2.3 Қазіргі қазақ әңгімелеріндегі когнинивтік сипат
Көркем сөздің өзекті мұраты – адам жанын арпалыстың алапат күйіне салар, тіршілік тотысының тоқсан тарауы. Әдебиетте жанр көп, әдебиетте түр мен түрлендірудің тәсілдерінің де жеткілікті екендігі көпке аян. Алайда сол әдебиеттің сан тармағы, айналып келіп құяр айдыны біреу-ақ. Ол – адам, оның болмыс-бітімі, іс-әрекеті. Осы ретте қазіргі қазақ әңгімелерінде кездесетін өмір құбылыстары, тіршілік тарамдары, сезім иірімдері несімен ерекшеленер еді. Қаламгерлер шығармаларындағы адами нысана – жақсылық пен жарастық нысанасы – осылай әр қырынан көрініп, белгілі жүиемен дамиды. Озық үлгіден үйрену, ұлағат мектебінен дәріс алу түптеп келгенде туған топырақтың рухани даму алдындағы суреткер парызының салмақты саласы болмақ. Қазақ әңгімелеріндегі нәзік лиризм қарапайым ойлылық, «көкейіне күлкі тығылған» тұма суындай тазалықпен шебер қырналған ықшамдылық желісінен Чеховтың айтпағанның өзінде В.Шукшин, Н.Думбадзе шығармаларымен үндесер тұстарды молынан кездестіре аламыз. В.Шукшин әңгімелеріндегі шағын сюжет айқын образ, Н.Думбадзе әңгімелеріндегі ой орымының күрделілігі, кейіпкер әрекетінің астарлы мағынасы әңгіме жанрына қойылар уақыттың кемел талабына айналып отыр.
Егер өз өнерімен ешкімді қайталамай, өзіне де, өзгеге де етене таныс жандардың тірлік-мұраты, тіршілік үміттеріненұлағат желісін тапса, қарапайым адамдар бойынан, кез келген псықтың жент деп, желіп жүруіне жетіп қалатын алғыр ақыл, айлалы амалдан да өрісі биік қасиет тапса, сөз өнерін мұрат еткен жанның бағы жанғаны да. Қаламгер осындай суреткер. Қазір де қала өмірі, дала өмірі деген ұғым бар. Әрине, әр тақырыптың өз кілті, өз ерекшелігі болуы заңды құбылыс. Дей тұрғанмен, кім жайында, не жайында жазсаң да, ой ағыны мен сөз тасқынының толас табар иіні адам жаны, оның іс-әрекеті ғой. Бүгінгі қазақ прозасының көшбастаушыларының бірі, уақт мінезімен, замана тынысымен, өзі туған сайын дала, асқар тауларымен, азаттық үндес таба білген кемел суреткер, ұлттық психолгия мен тарихи болмыстың ең нәзік, ең терең, ең күрделі қасиеттерінің исі адамзатқа тән қадір-қасиеттерімен үндестіре айта білген Азамат жазушының, арлы жыршының әр щығармасын асыға күтетініміз де тегіннен-тегін емес. Жазушы Захардин Қыстаубайұлы әңгімелері лирикалық әңгімелер. Оларға тән ортақ желі бар, ортақ тақырып сол адамгершілік мәселелерін қарастырады. Кейіпкерлері өзіміздің арамызда жүрген табиғаты таза, жаны нәзік ұлдар-қыздар, балалар. Ақ пен қараны айыратын замандастарымыз болып табылады.Тәрбиелік мәні бар. Өмірден алынған. Жазушы кейіпкерлерінің өмірі, ауыр тұрмыс-тіршілігі арқылы мінездерін ашқан. Жазушының шығармасы уақыт лебі, заман белгісі тайға таңба басқандай айқын білініп тұратындығы деп білемін. «Әйнекшінің баласы» атты әңгімесін қарастырсақ жесір, маскүнем әкесі бар Сережаның өмірі былай басталады. «Шеше өлімінен соң азып-тозып бара жатқанын байқаған класс жетекшісі мектеп қаржысына қыстық пальто және бәтіңке сатып әперді. «Қажетіңді ұялмай айтып отыр, Сережа» деп өзімсіне, еркелете басынан сипағанынқайтерсің. Анасы ғана осылай жанына жақын тартушы еді. О-о сонда жаман жылағысы келді.». Сережа мен әкесінің ауыр қалдарын, тұрмыс-тіршілігін, Сережаның қиналған сәттерін, маскүнем әйнекші әкесінің қалын, ақшасы жоқ екенін шебер сомдаған. Сережаның арманын былай көрсетеді: «Мен маскүнемдеу әйнекші емес, архитектор боламын, сынық әйнектерді құрастырып жатпаймын, көп қабатты зәулім үйлердің жобасын жасаймын деп армандайтын.». Өмірден қиыншылық көрген жас баланың жастайынан болашақ қамын ойлауын, оның жоқшылықты көріп өсу себебінен ішетін әкесінің жолын қумай, анасы жоқ болса да қиыншылықтарды көтере білген жас баланың өмірін астарлы сөздерімен ашып жазған. Баласы мен әкесінің қиындыққа төзуі, оның астарында тәрбиелік мән жатыр. Әйнекші әкесі мен Сережа баланың осындай қиын өмірін, баланың ойынан туатын армандарын керемет тілімен өрнектеп жазған. Жазушы өз кейіпкерлерінің басынан өткен қиыншылықтарын, жесір баланың көңілін, мінез-қылығын,әкесінің бет-бейнесін ашуы жазушының жан көмбесінің байлығы, осының бәрі қаламгердің сөз құдіретін шынайы шеберлігінің нәтижесі деп білемін. Әйнекші әкесі мен бала Сережаның ащы өмірі арқылы оқырман жүрегін баурап алады деп білемін. Бүгінде бала , ертең алмастай өткір қырымен жарқ етіп көрінетін азамат емес пе деген оймен жазушы әңгімесіне қорытынды жасайды. Жесір баланың ұғымы, бала іс-әрекеті, мінез-құлқы, бітім-болмысы оның өмірінің өзіндігідей шынайы суреттеген, тілі жатық, ұрпаққа берер тәрбиесі бар.
Жазушы Сейітқұл Оспановтың шығармаларының тілі көркем деп білемін. Кейіпкерлері тіршілік өзенінің қарапайым адамдары, арқау-желісі – солардың жан дүниесі, толғанысы, тағдыры. Қаламгердің есімі жұртшылыққа өзінің көптеген осындай кітаптарымен әйгілі деп білемін. Жазушы әңгімелері кейіпкерлерінің тұрмыс-тіршілігін сөз еткен. Тұрмыс-жағдайларының ауыр екенін шебер сөздерімен астарлап жазған. Жазушының әңгімелерінің бірі «Бақытты үй» әңгімесі. «Мына шулы қалада егер уайым, қайғы атаулыдан құлантаза, ештеңеден елең-алаңы жоқ бір үй бар болса, ол сөзсіз біздің кішкентай пәтеріміздің қарсы алдындағы көршіміздің үлкен үиі дер едім.». Жазушы бүгінгі заман өмірін суреттеген. Адамдардың тұрмыс-тіршілігін, жағдайын мінез-құлықтарын суреттеген, қарапайым жандардың іш тебіреністерін, жақсы өмір сүруге деген көзқарастарын бейнелеген. Бүгінгі заман адамдарының қиыншылықтарын, кейіпкерлерінің өз армандарына жете алмай жүргендерін күнделікті тіршіліктері арқылы ашып жазған. «Көршілер жұртты діңкелетіп, жүйкесін тоздырған күнделікті тіршілікке қажет көп мәселенің басын біржола шешіп алғанға ұқсайды. Біздің пәтердің қожайын әйелінің айтуынша; бөлме сайын қос-қос кілем, қымбат хрусталь вазалар. Алтын, күміс ыдыс-аяқтар. Шетел мебелі. Әсіресе қара көк «Жигули» жеңіл автомобилін айтсаңызшы.». Жазушы өз кейіпкерлері арқылы басқа адамдардың да тұрмыс-тіршілігін бейнелеп жазған. Өз кейіпкерлерінің бүгінгі күн тұрғысына байланысты жағдай мәселесін ашып жазған. Жазушы Сейтқұл Оспановтың/35/«Сопының ғұмыры» атты туындысын қарастырсақ ешкім оны түсіне алмайтын Сопы ата атты кісінің өмірін, тұрмыс-тіршілігін ашып жазған. «Бұл өзі қызық кісі. Пендешілік тіршілікке мүлде қырсыз; дәлірек айтқанда, -оған ниеті жоқ. Дүниеге қызықпайды.». Жазушы Сопы атаның мінезінің тұйық екенін суреттеген. Кәрі кісінің өмірге деген көзқарасы. Өзі табиғатқа сүйсіне қарауын балаларға үйір екенін, осындай жақсы мінездерін бейнелеп жазған шағын әңгімесі қызықты. Тілі көркем жазылған, өмірде болып жатқан шындықты астарлап жазады. Әңгімелерінің ортақ желі бар әрі қызықты, оқырман жүрегінен шығады деп білемін. Жазушының Өріс Яшүкірқызы/36/ әңгімелерінің ортақ желі бар, оқушыға берер тәрбиесі мол. Жазушы әңгімесінде өзіндік айтар ойы бар, тәлім-тәрбие берер эстетикалық тұрғыда көркемдік дәрежесі бар туындылар. Сол туындыларының бірін қарастырсақ, «Көктөбет» әңгімесі. Әңгімесінің тілі жеңіл, оқушыларға беретін тәрбиесі мол, жан-жануарларға қарау керектігін, оларды аштан қалтырмау керектігін «Көктөбет» әңгімесінен көреміз. «Көктөбеттің қарны аш. Қызылсырағаны, тіпті тісіне сүйек тимегелі қаш-шан. Алдындағы итаяғы апталап қаңсып тұратын болды.». Әңгіменің мазмұны оқушыларға түсінікті, әрі балаларға қызықты жазылған, тілі жеңіл. Осы итке қарауды, иттің аш екенін, оның кескін келбетін ашып жазған. Бұл әңгіменің өзіндік идеясы бар. Негізгі мазмұнының мағынасы балалардың ұғымына яғни жас ерекшеліктеріне сай, қанық өрілген. Балалардың іс-әрекеті, мінез-құлқы, болмыс-бітімі, өмірдің өзіндігі шынайы суреттеген. Тамақ бермейтін иесін ашып жазған. Оқушыға берер тәрбиесі мол. Иттің жеті қазынаның бірі екендігі, итке де көңіл бөлу керектігін ашып жазған. Эстетикалық мән-мағына жатыр.
Жазушы Иеген Хасенұлының шығармаларының негізгі тақырыбы - қарапайым адамдар бойындағы кісілік қасиеттерді жырлаған. Жазушы кер далада мекен еткен қазақтардың берік қазақы мінездерін ашады. Жазушының әңгімелерінің бірі «Кішікөке» әңгімесі. Табиғатты шебер сомдаған. «Қардың ұйықтамай ерігеніне қуана құнжыңдаған-қарттар, асық ойнайтын тақырдың көбейгеніне мәз болған балалар. Әйтеуір, көктемгі күн нұрымен бірге келетін құпия бір қуаныш пен үміт желігі әр пендені өзінше баурап алғандай.»/37,4б/. Жазушы табиғат пен адамдар бейнесін астарластыра жазған. Жазушы баланың армандарын, балалық қиялдарын жазады. «Шіркін аралға өтіп кетіп, бәрін дат дегізсем» деп армандадым. Сәлден кейін, ши-шидің түбінен жауқазын қазған болдым.». Қарапайым адамдардың тұрмыс-тіршілігін бейнелеген. Қыс бейнесі өзінің әдемі келбетін суреттейді. Кейіпкерлері: Жасан, Кішікөке, Апасы, Айжан, Шарбан (Кішікөкенің әйелі). Ауыл бейнесін, тіршілігін, қазақ даласын сомдайды. Осы ауыл кейіпкерлері арқылы Кішікөкесі жанұясының өмір тіршілігін ашқан.Тұрмысын, кейіпкерлерінен қарапайым адамдар бойындағы кісілік қасиетті жырлаған. Жазушы дала тосін мекен еткен замандастарының ата жолына берік қазақы мінезін ашады. Кер даланың ауыл адамдарының характерін ашады. Жазушы өмірдің тап осындай келбетін сүйіп ұнатып, соны қызықтайтын жасырмайтын тәрізді.
Жазушы Қалихан Ысқақтың әңгімелері өмірден алынған. Әңгімелері өз заманының кейіпкерлерінің тағдырын ашады. Жазушы өз кейіпкерлерінің қиыншылық сәттерін, сол сыннан қалай сүрінбей өткендерін көрсетуге құмарлығы да шығармашылығының айрықша ерекшелігін білдіреді. Қажырлы, қайсар, мақсатына жетпей жаны тыншымайтын жазушы кейіпкерлері өмірімен араласып кетеді. Әңгімелерінің бірі «Катипаның әңгімесі». Әңгіме желісі былай басталады «Түнгі сағат онда застава кезекшісі: қақпа алдына бір кемпір келіп тұр, он екі шақырымдағы шопан қыстауынан екен, шекараны бұзып өткен әлде кім шалы мен екі ұлын атып тастапты деді.». Жазушы екі ұлы мен шалынан айырылып қалған кемпірдің тағдырын ашып жазған. Жазушы қиналған кемпірдің басынан кешкен оқиғаны, кемпірдің қажырлы да қайсар мінезін өзінің көркемдік ерекшелігімен, тіл байлығымен өрнектеген. Әңгімеде ұлдары мен шалын өлтірген кісіден қашқан кемпірдің мінез-құлқын шебер сомдаған. Жасы кәрі болса да он екі шақырым жерден келген қажырлы кемпірдің өңін жазушы былай бейнелейді «Кемпір байқұста өң-түс жоқ, үсті-басы жұлым-жұлым, қалшылдап тұр; он екі шақырымды жолсызбен, қалың жынысты қақ жарып келіпті. Кемпір байқұстың өң-түсінде үрей де жоқ, қаны қарайып алған секілді, қалшылдатқан қара суық емес, ыза мен кек сияқты көрінді.». Енді жалғыз қалған кемпірге жан ашырлық көзқараспен қарап, тағдырын, оның қасиетті екенін, тірлігін, болмыс-бітімін өзіндік көзқараспен бейнелеген. Жазушы кейіпкерінің ауыр кезеңдерінде жан дүниесін ашып, көркемдік мәнін дамыта жазған. Кемпір арқылы оның жанұясының тіршілік жағдайын жүрегімен сезініп, кемпірдің басына түскен оқиғасы арқылы оның мінезін, жағдайын баса көрсету арқылы көкейімізге қонымды етіп қауыштырады. Жазушы әңгімесінің ортақ желі бар, өмірде болатын жайттарды жазған деп білемін. Ол айтпақ ойын астарлап, жіңішке жолмен жеткізе білген. Жазушы не жазса да өзінше өрнектеп, пішіп жазған. Әңгіме оқырман көңілінен шығардай қызықты да әсерлі.
Жазушы Мархабат Байғұттың әңгімелері бүгінгі күн заман талабына сай жазылған. Бүгінгі күн тұрғысындағы адамдардың өмірі, тұрмыс-тіршілігі жайында сынап жазады. Мына өмірдегі адамдардың өзгерісін, олардың мінез-құлықтарын сынай қарап көркем сөздерімен шынайы шындықты ашып жазған. Әңгімелерінен күнделікті кездесіп тұратын жағдайлар жайында сөз етіп, сыр шертеді. Ендігі кезекте сол әңгімелерінің бірі «Салқын масақ» атты туындысын қарастырайық. Кейіпкерлері:Байшын, Тайшын,Заршын. Жалпы әңгіме бүгінгі күн адамдары туралы сын айтып жазған. Басшылар жайында сөз етеді. «Екінші әкімді Заршын жазбагеріңіз «жалын әкім» деп атады. Үшінші әкімді «алым әкім», төртіншісін «арым әкім» деп жазды бұл. Қойын дәптеріне.». Жазушы бұл әңгімеде жазбагерлердің басшыларды сынап жазатыны жайында көркем әрі сөз өрнегімен ашып жазады. Жазбагерлердің сонымен қатар кедей жұрт жайында да олардың тұрмыс-тіршілігі жайында, тіпті аш жүріп масақ бидайға таласып қалатындары жайында жазып, өмірдегі шындықты жазады. «Ашқарақтанып, қылтығымен қоса қылғытқандар қылғына буынып қалады. Тіпті сондайдан өліп те кететіндер кездеседі.Тайшын досым сол бір көктемде былай деген: «Айдалсам, мен айдалайын. Айналайын халқым аман қалсыншы.». Осыны есіне алып әкесі Байшын жазбагер ұлы Заршынға айтып отыр. Әкесінің кедейлікке жаны ауырғанын жазушы көркем сөздерімен астарлап жазған. Өткен кедейлік өмірін есіне алып отырған Заршын деген жазбагер өзінің өмірі жайындағы әр-түрлі тақырыптарда жазып отырған әңгімелерін жазушы оқырманға әрі қызықты, әрі әсерлі етіп жеткізеді. Әңгімесінің ортақ желі бар, кейіпкерінің басынан өткен қиыншылықты, өмірдегі шындықты жазады. Жазушы өзінің астарлы ойын оқырманға осы әңгіме арқылы жеткізген. Қазіргі қазақ әңгімесінің көркемдік ерекшелігін түйіндей келе мынадай тұжырым жасауға болады. Жалпы қазақ әдебиетіндегі жазушылардың қазіргі әңгімелерінің мақсаты жазушылардың ұлтжандылық екенін, бүгінгі ұрпаққа беретін тәлім-тәрбиесінің мол екенін көруге болады. Сонымен қатар табиғат пен адам портретін астарластырып бейнелеуі өздерінің тіл шеберліктерінен, астарлы ойларынан байқай аласыз. Адам тағдырын,оның өмірін, мінез-құлықтарын ашуы шебер сомдалған. Кей жазушылардың әңгімелері психологиялық, философиялық тұрғыда жазылған туындылар. Әр жазушының әңгімесінің өзіндік ортақ желі бар, оқырман қауымның жүрегінен шығады деп білемін.
Достарыңызбен бөлісу: |