Оггеогеоопоопооооооооооооооооооооооооооооооооооооооооооооооооооооооооо


Қазақ повестеріндегі экзистенциялдық бағыт



бет12/13
Дата31.03.2023
өлшемі0.77 Mb.
#471451
түріДиплом
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13
Îããåîãåîîïîîïîîîîîîîîîîîîîîîîîîîîîîîîîîîîîîîîîîîîîîîîîîîîîîîîîîî

3.2 Қазақ повестеріндегі экзистенциялдық бағыт


Тәуелсіздік жылдары қазақ жазушылары әңгіме жанрында қалыптасқан дәстүрді жалғастыра отырып, мазмұндық, түрлік, т.б. ізденістерге барғаны белгілі. Сондай-ақ, дәстүрлі ұлттық таным тәуелсіздік тұсындағы әңгімелерде батыс әдебиетінде қалыптасқан әр түрлі әдеби ағымдармен толықты. Қазіргі қазақ прозалық шығармаларында модернистік, постмодернистік ағымдар көрініс бере бастады. Қазақтың қазіргі прозалық туындылары адам мен қоғам, адам мен әлем арасындағы қарым-қатынасқа, адам болмысының мәнін, өмірдегі орнын бағамдауға байланысты экзистенциялық дүниетаным шеңбері кең, өмірдің мәнін философиялық тұрғыдан түсінетін кейіпкерлерді өмірге әкелді. Қазіргі қазақ прозасындағы сюжеттің бөлшектері белгілі бір жүйеге бағынбайды, сондықтан шығармадағы оқиғаның баяндалуында хронологиялық тәртіптің сақталмауы заңды құбылыс. Сонымен қатар, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін әңгімелер де тәуелсіздік жылдарындағы шығармалар тақырыбын түрлендіруде өзіндік үлес қосты. Адам, оның бойына тән адамгершілік қасиеттерді сомдау, оның кейіпкер характерін ашудағы идеялық құндылықтарын баса жазу ерекше дамыды. Бұл да – тәуелсіздік жемісі. Алашұранды әдебиет тұсында басын ашып анық талдап жазуға мүмкіндік болмаған мәселелер тәуелсіздігіміздің арқасында қанатын кеңге жайғаны анық. «Дәстүрлі ұлттық таным тәуелсіздік тұсындағы әңгімелерде, сонымен қатар, батыс әдебиетінде қалыптасқан әр түрлі ағымдармен жалғасты. Сондықтан да қазақ әңгімелерінде модернистік, постмодернистік ағымдар пайда болды» [57]. Ежелден ел жадына сіңген мұсылмандық қағида, әлеуметтік жағдай (ауыл, қала өмірі, ұлт тағдыры, т.б.), экологиялық апат тақырыптарын жаңаша суреттеудегі көркемдік амал-тәсілдер жаңарған, жаңғырған сипатта танылды. «Бұл жанр кеңестік дәуір тұсында тыйым салынған діни-философиялық, эротикалық, интимдік әңгімелермен толықты», – дейді ф.ғ.к., доцент Гүлжаһан Орда [58]. Бейбіт Сарыбайдың ең бір шоқтығы биік, қазіргі қазақ повестері арасында ең ерекше стильде жазылған әрі идеялық-мазмұндық жағынан алғанда бағалы туындыларының бірегейлері – «Қара торғай» және «Ақтабан» атты повестері. Екі повестің де бас кейіпкерлері – жасөспірім балалар, алайда, шығарма жүгі – балалар прозасы емес, философиялық, психологиялық, лирикалық бағытқа негізделген.
Алдымен, «Қараторғай» повесіне тоқталайық. Повесть Темірлан атты бала мен қараторғай арасындағы, яғни адам мен құс арасындағы, адам мен табиғат арасындағы байланыс, махаббат, осы арқылы қамқорлық, жалпы ізгілік, махаббат, қамқорлық идеясын көрсету мақсатында біршама фотокартиналар жасайды. Адам – табиғаттың ажырамас бөлігі екені белгілі, қанша табиғаттан алыстаймын десең де, табиғат сенен алыстамайды. Шығарма желісі бойынша балаларды түзету колониясындағы Темірланның күніге берілетін 3 тілім нанын өзі жемесе де, қараторғайларға ұнтақтап беріп, оларды күтіп, тамақтандырып, сосын барып сабаққа баратыны айтылады. Бұл аңдатпаның берілуі де тегін емес, шығарма сюжеттің аяқталуымен басталып тұр, осынша мейірімді, қайырымды баланың қалайша бұл «жаман» жерге қалай түскенін әр оқырман білгілі келіп, әрі қарай сюжеттің жалғасын қаза берітіні тағы белгілі.Шығарманың бас қаһарманы – Темірлан 5 класс бітіргеннен кейін жетім қалады, тек қарындасы мен анасына арқа сүйер азамат болып, ерте есейіп, ойы мен бойын тіктеп, оң мен солын айыра бастайды. Тіпті, туған атасының өзі теріс айналып, бұларға еш қараспай, халдері одан сайын нашарлап, өз бетімен еңбектеніп, намыстанып, өз күндерін өздері көруге амалсыз бел байлайды. Темірлан образы – шығарманың басынан аңғарылғандай-ақ, өте аңғал, жаны нәзік, сезімтал, жүрегі жастайынан жаралы болғандықтан, әр нәрсені көңіліне алғыш, кіршіксіз, тап-таза, риясыз болады, ешкімге де арамдығы жоқ, ешкіммен қақ-соғы да жоқ, бар ермегі құстар еді: «...кішкентай қараторғайларды өзінің қарындасындай жақсы көретін. Туған бауырларындай болып кеткен осы бір қап-қара торғайлар – бұның жалғыз жұбанышы. Сабақтан келгесін соларға қарайлайды. Өзінің бұзылған ұяда өмір сүріп жүргенін бағамдай алмаса да, әлдебір ішкі түйсікпен осы бір кішкентай шарасыз балапандардың ұясы бұзылмауын тілейді. Әсіресе қараторғайлар балапан басып шығарғанда шегірткелерді көптеп ұстап, ұяларының алдындағы кішкентай астауға толтырып қоятын. Солар ашығып қалмас үшін біздің Темір барын салады» [55,187-б.]. Бұл жолдардан-ақ біз Темірланның жанының өте таза екенін көреміз. Автор шығармада лирикалық шегіністерді өте оңтайлы пайдаланады. Сол ауылдағы өараторғайларға деген махаббат осы түзету колониясында да жалғасын тапқан, бұл жерде де ол өзінің нағыз сырлас досы, жан серігі деп құстарды қалап, солармен тілдесіп, жанын бір тазартады. Жан тазалығы – адамның табиғаттан ажырамауы деп түсінеді бас кейіпкер. Асханадан алған нандарын өзі жемесе де, барлығын қалтасына тығып, қарны ашса да, барлығын қараторғайларға беріп отырады, тіпті оның өлең шығаратын да қасиеті болатын. Лирикалық шегініс барысында автор колониядағы өмір мен ауылдағы өмірді қатар алып, сондағы болған оқиғаларды психологиялық параллелизм әдісімен өте әсерлі жеткізеді. Колонияда қараторғайларды үркітіп, бұның нан беретінін білгендіктен, үлкен балалар соққыға жығып, құстарды келмейтіндей етіп, барлық бұзалық әрекеттерін жасайды, тап осы оқиға ауылында да болған еді. Ауылындағы қараторғайдың ұясын бұзған өзінен күрестен жеңіліп қалған Қайнар атты бала болатын, әрине барлық көңіл, жұрттың назары Темірланға ауып, облыстық, респібликалық жарыстарға оның жолдама алып, өзінің екінші болып қалған бала қалай кек аларын білмей, Темірланның ең жанды жері – қараторғайларынан ұстаған еді. Қараторғайға деген қамқорлығы, табиғатқа деген адалдығы, құсқа деген махаббаты соншалықты биік болғандығы сондай, Темірлан Қайнарды аямастан, бетін бет қылып, ашу-ызадан дым қалдырмай ұрып тастайды. Бұл – әрине, жайдан-жай емес, үлкен махаббатқа деген адалдық еді. Бір құс үшін осынша батылдыққа, соншалықты басын дауға тігетіндей, өзін жауға жүгінтетіндей жағдайға баруына көп оқырман қарсы болуы мүмкін, ондай іске кез келген адамның қолынан келмесі де анық, бірақ Темірлан ар биігін, ар адалдығын биік қойды, қорғансыздарды қорғағысы келді. Осы арқылы да жазушы қазіргі қоғамдағы адамдардың арасындағы рухани байлықтың төмендегенін, дүниедегі әлсіз адамдардың қорғансыздығын, оларға қамқорлық керек екенін көрсеткісі де келді. Ерте есейген Темірлан осылайша қараторғайлардың «кесірінен» жауапты болып, Қайнардың әке-шешесінің қудалауына үшырап, тым жақсы спорт саласы бойынша жеткен жетістігінен айырылып, «қиын» балалар қатарына қосылып кетеді. Темірланның сонша бала аңғалдығының бір көрінісі – ауданға барып, түсініктеме жазғандағы жазбасы: «Құстың ұясын бұзуға болмайды. Құстың ұясын бұзған адамның өзінің де ұясы бұзылады. Құстың қарғысы жаман болады» деп бастапты да, екеуінің арасындағы бұл төбелесті «ауыл балаларының арасында болып тұратын күнделікті төбелес. Ашу үстінде қаттырақ ұрып жіберіппін. Енді қайталанбайды» деп аяқтапты. Мектеп директоры күліп жіберді..» [55,198]. Бұл шағын жазбаның өзінде балалық ойдан гөрі үлкен даналық ой тұр. Ол колонияда жүріп, жанын жегідей жейтін сұрақтармен барлық нәрсені уайымдайды, өзі кішкентай болғанмен, үлкен ойлар оны мазалап, өкініш өзегін өртейді. Ол барлығынан жырақ, ешкіммен шаруасы жоқ, саяқ жүріп, өз дегенін істеп, әрқашан үлкен толқыныс үстінде жүреді. Егер шын бұзалықпен түссе, бұндай ауыр ойлар Темірланды мазаламас еді. "Сол ғой мұның жұмған аузын ашпай өзімен-өзі жүргені. Бесінші сыныпта жетім қалып, сегізінші сыныпта сотталған бұның екі жарым жылы осында өтті. Енді жарты жылда тағдыры шешілмек. Не босап шықпақ, не 18 жасқа толғаннан кейін әрі қарай кәдімгі ересектерге арналған түрмеде жалғастырмақ. Ауылда жүрсе ғой, биыл мектеп бітіріп, азамат болар еді. Мүмкін... Иә, мүмкін жарыстардан жарыстарға қатысып, ел намысын қорғап, әрбір жетістігімен анасын қуантып, жетімдік көрген қарындасын жұбатып жүрер ме еді?! Бұның барлық жеңісі сол баяғы көрген түсімен шектелді емес пе. Өкініш деген өзекті өртейді. Ол аздай байғұс анасы мен жалғыз қарындасын өлердей сағынады. Оларды көрмегелі де, міне, екі жарым жыл. Аз уақыт емес. Өзге балалардың әке-шешелері құсап іздеп келетіндей жағдайы да жоқ анасының. Қарындасынан ара-тұра амандықтарын білдірген хат келіп тұрады. Бұрын жесір атанған шешесі бейшара енді бұзақы ұлдың анасы атанып жүр-ау... Тағы да әкесін ойлады. Бәріне кінәлі сол сияқты көрініп кетеді кейде. Егер ол тастап кетпегенде, бұның бірі де болмайтындай сияқтанады» [55, 200], - деген жолдардан ауыр балалық шақ пен қиын жасөспірімдік шақтың дәмін татқан Темірланның жан күйзелісін байқаймыз. Жалпы, Б.Сарыбай Темірланның жан дүниесін беруде терең психологизмге бой ұрады. Оның басындағы барлық жағдайын жан-жақты сферада талдайды. Көркем туынды – белгілі бір тарихи дәуірдің, қоғамдық жағдайдың, заман шындығының жемісі. Ал замандас келбеті – осы жемістің негізгі дәні. Әрбір көркем дүниенің ұлттық сипаты болады. Әйтпесе оның еш құндылығы қалмақ емес. Ұлы философ Гегель: «Әрбір көркем шығарма халқына, өз уақыты мен ортасына тән және ерекше тарихи, басқа да мақсат-мүдделерге бағынышты», - дегендей, көркемөнер туындысы белгілі уақыт пен көркем бейнеге телінеді. Б.Сарыбай жасаған көркем дәуір мен көркем бейне – ұлттық сипатқа негізделіп жасалған модель. Н.Г.Чернышевскийдің: «Нағыз роман, повестер жергілікті ерекшелігі бар жағдайды, ұлттық бедерлі кейіпкерлерді айналып өте алмайды. Жергілікті бояусыз және ұлттық әдет-ғұрыпсыз, ойсыз, сондай-ақ кейіпкерлер мінезіндегі ұлттық сипатсыз реализм жоқ, кейіпкерлердің іс-әрекеттерінен шындық ұғынылмайды. Ал бұндай шарттарсыз нағыз роман, повестердің дүниеге келуі мүмкін емес», - деп жазғанындай, қаламгер алып отырған жағымды, жағымсыз кейіпкер болсын, оның бойындағы қасиеттердің өзі халықтық менталитетке құрылуы тиіс. Өйткені әр халыққа тән психология бар, мінез бар дейтін болсақ, осы жерден келіп бейне мәселесі туады. Қаламгер шығармашылығының көпшілігі Кеңес дәуірінде дүниеге келді. Оның кейбір туындыларында кеңестік саясаттың басым бағыттары жылт етіп көрініп қалады. Зерттеуші П.С.Выходцевтің: «Әдебиеттің ұлттық негізі, ұлттық дәстүрінің социалистік реализмнің ең күрделі мәселелерінің бірі күйінде әлі де қала беретіндігін ешбір әсірелеусіз-ақ айтуға болады», - дегеніндей, бір кездері ұлттық әдебиетіміздің арнасы социалистік реализмнің сағасына барып тоғысты. Бірақ социалистік реализм жалпыадамзаттық мәселелерді, ұлттық сипатты шешіп бере алған жоқ. Осы ретте кеңес дәуірінде болған мынадай пікірталасты келтіріп кеткен жөн. Кеңес әдебиетінің ұлттық сипаты жөнінде пікір айтушылардың басты назар аударғаны - әдебиет кейіпкерлерінің мінезіне әдебиеттің ұлттық сипаты тұрғысынан талдау жасау. В.Освоцкий бастаған ғалымдар тобы көркемөнердің жалпыадамзаттық, жалпы ұлттық сипатын жалқы ретінде қарастырып, олардың ара-жігін жалпы мен жалқы ұғымдарының аясына сыйғызды. Жалпының бірте-бірте жалқыны ығыстыратынын айта келе, «ұлттық мінезді» «советтік мінез» деп атауымыз керек деп түсіндірді. Бұларға қарсы К.Бязарти, М.Чимпой, А.Бочарев сынды ғалымдар көркемөнердің, әдебиеттің ұлттық және жалпыадамзаттық сипаттарын жалпы мен жалқы категорияларының аясында қарастыра алмайтындықтарын айта келе, бұл екеуінің бір-бірінен бөлінбейтін құбылыс екенін дәлелдегісі келеді. Осы кезеңде әдебиеттің ұлттық, жалпыхалықтық, көпұлттық сипаттары турасында Ю.Суровцев, А.Егоров, Г.Ломидзе, Е.С.Акопджаниян тәрізді ғалымдар пікір білдірді. Бірақ көркемөнердің ұлттық сипаты – қай халықта болса да алдыңғы шепте тұратын болмыстық құбылыс. Ол талай ғасырдың арнасынан өткен ұлттық категория болғандықтан, оны күштеп жою, басқа бір идеологиямен араластыру еш мүмкін емес жайт. Бұл ретте ғалым Б.Кәрібозұлының мына пікірі айтылған ойымызды айқындай түседі: «ұлттық араласу, жақындасулардың аса тарихи тәжірибесі көрсеткеніндей, көркемөнердің, сондай-ақ, әдебиеттің қандай жағдай болса да ұлттық сипатының жойылмайтындығы, керісінше, бұндай сын сағатта өміршеңдік танытқандығы деп айтуға болады». Шындығында, көркемөнердің ұлттық сипаты – ұлт бар жерде, оны жасаушы халық бар жерде, халықтың болмысы, мінез-бітімі бар жерде мәңгілік жасай беретін құбылыс. Ұлттық психология – ұлттық дәстүрдің ерекше түрі. Түрі ғана емес, ұлттық дәстүрді қалыптастырушы басты фактор. Міне, осы ұлттық психология Б.Сарыбай прозасында тұнып тұр. Осылайша Темірланның бұл жерге қалай түскендігі де айтылады. Әкесінің Қанат деген досының айтақтауымен өз туған атасының жылқыларын ұрлап, оны сойып, сатып, соттан бір шығады, рақымшылық берер-ау деген деген атасы туған немересін соттатып, оттатып кете барады. «Жығылған үстіне жұдырық» дегендей, бұрыннан «қиын» балалар қатарына қосылған Темірлан темір тордың ар жағынан бір шығады. Бұл жерде Қанатпен қосылып бұзақылық жасау деген ой да болмады Темірланда, тек анасы мен қарындасына көмек болсын, шамалы болсын тұрмысын дұрыстайын, әрі ұрласа өз атасынан, яғни өз кегін алмақшы мақсатпен жасалған ой еді бастапқыда. Бірақ, қатыгез ана немересін оңдырмады, қарайламады да, осылайша жақсылық іздеген балаң көңіл мәңгілік шырмалаңға ұшырап кете барды. Оның бұндай жолға баруына қарындасына класс жетекшісінің тиісуі де себеп болды.Жас баланың намысшылдығын осы жерден көреміз. Оны жайлап Ержан атты қарындасының кластасы айтып берген еді, ылғи Қарғашты шеттетіп, суретке түсіртпей, фамилиясымен атап, басқа балалардан оқшап, талай жылап келетінін байқаған ағасына осы бір жоқшылықтың тезі өтіп, жаны жай таппай, қатты күйзелген еді. Адам мінезінің аумалы-төкпелі болып, қандай да бір іске барарда түрткі болар мәселенің болары сөзсіз. Міне, Темірланның осы бір «қылмысқа» баруына қарындасының көз жасы да болды. Осылайша, Темірлан тар қапаста жүріп те шыңдалып, өзі ойымен өзі алысып, өмірге деген құлшынысы одан сайын артып, дүниетанымы кеңейеді. Түзету колониясында 3 жыл отырғаннан кейін тәртібі мен оқуының жақсы болуының арқасында оны мерзімінен ерте шығуына мүмкіндік береді. Оны шығарып алуға анасы мен қарындасы келеді. Алматыда 3 жыл темір торда отырса да, бостандықтың ауасының басқаша, азаттықтың қымбат екенін сөзбен емес, Темірлан қараторғайды көру арқылы сезінеді. Барлық қараторғай атаулы оны құттықтап тұрғандай сезімде болады. Шығарманың бір ерекшелігі – эпилогпен аяқталады. Эпилогта кезінде өзінің бастаған спортын жалғастырып, түрлі жарыстарға қатысып, жеңістермен оралып, болашағынан осы бостан зор үміт күттіретін азамат болып қалыптасып келе жатқандығы баяндалады. Анасы өмірден ерте озады, осы бір өкініш оны мәңгілік мазалайды, барлық жеңістері мен істеген игі істерін анасының рухына бағыштаған Темірланға үнемі қараторғайлар жебеп жүреді деп шығарма аяқталады. Міне, өте ауыр ойға, адам жан-дүниесінің терең қалтарысына арналған психологиялық повесть – сонау бір «Шолпанның күнәсі», «Ақбілек» секілді алғашқы туындылардың заңды бір жалғасы іспетті деп айтуымызға толық негіз бар. Бір Темірланның басында көрсетілген психологизм – ол жалпы қазақ баласының басындағы типтік негіздегі жай-күй еді. Қаламгердің шын жан сыры халық жүрегінен орын табу үшін ол шығармада көңіл-күйдің, ой-арманның гуманистік сипаттары басым болуы қажет. Себебі лиризм «оқушының интеллектуалды-эмоционалдық сергектігіне сенімнен» қуат алады. Сондықтан да ғалымдар лирикалық прозадағы басты шеберлік кілті суреткердің өз өмірбаяны мен уақыттың күрделі тарихи, қоғамдық, рухани құбылыстарын терең байланыстырып, өмір шындығын қызғылықты беруі деп ұғады. Көркемдік дегеніміз толып жатқан элементтер мен олардың компоненттерінің, яғни сюжет пен композицияның, тіл мен стильдің қарым- қатынасы бірлігінен құралады. Демек, автордың баяндау мәнерінен жасалады. Лирикалық прозаның ерекшелігі осының бәрін шынайы түрде, жазушының жүрегінен шығарып нәзік лиризммен жеткізе білуінде. Ал лиризм көркем шығармаға нәзіктік, сұлулық, шынайылық дарытады. Мұны О. Берггольцтің: «Біздің тұрмысымыздағы жалпы шындық менің жүрегім арқылы өтеді»,-деген сөзі дәлелдейді. Повестің жанрлық белгілеріне оның қоғамдық өзгерістердің себеп-салдарын кейіпкерлердің ішкі жан дүниесіне үңілу арқылы түсіндіруге ұмтылатын субьективтік сипатын, көркем әдебиеттің басқа да жанрларының, фольклорлық жанрлардың қасиеттерімен қатар, әдеби тектердің қасиеттерін де өз бойында «біріктіре» алатын әмбебаптылығын, әрі талдауға, әрі жинақтауға бейімділігін жатқызуға болады.
Повесте сюжеттің дамуы әңгіме немесе романмен салыстырғанда өзгешелеу болады. Қазіргі қазақ повестерінің философиялық мазмұнда болып келуі – ондағы сюжеттің қызметін өзгеше бір тұрғыдан қарастыруды қажет етеді. Сондықтан мұндай шығармаларда сюжет екінші кезекте қалғандай әсерде боламыз. Дегенмен, бұл тұста біз «сюжет – оқиғалар және адамның ойы мен жан толқыныстарының қозғалысы, онда адам характері, тағдыры, қарама-қайшылықтары, қоғамдық тартыстардың мәні ашылады» – деген тұжырымды есте ұстауымыз керек. Себебі жазушы туындысы ішкі тақырып пен идея жүзеге асатындай сюжетке құрылады. Қазіргі қазақ повестерінде сырт оқиғалар қақтығысының орнына психологиялық тартыс, сырттай баяндау орнына кейіпкерлердің ішкі жан дүниесінің иірімдері баса суреттеліп, кейіпкердің өз көкірек сырына үңілуі мен тылсым ойларына ерекше назар аударылады. Қаламгерлер кейіпкерлерінің ішкі жан дүниесіне, қиялына, психологиясына терең бойлайды. «Қаһарманның рухани әлемін, жан сырын жеткізу амал-тәсілдерінің жиынтығы немесе идеялық-эстетикалық, шығармашылық феномен – психологизм». Яғни, психологизмге қарай қозғалыс, оның ішкі монолог, ой ағыны, «сенсорлық әсер» т.б. секілді компонеттеріне деген ынта-талап Б.Сарыбай повестерінде ерекше байқалады.
Повесте оқиға көбінесе бір сюжеттік желіге арқау болады да, онда кейіпкер тағдыры тұтасынан көрінеді. «Повесте сюжеттік желінің негізінен біреу ғана болуы, түптеп келгенде, автор позициясына да байланысты. Себебі повесть авторы әлеуметтік шындықтың, адам өмірінің драмалық тартысқа толы тұсын, оқыс өзгеріске ұшыраған кезеңін жеке-дара түрінде алып бейнелеуге өте бейім тұрады». Өзге жанрларға қарағанда повестегі сюжет композициясының да өзіндік ерекшеліктері бар. Бастапқыда «сюжет композициясы дегеніміз не?», «оның композициядан қандай өзгешелігі бар?» деген мәселеге келсек, жалпы «сюжет композициясы» деген термин «фабула» мен «сюжет» ұғымдарының мәнін ұғындыру барысында пайда болған. Әдебиеттанушы ғалымдар шығармада суреттелген оқиғалар арасындағы сыртқы байланыстардан басқа ішкі байланыстардың болатындығын айта келіп, осы ішкі байланыстар, яғни эмоционалдық байланыстар сюжет композициясының зерттеу нысанына жатады дейді, сондай-ақ, сюжет композициясында шығармада бейнеленген оқиғалардың белгілі бір тәртіппен баяндалу ерекшелігі байқалатынын айта отырып, осы хронологиялық тәртіптің бұзылуы, оқиғалар орнының ауыстырылуы да сюжет композициясының маңызды көркемдік тәсілдерінің бірі екеніне көңіл бөледі.
Қазіргі қазақ повестеріндегі сюжеттің құрамдас бөлшектерінің өзара байланысы белгілі бір заңдылыққа бағынбайды, сондықтан шығармадағы оқиғаның баяндалуында, хронологиялық тәртіптің сақталмауы заңды құбылыс. Бұл ерекшелік Б.Сарыбай повестерінде де («Қара торғай», «Ақтабан») кездеседі. Осы ерекшелік авторлық ұстаным сипатына, уақыт – кеңістік фактор рөлімен түсіндіріледі. Бұндай жағдайда сюжеттен тыс элементтердің маңызы өте зор. Шығармадағы баяндау типі мен баяндаушының рөлі де жанр ерекшелігін саралауға мүмкіндік береді. «Образдар шынайылығы мен нанымдылығы характерлер логикасымен ғана емес, шығарманың идеялық-эстетикалық болмысына жымдаса араласып жататын жеке авторлық бастаулар көріністерімен де жеткізіледі. Бірінші жақтан баяндау, әсіресе, шағын эпикалық жанрларда жемісті пайдаланылады. Мұндай тәсіл кейіпкер немесе әңгімешінің қоршаған орта туралы қабылдауын елестетеді де, ұлғайтылған ішкі монолог түріне енеді». А. Нағметов өзінің «Қазіргі повесть және көркемдік ізденіс» атты еңбегінде: «Повесте өмір оқиғалары, адамның түрлі тірлік-тынысы, ой-сезімі, іс-әрекеті, арман-мақсаты негізінен алғанда бірінші жақтан баян етіледі (яғни күнделік күйінде, сырласу түрінде, кейіпкердің жастық шағын, өткен өмірін, әсіресе өмірінің өте бір қиын-қыстау кезеңдерін, драмалық тартысты тұстарын еске алу тұрғысында хикаяланады). Басқа сөзбен айтқанда, субъективтік сипат басым»,–деп жазады. Зерттеуші бұдан кейін повесті романмен салыстыра келіп, романда өмір шындығы жалпыдан жалқыға қарай бейнеленетіндіктен, оның баяндалу формасында объективтік сипаттың басым болатындығын айтады. Повесте субъективизм бірінші кезекке шығады деп үзілді-кесілді айта алмаймыз. Себебі повестің эпикалық тектің жанры ретіндегі эпикалық бастауы ешқандай дау тудырмайды, сонымен қатар лирикалық бастаудың да маңызды рөл атқаратынын естен шығаруға болмайды. Яғни, повесте субъективті-лирикалық және объективті-эпикалық бастауларының арасында тепе-теңдік орнайды. Сондай-ақ, повесте басқа жанрларға қарағанда баяндаушының рөлі өте зор, ол маңызды әлеуметтік және психологиялық аспектілерді көрсетуге мүмкіндік беріп, шығарманың рухы мен стилін айқындайды, құрылымына әсер етеді. Б.Құралқанова повестің жанрлық ерекшеліктерінің бірі ретінде «хронотопты» алуға болатынын айтады [59,27-б.]. Оның пайымдауынша, повесть жанры осы хронотоп өзгешелігімен анықталады. Жалпы жазушы әңгімелерінің негізгі ерекшелігі – психологиялық талдауға құрылғандығы. Бұл жөнінде әдебиеттанушы ғалым Т. Сыдықовтың: «Психоанализ – көркем әдебиеттің зерттеу әдістемесі. Өйткені, ол адамның жан-жүрегіне үңіледі. Адам жанының иірімдері, тылсым тұңғиығы, нәзік тебіреністері, томаға тұйық сырлары адамның ішкі әлемінде бүгулі, бүркеулі жатады. Сол басқаның көзінен қалтарыстағы сана мен сезім ағысын тек қуатты қалам иесі ғана көрмек, кестелемек» [60,178-б.], – деп жасаған тұжырымы өте орынды.
Б.Сарыбайдың келесі бір ерекше повесі – «Ақтабан» атты туындысы. Жазушының бұл туындысы да адам мен табиғат арасындағы психологиялық байланыс жөніндегі оқиғиға құрыла отырып, ит арқылы адам жанының иірімдерін, психологиясын беруге бағытталған. Ит пен адамның байланысы жайында айта отырып, адами түсініктерді, адам жанының байлығы мен әлемін әсерлі баян етеді. Ит образы арқылы жазушы адам жанының сұлулығын, жүрек тазалығын сипаттайды. Шығарма лирикалық қаһарманның баяндауынан басталады. 4-класқа көшкен лирикалық образ колхоз орталығына ата-анасымен көшіп барып, жаңа өмірінің басталуы, сол ауылға бейімделуі, жаңа ортаға, жаңа достарға, жаңа мектепке сіңісуі, жалпы балалар арасындағы психология сөз болады. Махамбет сол класқа келісімен бірінші атаман деген балалар оны қабылдай қоймай, шеттетеді, алайда Махамбеттегі ішкі әлем олардың алдында алғашқылардың бірі болуына жетелейді, оны өзі де сезбей қалады. Сабағын жақсы оқып, оқу үлгерімі, тәртібі – барлығының алда болуына орай, мектеп ішінде беделді балалар қатарына кіріп, тіпті ата-анасы да сол ауылға жаңа леп, жаңа серпін әкелгендей, бейбіт тірлік, ауылдың мамыражай күйін кешіп жатады. Алапар атты иті өлігін көрсетпей, жоғалып кетіп, оның орнына Махамбет күшік іздейді. Осылайша әкесінің жақын таныстарынан Ақтабан атты күшікті бауырына басып, асырай бастайды. Бұл жерден біз қазақы мінезді, ұлттық колоритті, баланың жасынан ит пен мысыққа үйір болса, жаны да ары да таза болатын жақсы бір қасиетін байқаймыз. Итке құмар болған бала – мейірімді, қайырымды, адам жанын түсінетін қамқор, жүрегі небір адамның бойындағы терең түйсікті айтпай сезетін, алыста жатқан иірімдерді жанымен ұғатын сезімтал болары сөзсіз. Міне, жазушының да айтар ойы – осы, адамды адам түсінбесе де, адамды жануар түсінеді деген идея. Махамбеттің өсуі, оның балалық, жеткіншектік шағы, жалпы өмірі осы ақтабанмен өлшеніп жатқандай болды. Шығармада жалпы иттің адамның айнымас дос, серігі екені түрлі сюжеттер арқылы дәлелденіп отырды. Мәселен, есікке құлып салынбауы, ұрылардан сақтануы, атбегілік, құсбеліктегі пайдасы секілді құбылыстарды айтпағанда, Махамбеттің шешесінің ұрланып кеткен көйлегін Ақтабанның тауып әкелуі – шығармадағы ерекше штрихтардың бірі еді. Жазушыға ең қажетті факторлардың бірі – суреткерлік. Ол кең мағынасында осынау күрделі болмыстағы барша құбылыстарды көркем тілмен қозғалыс, даму үстіндегі динамикалық жанды суреттер арқылы көрсету, образды суреттермен елестету. Яғни, көркем шығарманың құндылығын, ондағы образдың мүсінделу шеберлігін де анықтайды. Шығармада адамдардың өмірін, оның іс-әрекетін әңгімелеумен іс бітпейді. Әңгіме сол адам өмірін қалай көрсетуге, қандай шеберлікпен, қандай көркемдікпен оқырман санасына жеткізуде. Егер көркем туындыдағы адам образы шынайы шеберлікпен бейнеленген болса, автордың шын мұратқа жеткені. Көркем шығармадағы образ – оны қарастырып зерттеудегі ең басты мәселе. У. Фолкнердің «Мені жазушыдан гөрі оның суреттеген образдары көбірек қызықтырады», – деуі тектен-тек емес. Шығармадағы ең басты шиеленіс – Ақтабанның көңіл-күйінің кұрт өзгеруі еді. Жазушы Ақтабанның мінезі арқылы алдағы болатын оқиға – Махамбеттің әкесінің өлімін алдын-ала сездіргендей болады. «Көзін ашып, бауырын көтергелі бері әкемнің асырауында болған Ақтабан сол әкемнің қасынан бір елі қалмай еріп жүретін еді. Қайда барса да ілесіп алатын. Тіпті, ауыл адамдары «Осы Жекен десе атқа мініп, итін ертіп бара жатқанда кейпі ғана елестейді» деп күлетін. Сонда жұртта әкемді Ақтанкері мен Ақтабанынсыз елестете алмайтын болғаны ғой. Соңғы күндерде Ақтабан мүлде басқа мінез тапты. Өзімен-өзі құлықсыз жата береді. Бір жері ауырды ма дейін десе, ауруға мүлде ұқсамайды. Сау дейін десең оған да келмейді. Жанарын бір нүктеге қадап алып мұңайып жатады да қояды. Көзі тап бір ойлы адамның көзіндей» [55,231-б.], - деген Махамбеттің монологынан ит пен қожайын арасындағы қимастығын, иттің иесіне деген махаббатын, алдын-ала қайғырысын, соған деген ит-екеш иттің көп адамдарда кездеспейтін адалдық пен қимастық сезімінің ерек болуын байқаймыз. Жазушы да Махамбет пен әкесінің диалогы, Махамбеттің өзінің монологы арқылы да психологияны шебер жеткізе білді. Көркемдік зерделеуден өтетін өмір шындығының сенімділігіне айқын кепілдердің бірі – кейіпкер сөздері. Кейіпкердің тек өзіне тән дара характері оның сөйлеу мәнерінен көрінеді. Бұл, әрине, диалогтың эстетикалық мәнін анықтайды. Монолог арқылы да мінездер ерекшелігі, ойлау сипаттары, образдардың дүниетанымдық арналары өрнектеледі. Шығарма идеясының не бір нәзік тұстары, кейде автор мақсатының басты дәні көп ретте ішкі сөздер ағымымен бедерленеді. Ашық тілдесулердегі тәрізді үнсіз ой жүлгелерінде де образдың даму логикасына сәйкес психологиялық дәлелдемені керек қылатын сюжеттік-композициялық бастаулар шешімі жатады.
Әдетте кейіпкерлердің рухани ұждандық өсу өрісі тұрмыс, кәсіптер саласындағы іс-әрекеттер нәтижесінде суреттеледі. Алайда ол ниет адам болмысының, образдардың сырт қабатын мүсіндеудегі қозғаушы күш, моральдық-этикалық қозғаушы күш болып табылатын жан дүние үдерісіне тән заңдылықтар ашылмай, әшейінгі жылтырақтықтан аспас еді. Мұндай сәттерде тағы да ішкі монологтың шындық құбылыстары мен адам табиғатына психологиялық талдау рөліндегі қолғабысы ауадай қажет. В.Е. Хализев: «Кейіпкер монологтарында (әсіресе ішкі монологтарда), ортақ төл сөздерде, лирикалық медитацияларда интеллект қызметімен байланысы жоқ және «ақыл-ес бақылауынан» тыс көңіл-күй әуендері қамтыла түседі. Айтылар ойлар адамның сол сәттегі толғанысына көшірме емес, сөзсіз, пікірсіз жан қозғалыстарының шартты өрмегі ретінде көрінеді», –дейді. Ғалым В.Е. Хализев шығармашылық процестегі аса маңызды сәтті дәл аңғарып, мәтінге автордың тікелей қарым-қатынасын меңзейді.
Міне, осы бір психологиялық шешімнің биік нүктесі ретінде Махамбеттің әкесінің өлімін осы Ақтабанның айнымас достығы, адалдығы арқылы суреттейді. Әкесі өзенге батып кетіп, оны іздеп тапқан Ақтабан түнімен қыңсылап, ұлып, ауылдастары сол Ақтабан арқылы өлікті тауып алады. «Әкемнің сүйегі үйде жатөанда үйді айналып жүгіре бергесін байлап тастамақ болып едік, ұстатпады. Мәйітті бейітке қарай апара жатқанда да ол бізге еріп алды. Тіпті, машиналардан қалмай, ілесіп отырды. Жерлеп жатқанда да жақын маңға келіп, жүрелей отырып алып ұлыды-ай дейсің келіп. Сезді-ау деймін бейшара. Қоштасқаны шығар» [55,233-б.], - деген жолдардан адалдық, достық, қимастық секілді асыл қасиеттерді насихаттайды. Ақтабан осылайша, иесі қайтқаннан кейін оның да мазасы болмайды, өзін де осы өмірден керексіз сезініп, Ақтабан өлігін көрсетпей, кете барады. Ақтабанмен өткен өмір осылайша тәмамдалып, анасы екеуінің Ақтабан және әкесінсіз жаңа өмірі басталады, олар бұрынғы тұрған ауылына көшіп барады. Осылайша, шығармада Махамбеттің 5 жылдық шағын өмірінің басты белесі суреттеледі, бұл бес жылдағы қайғы, қуаныш, сүйініш, күйініш секілді сезімдермен астасқан адам жанының тарауы жазушы шеберлігімен ерекше өріледі. Шығарма былай аяқталады: «Түнде Ақтабан түсіме енді. Сол баяғы өзі қалып кеткен төбенің басында бір аяғын көтеріп алып шоқиып отыр екен... Жанарында жас бар. Иә, жылап отыр. Егер сіз иттің де жылай алатынына сенбесеңіз, онда жылай алмайтын адамдар бар дегенге де сенбейсіз. Мен жылап ояндым. Менің де жанарымда жас бар еді...» [55,245-б.]. Шығарманың басты өзегі, айтар ойы – осы. Адамдарда кездеспейтін асыл қасиет, адамдарда жоқ мінез, оларда жоқ жүрек итте бар екендігін жазушы шығармада дәлелдеп бергендей. Бірақ олардың бәрі Б.Сарыбайдың шығармаларындағы ақиқатқа бас иеді. Қай шығармаларын оқысақ та, кейіпкерлермен бірге күй кешеміз. Б.Сарыбайдың қай шығармасы болмасын басты кейіпкердің адамгершілік қасиетін жоғары қоя білуі арқылы дамытады. Автор өзінің кең парасатты, көзі көреген, ұлтжанды азамат екендігін кейіпкерлері арқылы жеткізеді.Бүгінде қазақ прозасында көшбасшы буынның арасында ерекше орны бар жазушы Б.Сарыбай алдыңғы буын ағаларының, тұрғыластарының шығармашылық ізденістерінен үйрене, дамыта жүре, қалыптаса келе, қаламгерлік шеберлігін шыңдауда өзгеше дара соқпақ салды. Кешегі дәстүрді өзінше жаңалығымен жаңартты. Жазушы шығармашылығында жаңалық тек тақырыптық-идеялық, көркем өлең сөзді қолдану аясында емес, жаңа ой, жаңа мазмұн туғызуымен, соған орай жаңа тұрпатты қаһармандар мен кейіпкерлер жасауымен де ерекше.Адамның түпкі санасына, мистикалық аясына бойлау, архаикалық комплекстердің зор рөлін көрсету, адамның ойлау жүйесіндегі ежелгі субстраттардың ролін ашу, инфральды аяға бойлау және адамның ішкі әлеміндегі шекаралық ахуалды көркем зерттеу – бұл – бір жағынан модернизмнің жетістігі, екінші жағынан, оның сөзсіз шектілігі. Адам бейнесіндегі, әсіресе оның ішкі әлеміндегі модернистік техника. Қай заманда да зор жаңалық – уақытпен үндес жаңа характерлерді бейнелеу мен тану болып табылатыны белгілі. Бүгінгі әдебиетте адам характері, оның психологиясын ашу тіпті тереңдей түсті десек болады. Жазушылар кейіпкерлерінің ішкі характерін жан-жақты ашуға көп күш жұмсай отырып, зор мүмкіндіктерге қол жеткізді. Бұл жылдардағы жазушылардың шығармаларында адам мінезі жеке тұлғалық мәнге ие болды. Бақыт Кәрібаева: «Жазушы үшін тақырыптың үлкен-кішісі болмайтыны секілді, образдың да үлкен-кішісі болмайды. Әңгіме – талант қазанында қайнап, жетілуінде. Қанша кесек күрделі тұлғалар тілге тиек етілгенімен, жазушы деңгейінен шыға алмай, мүмкіндігін толық аша алмай аласарып қалатынын туған әдебиетімізден де басқа әдебиеттерден де білеміз» [61, 225-б.], – деп өте орынды айтқан.
Кейіпкер бейнесі туралы сөз қозғағанда адам характерінің әдебиеттегі көрінісі алға шығады. Адам – ең алдымен, жеке тұлға. Оның өмірге деген жеке көзқарасы бар, өзіне ғана тән дүниетанымы қалыптасқан. Оны өзгеден ерекшелеп тұратын мінез-құлқы кейіпкердің даралық сипатын айқындайды. Олай болса, образ жасаудағы шығармашылық қадам, ең алдымен, адам мінезін, оның болмыс-бітімін ашуға негізделуі тиіс. Әдеби кейіпкер бейнесін сомдау арқылы жазушы өзінің адам туралы түсінігін де танытады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет