113-бап. Банкроттық рәсімін қозғамай борышкерді тарату
Банкроттық рәсімін қозғамай борышкерді тарату:
1) борышкер жоқ борышкер болып табылған;
2) борышкерге қатысты осы Заңның 114-бабының 3-тармағында көзделген мән-жайлардың жиынтығы болған жағдайларда, жүзеге асырылады.
114-бап. Сотқа банкроттық рәсімін қозғамай борышкерді тарату туралы өтінішпен жүгіну негіздері
1. Сотқа банкроттық рәсімін қозғамай борышкерді тарату туралы өтінішпен:
1) салықтар және кедендік төлемдер бойынша кредитор – осы Заңның 113-бабының 1) тармақшасында көзделген жағдайда;
2) борышкер – егер өзіне қатысты осы баптың 3-тармағында көзделген мән-жайлардың жиынтығы болған жағдайда жүгінеді.
2. Салықтар және кедендік төлемдер бойынша кредитордың сотқа банкроттық рәсімін қозғамай борышкерді тарату туралы өтінішпен жүгінуі үшін мынадай мән-жайлардың жиынтығы негіз болып табылады:
1) борышкердің, сондай-ақ оның құрылтайшылары (қатысушылары) мен лауазымды адамдарының орналасқан жерін қатарынан алты ай бойы анықтаудың мүмкін болмауы, бұл жөнінде уәкілетті орган айқындаған нысан бойынша және тәртіппен құжат жасалады;
2) өтініш берілгенге дейін үш жыл бойы борышкердің меншік құқығында мүлкінің, сондай-ақ дебиторлық берешегінің болмауы;
3) өтініш берілгенге дейін үш жыл бойы борышкердің жасалған жағдайда осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген негіздер бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкін мәмілелер жасамауы.
3. Борышкердің сотқа банкроттық рәсімін қозғамай өзін тарату туралы өтінішпен жүгінуі үшін мынадай мән-жайлардың жиынтығы негіз болып табылады:
1) борышкердің кредиторлар алдында республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің екі мың бес жүз еселенген мөлшерінен аспайтын берешегінің болуы;
2) өтініш берілгенге дейін үш жыл бойы борышкердің меншік құқығында мүлкінің, сондай-ақ дебиторлық берешегінің болмауы;
3) өтініш берілгенге дейін үш жыл бойы борышкердің жасалған жағдайда осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген негіздер бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкін мәмілелер жасамауы;
4) өтініш берілгенге дейін үш жыл бойы борышкердің банктік шоттар мен касса бойынша төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асырмауы;
5) өтініш берілгенге дейін үш жыл бойы борышкердің Қазақстан Республикасының салық және кеден заңнамасында белгіленген салықтық және кедендік тексерулер мен өзге де бақылау нысандарының тізімдеріне енгізілмеуі;
6) өтініш берілген күнге қылмыстық қудалау органдарының борышкер қызметіне байланысты қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін заңды тұлғаның құрылтайшысына (қатысушысына) немесе оның лауазымды адамына, сол сияқты дара кәсіпкерге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізбеуі.
Достарыңызбен бөлісу: |