Қазақстан Республикасының Орман кодексі
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 шілдедегі N 477 Кодексі.
88-бап. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану түрлері
1. Мемлекеттiк орман қорында орман пайдаланудың:
1) сүрек дайындау;
2) шайыр, ағаш шырындарын дайындау;
3) қосалқы сүрек ресурстарын дайындау;
4) жанама орман пайдалану (шөп шабу, мал жаю, марал шаруашылығы, аң шаруашылығы, ара ұялары мен омарта орналастыру, бау шаруашылығы, бақша шаруашылығы, бақ шаруашылығы және өзгеде ауыл шаруашылығы дақылдарын өсiру, дәрiлiк шөптер мен техникалық шикiзаттар, жабайы өсетiн жемiстер, жаңғақтар, саңырауқұлақтар, жидектер мен басқа да тағамдық өнiмдер, мүк, орман жамылғысы мен түскен жапырақтар, қамыс дайындау мен жинау);
5) мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн аңшылық шаруашылығының қажетi үшiн пайдалану;
6) мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн ғылыми-зерттеу мақсаты үшін пайдалану;
7) мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн сауықтыру, рекреациялық, тарихи-мәдени, туристiк және спорттағы мақсаттар үшiн пайдалану;
8) мемлекеттік орман қоры учаскелерін ағаш және бұта тұқымдарының отырғызу материалдары мен арнайы мақсаттағы плантациялық екпелерді өсіру үшін пайдалану түрлері жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн пайдалану орман ресурстарын алып қойып, сондай-ақ оларды алмай да жүзеге асырылуы мүмкiн.
3. Мемлекеттiк орман қоры учаскесi орман пайдаланудың бiр немесе бiрнеше түрлерiн жүзеге асыру үшiн бiр немесе бiрнеше орман пайдаланушыға берiлуi мүмкiн.
4. Орман пайдаланудың белгiлi бiр түрлерiн жүзеге асырған кезде орман ресурстары мен мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн пайдалану ерекшелiктерi осы Koдекске сәйкес уәкілетті органның актiлерiмен айқындалады.
16-тарау. Орман пайдалануды жүзеге асыру
90-бап. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ағаш кесу
Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде сүрек дайындаудың мынадай түрлерi:
1) толысқан және қураған сүрекдiңдерде жүргiзiлетiн, басты мақсатта пайдалану үшiн;
2) аралық мақсатта пайдалану үшiн (орманды күтiп-баптау мақсатында ағаш кесу, iрiктеп санитарлық мақсатта ағаш кесу және құндылығы төмен орман екпелерiн, сондай-ақ қорғаныштық, су сақтау және басқа қасиеттерiн жоғалтқан екпелердi қайта жаңғыртуға байланысты ағаш кесу, жас шыбықтарды жекелеп кесу);
3) өзге де мақсатта пайдалану үшiн (жаппай санитарлық мақсатта ағаш кесу, су тораптарының, құбырлардың, жолдардың құрылысына байланысты, орман соқпақтарын тарту, өртке қарсы жыралар жасау кезiнде орман алаңдарын тазарту, өтiмдi үйiндiлердi жинау, өзге де мақсаттар үшiн ағаш кесу) ағаш кесу тәртiбiмен жүзеге асырылады.
91-бап. Басты мақсатта пайдалану үшін ағаш кесу, аралық мақсатта пайдалану үшін ағаш кесу және басқа да мақсаттарда ағаш кесу кезiнде мемлекеттiк орман иеленушiнiң жергiлiктi халықтың сүрекке деген қажеттілігін қамтамасыз етуi
1. Жергiлiктi халықтың сүрекке, оның ішінде отындық сүрекке деген қажеттілігін қамтамасыз ету, одан өтiнiмдер болған кезде, басты мақсатта пайдалану үшін ағаш кесу, аралық мақсатта пайдалану үшін ағаш кесу және басқа да мақсаттарда ағаш кесу кезiнде дайындалған сүректi мемлекеттiк орман иеленушiнiң өткiзуi есебiнен жүзеге асырылады.
2. Осы баптың 1-тармағында белгіленген өтiнiмдер басты мақсатта пайдалану үшін ағаш кесу, аралық мақсатта пайдалану үшін ағаш кесу және басқа да мақсаттарда ағаш кесу, сондай-ақ кеспеағаш аймағынан тыс қоқысты жинау жүргізілгенге дейін бір ай бұрын тиiстi мемлекеттік орман иеленушіге берiледі.
Достарыңызбен бөлісу: |