Н. У. Шаяхметов, тарих ғылымдарының докторы


Б.С.Абдуова Астана қ., Қазақстан



бет35/42
Дата24.04.2016
өлшемі5.8 Mb.
#78116
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   42

Б.С.Абдуова

Астана қ., Қазақстан
«ЖАМИ-АТ-ТАУАРИХ» ПЕН ТАРИХИ РОМАНДАР ТІЛІНІҢ САБАҚТАСТЫҒЫ
Көркем туындыны әсерлі, тілін бейнелі, мазмұнын жылы қабылдауға ықпал ететін бірнеше шеберлік тәсілі бар. Соның ең бастысы – тiл шеберлiгi. Шеберлiктiң өзi көркем туындыны көрiктi шығаратын тәсiлдерге байланысты. «Сөз шебері тіліндегі сөзден құрастырып, қисынын келтіріп, жақсылып бір нәрсе шығару үшін сөз өнерінің ғылымын жақсы білу керек. Дыбыстың, сөздің, сөйлемнің сыр-сипатын тану, заңдарын білу - олардың әрқайсысын дұрыстап жұмсап, пікірлі әңгіме шығаруға кірісу, өзі үшін емес, өзге үшін айту. Сондықтан ол ойын өзгелер қиналмай түсінетіндей, мағынасын жақсы қылып, дұрыстап сөйлемді түзе білуі тиіс» [1, 464] деп ұлы ғалым Ахмет Байтұрсынұлы атап көрсеткендей, тарихи тақырыпқа қалам тартқан жазушылар шығармаларын қалың көпшілік сүйсініп оқитындай деңгейге жеткізуге тырысады. Заманымыздың біртуар жазушысы І.Есенберлиннің қос трилогиясы «Алтын Орда» және «Көшпенділер» өз оқырмандарының ыстық ілтипатына бөленіп, жылдардан ғасырларға иек артып келеді.

Біздің заманымызға үзінді күйінде келіп жеткен ХVI ғасырдың шежiресi iспеттес болатын Қадырғали Қосымұлының «Жами-ат-тауарих» атты еңбегінде кездесетін көптеген түркi-моңғол сөздерiнiң «Алтын Орда» және «Көшпендiлер» трилогияларында молынан қолданылуы І.Есенберлин сынды сөз шеберінің тарихи стильдi барынша сақтап қана қоймай, шындыққа қиянат жасамағанын да танытады.

Өзi суреттеп отырған дәуiрге сай тiл қолдануды стиль тезiне салу дегенiмiз – негiзiнен архаизм сөздердi өз орнына қолдану, хандар мен бектердi, билер мен батырларды, қарашы мен молда, тағы басқа да тұлғаларды өз «рангiсiне» сай сөйлету, толғандыру, «киiндiру», топонимикалық атауларды, жалқы есiмдердi, тұрмыстық-этнографиялық жайттарды «қаз-қалпынша» беру үлгiсi. «Алтын Орда» және «Көшпендiлер» трилогияларында молынан кездесетiн көне сөздер – тарихи сипатты танытуға септiгiн тигiзетiн өте маңызды тiлдiк элементтер. Мысалы:

«...Ескендiр Зұлқарнайдың әскерiнде бiздердiкiндей қатын-баласын тиеп, соңдарына жүрген ақұрығы – көшi болмаған... »

«..Мамай бастаған топ Воронеж өзенiнiң сағасында қалған ақұрығына қарап шаба жөнелдi...»

Ақұрық деген сөздiң қандай мағынада қолданылғанын контекстен де түсiнуге болады. Бұл сөз кейде қару-жарақ, азық-түлiк артылған көш мағынасында да қолданылған.

Жазушы әскердiң соғысқа кiрер алдындағы тәртiбiн егжей-тегжейлi суреттей келе, кейбiр архаизм сөздердiң қазiргi мағынасын да сол сөйлем, не контекст аясында көрсете кетедi. Мысалы: «..Ортада да ең негiзгi қол, ал екi жағында – екi қанаты, оң қанаты, сол қанаты. Әр қанаттың бүйiрiнен жау тисе, қарсы тұрар қанбала–жасағы, сондай-ақ, қарауылы болған. Ақсақ Темiр әскерiн осылай жетi бөлiмнен – жетi қолдан құрған. Орталық қол, екi жағындағы екi қанаты, оларға берiлген қанбала, екi қарауыл...»

Бұл үзiндiден қанбаланың жасақ сөзiне орайлас келетiнiн, бөлiмнiң көне қол синекдохасына синонимдес болатынын аңғарамыз.

«Қарауыл» сөзiнiң мағынасын ұлы Шоқан Уәлиханов былай түсiндiредi: «Қарауыл, монғол тілінен алынған сөз, ол әуелі аңшылардың алдыңғы жағында жүретін бақылаушы мағынасында қолданса, көшпенді халықтардың әскери терминологиясында соғысты бастайтын алдыңғы топ немесе алдыңғы жақты барлайтын, басқыншылардың келе жатқанын хабарлайтын бақылаушы» [2, 375]

I.Есенберлинде де қарауыл сөзi Шоқан Уәлиханов көрсеткендей қызметпен жұмсалған, яғни: «Жорыққа аттанған қолдарының алдында маңғыласы (маңғыла әскердiң алдыңғы шебi, авангард – I.Е.), оның алдында күзетшiлерi. Бұл шағын жасақты Ақсақ Темiр кезiнде «қарауыл» деп атаған. Қарауыл алдарынан не көрдi, не болып жатыр, бәрiн артындағы маңғыла басшыларына жеткiзiп отырған. Бұл қарауылдардан бөтен әр қосынның, әр түменнiң өзiнiң ертөлелерi болған. Бұларды хабаршы деген». Осы тәрiздес архаизм сөздiң қазiргi нұсқасын да қатар келтiру – тарихилық дәстүрді сақтау ережесіне сай келедi. Мысалы:

«... осылай үлке-тарту алып көңiлдерi көтерiлген жауынгерлер қалған олжаларына жау жағын жеңiп кенелмек боп ұйқыға кеткен...»

«...Хорезм құлдар саудасының кiндiгi саналатын. Көне Өргенiштiң кең алаңында орыстың сары сақалды есiрейлерi де, қыпшақтың қара сақал құлдары да, Мәуренахрдың ала тахиялы дихандары да, түркменнiң сеңсең бөрiктi аламандары да түрлi жағдайлармен саудагерлердiң қолдарына түсiп, осы арада құл болып сатылып, Қытай, Мысыр, Yндi, Ауғанстан, Алжир, Сарай, Румдарға әкетiлген..»

Жазушы үлке сөзiн тарту деп сол сөйлемде-ақ түсiндiрiп кетсе, ал қайсiбiр сөздердi бет соңындағы сiлтемеде көрсетiп, мән-мағынасын ашып берiп отырады. Автордың тiл қолданысынан есiрейдiң «тұтқын» екенiн, аламанның «жауынгер, әскер» екенiн және «көпшiлiк» деген екi мағынада жұмсалғанын аңғарамыз. «Аламанның» қырғыз тiлiнде «дүркiрей шабу, шапқылау, қауым» деген мағынасы бар екен.

«Алтын Орда» трилогиясында көп қолданылған «ұлыс» сөзiнiң мағынасын ашуға тырысайық. «Ұлыс» сөзi «iрi ру, Орда» ұғымында қолданылады. Көне түркi ескерткiштерiнде халық деген сөздiң орнына ұлыс сөзi қолданылғанын байқауға болады, яғни, өте ерте кезден бастап, түркi, монғол тiлдерiнде «халық» мағынасында қолданылып келген сөз [3, 202]

Тiлшi-ғалым Е.Жанпейiсов мынадай құнды пiкiр айтады: «Ұлыс»-тан әуелi орыс тiлiндегi «волость» сөзi пайда болған. Бiрiншi. Ұлыс (ulus, ulys) «страна, область, народ» мағынасында VI-VII ғасырлардан белгiлi. /Малов С.Е. Памятники древнетюркской письменности. М-Л., 1951, 438 б/.

Ал волость - ХI ғасырдан. Бұл да негiзiнен сондай ұғымда, яғни, «область, страна, земля, находящаяся под одной верховной властью» деген мәнде қолданылған. /Срезневский И.И. Материалы для словаря древнерусского языка". Т.I. А.,- К. Спб. 1893. 293-294 бб./.

Екiншi. Орыс тiлiнде «волость» сөзiнiң алғашқы кезде белгiлi бiр басы ашық, тиянақты мағынасы болмапты. Әр түрлi ұғымда қолданылған сияқты. /БСЭ. 2-изд. 34-35/.

Үшiншi. Батыс және Орта Сiбiр жағында, якутияда «улус» және «волость» терминдерi бiр кездерде қатар жарыса да, сондай-ақ өзара алма-кезек бiрiнiң орнына бiрi қолданылып та жүредi. /Антонов Н.К. Материалы по исторической лексике якутского языка. Якутск, 1971, 98-б./. ХVIII ғасырда якутиядағы орыстар улус терминiн, волость сөзiн қатар, бiрiнiң орнына бiрiн қолдана берген /Таксами М., Туголуков В.А. Административные волости, улусы и роды у народов Сибири (ХVII - начало ХХ вв.) В кн.: Социальное история народов Азии. М., 1975. 74-99 бб.)

Мiне, осы айтылғандарға қарағанда көне түркi «ulus» сөзi орыс тiлiне ХI ғасырда «волость» болып кiрген. Ал бұл волость қазақ тiлiне ХVIII ғасыр шамасында «болыс» түрiнде қайта ауысады. Сөйтiп, тiлiмiзде ендi ұлыс сөзiмен қатар өз алдына бөлек «болыс» та «өмiр сүре» бастайды. «Ulus» (улус, ұлыс), волость және болыс дегендердiң арасындағы байланысты қысқаша былай көрсетуге болады: ulus (ulys) > волость > болыс. Демек, болыс орыс сөзi емес, түркi улус сөзiнiң дыбыстық жағынан ғана сәл жаңғырған нұсқасы» [4].

«Алтын Ордада» бұл сөз «халық», «ел» деген ұғымдарда қолданылған: «Монғол үстемдiгi бұрынғы ру-руға бөлiнген елдi, ендi ұлыс-ұлысқа бөлiп, сол ұлыстар барып, бiр ханға, Алтын Орда ханына бағынғандықтан, оларға мемлекеттiк, елдiк мағына берген.

Ел болуы рулардың жоғалуынан емес, солардың ұлыс, Орда болып бiрiгулерiнен туды»

Ш.Уәлиханов ұлыс сөзiнiң мағынасына кеңiнен тоқталады: «Ұлыс – алғашқыда белгілі бір аймақтағы рулардан құралған тайпалық одақ болып құрылған. Феодалдық дәуірде басқарудың аймақтық түрі кең қолданысқа енеді, мысалы, Жошы ұлысы, Шағатай ұлысы деген сияқты, бұл сөз кең мағынасында мемлекет, халық, ұлт мағынасында қолданыла береді. Жалпыхалықтық мерекені қазақтар «Ұлыстың ұлы күні» деп есептеген, мағынасы «барлық халықтың, ұлттың мерекесі» дегенді білдіреді» [2, 375]

Жиі қолданылатын орда сөзi I.Есенберлинде «Алтын Орда» деген атаудан басқа «Көк Орда», «Ақ Орда», «Ноғайлы Ордасы», «Ордалықтар» деген сөздерде жұмсалады. «Орда» сөзiнiң алдындағы эпитеттер заттық, сындық ұғымды бiлдiргенмен, бұлар – мемлекеттiң атауы екенiн жазушы айқын танытып отырады: «Жыланды үш кессең де кесiрткедей күшi бар, Алтын Орданың әлi де Румға да, Иранға да, басқаға да қуаты жететiн едi. Алтын Орданың әлi де өзге елдердi сан қорқытатын жүз жиырма жылдай өмiрi алда едi»

Ш.Уәлиханов Орда сөзiне былай түсiнiк бередi: «Мне кажется, слово Орда, имело и прежде в Золотой Орде такое же значение, как (теперь) у киргизов и калмыков, и означало в обширном смысле место столицы хана, в тесном – его ставку. Золотая Орда – золотой шатер и юрта, в которой сидел хан, в последствии оно обратилось в название всех ставок городских, где жили ханы. Так что, слова Ак Орда, Кук Орда, Сары Орда нужно принимать не как название улуса или юрты, а как название главной стоянки, резиденции ханов» [2, 166]

Қос трилогиядағы хан, сұлтандардың балаларына қарата айтылатын оғлан сөзі де түсінікті қажет етеді. «Түркi-монғол тiлдерiнде оғлан, ұлан, ұғыл – ұл сөзiнiң ерте дәуiрлерден келе жатқан титулдық мәнiнiң сарқыншағы қазақтарда Бұхар замандарына жеткен тәрiздi. Орта ғасырларда оғлан /ұлан деп Алтын Ордада, Қырым мен Астраханның династияларында, Шағатай ұлысы мен Ақ Ордада билеушi феодалдардың ең жоғарғы әскери және әкiмшiлiк қызметiн атқаратын ұлдарын атайтын болған. Бұл сөздiң тiптi тар мағынасында жұмсалуы да орын алған. «Монғолдар мен түркiлерде оғлан деп Шыңғыс ханның хан титулына ие болмаған ұрпақтарын атаған» [5,158]

Қазақ қауымында бұл оғлан сөзі XVI-XVII ғасырларда-ақ сұлтан, төре сөздерiмен ауыстырылып, көбiнесе титулдық мәннен гөрi хан әулетiнiң жас балалары – ұлдары деген сипаттамалық қызметке көшсе керек .

«Алтын Орда» трилогиясында оғлан сөзi хан әулетiнен тарайтын ұл балаларына байланысты қолданылған:

« – Аман-есен жеттiң бе, батыр оғлан? – дедi ол Тоқтамыспен қатарласа, дiзерлесе отырып...»

Тоқай-Темiр ханның ұрпағы, Маңғыстау билеушiсi Той-Қожа мен Қоңырат қызы Қотан-Күнчек бәйбiшеден туған Тоқтамыс әлi хан емес-тi, сондықтан да оны жазушы Ақсақ Темiрдiң аузымен «оғлан» деп атайды.

Ш.Уәлихановта да дәл осындай мағынасымен көрсетiлген: «Были угланы, принцы – потомки ханов. Были беки и бии – родовые представители племен» [2, 170]

«Абай жолы» эпопеясында «ұлан» сөзiн М.Әуезов нәресте, бала, сәби, жас азамат мағынасында жұмсаған екен. Ғалым Е.Жанпейiсовтiң мына пiкiрi де ойымызға дәлел болады:

«Ұлан (< түркi оғлан «АЖ»-де бала, жас азамат ұғымында жұмсалған... Себебi, жас ұлан әкесi мен шешесiнен айырылған күнi, жөргегiнде жылаған күйiнде мынау шеткi Ақшоқының иесiз биiгiнiң басына апарып тасталды» [4, 97]

Ал «Көшпендiлерде» оғланнан гөрi сұлтан, төре сөздерi хан ұрпақтарына байланысты қолданылған: Абылай сұлтан, Барақ сұлтан, Қасым төре (Абылайдың баласы), Саржан, Есенгелдi сұлтандар (Қасым Абылайұлының балалары) «Қаһар» романында сұлтанның тағы бiр нұсқасы бар: «Қараөткелдiң аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендин»

Бұл тұста сұлтан сөзi лауазым атауында жұмсалған. Тiлдiк қолданыстағы кейбiр сөздердiң мағыналары кейде тарылып, кейде кеңейiп отыратыны белгiлi. Жазушының осындай ерекшелiктердi ажырата бiлгенi тарихи роман құндылығын арттыра түседi. «...тарихи шығарма авторы сол бiр өткен дәуiрдiң бiтiмiн, болмысын, ерекшелiгiн тартымды һәм нанымды көрсету үшiн, қазiр қанша тотыға тұрса да мүмкiндiгiнше, тек сол тұстағы тiл бояуын қалпына келтiруге мiндеттi. Мұнысыз бүгiнгi оқырманға өткен тарихи дәуiр тынысын таныту мүмкiн емес...» [6, 103] дегендей, І.Есенберлин шығармалары көне сөздерді орнымен қолдана білуімен де айрықша. Сол секілді сүреғал – олжаға тиген үлестік жер, гурген – ханға күйеу бала, манғыла (монғолша) – алдыңғы леп, авангард, пасбал – көне түркi тiлi, күзетшi деген сөз, етрат – көне түркi тiлi, жауынгер деген мағынада, көрен – (монғолша) бекiнген әскер, лагерь, битiкшi (монғолша) – Орда iсiн, қағазын жүргiзетiн кiсi, сакмагон – шекарадағы орыстардың атты сақшы-күзетшiлерi, жол көрсететiн – қылауыз, шаһар ағасы – қалантар, даруға әмiр, лашкар – әскер, тордағы ырбыздай – жолбарыс тектес аң, инақ – бағынышты қызметкерлер, импрам – бұхара халық, қарашы жай, қарапайым адам, кешке – әскердiң соңы, құма – хан-сұлтандардың некесiз әйелдерi, аталық, атаке – әке орнына әке болып, баланы тәрбиелейтiн адам, көкiлташ – бiрге туыспаса да, хан шешiмi бойынша жас балаға аға болып саналу. Осы секілді көптеген сөздер мен тарихи титулдық атауларды сөз зергерлері өзі суреттеп отырған дәуірдің бітімімен үйлестіре қолданады. Қазақ тiлiнiң 10 томдық түсiндiрме сөздiгiнде даруға – монғолша билеушi, басқарушы мағыналарында көрсетiлген. Ал құма сөзi туралы Р.Сыздық былай дейдi: «...көне түркi-монғол хандықтарындағы билеушi әулеттiң некелi жұбайлары хатун (қатын) деп, ал, жаулап алған тайпаның билеушiлерiнiң қатын-қыздарын, қарындастарын әйел еткенде, олар құма деп аталған...

Құма – тоқал емес. Тоқалды хан әулетiне жатпайтын жай адамдар да (әрине, байлар мен барлар, батырлар, билер) ала бередi, ал құма – титул, ол тек хан мен сұлтандардың қосағы, жай таңдап алған жұбайы емес, соғыста жеңiп, жаулап алған жақтың, ұлыстың әмiршi әулетiнiң қатын-қыздары. Олар да ақсүйек нәсiлi болғандықтан, құмадан туған балалар хатундардан туған балалармен тең құқықты болған, көбiнесе некелi қатындардың тәрбиесiнде өсiрiлген» [6, 101]

І.Есенберлиннің шығармаларында жиі қолданылатын қарашы сөзі ХVI ғасырдың ескерткiшi болып табылатын «Жами-ат-тауарих» шежiресiнде «қарачу» (қарашы) терминi болып кездеседi: «Оң ханның беклерi қарачу лары айды» [7, 65] Мұнда ханның кеңесшiсi деген ұғым бар. Ал қазақтың «хан – қазық, қарашы – азық», «ханның iсi қарашыға да түседi» деген мақалдарындағы қарашы сөзi «тәуелдi, бағынышты» деген мағынаға саяды. Бұл сөз Бұқар жырауда да (ХVIII ғасыр) осы ұғымда да жұмсалады: «Ханның жақсы болмағы – қарашының елдiгi», Махамбет ақында да (ХIХ ғасыр) солай: «Жай-қоныстан айрылып, Мен – бiр қаңғып жүрген қарашы». I.Есенберлинде қарашы сөзi белгiлi бiр әлеуметтiк топтың атауы ретiнде жұмсалған.

Жазушының тарихи романдарында кездесетін көптеген монғол-түркi сөздерi тиісті жерлерінде жұмсалынған. Бұл жағынан көрнекті қаламгердің Қадырғали би Қосымұлының «Жами-ат тауарих» шежіресімен терең сабақтастықты сақтағанына тәнті боламыз.



ӘДЕБИЕТ
1.Байтұрсынов А. Ақ жол. –Алматы: Жалын, 1991.

2. Уәлиханов Ш. 5 томдық шығармалар жинағы, II-том. –Алматы: ҚСЭ, 1985.

3. Этимологиялық сөздiк. –Алматы. 1966.

4. Жанпейiсов Е. М.Әуезовтiң “Абай жолы” эпопеясының тiлi. –Алматы: Ғылым, 1976.

5. Сыздықова Р. Қазақ әдеби тiлiнiң тарихы. –Алматы: Ана тiлi, 1993.

6. Сыздық Р. Сөз құдiретi. –Алматы: Санат, 1997.

7. Сыздықова Р., Қойгелдиев М. Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы. –Алматы: Қазақ университетi, 1991.

Б. Ақбұзауова

Астана қ., Қазақстан
ТАРИХИ ТҮРКІ ТІЛДЕРІНДЕГІ ЕСІМШЕ ФОРМАЛАРЫНЫҢ АРИБУТ ҚЫЗМЕТІНДЕ ЖҰМСАЛУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Түркі тілдерін салыстыра зерттеу алғаш М.Қашқаридің ХІ ғасырда «Диуани лұғатынан» басталса, бұған қоса сақталмай қалған араб – парсы – түрік – монғол тілдерін салыстыра зерттеген әл-Замахинаридің “Мукаддимат әл-адаб” (XІІ ғ.) атты ғылыми еңбегі болғанын тюркологтар растап отыр. В.В.Бартольд осы еңбектің түркі тіліне арналған бөлімі Орта Азия түркілерінің ХІІ, ХІІІ ғасырлардағы әдеби тілін зерттеуге арналғанын анықтаған. Түркі тілдерінің лексикасын зерттеген Л. Будагов, Г. Вамберилерден өзге фонетика мен грамматикада салыстыра зерттеу ісіне айтарлықтай үлес қосқан В.В. Радлов еңбектері одан кейінгі зерттеулерге үлгі болғанын ғалымдар атап көрсетуде. Түркітанудағы салыстыра зерттеу ісін жалғастырған елеулі еңбектер қатарында ғалымдар Н.Ф. Катановтың “Опыт исследования урянхайского языка” зерттеуін атайды. Тарихи-салыстырмалы зерттеуге өз үлестерін қосқан фин ғалымдары М. Рясянен, К. Гренбек, түрік ғалымдары А. Эмре мен А. Жафароғлылар болғанын атау орынды.

Анықтауыштың сөйлем мүшесі ретіндегі қызметін де, сөз тіркесі, байланысу әдістері тұрғысынан да зерттейтін сала – синтаксис. Сондықтан түркологияда осы сала бойынша жазылған еңбектердің барлығы арнаулы анықтауышты зерттеген еңбектер қатарынан саналмағанмен, оны айналып өте алмайтыны тағы да түсінікті. Бұл еңбектердің барлығы синтаксис саласындағы әр кезеңде сапалық та, сандық та өзгертулер әкелген іргелі зерттеулер екенін айту орынды. Демек оларды зерттеудің бүгінгі күнгі деңгейіне жетуге мүмкіндік туғызып, іргетасын қалаған еңбектер тұрғысында бағалау орынды болмақ. Жалпы түркі тілдерінің құрамдас бөлігі болып табылатын жеке тілдер бойынша жазылған бұл жұмыстардың салыстырмалы-тарихи зерттеулер үшін құндылығы өте зор.

Түркі тілдері бойынша жазылған тұңғыш еңбектердің бірі – Казем-Бектің “Общая грамматика турецко-татарского языкасында” есімше формаларын рай түріне жатқызып, септелетін және септелмейтін есімшелер деп қарастырғаны белгілі [1, 271]. Бұған себеп есімшелердің кейбір түрлерінің (-ар,-мыш) таза етістікке көшіп, абстракциялануынан деп қорытынды жасауға болады. Керісінше, шығыс түркі тілдерінде есімшелердің атрибуттық мәнінен ажырамай дамығандығы белгілі. Мұның өзі әр тілдік топтың өзінің даму ерекшеліктері бар екендігін көрсетеді.

Қазақ тілін арнаулы зерттеу объектісіне айналдырып, күні бүгінге дейін өз құндылығын жоймаған, жазылғанына 2 ғасырға айналып бара жатқан С.П. Мелиоранскийдің “Краткая грамматика казак-киргизского языка”. Ч.2 (Синтаксис), өткен ғасырдың 30-жылдарында жарық көрген А.К. Боровковтың ұйғыр тілі бойынша зерттеуі, 40-жылдардағы И.А. Батмановтың қырғыз тіліне арналған, Л.П. Поцелуевскийдің түрік-мен тілі, Н.П. Дыренкованың ойрот тілі, Н.К. Дмитриевтің башқұрт тілі бойынша, 50-жылдары Н.А. Баскаков қарақалпақ тілінің, Е.И. Убрятованың якут тілінің, 60-жылдары А.Н. Кононов өзбек тілінің, М.З. Закиев татар тілінің материалдары бойынша күрделі еңбектер жазғанын айту керек. Бұлардың ішінде А.Н. Баскаковтың 70-жылдары жазылған “Историко-типологическая характеристика структуры тюркских языков” деген еңбегі де бар. Осы еңбектерді оқу барысында түркі тілдеріне оның ішінде анықтауыштың түрлеріне, оның ішінде, етістік формаларынан (есімше мен қимыл есім) жасалған түрлерінің жасалу, қолданылу ерекшеліктеріне байланысты қандай ортақ заңдылықтар мен өзгешеліктер бар деген сұрақтарға жауап іздегенде түйгеніміз төмендегідей болды.

Түркі тілдерінің дамуындағы байқалатын ортақ заңдылық тілдердің грамматикалық құрылымы мен негізгі сөздік қордың өзгергіштігі, сыртқы факторлардың әсеріне бейімделуі, тілдің лексикалық, фонетикалық өзгерістеріне қарағанда баяу бола-тындығы. Тарихи оқиғалардың әсері, сондай-ақ тарихи даму процесінің ұзақтығы туыстас тілдердің арасында айырмашылық әкелмей тұрмайды, алайда ол өзгеріс, тілдің грамматикалық құрылымын мүлдем өзгертетіндей түбірлі өзгерістер емес, оның тек фонетикалық не лексикалық жағын қамтитыны анық. Мәселен, қыпшақ тобынан тарайтын қазақ, қарақалпақ, ноғай тілдерінің бойындағы өзгешеліктер осыны дәлелдейді. Қазақ тілінде –атын/-етін/-йтін формалары қолданылса, ноғайда – (-атаған/-етеген); қарақалпақта -атуғун/-этуғун немесе осы тілдерде қолданылатын келер шақтың форманттары -ажақ/-эжақ пен -айақ/-эйақ қазақ тілінде қолданылмайды. Осы тұрғыдан келгенде бір тілдік топқа жататын ғана емес барлық түркі тілдеріне ортақ заңдылықтар қатарында мыналарды атауға болады:

1)Анықтауыштың өзі анықтайтын сөзінің алдынан келуі; 2) Анықтауыштың а) есім сөздерден, оның ішінде сын есім, сан есім, есімдік (жіктеу есімдіктерінің тәуелденіп келуі арқылы), ә) зат есім мен зат есімнің қабысу және матасу арқылы анықтауыш болуы, б) етістіктің есімше формасының анық-тауыш болуы, в) қимыл есімнің анықтауыш болуы; 3) мұндай анықтауыштардың қимылдың динамикалық сынын білдіруі; 4)есімшелі анықтауыштардың дара, күрделі, үйірлі және сөйлемді анықтауыштар болатындығы. Ал енді есімше формаларының осы қызметіндегі өзгешеліктері әр тілдің өзінің ішкі ерекшеліктерінен туындайды. Мәселен: өзбек тілінде есімшелердің -ған, -етган, -диган, -ар форманттары бар. Бұлардың ішінде –ар мен -диган тек атрибуттық қызметте жұмсалса, -ған, -етган, -диган формалары үйірлі анықтауыш сондай-ақ сөйлем предикаты қызметінде де жұмсала алады. –ар форманты үйірлі анықтауышқа атрибут болмағанмен сөйлем предикатын жасауға қатысады. Өзбек тілін зерттеген А.Н. Кононов ЕА сөйлем субъектісінің қимылдық сынын, сөйлем объектісінің қимылдық сынын, әрекеттің мезгілдік және мекендік сынын білдіреді деп көрсетеді.

Қырғыз тілінің материалдарына сүйеніп И.А. Батманов: “Любая знаменательная часть речи в тюркских языках может выступать в роли различных членов предложения… Для киргизов и ряда других тюркских языков содержание категории “причастий” должно быть пересмотрено, так как образования на “-ған” и “-ар” по своему значению выходят за пределы причастий и выступают в значении как чистых глаголов, так и имен действия” [2, 4] деген пікір айтады. Зерттеуші бұл жерде есімшелердің жіктеліп баяндауыш болуын және субстантив-тенген түрлерін айтып отыр. Автордың бұларды таза есімше емес етістікке де тән қызметі бар деп есептеуі, қазіргі үнді-еуропа семьясына жататын тілдердің көбінде (орыс тілінде де) есімшенің предикат қызметі жоқ тек атрибут қызметін атқаруынан. Есімшелердің мұндай екі жақты қызметін түркі тілдерінің ерекшеліктерінің бірі деп есептеуге болады.

Түрікмен тіліне қатысты зерттеулерінде А.П. Поцелуевский сөз тіркестерін 4 топқа бөліп: 1)детерминанттық – сын есім мен зат есімнің қабыса байланысуын (ұлы сардар), зат есімдердің матасуын (Лениннің сөзі) жатқызады. Алғашқысын эпитеттік анықтауыштар, соңғысын айқындауыштық толықтауыштар деп атайды. 2) салаластырғыш анықтауыштар дегенге “сядаш Мередов” тәрізді қосарлы анықтауыштарды жатқызады. 3) сабақтастырғышқа жалғаулар мен шылаулар арқылы байланысқан сөз тіркестері кіреді. 4) сөйлем деңгейіндегі сөз тіркестері. Мысалы: Ораз язар дегенде пікір бар деп есептейді [3, 54]. Көріп отырғанымыздай, мұнда есімше я қимыл есім сөздерден болған анықтауыштар жайында пікір жоқ.

Башқұрт тілін зерттеуші Н.К. Дмитриев түркі тілдеріндегі анықтауыш жасалуының ерекшеліктеріне тоқтала келе, оны сөйлем мүшесі ретінде қарастыру бағыты дұрыс емес, өйткені ол анықтайтын сөйлем мүшесі шектеулі емес, зат есім немесе оның орнына жүретін барлық сөзді анықтай алады. Сондықтан оны анықтауыш – анықталушы деп сөз тіркесі ыңғайында қарастырған дұрыс. Анықтауыштың сөйлемдегі орны анықтай-тын сөздің орнына байланысты. Ал түркі тілдеріндегі анық-тауыштар анықтайтын сөзінің алдынан келіп ешқандай грамматикалық өзгерістерге түспестен онымен қабыса байланы-сады деп көрсетеді. Ал анықтауыштың анықталатын сөзінен кейін келуі ол түркі тілдеріне тән құбылыс емес, ол поэзияда немесе араб-парсы тілінен енген сөздерінен қалған қалдық-тардың кейбір көріністері деп есептейді. Мәселен, өзбек тілінде – Ахмәд мархум, түрікмен тілінде– Какым пакыр, әзірбайжан тілінде–Сеил мәлун тәрізді осыны растайды. Зерттеушінің бұл пікірлеріне қосылуға болады. Алайда түрколог ғалымдардың пікірлері бір жерден шыға бермейтін тұстары да бар.

Мәселен, зерттеушінің мына бір тұжырымдары: “Так же конструируются и сложные определения, по существу придаточные определительные с выраженным или опущенным сказуемым” [4, 28]. Бұл жерде күрделі анықтауыштарды құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сыңарымен теңестіру бар, ал баяндауышты дегені – үйірлі анықтауыш болса керек. Әрине бұл пікірмен келісуге болмайды. Күрделі және үйірлі анықтауыштардың орыс немесе басқа да үндіеуропа тілдеріндегі сөйлемнің бағыныңқы сыңарымен сәйкес еместігі дәлелденген мәселе.

Ал керісінше А.Н. Баскаков қазіргі түрік тілінің сөз тіркестерін зерттеген еңбегінде көптеген еуропалық түркологтар түркі тіліндегі есімше, көсемше, қимыл есімдері арқылы келген құрылымдарды үндіеуропа тілдеріндегі құрмалас сөйлемдердің бағыныңқы сыңарымен теңестіріп, салыстыра зерттеуі дұрыс емес деген оң пікір айтады. Осы жерде зерттеушінің түрік тілінің материалдарына байланысты еңбегіндегі ЕА-ның жасалуына тоқтала кетсек. Түрік тіліндегі бүгінгі тілдік қолданыстағы есімше формантының 7 түрінің 5-уі (-аn, -dіk, -ar, -mіs, -acak) болымды, болымсыз және етіс түрлерінде атрибут-тық қызметте жұмсалады екен. Олар өзі анықтайтын сөздермен қабыса байланысады және есімшелердің анықтауыштық қызметі негізгі синтаксистік функциясы болып табылады. Бұған қоса түрік тіліндегі масдарлар (қимыл есімдері) да атрибуттық қызметте қолданылады. Мұндағы ерекшелік олар өзі анықтайтын сөзінің тәуелді формада тұруын қажет етеді, демек қиыса байланысады делінген. Сондай-ақ қимыл есімдерінінің адъективтенген түрлері өзі анықтайтын сөзімен қабыса келіп, анықтауыш қызметін атқарады екен. Мысалы: сешме мия (іріктелген жеміс), ічме су (ішетін су), т.б.

Түркі тілдерінің бірі – қырғыз тілін орыс тілімен салыстыра зерттеген Р.А. Вафеев [5, 41] кез келген сөйлем мүшесінің қызметі оның сөйлемдегі орнына байланысты. Осы тілдерде заттық, мағлұмат беруде, сондай-ақ оның сөйлемнің өзекті мүшесіне айналуына, әрі берілетін ақпараттың стильдік тұрғыда өзгеруіне тікелей әсер ететін сөйлем мүшесінің орны деп есептейді. Және де бұл түркі және орыс тілдеріне ортақ заңдылықтардың бірі екенін дәлелдеуге тырысады. Бұл еңбекте де автор сөйлем мүшелерінің орны деген анықтаманың шартты екенін ескертеді. Өйткені мұнда екі мәселе қамтылатыны ескеріледі: Біріншіден, сөздердің жалпы сөйлем ішіндегі орын тәртібі, екіншіден, сөздердің сөз тіркесі ішіндегі орын тәртібі бар. Сондықтан осы жағдайды ескере келе, сөйлем компоненттерінің орын тәртібі деген анықтама қолайлы деген пікірмен келісуге болады. Мәселен (түркі тілдерінде) сөз тіркесі құрамында анықтауыш өзі анықтайтын сөздің алдында келсе, сөйлемге қатысты орны өзі анықтайтын мүшенің орналасуына қарай әр жерде болуы мүмкін. Сондықтан анықтауышқа қатысты талдауда оны жалпы сөйлемге емес өзі анықтайтын сөзге қатысты – сөз тіркесі тұрғысында талдау практикалық жағынан ұтымды болмақ. Ал орыс тілінде анықтауыш анықталатын сөздің алдынан да соңынан да келуі мүмкін. Бұл тілдің өзінің ішкі ерекшеліктерінен туындайды. Демек салыстыра зерттеуге арқау болады.


ӘДЕБИЕТ


  1. Казем-Бек А. Общая грамматика турецко-татарского языка. -2-ое изд. – Казань, 1846. - 457с.

  2. Батманов И.А. Современный киргизский язык. Вып.1. – Фрунзе: Изд. АН Киргизстан, 1963. – 166 с.

  3. Поцелуевский. А.П. К вопросу о происхождении настоящего времени в тюркских языках юго-западной группы. – Ашхабад: Туркменучпедгиз, 1946. -27 с.

  4. Дмитриев Н.К. Строй тюркских языков. – Москва, 1962. – 607 с.

  5. Вафеев Р.А. Порядок слов как средства выражения вещественной, актуальной, стилистической информации в русском и киргизском языках: Дис. канд. фил. наук. - Фрунзе, 1983. – 214 с.

Г.Ж. Болатова

Астана қ., Қазақстан

АҚСЕЛЕУ СЕЙДІМБЕК – ҚАЗАҚ ФОЛЬКЛОРЫН ЗЕРТТЕУШІ
Ауыз әдебиетінің әр халықтың тарихындағы көтерген жүгі мен даму сипаты бірдей емес. Қазақ халқы үшін ауызша өнер үлкен әлеуметтік мән-маңызға ие болған. Қазақ фольклорының шексіз мол қазынасына ХІХ ғасырда назар аударған Ш.Уәлиханов, Г.Потанин, В.Радлов, Ә.Диваев, ХХ ғасырда А.Байтұрсынов, М.Әуезов, С.Сейфуллин, Қ.Жұмалиев, С.Мұқанов, Е.Ысмайылов, М.Ғабдуллин, Ә.Марғұлан, Н.Смирнов, Р.Бердібаев, Б.Уахатов, С.Қасқабасов, Ш.Ыбыраев, О.Нұрмағамбетова, Е.Тұрсынов, Т.Садықов, С.Садырбаев, т.б. фольклор зерттеушілердің қатарында ғалым А.Сейдімбектің де есімін айрықша атай аламыз. Фольклорлық зерттеу еңбектерінде А.Сейдімбек қара өлең мен күй аңызының жанрлық табиғатын, шығу тарихын, көркемдік кестесін арнайы қарастырады.

Қазақ фольклорында күні кешеге дейін аты аталмай, аталса да қатарға кірмей осы уақытқа дейін халық жадында сақталып келген ондаған жанрлар мен жанрлық түрлердің не зерттеушілер, не жинақтаушылар тарапынан ілтипат көрмегені аян жайт. Ал Ақселеу Сейдімбектің қазақтың дәстүрлі халық лирикасындағы қара өлең жанры мен қазақтың күй аңыздарының құрылымы мен жанрлық ерекшеліктерін жан-жақты зерттеу еңбегі қазақ фольклористика ғылымын дамытуға қосқан үлесі болып табылады.

Мейлінше бұқарашыл көптің өнері саналатын қара өлең фольклоршы ғалым Ақселеу Сланұлының кандидаттық ғылыми еңбегінің арнайы зерттеу объектісі ретінде тұңғыш рет қарастырылады.

Еңбекте бүгінгі таңға дейін жалғасын тауып отырған, бап талғамайтын, айрықша әнші-күйшілікті қажет етпейтін қара өлеңнің өзіне тән ерекшеліктері: қара өлеңнің төрт жолдан тұратындығы, әдетте ел ішінде жиі кездесетін өлең ендігі әр шумақта жеке-жеке ойдың түйінделетіндігі және қара өлеңнің әнге қосып айтылатындығы (Ш.Уәлиханов) нақтылы мысалдармен ғылыми тұрғыда талданған.

Ш.Уәлиханов қара өлеңнің қасиетіне қатысты тым жоғары талап қойып, «Көбінесе төрт жолды шумақтар мағынасыз болып келеді» деген ойына айрықша көңіл бөлген зерттеуші Ақселеу Сейдімбек осы пікір бүгінге шейін талай ғалым-зерттеушілердің айнымас тұжырымдамасына айналғанын, әрісі В.Радлов, В.Гордлевскийден бастап, берісі Қ.Жұмалиев, Ғ.Ысмайылов, Б.Уахатовтар еңбектерінен дәлел келтіреді. Қазақтың қара өлеңінің өзіндік үні, өзіндік айтары бар өлмес өнерге тән өміршеңдігіне көз жеткізген ғалым «Қара өлеңдегі кез-келген түсініксіз деген жолдар сол өлең айтылған орта үшін әбден түсінікті екенін, сол ортадағы адамдардың мінез бітімдеріне, тағдыр-талайына тікелей қатысы бар астарлы емеурін сөздер екенін әсте естен шығармауымыз керек» деп, оның барша көркемдік-эстетикалық болмысын белгілеп, талғам-танымын анықтап беретін мазмұн көшпелілердің дүние-тіршілік қалпынан туындайтынын пайымдайды. Сонымен қатар зерттеуші халық мұрасының бұл саласы уақыт, заман тынысын танытып, сол уақыт, заман туралы халықтың ой-ниетін, арман аңсарын жеткізуде нағыз шыншыл екендігін әр кезеңде дүниеге келген қара өлеңнің жарқын үлгілерін мысалға алып, ойын нақтылайды және оны қара өлеңнің өзге жанрлардан оқшауландырып тұратын бір қасиеті деп таниды. Қара өлеңнің табиғатын зерттеу нәтижесінде адам қоғамының барша өмір салтының, салт-дәстүрінің моральдық-этикалық нормаларының сұлулық туралы таным-түсініктерінің, сезім-күйлерінің поэзиялық үлгідегі энциклопедиясы немесе галереясы сияқты деген тұжырымға келеді. Одан әрі А.Сейдімбек қара өлеңдегі ой мен образ, емеурін мен астар халықтық төл таным-түсініктен туындайтынын ғылыми тұрғыда дәлелдеп береді:

Ой, Алтай, басың биік, шөбің сұйық;

Ойнайды бауырында арқар, киік.

Кір жуып, кіндік кескен қайран Алтай,

Кетеді сені ойласам ішім күйіп, -

секілді қара өлең үлгісін мысалға алып, автор бұл сынды өлең еш уақытта сол әншінің ғана сезімі емес, жалпы жұртқа ортақ сезім игілігі деп танып, қара өлеңдегі махаббат, ғашықтық тақырыбын кеңінен қарастырады.

Жалпы қара өлеңнің табиғатын, өзіне тән ерекшеліктерін типологиялық аспектіде қарақалпақ, өзбек, қырғыз, венгр, орыс, латыш фольклорынан мысалдар келтіріп, байсалды пікірлер айтады.

Қара өлеңнің этимологиясын айқындай отырып, оны фольклорлық және әдеби жанрлардың тууы мен қалыптасуының типологиялық заңдылық аясында қарастырған ғалым қара өлеңнің танымдық, эстетикалық сипатын, ондағы емеурін мен астарды халықтық тіл, дүниетаныммен тығыз бірлікте талдайды. Қара өлеңнің табиғат туралы дәстүрлі үлгілерін мысалға келтіріп:

Дүние қарап тұрсам бір кең сарай,

Сарайға көзім талды қарай-қарай...

немесе:

Дүние бір қисық жол бұраңдаған,



Бақ тайса мал менен бас құралмаған...

немесе:


Дүние қудым сені жалықпай-ақ,

Судағы ұстатпайсың балықтай-ақ, -

деп басталатын жолдарда Адам – Қоғам – Табиғат ұдайы жанды қарым-қатынасқа түсетінін аңдатады. Зерттеуші оны көшпелі өмір салтының табиғатпен тікелей тамырласып жататын әлеуметтік-экономикалық қалыптастырған психология деген қорытындыға келеді. А.Сейдімбек қара өлеңнің өн бойындағы аңғартары – қазақ халқының таным-түсінігі бойынша табиғат адамға тәуелсіз, бірақ онда адам мен табиғаттың барша болмыс-тіршілігі тек қана бірлікте, үйлесім-келісім үстінде жалғасын табатыны мейлінше айқын айтылып отырғанына назар аударады. Оған қоса автор қара өлеңнің міндетті түрде созылмалы немесе қоңыр әнге салынып айтылатынын, бірақ бірде-бір қара өлеңнің тұрақты әні болмайтындығын байқап, әр әннің ырғақтық ерекшеліктеріне орай қара өлең тармақтарындағы бунақтар орын ауыстыра беретіндігіне мән берсе, қара өлеңніңтұрақты қайырмасы болмайтындығын, алайда әнге салып айту барысында міндетті түрде қайырма қоса айтылатындығын зерделеген және «Мың бір маржан» еңбегінде сондай қайырманың 101 түрін ұсынады.

Халық прозасын ертегілік проза және ертегіге жатпайтын проза деп жіктеушілік ХХ ғасырдың екінші кезеңінен басталғанын ескерсек, бұл тұрғыда А.Сейдімбектің «Қазақтың күй аңыздары» атты ғылыми еңбегі қазақ фольклористикасын байытқанын атауға тиіспіз. Бұл еңбегінде фольклоршы-ғалым тұңғыш рет күй аңыздарын қазақ фольклорының ертегіге жатпайтын жанры ретінде қарастырып, оның тарихи деректілігі, құрылым мәселелері, жанрлық ерекшеліктері және күй өнерімен ара-қатынасын жан-жақты саралап береді. Зерттеу еңбекте ғалым алдымен зерттеу барысында қолданысқа түсетін терминдерді саралауда тың көзқарастар орнықтыруға ұмтылған. Атап айтсақ, «проза», «аңыз», «күй аңызы» терминдерінің мән-мағынасын нақтылап, осы уақытқа дейін «әңгіме новелла», «аңыз әңгіме», «болған әңгіме», «жай әңгіме», «ауызша әңгіме» деп әр түрлі айтылып келген қарапайым тұрмыстық аңыз әңгімелерді бір сөзбен «жағдаят» деп атауды ұсынып, оны еңбегінде терминдік деңгейде ұтымды пайдаланған. Ғалым күй аңыздарын тарихи деректермен тұтас бірлікте қарастырып, оны бес кезеңге бөліп, оларды сюжет-мотивтері бойынша емес, құрылымдық-тақырыптық қасиеттері бойынша төмендегідей жүйелеген:



  1. Тарихи оқиғаларға арналған күй аңыздар.

  2. Күйші композиторлар өміріне қатысты күй аңыздары.

  3. Тұрмыс-салтқа байланысты туған күй аңыздары.

  4. Арнау күйлерінің аңыз әңгімелері.

  5. Қоршаған орта, табиғат туралы күй аңыздары.

  6. Жан-жануарлар туралы күй аңыздары.

«Белгілі бір тартылатын күйдің шығу себебі туралы ауызша айтылатын, күйдің бұрынғы, соңғы деректеріне толық мағлұмат беретін аңыз әңгімені күй аңызы дейміз», - деп анықтамасын берген фольклорист-ғалым оның ішкі жанрлық түрлерін: мифтік күй аңыздары, аңыздық күй аңыздары, жағдаяттық күй аңыздары деп таратады да күй аңыздарының ішінде хикаялық аңыздардың кездеспейтіндігін анықтайды. Мұның себебі, біріншіден, күй аңыздарының негізіне нақтылы өмір шындығы арқау болса, екінші, күй аңыздарына арқау болатын оқиғалардың міндетті түрде ғибраттылық, тағылымдық және дерек берушілік сипатының болатындығынан деп тұжырымдайды.

Күй аңыздарының дүниеге келген уақытын анықтауда күй аңыздары өз ішінде халық күйлерінің аңыздары және халық композиторлары күйлерінің аңыздары болып екі арна құрайтындығына назар аударған ғалым күй аңыздарының шығу уақытын айқындаудың жолдарын ашып көрсеткен.

Күй мен күй аңыздарының ара-қатынасын ашу үшін А.Сейдімбек айтыс күйлері мен тармақты күйлерді жан-жақты сипаттап береді. Сонымен қатар күй аңыздарының небір қызықты нұсқалары музыкалық аспаптар болып келетінін айтып, зерттеуші қазақ күйлері негізінен қобыз, домбыра, сыбызғы, жетіген, шаңқобыз, сазсырнай сияқты аспаптарда тартылып, дүниеге келіп отырғанын қызғылықты баяндайды.

Қорыта айтқанда, фольклор туралы ғылым әуелі халық мұрасын жинақтаудан басталады десек, бұл тұрғыда ғалым А.Сейдімбектің тындырған істері ауыз толтырып айтарлық. Ғалым жинақтаған қара өлең нұсқалары екі том көлемінде қазақтың фольклорлық мұрасын толықтырды. Халық арасында таралған бес мыңдай күй бар десек, соның басым көпшілігін ел ішінен Ақселеу Сланұлы жинап, 150-ге тарта күйші-композиторлардың өмірі мен шығармашылығы туралы тың деректер береді. Ол еңбектері баспа бетінде кітап болып жарыққа шыққаны баршамызға белгілі.

Қазақ фольклорының бұған дейін тиісті дәрежеде назар аудармай келе жатқан қара өлең мен күй аңыздарын жинап қана қоймай, зерттеп, ғылыми тұжырым, ой-пікірер айтып, олардың халықтық табиғатын ашуда ғалым қазақ фольклорына толымды үлес қоса алды деп есептейміз.

Т. Б. Жомартова

Астана, Қазақстан
СӘКЕН СЕЙФУЛЛИННІҢ «КӨКШЕТАУ» ПОЭМАСЫНДАҒЫ

АҢЫЗДАР ТУРАЛЫ СЫР

Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасы—ақын шығармаларының ішіндегі көркемдік қуаты жағынан да дәстүр сабақтастығын жалғастыра отырып, тың ізденіспен, жаңашылдықпен жазылған туынды. Поэма 4 бөлімнен, 47 тараудан құрылған. Бастала бере Көкшенің әдемі табиғатын, көлі мен терегін, қарағайы мен қайыңын, тау мен тасын, ауасы мен суын – жаратылыстың суреттей қылып берген сұлулығын тамылжыта, төгілдіре өрнектейді.Табиғат сұлулығына, ел мен жер тарихын, ескі ақындарын, шежіресін қосып сұлулық пен рухани байлық үйлесімділігін жыр етеді.

Поэмада Көкшетаудың табиғаты, елі мен жері, адамдары ғана емес, ақын Көкшенің бүгіні мен болашағына да көз тігеді.Ақын табиғат сұлулығына адамдар сұлулығын, жер, ел тарихының терең тамырын көркем бейнелер жан дүниесінің ізгілігіне сәйкестендіріп, Көкшенің қадір-қасиетін жерімен, онда тіршілік еткен елімен бірге жырлай

Халық Көкшетау атап кеткен, Сарыарқаның солтүстік бөлігіндегі көгілдір таулы өлке батысынан шығысқа қарай төрт жүз-бес жүз шақырымға созылып жатыр.Көкшенің көгілдір таулары асу бермес асқарлар емес, сайын дала, жалпақ жазира төсінде киіктің лағындай еркелеп, құралайдай құлпыра қызықтырып, келсеңші қалқам деп еркелей қол бұлғап, жібек орамалы өзіне ынтықтырып тұрған ару таулар. Болмыс-бітіміңді баурап алатын осынау таулардың ең биігі- Көкше қырқасынан сырлы әлемге көз салу үшін 947 метр биіктікке көтеріліп шығасың.

Иә, Көкшетау—тұнып тұрған сыр, сөйлеп тұрған сурет.Бірінен-бірі асқан көгілдір таулар өз аясына мөлдіреген сексен көлді ұялатып, текше-текше тастарды қиялатып, ұлы табиғат өз өнерін айдай әлемге сиқырлы бояумен паш еткендей.

Ақылбай асуының екі қапталында қолдың саласындай сыңсып қарағайлы көгілжім орман алыстан аю жүнденіп ұйып тұр.

Табанын көкпеңбек көлдің мөлдір суы жуған көгілдір таулар сұлай созылып, жон арқасын күн сәулесіне тосып, рақаттана қыздырынып жатыр. Ара-арасынан жұп-жұмыр шың тастар құзартады. Оған ғашық болған ару қарағайлар сылаңдап жан-жағынан еркелей сыңғырлап, құзарт шыңның омырауын аймалап, маңдайынан иіскеуге ұмтылғандай...

Енді бірде күмістері күнмен шағылысқан тақияларында үкілері үлпілдеп өңкей бір сұлу қыздар сахнаға жан-жақтан қаптап шыға келгендей әдемі әсерге бөленесің. Төбеңнен төне қарап тұрған сесті құздарды ұмытып, қыз мойнындағы моншақтай тізіліп тұрған тауларға қарай бересің, көзіңді қадай бересің. Алдағы әсем көрініске қарап тұрып:

О, Көкше, көзді ерекше тоқтатасың,

Ақша бұлтқа қадалған шоқпар тасың.

Ақылбайдың аса алмай асуынан,

Еңісте шөгіп жатыр Ақ Боташым,

деген жыр жолдары еріксіз еске түседі. Ақын Ақ Боташым деп анау бір көрінген Ақбура тауын айтқан. Аты аңызға айналған Ақбура сол.

Бурабай жайында көптеген аңыздар мен әңгімелер бар.

«Алла-тағала әлемді жаратқан кезде кей халықтарға бай орман, кең алқаптар мен ірі өзендер, басқаларына әсем таулар мен сұлу көлдер еншілепті. Қазақтың үлесіне тек кең дала тиіпті.

Содан қазақ ренжіп, Жаратқаннан табиғаттың кереметінің бір бөлшегін сұрапты.

Содан Алла-тағала өз қоржынының түбінен әсем таулар мен жартастардың, мұнтаздай таза сулы көлдердің, шалғындардың, гүлдердің, сонымен қатар салқын сулы бұлақтар мен сылдырап аққан жылғалардың қалдығын даланың ортасына тастай салыпты. Тауларын әр түрлі ағаштар мен бұталардан құралған жасыл кілеммен көмкеріп, ормандарын аңдар мен құстарға, көлдерін балыққа, шалғындарын жәндіктер мен көбелектерге толтырыпты. Осылайша Бурабай пайда болыпты.

Абылай хан қалмақтарды шауып, жаудың он жеті жасар қызы қолға түседі. Жауынгерлердің қай-қайсысы оны әйел етіп алғысы келеді.Хан сұлудың өзі таңдасын дейді. Бірақ сұлу жартастың шыңына шығып орамалын байлап: «Кімнің жебесі орамалға дәл тиеді, соған күйеуге шығамын»-- дейді. Ешкім тигізе алмайды, себебі, ешкімнің жебесі сондай биіктікке ұшуы мүмкін емес еді. Содан бері қалмақ қызы орамалын ұстап тұрған жартас, осы аңызға байланысты Оқжетпес аталады. Оқжетпес- етегінен шыңынан 300 метр биіктікті құрайтын пирамида тәріздес жартас.

Мұңайған қалмақ қызы басына теңдік тимейтінін сезіп, жартастан Бурабай көліне құлаған кезде, қаздар қиқулап, аққулар сұңқылдап қанаттарын сабалап жүргенде, су астынан қыз сымбаттас тас бейне шашын жайып шыға келеді. Осылайша таңғажайып Жұмбақтас жартасы пайда болады. Егер Жұмбақтасқа көгілдір шығанақтан қарасаңыз, қыздың бейнесін байқайсыз, ал кері жағынан қарасаңыз мыстан кемпірді көресіз.

Жұмбақтас жартасты аралы көлдің батыс бөлігінде, көгілдір шығанақта орналасқан. Сәкен сейфуллин өзінің «Көкшетау» поэмасында былай деп суреттейді:

Арқаның кербез сұлу Көкшетауы,

Дамылсыз сұлу бетін жуған жауын.

Жан-жақтан ертелі-кеш бұлттар келіп,

Жүреді біліп кетіп есен-сауын.

Сексен көл Көкшетаудың саясында,

Әрқайсы алтын кесе аясында.

Ауасы дертке дауа, жұпар иісі,

Көкірек қанша жұтса, тоясың ба?

Әйгілі Оқжетпеспен бірге туысқандай болып бірінен-бірі сәл қалқыңқы бой түзеп тұрған үш шынарға еріксіз көзіңіз түседі.Оны халық «Үш діңгек» немесе «Апалы-сіңлілі үш ару» деп атап кеткен. Осы орайдағы аңыз мынадай бір сыр суыртпақтайды.

Ертеде Қарауыл ауылдарының бірінде елдің көркі, бірақ дұшпандардың көз құрты болып апалы-сіңлілі үш қыз өмір сүреді. Үшеуі де бірінен бірі өткен хас сұлулардың өзі болады. Орталарындағы жалғыз бауырлары Оқжетпес беті қайтпас батыр болып өседі. Үш апасын қызғыштай қорғап, қамқоршы бола біледі.

Әбден өшіккен жау қапылыста баса-көктеп, елді шауып, үш ару мен бауыры Оқжетпесті анталап қоршауға алады. Төртеуі шетінен атысып, кейін жылжи береді. Бір кезде ту сырттарына қараса, сыңсып тұрған жасыл орман, бау-бақша, мөлдір көл, көгілдір тауларды көреді. Құс жыртылып айрылады. «Туған жердің мұндай балауса бағын арам ниет дұшпандардың қара табанына қалай таптатамыз, қасиетті топырағымызды қалай ойрандатамыз, өзімізді қалай қорлатамыз?»--деп қайраттанған Оқжетпес пен оның үш ару қарындасы қатарласып, жауға қасқая қарсы тұра қалады да, шапса алмас қылышы майырылатын, сүңгітсе қара найзасы қайырылатын, атса оғы асып түсе алмайтын қамал тасты тік қаптал құзар шыңдарға айналып кетеді. Бұны көріп зәрелері кеткен жау тым-тырақай қаша жөнеледі...

Жеке батырдың құрметіне аталған Ұйқыдағы батыр тауы туралы Ш.Уәлиханов аңыз жазып қалдырған.

...Кедей ауылда ғажайып күші мен көптеген армандары бар батыр өмір сүріпті. Жас кезінде ән шырқап, қайырымдылықтың не екенін білмей жүре беріпті. Өсіп ақылы кірген соң, айналасындағы халықтың кедей, мұңды екеніне көзі жетіп, қайғыра бастайды. Елге жиі жау тиіп, қазақтар жайылым үшін қырқысып жатады.Жас батыр өмірге өкпелеп, еркіндіктен бақыт пен байлық іздеймін деп ауылдан кетуге бел байлайды.

Сәті түссе, тапқанын елге бөліп берсем, халық өзара қырқысқанын қояр, тату-тәтті өмір сүрер деп ойлайды. Өзіне қылыш, дулыға шоқпар алып атқа мінеді де, бақыт таппақ оймен жер жәннатына аттанады. Жаумен кезігіп олармен қалай шайқасса да жалғыз өзі жеңе алмайды. Содан батыр бақытты жалғыз таба алмайтындығына көзі жетіп, сол жерде тасқа айналып, мәңгі ұйқыға кетеді. Сәкен Сейфуллин Жеке батыр туралы былай суреттейді:

Болыпты баяғыда Жеке батыр...

Тау бағып жатады екен тігіп шатыр.

Бір күні қарауылда қалғып кетіп,

Сол батыр бүгінгіше ұйықтап жатыр.

Тағы бір аңыз бойынша Көкшетау далаларында аппақ қардай сұлу қос өркешті Бура өмір сүріпті. Ол құдіретті, ажалсыз, тұлпардай жүйрік болған екен. Бура Көкшенің етегінде жайылып, көлдің салқын суынан шөлін қандырады екен. Бір қайғы болса, еліне с оғыс пен жұт қауіп төнсе, Бура құс болып Көкшені айнала ұшып, белгі береді екен. Ақырған даусы өте шығады екен. Жұрт осы белгіден кейін жаумен шайқасқа дайындалады. Халық Бураны пір тұтып, ұлы оқ пен өткір көзден қорғаштап отырады.

Бір күні Бураға суатқа барар жолда Абылайдың баласы Қасым сұлтан кездеседі. Жігіттердің көзінше күші мен мергендігі туралы мақтанған ол садағына жебе салып, қос өркешті жануардың дәл жүрегіне атады. Бура ақырып, алдыңғы аяғымен құлайды. Бура ем болатын суға жете алмай тас болып, тауға айналады.

Көрген жұртты таң қалдыратын Әулиекөлдің солтүстік жағалауындағы «Биші қайыңдар шоқ орманы» туралы да тамаша аңыз бар.

...Бурабай маңындағы ауыл жастары орман ішіндегі алаңқайға жиналады екен. Жігіттер мен қыздар ойын ойнап, ән шырқап, би ұйымдастырады. Хан жастардың талантын естіп, бұл нәрсені өз көзімен көргісі келеді. Бірақ ол жаққа бара алмайды да, жасырын түрде бармақ болады. Қарапайым жігіттің кейпінде хан ойынға келіпе, қалың жұрттың арасына сіңісіп кетеді. Бір ойын екінші ойынға жалғасып, жиналғандарға би өнерін көрсететін уақытта келіп жетеді. Алаңқайдың ортасына толған айдың сәулесімен шағылысып, қайыңдай болып қыздар шығады да, билей бастайды.Айналған ақ көйлектер желбірі, бас киімдегі үкі қанаттары өз үйлесімін тауып, бәрі керемет билеп жатты, сол уақытта шыдамаған хан:

--О, тамаша сиқыршылар, бақытты болыңдар, ұзақ жасаңдар!-деп айқайлап жібереді.

-Мынау, хан иеміз ғой,- деп көптің арасынан біреу танып қояды.

Сол кезде жиналғандардың бәрі хан аяғына жығылуға жүгіреді.

Биші қыздар қайда тығыларын білмей, бұралған күйлерінде биші қайыңдарға айналып кетіпті.

Осынау табиғат таңғажайыбына Біржан сал да, Ақан сері де, ғалым, жиһангер Шоқан да, Үкілі Ыбырай да, Балуан Шолақ та таңдай қағып тамашалай қараған.

Ақын бұл суреттеуінде бейнелі сөздерді қолдану арқылы Көкшетаудың сұлу табиғатының алдында бесіктегі баладан бастап, еңкейген кәріге дейін бас иіп құптатады. Теңеу сөздерді орынды қолдану поэмаға ерекше бір әр береді.

Мысалы, ауасының тылсым тазалығын «жұпар исі» десе, Жеке батыр тауын «Ұйықтаған батырға» теңеуі, Бурабай тауын шөккен түйеге теңеуі, Оқжетпес шыңының атауы, биік жартасты мылқау-керең адамға теңеуі ақынның шеберлігін тағы бір қырынан танытады.
ӘДЕБИЕТ
1. Қирабаев С. Алматы, 1962.

2. Сейфуллин Сәкен. «Көкшетау» Алматы «Жазушы» , 1994.

3.«Талапкер» топтамасы, « Арман-ПВ» баспасы, 2005.

А.К. Ишанова

г. Астана, Казахстан
ЛЕЙТМОТИВЫ РАССКАЗА «ГОРНЫЙ ШАЛФЕЙ»

А. СЕЙДИМБЕКА
Известный сборник повестей и рассказов А. Сейдимбека «Всадник на белом коне» композиционно делится автором на две части, озаглавленные

«Степь и судьбы» и «Горный шалфей». Второй раздел при этом гораздо обширнее первого, в нем насчитывается десять рассказов, объединяемых темой «природа и человек».

В первом разделе пять рассказов. Все они посвящены глубоко национальной теме казахского характера, национальной ментальности. Главные герои – жители аулов, далеко затерянных в степи. Однако проблемы, затрагиваемые в них автором, требует неспешного и глубокого специального рассмотрения, что может быть предметом отдельного рассмотрения.

Главной целью данной работы является предварительный анализ так называемой натурпрозы А. Сейдимбека, в которой наиболее полно и ярко раскрываются глубинные пласты мировоззрения автора.

Раздел открывает один из лучших и ярко концептуальных произведений – рассказ «Горный шалфей».

В самом начале рассказа фокусируется внимание на образе горы, которую в давние времена войн и раздоров называли Найзатас - «Копье-гора». Но прошло время и гору - сторожевую башню, позволявшую вовремя увидеть приближение врагов, стали называть «Пометная» - Сангыру. Гора стала прибежищем-гнездом для орлов, где они строили свои гнезда и вскармливали птенцов. И это особый знак перемен в жизни бывших кочевников.

В рассказе сопоставляется мнение-отношение к новым хозяевам горы –орлам, бывалых стариков, многое повидавших на своем веку, и юношей, решившихся, подзадоренных воздыханиями старцев, взобраться на вершину горы.

Цель этого непростого восхождения уже в начале повествования как бы двоится – то ли добыть птенцов орла (воплощение мечтательных вздохов стариков, сетующих на годы и старость), то ли попытка увидеть вблизи гордых птиц.

Герой-повествователь вместе с друзьями отправившийся на гору, оказывается в кругу заметных перемен. Во-первых, время восхождения оказывается длительным: «Глядя из аула, можно было подумать, что до горы рукой подать, но мы, хоть и вышли из дома ни свет, ни заря, только в обед добрались до ее подножья»[1, с.163]. Важно и то, что с самого начала восхождения герой-рассказчик весь во власти красоты, которая поглощает его целиком, меняя его мироощущение, настроение, мысли: «Красота, открывшаяся перед нами, заставила позабыть обо всем. Мы точно вступили в другой мир, в иное, волшебное царство…»[1, с.163]. Лейтмотив преобразующей силы природы, его магического волшебства становится с этого момента рассказа определяющим все дальнейшее повествование.

В этом, несомненно, реалистическом повествовании, тем не менее, важны мифологические константы мироощущения казахов: гора – сакральное, божественное место, которое могло быть охранной башней, а теперь, в мирное время гора – обиталище гордых, смелых орлов.

Совсем не случайно в пьянящем аромате трав и цветов герой-повествователь вдруг вспоминает о ласковом прозвище своей бабушки: «Мой горный шалфей!» Почему бабушка так говорила, рассказчик пока не знает, пытаясь разгадать эту загадку, он ищет шалфей вокруг себя. Но все напрасно.

Время как бы растворяется в красоте природы и вершины горы юноши достигают лишь к закату солнца, вечером.

В гнезде оказывается всего один птенец, беззащитный и в то же время смелый, собирающийся до конца отстаивать свою свободу.

Рассказчик, оказавшись наедине с пытающимся защищаться птенцом-орленком, испытывает настоящий внутренний катарсис. Он видит громадное количество костей – ребра, позвонки, черепа различных птиц и животных. Но более всего он поражен панцирем черепахи, которую родители орленка могли добыть только за триста километров от горы - у реки Чу.

На мгновение рассказчик сам словно перевоплощается в орлицу, летящую за тридевять земель, чтобы добыть пропитание птенцу: « И не просто представил, а будто на своем лице ощутил тугой встречный ветер, почувствовал, как трудно машут уставшие крылья, уже не рассекая воздух, а словно увязая в нем, как невыносимо трудно дается каждый взмах, как болит сердце за оставленного птенца,- почувствовал- и мне отчего-то стало не по себе» [1, с.165].

Так в рассказе возникает лейтмотив обособленной жизни природы, ее самоценности и ответственности человека за ее существование.

Почувствовав себя лишним и испытав душевное смущение, рассказчик делает знак, чтобы товарищи его вытянули вниз. На прощание орленок и рассказчик обменялись символическим рукопожатием, орленок сильно клюнул его в протянутую ладонь. Будто в награду за спасение птенца, во время спуска на веревке, герою на глаза попадается кустик горного шалфея.

«Осенний шалфей пахнет по-особому, в нем нет знойной силы и резкости, но есть какая-то сладкая – щемящая и одновременно умиротворяющая – грусть» [1, с.166].

Слезы, теплая волна воспоминаний о бабушке, детстве, запах шалфея пробуждают в герое особенные чувства. Он начинает понимать сокровенный смысл бабушкиных слов. И в рассказчике забилось сердце – он отождествляет бабушку и горную травку, природу, он понимает, что бабушка живет вечно в его памяти, в запахе этой маленькой травки с ласковым запахом. Так природа пробуждает в человеке, жаждущем мимолетных побед и завоеваний, подлинное сердце, биения которого раньше мы не слышали.

Автор словно подводит читателя к идее о том, что человек вечен, пока живет природа, «добрая, ясная, мудрая».

Так от идеи покорения природы, заявленной в начале нарратива, когда старцы, вздыхая, сетуют, что не могут как в молодости, взойти на вершину горы, чтобы унести птенца орла, автор подводит читателя к мысли о необходимости сохранять гармонию и нерушимую тайную закономерность развития природного бытия. И нужно это прежде всего самому человеку, чтобы он чувствовал биение своего сердца. Здесь впервые возникает поистине абаевский культ сердца как вместилища подлинно человеческого и нравственно чистого.

Прикосновение к тайне и сложной жизни природы, пробуждает в человеке

чувства сострадания, памяти рода, нравственные начала добра, светлой печали.

Восхождение на гору, где небо соединяется с землей, стало своего рода инициацией для рассказчика, взошедшего еще на одну ступень раскрытия тайны бытия человека и природы.


ЛИТЕРАТУРА
1. Сейдимбек А. Горный шалфей // Сейдимбек А. Всадник на белом коне.

Алма-Ата: Жазушы, 1987. - 303 с.



З. Қазбекқызы, Г. Рахметоллақызы

Астана қ., Қазақстан
ШЫҒЫС ЖӘНЕ ЕРЛІК ТАҚЫРЫБЫ МАҒЖАН ЖЫРЛАРЫНДА

Қазақ әдебиетінің аса ірі өкілі – Мағжан Жұмабаев. Туған әдебиетіміздің іргесін қаласқан оның әрі қарай дамуына , өрістеуіне, қалыптасуына өзінің көркем туындыларымен елеулі үлес қосқан асқан талант иесі. Мағжан Жұмабаев поэзия әлеміндегі жарық жұлдыз, қайталанбас құбылыс. Оның қуатты, бойға жігер, жүрекке от беретін рухты үні, ізденістері мен жаңашылдығы қазақ әдебиетін ХХ ғасырдың басында-ақ Еуропа, орыс әдебиетінің биік деңгейіне көтерді. «Өлеңді музыкаға айналдырған, дыбыстан сурет тұрғызған, сөзге жан бітірген, жаңа өлшеулер шығарған» Мағжанның осындай қасиеттерін, ішкі шығармашылық құдіретін жұрттан бұрын байқаған әрі аса жоғары бағалаған Мұхтар Әуезов: «Мағжан мәдениеті зор ақын. Сыртқы кестенің келісімі мен күйшілдігіне қарағанда, бұл бір заманның тегінен асқандай, сезімі жетілмеген қазақ қауымынан ертерек шыққандай… Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз – Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін» деп жазды.

Мағжан өз халқының мүддесін ойлаумен ғана қалып қоймады. Оның азаматтық парасатынан туындаған арман-мақсаттар бұдан әлдеқайда биік. Туған халқы туралы айтқанда, оның кешегі өткен жолын еске алады, оны бүгінгі жағдайымен салыстырады. Онымен де шектелмей, ақын жалпы түріктік идея көтереді. Түркі тектес халықтардың бәрінің болашағынан үміт күтеді, жалпы Шығысты пір тұтады. Бұл қатарда ақынның "Пайғамбар", "Күншығыс", "Түркістан", От", т.б. тәрізді бірсыпыра өлеңдерінде түптің түбінде жақсылық атаулының бәрі де Шығыстан келмек, Батыстан торлаған қою қара бұлтты Шығыстың жарық сәулесі ғана талқандамақ. Бұл өлеңдерінде ақынның туған жерге, өз топырағына, Шығысына деген ғажайып сүйіспеншілігі, перзенттік патриотизмі айқын көрінеді. Күншығыс өлеңінде:

Қисық көзді Күншығыс,

Бұл тұруың қай тұрыс?

Серпіл енді, алыбым! –

деп, Шығыс елдеріне ұран тастай отырып, өз ойларын әйгілі "Пайғамбар өлеңінде былайша жалғайды :

Күншығыстан таң келеді – мен келем,

Көк күңіренеді: мен де көктей күңіренем.

Жердің жүзін қараңғылық қаптаған,

Жер жүзіне нұр беремін, Күн берем!

Қап-қара түн. Қайғылы ауыр жер жыры!

Қап-қара түн. Күңіренеді түн ұлы.

Күншығыста ақ алтын бір сызық бар:

Мен келемін, мен – пайғамбар, Күн ұлы.
Өлеңде ақын шабытының ғаламат күші қаншалықты сезіліп тұрса, ақынның Шығысқа, оның ұлдарына деген махаббаты мен мақтанышы да соншалықты жарқырап көрінеді.

Мағжанның бұл тақырыптағы өлеңдерінде заман шындығы халықтың басынан өткен тарихи белестерді ойға алу арқылы түсіндіріледі. Ол Шығыстың, оның ішінде түркі елдерінің кешегі тарихына көз жібереді. Бір кезде жайлаған мекенін еске алады. "Түркістан" өлеңі соның айқын айғағы.


...Түркістан – екі дүние есігі ғой,

Түркістан – ер түріктің бесігі ғой–

деп басталатын өлең жолдары кешегі тарихқа жетелейді. Ертеде Тұран аталған бұл жерді мекендеген ата-бабаларымыздың өмірінен елес береді Ақын Тұранның жері мен суын, көлі мен шөлін, өзен-суларын, тауларын, Теңізі мен Аралын, Ыстықкөлін, Жейхун мен Сейхун дарияларын, Тянь-Шаньдай, Памир мен Алтайдай тауларын ғажайып көркемдікпен суреттейді. Тұранды мекен еткен ер түріктің билері мен батырларын, ғұлама ғалымдарын, ел басқарған хандарын еске алады. Міне, осылайша бірлікте өмір сүріп, іргесін жауға бермеген түрік дүниесі бүгінде бірнеше елге бөлініп кеткен.

Көп түрік енші алысып тарасқанда,

Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па? –

деп, Мағжан қазақты да сол ер түріктің бір мұрагері санайды.

"Тұран", "Түркістан" деген образды бейнелер арқылы Мағжан осылайша Шығыс әлемін, бүкіл түркі дүниесін мақтан ете жырлайды. Оның бүкіл өткен жолына шолу жасай отырып, тарихтың небір ерлікке толы, бейбіт өмір жайлаған беттерін парақтайды. Оларды өз заманымен салыстырады. Көп нәрсеге көңілі толмайды. Бір кезде Тұранды мекен еткен ер түріктің бүгінде бірлігі азайған. Бас-басына ел болған, жеке халықтарға бөлініп кеткен. Шығысты дәріптейтін өлеңдерінде Мағжан осынау түркі халықтарын бірлікке шақырады. Сонда ғана Батыстан келген қиянатқа, Ресей патшасының отаршыл саясатына қарсы тұруға болатынын ұқтыруға тырысады.

Бұған дәлел – ақынның "Орал тауы" атты өлеңі. Өлең кейіпкері – Орал тауы. Мағжанның бейнелеуінде ол – бүкіл түркі дүниесінің символы.

...Аспанмен таласқан көкпеңбек таулар. Қарағай, шыршасы сыңсыған, бауырында не түрлі аңдары жортқан, қойнауында алтыны мен алмасы тұнған Орал тауы. Тау табиғатының әсем суретін сала отырып, ақын Мағжан сөзін ары қарай жалғайды:
Бір күнде сенің иең түрік еді,

Орын ғып көшіп-қонып жүріп еді.

Қорықпайтын таудан, тастан батыр түрік

Қойыныңа жайыменен кіріп еді.

Ер түрік ен далаға көрік еді,

Отырса, көшсе, қонса – ерік еді.

Тұрғанда бақыт құсы бастарында,

Іргесі жел, күн тимей, берік еді.


Мұндағы ақынның "ер түрік" деп отырғаны – түркі дүниесі, түрік, қазақ, қырғыз, ұйғыр, татар, башқұрт, т.б. халықтардың жиынтық бейнесі. Бір кезде ен даланың көркі болған осынау халықтардың бүгінгі халі қандай? Мағжан соған үңіледі.
Оралдай атамекен жерлеріне,

Қасиетті атаның көрлеріне,

Аузы түкті шет елдер ие болып,

Көрсетіп тұр қысымды ерлеріне, –

деп, ақын тарихи шындықты баяндайды. "Аузы түкті шет елдері" – Ресей патшалығы. Соның қысымымен бір кездегі асқақ Оралдың да жүзіне қаяу түскен. Өлеңнің соңын Мағжан бүкіл түркі жұртын бірлікке шақырумен аяқтайды:
Анамыз бізді өсірген, қайран Орал,

Мойның бұр тұңғышыңа, бермен Орал!

Қосылып батыр түрік балалары,

Таптатпа, жолын кесіп, тізгінге орал.


Туған халқының, түркі дүниесінің басындағы ауыр халді, мұңдана баяндаған өлеңдерінің өзін Мағжан айрықша оптимизммен қорытып отырады. Ақынның лирикалық кейіпкері – аса батыл, нені болса да кесіп айтатын өткір жан.

Арыстанмын, айбатыма кім шыдар?

Жолбарыспын, маған қарсы кім тұрар?

Көкте – бұлт, жерде желмін гулеген,

Жер еркесі – желдің жөнін кім сұрар? –

деп басталатын "Мен кім?" атты өлеңінде Мағжан өзінің лирикалық кейіпкерінің дәл осындай айбатты да қайратты, адал да қайсар бейнесін ашып береді. Ақынның "мені" өзін көктегі күшке, түпсіз теңізге, кызуы мол жалынға, жүйрік тұлпарға теңейді. Патшадай қаһарлы, казыдай әділ, бидей шешен де өзі. Олай болса, оған қарсы тұрар күш бар ма?


Өзім – тәңірі, табынамын өзіме,

Сөзім – кұран, бағынамын сөзіме!

Бұзушы да, түзеуші де өзіммін,

Енді, ескілік, келдің өлер кезіңе, –

деген лирикалық кейіпкер сөзінде алапат күш-жігер мен шынайы шындық қатар өрілген.

Ақын өзін немесе өзінің лирикалық кейіпкерін ғана емес, айналасындағы жастарды да "арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты" қалыпта көргісі келеді. Халқының болашағы үшін күресетін негізгі күш –жастар. Олай болса, өмір бойы "алаш" ұранын көтеріп өткен Мағжан үшін жастардың орны бөлек. Өзінің "Мен жастарға сенемін" деп аталатын өлеңінде ол жас жеткіншектерге үлкен үмітпен қарайды. Жастардың бойынан кыранның қанатындай күштілікті, таза жүрек пен сүйкімді мінезді, туған жерге деген шексіз махаббатты көреді. Соған мақтанады. Шабыттана жырлайды. "Мен жастарға сенемін!" деп асқақтай сөйлейді.

Мағжан өлеңдеріндегі ең басты тақырып – ел мен жер тағдыры. О бастан-ақ халқына азаттық өмір тілеген ақын туған елінің өткен тарихына үнемі көз жіберіп отырады. Сол арқылы тарихи шындықтың бетін ашады.

Атап айтқанда, "Өткен күн" атты өлеңінде Еділ мен Ертістің арасын жайлаған қазақтың бір кездегі жайнаған даласы мен көкорай шалғынды жайлауын, айна көлдері мен алаңсыз күн кешкен тұрмысын, қаһарман батырлары мен әділ билерін, ел тұрмысының сәні болған ұлттық салт-дәстүрлерін мақтан ете отырып:


Өткен күнді ойласам,

Ойға терең бойласам,

Кешегі қайран қазақтың

Сәулеті мен дәулеті

Көз алдыма келеді, –

деп, бұдан ары қарай осы тіршіліктің шырқы бұзылғанын баяндайды. Өткенді аңсап емес, қолда бар асылынан айырылғанын өкіне баяндайды.

Оның себебі неде? Бейбіт өмір неге қара түнекке айналды?
Қазақтың қазіргі күйі қандай?

Күшің кеткен баяулап,

Жүрсің атсыз жаяулап,

Ит надандық желкеңде

Шабайын деп аңдып тұр

Қылышын ұстап таяулап,

деп, ақын сол заманның шындығы арқылы әлгі сауалдарға жауап береді.

Қазақ даласындағы 1917 жылғы төңкерістер тұсындағы жағдайды жырлауда да ақын дәл осындай шыншылдықтан жаңылмады. "Бостандық'', "Есімде... тек таң атсын", т.б. өлеңдерінде ақынның халқының тәуелсіздігі жолындағы жанын құрбан етер ерекше қайраты сезіледі. "Бостандық" өлеңінде:

...Көк есігі ашылды,

Жұмақ нұры шашылды.

Келді ұшып бостандық, –

деп қуанады, бостандықты ізгі періштеге теңейді.

Ақын өлеңдерінде бостандықты аңсау сезімі аса күшті. Екі дүние алмасып, аласапыран болып жатқан тұста өмір сүрген ол халқына тәуелсіздік күнінің жақындағанын сезеді. Әйтсе де оған жету оңай емес. Сенімінен гөрі үміті басымырақ акынның. Осындай көңіл күйде жазылған Мағжан өлеңдерінің бірі – "Сағындым". Өлең абақтыда отырған ақынның жан дүниесінен хабар береді.

Қабырғасы қара тас абақты іші қара көлеңке. Сасық иіс қолқаны атады. Кіп-кішкене терезеден келіп жететін жарық та, таза ауа да шамалы. Осындай тар қапаста отырған ақын сары даласын, алыстағы анасын, туған елін, құрдастарын, сүйген жарын сағынады. Содан соңғы сағынары – бостандық.


Бостандыкта өткен күнді сағындым,

Желдей зулап кеткен күнді сағындым.

Жыл құсындай ұшсам, қонсам ерікті,

Ойдағыны өткен күнді сағындым, –

деп адам баласының еркін өмір сүруін аңсайды. Сол еркіндікке жету жолында абақтының азабын тартып отырғанын ақын өлең жолдарына түсіреді. Онда мұңнан гөрі жеке адамның көңіл күйіндегі кейбір толғанысты сәттердің суреті басымырақ. Ақын жырында болашаққа сенім мол.
Не көрсем де алаш үшін көргенім,

Маған атақ ұлтым үшін өлгенім! –


деген жолдарда Мағжанның ұлтына, халқына деген шексіз махаббаты сезілсе, одан кейінгі:
Қалың елім, қалың кара ағашым,

Қайраты мол, айбынды ер, алашым!

Өзі-ақ құлар, сырың берме, сабыр қыл,

Ақымақтар байқамаған шамасын, –

деген жолдардан оның ертеңгі болашақтан үміті, қалай болғанда да осы қиындықтың артында азат күндердің келеріне деген сенімі көрінеді.

Мағжан Жұмабаев – бірнеше көркем поэма жазған құлашы кең эпик ақын. Ол өз заманының толғауы күрделі жайларын халқының өткен тарихын жырлау арқылы көрсетуге ұмтылды. Өйткені артта қалған казақ елін алға жетелеу сол халықтың өз қолынан ғана келмек. Сондықтан да халыққа күш берер осындай ерлік қайнарын Мағжан тарихтан іздеді. Өз шығармаларында кешегі өткен батыр бабаларымыздың ерлігін жырлады. Абылайды, Кенесарыны жырға қосты. Сол арқылы халқының қайратын ұштап, санасын оятуды ойлады.

Мағжан Жұмабаев әр қилы тақырыпта көлемді поэмалар жазуда өнімді еңбек еткен. «Қорқыт», «Оқжетпестің қиясында», «Жүсіпхан», «Тоқсанның тобы» сияқты поэмалары кезінде баспа жүзін көрген. Осылардың ішіндегі күрделісі,көркемдік тұтастығы жағынан да, сюжет желісі мен сұлулығы жағынан асып тұрған-«Батыр Баян»  

"Батыр Баян" поэмасының маңызы ерекше. Поэманың оқиғасы бір кездегі қазақ пен қалмақ арасындағы жаугершілік заманнан алынған.

...Қалмаққа қарсы жорыққа аттанбақ болған Абылай хан қол астындағы батырларын жинайды. Жалғыз Баян батыр ғана кешігіп келеді. Сөйтсе, бір кезде жорықта қолға түскен қалмақ қызы мен батырдың інісі Ноян екеуі көңіл қосып, қалмаққа карай кашып бара жатқан жерінен Баян қуып жетіп, екеуін де оққа байлап өлтірген екен. Қызда Баянның да ойы болған. Бірақ қалмақ қызы әр түрлі айламен жақындатпай жүріп, күндердің күнінде інісі Ноянмен сөз байласқан.

Бұдан кейін Абылайдың қолы жорыққа аттанады. Сол жорықта Баян батыр ерлікпен қаза табады.

Оқиға желісін Мағжан жай ғана баяндап шықпайды. Биік романтикалық сарынға құрылған бұл поэмада батырлық та, достық та, адамгершілік мейірім де, ашу-ыза да бар. Поэманың бас кейіпкері Баян батырдың өзі шығармада екі сипатта көрінеді. Інісі Ноян мен қалмақ қызының қылығына ашуланып, соңынан қуып жеткен шақтағы Баян мен екі жасты өлім кұштырғаннан кейінгі Баянның көңіл-күйі, кескін-кейпі екі түрлі, бірақ нанымды. Бәрі де қарапайым адам баласының бойынан табылатын таныс жағдайлар.

 

Алыстан екі кара көрді Баян,



Кілегей қара бұлттай төнді Баян.

Ой жоқ боп, жүрек шоқ боп, құр екпін боп,

Сұңқардай сорғалаған келді Баян.

 

Бұл – Баян батырдың екі жастың артынан қуып жеткендегі кейпі. Ашу қысқан, сабырынан айырылған, жүрегін ашу мен ызаның оты жандырған алапат күш иесі. Алдынан тау кездессе де төңкеріп кетердей екпінді. Тіпті Ноянның өзі ағасының мына түрінен шошынып қалады.



 

...Ойламай, белді бекем будым неге?

Қозымды қас дұшпандай қудым неге?

Майысып Ноян қалқам, ерке марқам,

Қасқиып қарсы алдымда тұрдың неге?
Бауырыма тас жүрегім жібімеді-ау,

Бір ата, бір анадан тудым неге?

Салдырап шіріп қалғыр саусақтарым

Қанымен өз қозымның жудым неге?

Күнәсіз екі жасты өлтіргенше,

Өлмедім ішіп уын удың неге?

 

Туған бауырын оққа байлап, екі ғашықтың өлімі үстінде тұрған Баян осылай егіледі. Бірақ болар іс болды, өз қолын өзі кесе алмайды. Егіле тұрып ойланады. Жаңағы өзі қойған көп "неге?" жауап іздейді.



 

Жоқ, әлде, жоқ, жоқ... Әлде... Өлтірдім бе,

Інімді алты алаштың намысы үшін?! –

деп өзін жұбатады. Осылайша өзін-өзі бекіткен Баян батыр қалмаққа аттанып, сол жорықта ерлікпен қаза табады.

Поэманың бас кейіпкерлерінің бірі – қалмақ қызы. Ол Мағжанның ұғымында жай ғана тұтқын емес. Атағы алашқа әйгілі Баян батыр ғашық болған қыздың көркіне ақылы сай еді. Қыздың сұлулығын Мағжан аса нанымды суреттейді.

 

Сол сұлу сұлу екен атқан таңдай,



Бір соған бар сұлулық жиылғандай.

Торғын ет, шапақтай бет, тісі меруерт,

Сөздері – су сылдырлап құйылғандай.

Бір улап, көзқарасы бір айнытқан,

Жұлдыздай еркелеген сөнбей-жанбай.
Лебізі – жібек лебі, жұмақ желі,

Кәусардай тартқан адам қалар қанбай.

Осындай ерекше сұлулық иесі – қалмақ қызының қайсарлығы мен ақылы да қайран қалдырады. Сөз салмақ болған Баянды "ағатайлап" жүріп, өзіне қарындас ретінде қарауға мәжбүр еткен. Түпкі ойында туған жұрты, ата-анасы жатыр.

 

Алаштың аруы боп кетсе-дағы,



Жанымен өз жұртынан айырылмаған, –күйі, ақыры, жас Ноянды өз дегеніне көндіреді. Ноян қанша батыр болса да, қыздың сөзіне бас иеді. Мағжан суреттеген Ноян жастық албырттықтың, тазалықтың, шынайы сезімнің символы.

Абылай хан поэмада "кең ойлы данышпан", елге қорған болған хан ретінде көрінеді. Қол астына алаштың атақты батырларын жинаған қолбасшы. Поэма оқиғасында Абылай қалмақтардың алдағанына сеніп, амалсыздан кері қайтуға

мәжбүр болады. Батырларының бәрі осындай бәтуаға келеді. Тек жалғыз Баян ғана:

"Апырым-ай, алаш арын жоқтамастан

Жөңкіліп бұл қайтудың мәні қалай?" –

деп, қасына жүз жолдас ертіп қашып кеткен қалмақтың соңынан қуады.

Поэманың өне бойындағы шиеленіскен тартысты, кейіпкерлердің көңіл күйін, іс-әрекетін, мінез-табиғатын Мағжан айрықша шабытпен жырлайды. Кейіпкер бойындағы бірбет қайсарлықты, асаулықты, сондай-ақ ниетінің ақтығын, жанының тазалығын қатар сипаттау арқылы ақын шығарманың ішкі драматизмін шарықтау шегіне жеткізеді. Оқиғаны баяндау барысында тау мен суды, күн мен аспанды, табиғат құбылыстарын кейіпкерлерінің көңіл күйімен, қалмақ кызының сұлулығымен астастыра отырып, поэмадағы әр түрлі характерлер кақтығысын ширата бейнелейді. Сонымен қатар, ақынның шеберлігі, өлең өрімі, сөз көркемдігі, образды суреттеу, романтикалық асқақтық тәрізді қасиеттер де поэмада кеңінен көрінеді.

Қорыта айтқанда, "Батыр Баян" поэмасы – тек Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығынан ғана емес, бүкіл қазақ поэзиясының қазыналы қорынан лайықты орын алатын аса көркем де құнды туынды.

Мағжан шығармалары қазақ әдебиетінің биік шыңы ,маржаны. Тағылымы мол, суреті қанық сөзі жігерлі туындыларының маңызы ерекше зор.

ӘДЕБИЕТ


  1. «Қазақ тілі мен әдебиеті» № 4 2001 ж

  2. Мағжанның өлеңдер жинағы





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   42




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет