Н. Дауенов ДӘСТҮрлі қазақ этнографиясы



бет15/18
Дата24.02.2016
өлшемі1.5 Mb.
#13498
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18

Қыз ұзату тойы. Құдалар бәтуаласқан соң-ақ қыздың барлық туған-туысқандары жиналып, ұзату тойының қамына қызу кіріседі. Той басталарға екі-үш күн қалғанда 5-6 жолдасымен сүт ақысы, той малы, жыртысы мен түрлі кәделерге арналған мал-мүліктерін алып, артынып-тартынып күйеу келеді. Бір топ қыз-келіншек олардың алдынан шығып, ауыл сыртынан қарсы алады. Жездесінін атын жетектеп келіп, көрмеге байлағаны үшін балдызы маталай "ат байлар" сыйлығын алады. Күйеу бала жолдастарымен онаша отауға түсіріледі.

Рәсім бойынша, күйеу келген соң, қыз әкесі үйінің артынан қалыңдық пен жігітке арналған ақ отау тігіледі. Ақ отауды тігу үстінде мынадай дәстүрлі ырымдар орындалады. Отау тігер алдында "Тәңір қолдасын!" деп бір мал сояды. Бұл рәсім — "құдай жолы" делінеді. Отау тігуге сол ауылдың үбірлі-шүбірлі кейуаналары қатысып, керегесін кергені үшін күйеу баладан "кереге көрер" кәдесін алады. Әдетте шаңырақты (жігіт әкелген) жасы бел ортадан асқан, елге сыйлы сол ауылдың кәрі күйеуіне ырымдап көтерткізеді, ол "шаңырак көтереріне" бір ат мінеді. Сонымен бірге күйеу жігіт отаудың уығын шаншығанда "уық шаншар", туырлығын жапқаңда "туырлық жабар", түндігін жапқаңда "түндік жабар", үзігін жапқанда "үзік жабар", баушуын тартқаңда "баушу байлар" кәделерін үлестіреді. Ақ отау әбден тігіліп болған соң, әйелдер құдалардан "отау байғазысын" алады. Тігілген ақ отауға ен алдымен қалындықты кіргізеді. Ол уйдің сол жақ босағасына барып, оң аяғымен жерді бір теуіп, далаға қайта шығады. "Бұл отаудың иесі біз боламыз" деген ишаратты білдіреді, осы әдетті күйеу бала да қайталайды. Үй тігісімен аналар "құдай жолына" сойған малдың етін міңдетті түрде жаңа отаудың ішінде жеулері шарт. Сүйегіне тіс тимей мүжілген қойдың омыртқасын әйелдер күйеуге ұсынады. Жігіт оны жібек орамалға орап, ақ отаудың шанырағынан сыртқа лақтыруы керек, ал мойын ұсынған әйел "мойын ұсынарым" деп, жібек орамалды өзі. алады. Бұл "ақ отаудын босағасы берік болып, түтін түзу шықсын" деген ырымды білдіреді.

"Тойдың беті — дастарқан" демекші, оның мейлінше берекелі әрі дайыңдаған тағамдардың дәмді болуы үшін той жасаушылар бар өнерлерін салып, тырысып-ақ бағады. Әдетте той шығынын қыздың туған-туысқандары мен ел-жұрты жабыла көтерісетін болғандықтан шартарапқа хабар салынады. Тойдың барынша қызықты өтуі үшін той иесі төңірекке аты мәлім өнер адамдарын — ақыңдар мен әншілерді, сал-серілер мен жыршыларды, билер мен шешендерді, батырлар мен балуаңдарды, ат-пыраштар мен құсбегілерді, есепшілер мен құмалақшыларды түгел шақырады. Олармен жүзбе-жүз көрісіп, өнерін қызықтау ел үшін бір тамаша ғанибет болса, той иесі үшін үлкен абырой. "Байлық — қолдың кірі", "Бай — бір жұттық" деп есептеушілер той біткен соң берілер баға, айтылар сын, даңқ-дақпыртқа қатты көңіл койған.

Келетін қонақтардың жолы, жасы, дәрежесіне қарай арнайы қонақ үйлер тігіліп, ас сақтайтын шошалар дайындалады. Кімнің қай үйге түсетініне әбден қанық күтушілер бекітіліп, әр үйге қымызға лық толы емізіктелген саба қойылады. Сегіз қырлы, бір сырлы той басқаратын тойаба мен сыбағалы табақ жасайтын асаба сайланады; айтыс пен бәйге, күрес пен көкпар ұйымдастырушылар белгіленеді. Тойдың ойдағыдай етуі осыларға байланысты болғандықтан реніш туып, арты дау-дамайға айналмас үшін той берушілер бұл жағын мұқият ескереді.

Қыз ұзату тойы басталардан екі-үш күн бұрын жан-жаққа шақырушылар жіберіледі, ал алыс жақтағы ағайындар екі-үш ай бұрын хабардар болады. Жетісу еліңде үстіне әдемі киім іліп, басына қалыңдықтың сәукелесін киіп, қоңыраулы күміс ер-тоқымды жорға мініп, қыз жеңгесі шақырған.

Ауылдың өнерлі жастары ымырт түсісімен-ақ киіз үйдің іргесін түріп тастап, қыздар іште, жігіттер сыртта тұрып, қызу айтысты бастап жібереді. Жеңілген жақ уақ-түйектен бір тоғыз төлеп, түн ортасы ауа тарқасады.

"Той десе, қу бас та домалайды" демекші, ертесіне ат жалын тартып мінген жастан еңкейген кәріге дейін тойлы ауылға жиналады. Қымыз ішіліп, сыбағалы табақтар тартылған соң, кезек балуаңдар күресіне беріледі. Курес арты көкпарға ұласып, кешке таман түрлі өнердің тиегі ағытылады. Жастар таң атқанша ойын-сауық құрады. "Балтам тап", "Хан", "Көрші", "Мыршым" секілді ойындар ойналады.

Келесі күнгі ең қызық тамаша — ат бәйгесі. Бәйгеге қосылған аттар шаң бергенше тойға жиналған жұрт арқан тартысып, қыз қуысып, жамбы атысып, балаларды күрестіріп, жаяу жарыстырып мәре-сәре болады, жеңімпаздар жүлделерін алысады. Қазақтың қай тойында болмасын жүлденің төресіне аты жүйріктер ие ғой!.. Бірінші бәйгеге түйе бастаған тоғыз, екіншіге ат бастаған тоғыз, кейінгілерге жай тоғыз... беріледі.

Кешқұрым ақ отау алдына "Жар-жар" айтатын қыз-жігіттер жиналады. Бір жігіт бастап, қажет жерінде жігіттер тобы қостап, жауап сөзді құрбылары қостаған қалыңдықтың өзі қатады. Осылайша жат жерге кетіп бара жатқан бойжеткен құлын-тайдай тебісіп бірге өскен құрбыларымен қимай қоштасса, жігіттер жағы "үлгілі, әдепті боп, қайын ене, қайын атанды сыйла, туған аулыңа сөз келтірме",— деп наздарын айтады. Қалыңдық пен күйеуді қаумалаған жастар "жар-жардан" соң ауыл сыртына шығып, алтыбақан теуіп, "ақсүйек", "айгөлек" ойңап, думандатып, түн ортасы ауа тарқасады.

Сонғы күні ұзатылар қыз үй-үйді аралап жүріп, ел-жұртымен қоштасады. Бұған қыз туыстары дайындалып, әрқайсысы өз дастарқанынан дәм тартқызады. Әр үйдің от-орнымен қоштасып, көп болса, көпсінбей, аз болса қомсынбай берген сыйлықтарын көзіндей көріп жүру үшін алатын бұл салт ел ішінде "танысу" деп аталады. Мәселен, Батыс Қазақстанда танысатын калыңдықты кілемге отырғызып көтеріп аралату дәстүрі болған.

Ұзату тойы өткен соң жақын-жуықтарын қыз үйіне шақырып, дәстүр бойынша қыздың жасауын көрсетеді. Жасауға ризашылық білдірген құдаларға киіт кигізіп, түйе жетектетіп, ат мінгізеді. Болашақ отаудың көшер көлігі, сауып ішер сиыры мен биесі де қыз жасауының құрамына кіреді. Сойыс малы бір-бір жарым жылға мөлшерлеп беріледі. Ежелден келе жатқан дәстүр бойынша ұзатылған қыз әке малынан әр түлік бойынша "мал құты" деп есептелетін бір-бір мал, сондай-ақ әке мүлкінен түзу мылтық, берен сауыт қалауына болады. Дәстүр бойынша, қызы не сұраса да әкесі бетін қайтармайды. Бас құданың рұқсатымен қыз жасауы буылып, түйіледі. Әр тениің арасына әйелдерге арналған кішігірім "тең шешер" сыйлықтары салынады.

Қыз аттанарда қимас ата-анасы, туған-туыстары, қасиетті ел-жұрты, атамекен, құрбы-құрдастарымен қоштасып, "сыңсу" айтады.

Аттанар алдында қызға күштеп сәукелесін кигізеді. Қалыңдық пен күйеуге күміс ер тұрмаңды, үкіленіп қызыл шұғамен жабуланған жорғалар, қыз шешесіне жайлы көлік дайындалады. Ертеде арба үстіне ақ қайыңнан өрілген ақ отау да орнатқан.

Аттанған қызды жаяу ұзатып салған қыз-келіншектер қоштасар сәтте у-шу болып, жылап айырылысады. Қалыңдық кешіне қыз шешесі, екі жеңгесі және косшы жігіт ереді. Жолшыбай жолыққан ауылдар ұзату көшінің алдынан шығып, шашу шашып, қонақ қылып аттандырып салады. Күйеу ауылына жакындаған сәтте серіктерінің бірі сүйінші сұрауға тұра шабады.

Шамасы келіп қыз ұзату тойын жасап, қазақтың осы салт-дәстүрлерін орындап жатқандар аз емес. Қыз ұзату тойы бүгінгі күні көп жерлерде әдетке айналып жатыр. Безендіріліп жатқан осы тойлар қазақ халқының салт-дәстүрін көркемдедейді. Ұзатылатын қызға, туған-туыстарына бұл той қуаныш әкеледі. Қыз ұзату тойына алдын ала дайындалады. Оны келін түсіру тойынан кем өткізбейді. «Ана алдында – құрмет, ата алдында қызмет», «Әкеден – ақыл, анадан мейір», Перзент көздің нұры, жүректің жыры». Әке шешесінің перзенті болғандықтан, оның да үйлі-жайлы болуын тілеген олар күшін аямайды. «Гүл өссе – жердің көркі, қыз өссе – елдің көркі» демекші, қазақ халқы да қызға аса бір ерекше көңілмен қарайды. «Ұлын өссе – мұратын, қызын өссе - жұратын» деп, ұлдан қызды кем көрмеген. Бүгінгі күндері «Қыз ұзату» тойына көптеген туған-туыстары шақырылады. Той өтетін орынды безендіруге айырықша мән беріледі.

Асаба бар өнерін салып, тойды қызықты өткізуге тырысып бағады. Ол алдын ала айтылатын әндер мен билерді, ойындарды, тілек айтушыларды рет-ретімен қағаз жүзінде дайындап қояды. Тойдың қызықты өтуі тікелей асабаға байланысты болғандықтан, той иелері асабаны күні бұрын белгілеп қоюлары қажет. Асаба сөзге жүйрік, өлен-жыр мен әзіл-сықақтарды көп білетін, музыкалық аспаптарда еркін ойнап, ән сала алатын өнерлі, әрі ауыл адамдарын түгел танитын болғаны жөн. «Ел – іші өнер кеніші» дегендей, өнерлі жігіттер кез-келген ауылдан табылады. Қазіргі кезде арнайы той өткізуші асабалар дарынды музыкалық аспапта ойнай алатын адамдарын өз көмектерін ұсынуда. Тойдың қызықты өтуі, өтпеуі де оны ұйымдастырушылар мен басқарушыларға байланысты.

Келетін қонақтардың санына байланысты дастарқан дайындалады. Дастарқан мәрізін дайындауға ерекше көңіл бөлінеді. Ыдыстар мен тағамды жеткізетін даяшылар, қазан-ошақ басында жүретін аспаздар ерте бастан белгіленеді. Жұрттың бас-аяғы жиылып болғаннан кейін, асаба той бастауға кіріседі. Ол, біріншіден қонақтарды рет-ретімен дастарқан басына орналастырады. Жайғасып, орныққан соң, асаба той бастауға кіріседі. Дәстүрі бойынша тойды «Той бастар» өлеңімен бастайды. Бұл тойда қыз ерекше сәнді той көйлегін, бас киімін киеді. Жар-жар айтып, екі жасты ортаға шақырады. Қыздың әке-шешесі өз тілектерін екі жасқа білдіріп, баталарын береді. Той бітпей жатып, қарсы жақтан келген құдалар қайтуға ыңғай танытады. Оларды қошаметтеп шығарып салады. Кетіп бара жатқан қыздың алдынан арқан керіп, көрші қоландары, жора-жолдастары жолын бөгейді. Қарсы жақ құда кәдесін беріп, жолын ашқызады. Ендігі кезектегі той күйеу жігіттің ата-анасына жасайды. Келін түсіретін жақ белгіленген уақытқа қонақтарын шақырып, күтіп отырады.

Келін түсіру тойы. Ауыл әйелдері жасаулы кештің алдынан шашу шашып қарсы алады. Кімде-кім кеш бастар түйенің бұйдасын қабылдап алып, ауылға жетектеп енсе, "мұрындық апа" атанып, тиісті сыйлығын алады. Ауыл адамдары дереу жүкті түсіріп, ақ отауды тігуге кіріседі. Әдетте ақ отау күйеу әкесі үйінің оң жағына тігіледі. Мұңда да отаудың шаңырағын көтеруге балалы-шағалы, төңірекке жақсы атағы жайылған салиқалы ана тандалады. Отау тігіліп болысымен түрлі жиһаздар шығарылып, жайнатып жиналады. Осы кезде бір жеңгесімен ауыл шетіне атынан түсіп, хабар күтіп тұрған келіннің алдынан ауылдың қыз-келіншектері шымылдық алып шығады. Бет-жүзі үлкендерге көрсетілмей, шымылдықпен бүркемеленген келінді алдымен қайын атасының үйіне кіргізеді. Ұлы шаңырақтың босағасынан оң аяғымен аттасымен тізесін бүгіп, үш рет сәлем берген келініне атасы "Көп жаса, қарағым!" деп батасын береді. Содан соң жас келінді ошақ жанындағы жұмсақ тулақ-баспаққа отырғызады. Бұл "жаңа түскен келіннің мінезі де илеген тулақтай жұмсақ, биязы болсын" деген ырым. Ошақтағы отқа май құйған жас келін: "От Ана, Май Ана, шапағатыңды тигізе көр, жарылқа!"— дейді, Ал қалыңдықты қоршаған әйелдер қолдарын отқа қыздырып, "Оттай опалы бол!"— деп оның маңдайына тигізеді.

Осы рәсімдер аяқталған соң жас келінді ақ отауға


әкеледі. Күйеу шешесі шашу шашып, оң аяғымен табалдырық аттаған жас келінді сол жаққа тігілген шымылдық ішіне отырғызады. Қарсы алушы қыз-келіншектерге қыз шешесі күміс білезік, сақина, жүзік, сырға, алқа, түрлі маржан тастар үлестіреді.

Қонақтарға табақ тартылып, ақсақалдар бата оқыған сар табақтан ақ отауға сыбаға (үлпершек) жібергенде, жас келін оны сәлем етіп қабылдайды. Ауыл адамдарымен жаңа түскен келінді таныстыру үшін "беташар" басталады. Беташар айтатын жігіт әркімді таныстырып тұрып, "Бір сәлем" дегенде, келін тәжім етіп, ақын желектің төменгі ұшын шыбықпен көтеріп қалып, оны жұртқа көрсетеді. Бет ашушыға келінді сүйеп тұрған қыз жеңгесі мен жігіт жеңгесіне жібек көйлек, биқасап шапан кигізеді. Беташардан соң ауыл жастары түнімен ойын-сауық жасап, думанды кезі құрады. Ертеңіне "келін түсіру тойы" жасалады. Тойбастардың бірден айтылып, той ашылу тұсы болмаса, келін түсіру тойы негізінен қыз ұзату тойымен бірдей өткізіледі.

Қазіргі таңда келін түсірген уақытта қалындықты ауыл келіншектері мен жастары күтіп алып, шашу шашып, құрылған шымылдықтың ішіне келген келінді кіргізеді. Шымылдықты құрғаны үшін сый алады. Абысындары басына орамал салып, тағы басқасы отқа май құйғызады. Сол қызметтері үшін енелері сыйлық сыйлайды. Орамал салғаны енді келін болды дегенді білдіреді. Жас келінді көргісі келгендер үлкен келіндеріне немесе жеңгелері мен апаларының біріне көрімдіктерін береді. Келіннің бөлмесіне апарып келінмен таныстырады. Танысқан адам келінге шашу шашып, «қадамының құтты болсын!» деп тілегін айтады. Беташар болмайынша келін шымылдырықтан шықпай, іске араласпай отырады. Келінді көруге келгендерге ол ізеттілік білдіріп орнынан түрегеледі. Оңтүстік Қазақстанда осы дәстүрлердің барлығын орындауға тырысады, ал басқа жақтарда беташар жасап, келіннің басына орамал салу дәстүрлері орындалғанымен шымылдыққа отырғызу дәстүрі орындалмайды.

Жаңа түскен келінді туыстарымен көпшіліктің алдында таныстыратын беташар болады. Келіннің бетін ашатын ақынды дайындап қояды. Суырып салма ақын әншілер келіннің келу құрметіне арнап өлендер айтады.



Үйлену тойы. Той өткізбес бұрын туған туыстары жиналып, «қонақасын» жасайды. Барлығы ақылдасып, қалайда тойдың жақсы өтуі жайлы сұхбаттасады. Бұл да бір өзінше дәстүр. Мал сойылып, ет асылады. Дастарқан жасап, бірге ас желінеді. Сонан соң кімнің қандай жұмыс атқаратыны белгіленеді. Адам өміріндегі ең бір қуанышты белеңге туған-туыс, жора-жолдас үлкен жауапкершілікпен қарайды. Көмектерін аямай, екі жастың бас қосып, үйлі-жайлы болуын осылайша ықыластарын білдіреді.

Той өтетін орынды безендіріп, халқымыздың әр түрлі өсиет сөздері, орынды айтылған мақал-мәтелдері жазылып ілінеді. Мысалы: «Үйлену оңай – үй болу қиын», «Таптырмас байлық - татулық», «Әке сөзі парыз, ана сүті - қарыз», «Ананың алдында асқар тауда да аласа», «Бала бақшадағы гүлін, оны тәрбиелеу үлкен ғылым», «Адам ақылымен сымбатты, ұрпағымен қымбатты», «Отбасы бірлігі - татулықта», «Ана алдында – құрмет, ата алдында қызмет», «Әкеден – ақыл, анадан - мейір» т.б. Сондай-ақ түрлі-түсті ленталар мен шарлар ілініп, көңілді әуенмен қамтамасыз етіледі. Шақырылған адам санына байланысты дастарқан дайындалады. Оған қойылатын әр түрлі тағамдарды да алдын ала дайындап қояды. Ауыл келіншектері мен келіндерінің міндетінің бірі дастарқан даярлау. Қазан-ошақ басында жүретін келіндер мен ауыл келіншектері алдын-ала дайындауға болатын тағамдарын өз мойындарына алады. Сойылған малды жіліктеп, қай бөлігін қай тағамға жіберетінін қасапшылығы бар ер кісіге жүктейді. Тойға келген адамдарға қандай тамақ жасалатынын шешіп, керек жарақтарын түгелімен алдын-ала дайындап алады.

Қыз-келіншектер де түсетін келіннің керек-жарағын дайындап, отыратын бөлмесін жасайды. Кей жерлерде шымылдықтарын алдын-ала тұтып қояды. Келін түсіретін үй келінге деп бір сыпыра киім-кешек даярлайды. Болашақ келініне арнап енесі көрпе-төсегін, басына салатын орамалын, киімдерін арнап қояды. Тойға киетін той көйлегі мен фатасын немесе кейбіреулер қазақша көйлек сәуклесімен әшекейлеп дайындайды. Күйеу жігітке тойға арнап костюм шалбары немесе оған да қазақша ұлттық киім, оюланып тігілген шапаны мен құндыз бөркін дайындайды.

Шақырылатын қонақтардың тізімі алдын-ала жасалады. Алыс жерде тұратын туыстарына ертерек билеттер жіберіледі. Ауылды жерлерде көше-көше қылып бөліп, шақыратын адамдарын да тағайындап «Ауыл той» деп шақыртады. Келетін қонақтардың санына қарап, тойға шығатын шығынның шама-шарқын, мөлшерін байқауға болады. Тойға келетін адамдардың саны көп болғандықтан осының барлығын қадағалаған дұрыс. Өйткені осыншама адамды күту оңайға соқпайды. Дұрыс күтілмей тойда реніш білдіріп жатқандар да болады. Қонақтарды да қайсысы қай жағына отыратыны белгіленеді. Құдалар, жақын туыстары, жора-жолдастары, көрші-қоландарға арнап үстелдер қойылады. Әр үстелді бақылап тұратын екі немесе үш күтуші қойылады. Күтушінің міндетіне қонақтарды жайғастырып отырғызу, керек-жарақтарын түгелдеу, қажеттіліктерін жеткізу, дастарқандағы тағамдарда және сусындарджы уақытымен қамтамасыз етіп тұру. Олармен әңгімелесіп, басқа да туыс-жекжаттармен таныстырып отырғаны дұрыс. Егер олардың қандай да бір сұраныстары болса, асабаға дер кезінде хабарлап қонақтарды сыйлағандықтарын білдіреді.

Тойға келетін бас құда құдағиларға ерекше көңіл бөліп, жақсылап күтіп жіберу үшін жағдай жасалады. Салт бойынша негізгі қонақтар – құда, құдағилар. Сондықтан құдаларды той дастарқанының оң жағына отырғызуға жағдай жасалады. Құда-жекжаттың, ағайын-туыстың тойдан жақсы әсер алып қайтуы үшін оларға айтылатын әндер мен ойындар белгіленеді. Сыйлы табақтар, жүлделі ойында алатын сыйлықтарына дейін даярлап қойғаны дұрыс. Тойдың қызықты өтуі үшін түрлі ойындар ұйымдастырылады. Бұрыңғы кездері қазақ халқы ұлттық ойындарды осындай той-думандарда ойнаған. «Бәйге», «Қыз қуу», «Арқан тартыс», «Көкпар», «Жаяу тартыс», «Қазақша күрес» т.б.

Асаба айтылатын әндерді, ойналатын осы ойындарды, тілек білдірушілердің тізімін жасап рет-ретімен жазып алады. Өзінің айтатын сөздері мен өлендерін, жиналған жұртқа, жастарға айтатынын ертерек дайындайды. Той алдында ата-аналар сол тойды өткізетін асабамен алдын ала жүздесіп, тойлы өткізу жайлы егжей-тегжейлі ақылдасу керек. Қашан басталып, қашан аяқталатынын, тойды қалай бастатарын, үзіліс кезіндегі ойындарды ұйымдастыру жауапкершілігін өз мойнына алады. Той өтетін үйден бір жауапты адамды асаба өзіне көмекші ретінде алуына болады. Ол адам мүмкін тойдың басынан аяғына дейін басқаратын жауапты кісі болар. Әрбір той тәлім-тәрбие мен үлгі-өнегенің көрінісі болғандықтан асабалар «сегіз қырлы, бір сырлы» болған дұрыс. «Той жағасыз болмас, ел ағасыз болмас» дегендей қазақ халқының арасынан осындай өнерлі адамдар әрине табылады. Қыз бала шешесінің бірге туған аға, інісіне тұрмысқа шықпайды, бірақ олардың балаларына шығуға болады. Сол сияқты жиен балалар нағашы апаларын алуға қақы жоқ, бірақ олардың және нағашы ағаларының қыздарына үйленуге болады. Мұны қазақ халқы бөлелер арасындағы және жиендер мен нағашы жұрт арасындағы неке десе, этнография ғылымында күзендік (кузенный) неке дейді. Бұл некенің екі түрі болады:

1) Кросскүзендік неке (шешесінің) аға-інілерінің қыздарына не әкесінің апа-қарындастарының қыздарына үйлену, яғни нағашы мен жиен арасындағы неке. Мұның осы көрсетілген екі түрі де қазақта болды. Бірақ қазақ дәстүрінде жиен алғаннан гөрі, нағашы алғанды дұрыс көреді. Сондықтан да қазақ арасында "жиен алған молықбас, нағашы алған тарықпас" дейді. Жиендерінің нағашы ағасының қыздарына үйлену құқы өте көне замандағы жиендердің тек қана шешелері шыққан топтан, рудан әйел алатын тәртіппен байланысты нәрсе;

2)Ортокүзендік неке (әкесінің аға-інілерінің қыздарына үйлену, яғни немерелер арасындағы неке не шешесінің апа-сіңлілерінің қыздарына үйлену, яғни бөлелер некесі. Мұның алғашқы түрі, яғни немерелер ара-сындағы некелесу құқы қазақ тәртібіне жат, ал екінші түрі, яғни бөлелер арасындағы неке кездесіп тұрады.

Сөйтіп ағайынды ұл мен қыздың балалары, яғни нағашы мен жиендер бір-бірімен қыз алысатын. Екі елге ұзатылған ағайынды апалы-сіңлілердің балалары (бөлелер) бір-бірімен қосыла беретін. Өйткені шеше тарапынан болған туыстық қатынас қазақ ғұрпында экзогамиялық тәртіпті бұзғандық болып есептелмейді.

Ислам дінінің кағидалары бойынша, туған ана, бірге туған апа, қарындас әкесінің апа, қарындастарына және емшектес туыстарынан басқа туыстарының бәрінің де алыс-жақындығына қарамай неке құруға болады. Бірақ неке құру мәселесіндегі шариғат қағидалары жалпы халыққа көп ықпалын тигізе қойған жоқ. Оған жоғарыда келтірілген көптеген көне әдеттердің біздің заманымызға дейін сақталып келуі толық дәлел болғандай.

Ислам діні мұсылмандардың басқа діндегі халықтармен некелесуіне тыйым салды. Немесе басқа діндегі адам ислам дінін қабылдаған күңде ғана онымен неке құруға болады. Шариғат бойынша, басқа діндегі адамды мұсылман етіп үйлену үлкен сауап делінеді. XIX ғ басында мүсылман дінін қабылдап, қазаққа шыққан орыс, украин қыздары Қазақстанның солтүстік шекарасыңда жиі кездесетін. Әсіресе орыс казактарының қыздары қазаққа үйір болған. Мұнымен бірге орыс деревняларында жалда жүрген жарлы жігіттер орыс қыздарын алып, христиан дінін қабылдау да кездесетін.
3.3 Туыстық қарым-қатынастар

Қоңыр қазақтың өзіне тән барша қасиетін ана сүтімен, жусан иісімен, күйдің күмбірімен, саумал иісті самалдың лебімен бойына дарытқан, көкірегі ояу, көзі ашық, халқының тарихын, өнері мен мәдениетін, тұмса тұнық әдебиетін, ғұрпын, салтын білетін, «Мен қазақпын!» дей алатын азамат өзінің шықкан тегін, кіндік кесіп, кір жуған ата жұртын қастерлеп, жеті атасын жадында тұтуы шарт. «Жеті атасын білген ұл жеті рулы елді біледі» дегенді сөз салмақтап, ой баққан атамыз қазақ тегін айтпаған болар. «Қырық рулы елміз, қарға тамырлы қазақпыз» деген сөз де баяғыдан келе жатыр. Бұл қазақтың аралас-құралас, алыс берісті, құда жекжат, жамағайын жұрағаттығын аңғартатын сонау іргеміз сөгіліп қаймағымыз бұзылмаған заманадан жеткен ұғым. Өткенімізді қарап отырсақ,. ел бастаған көсем де ділмар шешен де, ақиық ақын, ел қорғаны батыр да осы сөздерді жиі айтқан. Алысты жақын тұтқан, жақынды бауыр тұтқан. Туыстық желіні үзбеген. Береке-бірлікті бұзбаған. Үлкені сөз бастаған, кішісі ағаның сөзін қостаған. Сүттей ұйып ғұмыр кешкен. Ел шетіне жау келсе даңкты бабаларының атын ұран қып шақырып, канымыз, жанымыз бір, руымыз, туымыз бір, тегіміз, кегіміз бір, еліміз, жеріміз бір, суымыз нуымыз бір Ер Түріктің ұрпағы, алаштың азаматымыз десіп бәтуаласып, баталасып бес қаруын асынып, ат құйрығын түйісіп бір байрақтың түбінен табылған.

Қаймана қазақ түз төсінде жолыға калса жеті атасын таратысып, егжей-тегжей жөн сұраса келе: «Ой. сен өзі бөтен болмадың, тіпті ет жақын туысым болып шықтың, бізге жиен екенсің немесе нағашы не құда екенсің ғой» десіп шұрқыраса табысып құшақтары қабысып, әзілдері жарасып, ел жұрт, бала шағаның амандық-саулығын сұрасып бір жасасып қалады. Бұның бәрі халқымыздың айрықша қасиеті. Басқа жұртқа ұқсамайтын ерекшелігі. Қазақы бауырмалдылық. Қазақтың казақтығының бір ұшы осында жатыр. Бірақ кейінгі жылдары біз өзімізге табиғи тән осы қасиетімізден де ажырап бара жатқандаймыз. Қазір екінін бірі жеті атасын біле бермейді. Тіпті кіммен калай туысатынын да ажырата алмайды. Ілуде біреуден: «Осы пәлен шекең сенің кімің?» деп сұрасаң: «Білмеймін. әйтеуір туысқанбыз, әке шешеміз көзі тірісінде бауыр тұтып жүретін, бір жақындығы бар шығар» дейді. Ал кейбір білгендерінің өзі мысалы, жиеншары болса «әкемнің туған қарындасының баласының баласы» деп шұбыртады. Қалай туысатынын түсінгенмен кімім дерін білмей қиналады. Әсіресе кейінгі жастар туыстық қатынастардың ара жігін ажыратып. жіліктеп айтуға шорқақ.

Төңкеріске дейін қазақ арасында патриархалық-рулық қатынастың сілемі сақталып келгенін — олардағы туысқандық қарым-қатынастан да анық көруге болады. Айталық, жеті атаға дейін қыз алыспау, яғни экзогамия заңына негізделген бұл жора олардың санасындағы өте әріге кететін тектік жақындықты ұмытпаушылықты көрсетеді. Мәселен, тікелей мұрагері немесе әмеңгері қалмаған жағдайда мал-мүліктің де, жесірдің де, өлген адамға туысқандық жақындығына қарай немере, шөбере немесе аталас және руластарының иелігіне өтуі - қазақ арасында туыстық қатынастың беріктігіне дәлел бола алады.

Туыстық қатынас өлгеннің артында қалған мұраға иелік етуге ғана байланысты емес. Өйткені туысқандық қарым-қатынас бір-біріне әр түрлі жағдайда көмек көрсету кезінде де анық байқалады. Мәселен, қыз ұзату, келін түсіру, енші бөліп беру сияқты қуаныш кезінде, немесе кісісі өлген үйге аза салу, оның жетісі, қырқы, жүзі және жылын беру, әки әр түрлі кездейсоқ апаттарға (жұт, өрт т.б.) ұшырап, мал-мүліктен жұрдай болған туысқа туыстық жақындығына немесе өз шама-шарқына қарай "косқаным" деп көмек көрсету әдеті бұған дәлел. Мұндай көмек қазақ арасында "жылу", "немеурін", "үме" деп аталған. Осындай туыстық, қала берді рулық ауызбірлік, ынтымақтық нәтижесінде "көп жиылса көл" болар деген мақал калыптасса керек.

Бір-біріне көмек беру әдеті өте ертеде қалыптасқан, яғни оның түп тамыры рулық құрылысқа кететіні даусыз. Сондықтан да ол кездегі әрбір ру мүшесінің қоғамдағы орны, салмағы бірдей болды. Келе-келе жеке меншіктің, таптың шығуына байланысты өзара сілетсіз көмектің де мәні өзгерді, таптық сипат алды. Туыстық көмек дегенді желеу етіп, ауқатты, ықпалды адамдар өздеріне көбірек көмек жинаса, яғни оған маңайдағы толып жаткан ел түгел үлес қосса, кедейлерге арналған көмекке қосылатын үлестердің мүшелері де тым шағын болумен бірге, оған азғантай ғана жақын туыстар қосылатын. "Алмақтың да салмағы бар" немесе "Бай - байға, сай сайға құяды" деген мақалдың өзі осыны дәлелдейді.

Қазақ арасында рулық қатынастың болымсыз сілемі болмаса, ежелгі замандағы оның қоғамдық берік түрі сақталды деуге болмайды. Қазақ қауымындағы бай мен кедей арасындағы таптық қайшылықтың айқындала түсуі, товарлы ақшалы қарым-қатынастың жедел енуі рулық қатынастардың негізін шайқалтып, оның күйреуіне әкеліп соқты. Ел арасында қалыптасқан "Туыстан жүріс жақын" немесе "Аталастың аты озғанша, ауылдастың тайы озсын" деген мақалдар мұны ашық дәлелдейді.

Қазақта туыстық қатынастарды өзара сабақтас үш жұртка топқа бөліп атайды. Біріншісі — адамның әкесі жағынан туысатын өз жұрты әйелдер төркін жұртым деп атайды. Екіншісі шешесі жағынан туысатын нағашы жұрты. Ал. үшіншісі әйелі не күйеуі жағынан туысатын қайын жұрты.

Адамның өз жұрты жеті ұрпаққа таратылып аталады. Олар айтушының атасы мен әжесі (апасы); әжесі мен шешесі анасы): өзі; ұлы мен қызы, ұлдан туған немере мен қыздан туған жиен; немереден туған шөбере мен жиеннен туған жиеншар және жетінші ұрпақ — шөбереден туған немене шөпшек) мен жиеншардан туған туажат. Ал үлкен әкесінен атасынан) арғы ата-бабаларын арғы атам, бабам ұлы бабам, ұлы анам деп атайды немес үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші атамыз деп рет санына қарай да айта береді. Арғы аталарымен бірге туысқан еркек кіндікті адамдардан тарайтын ұрпақтарды аталас жақыным, ағайыным дейді. Әкесінің аға, інісінің балаларын немере ағам, немере апайым, немере іні, немере қарындасым немесе біз бір-бірімізбен бір атадан тарайтын немере туысқанбыз деседі. Осы немере жақындардың ұл-қызы мен үлкен әкесінің аға інісінің немерелері айтушы адамға шөбере туыс болып келеді. Қазақ арасындағы туысқандық қарым-қатынас тек ерлер тарапынан ғана болып қоймайды, қыздар ұрпағы, жиендер мен нағашы арасындағы қарым-қатынас та ерекше көңіл аударуды қажет етеді. Нағашыға жиен батыл келеді, халық дәстүрі бойынша нағашысы жиеніне "қырық серкеш беруі" керек. Мұндай жағдайлар бұрынғы әңгіме, дастандардан белгілі. Атақты жырау, ақын Дулат Бабатайұлының «Еспенбет батыр» дастанында да осындай оқиға айтылады.

Сондықтан болар, жиен көңілі түскен нәрсесін: жүйрік ат, қыран бүркіт, қаршыға, алғыр тазы, берен мылтық т.б. осы сияқты бұйымтайын нағашысы қолынан бермесе, жиен жолынан алуға ерікті, ол үшін жиен айыпты болмайды. Жиеннің қаңдай еркелігі болсын, нағашы жұрты көтереді де, оған әрдайым қамқорлық жасап отырады. Сондықтан да халық даналығы жігіттің үш жұртының болатынын айта келіп: "Өз жұртың - күншіл, қайын жұртың - сыншыл, ал нағыз қалтқысыз тілеу қорың нағашы жұртың" дейді. Жиенді баласындай ерекше ардақтау - қазақ халқының қанына сіңген дәстүрі.

Әдетте жиен нағашы атасынан гөрі, нағашы ағаларына (шешесінің туған аға, інілеріне) өте батыл келеді. Олардың әрқайсысындағы мұндай қарым-қатынас (авункудат) аналық рудың қалдығын байқатады. Жиенді қадірлеу — ескі гректер мен герман тайпаларында да ерекше болған. Олай болса, бұл ғұрыптың қазақ арасында осы уақытқа дейін сақталуы, басқа халықтар сияқты, қазақтардың да өз дамуында аналық ру дәуірін өткізгендігін дәлелдейді.

Халқымызда «Жиен ел болмас, желке ас болмас» және оған қарама-қарсы «Жиен ел болар — малы болса, желке ас болар — майы болса» деген мақалдар бар. Мұндағы «Жиен ел болмас, желке ас болмас» дегені жиенді қанша бағып, қағып тәрбиелесең де түбі сіңбейді, атасы бөлек, өз еліне кетіп қалады. Өз елінің сөзін сөйлеп, сойылын соғады деген мағынада айтылған сөз. Шындығында да нағашы жұрты қанша жақсы болса да, жігіт өз елін аңсап, кейде ел арасы бұзылып сын сағаты келгенде өз жағына шығып кететін болған. Бұдан біз адамға өз жұртының қаншалықты ыстық, қымбат екенін аңғарамыз. Ал, жоғарыдағы екінші мақал — жиеніміз дәулетті, малды, жілігі татитын ел-жұртқа сыйлы, сөзі өтімді, беделді азамат болса бізге де жақсы, алыс-беріс жасап, араласып, қысылғанда арқа тұтып жүреміз деген ұғымды білдіреді.

Жалпы елі, жері, атасы басқа болғандықтан нағашы мен жиен бірін-бірі күндемеген. Ағайын арасының ұсақ кикілжіңі олардың арасында жат қылық саналған. Біріне бірінің кұрмет-бейілі шынайы, таза болған. Осы тұрғыдан алғанда санамызда «қамқор нағашы, ерке жиен» деген түсінік қалыптасқан. Бұл да халқымыздың туысқаншыл, бауыр-малдылығына тән жақсы касиеті.

Жалпылама алғанда адамға шешесінің шыққан тегі, руы түгелдей нағашы болып келеді. Оның ішінде өзіне туыстық қатынасы жақын тікелей нағашылары — нағашы ата, нағашы әже (апа, шеше), нағашы, нағашы аға және нағашы жеңге, нағашы апа (әпке) және нағашы жезде, нағашы іні, нағашы келін, нағашы қарындас және шешесінің апа, сіңлісінен туған балалар — бөлелер болып келеді. Бөлелер егер шешесімен бірге туған қыздардан туса туған бөле, ал нағашысының қыздарынан туса немере бөле делінеді.

Әр елге ұзатылған апалы-сіңлілі қыздардың, өз ара немере, шөбере, тіпті аталас елдің қыздарының балалары бір-біріне бөле болып келеді. Бөлелер арасында олардың аналарының туыстық жақындығына байланысты аса бір жарасымды, сыйласымды қарым-қатынас болады. Оларды туысқандық жағынан байланыстыратын — нағашы жұрты. Бұл екі жаққа да ортақ-шешелерінің төркіні. Сондықтан да бөлелердің жолы да, жөні де бірдей, бір-бірінен ерекшеленері жоқ, тең туыстар. Нағашыларының алдында да бөлелердің хұқы бірдей. Бәрі де жиен. Бөлелер көбінекей бір-бірімен егіз қозыдай өте тату болады. Қазақта осы тұрғыда «Екі аяқтыда бөле тату, төрт аяқтыда бота тату» деген мақал да бар. Оның мәнісі — шешелері бір-біріне адал, апалы-сіңлілі немесе жасынан бірге өскен бір елдің қыздары балғандықтан олардың ықпалымен балалары да өзара тату-тәтті жүрген. Ағайынды адамдардың арасында жиі кездесетін бас араздыққа көбінекей өзара абысын күндес әйелдері себепкер болатындықтан қазақта балаларына ынтымағы бұзылмасын деп, бір үйдің апалы-сіңлілі қыздарын айттырып алып беру дәстүрі де болған. Мұндай жағдайда әкелері ағайынды болғандықтан бұл қыздардан туған балалар өздерін бөлеміз деп есептемейді. Сондай-ақ бір атаның қыздарына үйленген өзара жақын ағайындардың балаларының да бөлелігі жайына калып, аталас туыстық қарым-қатынаста болады.

Қазақ елі қандастық туыстықты тек еркектер тарапынан жүргізгендіктен жиендері бөтен рудың өкілі деп есептей отырып, оны шешесінің аға, інілерінің қыздарына үйлендіру, не керісінше жиен қызды шешесінің аға-інілерінің ұлдарына тұрмысқа беру дәстүрі ұсталған тәртіпті бұзу болып табылмаған. Сондықтан некенің мұңдай түрі ел ішіңде болып тұрған. Әйтсе де қазақ жиен алғаннан гөрі нағашы алғанды дұрыс керген. Оған, "жиен алған молықпас, нағашы алған торықпас" деген мәтел сөз дәлел. Ал енді бір елге келін боп түскен апалы-сіңлілердің балалары да бір-біріне бөле болып есептелгенмен, олардың әкелері тарапынан туыстық қатынасы жақын болса бөлелік сезім, бөлелік қарым-қатынас жайына калып, туыстық қатынаста болады. Бөлелердің әкелерінің әр-қайсысы бір-бірінен қыз алысатын елдерден болса, олардың шешелерінің бір әке, бір шешеден туған қандас туыстарының өзі бөлелердің неке құруына кедергі болмайды. Өйткені қазақ қауымында қандас туыстық қатынас тек еркектер тарапынан ғана есептеледі. Бір-бірімен қарым-қатынасын үзбей жүрген апалы-сіңлілі туыстар, әсіресе түскен жерлерінде беделді болып, өз балаларының тағдырын шешуге араласа алатындай жағдай болса, балаларын, яғни бөлелерді бір-бірімен үйлендіруді теріс көрмейді. Мұндай мүмкіндік "Аяғын көріп асын іш, шешесін көріп қызын ал" деген мақал мәніне де жат емес.

Сөйтіп, қазақта туыстық және құдандалық қатынастарға байланысты әр түрлі қарым-қатынас, алыс-беріс, өзара көмек сияқты шым-шытырық қатынастар болады. Бұл қатынастардың әрқайсысының өзіне ғана тән, сан қилы әдет-ғұрыптарға байланысты, өзара міндеттіліктері мен жауаптылықтары бар. Оларды әр уақытта орындау әркімнің борышы екенін кез келген қазақ жақсы білетін де, оны бұлжытпай орындауға тырысатын.

Бір ел мен екінші елдің арасында қыз беріп, қыз алу арқылы құдандалық қарым-қатынаспен бірге, күйеу мен қайын жұрт арасында қарым-қатынас болады. Қайын жұрты күйеуді әр уақытта сый тұтады. Қыздарына дұрыс қарап, жақсы адамгершілік қасиетін білдірген күйеулер қайын жұртына сыйлы, ерке болады. Қайың жұрттың әр шаңырағы күйеудің сыбағасы деп әрдайым төс сақтайды. Күйеуге тартылған табақта төс болмаса, күйеу төсін даулап, жеңгелерімен қалжыңдасып жатады. Тартылған төсті міндетті түрде табақтан күйеудің өзі алып, бөліседі. Адамға үшінші жағанан туысатын жақындары — қайын жұрты. Қайын жұрт деп үйленген жігіт пен тұрмысқа шыққан қыздың келіншегі немесе күйеуі жағынан туысатындарды айтады. Осы келіншегі немесе күйеуінің елі, руы адамға қайын жұрт болып саналады. Сол елдің адамдарынын бәрі жаңағы жаңа үйленген жігіт пен келін болып түскен қызды күйеу бала немесе келін деп, ал бұлардың келіншегінен не күйеуінен кіші болса жезде және жеңге деп атайды. Бүкіл бір елдің, рудың бәрі қайын жұрт болып саналғанмен, адамның бұл жағынан туысатын етене жақындары төмендегідей. Түсініктірек болу үшін жігіттің қайын жұртын таратайық.

Жігіттің келіншегінің әкесінің әке-шешесі — қайын ата және қайын әже. Келіншегінің өз әке-шешесі — қайын ата (қайын әке) және қайын ене. Қайын ененің әке-шешесі — нағашы ата және нағашы әже. Қайын атаның (қайын әкенің) бірге туған аға, әпкесі болса — қайын ата, қайын апа.

Олардың әйелі мен күйеуі — қайын ене және бажа. Ал оны қайын ата мен қайын енеден туған балалар жас жағынан жігіттің келіншегінен үлкен болса — немере қайын аға, немере қайын бике. Олардың әйелі мен күйеуі жеңге және бажа деп аталады. Ал жастары келіншегінен кіші болса немере балдыздар. Олардың күйеуі немесе әйелі жігітке бажа, келін болып келеді. Осы немере қайын аға, балдыздардан (тек ер адамдардан) туған балалар адамға шөбере балдыз болады. Жігіттің қайын атасының (қайын әкесінің) туған інісі мен қарындасы — қайын аға, қайын апа деп аталады. Олардың әйелі мен күйеуін жігіт «жеңге», «бажа» деп атайды. Бұлардан тарайтын ұрпақтар да адамға немере, шөбере балдыз, бажа, келін болып жалғаса береді. Ал жігіттің келіншегінің бірге туған ағасы, әпкесі, бауыры, сіңлісі оған туған қайын аға, қайын бике, балдыз болып келеді. Бұлардан тарайтын ұрпақтар да жоғарыдағыдай немере, шөбере болып тиісінше жалғаса береді.



Таразының басын тең ұстап, қайын жұртын өз жұртынан алаламай, олармен туыстық адал көңілмен, ізетті, ілтипатты кішілік жолымен жақсы қарым-қатынаста жүрген және ел-жұртқа қадірлі, от басына жайлы отағасы болып, қыздарын зәбірлемей, жылатпай әлпештеп дұрыс ұстаған күйеулер қайын жұртына сыйлы, ерке болады. Қайын жұртының әр шаңырығы әрдайым күйеудің сыбағасы деп төс сақтайды. Күйеуге тартылған табақта төс болмаса, күйеу төсін даулап жеңгелерімен қалжыңдасып жатады. Тартылған төсті мін-детті түрде күйеудің өзі ұстап, табақтас қыз-келіншектермен бөліседі. Кей жерде өзіне арнап төс тартылған табаққа күйеу ақша салып жіберетін де салт бар. Күйеу жігіт қайын жұртындағы жас қыз-келіншектермен — балдыз, келіндерімен реті келген жерде орнымен жарасымды әзілдесіп, қалжыңдасып жүреді. Сырт көзге ол ерсі саналмайды. Халқымызда «Күйеу атымен күл тасы» деген мақал бар. Қайын жұртына барғанда күйеу кішік болып жүреді. Төрге отырмайды. Сол үйдің малын сойысып кісісін күтісіп, қонағын аттандырысып, қатты қайырым жұмысын істеп, шаруасының бір жағына шығып, көмектесіп жүреді. Бұл күйеудің кішіпейілділігі, әдептілігі, шаруаға оңтайлы елгезектігі, қыздарын берген қайын жұртын құрметтеуі. Кейде кәрі күйеулер әзілдеп «Мен бұл үйге күйеу емеспін, жиенмін» деп жатады. Сөзінің астарында әзіл де болса мағына бар. Түсінген адамға бұл «Мен ұзақ жыл күйеу болып осы үйдің шаруасына еңбегім сіңді. Қайын жұртыма қадірім өтті. Осы шаңырақтың бір мүшесіндей болып кеттім. Сондықтанда менің күйеулігім — жиендігім секілді. Жиен сияқты еркінмін, еркемін» деген ұғымды білдіреді. Қайын жұрты да кейде мүндай күйеулерін жүрт көзінше еркелетіп «жиен» деп атайды. Бұл сөз қыздарымен ұзақ жыл отасып, ұл-қыз тәрбиелеп өсірген, өздеріне әбден сыралғы, адал пейілді күйеулеріне көрсетілген ерекше құрмет іспетті естіледі. Күйеу мен қайын жұрттың арасындағы қарым-қатынастың ұзақтығы — қыздың ұзақ өмір сүруіне, төркінін ұмытпай жиі қатынас жасап тұруына, ақылына, күйеуі мен түскен жұртындағы беделіне байланысты болады. Ал ұзатылған қыз ұзақ жасамаса, оның орнына балдыз беру әдеті орындалмаса, сол жылдан бастап басқа жерден екінші әйел алған күйеудің де алғашқы қайын жұртымен қарым-қатынасы аяқталады. Бірақ бұған байланысты екі елдің арасындағы құдандалық қарым-қатынас тоқтамайды. "Сүйек жаңғыртайық" деп қайта құда болып, бір-бірінен тағы қыз алысып, қарым-қатынас созыла береді. Сондықтан да болу керек, қазақта "Күйеу жүз жылдық, құда мың жылдық" деген мақал қалыптасқан. Сыйлас құдалар бір-біріне керек болған жағдайларда көмектесіп, бір-бірінің қуанышына бірге қуанысып, ренішіне бірге қайғырысып, біріне-бірі сүйеу болатын. Қазақ дәстүрінде бірге өскен жамағайын құрдастар арасындағы қарым-қатынас та көңіл аударарлық жай. Құрдастар бір-бірімен өте қатты қалжындасады. Бірінің әйелін бірі "өз әйелім", баласын "өз балам" деп әзілдеп отырады. Бұлардың арасындағы өзара әзіл-оспақты әйелдері де, күйеулері де, тіпті олардың балалары да жақсы түсінгендіктен, қандай ауыр қалжын болса да шамданып ренжімейді, қайта оған қарсы шешендік тәсілге сүйенген әзіл жауап қайтаруға дағдыланады. Осыған орай, "Әкесі құрдастың баласы да құрдас" деген мақал да қалыптасқан. Мұндай әзіл бірге өсіп, бір-бірімең достасқан тату құрдастардың арасында ғана болады. Бұдан әрине, тосын кездесіп танысқан құрдастардың арасында құрбылық әзіл-оспақ болмайды деген ұғым тумайды, қандай жағдайда болсын, құрдастар бір-бірімен, әйелдерімен ұялмай, еш нәрседен қымсынбай еркін, жарасымды, әзілдеседі. Кейбір құрдастар арасындағы қарым-қатынас, олардың туыстық жақындығына Қарамай, достыққа айналып, араларында алыс-беріс үзілмей, өле-өлгеніне сыйласып өтеді.

Ал осындай құрдастар арасындағы әйел мен бала, үй-жай туралы сөз жүзінде болсын сақталып отырған ортақтық идеясы тегін емес. Мұнда бір көне заманның Құпиясы бар сияқты, яғни әйелдері барлық құрбы-құрдастарының бәріне ортақ болған топты неке дәуірінің бізге дейін жеткен сілемі емес пе екен? Сірә, солай болу керек. Төңкеріске дейін казақ арасында тамыр болып достасу әдеті де кеңінен жайылған. Тамыр болып достасу әр жағдайға байланысты болатын. Кейде әкелері дос-жар болғанда олар балаларын да достастырады, немесе ел басына күн туған кезде мүдде-мақсаттары тоғысып, бір-біріне қадірі өткен адамдар тамыр болып достасады. Ең ақыры бірінен-бірі не мал, не дүние, не қыран бүркіт, жүйрік ат, алғыр тазы сияқтыларды қалап алу үшін де достасып, тамыр болады.

Тамыр болғысы келгендер бұрын қылыш не қанжар сүйіп, бізді тек ажал айырсын деп жұрт алдында бір-біріне ант беріскен. Ал XX ғ. басында қылыш, семсер, қанжардың орнына, достасатындар бір-бірімен үш рет төс түйісіп, айқаса кұшақтасатын болған. Достасқан тамырлар қазақ ғұрпы бойынша ешқашан бір-бірінің көңілін қалдырмайды, бір-бірінің қуанышына да, ренішіне де ортақтас болу керек. Ақыр аяғында қимас дос-тамырлардың өзара құда болулары да ықтимал.

Адамға бірге туған аға мен апаның қадір, касиеті осындай болғанда, өзінен кейінгі іні мен қарандастың жөні бір басқа. Аға шіркін өзін қорған көріп, медеу тұтып жүрген іні, қарандастары ештеңеден кемдік, мұқтаждық көрмей өссе екен деп тілейді. Солар ер жетіп, үйлі-баранды болып, өз қолдары өз ауыздарына жеткенше көңілі алаңдаумен болады, бір жамандықтарын көрсе, өзін өзі жегідей жеп, қабырғасы қайысады. «Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар» дегенді халық тегін айтпаған. Ағаға іні тыныс, қарындас өріс. «Ағалап» соңынан ерген інісі бар адамның көңілі тоқ. Атадан жалғыз адамның қаншама болып-толып, үрлеп ішіп, үйіріп жеп, жағасы жайлау ғұмыр кешсе де әрдайым көңілі күпті. Ал тағдырына тақиядай бұлт шөксе жан-жағында қара тұтары, қарманары болмай торығады. Қандай қиындық кездессе де, жалқы жігіттен гөрі алдында ақыл айтып, жол көрсетер ағасы, артында дем беріп, сүйеу болар інісі бар жігітке тағдырдың талқысы онша біліне қоймайды. Адамның ең жақыны, басын сүйір анық жанашыры — бірге туғаны. «Жалғыздың аты шықпас, жаяудың шаңы шықпас дегендей қаншалықты орда бұзып, сөз алып, етектен шауып, төске өрлеп тұрса да, жалғыздың аты-жалғыз. Күндердің күнінде басындағы бармақтай бағы тайса айналасы бір-ақ тұтам болады.

Қазақ арасында толып жатқан туыстық және жақындық жүйесіне байланысты қалыптасқан өте көп атаулар бар. Қазақтың туыстық жүйесі классификациялық жүйеге жатады. Мұны біз көптеген этнографиялық әдебиеттерден және ел арасынан жиналған деректерден анық көреміз. Бұл жүйенің классификациялық деп аталу себебі бір атаудың құдандалық және туыстық-жақындық жүйесінің бірнеше тобына ортақ болатындығынан. Мәселен, "аға" деген атаумен айтушының бірге туған ағасы, немере, шөбере, аталас жасы үлкен еркектер, әкесінің інілері аталса, "жиен" деген атаумен айтушының қызынан, бірге туған апа-қарындасынан немесе немере, шөбере және аталас апа-қарындастарынан туған бөлелер аталады. Күйеуге әйелінің әкесі де, әйеліне күйеуінің әкесі де "қайын ата" делінеді. Осы сияқты көптеген туыстық, құдандалық жақындық категорияларына ортақ атаулар көп-ақ. Оның бәрін төмендегі туыстық және жақындық жүйесінің схемасы мен оған жасалған талдаудан анық байқауға болады. Мысалға, Маңғыстаулықтар анасын «апа» демей, «мама», «шеше», ал қарт шешесін (әкесінің анасын) «шеке» деп те атайтын. Сол сияқты келіндер қайныларына көбіне шырақ деген ат қоятын ерекшеліктері бар. Ат тергеуде қазақ әйелдері аса ізеттілік пен тапқырлықты меңгерген. Оның сарқыншағы бүгінгі Маңқыстаудың қазақ ауылдарында да кездеседі. Сөйтіп туыстық және құдандалық қатынастарға қарай ат тергеу салты да қазақ арасында кең өріс алып келген. Қазақтағы туыстық және құдандалық жақындық жүйесінің атаулары айтушыға аталушының жасының үлкен-кішілігіне, жынысына қарай жіктеледі. Мұнымен бірге атаулар әке және шеше тарапынан туыстық, құдандалық жақындыққа байланысты жіктеледі.

Қазақстанның байтақ жеріне кең жайылған үш жүзге кіретін барлық тайпалардың тілінде бірнеше диалектілік ерекшеліктер байқалғанмен, туыстық және құдандалық жақындық жүйесіндегі атауларда жергілікті ерекшеліктер мүлдем жоқ деуге де болады. Олай болса, қазақтың туыстық және кұдандалық жақындық жүйесіне байланысты қалыптасқан атаулар бүкіл қазақ жұртшылыгына ортақ деуге болады. Мұны ел арасынан өзіміз жинаған деректер де, қазақ диалектологтарының 1961 ж. шығарған диалектологиялық сөздігі де толық дәлелдейді. Қазақ арасындағы туыстық және жақыңдық қатынастарға байланысты қалыптасқан жүйенің мұншалықты кеңдігі мен тұрақтылығы Л.Морганның — қоғамның төменгі сатыдан жоғары сатыға өтіп, өзгеріп отыруына байланысты отбасы да ылғи жаңарып, өзгеріп отыратын болса, туыстық жүйенің, керісінше, мейлінше баяу дамып, тек отбасында болған келелі өзгерістерге ғана байланысты өзгеретіндігі туралы тұжырымдарына (1934, 250) шынайы айғақ болғандай.

Біздегі жиналған деректерге сүйене отырып айтушының әкесінің әкесі, шешесі және олардың аталас туыстары мен құдандалы жақындары бірінші топқа кірсе, екінші топқа айтушының әкесі, шешесі және олардың аталас туыстары мен құдандалы жақындары кіреді. Ал айтушының өзі мен оның аталас туыстары және кұдандалы жақындары үшінші топқа кірсе, төртінші топқа айтушының балалары мен олардың аталас туыстары және құдандалы жақындары кіреді. Бесінші топқа айтушының немерелері мен олардың аталас туыстары және құдандалы жақындары кірсе, алтыншы топқа айтушының шөберелері мен олардың аталас туыстары, құдандалы жақындары кіреді. Ең ақырғы жетінші топқа айтушының немене не шөпшек деп аталатын ұрпақтары мен олардың аталас туыстары, құдандалы жақын сүйек шатыстары кіреді.

Айтушы ер не әйел жынысынан болуы мүмкін. Сондықтан оларға туыстарының не жақындарының ара-қатынасына қарай атауларда да өзгешелік болып тұрады. Оны мына схемалардан айқын көруге болады.

Қазақ халқында туыстық есеп еркектер тарапынан жүргізілгендіктен, айтушы еркек болған жағдайда оның бабасынан бастап неменесіне дейін жеті атаға, яғни жеті ұрпаққа толады. Ал жетінші ұрпақты қазақтың "немене" не "шөпшек атандыруы тегін емес. Оның өзіңдік мәні бар сияқты. Айталық, "немене" деген атаудың өзі не екені белгісіз деп сұрақ қойып тұрған тәрізді, ал "шөпшекке" келсек, бұл атаудың мәні тіпті анық. Қазақ шөпшек деп ағаштың қурап сынып түскен жіңішке бұтақтарын айтады. Осыған қарағанда, жеті атаға толғанда сегізінші ұрпақтың туыстық мәні жойылып, олардың арасында туыстық қарым-қатынас үзіледі деген ұғымды білдіретін тәрізді. Айтушының қызынан туған жиенінің ұрпағы оның бабасынан бастап жетінші атаға толғанда жетінші ұрпағының "туа жат" атануы да жоғарыдағы пікірді дәлелдей түседі. Бұл атаудың мәні — жетінші ұрпақ жат деген ұғымды білдіріп тұр ғой.

Осыған қарағанда, қазақ арасында негізінен жеті атаға толмай қыз алыспау әдетінің мәні өзінен өзі-ақ айқындала түседі. Ал Жетісу өңіріндегі кейбір рулар ішінде туыстық салты жеті атадан асып кетсе де, қыз алыспау әдеті күні бүгінге дейін сақталып отыр. Тіпті он екі ата Жалайырдың әрқайсысы әлдеқашан он атадан асып кетсе де немесе Албан тайпасының 13 атаға толған Сары деген руы бір-бірінен осы уақытқа дейін қыз алыспайды.

Енді атулардың жалпы тізімін жүйе-жүйесімен келтірейік.

Қандай туыстыққа байланысты қалыптасқан атаулар: өз елі бойынша — баба, ана, ата, әке, шеше, аға, іні, апа, қарындас, ұл, қыз, немере, шөбере (шөпшек), немере апа, немере аға, немере қарындас, немере іні, шөбере аға, шөбере іні, шөбере апа, шөбере қарындас; нағашы жұртының ұрпағы бойынша — нағашы ата, нағашы әже, нағашы аға, нағашы апа, нағашы іні, нағашы қарындас, жиен, жиеншар; туажат, неке құруға байланысты атаулар — күйеу (ер, бай, жұбай), әйел (қатын, бәйбіше, тоқал, зайып (жұбай), жезде, балдыз қайын іні, қайын аға, қайын бике, қайын ене, қайын ата, қайын сіңлі, қайны, жеңге, нағашы жеңге, нағашы келін, жиен келін, жиен күйеу, абысын, бажа, бөле; құдалыққа байланысты жақындық атаулары — құда, бауыздау құда, жанама құда, құдағи, құдаша, құда бала т.б.

Бұл атауларды кез келген адам сол күйінде қолдана бермейді. Әркімнің жыныс, жас және туыстық, жақындық қатынасына қарай үлкеннің атын атамау әдетіне байланысты езгеріп отырады, әркім өз бетімен ат қояды.

Төңкерістен бұрын балаларын ерте үйлендіретіндіктен 17—18 жасар әкелерді олардың балалары әке деп ешуақытта айтпайтын, олар балаларының ағасы тәрізді болатын да, көбінесе әкесін "аға" дейтін. Ал "әке" деп немерелері үлкен әкесін (әкесінің әкесін, бабасын) айтатын. Үлкен әкесінің ағасын үлкен ата, інісін кіші ата десе, өз әкесінің ағасын үлкен аға, кейде ата, інісін аға, көке, ағатай немесе шешесінің оларға қойған атына ағатайды қосу (шырақ ағатай, інішегім ағатай, кенже ағатай); немесе олардың аттарына ағатайды қосу (Смағұл ағатай, Жүсіп ағатай), кейде балалардың өздері ерекше ат қойып, оған ағаны қосу (Тәтті аға) арқылы атайтын.

Үлкен әкесін, яғни бабасын "ата"деп те атай береді. Бірақ әке, баба деген атаулар тікелей туған аталарына тән сияқты да, "ата" деген атау әкесінің, бабасының туысқандарына тән сияқты. Сондықтан арғы аталарымыз дегенде туған атасын да, олардың туыстарын да қосады, ал бабаларымыз дегенде, тек өздерінің туған әкесінің, әкесінің әкесі сияқты жоғарылай беретін тікелей қандастықты көрсетеді.

Үлкен әкесінің не әкесінің апа-қарындастарын көбінесе апай, бәлен апай, түген апай, апатай немесе тәте дейтін. Қыздар бой жетісімен бөтен елге ұзатылғандықтан, оларға көп ат қойып үлгермейді де. Сондықтан оларды кебінесе апай атандыратын.

Қазақ дәстүрінде ат тергеу ғұрпы әсіресе келіндерден қатты талап етілетін. Бұл туралы әдебиетте бірінші рет Н.Ильминский "Күйеуінің туыстарының атын келін ешуақытта атамайтын. Оның — аға-інілеріне, апа-қарындастарына арнайы ат қоятын" деп көрсеткен. Келін тарапынан ат тергеу күйеу туыстарының жасына, жынысына, туыстық қатынасының алыс-жақындығына байланысты. Бұл арада келіннің тапқырлығы, байқағыштығы да оған көп көмек беретін. Өйткені әркімнің әр түрлі сырттай, іштей ерекшеліктеріне, мінез-құлқына қарай ұнамды аттар қоя білу кез келген кісінің қолынан да келе бермейтін.

Жаңа түскен жас келіндер түскен үйдің баласы болып кетеді. Сондықтан күйеуінің үлкен әкесін "әке" не "ата" десе, әжесін "әже" дейді. Ал күйеуінің әкесін оның аға-інілерін "үлкен ата", "ата", "кіші ата" дейді. Күйеуінің ағаларына "үлкен аға", "жақсы аға", "ағакем", "көке" деген аттар қойса, інілеріне "сал жігіт", "молда жігіт", "мырза жігіт", "ортаншым", "тетелес", інішегім", "кенже" т.б; қайын сіңлілеріне "шырайлым", "еркежан", "еркем", "еркешім", "молдақыз", "айдарлым", "кекілдім" т.б; ал бұрын ұзатылған қыздарды "апа" деп, не олардың күйеулерінің аттарымен бәлендегі қыз, түгендегі қыз дей салады. Мұнымен бірге жас келіңдер күйеуінің бірге туған немере, шөбере туыстарының өздеріне де жоғарыдағыдай ат қоюмен қатар, олардың әйелдеріне, яғни абысын-ажыңдарына да "үлкен апа", "апа", "кіші апа", "жақсы апа", "жеңеше", "бәлен апам", "түген жеңешем" сияқты атай береді; келіннің түсуінен бұрын туған күйеу ағаларының балаларына ат қояды. Ал өзі келін боп түскеннен кейін туған күйеуінің туыстарының қандай ұрпағының болсын балаларының атын атай береді. Сол сияқты жеңгелерінің келін боп түсуінен бұрын туғаңдары жеңгелеріне де "жеңеше", "тәте" сияқты аттар қояды.

Әркімнің туыстық жақындығына, туыстар арасындағы жалпы қауым алдындағы алатын орны мен беделіне қарай орынды ат қойғыш келіндерді халық аса ұнатады. Мәселен, би, болыс боп жүрген кайнағаларын "би ата", "би аға", "болыс ата", "болыс аға" дей беретін. Әдепті келіндер ат тергеуге соншалықты мән беріп, сыйлы үлкен адамдардың аттарын атауды өзіне кешірілмес күнә деп есептейтіндері сондай, олар өзі атын атамайтын сыйлы қайын ата, қайын ағалармен аттас бөтен адамдардың да аттарын тура атаудан именіп, айталық — "қажы аттас", "қажы атам аттас", "ағаекем аттас" дейтін.

Қазақ аттары жер, су, аң, құс және төрт түлік мал атауларымен байланысты да қойылғандықтан, ондай атаулардың өзін өзінше өзгертіп айтатын. Мәселен, атын атамайтын адамдардың аттары Сарыбай, Сұлушаш, Бүркітбай, Биеке, Бүйен дейік. Мұндайда келіндер Сарысу өзенін — шикілсу десе, Сұлу төбе деген жерді — әдемі төбе, Бүркітті — қыран, биені — сауар, малдың -бүйенін жуанішек, көтеншегін өрістік деп өзгертіп айтады. Кейде атамайтын кісілермен аттас болған бөтен адамдардың аттарын да өзгертіп айтатын. Айталық, Мәмбетті - Самбет деп өзгертсе, Әліні — Сәлі, Тұрсынды — Мұрсын, Ахметті — Сахмет, Жақыпты — Мақып, Сартбайды — Талқыаяқбай, Ноғайбайды — Абзибай т.б.

Халық дәстүрі бойынша ауылдағы қарт кісілер мен қайнағаларының аттарын атамау үшін оларға мазмұны бір басқа баламалар табатын. Мәселен, Қасқырбайды — Бері ата, Қазыбайды — Топ ата, Айтуғанды — Түнгі жарық, Алтынбайды - Бестен артық, Қыстаубайды -Көн ата деп те атай беретін.

Қазақ әйелдері күйеулерінің де атын атамай, оларды "отағасы", "біздің үйдің кісісі", "әлгі" немесе үлкен балаларының атымен бәленнің, түгеннің әкесі дейтін. Күйеуінің құрдастарының атын да атамай, оларды "құрдас" атандыратын.

Келіндердің ат тергеуіне қазақ жұртшылығы көп мән бергендіктен, қойылатын, өзгертілетін аттардың түрі, үлгісі өте көп оның бәрін келтірудің қажеті де жоқ, мүмкін де емес.

Ат тергеудегі қазақ әйелдерінің аса ізгілігі мен тапқырлығын дәлелдейтін, әдеби мұраларда кеңінен тараған бір аңызды келтірейік.

Бір келіннің қайын жұртында Көлбай, Бұлақбай, Қамысбай, Қасқырбай, Қойлыбай, Қайрақбай және Пышақбай дейтін қайнағалары болса керек. Бір күні суға барған келін кішкене бұлақтың аржағында, көлдің бер жағындағы қамыс ішінде қойға тиген қасқырды көріп, шелегін тастай салып ауылға жүгіріпті де, үйге жетер жетпесте атасына көзі көрген жағдайды "Ата-ата! Сарқыраманың ар жағында, жылтыраманың бер жағында, салдыраманың ішіңде маңыраманы ұлыма жеп жатыр, жанымаңызды білемеге білеп-білеп алып, тез жетіңіз" деп баяндаптымыс.

Қазақ дәстүрінде үлкеннің атын атамай, оған арнайы ат қойып, оны өле-өлгенше есінде сақтауды үлкен әдептілік, көргенділік деп есептейтін де, ондай адамдарға барша жұртшылық дән ризалықпен қарайтын. Өйткені кіші үлкенді сыйласа, үлкен өз тарапынан кішінің кішілігін сыйлауы — халқымыздың қанына сіңісті болған абзал әдет.

Сөйтіп, қазақ халқындағы туыстық қарым-қатынас негізінен жеті атаға дейін созылып, одан әргі қатынас құдандалық байланысқа айналды. Бұлай дейтініміз қазақта экзогамиялық тосқауыл ру ішіндегі жеті атаға дейін берік сақталуы, ал сегізінші ұрпақтардың бірімен-бірі некелесуге хақы бар.

Жеті атаға дейінгі туыстық қатынастың қазақ арасыңда күшті болғаңдығын классификациялық туыстық Жүйенің қазақтағы мол атаулары да дәлелдегендей. Мұндай туыстар арасында бірін-бірі қысылғанда қолдау, өзара көмек әрдайым болып тұратынын да жоғарыда айттық.

Туыстық жүйе атауларымен бірге, қазақта құдандалыққа негізделген жақындық атаулары да молшылық. Бірақ бұларға байланысты атау 3—4 ұрпақтан аспайды да, құдалар арасындағы қарым-қатынас осы шеңбердің көлемінде ғана болып тұрады. Қазақтағы туыстық және жақындық жүйе әлі жете зерттелмеген мәселе.

Туыстық қарым-қатынастар жайындағы мәселені Шылбы Көмекұлының өлеңімен аяқтаймыз.

Жігітке ақыл айтсам елемес пе?!

Өзіңнен үлкенменен ерегеспе.

Ата-анаң тірі болса шын береке.

Мысалы, шалқып жатқан көл емес пе?!

Алдыңда қадірі бар ағаң балса,

Жігітке асқар ала бел емес пе?!

Кемеңгер сыйласымды жеңгең болса,

Қазына таусылмайтын кен амес пе?!

Ақылды алған жарың жақсы болса,

Өзіңмен анық бірдей тең емес пе?!

Артыңда інің болса, қолың ұзын,

Қолыңды тондырмайтын жең емес пе?!

Ер жетіп ұл балаңыз билеп тұрса

Алланың сүйген құлы сол емес пе?!

Қыз балаң көрікті боп пісіп тұрса,

Үйіндегі шын асылын сол емес пе?!

Келінің әдепті боп күтіп тұрса,

Ол-дағы шын байлықпен тең емес пе?!

Құдан мен құдағиын жақсы болса,

Дарияға бірге жүзген кеме емес пе?!

Ақылымен аймағына жігіт жақса,

Өзінше ол бір патша бек емес пе?!

Жездең мен тағы бірі күйеу болар,

Күйеуін жақсы болса сүйеу болар.

Жезденің ең жақсысы әкемен тең,

Жығылып, қисайғанда тіреу болар.

Тағы да бір жиен мен нағашын да,

Білмеске ақыл айтып ағасынба.

Нағашын, жиенменен ол да жақын,

Бар болса, алыс беріс арасында.

Қайын атаң, қызын берген қайын енең,

Күтеді көптеп үміт олар сенен.

Асырап саған бағып бермеді ме,

«Жүрегін» айырғандай бір денеден.

Осының бәрінің де еңбегі бар,

Болады жақсылыққа құдайым жар.

Ата-енең, әке-шешен бәрі бірдей,

Ұмытпай, қыз бен жігіт, есіне ал.

_________________________________

*Шылбы Көмекұлы (1860-1936). Өлеңді «Халық кенесі» газеті Қытай Халық Республикасындағы Іле халық баспасынан 1987 жылы жарық көрген «Қазақ шешендері және шешендік сөздер» деген кітаптан 1992 жылғы 37-ші санында көшіріп басқан.







Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет