Жұмыспен қамту 2020 жол картасының шеңберінде тұрғын үй салу
Ескерту. Кіші бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 31.03.2014 N 286 қаулысымен.
Осы бағыт Жұмыспен қамту 2020 жол картасының шеңберінде тұрғын үйлер мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салуды (сатып алуды) көздейді.
Тұрғын үй құрылысы жүзеге асырылатын өңірлер және оған қажетті қаражат көлемдері осы Бағдарламаның операторы – Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдарымен келісім бойынша белгілейтін болады.
Республиканың 10 облысында жалға берілетін тұрғын үйді салуға 2011 жылы 11023,7 млн. теңге сомада кредиттік қаражат бөлінді. 2011 жылы жалпы алаңы 55,9 шаршы метр пәтер немесе 285 жеке тұрғын үй және 768 пәтер пайдалануға берілді.
2012 жылы жалға берілетін тұрғын үй салуға 8,9 млрд. теңге бөлу көзделіп отыр. Осы ақшаға 115,0 мың шаршы метр тұрғын үй салынатын болады.
2015 жылдан бастап Жұмыспен қамту 2020 жол картасының шеңберінде жыл сайын 165,0 шаршы метрге дейін жалға берілетін тұрғын салу жоспарланып отыр.
«Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-ның
тұрғын үйлері
Ескерту. Кіші бөлімге өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 31.05.2013 № 560; 31.03.2014 N 286 қаулыларымен.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қарашадағы № 1085 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің Экономиканы және қаржы жүйесін тұрақтандыру жөніндегі 2009 - 2010 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарына (бұдан әрі – Бірлескен іс-қимыл жоспары) сәйкес жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды шешу жөнінде шаралар көзделген.
Бұл үшін қордың жарғылық капиталына «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның жүз пайыз қатысуымен «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ (бұдан әрі – Жылжымайтын мүлік қоры) құрылды.
Осы Бағдарламаның шеңберінде Жылжымайтын мүлік қоры тұрғын үй объектілерін салу жөніндегі жобаларды қаржыландыруды жүзеге асыратын болады.
Осы бағыт бойынша тұрғын үй құрылысын жүзеге асыру үшін «Самұрық-Қазына» АҚ-ның меншікті қаражаты және Ұлттық қордың қаражаты болады.
Тұрғын үй объектілерін салу тетіктері:
1. Жеке құрылыс салушылардың (инвесторлардың) инвестициялық өтінімдері бойынша құрылысты ұйымдастыру.
Жылжымайтын мүлік қоры ішкі рәсімдерге сәйкес жеке құрылыс салушылар (инвесторлар) ұсынған тұрғын үй объектілерін салу жөніндегі жобаларға (бұдан әрі – жобалар) іріктеу жүргізеді және оларды қарайды.
Жобалар мынадай талаптарға сәйкес келуі тиіс:
1) ауыртпалықтан бос, жергілікті атқарушы органдардың инфрақұрылымды дамыту жоспарларына сәйкес тиісті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген немесе қамтамасыз ету жоспарланған жер учаскелерінің болуы;
2) мемлекеттік сараптаманың қорытындысы бар жобалық-сметалық құжаттаманың болуы;
3) тұрғын үйдің жайлылық сыныбы – «Тұрғын үй ғимараттары» ҚР ҚНжЕ 3.02-43-2007 бойынша 3-сыныпты жоғары емес. Жылжымайтын мүлік қорының бір пәтерінің жалпы ауданы 120 шаршы метрден және бір пәтерлі аз қабатты үйдің (коттедждің) жалпы ауданы 200 шаршы метрден аспауға, ҚР ҚНжЕ талаптарына сәйкес коммерциялық үй-жайлар және машина орындары болуға тиіс. Тұрғын үйдің (пәтердің) жалпы алаңының 1 шаршы метрін салудың базалық құны 2012 жылғы бағада Астана, Алматы, Атырау, Ақтау қалалары мен қала маңы аймақтарында 150 000 теңгеден, Қазақстан Республикасының басқа өңірлерінде – 120 000 теңгеден аспауы тиіс. Одан арғы жылдары тұрғын үйдің (пәтердің) жалпы алаңының 1 шаршы метрін салу құны құрылыстағы баға индексінің өзгеруі ескеріле отырып, түзетілетін болады;
4) құрылыс салушының (инвестордың) жобаға қатысу үлесі жер учаскесін (кадастрлық құны бойынша) сатып алуға, жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге және мемлекеттік сараптама жүргізуге жұмсалған шығындарды және/немесе объектінің құрылысы аяқталғанға дейінгі мерзімге берілген тиісті кепілдіктермен не қаржыландырудың расталған көздерімен қамтамасыз етілген ақшалай қаражатты және/немесе жобаны Жылжымайтын мүлік қорының қатысуымен іске асыру басталған сәтке дейін объектіде орындалған құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемі бойынша жасалған техникалық аудит қорытындысымен расталған аяқталмаған құрылысты қоса алғанда, жоба құнының 20 %-ынан кем болмауға тиіс;
5) алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 31.03.2014 N 286 қаулысымен;
6) алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 31.05.2013 № 560 қаулысымен.
Іріктеу кезінде құрылыс салушының (инвестордың) қаржыландырудағы үлесі көбірек болған жобаларға басымдық беріледі.
2. ЖАО-ның жер учаскелерінде Жылжымайтын мүлік қорының жобаларды іске асыруы.
ЖАО Жылжымайтын мүлік қорына тиісті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген немесе қамтамасыз ету жоспарланған жер учаскелерін берген жағдайда, Жылжымайтын мүлік қоры жобаларды іске асыруға қатысу үшін құрылыс компанияларын (инвесторларды) тарта отырып, осы кіші бөлімнің 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген талаптарға сәйкес келетін тұрғын үй салуды ұйымдастырады.
Бұл ретте Жылжымайтын мүлік қоры құрылыс компанияларын инвесторлар және/немесе жоба бойынша бас мердігерлер ретінде тартуы мүмкін.
3. Жобаларды нысаналы депозит арқылы іске асыру.
Тұрғын үй құрылысын қаржыландыру үшін Жылжымайтын мүлік қоры нысаналы жедел банк салымдары туралы шарттар жасау арқылы екінші деңгейдегі банктерге нысаналы депозиттерді орналастырады, осыған сәйкес екінші деңгейдегі банктер нысаналы салымның қаражаты есебінен тұрғын үй объектілерін салу үшін құрылыс салушыларға кредит беруді жүзеге асырады.
Нысаналы депозиттің сомасын өтеу есебіне Жылжымайтын мүлік қорының меншігіне берілетін тұрғын үй осы кіші бөлімнің 1-тармағы 3) тармақшасында көрсетілген талаптарға сәйкес келуге тиіс.
Жылжымайтын мүлік қорының екінші деңгейдегі банктерге нысаналы депозиттерді орналастыру шарттары мен тәртібі Жылжымайтын мүлік қорының ішкі құжаттамасымен регламенттеледі.
3-1. Жылжымайтын мүлік қорының салынып жатқан жылжымайтын мүлік объектілерінде осы кіші бөлімнің 1-тармағы 1-3) тармақшаларында көрсетілген талаптарға сәйкес келетін тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды сатып алуды жүзеге асыруға құқығы бар.
4. ЖАО жобаларды іске асыру үшін жер учаскелерін қажетті сыртқы инженерлік желілермен және сыртқы көше-жол инфрақұрылымымен қамтамасыз етеді.
5. Құрылыс аяқталып, объектілер пайдалануға берілгеннен кейін үй-жайлар жобаға қатысу үлесіне сәйкес бөлінеді.
Сонымен бірге, құрылыс салушыға (инвесторға) Жылжымайтын мүлік қоры қаржыландырған коммерциялық үй-жайлар мен машина орындарын еркін бағамен, бірақ жалпы алаңның 50% аспайтындай етіп өткізу құқығы берілуі мүмкін, бұл ретте Жылжымайтын мүлік қорына үй-жайдың құны және тиісті шарт жасалған кездегі Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі белгілеген қайта қаржыландырудың қолданыстағы ставкасымен кем болмайтын мөлшерде сыйақы төленеді.
Жылжымайтын мүлік қоры салынған инвестицияның сақталуы мен қайтарымдылығы қағидаттарын басшылыққа ала отырып, объекті құрылысының барысына тұрақты мониторингті жүзеге асырады.
6. Жылжымайтын мүлік қорының тұрғын үйлерді және коммерциялық (тұрғын емес) үй-жайларды сатуы жалға беру, сатып алу құқығымен жалға беру және тікелей сату арқылы мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
1) Жылжымайтын мүлік қорының тұрғын үйлерді ЖАО арқылы сатуы:
ЖАО-мен тұрғын үйлерді бөлу жөніндегі ынтымақтастық туралы үлгі келісімге қол қою;
Жылжымайтын мүлік қорының ішкі құжаттарына сәйкес сату бойынша сипаттамалары (саны мен алаңы, ай сайынғы жалдау төлемдерінің мөлшері, сату бағасы, сондай-ақ пәтерлердің әрбір түрі бойынша сату тәсілі) туралы ақпараты бар ЖАО арқылы сату анықталған тұрғын үй-жайлардың тізімдерін құрылыс аяқталатын күнге дейін кемінде 6 (алты) ай бұрын ЖАО-ға жіберу;
тиісті қаржы институттарына Жылжымайтын мүлік қорының ішкі қағидаларында айқындалатын жалдау төлемдерінің ең жоғары сомасын есептеу әдістемесін жіберу;
ЖАО «ҚТҚЖБ желісі бойынша тұрғын үй», «ҚИК» ИҰ» АҚ тұрғын үйі», «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ тұрғын үйі» бағыттары бойынша тұрғын үйлерді бөлу рәсімдері және ЖАО-ның тұрғын үй салуына қойылатын талаптар» кіші бөлімінде көзделген мерзімде және тәртіпте Бағдарламаға іріктелген үміткерлердің бекітілген тізімдерін ЖАО-дан алу;
ЖАО ұсынған тізімдердегі реттік нөмірімен айқындалатын кезекке сәйкес үміткерлерге пәтер таңдау мүмкіндігін, оның ішінде аффилиирленген компаниялардың беруі, оларға тұрғын үйлерді бекіту және олардың шарттары Жылжымайтын мүлік қорының ішкі қағидаларында айқындалатын сатып алу құқығымен жалдау немесе сатып алу-сату шарттарын жасау;
2) Жылжымайтын мүлік қоры (аффилиирленген компания) мынадай:
ай сайынғы жалдау төлемдерін төлеу үшін төлем қабілеттілігі жетіспеген;
сатып алу құқығымен жалдау шартын жасаған кезде кепілді жарнаның қажетті сомасын немесе сатып алу-сату шартын жасау үшін қажетті қаражат сомасын төлемеген;
ЖАО тізімі бекітілген күннен бастап күнтізбелік 40 (қырық) күн мерзімде талап етілген құжаттарды ұсынбаған жағдайларда ЖАО пулындағы жеке тұлғаға тұрғын үй-жайларды бөлуден бас тартуға құқылы.
Жылжымайтын мүлік қоры ЖАО-ға сатып алу-сату немесе сатып алу құқығымен жалдау шарттарын жасаудан бас тартылған адамдар туралы тиісті ақпаратты береді;
3) ЖАО арқылы сату белгіленбеген, сондай-ақ осы тармақтың 1) тармақшасына сәйкес бөлінбеген Жылжымайтын мүлік қорының тұрғын үйлері және коммерциялық (тұрғын емес) үй-жайлар Жылжымайтын мүлік қорының ішкі қағидаларына сәйкес сатылуға тиіс.
Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйді бөлу тұрғын үйі жоқ немесе тұрғын үй жағдайларын жақсартуға мұқтаж адамдарға басым құқық беру қағидаты сақтала отырып, жүргізіледі.
Жылжымайтын мүлік қоры (Жылжымайтын мүлік қорының аффилиирленген компаниясы) мен жалдаушының арасында сатып алу құқығымен жалдау шарты жасалады. Бұл ретте сатып алу құқығымен жалдау шартында жалдаушының жеке меншігіне үй-жайды мерзімінен бұрын сатып алу құқығы көзделуі мүмкін.
Жеке тұлғалар өздерінің тұрғын үйді сатып алу, оның ішінде сатып алу құқығымен жалдау шартындағы құқығын бір реттен асырмай қолдана алады.
Жылжымайтын мүлік қорының сатып алу құқығымен тұрғын үй-жайларды өткізуі 15 жылға дейін жүзеге асырылады. Жалдау ақысының мөлшері құрылысты қаржыландыруға бөлінген қаражаттың қайтарылу және Жылжымайтын мүлік қорының қаржылық тұрақтылық қағидаттары негізге алына отырып, анықталады. Пәтердің (үй-жайдың) жалпы алаңының 1 шаршы метрін тікелей сатудың базалық құны Жылжымайтын мүлік қоры өткізетін алғашқы жылы Астана, Алматы, Атырау, Ақтау қалаларында және қала маңы аймақтарында 180 000 теңгеден аспайды, Қазақстан Республикасының өңірлерінде 144 мың теңгеден аспайды. Одан арғы жылдары тікелей сатудың құны тұрғын үйдің (пәтердің) жалпы алаңының 1 шаршы метрін салу құнының өзгеруі ескеріле отырып, нақтыланатын болады.
Жалдаушы сатып алу құқығымен тұрғын үйді жалдау шарты бойынша өзінің міндеттемелерін толық орындағаннан кейін Жылжымайтын мүлік қоры тұрғын үй-жайды жалдаушының жеке меншігіне беретін болады.
Достарыңызбен бөлісу: |