Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі


Литература  1. Сәдуақасұлы Смағұл. Үш томдық шығармалар жинағы. 3-том, Астана, Нұр- Астана, 2013, 277-278 б



Pdf көрінісі
бет14/27
Дата22.09.2023
өлшемі1.18 Mb.
#478266
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   27
Сборник Чокан Валиханов

Литература 
1. Сәдуақасұлы Смағұл. Үш томдық шығармалар жинағы. 3-том, Астана, Нұр-
Астана, 2013, 277-278 б. 

 
 


38 
ТАУДАЙ БИІК, ТЕҢІЗДЕЙ ТЕРЕҢ, ДАЛАДАЙ КЕҢ 
 
Ш.Қ. Ақылбек 
ақын, драматург, журналист-көсемсөзші,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
филология ғылымдарының кандидаты, өлкетанушы 
Қазақ халқының кемеңгер ұлы, ғұлама ғалымы Шоқан Уәлиханов мұрасын 
осы уақытқа дейін толық игеріп, ғылыми жағынан танып болдық па деген 
сауалға келсек, басқа еңбектерін былай койғанда, оның өмірбаяндық деректері 
де түгенделіп бітпегенін байқаймыз. 
Шоқанның кіндік қаны тамған жер туралы көп уақытқа дейін әр түрлі 
пікірлер айтылып келді. Көкшетаудағы Сырымбет оның ата қонысы екендігінде 
ешкімнің дауы жоқ. Ал ғалым Құсмұрын бекінісінде туды деген сөзді қалай 
түсінеміз? Жалпы, Шыңғыстың от басы Құсмұрында тұрды ма? Бекініс деген 
сөздің өзі шартты ұғым. Ол белгілі бір ауыл немесе қала деген мағынаны 
бермейді, облыс, аудан, аймақ секілді географиялық атауды ғана білдіреді. 
Мысалы, «Бейімбет Қостанай облысында туды» деген тіркеспен «Шоқан 
Құсмұрын бекінісінде туды» деген сөйлем пара-пар секілді.
Біз иісі қазаққа ортақ ғалымды бір ауыл, болмаса бір ауданға ғана 
меншіктегіміз келмейді. Алайда, тарихқа қиянат болмас үшін алдағы уақытта 
ғылыми тұрғыдан дәлелденген деректерді көпшілік құлағына салғымыз келеді. 
Өйткені осы уақытқа дейін орта мектептердің өзінде оқытушылардың 
көпшілігі, тіпті кейбір жоғарғы оқу орындарында тарихшылар Шоқан 
Құсмұрында туған деген қате түсінікті баяндаумен келеді. 
Шоқан 1835 жылы қараша айында Құсмұрында туды деген дерек 
Шоқанның қызметі жөніндегі Ресей мұрағатындағы формулярлық тізім арқылы 
тілге тиек болғаны белгілі. Академик Әлкей Марғұлан Шоқан туралы 
очеркінде: «1835 жылы Аманқарағай округінің орталығы Құсмұрынға көшірілді 
де, содан былай ол Құсмұрын округі аталды» – деп жазады. 
Шоқан мұрасын түбегейлі зерттеп, оның жүрген ізімен жүріп өтіп, «Жасын 
тағдыр жарқылы» деп аталған тарихи-ғұмырнамалық хикаят жазып шыққан 
жазушы Жарылқап Бейсенбайұлы Әлкей Марғұлан айтып, жазып жүрген 
Күнтимес қонысы Шоқанның кіндік қаны тамған жер деп тұжырымдайды.
Шыңғыс Аманқарағай дуанына аға сұлтан болып 1834 жылдың 30 
тамызында сайланған. Яғни, Күнтимеске ол осыдан кейін барып қыстау 
салдырған. «Осы жерде тағы да архив документтері көмекке келер еді», – деп 
жазады Жарылқап Бейсенбайұлы, – 1891 жылы Омбыда округтік штаб 
баспаханасынан есаул Путинцевтің кұрастыруымен «Сібір қазақ әскерлері 
тарихынан алынған хронологиялық тізбе» деп аталатын шағын кітапша жарық 
көрді. Онда 1789 жылдан 1839 жылға дейінгі бір ғасыр бойы өткен елеулі 
оқиғалар жайында қысқаша деректер мен түсініктемелер берілген. Қазақ 
даласына, жеке тұлғаларға қатысты қыруар кұнды мәліметтерді жинақтаған сол 
құжаттың 1834 жылға арналған бөлігінен көптен ойда жүрген дүдәмалдың 
жауабы да табылып еді. Сонда «Аманқарағай сыртқы округі Құсмұрын дуаны 


39 
болып қайта құрылды» – деп тайға таңба басқандай анық көрсетіпті... Яғни, 
Құсмұрын тек қырқыншы жылдардан кейін ғана салынып біткен. Олай болса 
Шоқанның Құсмұрында тууы да мүмкін емес. 
«Шоқан ізімен» (1977), «Жасын тағдыр жарқылы» (1987) атты кітаптары, 
көптеген мақалалары жарық көрген журналист-зерттеуші, жазушы Жарылқап 
Бейсенбайұлының 2009 жылы «Қазақстан» баспасынан жарық көрген «Шоқан» 
деп аталатын ғұмырнамалық деректі хикаяты Шоқантануға қосылған аса 
бағалы үлес екені даусыз. 
Шоқан өз қолымен сызған картасында Күнтимес қыстауын дәл көрсетіп, 
оның бетіне араб әрпімен: «Біздің үй» деген белгі соққан. Ғалымның «Елдің 
жайлағанда қонған жерлері» (1852 жыл) деп атаған картасында осы маңайдағы 
Қараоба және басқа елді мекендер де анық көрсетілген.
«Күнтимес, күндік жерден көрінесің,
Балқытып тұла бойды жібересің», – деген жолдарды Шыңғыс 
Қараобада Аманқарағай дуанына аға сұлтан болып сайланғанда Уақтың 
Ықылас атты биі айтыпты деген сөз бар. 
Ал кейінірек Шыңғыс аға сұлтандықтан түсіп, Сырымбетке көшерінде 
Зейнеп ханым: 
«Керей-Уақтай ел қайда, 
Күнтиместей жер қайда?!» – деп жылаған екен. 
Қадыр Мырза Әлі де Күнтиместе болғанда Шоқанның осы жерде туғанына 
көзі жеткені туралы жазып кеткен. Шоқанның әуелгі есімі Мұхамед-Қанапия 
екенін білеміз. Оған бұл есім атақты Сегіз сері (Мұхамед-Қанапия) 
Шақшақұлының кұрметіне берілгенін философия ғылымының кандидаты, 
ғалым Төлеш Сүлейменов «Өнер» баспасынан 1991 жылы жарық көрген «Сегіз 
сері» тарихи-ғұмырнамалық хикаятында нанымды баяндаған: «Сегіз сері Тобыл 
өзенінің төңірегіндегі (дұрысы: Обаған бойындағы) Керей елінің шеткі 
ауылдарына ноябрь айының бас кезінде жетіп, мейман болады. Сегіз сол жерде 
жолдастарының көпшілігін қалдырып, өзі аз ғана адаммен Қаршығалы деген 
орманды мекен етіп отырған Өсіп Өзденбайұлының ауылына келіп конады. 
Күнтимес деген қоныстағы Аманқарағай дуанының аға сұлтаны Шыңғыс 
Уәлиханұлының үйіне келіп түседі. Шыңғыс пен Сегіз жақсы дос болатын. 
Сегіз ол арқылы Омбыдағы генерал-губернатордың не істемекші болып 
жүргенін біліп қайтуды көздеген. Сегіз Шыңғыстың үйінде мейман болып 
жатқанда, оның келіншегі Зейнеп тұңғыш баласына толғатып, ұл тапқан еді. 
Әйелінің қиналмай аман-есен босанғанына, оның үстіне алғашқы нәрестенің ұл 
болғанына қатты қуанған Шыңғыс елін жинап, шілдехана жасағанда жас сәбиін 
оның атымен Мұхамедқанапия деп атаған. Сері келгенде баласының тууын 
ырымдаған Шыңғыс: «Ұлым өскенде осы Сегіздей жігіттің гүлі болар ма 
екен?» – деп ойлап, Мұхамедқанапия деген есімді қазақ халқының болашақ 
ғалымына қойған екен». 
Ғалым Т.Сүлейменов бұл деректерді қазақ халқының көне шежіресінен -
Қазақстан Ғылым академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих, және 
этнология институтының Қазақстан тарихы бөлімінен, Қазжан Сұрағанов және 
Мүфти Ахметов қолжазбаларынан алғанын көрсеткен. 


40 
Сәбит Мұқанов «Аққан жұлдыз» романында Зейнеп босанып, ұл тапқанда 
оның үйінде Марал ишанның үлкен баласы Қалқай ишанның қонақ болып 
жатқанын жазып, күллі ислам әлеміне танымал, пайғамбардың қызы 
Бәтиманың күйеуі, әрі Мұхамбет әскерінің бас қолбасшысы болған Әзірет 
Әлінің үш әйелден он сегіз ұлы болғанын, солардың ішіндегі ең батыры 
Мұхамед-Қанапия деген ұл екенін, сол тілекпен Қалқай ишан ғазауат соғысына 
орай жаңа туған нәрестенің есімін қойған екен дейді. Осы жайды оқығандар 
Қалқай ишан Әулиекөлде тұрған, сондықтан да Шоқан сол маңайда туған деген 
жаңсақ пікірге ұрынады. С. Мұқановтың өзі осы кітабында Шыңғыс қыстауын 
Обаған өзенінің орта тұсына жақын жердегі Күнтимес аталатын қалың орманға 
аударады деп ашып жазған. 
Сәбит Мұқанов «Жарқын жұлдыздар» кітабында Шоқан туралы жазған 
зерттеуінде: «1822 жылы М.Сперанскийдің (1722-1839) «Сібір қазақтарын 
басқару» деп аталатын Ережесі шығады да, Орта жүздің хандығы жабылып, 
қазақтары Құсмұрын, (алғашқы аты Аманқарағай), Көкшетау, Ақмола, Баян, 
Қарқаралы, Аякөз аталған алты дуанға (округ) бөлініп кетеді. Бұл дуандардың 
басында аға сұлтан деген атпен қазақ тұрады да, орыс әкімшілігінен оған 
жәрдемші беріледі. Әдетте мұндай жәрдемшілер майор шеніндегі 
офицерлерден берілетін болған. Олар дуан орталығын төңіректеп салынған 
қамалдарда әскер бөлімшесін басқарған, аға сұлтандар істі жәрдемшілерінің 
еркімен атқаратын болған. Дуан ішіндегі ел ру тәртібімен болыстарға бөлініп, 
оларды кіші сұлтандар, яғни, болыстар «басқарған» – деп жазады. 
Сәбең Күнтимес аталатын қалың ағаштың ығында Шыңғыстың қыстау 
салғанын, оны кетерде Өзденбайдың Өсібі деген байға сыйлап кеткенін айтады. 
Өсіп болыстың қабірі қазіргі Күнтиместе. Сарыкөл өңіріндегі (Сарыкөл 
ауданындағы) бір кездері «Краснодон» жылқы зауытының бөлімшесі болып 
есептелінген ауыл жанындағы бейітте. Қабір басында Шыңғыс сұлтан 
Көкшетаудан арнайы алдырып, Өсіптің басына қойдырған құлпытас әлі тұр. 
Ауылда қадірменді ақсақал Есмә Ғабдоллаұлы біз барғанда көрсетіп, нұсқаған 
мешіт пен медресенің, қыстаудағы үйлердің, ауыз су алуға және малға су 
тартуға арналған құдықтардың орны «мен мұндалап» тұр. 
Марат 
Сәбитұлы 
Мұқанов 
академик 
Ә.Марғұланның 
жауапты 
редакторлығымен жарық көрген «Этнический состав и расселения казахов 
Среднего жуза» («Ғылым» баспасы, 1974 жыл, 81-ші бет) атты кітабында 
тарихи деректерге сүйене отырып, Құсмұрын округі қырқыншы жылдардың аяқ 
кезінде құрылғанын жазады. 
Осы кітапта керейлер мен уақ ауылдарының Обаған бойын мекен қылғаны 
да айтылған. Абылай ханның сүйікті ақыны Тәтіқара осы өңірде туып-өскен. 
Барақ батыр, Асаубай шешен, Шоқай би, Шәнкі шешен, Әлібек батыр, 
Мырзахмет қожа секілді біртуар тұлғалар осы арада туған. Аманқарағай 
дуанының орталығы Қараоба да Сарыкөлден алыс емес. Қара казан көтерілген, 
сары қымыз сапырылған, әруақ қонып, нар шөккен қасиетті, құтты мекен. Киелі 
топырақтың қасиеті күні бүгінге дейін жалғасын тапқанын айту лазым. 
Сөз зергері Ғабеңе сабақ берген жазушы-ұстаз Бекет Өтетілеуов, атақты 
қоғам қайраткері, әдебиет сыншысы Ілияс Омаров, академик Өмірзақ 


41 
Сұлтанғазин, ақын-жазушылар Жайсаңбек Молдағалиев, Нұрғожа Оразов, 
әдебиетші-ғалым Жұмағали Ысмағұловтар кіндік кескен, туып-өскен жер де 
осы ара. Шоқан туғанда той жасалған Тойсай және ол оқуға аттанарда тай 
сойылған Тайсойған мекендері де Қараобадан алыс емес, Күнтиместің 
іргесінде. 
Шоқан табаны тиген жер Құсмұрын ғана емес. Әулиекөл өңірінде Шоқан 
атында ауыл бар. Бірақ осымен ғана шектелуге бола ма?!
Дана Шоқанның өмір жолын білгендей бала Шоқанның өткен жолдарын 
көз алдымызға әкеле аламыз ба? Бүгінде тарихымызға ешбір қатысы жоқ орыс 
тіліндегі атаулармен алмастырылған Тойсай, Тайсойған секілді аттардың өзі 
(бұл ауылдар Ұзынкөл ауданы аумағында орналасқан) әрбір әрпіне дейін көздің 
қарашығындай сақтайтын көзі тірі тарихымыз емес пе? Ақын Мағжан жырына 
арқау болған, батыр Баян ат суарған,( «Арқада бір өзенді дер Обаған, сол жерді 
батыр Баян қоңыс қылған») Тәтіқара жырау жыр толғаған Сарыкөл атауы да 
өзінің заңды тарихи орнын алып, тәуелсіз еліміздің картасына алтын 
әріптермен жазылды. 
Қостанай қаласында шығып тұрған «Дала қоңырауы» газетінің 1992 
жылғы мамыр айындағы оныншы санында Күнтимес ауылының түрғындары, 
Сәбит Мұқановен көзі тірісінде кездесіп, сұхбат кұрған ауыл ақсакалдары Есмә 
Ғабдоллаұлы, Қажығали Тоқтасұлы секілді жастары сексеннен асқан қариялар 
бастап, жастар қоштаған, барлығы алпыс бес адам қол қойған «Шоқанның 
шоқтығы биік болсын десек!» деп аталған хат жарияланды. Олар Шоқанның 
кіндік қаны тамған жерге ерекше қамқорлық қажет екенін жазды. 
Жұрттың көпшілігін шатастырып жүрген Шоқан Құсмұрын бекінісінде 
туды деген дерек Әлкей Марғұланның Шоқан туралы очеркінде Ресей 
мұрағатынан алынған. Академик ағамыздың өзі кейін бұл пікірінен қайтып, 
Шоқанның Күнтимес қонысында туғанын атап айтқаны жазушы Жарылқап 
Бейсенбайұлының кітабында толық баяндалады.
«Тамаша адамдар өмірі» сериясымен орыс тілінде жарық көрген Ирина 
Стрелкованың кітабында «Первенец султана Чингиса и Зейнеп родился в 
ноябре 1835 года, точно день не известен, в крепости Кушмурун» деген 
сөйлемін де оның көз майын тауысып тапқан немесе нақты құжаттан алған 
дерек деп пайымдауға болмайды. 
«История Казахстана в русских источниках ХҮІ –ХХ веков» (8 том, часть 
1-ая. Алматы: «Дайк-Пресс», 2006 г. 143 стр) кітабындағы 24-ші санмен 
көрсетілген құжатарға жүгінсек, онда: «Чингис Валиханов, султан, 29 лет. Умен 
и скромен. Достаточен. Уваковской волости, рода и отделения янсаринского. 
Старшим султаном Аман-Карагайского окружного приказа – с 1834 г., августа 
30-го дня, состоит оным и доныне. Был награжден чином майора в 1838 г. Под 
судом не был, предан. Летние кочевки при реках Ишим и Акан-Бурлук, от 70 до 
80 верст на юго-восток, зимние – на урочищах Куньтимес, Куян, в 40 верстах на 
восток от приказа» – деп көрсетілген. Осы деректен кездескен Күнтимес 
қонысы қыстау болса, Шоқан қараша айында жайлауда тууы мүмкін емес қой.
И.Стрелкова Құсмұрынды да, Күнтиместі де көрген емес, тіпті Қостанай 
жеріне келген емес. Ал аталған кітабында Ә.Марғұлан, С.Мұқанов, Г.Потанин, 


42 
Н.Ядринцев секілді ғалымдар еңбегін пайдаланып, соларға сілтеме жасаған. 
Стрелкова тарихшы да, зерттеуші де емес, өзіне дейінгі мәліметтерді 
пайдаланып, сұрыптаудан өткізіп, көркем шығарма жазушы. Осы жағдайды 
ешуақыт естен шығармаған лазым. 
Кейбір журналистердің «Ортабұлақта хан ордасы тұрды. Ханжатқан дейтін 
жер атауы да бұған куә», – деп жазуы да құрғақ жорамал. Біріншіден, Шыңғыс 
сұлтанды хан деп айтқан дегенге сену қиын. Көне құлақ қариялар Ханжатқан 
атауын Шыңғыспен емес, Кенесары есімімен байланыстырады. Ал 
Кенесарының хан аталғаны анық. Жорықта жүріп Құсмұрын маңайында 
болғаны да рас. Енді біреулер «Ханжатқан емес, дұрысы «Кенжатқан» дегенді 
де айтады. Құсмұрын жерінде кен жатқаны да анық. 
Осыған орай, кезінде өз басым осы мәселенің анық-қанығын ашып беру 
үшін Алматыға хат жолдап, тиісті жауабын да алғанмын. Енді Қазақстан 
Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих 
және этнология институтының директоры, академик Манаш Қозыбаев, осы 
институттың қызметкерлері, Шоқанға байланысты зерттеу еңбектерінің авторы, 
тарих ғылымдарының кандидаты Е.Уәлиханов пен С.Өтениязовтың қолдары 
қойылған хаттың мазмұнын түгелдей келтірейік: «Қазақ халқының ұлы ғалымы 
Ш.Ш.Уәлихановты Құсмұрында туған деп жазғандар оның алғашқы 
биографтары Г.Н.Потанин, Н.М.Ядринцевтер болатын. Бұл дерек (1895 ж.) 
Ә.Марғұланға дейін өзгеріссіз айтылып келеді. Өзіңіз білесіз, біздің 
ғасырымызда ең ірі Шоқантанушы Әлекең қазақ ғалымының өмірі мен ғылыми 
мұрасының көп қыр-сырларын ашты. Сондай-ақ Әлекең ұлы ғалымның туған 
жері мен туған жылы туралы бұрын айтылған деректерді өзгерткен еді. 
Соның ішінде ғалым Шоқанды Күнтиместе туды деп атап көрсеткен-ді. 
Шындығында да, архив құжаттарына қарағанда Аманқарағай округі 1834 ж. 30-
тамызда ашылды, оның аға сұлтаны болып Шыңғыс Уәлиев сайланды (ЦГАРК 
қор-338, жазба 1, іс. 31. 746) 1835 жылдың күзінде, яғни Ш.Уәлиханов дүниеге 
келген кезде жаңадан ашылған Аманқарағай округінің орталығы Күнтиместе 
болатын-ды. Құсмұрын бекінісі ол кезде жоқ еді. Сонда Шоқан Күнтиместе 
тумай қайда тууы керек? 
Құсмұрынға көшу мәселесі 1840 жылы басталды, ондағы мектеп салынған 
жылдары 1842-1843 ж.ж (ЦГАРК, қор-374, жазба. 1, іс 1083). 1844 жылы 
Құсмұрын бекінісіне Аманқарағай округі көшірілген себепті округтің аты да 
«Құсмұрын округі» болып өзгерді. (Г.Н.Путинцев құрастырған «История 
Сибирского казачьего войска», Омск, 1891, атты кітабын қараңыз). Міне, 
сондықтан да 1844 жылға дейінгі барлық құжаттарға Аманқарағай округі болып 
жазылса, содан кейінгі жылдарда Құсмұрын округі болып жазылады. 
Кейбір зерттеушілер Аманқарағайда 1833-1835 ж.ж. жұқпалы ауру тарады, 
сол себепті Батыс Сібір әкімшілігі округті ауыстыруды қарастырды (ЦГАРК, 
қор-374, жазба 1, іс-1083) дегенді желеу етіп, Шыңғыс Күнтиместе сол кезде 
тұрмауы мүмкін дегенді болжамдайды, нақты дәлелдейтін ешкімде де дәрмен 
жоқ. 
Әрине, Күнтимес те, Құсмұрын да – Шоқанның балалық шағы өткен жер. 
Құсмұрында Шыңғыс мектеп ашып, өз балаларымен қоса қазақтың талай 


43 
баласына жан-жақты білім берді. Айтылған елді мекендер Қазақстан тарихында 
ерекше орын алады. Бірінде қазақтың ұлы ғалымы дүниеге келсе, екіншісінде 
балалық шағы өтті. Сондықтан дау туғызатындай ештеңе жоқ. Шоқан мұрасы 
жыл өткен сайын халқымыздың игілігіне қызмет ететін болады». 
Күнтимес туралы осыдан артық қандай дәлел керек?! 
Өсер елдің перзенті болған Шоқан жиырмадан енді ғана асқанда Орыс 
география қоғамының толық мүшесі болып сайланды. Орыстың атақты 
ғалымдары оны мойындады. Омбының кадет корпусын бітірген, бір-екі жылдай 
ғана Петербург университетінің тарих-филология факультетінде дәріс 
тыңдаған, қалған білімін өз ынтасымен, өз бетімен жетілдірген ғалымның кез 
келген академиктен артық біліміне таңдай қақпасқа шара жоқ. Ыстықкөл 
өңірінің фаунасы мен флорасын зерттегенде ғалым керемет коллекция жинап, 
өз қолымен жүрген жерлерін картаға түсірсе, Қазақстан мен Орта Азияның 
географиясы мен этнографиясына қосқан үлесі де қомақты. 
Ал туған елінің ауыр жағдайын көзбен көргеннен кейін Шоқан өз 
жерлестеріне қалайда жақсылық жасағысы келіп, Атбасар округі бойынша аға 
сұлтандыққа таласып, сайлауға түседі. Бірақ, білімді азаматты бұл жолы 
білектілер жығады, Шоқан қайтадан Омбыға кетіп қалады. 
Шоқанның өмірінің соңғы жылдары Черняев экспедициясында өткені 
мәлім. Әулиеатаны қанға бөктіріп, қанқұйлы саясат жүргізген қаныпезер 
генералмен, әрине, демократ-ғалым әрі гуманист жазушы қатар жүре алмас еді. 
Міне, сондықтан да Шоқанның Тезек төренің ауылына келуі орыстың сол 
тұстағы озбыр саясатын мақұлдамауы және жат жұртқа білім қуып кеткен 
ұлдың туған даласына, өз ошағына оралуы деп те түсінгеніміз абзал. 
Шоқан қазақ халқының тұңғыш кәсіби ғалымы ғана емес, тұңғыш кәсіби 
суретшісі, қазақ әдебиетінде алғаш рет эпистолярлық жанрды қалыптастырған, 
көптеген тамаша хаттар мен күнделіктер, жолжазбаларын аманатқа қалдырған 
көсемсөз шебері. 
Халық қол өнерінің мұрасын жинаушы есебінде де Шоқан мен оның әкесі 
Шыңғыс сүлтан қандай қошеметке де лайықты. Халық ауыз әдебиеті үлгілерін 
жинаудағы ғалым еңбегі бір төбе. Шоқан салған суреттер, Шоқан жинаған 
құжаттар, халықтық бұйымдар кейінгі ұрпаққа қалдырған асыл мұра. 
Ауылдастары атақты Абылай ханнын шөбересі деп құрметтеген, 
әріптестері орыс армиясының офицері деп марапаттаған Шоқан есімі қазақ 
елінің тарихына халқымыздың кемеңгер перзенті, ұлы ғалымы есебінде алтын 
әріптермен жазылды. Сегіз қырлы, бір сырлы дегенді Шоқанға байланысты 
айтатын болсақ, сексен қырлы жігіттің арқалаған ауыр жүгін тұтас институттар 
мен академиялардың өзі қабырғасы қайысып көтерер еді. Шоқанның бір өзі 
қазақ халқы мен Орта Азия халықтарының энциклопедиясы. Этнограф, 
топограф, географ, суретші, жазушы, зерттеуші көсемсөзші Шоқан қамшы 
сабындай қысқа ғұмырының ішінде қазақтың киіз үйінен бастап моласына 
дейінгі тұрмысын суретке салып бейнелеп, көркем сөзбен шолу жасап, қазақ 
хандары мен сұлтандарының шежіресін де, қазақ даласындағы билік жүйесін 
де, Азия қалаларының біразының сипаттамасын да, ислам дініне көзқарасын да 
жазып үлгірген. Қазақтың ежелгі қарулары қандай болған? Музыка аспаптары 


44 
қандай? Олардың алғашқы орындаушылары кімдер болған? Даладағы салт-
дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар қандай? Осылардың бәріне ғалым еңбектерінен 
жауап табуға болады. Тілді халықтың басты ерекшелігі деп есептеген ғалым 
қазақ халқының ертегі-аңыздары, жұмбақтары мен жаңылтпаштары, 
дастандары, мақал-мәтелдеріне таңдай қағады. 
«Өгіздің мойыны жаман, орыстың ойыны жаман» деген мақалды естігенде, 
оған: «Пословица «У вола шея плоха, а с русским шутка плоха» явно говорит, 
что она родилась у кайсака, когда мы приобрели влияние в степи»,– деген 
түсініктеме береді.
Шоқанның әрбір сөзін ой елегінен өткізіп, астын сызып, оқуымыз қажет. 
Мәселен, айтыс ақындары туралы ол: «кайсацкий импровизатор не соединяет в 
себе наших понятий о поэте. Он, несмотря на свое дарование, не смотрит на 
него как на достоинство, которым возвышается превыше самих султанов, 
напротив, смотрит как ремесло, данное ему для добывания подарков»,–
дейді.Ұлы Абайдың: «Қобыз бен домбыра алып топта сарнап, мақтау өлең 
айтыпты әркімге арнап, әр елден өлеңменен қайыр тілеп, кетірген сөз қадірін 
жұртты шарлап» – дегені де ғалым ойымен сабақтас. Естігенде кол соғып, 
айтыс бітіп, той тарқағаннан кейін құлағында бір ауыз сөзі де қалмайтын айтыс 
ақындарын қазір де көріп жүрміз. 
Әуелі қазақ халқын, содан кейін Сібірді, Ресейді, барлық адамзатты сүйген 
Шоқан шын мәнісінде әлемдік дәрежеге көтерілді. Шоқанның тұстастары оны 
қазақ тақырыбына жазатын орыс жазушысы деп атады. 
Сәбит Мұқанов «Жарқын жұлдыздар» кітабында: «Шоқан шын 
мағынасындағы академик, оның білімі-энциклопедиялық білім» - деп жазды. 
Ал екі халықтың екі ұлы перзенті ШоқанУәлиханов пен Федор Достоевскийдің 
аңызға айналған ғажайып достығы кім-кімге де үлгі-өнеге боларлықтай. Олар 
туралы заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов тебірене қалам 
толғады. 
Шоқанды қазақ халқы төбесіне қалай көтерсе, «Манастың» тұңғыш 
зерттеушісі есебінде қырғыз халқы алғысын айтты, ол қытай мен ұйғыр, моңғол 
тілдерінің зерттеушісі есебінде де тіл ғылымының көкжиегін кеңейтті, ал орыс 
тілінде жазылған зерттеу шығармалары қатарын молайтып, бұл бағытта мүлде 
жаңа арна салды. Даладан шыққан, көшпенділер тілін ұққан, оларды барлық 
жан-тәнімен жақсы көрген, сонымен бірге надандығына күйінген ғалым туған 
халқы үшін түн түнегін түріп тастап, найзағайдай жарқ еткен жасын ғұмыр 
кешті. 
Әулиекөлдегі Ханжатқан ұлт батыры Кенесарыдай асылдар жүрген, ұлы 
ғалым Шоқанның табаны тиген жер болса, қасиетті Күнтимес ұлы ғалымның 
кіндік қаны тамған, Зейнептей асыл ханым қазақ халқының болашақ ұлы 
перзентінің денесін шілде суымен жуған жері. Осындай тамаша адамды өмірге 
әкелген Күнтимес жері қасиетті топырақ, киелі мекен екенін ешуақытта 
жадымыздан шығармауымыз керек. 
Ұлы Шоқан бір ғана мекенге байланып қалған жоқ. Оның ауылы екеу, тіпті 
бірнешеу болса да айып па екен?! Сондықтан да бізге Шоқанның атамекені 
Сырымбет те, кіндік қаны тамған жері Күнтимес те, өскен елі Құсмұрын да, 


45 
топырақ бұйырған мекені Алтынемел де ерекше қымбат. Бірақ «Ер Төстігім бір 
төбе, тоғыз ұлым бір төбе» деп анасы айтқандай, Күнтиместің орыны бөлек. 
Ендеше бұл ауыл ел ағылып келіп көретін, тұрмысы жайнаған, еңбегі қайнаған 
мекен болуы керек. Сол үшін жергілікті әкім қаралар барлық жағдайды жасап, 
шаруашылығын өркендетіп, жұмыс орындарын ашып, жан-жақты көңіл бөлінуі 
қажет. 
Көш басшысы ғылымның болғаныңды білем мен, 
Мол егінін білімнің орғаныңды білем мен, 
Ғасырларға үңілген томдарыңды көрем де, 
Тарихымды бүгінмен жалғарыңды білем мен. 
Қастерлеген тұмардай арманыңды білем мен, 
Шырқау көкте қырандай самғарыңды білем мен. 
Орда бұзар отызда жарық жұлдыз секілді, 
Қараңғыны қақ тіліп жаңғаныңды білем мен. 
Жаным сенің нұрыңа мәңгі-бақи бөленсін, 
Ғұмыр бойы жырласам, сарқылмайтын өлеңсің. 
Алатауы бар елдің тауларындай биіксің, 
Қарт Каспийі бар елдің теңізіндей тереңсің. 
Жүрегіңде бабамның тұнып жатқан мұңысың, 
Ақниетті адамның ақтарылған сырысың. 
Мұхиты жоқ, тауы жоқ Қостанайдың шыңысың, 
Арманы көп, әні көп бар қазақтың ұлысың. 
2010 жылы қазақ халқының ғұлама ғалымы Шоқан Уәлихановтың 
туғанына және оның кіндік қаны тамған Күнтимес аулының іргесі қаланғанына 
175 жыл толды. Қостанайға келген қонақ болса, ең алдымен Күнтимес пен 
Қараобаға ат басын тіреп, Шоқанның ізімен жүріп, тарихымызды зерделеуі 
керек. Күнтиместегі Шыңғыс қыстауы мен мешіті, медіресе түгелдей қалпына 
келтіріліп, кұрылысқа қаржы бөлініп, ел мерейін асыратын игілікті шаралар 
жүйесін тапса, айтылған сөз иесін тапса, дұрыс болар еді.
Күнтимес ауылының тұрғындары мен қариялар бастап, жастар қоштаған 
хат жергілікті газетте жарияланды. Олар Шоқанның кіндік қаны тамған жерге 
ерекше қамқорлық қажет екенін жазды. Одан кейін де бірнеше мәрте жоғарғы 
жаққа хат жаздық. Газеттерде мақалалар жарық көрді, теледидардан хабар 
берілді. Алайда, «баяғы жартас бір жартас» күйінде тұр», – дейді мұғалім 
Үмітжан Сәбитқызы. Ауыл тұрғындары Бақытжан Игіліков пен Қорғанбек 
Ғабдолов ауылды меншігіне алған компанияның тарапынан көрсетілетін 
жәрдем жоқтың қасы екенін баса айтты. Зейнеткер Ибраһим Баймұхамбетовтың 
айтуына қарағанда, жерді сатып алғандар оны ауыл іргесіне дейін жыртып 
тастаған, сөйтіп, жекеменшік шаруалардың мал жаятын өрісі тарылып қалған. 
Еділбай Ахметов бізге сол тұстағы облыс әкімі Сергей Кулагинге және 
«Нұр-Отан» партиясының облыстық филиалына ауыл тұрғындары биылғы 
жылдың басында жолдаған хаттың көшірмесін көрсетті. Хат авторлары 2010 
жылы Шоқанның туғанына 175 жыл, іргесін Шыңғыс сұлтан қалаған Күнтимес 
ауылына да биылғы жылы 175 жыл толатынын, хан ұрпағының ордасы болған 
қонысқа назар аудару қажет екенін айтып, Шоқанның мерейтойы қарсаңында 


46 
әкімдік тарапынан қандай шаралар жоспарланғаны туралы сұрау салған екен. 
Облыстық ішкі саясат басқармасы берген жауапта ұсақ-түйек мәдени-
бұқаралық шаралар ғана көрсетілген, оның біразы Шоқан табаны тиген 
Әулиекөл ауданында өтетіні айтылыпты. Күнтимес туралы бір ауыз сөз жоқ.
2009 жылы тамыз айының орта шенінде Күнтимес ауылында тұрғындар 
жиыны болып өтті. Онда көтерілген негізгі мәселелер: ауылды туристер келетін 
мекенге айналдыру, Шоқан туған мекенді көркейту. Бұл үшін ауылдағы 
мектепті сақтап, сырттан келетін қандастар үшін жағдай туғызу керек. 
Айтылған сөздерде мүмкіндігіне қарай ұлттық киім тігетін кәсіпорын, шағын 
шұжық зауытын, тауық өсіретін фабрика ашып, ауыл тұрғындарын жұмыс 
орнымен қамтамасыз ету, ауылға келетін жолды жөндеу секілді күрделі 
жоспарды жүзеге асыру туралы ұсыныстар бар. Ауыл тұрғындары бұл 
тілектерін облыс әкімі Сергей Кулагиннің сөзіне сүйеніп айтып отыр екен. 
Өйткені ол 2004 жылы тұрғындардың жазған хатына байланысты негізгі 
мәселелер Шоқанның 175 жылдық мерейтойы қарсаңында жүзеге асады деп 
уәде берген. Бұл бас қосуға қатысқан Сарыкөл аудандық әкімдігінің ішкі саясат 
бөлімінің бастығы Елена Бауэр және Краснодон селолық әкімі Николай 
Казюмский Шоқан мерейтойын аудандық деңгейде ғана өткізуге мүмкіндік бар, 
барлық жағдайды түсіндіріп, нақты шараларды өткізу үшін облыс 
басшылығына шығамыз деген пікірлерін білдірді. Қазіргі уақытта 
тұрғындардың біразы басқа жаққа қоныс аударуда. Ауыл мектебі келесі оқу 
жылы жабылып қалуы мүмкін деген қауесет бар. Клуб қыста жылытылмайды. 
Аудан орталығына қатынайтын тас жолдың тозығы жеткен. Мектептегі Шоқан 
музейі ғана ғалым өмірінен сыр шертеді. Биылғы жылы мектепке күрделі 
жөндеуге қаржы бөлінсе де, ол жүзеге аспаған. Қазіргі уақытта орталау қазақ 
мектебінде 25 оқушы ғана бар. Мектеп директоры Берік Игіліков мектеп 
жабылса, ауылдың тең жартысы көшіп кетеді деп алаңдаулы.
Өлеңдерін жатқа оқитын жетпіс жастан асқан Жанкүміс Әбішевадан 
ауылдағы әкімқаралардың өзі сескенеді. Жанкүміс әжейдің билікті сынап 
жазған кейбір жырларын жұрт жаттап алып, ел арасында қанатты сөздерге 
айналып кеткен. Сарыкөл ауданындағы Күнтимес елді мекеніндегі Шоқан 
Уәлиханов атындағы орта мектептің директоры Берік Игіліков жасы жетпістен 
асқан Жанкүміс Әбішеваны «бұл әжей біздің ауылдың ақыны» деп 
таныстырды. Қарияны облыс, аудан жұртшылығы көп біле қоймайды, алайда, 
ауылдастары біздің ақынымыз деп құрметтейді.
Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың кіндік қаны тамған қасиетті 
ауылға келін болып түскен әжей кенже баласы мен келінінің қолында тұрады. 
Құдай қосқан қосағы осыдан біраз жыл бұрын ол дүниелік болып кеткен. 
Жанкүміс әжейдің ұлы Жолболсын осы ауылда клуб меңгерушісі, келіні Айман 
мұғалім болып қызмет атқарады. Бізді қатты таңқалдырған жайт, хат 
танымайтын әжей өлең шығарып, оларды жатқа соғады екен. Жатқа болғанда 
да құр тақпақтап оқымайды, шығарма өлеңдерін баяғы халық ауыз әдебиеті 
үлгілері секілді белгілі мақамға салып, әнге қосып айтады. «Бұл кісінің хат 
танымай қалуына жасында көзінің нашар көруі себеп болдыма, әлде жастай 
келін болып түсіп, күнделікті шаруа күйбеңінен қолы тимеді ме, ол жағын кесіп 


47 
айту қиын. Бірақ, жадына барлығымыз таң қаламыз. Осыдан көп жыл бұрын 
айтылған, ел аузында қалған Ықылас бидің «Күнтимес, күндік жерден 
көрінесің, балқытып тұла бойды жібересің» деп басталатын өлеңін ең алғаш 
осы кісінің аузынан естіп едік. Әсіресе, «Күнтиместей жер қайда-ай, керей-
уақтай ел қайда-ай!» –деген қайырмасын айтқанда, елдің бәрі жылайтын» – 
дейді ауыл тұрғындары. «Бұл кісі орысша да жақсы сөйлейді. Анда-санда 
ауылға келген кезімде «сен әкіммін деп шіренбе. Әкім болсаң, халыққа жақын 
бол! Біздерге анау керек, мынау керек!» – деп екі аяғымды бір етікке тығады» – 
дейді селолық округтың әкімі Николай Иванович Козюмский. 
Қостанай облысының Ұзынкөл ауданында туып-өскен әжей төркініне 
барғанда ауылда мешіт салғызып, көпшілікті намазға жыққан Есенкелді имамға 
ырза болып: «Есенкелді қарағым, алдыңнан жансын шырағың, бала-шағаң аман 
боп, Балықты болсын тұрағың» – деп өлеңмен батасын берген. 
Ал осы ауылдағы келеңсіз көріністерді көзі шалғанда ыза болып: 
«Алтын бесік – ел іші» деп айтады бабалар, сол бесікте тербелген 
Адасып жүр балалар. Көтере алмай тойғанын, біреулер жүр семіріп. Қатқан 
нанның қалдығын біреулер жүр кеміріп» – деп қапа болған. Ақын әженің бұл 
өлеңін жергілікті мектептің мұғалімдері компьютерге түсіріп, көбейтіп, елге 
таратыпты. Күнтиместегі зиратты бұзып, кірпішін алған, кейін көзінен 
айырылған адамның оқиғасына байланысты ақын ана толғау шығарған. Толғау 
«зират бұзған уәкіл өз жазасын алыпты, жанарынан айырылып, көзі көрмей 
қалыпты» деген жолдармен аяқталады.
Ал оның өзінің сөздерімен айтсақ, «жаз жайлауын жайлаған, қыс қыстауын 
қыстаған, суы бал, жері май» қоңыс туралы ақын әже былайша толғанған: 
«Шоқан туған ел қандай, Жайқалып тұрған бел қандай, Әруақ қонып, нар 
шөккен, Күнтиместей жер қайда-ай? Күнтимес – алтын бесігім, Келін боп 
аштым есігін. Осы өлеңді шығарған Жанкүміс менің есімім». Ауылды көзден 
таса қылған әкімқараларға Жанкүміс әже қара қазандай өкпесін де 
жасырмайды. «Күнтимес – елім ардақты, егін салып, мал бақты, қандай әкім 
келсе де, көрмей жүр ғой ел жақты» – дейді. 
Жанкүміс әжейге газет-журналдар мен кітаптарды немерелері оқып берсе, 
өзі радио тыңдап, теледидар көргенді ұнатады. Сондықтан да елде болып 
жатқан жаңалықтарды қалт жібермейді. «Ара-тұра Азаттық радиосын 
тыңдаймын. Алайда, байланыстың нашарлығынан күріл мен сырыл көбейіп 
кетіп, көбінесе сөздерін аңғару қиын болатын жайлар бар» – дейді ақын әже.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   27




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет