Отпен байланысты жұмыстарды жүргiзу тәртiбi
Металл кесу тәртiбi
-
Бензинмен және керосинмен кесу жұмыстарын орындау кезiнде жұмыс орны электрмен дәнекерлеу жұмысы кезiндегiдей ұйымдастырылады. Тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтардың төгiлуiне жол бермеуге және дұрыс сақтауға, кесу режимiн сақтауға және жанармайы бар бакты күтiп ұстауға ерекше назар аударылады.
-
Бензинмен және керосинмен кесу жұмыстарын жүргiзу орындарында жанармай қоры ауысым қажеттiлiгiнен аспайтын мөлшерде сақталады. Жанармай жарамды, сынбайтын, тығыз жабылатын, арнайы ыдыста, отпен байланысты жұмыстарды жүргiзу орындарынан кемiнде 10 метр қашықтықта сақталады.
-
Бензинмен және керосинмен кесу жұмыстары үшiн бөгде қоспалары мен суы жоқ жанармай қолданылады. Кiшкентай бакты оның көлемiнен 3/4 артық жанармаймен толтыруға болмайды.
-
Кiшкентай бак ақаусыз күйде ұсталады және герметикалы етiп жасалады. Кiшкентай бакта манометр, сондай-ақ кiшкентай бактағы қысымның 5 атмосферадан артық жоғарылауына жол бермейтiн сақтандыру клапаны көзделеді.
10 атмосфералық қысымға сумен сыналмаған, жанғыш сұйықтық ағатын немесе ақаулы сорғысы бар кiшкентай бактарды пайдалануға болмайды.
-
Бензинмен кесу жұмыстарын бастамас бұрын барлық бензинмен және керосинмен кесу арматурасының ақаусыздығы, ниппельдердегi шлангiлер қосқыштарының тығыздығы, салмалы сомындар мен бастиектердегi бұрандалардың ақаусыздығы мұқият тексерiледi.
-
Кескiштiң буландырғышын жұмыс орнында құйылған тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды тұтату арқылы жылытуға болмайды.
-
Жанармайы бар кiшкентай бак оттектi баллон мен ашық от көзiнен кемiнде 5 метр және жұмыс орнынан кемiнде 3 метр қашықтықта болады. Бұл ретте кiшкентай бак жұмыс iстеген кезде жалын мен ұшқын түспейтiндей орналастырылады.
-
Бензинмен және керосинмен кесу жұмыстарын жүргiзу кезiнде:
1) жанармайы бар бактағы ауа қысымының кескiштегi оттегiнiң жұмыс қысымынан артық болуына;
2) шие түсiне дейiн қатты қыздыруға, сондай-ақ кескiштi жұмыс кезiнде басымен жоғары қаратып тiгiнен iлiп қоюға;
3) кескiшке оттегi немесе жанармай беретiн шлангiлердi қысуға, бұрауға немесе сындыруға;
4) бензин немесе керосин бөлуге арналған оттегi шлангiлерiн кескiште пайдалануға болмайды.
Балқытып біріктіру жұмыстары
-
Балқытып біріктіру жұмыстарын жүргiзу кезiнде жұмыс орны жанғыш материалдардан тазартылады, ал кемiнде 5 метр қашықтықтағы жанғыш материалдардан жасалған құрылымдар жанбайтын материалдардан жасалған экрандармен қорғалады немесе су бүркілледi.
-
Балқытып біріктіру шамдары толықтай жарамдылықта ұсталады және нәтижелерi мен тексерген күнін арнайы журналға енгiзе отырып, кемiнде айына бiр рет олардың төзiмдiлiгi мен герметикалығы тексерiледi. Бұдан басқа, жылына кемiнде бiр рет гидравликалық бақылау сынағы жүргiзiледi.
-
Әрбiр балқытып біріктіру шамы зауыттың гидравликалық сынақ нәтижелерi мен рұқсат етiлген қысымы көрсетiлген паспортпен қамтамасыз етiледi. Шамдар тиiстi қысымда реттелген, серiппелi сақтандыру клапандарымен жарақталады.
-
Балқытып біріктіру шамдарына осы мақсат үшiн арнайы бөлiнген орындарда жанармай толтырылады және жағылады. Шамдарды толтыру кезiнде жанармайдың төгiлуiне және ашық отты пайдалануға жол берiлмейдi.
-
Балқытып біріктіру шамынан жалынның шығуын болдырмау үшiн шамға құйылатын жанармай бөгде қоспалар мен судан тазартылады.
-
Балқытып біріктіру шамының жарылуын болдырмау үшiн:
1) жанармай ретiнде керосинмен жұмыс iстейтiн шамдар үшiн бензин немесе бензиннiң керосинмен қоспасын қолдануға;
2) ауа толтыру кезiнде шамның резервуарындағы қысымды паспортта көрсетiлген, рұқсат етiлген жұмыс қысымынан жоғарылатуға;
3) шамға оның резервуарының көлемiнен артық жанармай құюға;
4) шам жанып тұрғанда немесе суымай тұрып, ауа винтi мен отын құю тығынын ашуға;
5) ашық оттың қасында шамды жөндеуге, сондай-ақ одан жанармайды ағызуға және оған құюға жол берiлмейдi.
Үй-жайларға жылу беру және кептiру қондырғыларын орнату және пайдалану тәртiбi
Жалпы ережелер
-
Бiрыңғай жедел құрастырмалы (жедел жылжымалы) ғимараттарға жылу беру үшiн бу және су калориферлерi, сондай-ақ зауыттан шығарылған электр жылытқыштары пайдаланылады.
-
Киiм-кешек пен аяқ киiмдi кептiру осы мақсатқа арнайы лайықталған, орталықтан сумен немесе су калориферлерiн қолдана отырып жылытылатын үй-жайларда, ғимараттарда немесе құрылыстарда жүргiзiледi.
-
Кептiргiштердi тамбурларда және ғимараттардан шығу жолдарында орналасқан басқа да үй-жайларда орнатуға болмайды.
-
Полимер жылытқыштары бар металл констукциялардан жасалған ғимараттарда құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде ғимараттардан тыс кемiнде 18 метр қашықтықта немесе өртке қарсы қабырғалардан кейiн оттық құрылғыларын орналастыра отырып, тек ауамен немесе сумен жылу беру жүйесi ғана қолданылады.
Жылу тасығыштары бар құбырлардан бастап қоршау құрылымдарына дейiнгi қашықтықтың 100 метрден кем болуына жол берiлмейдi.
-
Жылы будкаларда ашық отты пайдалануға, сондай-ақ отпен байланысты жұмыстарды жүргiзуге және электр калориферлерiн және инфрақызыл сәулелi газ жанарғыларын қолдануға болмайды.
Үй-жайларды инфрақызыл сәулелi газ жанарғыларымен кептiру тәртiбi
-
Инфрақызыл сәулелi жанарғылары бар жылжымалы және тұрақты қондырғылар жанарғы сөнген кезде газ берудi тоқтататын автоматты бұғаттағышпен жабдықталады.
-
Инфрақызыл сәулелi газ жанарғыларын монтаждау мен пайдалануды арнайы бағдарлама бойынша газ iсi жөнiндегi техникалық минимумнан өткен және газ жұмыстарына жiберу құқығымен бiлiктiлiк куәлiгi бар персонал жүргiзедi.
-
Еденге орнатылатын инфрақызыл сәулелi газ жанарғылары бар жылжымалы қондырғылар арнайы тұрақты тұғырмен қамтамасыз етiледi. Газы бар баллон қондырғы мен өзге де жылу беру аспаптарынан кемiнде 1,5 метр, ал электр есептегiштен, ажыратқыштардан, розеткалар мен өзге де электр аспаптарынан кемiнде 1 метр қашықтықта орналасады.
Жанарғылардан бастап жанғыш материалдардан жасалған құрылымдарға дейiнгi қашықтық кемiнде 1 метр, қиын жанатын заттарға дейiн кемiнде 0,7 метр, жанбайтын заттарға дейiн 0,4 метр етiп көзделеді.
Сұйытылған газдағы қондырғыны монтаждау кезiнде шлангiлердiң ұзындығы жұмыстың ыңғайлылығын қамтамасыз ететiндей мүмкiндiгiнше қысқа етiп көзделеді. Едәуiр қашықтағы кептiру орнынан бастап қосу торабына дейiнгi қашықтық 30 метрден аспайтындай етiп қабылданады. Қондырғы газ торабынан алысырақ болғанда болат құбырдан жасалған уақытша газ құбыры төселедi, ал оған жанарғылар иiлгiш шлангiлермен қосылады.
Иiлгiш шлангiлер қосқыштың герметикалығын қамтамасыз ететiн бұрандалары мен сомындары бар қамыттардың көмегiмен редуктормен және құбырлармен қосылады. Иiлгiш шлангiлердi олардың майысуы мен қысылып қалуына жол бермей, кемiнде 2 метр биiктiкте төселедi.
-
Инфрақызыл сәулелi газ жанарғылары бар қондырғылар жұмыс iстеп тұрған орындарда жанғыш заттар мен материалдарды сақтауға, сондай-ақ оларды пайдалана отырып жұмыс iстеуге болмайды.
-
Инфрақызыл сәулелi газ жанарғыларын пайдалану кезiнде:
1) жұмыс iстеп тұрған қондырғыны қараусыз қалдыруға;
2) керамикасы зақымдалған, сондай-ақ ашық жалын шығаратын жанарғыларды пайдалануға;
3) егер үй-жайда газдың иiсi шықса, қондырғыны пайдалануға;
4) жанарғылардың жылу сәулесiн тiкелей жанғыш материалдар, газы бар баллондар, газ құбырлары, электр өткiзгiштерi жағына бағыттауға;
5) газ қондырғыларын қатты отынмен жылыту қондырғыларымен қатар пайдалануға болмайды.
-
Ашық алаңдарда жұмыс iстегенде (жұмыс орындарын жылыту үшiн және дымқыл жерлердi кептiру үшiн) тек желге тұрақты жанарғылар пайдаланылады.
Сұйық және газ тәрiздес отынмен жұмыс iстейтiн жылу генераторларын монтаждау және пайдалану тәртiбi
-
Ауа жылыту қондырғылары салынып жатқан ғимараттан кемiнде 5 метр қашықтықта орналастырылады. Көлемi 200 литрден аспайтын отын құятын ыдыс қолданылады және ауа жылытқыштан кемiнде 10 метр және салынып жатқан ғимараттан кемiнде
15 метр қашықтықта орналастырылады. Отын ауа жылытқышқа металл құбыр арқылы берiледi.
Отын өткiзгiштерде зауытта шығарылған, отынның ағуын болдырмайтын қосқыштар мен арматура қолданылады. Жұмсалатын бактың отын өткiзгiшiнде өрт немесе авария болған жағдайда қондырғыға отын берудi тоқтату үшiн ысырма вентиль орнатылады.
-
Газ отынымен жұмыс iстейтiн қондырғыларды монтаждау мен пайдалану кезiнде:
1) жылу шығаратын қондырғыларға зауыттың паспорты бар, стандартты жанарғылар орнатылады;
2) жанарғылар жалынды үзбей және агрегаттың жылу жүктемесiн қажетi реттеу шегiнде оны жанарғыға өткiзбей тұрақты жұмыс iстеуi қажет;
3) жылу шығаратын қондырғылары бар үй-жайлардағы желдеткiш 1 сағатта үш еселiк ауа алмасуды қамтамасыз етуi қажет.
-
Жылу шығаратын қондырғыларды пайдалану кезiнде:
1) отын құбырларының герметикалығы бұзылған, форсунка корпусы жылу шығаратын қондырғымен нығыз орнатылмаса, үй-жайға жану өнiмдерiнiң өтуiне ықпал ететiн түтiн мұржалары ақаулы, электр қозғалтқыштары мен iске қосу аппаратурасы ақаулы болса, сондай-ақ электр қозғалтқыштың жылу қорғағышы болмаса және басқа да ақаулары болса, қондырғымен жұмыс iстеуге;
2) форсунка ретке келтiрiлмегенде (отын қалыпты жанбаса) жұмыс iстеуге;
3) отын құбырларын қосу үшiн резеңке немесе полихлорвениль шлангiлерi мен муфталарын пайдалануға;
4) қондырғы мен отын бактары жанына жанғыш қоршаулар орнатуға;
5) отын құбырларын ашық отпен қыздыруға;
6) қысқа мерзiмге тоқтағаннан кейiн ауамен үрлемей жылу шығаратын қондырғыны iске қосуға;
7) жанғыш қоспаны бақылап қарау тесiгi арқылы жағуға;
8) жылу шығаратын қондырғы жұмыс iстеп тұрған кезде шамдар электродтарының арасындағы саңылауды реттеуге;
9) ауа жинау коллекторларында қорғағыш тор болмаған жағдайда жылу шығаратын қондырғыны iске қосуға болмайды.
Электр калориферлердi монтаждау және пайдалану тәртiбi
-
Тек зауытта дайындалған, дабылы және желдеткiш жұмыс iстемеген кезде қыздыру элементтерiне электр энергиясын берудi болдырмайтын бұғаттағышы мен электр және жылу қорғағышпен көзделген, шығатын ауаның температурасын бақылау және оны реттеу автоматикасы жарамды электр калориферлерiн ғана пайдалануға және монтаждауға болады.
-
Электр калорифердi монтаждау, жұмысқа дайындау, iске қосу дайындаушы зауыттың паспортында көрсетiлген тәртiппен жүзеге асырылады.
-
Электр калориферi корпусы мен желдеткiш арасына жұмсақ қыстырма үшiн жанғыш материалдарды қолдануға болмайды.
-
Электр калориферлерiн пайдалану кезiнде:
1) дабыл қаққышты немесе бұғаттағышты сөндiруге;
2) электр калориферден шығу жолындағы дайындаушы зауыт белгiлеген ауа температурасын жоғарылатуға;
3) желдеткiш жұмыс iстемей тұрғанда электр калорифердi қосуға (бұғаттағыш қондырғыны әр iске қосар алдында тексеріледi);
4) электр калориферде немесе оның жанында киiм немесе басқа да жанғыш материалдарды кептiруге;
5) жұмыс iстеп тұрған электр калориферi орнатылған үй-жайда жанғыш заттар мен материалдарды сақтауға болмайды.
Өртке қарсы сумен жабдықтауды, өрт сөндiру және байланыс құралдарын ұстау тәртiбi
-
Тұрақты сыртқы су өткiзу желiсiн төсеу және өрт гидранттарын орнату, сондай-ақ өрт сөндiретiн су айдындары мен басқа да су көздерiн салу негiзгi құрылыс жұмыстары басталғанда оларды өрт сөндiру үшiн пайдалана алатындай есеппен жүргiзiледi.
-
Тұрақты сумен жабдықтау көздерiн салу негiзгi құрылыс жұмыстарын жүргiзудi бастағанға дейiн аяқтау мүмкiн болмаған жағдайда уақытша өртке қарсы су құбырлары төселедi немесе өрт резервуарлары орнатылады.
-
Уақытша өрт резервуарларының (су айдындарының) сыйымдылығы, олардың саны, салынатын объектiде орналастыру орны жобалық құжаттамада анықталады.
-
Сейсмикалығы 8 және 9 балл аудандарда сумен жабдықтау жүйелерiнде бiр көздi (оның iшiнде бiр ысырмада су алу кезiнде сыртқысын) пайдалану кезiнде сыйымдылықтарда өрт сөндiруге су көлемi «Өрт қауiпсiздiгiне қойылатын жалпы талаптар» техникалық регламентiнде көрсетiлгеннен екi есе артық көзделеді.
-
Құрылыс аумағында орналасқан жасанды су айдындары жылытылады және өрт сөндiру автомобильдерiн маневрлеу үшiн ауданы 12х12 метр болатын кiреберiстермен қамтамасыз етiледi. Су айдындарындағы судың деңгейi өрт сорғыларымен су алу мүмкiндiгiн қамтамасыз етедi. Егер құрылыс маңында табиғи су көздерi (өзендер, көлдер, тоғандар) орналасқан болса, оларға өрт сөндiру автомобильдерiне арналған пирстер орнатылады. Қысқы уақытта оларға «қатып қалмайтын» ойықтар жасалады.
-
Iшкi өртке қарсы су құбыры мен автоматты өрт сөндiру жүйесi объектiнi тұрғызумен қатар монтаждалады. Өртке қарсы су құбыры өңдеу жұмыстары басталғанға дейiн, ал автоматты өрт сөндiру және дабыл жүйелерi iске қосу-реттеу жұмыстарына дейiн (кәбіл құрылыстарында кәбілдердi төсегенге дейiн) қолданысқа енгiзiледi.
-
Салынып жатқан ғимараттар, уақытша құрылыстар, сондай-ақ қосалқы үй-жайлар осы Қағидаларға 7-қосымшада келтiрiлген нормаларға сәйкес алғашқы өрт сөндiру құралдарымен қамтамасыз етiледi. Өрт сөндiру құралдарын тiкелей мақсатынсыз қолдануға жол берiлмейдi.
-
Негiзгi құрылыстар мен құрылыс базасын салу басталғанға дейiн өрт техникасы мен жеке құрамды орналастыруға арналған арнайы жылытылған үй-жайлар бөлiнедi.
Өрт сөндiру депосы құрылыстың бiрiншi кезегiнде тұрғызылады.
-
Ауданы 300 м2 және одан астам асханалар дабылды ғимараттың (құрылыстың) қасбетiне немесе тәулiк бойы персонал болатын үй-жайға шығарылған автоматты өрт дабылымен жабдықталады.
Салынып жатқан әрбiр объектiде өрт сөндiру бөлiмдерiн шақыруға арналған байланыс құралдары көзделеді. Тәулiктiң кез келген уақытында құрылыс аумағында байланыс құралдарына қолжетiмдiлiк қамтамасыз етiледi. Әрбiр телефонның (радиостанцияның) жанына өртке қарсы қызметтi шақыру тәртiбi туралы тақтаны, жұмысшылардың өрт болған жағдайдағы iс-қимылдары туралы жадынаманы, мемлекеттiк емес өртке қарсы құралымдардың жауынгерлiк есептерiнiң тiзiмiн, өрт сөндiру үшiн күштер мен құралдардың тәртiбi iлiнедi. Құрылыс аумағының көрiнетiн жерлерiнде дабыл беру үшiн дыбыстық дабылдар (қоңырау, сирена) көзделеді, олардың жанында «Өрт дабылы» деген жазу iлiнуi қажет.
________________________
Достарыңызбен бөлісу: |