2. Шежіре – тек пен зерде.
Мөңке Би Тілеуұлы (1675-1756):
Алыстағы дұшпанның
Жағаға қолы жетпеске,
Артында туысқанның көбі игі.
Екіталай іс болып,
Еңсеңе дұшпан табан қойғанда,
Өзіңменен бірігіп,
Қыр басына шықпаған,
Ағайынның күнінде,
Барынан да жоғы игі.
Шежіре сыры, елдің былайғы күйі осы жолдарда анық.
Қазақтан басқа халықтар шежіренің рөлі мен маңызын жанама болсын танып білді, ал білмесе опынды. Мысалы, көне эллиндік трагедияның марқасқасы Софоклдің «Эдип патша» атты тұңғиық драмасының лейтмотиві – шыққан тегін білмей сұмдыққа ұрынған адам тағдыры, құйынша соққан жазмыш тауқыметі. Жеті атасын білмеген жетесіз. Шежіресін білмей қор болған, асыранды өскен Эдип ақыры сұмдық қасіретке душар болады. Ол туған әкесін өлтіріп, патшалыққа тағайындалып, сол елдің заңы бойынша өлген патшаның әйеліне үйленеді. Эдип өз анасын алған, әкесін білмегендіктен жазым еткен. Бұл әулетке әкесінің істеген қара ісі үшін қарғыс тиген. Қазіргі адамдар Эдип патшаны көбінесе жаңа заманғы философ Зигмунд Фрейдтің «Эдип комплексі» деп атаған психологиялық ауытқуларды зерттеулері арқылы көбірек білетін сияқты. Софоклдің ұлы таланты оларға беймәлім.
Пусть чем угодно разразиться.
Я хочу узнать свой род – пусть он ничтожен!
Таков мой род – и мне не быть иным.
Я должен знать свое происхождение.
(Софокл. «Эдип-царь». Аударма: С.Шервинский ).
Бұл – жүрегі бір сұмдықты сезген Эдип патшаның жан дауысы. Сонда анасы әрі жары Иокаста, ол-дағы удай жазмыштан құтылмағанын ұғып: «Несчастный! О, не узнавай, кто ты!» деп құсамен жауап береді. Эдип жан төзгісіз қайғылы азаптан өзін-өзі соқыр қылып жазалау арқылы, ұзамай жеткен өлім арқылы арылады. Жаза оны ластан тазартардай қабылдайды.
Шежіре түркі халықтарының бәрінде бар. Қарақалпақ ақыны Бердақ Қарғабайұлы:
Көриңлер халықтың шежиресін,
Есит шежиренің мәнисин,
Бәршенің ата-бабасын,
Айтып баян қылған екен:
Әнес, Мәлик екки киси,
Пайғамбардың сахабасы,
Әнес – қазақтың бабасы,
Шундын «алаш» болған екен.
Мәликтің ұғлы – Разыхақ,
Яшлығында қойды ғұлпақ,
киген екен қара қалпақ,
Шундын «қалпақ» болған екен.
Сахра халқы көшип гезбек,
Кәнтли жерден уатан дүзбек,
Қалпақтың ұғлыдүр өзбек,
Өзбек жекке болған екен.
1827 жылы туған Бердақ Абайдан 22 жасқа үлкен. Мына өлең жолдарында Бердақ қазақ, қарақалпақ, өзбек – үш халықтың шыққан тегі бір екенін әйгілеп тұр. Түбін қазса, «Өзбек – өз ағам» деген сөз рас. Қазаққа башқұрт пен ноғайдың басқалардан ғөрі жақындығы тағы аян. Ешбір дәлел, айғақсыз, әншейін осы екі халықтың қалың ортасына тап болсаңыз, қазақтан еш айырма көрмейсіз.
Владычь в Сейильхане, баба Эрсары!
Ты славен могуществом с древней поры,
Деяния твои справедливы, мудры:
За бедных вставал ты стеною, бывало.
Бұл Сеиди, түркмен классик ақыны, ата-баба аруағын асыра сөйлеу кең даланың ұлдарына етене тән мінез. Өзінің ерсары руынан шыққанын ақын мақтан қылып, жырға қосады.
Все теке, салыры, эрсары придут,
Будут все сарыки – весь туркменский люд.
Все, кого туркменским людом ни зовут,
Все верхом прискачут, все придут, наверно.
(Орысшаға аударған С.Иванов).
Сеидидің бұл жырында түркменнің сөйлер тілі – Мақтымқұлының руы көклен аталмағанмен, үш-төрт ру бар. Қазақ ру аттарын сүйіп айтатын халық, сол дәстүрге түркмендер де берік. Евразиялық жад.
Қазақ ру тайпаларының атаулары көбінесе таңба немесе адам өңіндегі нышан атауларынан шығады: шапырашты, қаңлы, шанышқылы, сіргелі, ошақты, ысты, ойық, тілік, үштаңбалы, тутаңбалы, қайшылы, қанжығалы, тобықты, жоғары шекті, төмен шекті, бағаналы, балталы, ергенекті, терістаңбалы, көлденең, қарақас, шеруші, шимойын, ашамайлы керей, тарақты, шекті, байбақты, оңтаңбалы табын, теріс таңбалы табын, қарақойлы, жағалбайлы. Жер атаулары да осылайша қойылады: Жыланды, Бұғылы, Құланды, Бұланды, Теректі, Қайыңды, Шиелі, Бақалы, Алмалы, Текелі, Құлынды болып көктегі тырналардай тізіліп кете береді.
Шежіре – тектану. Ал философияда «Өзіңді өзің таны» – өмірдің мәніне жақын ұғым. Шыққан тектің ұрпақтың өмір сүру салтына әрі тағдырына үстемдігі зор. Қазақтың «Жақсыдан жаман туса да, Жаманнан жақсы туса да, Тартпай кетпес негізге» деуі соны терең білгендіктен.
Ақселеу аға қазақ жаппай тектен жаңылады-ау деген сұмдық сүрей ойдан сананы арашалайды. Оның тек туралы танымдық кітабына тіпті оқымай-ақ бір көзі түскен исі қазақ баласы қазығын айналған атқа ұқсап, намысы оянып, дүр сілкініп шыға келері анық. Ол енді қазақтығынан айнымайтын өрелі, саналы азаматқа айналады.
Сондықтан бұл кітап – таңғажайып бағбанның кәусарлы бағынан аумайды.
«Ілияс Есенберлин «Жанталаста» жыраулар әңгімесі түрінде қаншама нақтылы тарихи аңыздарды сыйыстырған, бұл кезге дейін ауызша таралып келген, шындығы, қиялы аралас шежіренің орайын тауып орналастырған», – деп жазады академик Рахманқұл Бердібай. «Көшпенділер» тарихи роман-трилогиясымен қазақтың рухы жаңғырғаны аян.
Шежіреге халық ру-руымен енеді. «Ағайын бір өліде, бір тіріде» дейді қазақ. Шежірелік сарынды болсын, жақсы мен жаман айырмасын жыраулар тегіс жырлап өткен.
Жағаға дұспан қолы тимеске,
Артыңда туысқанның көбі игі.
Күндердің күні болғанда,
Қырға шықпас жаманның
Барынан да жоғы игі!
Шалкиіз жыраудың бұл өлеңі қазақтың ұлттық санасында берік қалыптасқан аксиома: «Ағайынды жігіттің кере қарыс жалы бар, жалғыз басты жігіттің шығар-шықпас жаны бар» дегенінен алшақ түспейді. Ал Әбубәкір Диваев жинаған қазақ мақал-мәтелінде: «Үйі жыртықты тамшы жейді, / Ағайыны аз қамшы жейді», «Жалғыздың үні шықпас, / Жаяудың шаңы шықпас». Тағы сол Диваевта: «Көшкен жұрттың қадірі қонғанда өтер».
Бұдан қазақ шежіресінің фольклорлық жанр, асыл мұра екенін әбден ұғуға болады.
«Төс айылдың батқанын иесі білмес, ат білер, / Ағайынның қадірін жақыны білмес, жат білер».
Доспамбет жырау:
Жағдайсыз, жаман қалып барамын
Жанымда бір туғанның жоғынан!...
Ақтанберді жыраудың неліктен «Құлым бір ұлдай киінсе» деп адамшылықты дәріптегені жалғыздықты кемістік көргенінен анық сезіледі:
Жағама қолдың тигенін,
Жалғыздық, сенен көремін.
Жамаулы киім кигенім,
Жарлылық, сенен көремін.
Атадан тудым жалқы боп,
Жақыннан көрдім талқы көп.
Ал Ақселеу Сейдімбектің бабасы тарақты Байғозы батырдың мәліметі керей Қожаберген жырауда бар:
Тарақты ер Байғозы қолдың басы,
Жиырманың алтауына келген жасы.
Бұл-дағы кіші жүзге күйеу екен,
Ерлігін көрді елдің кәрі-жасы.
Байғозы қолма-қолда екен күшті,
Ер болып, жеке шығып, көзге түсті.
Атысқа ғадеттенген қалмақтардың,
Бетпе-бет кездескенде зәресі ұшты.
Шежірелік деректер арқылы тұтас бір рудың атына айналған аталардың тарихын білеміз. Оны қара өлең соңына, ұрпақтап жадына ұмытылмастай қалдырып отырды.
Адамқожа ер жетіп,
Өзі жөнін білгесін,
Ат жалын тартып мінгесін,
Әлім менен Шөменге
Бір себептен өкпелеп,
Басқа салды іргесін.
Сонысына халық ат қойған,
Осы жұртқа «Кете» деп.
Рулы ел – ұялы терек болса, оның бұтақтары тарамданып, ұшқан құсша қанатын кең жайып өспей ме! Сыр сүлейі Нұртуған Кенжеғұлұлы кіші жүзде Қаракесектен тарайтын кете руы осылай аталу себебін түсіндіреді. Ал Ақселеу Сейдімбек «Қазақтың ауызша тарихында» қаракесек атасының орта жүз арғында да, кіші жүз әлімде де бар екенін жазады.
Ру аттары қазақ халқында ән мен жырға қосылды. «Әніме мен салайын «Тілеу-Қабақ»», «Сұрасаң руымды Қаракесек», «Тегімді менің сұрасаң, / Қалың найман нуынан», ән-жырды қойып, күй атауы «Адай» болып шалқиды. Дулат Бабатайұлы, Құрманғазы, Мәди Бапиұлы, қазақтықтың қыран қанат ұлы рухынан жаралған кілең тектілер. Рулық жүйе қазақты жүзжылдықтар ауысқан сайын сақтап келді. Қан арқылы туыстық, бауырмалдық идеясы, бір атадан тарау ұлтты ұйыстырды.
Жетісудың марқасқасы Сүйінбай ақын қырғыздың Қатаған ақынымен айтысып, қазағын айбар қылып түгендеп беруі, сөйтіп қарсыласына мықтап сес көрсетуі Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деген асқан перзенттік махаббатымен үндес. «Көкте – құдай, жерде – түркі» деп әуелден ел атын санасында үкілеген халықтың ұрпағы осылай сөйлеуге қақылы.
Тегінен танбайтын асыл ғұрып техногендік ғасырда халқымызды сырт факторлардан сақтаушы жасампаз күш болып қаларына сенеміз. Оған сендіретін рухани әлем қазақта күшті.
«Қазақтың ауызша тарихы» атты кітаптың құнды һәм қасиетті жүгі әлі талай зерттеулерге, шығармаларға астар боларына дау жоқ.
М. Кемел
Астана қ., Қазақстан
АҚСЕЛЕУ СЕЙДІМБЕК ЕҢБЕКТЕРІНІҢ ҒЫЛЫМИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ
Халқына ғұмырын саналы түрде арнаған, қазақ мәдениетінің тағдыры үшін сан жылдар еңбектеніп, ұлттық ділдің жанашыры болған Ақселеу Сейдімбек жайында «Қазағым деп тілін сындырып, қазағым деп өмірден өтер, құр сөзбен емес, бар болмыс-бітімімен, бүкіл саналы тірлігіндегі қам-қарекетімен дәлелдеп жүрген осы Ақселеудей азаматтары бар ел бақытты» деген екен Кәдірбек Сегізбай.
Ақселеуді әркім әр түрлі қырынан көреді. Серік Ақсұңқарұлы: «Алғаш рет Асан Қайғы, Ақтанберділерді мен осы адамның аузынан естігем-ді. Ести салысымен басыма жастанып оқып, бір сөзін түсіне алмай дал болғанымды да несіне жасырайын. Евтушенкоға есі кеткен бала жігіт мына дүниеде одан басқа ешкім жоқ деп ойлап жүр ғой баяғы...».
Ақселеудің Шәкәрімнің «Үш анығының» елден алынған екі қолжазбасын салыстырып, дәл оқылуына, бастапқы қалпына келтірілуіне мұрындық болғанын Мекемтас Мырзахметов «Түркістан» газетіне жазған.
Илья Жақанов Ақселеудің қаламынан ірі эпикалық сүйекті шығарма тумауын ол кісінің көп оқығандығымен байланыстыратынын білдірді.
Ғалым М. Ребров ғарыш «пайғамбары» С. Королев туралы: «Табиғат оған даналық пен талант сыйлайды. Алайда, талантты адам қиындыққа жиі кезігеді, өйткені дарын дегеніміз – мінез. Ал бұл әркімге ыңғайлы бола бермейді. Осы өмірден-ақ көрініп тұр – өз ісіне неғұрлым қабілетті кісі келісімпаздыққа соғұрлым икемсіз және министрлік дәліздерде дәрменсіз» депті.
Оралхан Бөкей айтқандай, Ақселеу – өз замандастарының ішіндегі ең бір ізденімпазы. Көп біледі. Туған халқының тарихын, ересен мол этнографиясын, ауыз әдебиеті мен ән-күйін зерттеу мен адамзат өнерінің даму, баю заңдылықтарының сырына үңіліп, тұтастай қарастырып жүреді. Осынау, әркімнің бойына қона бермес фанатиктік (жақсы мағынасында) ізденіс үлкен білімпаздықты сыйға тартты да, нақтылы жемісін берді.
Сейдімбектің қай шығармасы болмасын, ойлы, саналы қазаққа ата-бабамыздың осал болмағанын бұлтартпас дәлелдермен терең түсіндіріп береді.
Өз сөзі: «Жарық дүниеге пешенесі бестен келіп, алғашқы тартқан демінен бастап ақжолтай ғұмыр бұйыратын адамдар болады. Олар тіршілігінде не қаласа да дегені болып, ішкені – алдында, ішпегені – артында дегендей, мұңсыз-қамсыз ғұмыр кешеді. Дарыны тасып, күресі асып тұрмағанына қарамастан, өзі араласқа түскен қоғамның әлпеші болмаса да, қолпашынан кенде болмайды. Мұндайлар қара басының мұң-мүддесі үшін біреуді қарақтап, біреуді жарақтауға келгенде әбжілдік танытқанымен, өзі бір мүшесі болып жүрген қоғам тағдырына қатысты істерге әсте қабырғасын қайыстырмайды. «Менен кейін маған десе топан су қаптасын» – деген ұстаным мұндай адамдардың өмір сүру тәсіліне айналады.
Ал енді, келесі бір адамдар болады: арманы асқақ, ниеті адал, жүрегі нұрлы, дарыны тасқын, ақылы кемел. Айтары жоқ, қызыға қарайсың. Бірақ, ондай адамдар, әдетте, тағдырдың торына шырмалып ғұмыр кешеді. Аттаған қадамы кедергіге жолығып, таңдаған жолы тосқауылға тіреліп, ақылы – азапқа, дарыны – тозаққа ұласып жатады».
Осындағы: «Айтары жоқ!» деген сөз Ақселеу лексиконында жиі кездеседі. Сондай-ақ: «анда», «дың», «тін», «жосық», «немеурін» сияқты соны сөздерін бүгінгі жазушыларымыз түгілі әдебиет зерттеушілеріміз де пайдалана бермейді. Оның: «Атама деймін!» деген сөзінің де өмірде талай рет куәсі болғанбыз. «XX ғасырдың соңғы бесінші жылы басталды» деген сөйлем де ерекше емес пе?! Айтып отырғаны 1996 жыл ғой, бірақ соның өзін әсерлеп, әдемілеп беріп отыр.
«Өндір деп, теріден тігілген мейлінше үлкен сабаны айтады» деген сөзі, байырғы түркі тілінде «ас» этнонимінің «адам» деген мағына беретіні, ал «ас беру» рәсімінің байырғы ұғым бойынша Тәңірге адам беру болып шығатыны туралы тұжырымы танымдық тұрғыдан аса қызықты.
Ақселеу шығармашылығы сирек қолданылатын немесе өзі ойлап тапқан, аудармасын өзі топшылаған сөздерге толы. Сазсырнайды – уілдек деп атап, ояну дегенді – ренессанс, ынты – стихиясы, тәнік – аналог, мұрағаттау – архивация, төсекжанды – сексуальды, сүргін – катаклизм, тектем – генезис, төлтума – самобытный, рухани сұғанақ – плагиат, қайта жаңғырту – реставрация, арман-аңсар – идеал, иррационалды – ақыл жетпес, иерогамиялық - жанығудың киелі сәті, қозушылық – эротикалық, кірігу – интеграция, сандырақ – нонсенс, құйтырқы сөздер – балогурство, құлдыраған – рецесивный, самобытный – төлтума, дарашыл қасиетті – монодийность, іліңгір – якорь, түпнұсқа – аутентті, дүбара – маргинал, киетек – тотем, діңгек идея – центральная идея, адамдық бастау – антропоцентризм, этнозерде – этническое самосознание, псевдосараптама – псевдоаналитика, дүбәралану – маргинализация, сандырақ – абсурдизация, түбірлі – аутентичный, жойдасыз – тотальный, айғақшы – носитель, фора, жұқана – рудимент, орайлас – обусловленный, жаралым – образование, ұлыс – держава, түпөзек – замысел, дәйектеме-роман – инфороман, туындыны тиектеу – обрамление, дәнекерлік – коммуникативный, әлеуметтік-жүйелеушілік – социально-классификационный, кіріктірушілік – интегрирующий, ұстаным – принцип, орайлас – обусловленный, айғақшы – носитель, жад – память деп қазақшалануы жарасымды-ақ. Бұл аудармалардың бірі дұрыс, бірі бұрыс болар, мұндағы орыс сөздерінің қазақшалануының біреулері тілдік қорымызға сіңер, кейбірі сіңбес, бірақ ұмтылыстың өзі бағалауға лайық.
Күнделігіне: «Түркі-славян тілдеріндегі тектес сөздер: іш – ешь, ылай – ил, бол – был, мен – мне, қышқыл – кислый, топас – тупой, қопару – копать, кесек – кусок, таптау – топать, рет – рядь, толу – толстый, сілекей – слюна, ашық – ясный, ине – игла, жарық – яркий, бақуатты – богатый, аулау – ловить, түлеу – тлеть, шыр – жир, жану – жечь, сору – сосать, сұғу – совать, бос – пустой, мұң – уныние, жүзі – лезвия, түн – тень, қайда – куда, қыр – край, ақыру – крик т.б. Әрине, бұл жорулардың біразы халықтық этимология болуы да мүмкін. Дегенмен, ойға өріс боларлық...» деп жазып қойыпты. Бұлар да біздің әрбірімізді қай сөздің, қай мақал-мәтелдің болса да түп мағынасын іздеуге, яғни әрбір сөздің мағынасын ойлауға үндеп тұрғандай.
Сонымен бірге ол өз шығармаларына арқау етіп бір кездері айтылып-жазылып, халық жадында жатталып қалған сөздерді де ұтымды пайдаланады:
...Пушкин: «Суреткерді өзі мойындаған ереже бойынша саралау керек».
...Жаманның басына іс түссе ойлай береді,
Жақсының басына іс түссе бойлай береді.
...Тауратта бір сөз бар: «Нені жаратсам - соны білмеймін!» деген, т.с.с.
Ақселеу де Жүсіп Баласағұн, Сенека, Толстой секілді мәңгілік тақырыбына бой ұрған:
Сенеканың мына бір сөзін Ақселеу Сейдімбек өмір бойы ұстанып өткендей:
«Өзіңді өзің үшін жеңуге тырыс, бұрындары сенен тартып алған немесе ұрлаған, бостан-босқа өткен уақытыңды сақта және жинақта. Біздің уақытымыздың бір бөлігін бізден күшпен тартып алады, бір бөлігін ұрлайды, біраз бөлігі босқа ағып кетеді. Бірақ барлығынан ұяттысы – біздің өз ұқыпсыздығымыздан жоғалтқан уақытымыз. Бажайлап қарап көрші: біз өміріміздің басым бөлігін ақымақтық істерге, бірталай бөлігін – бостан босқа, және барлық өмірімізді керек емес істерге жұмсап өткіземіз. Уақытын бағалай білетін, бір күннің өзі неге тұратынын білетін, әр сағат сайын өлімге жақындап жатқанын толық сезінетін бір адамды көрсетші... Өлім біздің алдымызда тұр, біз өлімнің құрығындамыз. Сондықтан әр сағатыңды босқа жіберме. Бүгінгі күнді уысыңда ұстай білсең, ертеңгі күнге азырақ бағыныстасың. Кейінге қалдырып жүргеніңде, бүкіл өмір ағызып өте шығады».
Ақселеу Сейдімбек қадім заманғы философ Сенеканың осы сөздеріне жан-жақты сай келеді.
Ақаңның күнделіктерінде орыстың ұлы жазушысы Толстойға қатысты мынадай ойлар бар:
«...Л.Н.Толстойдың құдіретін айтып жеткізу қиын, жан-жүрегіңмен сезінетін әсері ғажап.
Адам тағдыры үшін, жо-жоқ, адамзат тағдыры үшін бұл ақсақалдан артық ойжады болған, өмір бойы ой құрсауында өткен жазушыны елестету қиын. Ол алуан түрлі ойларды, ағымдарды, философиялық толғамдарды өз көкірегінің елегінен әлде неше рет өткерген. Сондағы тапқан тобықтай түйіні – құдіреті күшті құдайдың бар екендігін мойындау керек. Л.Н.Толстой қаңқа сүйегіне дейін атеист бола тұрып, құдайшылдықты саналы түрде ұсынады. Оның ойынша адамзат атаулының бойындағы алуан түрлі кемшілікті ауыздықтайтын құдірет, тек қана, адам өресі жетпейтін құдіретті құдай; бәрін көріп, біліп, болжап тұратын құдай ғана, оған деген сенім ғана адам баласын толып жатқан опасыздықтан шектейді; адам баласының бойына тән әлсіздік басқаша таным мен моральдың барлығын аттап кете алады. 22.01.72.
...Адамзат тағдыры үшін басын тауға да, тасқа да соққан Л.Н.Толстой «жамандықпен жағаласпау керек» деген тоқтамға келді. Оның ойынша адамзат атаулының келешегі адамға лайық бітімде болу үшін «құдай» қажет. Адам баласының тойымсыз ындынына тосқауыл болатын бір ғана құдірет бар. Ол – өресі, ақылы жетпес Құдайдың құдіретін мойындауы. Яғни, адамның пенделік әлсіздігін Толстой ұсынған «Құдай» ғана шектей алады. Және де Толстойдың «Құдайы» кез келген прогреспен оп-оңай мәмілеге келіп, тіл табысып кетеді.
Болмайды екен, кодекстегі моральды жатқа білетін баукеспелерден қоғам ешқашанда арылмақ емес 7.06.72».
Бұл сөздерді Ақселеу Сейдімбек бар болғаны отыз жасында, оның үстіне Құдай туралы жылы сөз айтуға қатаң тыйым салынған кезде айтыпты.
Толстой да өмірдің мағынасы, мәңгілік өмір туралы азапты ойлар кемірген сәттерде сол отыздың үстінде болатын:
«...Мен кіммін? Не үшін өмір сүремін? Өмірімнің мақсаты не? Жақсылық қайда? Жамандық ше? Бай болайын, атақты болайын, маған не пайда? Бүгінгі ісімнің, ертеңгі тіршілігімнің не мәні бар?...Өмірде ең сенімді дегенімнің өзінің күл-талқаны шықты. Неге сүйенсем жаныма сая табам?..».
Несіпбек Айтұлының Шәкірге соңғы сауал» деген ойлы өлеңі бар. Сонда мынадай жолдар бар:
«Керегем жетім – басқұр жоқ.
Өнегем өгей – дәстүр жоқ.
Қорадан тартар қойымды
Кенерем анау – қасқыр көп.
Амалын айтып кетпесең
Көлденең тұр ғой кедергім.
Соңыңнан жетсем жұрдай боп
Мақшарда саған не дермін?»
Бір кездері (2000 жылы) Ақаң да осы сөздерге үндес, «Өмір осылай өтіп жатыр...» деген атпен Бейімбет Майлинше мына өлең жолдарын қағазға түсіріпті:
«- Уа, Бабай! Ел-жұрттың халі қалай?!
- Е-е, Балам-ай! Ел аман, жұрт тыныш демесе:
Әйел – ерге қарады, ер – жерге қарады;
Қартымыз – қақбас, қатынымыз – қақпыш;
Шешеніміз – шерменде, көсеміміз – сергелдең;
Биіміз – жалтақ, батырымыз – қорқақ;
Данамыз – бала, баламыз – шала;
Әйел – арыды, келін – жеріді;
Бозбала – сайтан, бойжеткен – сайқал;
Азамат – әлсіз, арғымақ – жалсыз;
Сері – селтең, сал – мөлтең;
Көршіміз – кәпір, туысымыз – мүсәпір;
Жауымыз – атарман, досымыз – сатарман;
Тұлпарымыз – жабы, сұңқарымыз – жапалақ;
Өнеріміз – молақ, өнерпазымыз – олақ;
Дініміз – шала, тіліміз – шұбар;
Еліміз – азды, жеріміз – тозды;
Бүгініміз – тұман, ертеңіміз – мұнар;
Сенеріміз – жоқ, секеміміз – көп;
Жан – шыққан жоқ, үміт – өлген жоқ;
Өмір осылай өтіп жатыр!
Жас Алаш. 2000 ж. 4 сәуір».
Ақселеу сонау тоталитарлық деп есімізге алатын кеңес заманының қайнап тұрған кезінің өзінде-ақ (14.10.74) қазақтың қазақ рухы әлсіреуіне орыстың өзімшіл идеологиясының өктемдігі әсер етіп жатқанын жазады:
Ақселеу Сейдімбекпен жеке таныстық, аз ғана араластық кездердің бірінде: «Орысша газетті ұстамаймын – қолым былғанады, орысша сөйлемеймін – аузым былғанады» - деген сөзін естіген ем. Бұл зерделі азаматтың асырыңқырап айтса да, кезінде империяның қазаққа жасаған қиянатына наразылық ретінде айтылған деп бажайладым.
Толстойға қарасақ, орыстың озық жазушыларының «Не істеу керек?» деп өздеріне өздері қойған сауалы төңірегінде ол да көп ойланып, ақиқатты іздеді. Бұл жолда ол философ сияқты емес, жанын жегідей жеген өлім қорқынышының шарасын іздейді. Ақселеу Сейдімбек те Толстойшылап «Ойтолғаққа» мына сөздерді жазыпты:
«Менің өмірге араласуым бейтаныс қаланы аралаған жолаушыға ұқсас. Аяқ аттаған сайын тылсым дүние алдыңнан шығады. Қиыны – бейтаныс құбылыстың алдыңнан шығуы емес. Қиыны – сол бейтаныс, беймағлұм дүниені ешкімнің көмегінсіз өзіңнің ғана танып-түсінуге кірісуің. Шегінер жол жоқ. Артым – армандай аяулы, алдым – жұмбақ.
О, Тәңірім, қандай заманға тап болған ұрпақ едік!.. 9.06.72».
Толстой өмірінің соңына қарай тірліктің мәнін қайта іздеуге кіріседі: «Оны ұзақ уақыт бойы азаптанып іздедім. Өзін құтқармақ болған адамша іздедім, ештеңе таба алмадым».
«Отбасы, әдеби шығармашылық та оны қанағаттандыра алмайды».
«Сұмдық ақиқат алдында көзіме перде болған екі тамшы – отбасым мен шығармашылық та мен үшін мүлдем ләззатсыз боп қалды».
«Отбасым, иә балаларым мен әйелім олар да адам, олардың да жайы мәз емес: я жалғанға алданып жүре береді, я болмаса қорқынышты шындықпен бетпе-бет келеді.
Оларды жаныммен сүйемін, бірақ ақиқатты жасырып қалу мүмкін емес. Ғылымдағы әрбір қадам, өмірдегі әрбір адым ақиқатқа жетелейді. Ал ақиқат – өлім. Өнер мен өлең жай безендіруші әшекейлер ғана, өмірдің мәнін нақты түсіндіре алмайды.
Фәлсафадан да қайыр жоқ!»
Дүрмекті өмір кешіп келе жатқан кісі тыныш өмірге көндігуі қиын. Тыныш өмірді аңсаған кісінің көбі ойлануға уақыт іздегендіктен тыныштыққа ұмтылады. Адам баласына қашан да уақыт аздық еткен, қазір ол - өте-мөте тапшы.
Адамның жасы ересек тартып, ақыл тоқтатқанда, өмірге тұрақты көзқарасы қалыптасқанда өзіне-өзің есеп беру қажеттілікке айналатындай, сол кезде кей істерінен, кей әдеттерінен қашатындай.
Толстой сексеннің сеңгіріне шыққанда екі қолын төбесіне қойып, өз үйінен өзі қашады.
Осы орайда Ақселеу Сейдімбектің Толстойға ұқсастығын тағы да қайталап айтуымызға тура келіп тұр: оның «Қазақтың ауызша тарихын» шығардым, енді ештеңе жазбаймын, бұдан кейін өле берсем де болады» деуі, өмірінің соңғы айларында барлық рухани мұрасын жүйелеп, аса қажет деп тапқандарын ғана қалдырып, қалғандарын үлестіріп беруі, негізгі еңбектерін жинақтап алты том етіп баспаға тапсырып, қалған дүниесіне кім иелік ететінін айтып, соларға табыстап кетуі, кеше ғана аман жүріп, бір түнде кездескен жұмбақ қазасы ол кісіні білетін адамдар үшін сол жұмбақ күйінде қалып тұр.
Толстой өзі өмір бойы қарсы болған, кемістіктерін әшкерелеген дінге оралғандай болып, өмірінің соңына қарай: «өмірдің мағынасы иманда екен» деген екен. Біздің кейінгі тарихымызда Қонаевтың да, Назарбаевтың да тұсында министр дәрежесінде қызмет атқарған Макиевскийдің өмірінің соңғы жылдарын шіркеу дьяконы болғаны да иман іздеу десе боларлық.
Ақселеу ағамыз да бір кезде сенім биігіне көтеріліп Меккеге қажылық сапар жасаған болса, өз сөздерінен білгеніміздей Құран Кәримді қазақшалауға ниет еткен болса, өмірдің ақыры иман іздеуде деген ойдың шынында да беріктігі басым секілденеді.
Конфуцийден «Он ұрпақтан кейінгілердің не көретінін болжай аласыз ба деп сұрағанда: «Ұрпақтан-ұрпаққа, әкеден-балаға не қалып жатқанын дәл білсек, оныншы емес жүзінші ұрпаққа да не қалатынын болжап білу қиын емес». Ақселеу Сейдімбектің де келешек ұрпағымыз өз тарихын білсін, шежіре дегенде үйішілік психология жетегінде қалып, жеті атасын ғана білуді міндет тұтпай (оған да шүкір), ел шежіресін түйсінсін, сол арқылы өзінің қазағының қаншалықты ерекше жаратылыс иесі екенін білсін деген ниетін, бүгінгіден ертеңгіге қалдырар мұрам осындай зердені толықтырар, рухты оятар дәлелді зерттеулерім болды дегенін айтқызбай-ақ түсінеміз.
Пауло Коэльо «Алхимик» атты кітабында: «Адамдар биіктерге өрмелейтін себебі – бүгінгі өмірден жақсырақ өмір бар ма деп іздейді. Жер-жерді аралау, теңізге шығу да адамдардың бақытты болудың өзге жолдарын іздеу себебінен келіп шығады. Бірақ, олар, айналып келгенде, кешегілердің өмірі бүгінгілердікінен жақсырақ екеніне көздері жетеді» деген. Сол айтқандай, Ақселеу де қазақтың кешегі өмірі бүгінгілердікінен анағұрлым жақсы деумен, соны дәлелдеумен кетті.
Ақаң бір әңгімені беріле, қызыға айтып тұрғанда медитация жасағандай болып, адамды ойға шомдырушы еді.
Ақылға салып, ойланып қимылдайтын адамдардың мінезі Ақселеудің мінезі секілді жайлы болады. Осы ізденістер үстінде түрлі азаматтармен сұхбаттас болып, Ақселеу туралы сұрастыра жүріп, олардың бір де бірінен ол туралы жаман сөз естімедім және оның біреуге «Әй, атаңа нәлет» деп кейіді дегенін де ешкім айтып бере алмады. Ешкімге ешқандай жақсылық ойламайтын адам – бақытсыз. Ал, тұтас ұлтқа немесе бүкіл адамзат баласына жақсылық ойламайтын адамды адам деуге болмайды.
Ол өз деңгейін қашан болса да сақтап қалған, өзімшілдіктен ада, өзін біреуден ақылды санамаған, бірақ кем де санаушы болмаған, адамдарды өз деңгейіне қарай тартуға тырысқан, сонымен бірге, басқалардың да ең озық мінездерін бойына сіңірген үлкен мәдениет иесі еді.
«Дао дэ цзинде»: Ізгіліктің ізгілік екенін барлығы білгенде, зұлымдық пайда болады. Болмыс пен болмыстың жоқтығы бірін-бірі туғызады, ауыр мен жеңіл бірін-бірі туындатады, ұзын мен қысқа бірі-бірімен салыстырылады, биік пен аласаның бірі екіншісі арқылы анықталады, дауыстар араласып үндестік пайда болады, өткен мен күткен бірінің соңынан бірі ереді. Сондықтан жетілген дана іс атқарғанда әрекетсіздікті қалайды; дәріс бергенде сөздерге мән бере бермейді; заттарды ауыстыруға үндегенде оны өзі жасамайды; қозғалысқа түсіргенде, оған өзі күш салмайды; бірнәрсені оңтайлы аяқтағанда мақтанбайды. Ол мақтанбағандықтан оның еңбегі ұмыт қалмайды» - делінген. Осы сөзді Ақселеу Сейдімбектің шығармашылығына арнап айтуға болар еді.
«Үш нәрседен тазамын» депті Нұртас Оңдасынов: бірінші – сонша жыл ел басқарғанда, біреуге нақақтан жала жауып, қиянатқа барған емеспін, арым таза; екінші – 1937-1938 жылдардағы қаралы күндерде, боздақтарды атып жатқанда, бір қағазға қол қойған емеспін, сенбегендер архивті ақтарып көрсін, қолым таза; үшінші – адамдарды жершілдікке, атаға, руға, жүзге бөлген емеспін, жүзім таза» деп жазып кеткен екен.
Осылайша айтсақ, Ақселеу де біреуге нақақтан жала жауып, қиянатқа барған емес – ары таза, біреуден бірнәрсе дәмеленіп, саумалаған емес – қолы таза, адамдарды жершілдікке, атаға, руға, жүзге бөлген емес – жүзі таза. Оған қоса ол билікті, билікшілерді жосықсыз мадақтап ода айтқан жоқ – ұяты таза.
Бүгінгі өркениеттің қатаң ритмінде, ауа райы жылынып, адам жүрегі суынып бара жатқан кезде біз қаншама жақсы өмір сүріп, ғылыми техникалық дамудың нәтижесінде қолымызды жылы суға малып қана отырсақ та, жаяу жүрмесек те, бабалар көрген тұрмыстық қиындықтың бір де-бірін көрмесек те, өмірді толығымен сезінуден қалып, жаратылыс біртұтас екенін ұмытып барамыз. Ақселеу Сейдімбек өзінің бүкіл шығармашылық мұрасымен осыны біздің есімізге қайта-қайта түсіріп тұрғандай...
Ақселеу байқаусыз ақ, өз шығармашылығымен эпохаға айналған, жалпы, уақыттың өз тұсын әдемілеп тұрған адам еді.
Кейінгі қазақтарда энциклопедиялық білім иесі жалғыз ғана Әбіш Кекілбаев деп жүруші едім, сөйтсем ол менің ғана білуімше солай екен, Ақселеуді зерттеп қараған соң осындай ойға келдім. Бұрынғылардан Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтбаев, Евней Букетовтерді солай санаушы едім.
Маржан теруге теңіз жағалауына барғандар, тек маржан ғана термейді, ол үшін күнұзақ уыс-уыс құмды қолдан қолға салумен, үңіліп іздеумен әлек болады.
Ақселеу де осыншама мол мұраны бірден игермеген, біздің алдымызға күй-шежіре мынадай, ауызша тарих осындай болған деп лақ еткізіп төге салмаған. Ол осы жеңістеріне сатылап жеткен, бірте-бірте қаламы ұштала түскен, деректері толысқан, қосымша тың деректер тапқан.
«Адам жетілудің үлгісін өзінен табады. Ізгі кісі өзін жетілдіргенімен өзгеден соны талап етпейді. Өзін жетілдіруді қиынсынған кісі алдамшы жолға түскен кісідей: ылғи алаңдаумен, бақытты сәтті күтумен болады. Адам ізгілікке жетсе, садақ атып, тимей қалғанда межелеген нәрсеге емес, өзіне өкпелеген мерген сияқты, сәтсіздік бола қалса өзгеге өкпелемейді. Жетілуге ұмтылған адам ұзақ жолды біртіндеп өтетін, тауға өрмелегенде төменнен бастаған адам сияқты.
Тоғышар адам бір іс туралы оны білмей тұрып пікір айтады, менмен кісі мәселенің шешімін өзі айтуға ұмтылады. Ізгі кісі үшін мәселенің ірі-ұсағы болмайды, ол ең майда мәселені де байқаусыз қалдырмайды, соның өзін жетілу дәрежесіне жеткізуге тырысады. Ол өзінің ескі білімін бағалайды және оны толықтырып отырады.
Ізгі адам мынаны уайымдайды: әркім өз жүрегін ұдайы тыңдайды, онда ешқандай есуастық қалмауын ойлайды.
Ізгі адам өзгенің көре алмайтын нәрсесін көреді. Аспан әрекетінде жарық та, дыбыс та, иіс те жоқ. Ол тек ізгі кісіге көрінетінінің себебінің өзі сондықтан».
Бұл - қытай ілімінің Толстойға еткен әсері. Конфуцийді адамзат баласы осылай таныған. Осы сөздердегі әрбір ой мен әрбір тұспалды біздің Ақселеуіміз жете түсінген, мүлтіксіз қабылдаған және соған лайық өмір кешкен.
Лев Толстой Конфуцийдің адамзат үшін үлесі мол ілімін былайша мақұлдайды:
«Шын ілім адамдарды биік ізгілікке үйретеді, ол - адамдардың жаңаруы. Биік жетістікке жету үшін: бүкіл халықтың тұрмысы жақсы болсын.
Ол үшін: отбасының жағдайы жақсы болсын.
Ол үшін: жеке өзіңнің жағдайың жақсы болсын.
Ол үшін: жүрегің таза болсын.
Ол үшін: шыншыл бол, ой саналылығы болсын.
Ол үшін: жоғары сатылы білімің болсын.
Ол үшін: өзіңді өзің зертте.
Ақселеу Сейдімбектің тұла бойынан осы жалғасты жеті мінезді қалайтынын, соған лайық өмір сүргенін танимыз, сөйтеміз де біздің Ақселеуіміз де Конфуциймен, Толстоймен үндес, теңдес екеніне қуанамыз.
Арлы адам өзі жалғыз қалғанда да өзіне сақ, ол қашан да тепе-теңдік пен келісімді сақтайды. Оны барлығы бірдей біліп, құрметтемесе де ол оған өкінбейді. Оның ісі елеусіз жасалып-ақ ұзаққа жетеді. Ақселеудің шығармашылық жолына көз салғанымызда, оның дабырасыз жасаған істерінің қазақ аман тұрғанда ұзаққа жететініне күмәніміз қалмайды.
Қазіргі заманғы ең көп оқылатын жазушылардың бірі Пауло Коэльо: «Менің басыма қойылатын тасқа не жазуым мүмкін. Мен: «ол тірі кезінде өліп қалған» деп ойып жаздырған болар едім. Бұл ақылға сыймайтын нәрсе болып көрінуі мүмкін, бірақ мен тірі кезінде өмір сүруін тоқтатқан адамдарды көп көрдім, бірақ олар жұмыс істеуін жалғастыра береді, тамақ жейді, көпшілікке араласады. Олар мұның бәрін әрбір жаңа күн әкелетін сиқырлы сәтті сезіне алмай, өмірдің кереметі жайлы ойлану үшін тоқтамай, келесі минут ол үшін бұл планетадағы соңғы сәт болып қалуы мүмкін екенін түсінбей, барлығын дағды бойынша жасайды» депті. Ақселеу Сейдімбек мұндай адамдарға керісінше өмір кешкендер қатарында, ол өмірін жазумен, жазғанда да ұлтына онша түсінікті емес, бірақ ашып айтылуы аса қажет жүйелі еңбектер берумен өткізді.
Сөз соңында айтарымыз, Ақселеу Сейдімбектің алты томдығын сүзіп шыққанымызда біз оның бұл мұрасы қашанда да өз құндылығын жоймайтын әрбір жаны қазақ азаматымыздың, зерттеуші мұрагерлеріміздің соқпай өтпейтін аялдамасы, темірқазық іспетті бағдарламалық оқу құралы болатынына, қазаққа бағдаршам болып әлі ұзақ уақытқа қызмет ететініне көзіміз жетті.
Тағы да қайталап айтар болсақ, Ақселеу Сейдімбектің жанры сан алуан стильге толы. Мұнда дала әңгімелері де, қорғандар мен діңдер аңыздары да, күй шежіресі де, қазақтың ауызша шежіре-тарихы да, жүз-тайпа-ру таралымдары да, ертектер де, мақал мәтелдер мен қазақ болмысын ашып көрсететін аңызға бергісіз бастан өткенді әңгімелеу де, қара өлең де, естеліктер де, аудармалар да бар. Мұны барынша дәлелдеуге тырыстық. Ақселеудің жан-дүниесі жөнінде де біраз мысалдар келтірдік.
Бұл алты томдық – қазақ рухының генетикалық жады, ұлттың психологиясы мен дүниетанымы жүйеленіп, сақталған кітаптар жиынтығы. Әрбір қазақтың жүрегінде бір сәуле түссе осы кітаптардан түсер, көкірегі тазарса осы мұрадан тазарар.
Ақаңның тіл байлығы жаттанды дүние емес, іштен шыққан қасиет. Сол қасиет бала кезінде жақсы тілдік ортаға түсіп шыңдалған, кейіннен өзінің ақыл-парасатының арқасында Ақаң ол тілді нақыштап, әшекейлеген. Ақаңның әңгімесін естіген уақытта XX ғасырдың 70-80 шы жылдары өмір сүрген қазақ шежірешілдік дәстүрінің соңғы тұяқтары, соңғы қариялары еске түседі. Бірақ қаз қалпында қазақтың шежіре тілін ауызша, немесе жазбаша қолданыста ұстау қиын. Қалай дегенмен, оның кейбір заңдылықтары мен құндылықтары сақталып қалғанымен де, ол реликт, яғни алдымен тарихшы және тілші ғалымдардың еншісі.
Өз сөзі: «Өткен ғасырдың басында өмір сүрген француз ойшылы социалист-утопист Шарль Фурье қала алаңдарынан машина ойлап тапқандарға қойылған ескерткішті көргенде: «Япырау, қанаушысы жоқ, қиянаты жоқ қоғамды ойлап тапқан менің елеусіз жүргенім император Наполеонның да, банкир Ротшильдің де қаперіне келмейтіні қалай?!» - деп қайран қалады екен».
Ақселеу Сейдімбектің де қанаушысы мен қиянаты аз көшпелілер қоғамын дәріптеген, қазақта рушылдық жоқ деп, бүгінгі керісінше айтылып жүрген бірыңғай пікірге қарсы тұрған, қазақтың қай ісі болса да бейтарап қала алмаған ізгілігін біздің билікшілер мен қалталылар да бағалай білмей, елеусіздеу қала берген екен-ау деген ойға қалдым. Өмір сыйы қашанда тепе-тең бөлінбеген. Кейбіреулерге үлкен үлес тисе, біреулердің үлесі атаусыз қалып отырған. Ақселеу үлес іздеген жоқ, үлес үшін еңбектенген жоқ. Дегенмен, еңбегі үшін емес, қатысы барлығы үшін біреулер Еңбек Ері болғанда, ол болмай-ақ қойсын, кілт ұстаушыға да, серіктестік иелеріне де, мақташыға да беріліп жатқан «Отан» ордені осынау отаншыл азаматқа бұйырмағаны несі?! Қазақтың түп-тұқиянынан бүгініне дейінгі өмір баянын бүкіл қиқыр-шиқырына дейін бүгінгі меңіреу болып бара жатқан қазаққа жеткізе айтып берген еңбегі еленуі тиіс еді ғой... Атақ үлестірушілерге де оңай болмаса керек. Марапатын сыйғыза алмай жатқандар одан да көп иеленгісі келіп тұрғанда, әрқайсысы өз атасының баласын ұсынып әурешілікке түсіп жатқанда, оның бәріне тең таразы болу оңай да емес шығар.
2010 жылдың қорытындысымен қазақ мәдениеті мен руханиятына қосқан үлесі үшін Ақселеу Сейдімбекке «Жыл адамы» арнайы жүлдесі берілді. Сол жүлдені көзі тірісінде, «Қазақтың ауызша тарихы» шыққан жылдың қорытындысымен беруге неге аяндық екен?! Аянбас па едік, сол атақты беретіндер мен соны ұйымдастырып, басы-қасында жүргендер кезінде бұл кітапты оқымады-ау сірә!
Ақселеу Сейдімбектің мұрасы несімен құнды?
Адамшылық тұрғысынан алғанда да, ғылыми тұрғыдан алғанда да, бұл еңбектерде бәссіз, талассыз мойындайтын бірнеше тұжырымдар бар. Олар мыналар:
1. Ақселеу Сейдімбекті күй аңызы деген фольклорлық жанрды ғылыми айналысқа енгізіп, саралап зерттеудің отандық ғылымда негізін салған ғалым деп есептеуге лайық.
2. Ақселеу Сейдімбек қазақ этнологиясының ғылыми терминологиясын қалыптастырды.
3. Ақаң «Қазақтың ауызша тарихы» арқылы қазақ мемлекеттілігінің құрылымын ғылыми негіздеді.
4. Ғалым қазақ хандығы тұсында қырық ру халықты бір орталықтан басқаруды жеңілдету үшін «жүз» институты енгізілгенін, оны үшке бөлудің астарында мемлекеттің бірлігін сақтау, демократиялық шешімдерге ыңғайлау тәсілі жатқанын қисынды таратады. Ол жүз атауы тәңірлік дүниетанымнан бастау алады алады, тәңірлік наным-сенім түркі тілдес тайпалардың діні ғана емес, сонымен бірге өмір-салты деп түсіндіреді.
5. Ақаң қазақ даласындағы соңғы үш-төрт мың жылдың аясында тұрақты қалпын сақтаған рулық жүйенің қалыптасуының өзі біздің артта қалғандығымыздың немесе озықтығымыздың белгісі емес, рулық жүйені – ұжымдасып өмір сүру қажеттігі дүниеге келтіргенін дәлелді жеткізеді. Далалық тұрмыста қойын біреуі жайып, ол қойды екіншісі күзетіп, үшіншісі өнімін ұқсатып, төртіншісі ел-жұртты жаудан қорғап, бесіншісі қора-қопсысын сайлап дегендей ұжымдасып тірлік құрмаса, жеке-жеке нарықтың бәйгесіне түсіп көгеріп кетем деу мүмкін емес дейді.
Автордың айтуынша, ру аясындағы кез келген байдың малшысы сол байдың етжақыны, ағайыны, аталасы. Мал өнімі өзінен-өзі тұтас рудың игілігі болып табылады. Бай мың жерден іштарлық көрсеткенімен, мыңғырған малдың артық өнімін жеке дара тұтына алмайды. Ал, көшпелі өмір-салты артық өнімді қаттап жинап қоюды тағы да көтермейді. Сондықтан туыстық сезімге қылау түсірмеу көшпелілер үшін өмір сүрудің негізі, күнкөріс-тіршілікке тірек болып отырған төрт түлік малдың қас-қабағына малшы зор жанашырлықпен қарауға міндетті, өйткені жұт болып, мал қырылса бақташы да, бай да қоса ашығады.
6. Жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрін ұстанатын қазақтан басқа этностың жер бетінде бар екенін біз біле алмадық, - деп ұлтымыздың бұл ерекшелігінің қасиетін дәріптейді. Бұл тыйымның қазақтардың тұқымдық сұрыпталуына себепші болумен бірге, этномәдени біртұтастығын сақтаудың бірден-бір тетігі болғандығын айтады.
7. «Қалың мал» деген сөздің дәстүрлі болмысымен шендес этимологиясына мән бергенде оның «Қалыңдықтың малы» – яғни, үй болып, шаңырақ көтеріп, әлеумет санатына қосылу үшін қажет материалдық игілік деген сөз екенін, салт-дәстүр, жөн-жоралғы үлгісінде өтетін қалыңмал дәстүрлі құдалар арасындағы таза саудаға құрылатын меркантилді пиғыл емес, ұлттың мәдени-рухани дәстүрі екенін дәлелдейді.
8. Қазақтағы «қатын-қалаш», «тұтқа», «бұйрық», «жабғы», «құл», «күң» деп келетін сөздердің Түркі Қағанаты кезінде атақ-лауазымды, әлеуметтік орынды білдіретін еді дегені де тың тұжырым.
9. Көшпелі өмір-салт қалыптастырған, адамдар арасындағы өзара кісілікті қарым-қатынас қалыптарының шырқы бұзылып, үлкен мен кішінің, туыс пен туғанның, жат пен жақынның, еркек пен әйелдің, жігіт пен қыздың арасындағы моральдық-этикалық, салт-дәстүрлік қарым-қатынас қалыптарының шекарасы көмескіленуі, адамдар арасындағы қарым-қатынас дәстүрлі наным-сенімге мойын ұсынбаған соң, салт-дәстүрді сақтамаған соң, тыйым-тосқауыл көрмеген соң еркіндік дегеннің өзі көргенсіздікке ұласып, яғни, адамдардың бойында іштей тыйылудан гөрі, салт-дәстүрмен санасудан гөрі заңнан ғана қорқу немесе сырт көзден ғана қаймығу сезімі басым болды деуі қисынды тұжырым.
10. Көшпелі қоғамда мүлік теңсіздігі болуы мүмкін емес, пендешілік аңсармен зат-мүлік молайтқысы келіп тыраштанғанымен көшпелі өмір-салтының ілкімді қозғалысы артық заттың бәрін керексіз етіп, сыртқа теуіп, табиғи сұрыпталудың ырқына көндіреді. Ал, егер бәрібір көз тоймас қомағайлыққа салынып, орынсыз дүние-мүлікті көбейтсе мыңдаған шақырымдық көш жолында артық бейнетке ұрынады деуі көшпелі өмір салтында іс жүзінде керексізді қаламау қажеттілігін дәлелдейді.
11. Қазіргі адамдар өзін өзгеден оқшау, ерекше етіп көрсетуге құмар болатын болса, қазақ ауылдарында жеке адамның көпке ұқсамауы, жұрттан өзгеше болуы жаман қасиет саналған. Қазақтардың жеке адам туралы идеалы көпке ұқсауымен, көппен бірдей болуымен өлшенуі – халқымыздың мәдени-рухани идеалының тұтастығына себепші жақсы қасиет еді деген тұжырым бүгінгілердің өркөкірек мінезіне рухани соққы.
12. Ақселеу Сейдімбектің әйгілі тұлғаларымыздың өмірлік дерегі туралы шежірелік баяндарды «әлем халықтарының тарихында кездесе бермейтін бірегей рухани феномен» ретінде бағалауы – ғылым жаңалық.
13. Шаңырақ күлдіреуіші үш жүздің тұтасқан бірлігін көрсетіп, үш-үштен кергіш ағаш айқастырылып көктелген, ұлт дәстүрінде шаңырақ кергіші тек үш-үштен ғана айқастырылады деуі ұмытылуға айналған, естен шыққан шындық.
Берік Әбдіғали айтыпты: «Ұлттың рухы оянса, ұлттық намыс оянады», «Ұлт мықты болмай тілдің бағы жанбайды» - деп. Бодандық қазақ рухын қалғытса, оны да оятатын ұлттық намыс. Ұлттық намыс оянуы үшін төл тарихымызды жете білуге тиіспіз, ол үшін Ақселеу Сейдімбектің рухани мұрасындай еңбектер қазаққа таныла түсуі тиіс. Тілді де түлететін сол танымның жеткіліктілігінен туындайтын ұлттық рух.
Сөздің киесі бар. Ақселеу мұрасы – сол киені терең сезінетін, әр сөзі үшін жауап бере алатын, әр сөзінің дәлелі бар мұра. Ол – ұлтының мерейін тасытады, мәртебесін асқақ етеді. Бұған сенім мол.
Ақселеу Сейдімбек – «Қазақты көргің келсе – міне сол қазақ» деуге жарарлық келбетіне мінезі сай, мәдениетіне ақылы сай атпал азамат еді.
Конфуций туралы Янь Юаньның айтқаны бар екен: «Қараған сайын биіктейді, үңілген сайын тереңін сеземін, түбіне жете алмаймын, бірде алдымда тұрғандай болып тұрып, бірде артыма шыққандай, бірде жанымда сияқты, бірде ұзап кеткендей. Бәрін бірден ашып көрсетпейді, адамды еліктіріп әкетеді, көзімізді ашқандай, дәстүрлер мен рәсімдерді сақтай біледі. Күшім азайып бара жатса, маған жақындағанын сезінемін. Артынан көз жұмып ерейін десем ере алмаймын»,- депті. Ал, Лао-цзы Конфуцийдің аға замандасы болып келеді. Екеуі бірінші рет кездескеннен соң Конфуций өзінің сұхбаттасына соншалықты таң-тамаша болғандықтан үш тәулік бойы тіл қатпапты деседі. «Сіз оған қандай уәждер айттыңыз?» деп сұраған замандастарына «Мен бір айдаћар көргендей болдым, ол бірде тұманға айналды, бірде аспанда қалықтап, инь мен янның аспан сәулелерімен тыныс алып тұрды. Мен оған қарсы бір уәж айтпақ түгілі, аузымды да аша алмадым» деген екен. Қарап тұрсаңыз Янь Юань Конфуцийді, Конфуций Лао цзыны таңырқай мойындап тұр. Осы бір ұлтын сүйген, ұлтының ертеңінен үміттенген, сол ертеңгі күнді жарқын ету жолында білгенінің бәрін жеріне жеткізе айтып кеткен Ақселеу Сейдімбек тұлғасына осы мойындауларды қайталап айта беруге әркім ақ арланбағаны жөн.
Ақселеу Сейдімбекті зерттеу оңай болсын ба?! Оның бүкіл ұңғыл-шұңғылына бір оқығанда жете алмаспыз... Оның тереңіне бойлау үшін Ақаңшылап табандап отырып тер төгу керек. Мұхтар Шаханов қайта-қайта айтатын «қарын философиясын» күйттегендерді жетектеу емес, «ру», «тайпа», «жүз» дегенде «бұл маған жақынырақ тұрған адам екен» деп емес, мақтаныш ету үшін емес, бірін-бірі орынсыз сүйрелеу емес, Ақаң ақтап алғысы келетін «рушылдық пен протекцияшылдықты шатастырмауды» берік ұстанып, «бұл біздің тараған тегіміз, оның бүгінге пайдасы – «шежіремізді біліп, ұл-қызымызды дәстүр бұзбай аяқтандырсақ» дегенге ғана пайдалану, бұл құбылысты ұсақ пайдакүнемдікке пайдаланбау, пенделік пиғылға ермеу, ұлт мүддесін сатпау болса керек.
Абай дананың бір сөзі жайлы мынадай ұлағат қалған: Тобықты елімен көршілес төлеңгіттен шыққан Меңаяқ би қайтыс болғанда, Абай аза тұтып, дұға оқиды. Артынан жиналған елге: - Меңаяқ өзінің атын өзі алып жүре алатын адам еді, - дейді. Азалы елдің бір үлкен адамы: - Абай ау, сен дана емес пе едің. Ол не дегенің?! Меңаяқ өз атының басын ғана алып жүрген емес, рулы елді билеген адам емес пе еді?! - дейді. Оған Абай: - Елді билеуден адамның өзін-өзі билеуі қиын. Жағдайы келгенге бақ көтеріп, бай болу, таққа отыру бола береді. Бірақ соның буымен өзін-өзі ұстай алмай, абыройын ашатындар көп. Меңаяқ сонан аулақ жан еді. Оның зор адамдығының өзі сонда еді, - депті.
Ақселеудің бағы мен тағы – оның артында қалған мол мұрасы. Ол оған адал, өзінің атын өзі алып жүрді, оған куә – ел зиялылары, қалың қазақ жұрты.
«Өмір сүру өмір мен өлімнен тұрады» деген екен Лао цзы «Лидердің даосы» атты еңбегінде. Ақаңның да екі өмірі бар. Ол өлмеуі тиіс, өйткені оның өлімінің өзі өмір, ол өліміне үлкен дайындықпен келе алды. Ол не болуы мүмкін екенін қиялдап өмір сүрген жоқ, барынша байыппен, асығып-аптықпастан, ширықпастан өзі мақұл көрген ісін біртіндеп атқара берді.
Ақселеу Сейдімбектің көптен бері бірге келе жатқан іні-досы, өмірден кетерінде бүкіл мұрасының ең іліп аларын тапсырып кеткен Тұрсын Жұртбай былай деп жазады: «Жазмыштан озмыш жоқ, пәни мен бақидың заңы бойынша әрбір адамның мәңгілікке аттануы – өзекті өртейтін өкініш. Сол пенденің дауысы, мінезі мынау жалған дүниеге жетпей тұратыны анық. Ал Ақаңның дауысы мен орыны Алаш дүниесіне мәңгі жетіспей тұратын болады. Оның артында жетім бала мен жесір жар ғана қалған жоқ, жетім ел, жетім күй, жетім ән, сыңар дос, аялы құшақсыз іні, сусыны қанбаған шәкірт қалды.
Күн сайын өлім мен өмір алмасып, біріне бірі орын босатып беріп жатқан тіршілік қой. Алайда, Ақаңсыз өмір – бәрібір баяғы өмір емес, бәрі де «баяғыдай көрінбейді». Оның мінезі, сырбаздығы, әңгімесі, мәрттігі, тіпті шақшасының тықылы да бізге жетпей тұратын болады. Маған осы ажал оның мырза өміріне жараспайтын-ақ сияқты, оның осы өлімінің өзінде бір үйлеспейтін заңсыздық, бір тосын тылсым бар сияқты көрінеді де тұрады.
Ақаң «Армансыз өмір сүрді» дегізетіндей ғұмыр кешті. Ол «Қазақтың ауызша тарихын» маған ұсынып тұрып, тіршілікке соншама бір наразы да разы құштарлықпен қарап: «Енді ештеңе жазбаймын. Шаршадым. Қолымда бардың барлығын таратып беремін. Ал өзімнің өмір бойы жиған-терген кітаптарымның, шежірелерімнің, мұрағат-құжаттарымның, сирек басылымдар мен фотокөшірмелерімнің бәрін сенің кітапханаңа, сенің өзіңнің қолыңа тапсырамын. Өзге – ортақтаспас, сен қиянат жасамассың. Біреуге болмаса, біреуге сауабы тиер, рахметін алармын. Енді өмір сүремін. Өмірдің рахатын көремін. Қойшығарамен тасқаяқ ойнаймын. Сендерді серуендетемін. Тапқанымды шашамын. Шіркін, сонда қандай рахат болар еді, ә, бала», - деді.
...Енді оның жоқтығы күн сайын, апта сайын, ай сайын, жыл сайын, мәңгілік сезіліп тұратын болады. Ол сағыныш та сартапқа айналып, жүрегімізде өшпейтін тат болып қалатын күндер де алда болса керек. Бұл рухани өкініштің орыны тола қоймас, сірә».
Журналист-жазушы Талғат Айтбайұлы да Ақселеудің өткеніне қайғырғанын мына сөздерімен жеткізіпті: «Ақселеу ағаның мезгілсіз қазасы жайлы естіген кезде көзіме ыстық жас келді. «Ахаң өлетін кісі емес еді ғой» деген сөз тілімнің ұшына оралып, ойымнан кетпей қойды. Бір мен ғана емес, Ақселеу Сейдімбекті білетін елдің дені сөйтті. Аяқ астынан келген ажалы туралы сан саққа жүгіртіп, әңгіме еткендер де болмай қалмады. Араларында өзіне-өзі қол салыпты деушілер де ұшырасты. Үй толы кітаптарын таратып бергенін, құнды қолжазбалары мен суреттерін мұрағатқа қаттап, тізімдеп өткізгенін, сондай-ақ ауылына ат ізін салған соңғы сапарында: «Өле қалсам, осы жерге қоярсыңдар» деп інілеріне құлаққағыс қылғанын қайта-қайта есіме аламын. Тіпті бір газеттен: «Әй, мен өзі осы жылдан қалмаспын» деген сөзін де оқыдым-ау. Демек, Ахаң ажалын алдын ала сезіп білген және соған асыққан сыңайды. Мына сайқал саясаттың аярлығынан әбден жерінді ме, кім білсін. Әйтеуір, азабы мен мазағы мол бұл жалғаннан ертерек кеткенді жөн көргендей ме, қалай? Ия, қалай десе де, ол маған билікке де, байлыққа да қызықпайтын мәңгілік мекеніне бұрынырақ баруға, аруақтар арасына тезірек жетуге асыққандай көрінеді де тұрады».
Қазақтың Ары мен Намысы болған дара тұлғалар тізбегі үзілмек емес. Әйтеке би өмiрден озғанда досы, аузы дуалы абыз, дiн көсемi Мүсiрәлi сопы былай деген: "...Әй, тойымсыз қара жер-ай, дара туған дарағымды алғанда қойным толады дедiң бе! Бетiмдегi беделiмдi алғаның – Алатауымды аласартқаның емес пе! Арқамдағы сүйенiшiмдi алғаның – исi қазақтың атакүлдiгi – Қаратауымды құлатқаның емес пе! Жұлдызы биiк жаралған жан едiң-ау! Асып туған абызым-ай, мына соңыңда қалған бiз ендiгi жалғанда тiрi жетiм емеспiз бе?! Өзгелерден асып туған, қазағына, елiне нұр сипатын шашып туған, бағаналы бәйтерегiм-ай, сен өлдi дегенге қайтiп сенейiн?!." – деп, елiне күңiрене жоқтау айтқан екен (М. Есламғалиұлы, "Әйтеке би", 364 бет). Бұл жоқтау тұтастай Ақселеу ағаға арналғандай...
Озық ойлы жазушы Айгүл Кемелбаева былай дейді: «Көшпелі дегдар баба жұрттың соңғы тұяғы болған жазушы бұл жалғаннан қазақ мүддесін қорғап өтті. Қазыналы таңғажайып еңбегі асыл ағаның аққу әніне айналғанын білгенде, қазақ жүрек қан жыласты. «Ақселеу өмірден озды» дегенде, қимастық жанын тебірентпеген қазақ болған жоқ. Қайғының таты талайының көкірегіне ұялап қалды.
Аяулы болғаны сүйіндірсін. Екінің бірінің маңдайына жазылмайтын бақ. Өз халқына жан-жүрегімен құлдық ұрып, ұлтжандылықтың тұма бұлағын суалтпауға тырысқан азамат. Қара бастан аспаған арамзалар көбейген заманда елін сүйген бекзат азамат».
Өмірдегі бар сыйды алып болып, өлгенде аты өшіп жатқандар бар. Өлгеннен соң аты мәңгілік қалатындар көп емес. Сол мәңгілік қалатындардың бірі, біздің пікірімізше – Ақселеу Сейдімбек.
Ғаламдану уыты, ол дегеніміз ұлтсыздану, тексіздену қасіреті қазақты қос өкпеден қысқанда, ұлттың қорғаныс тетіктерін тап басқан қоғам қайраткері Ақселеу Сейдімбек феномені осы: жаћанданудың жойқын тартылыс күші алты құрлықты аждаћадай аранымен орай бастағанда қазақтың тегінің асыл екеніне құлшылық қылғаны. Ол Алла Тағаладан әр дербес ұлттың жаны мен қаны бөлек екенін, көпке жұтылуды қаламайтынын, біртекті қоғамға өлсе көнбейтінін сұраған жанкештінің бірі болды.
«Шеткі үй құласа, ортаңғы үй шет болар» деген сөз бар. Өкініш – Ақселеудің шетіне жетпей, ортадан енді ауғанда құлағаны ғана. Тағдыр солай, Алла адамдарды аларда біртіндеп, кезекке қойып, жасының келуіне қарай алса, онда жасы әлі жете қоймағандар «Әлі біздің кезегіміз келген жоқ» деп білгенін істемес пе еді?! Сондықтан да Алланың алған адамының уақыт-мезгілі келгеніне шүбә келтірмеуге мәжбүрміз.
Бір нәрсеге шүкіршілік етеміз: Ақаң еліміздің тәуелсіздігін көріп, еңсе тіктей бастағанына куәгер болып, айтам дегенін армансыз айтып үлгергеніне, оның тағдыры Байтұрсыновтар мен Әуезовтердің тағдырынан ұтымды қалыптасқанына шүкір!
Достарыңызбен бөлісу: |