«ҚИК» ИҰ» АҚ-тың тұрғын үйі
Ескерту. Кіші бөлімге өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 31.05.2013 № 560; 30.09.2013 N 1022 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін қолданысқа енгізіледі); 31.03.2014 N 286 қаулыларымен.
Жаңа бағыт – «Қазақстандық ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйым» акционерлік қоғамының («ҚИК» ИҰ» АҚ) тұрғын үй салуы – 2030 жылға дейін сату мерзімімен сату сатып алу құқығы бар жалға берілетін тұрғын үй.
«ҚИК» ИҰ» АҚ-ының сатып алу құқығы бар әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үйді салу және беру (бұдан әрі – сатып алу құқығы бар жалға беру) бойынша мынадай тетіктер ұсынылады:
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу үшін жергілікті атқарушы органдарға мақсатты трансферттер бөледі;
2) 2013 жылдан бастап 2020 жылға дейін республикалық қаражат есебінен 122,800 млрд. теңге мөлшерінде «ҚИК» ИҰ» АҚ-ны капиталдандыруды жүзеге асырады;
3) «ҚИК» ИҰ» АҚ-ына облигация шығару үшін 2013 жылдан бастап 2020 жылға дейін 56,504 млрд. теңге мөлшерінде мемлекеттік кепілдік береді.
2. ЖАО:
1) «ҚИК» ИҰ» АҚ-қа салынған инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы бар және абаттандырылған жер учаскелерін жалға берілетін тұрғын үй салу үшін, сондай-ақ қайта қолдану үшін жобалау-сметалық құжаттаманы береді;
2) «ҚИК» ИҰ» АҚ-пен ынтымақтастық туралы келісім жасайды, «ҚТҚЖБ желісі бойынша тұрғын үй», «ҚИК» ИҰ» АҚ тұрғын үй», «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ тұрғын үйі» бағыттары бойынша тұрғын үйлерді бөлу рәсімдері және ЖАО-ның тұрғын үй салуына қойылатын талаптар» кіші бөліміне сәйкес жалға берілетін тұрғын үй берілуі мүмкін Бағдарламаға қатысушыларды іріктейді және олардың есебін жүргізеді.
3. Бағдарламаның шеңберінде қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында «ҚИК» ИҰ» АҚ қолданыстағы құрылымдық бөлімшенің базасында төлемдерді автоматтандыру және жүйелендіру жөніндегі компанияны (бұдан әрі – еншілес ұйым) құрады, оған әлеуетті жалға алушылармен жұмыс, жалдау және коммуналдық (пайдалану) шарттарын жасау, жалдау, коммуналдық (пайдалану) төлемдерін және ипотека бойынша ағымдағы операцияларға қызмет көрсетуге байланысты төлемдерді жүйелендіру, сондай-ақ ақша ағымдарының толықтығы мен уақтылылығын қамтамасыз ету бойынша функциялар берілетін болады. Көрсетілген еншілес ұйым өз кезегінде мамандандырылған тұрғын-үй құрылыс компаниясын (бұдан әрі - тәуелді ұйым) құрады, оның атқаратын қызметіне қажетті тендерлерді өткізу, ӨДМ-мен қатар құрылыстың барлық сатылары бойынша техникалық қадағалау, және жалға берілетін тұрғын үйді қабылдау алу мен енгізу, ал ол аяқталғанда «ҚИК» ИҰ» АҚ-ына тапсыруды қамтамасыз ету кіреді. Осы еншілес/тәуелді ұйымдар оның қызметінің айқындылығын қамтамасыз ету үшін және кейіннен мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында «ҚИК» ИҰ» АҚ құрылымынан бөліну мүмкіндігімен акционерлік қоғам және/немесе жауапкершілігі шектеулі серіктес түрінде құрылады.
Бұл ретте «ҚИК» ИҰ» АҚ-тың және оның еншілес/тәуелді ұйымдары арасындағы өзара қарым-қатынас жеке келісімдердің, оның ішінде мүлікті сенімгерлікпен басқару шарттарының негізінде қамтамасыз етіледі. Еншілес/тәуелді ұйымдар шеккен шығындардың жалпы сомасы Бағдарламада көзделген сомалардың шегінде жалға берілетін тұрғын үйдің өзіндік құнына жатқызылады.
Шығынсыз қызметті қамтамасыз ету үшін еншілес ұйым заңды тұлғалардың, оның ішінде қаржы ұйымдарының төлемдерін автоматтандыру және жүйелендіру, сондай-ақ жеке тұлғалардан коммуналдық және пайдалану қызметтері бойынша төлемдерді қабылдау және өңдеу бойынша қызметтерді көрсетуге құқылы.
«ҚИК» ИҰ» АҚ» және/немесе оның еншілес/тәуелді ұйымдары сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй салған кезде:
1) жобалау-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) әзірлеуге және оның мемлекеттік сараптамасын жүргізуге тендер өткізеді;
2) құрылыс-монтаж жұмыстарын (ҚМЖ) жүргізуге, мердігерлік құрылыс-монтаж ұйымдарын (бұдан әрі – мердігер) анықтауға тендер өткізеді. Қажет болған жағдайда мердігерге қойылатын біліктілік талаптары ӨДМ-мен келісіледі.
3) өткізілген тендерлердің қорытындылары бойынша жалға берілетін тұрғын үй салуға мердігерлермен тиісті шарттар жасайды;
4) мердігерлердің есебінен транш түрінде қаражат бөлу арқылы жалға берілетін тұрғын үйдің құрылысын қаржыландырады;
5) жалға берілетін тұрғын үй құрылысының барысын және кезеңдерін бақылайды;
6) Бағдарламаны іске асыру барысында пайда болатын өзге іс-шараларды жүзеге асырады.
Бағдарламаның шеңберінде қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында «ҚИК» ИҰ» АҚ және (немесе) оның еншілес/тәуелді ұйымдары осы Бағдарламаның талаптарына сәйкес келетін құрылысы аяқталмаған тұрғын үй құрылыс объектілері салынған және пайдалануға берілмеген тұрғын үй құрылыс объектілері салынған және пайдалануға берілген дайын тұрғын үйді (бұдан әрі – сатып алынатын объектілер) әрі қарай сатып алу құқығымен жалға беру үшін үшінші тұлғалардан ала алады (сатып ала алады). Сатып алынатын объектілер жайлылығы 3 және 4-сыныпқа сәйкес келуге тиіс.
ҚИК» ИҰ» АҚ және (немесе) оған тәуелді ұйым Бағдарламаны іске асыру мақсатында жеке инвесторлармен бірлесіп, Бағдарламаның талаптарына сәйкес келетін тұрғын үйдің құрылысына (құрылысы аяқталмаған құрылысты қоса қаржыландыруға) қатыса алады.
«ҚИК» ИҰ» АҚ және/немесе оның еншілес/тәуелді ұйымдары объектілерді жобалау кезінде жапсарлас салынған коммерциялық алаңдар мен қосымша қабаттарды көздей алады. Бұл ретте тұрғын бөлікке және коммерциялық алаңдарға мемлекеттік сараптаманың жеке қорытындыларын алады, конкурстың шарттарында коммерциялық алаңдар немесе қосымша қабаттар бөлігінде жобалауға арналған шығындарды мердігерлік ұйымның өтеуін, тұрғын және коммерциялық аудандарды пайдалануға жеке енгізуді көздейді. Коммерциялық алаңдар мен қосымша қабаттардың құрылысын қаржыландыруды мердігер/инвестор дербес жүргізеді.
4. Құрылыс аяқталғаннан кейін құрылыс объектілерін пайдалануға беру және құқық белгілейтін құжаттарды ресімдеу ЖАО мен (немесе) ӨДМ-ның қатысуымен жүргізіледі.
5. Жалға берілетін тұрғын үйдің құрылысы аяқталғаннан кейін «ҚИК» ИҰ» АҚ және (немесе) оның еншілес/тәуелді ұйымдары ӨДМ-мен және (немесе) ЖАО-ның қатысуымен құрылыс объектілерін пайдалануға қабылдауды/беруді және құқық белгілейтін құжаттарды ресімдеуді жүзеге асырады.
Жалға берілетін тұрғын үй пайдалануға берілгеннен кейін «ҚИК» ИҰ» АҚ және (немесе) оның еншілес/тәуелді ұйымдары ЖАО-ны жалға берілген тұрғын үйлердің саны туралы хабардар етеді.
6. ЖАО төлем қабілетін бағалау үшін іріктеуден өткен Бағдарламаға қатысушылардың тізімін «ҚИК» ИҰ» АҚ-ға жолдайды. Бағдарламаға қатысушылар төлем қабілетін анықтау үшін «ҚИК» ИҰ» АҚ-ға тиісті құжаттарды ұсынады.
7. «ҚИК» ИҰ» АҚ Бағдарламаға қатысушылардың төлем қабілеттілігін бағалауды жүргізеді.
8. «ҚИК» ИҰ» АҚ және (немесе) оның еншілес/тәуелді ұйымдары ЖАО жалға берілетін тұрғын үйді бөлгеннен кейін және ЖАО Бағдарламаға қатысушылар - әлеуетті жалдаушылардың бекітілген тізімдерін ұсынғаннан кейін олармен сатып алу құқығы бар, оның ішінде ай сайынғы жалдау төлемдерінің қалған сомасына тең келетін қалдық құны бойынша 10 жыл жалдау мерзімі өткеннен кейін мерзімінен бұрын сатып алу құқығы бар жалдау шарттарын мемлекеттік тіркеуге байланысты тиісті іс-шараларды жүргізе отырып, жалдау шарттарын жасайды.
9. «ҚИК» ИҰ» АҚ және (немесе) оның еншілес/тәуелді ұйымдары:
1) ай сайынғы жалдау төлемдерін қабылдауды және оларға мониторингті жүзеге асырады;
2) Жалдаушы жалға алу шарты бойынша өз міндеттемелерін орындаған жағдайда жалға берілетін тұрғын үй оның меншігіне өтеді.
10. Бағдарламаға қатысушылар:
1) төлем қабілетін растағаннан кейін әлеуетті жалдаушылардың тізіміне енгізу кезінде «ҚИК» ИҰ» АҚ-мен және (немесе) оның еншілес/тәуелді ұйымдарымен сатып алу құқығы бар тұрғын үйді жалдау шарттарын жасайды;
2) 6 айлық жалдау төлемінің мөлшеріне тең келетін бастапқы кепілдік жарнаны енгізуді қамтамасыз етеді;
3) «ҚИНКҚ» АҚ-ты немесе сақтандыру ұйымдарын тарта отырып, жалдау сомасын төлемеу тәуекелін сақтандыруды қамтамасыз етеді.
11. «ҚИК» ИҰ» АҚ инвесторлардың шектелмеген тобының арасындағы сыртқы және ішкі қор нарығында қамтамасыз етілген облигацияларды, оның ішінде мемлекеттік кепілдігі бар, секьюритилендірілген облигацияларды орналастыру арқылы жеке инвестицияларды, халықаралық қаржы институттарының қарыздарын және исламдық қаржыландыру құралдарын тартады. 2015 – 2030 жылдар аралығында жалпы сомасы 1 080,456 млрд. теңге, оның ішінде: 2015 – 2020 жылдары – 318,452 млрд. теңге және 2021–2030 жылдары – 762,004 млрд. теңге болатын жеке инвестицияларды тарту жоспарланып отыр.
12. Қазақстан Республикасының Үкіметі «ҚИК» ИҰ» АҚ-тың 2021 - 2030 жылдарға арналған сатып алу құқығы бар әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасының тетігін әрі қарай іске асыру үшін іс-шаралар қабылдайды, олар:
1) 2021 жылдан бастап 2030 жылға дейін республикалық бюджеттің есебінен 167,160 млрд. теңге мөлшерінде «ҚИК» ИҰ» АҚ-ыны капиталдандыруға;
2) 2021 жылдан бастап 2030 жылға дейін облигация шығару үшін 87,655 млрд. теңге көлемінде «ҚИК» ИҰ» АҚ-ға мемлекеттік кепілдік беруге байланысты.
ҚИК» ИҰ» АҚ-тың жарғылық капиталын толтыру және жеке инвестицияларды тарту арқылы 2013 – 2030 жылдары Бағдарламаның аталған тетігіне қаржылық құйылымдардың жалпы сомасы 1 370,417 млрд. теңгені, оның ішінде 2013 – 2020 жылдары – 441,253 млрд. теңгені, 2021 – 2030 жылдары – 929, 164 млрд. теңгені құрайды.
Сатып алу құқығымен жалдау мынадай негізгі шарттарды көздейді:
1) сатып алу құқығы бар жалдау шартының мерзімі 15 жылды құрайды. Кіріс жеткіліксіз болған жағдайда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, жасы жиырма тоғызға толмаған, кәмелет жасына толғанға дейін ата-анасынан айырылған балалар үшін сатып алу құқығы бар жалдау шартының мерзімі 15 жылдан 30 жылға дейін болуы мүмкін;
2) қоныстанған кезде ең аз бастапқы жарна 6 айлық жалдау төлемінің мөлшерінде;
3) «ҚИК» ИҰ» АҚ-тың және (немесе) оның еншілес/тәуелді ұйымдарының келісімімен сатып алу құқығы бар жалға алу құқығын үшінші тұлғаға беру мүмкіндігі;
4) ағымдағы қаржылық жағдайға байланысты үлкен/шағын алаңы бар жалға берілетін тұрғын үйге қоныстану мүмкіндігі;
5) ай сайынғы жалдау төлемдерінің қалған сомасына тең келетін қалдық құны бойынша 10 жыл жалдау мерзімі өткеннен кейін жалға берілген тұрғын үйді сатып алу мүмкіндігі;
6) кірісі жеткілікті болмаған жағдайда қосымша жалдаушыларды тарту мүмкіндігі.
Жалға берілетін тұрғын үйдің таза әрленген 1 шаршы метрін сату бағасы:
1) Астана және Алматы қалаларында жайлылығы 4-сыныпты үйлер 120 мың теңгеге дейін (инженерлік желілердің құнын есептемегенде), Атырау, Өскемен және Ақтау қалаларында – 115 мың теңгеге дейін (инженерлік желілердің құнын есептемегенде), қалған өңірлерде – 110 мың теңгеге дейін (инженерлік желілердің құнын және өңірдің сейсмикалығын есептемегенде);
2) Астана және Алматы қалаларында жайлылығы 3-сыныпты үйлер – 140 мың теңгеге дейін (инженерлік желілердің құнын есептемегенде), Атырау, Өскемен және Ақтау қалаларында – 125 мың теңгеге дейін (инженерлік желілердің құнын есептемегенде), қалған өңірлерде – 120 мың теңгеге дейін (инженерлік желілердің құнын және өңірдің сейсмикалығын есептемегенде) құрайтын болады;
3) Алматы қаласының шекарасына іргелес Алматы облысының аумағында қала құрылысын ерекше реттеу аймағында таза әрленген тұрғын үйдің 1 шаршы метрі үшін баға Алматы қаласы бойынша жайлылығы 3 және 4-сыныпты тұрғын үйдің бағасы сияқты көзделеді. Қала құрылысын ерекше реттеу аймағы «Алматы қаласының қала маңы аймағының бас жоспары туралы (Аумақтардың қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемасы)» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 22 қазандағы № 1097 қаулысымен айқындалған.
Жоғары сейсмикалы аудандар үшін тұрғын үйдің бір шаршы метрін салу құнына мынадай түзету коэффициенттері рұқсат етіледі:
1) 10 балл – 1,27;
2) 9 балл – 1,22;
3) 8 балл – 1,16;
4) 7 балл – 1,1.
Тұрғын үй құрылысы ауданының сейсмикалығы «Сейсмикалық аудандардағы құрылыс» Қазақстан Республикасының 2.03-30-2006 ҚНжЕ-сіне сәйкес айқындалады.
Өңірлер бойынша пәтердің жалпы алаңының бір шаршы метрінің түпкілікті құны тұрғын үйлердің жобалау-сметалық құжаттамасына Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысының негізінде белгіленетін болады.
Сатып алу құқығымен жалға беру шартының қолданылу кезеңінде жалға берілген тұрғын үй бойынша коммуналдық және пайдалану қызметтеріне ақы төлеуді жалға алушылар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке тұлғалар үшін белгіленген тарифтер бойынша жүргізуге тиіс.
2015 жылдан бастап жалға берілетін тұрғын үйдің 1 шаршы метрін салу құны жылдар бойынша инфляцияның коэффициентіне сәйкес қайта қаралуы мүмкін.
Аталған тетікті іске асыру үшін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларына (Салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі), Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне, Қазақстан Республикасының Жер кодексіне, Қазақстан Республикасының қаржы лизингі, жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы, бағалы қағаздар нарығы туралы, Қазақстан Республикасы заңдарына, басқа да Қазақстан Республикасының заңға тәуелді актілеріне) өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |