5.1. Күкірт диоксидін түйіршікті электродтарда қышқылды ортада залалсыздандыру. Теориялық бөлім.
Күкірт диоксиді - SO2 атмосферадағы басты ластағыштардың бірі болып табылады. Күкірт диоксиді қара және түсті металлургиялардың тастандыларының құрамында болады.
Қара металлургия. Толық циклді металлургиялық комбинаттарда негізгі өндірістер (кендерді дайындау, кокс шығару, шойын, болат өндіру) және қосалқы қызметтер (энергетикалық, көлік, механикалық жөндеу) болады.
Шойын өндіру және оны болатқа айналдыру кезінде атмосфераға көптеген зиянды заттар тасталынады, оның ішінде 2,7 кг күкірт диоксиді болады (өндірілетін шойынның 1 тоннасына есептелген). Күкірт диоксидінің көзі болып агломерациялық фабрикалар табылады, тасталынатын күкірт диоксидінің жалпы массасындағы агломерациялық фабрикалардың үлесі 82,5% . Металлургиялық комбинаттардың басқа бөлімдері атмосфераға 0,9 - 7,5 қа дейін шығарады. Майдаланған сульфидті (пириттер) кенді агломерациялау (түйіршіктендіру) кезінде күкірт күйіп бөлініп шығады. Пириттердің құрамында 10% күкірт болады, ал агломерациядан кейін тек 0,2-0,8%. Қалады. Сондықтан SO2 газының тастандысының мөлшері 1 тонна кенге 190 кг құрайды.
Түсті металлургия. Глинозем, алюминий, мыс, қорғасын, мырыш, никель және басқа металдарды өндіргенде (балқыту, күйдіруге арналған және индукциялық пештерде, үгіту-ұсатуға арналған қондырғыларда, конфертерлерде, жүк арту, түсіру кезінде, материалдарды жөнелту кезінде т.б.) зиянды заттар түзіледі. Түсті металлургия мекемелері, атмосфераны негізінен күкірт диоксидімен (атмосфераға тасталынатын ластағыштардың 75%-ы), көміртек оксидімен (10,5%) және шаңмен ластайды.
Химиялық өнеркәсіп. Химиялық өнеркәсіптердің өнімдері өте көп, оның ішінде көп тонналы өндірістерді (күкірт қышқылының, азот қышқылының, фосфор қышқылының, тұз қышқылының, минералды тыңайтқыштардың өндірісі) атап өтуге болады. Өндірістердің бір бөлігі көп тонналы болып табылса, енді кейбіреулері өнімді килограмдап шығарады (мысалы реактивтер). Осы өндірістердің барлығы атмосфераны зиянды тастандылармен ластайды. Бейорганикалық заттарды өндірген кезде негізгі ластағыштар ретінде атмосфераға күкірт диоксиді, азот оксидтері және қалқымалы бөлшектер тасталынады. Күкірт диоксиді күкірт қышқылы өндірісінде, целлюлоза өндірісінде және мұнай тазарту кезінде түзіледі.
Өндіріс газдарын күкірт диоксидінен тазарту үшін көптеген хемосорбциялық әдістер ұсынылған, бірақ іс-жүзінде олардың тек кейбіреулерін қолданады: ізбеспен немесе ізбестаспен, сумен адсорбциялау, магнезиттік әдіс, мырыш қосылыстарымен адсорбциялау, натрийге негізделген хемосорбенттермен адсорбциялау.
Бірақ химиялық әдістердің кемшіліктері көп, мысалы, бұл процестер өте ұзақ жүреді және қосымша көптеген реактивтер қолдану қажет, оларды қайтадан қалпына келтіру қажет.
Бұл жұмыста күкірт диоксидін тотықтырудың электрохимиялық әдісі ұсынылған.
Достарыңызбен бөлісу: |