіне атастырып, құдалықты күшіңде қалдыратын әдет-ғұрып та бар. Мұндай жағдайда балдыз қалыңның төлеу-төленбеуі тағы да күйеудің қалыңдық ойнап үлгеру-үлгермеуіне байланысты, яғни күйеу ұрын келіп үлгірсе, өлген қалыңдықтың сіңлісін күйеудің інісі алатын болғанмен, белгіленген қалыңмал үстіне "балдыз қалың" төленетін, ал ұрын келіп үлгермесе төленбейді. Қалыңдық дәл ұзатар тойдың алдында, яғни қалыңмал түгел төленіп, өлтірі және той малы толық беріліп, қалындықтың жасауы (отау, киім-кешек, төсек-орын т.б.) түгелдей дайын болған кезде қайтыс болса, халық арасындағы әдет-ғұрып бойынша, өлген қалыңдықтың орнына оның сіңлісін беруді күйеуі де талап ете алмайды, қыз әкесі де міндетті болмайды. Мұндайда қалыңмал да қайтарылмайды, оның орнына қызға арналған жасау, яғни киім-кешек, төсек-орын, отау және көш-көлігі мен мінгізетін аты түгелденіп, "тұл отау" деген ортақ атпен күйеу ауылына жөнелтіледі. Өйткені жоғарыда айтылған дайындықтардан екі жақтың құдалыққа байланысты алыс-берісі түгелдей аяқталған жағдайда қалыңдық толығымен күйеу елінің адамы болып есептеліп, өлікке байланысты әр түрлі әдет-ғұрыптарды күйеу ұйымдастыратын. Әрине, мұндай жағдайдың өзінде де қыздың бой жеткен басы бос сіңлісі болса, күйеу жағы ниет білдірмей қалмайды, тағы қосымша қалыңмал төлеуге де даяр екенін білдіреді. Бірақ қыз әкесі бұл пиғылды қолдамай, "бір баламды бердім, оны құдай саған да, маған да көпсінді. Жасауын толық беріп отырмын, кемдігі болса, айтыңыздар, әйтпесе осыған риза болыңыздар" десе, оған қарсы өкпе де, дау да жүрмейтін. Сірә, өлген қалындықтың жасауын толық етіп дереу жіберуі, оның басы бос сіңлісін бер-меу мақсатын көздегендіктен де болу керек. Өйткені мұндай жағдайда өлген қалындықтың артында балдызы ретінде беретін ешкімі болмаса, жасау да берілмейтін, қалың да қайтарылмайтын. Ал құдасынан не күйеу баласынан түрлі себептерге байланысты ажырасқысы келмегендер осындай жағдайдың өзінде кіші қызын бермек болып, "балдыз қалыңды" екі еселеп алатын. Қыз әкесінің мұңдай шешімін күйеу жағы үлкен ықыласпен қарсы алып, құдасына ерекше сый-құрмет көрсететін.

Сөйтіп, балдыз алу балдыздың күйеуге шыққан не айттырылып оң жақта отырған апасы өлген жағдайда ғана орындалатын көне әдет. Онда да күйеуге әлі айттырылмаған, басы бос балдызы болса ғана. Ал қыз әкесі бұл әдет бойынша кіші қызын бермеймін десе, оған зорлық жүрмейтін. Сөйтіп, балдыз алу ғұрпы орындалған күнде, ол әйел үстіне бармайды. Егер де жетім қалған жас жиендері мен сыйласқан жездесін қимай, әдетке бағынса, екіншіден, әке еркіне байланысты оның құдалық уәдесін бұзбау және алынған қалыңмалды қайтару мүмкіндігі болмаған жағдайда басқа түскен тағдырға көнетін.

Әйелі өліп, жас балалары жетім қалған жағдайда басы бос, жас шамасы шамалас балдызын оның еркімен алу қай заманда болсын моральдық нормаларды бұзғандық болып табылмайды. Туған жиендеріне нағашы апасының қамқоршылығы өз шешесінен кем болмайды. Сондықтан да бұл әдет көпке дейін қалмайды. Сайып келгенде, әмеңгерлікпен жеңге алу да, балдыз алу да алғашқы қауымдық қоғамға тән топты неке, яғни туысқан ерлердің бәріне ортақ әйелдердің не туысқан қыздардың бәріне ортақ күйеулердің болған көне некелік қатынастың сарқыншағы екені даусыз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет