ОҚУ Әдістемелік материалы семей


-тапсырма. Мәтінге жоспар құрып, жоспар бойынша толықтырып, әңгімелеп беріңіздер



бет26/27
Дата15.06.2016
өлшемі2.22 Mb.
#137047
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27

542-тапсырма. Мәтінге жоспар құрып, жоспар бойынша толықтырып, әңгімелеп беріңіздер.

543-тапсырма. Мәтіннен алынған сөз және сөз тіркестерін қатыстырып, қарсылықты салалас құрмалас сөйлемдер құрастырыңыздар.

Автокөліктердің түтіндері, өзгеріске ұшырауы, ағаштардың «ауыруы», қорғасын, кадмий, өсімдіктердің жапырақтары, адам ағзасы, химикаттар, улы заттар, Алматының экологиясы, ауа бассейні.


544-тапсырма. Қарсылықты салалас құрмалас сөйлемдердің жалғаулықты шылауларын қатыстырып, сөйлемдер құрастырыңыздар.

Бірақ, алайда, дегенмен, әйтсе де, сонда да ( но, однако, иначе, все-таки).



15-апта. 43-тәжірибелік сабақ

Грамматика: Талғаулы, түсіндірмелі салалас құрмалас сөйлемдер.

545-тапсырма. Наурыз мерекесі туралы мәтінді мұқият оқып, түсініп, мазмұндаңыздар.
Халқын сүйген – салтын сүйер

* * * * *

Наурыз – шығыс халықтарының мерекесі.

Батаменен ел көгерер
Көтерген Айсұлуды Алып өгіз

Көтерген Аспан туы, ол – Наурыз

( Низами)

Қазақтан – Наурыз, Алаш екі ұл туған,

Наурыздың деп айтады үлкен жасын.

Ұрпақсыз өлген Наурыз жазғытұры,

Келер жылы көктемде оның беріпті асын.

Қазақтың балалары сонан бері,

«Наурыз»деп қойыпты атап жылдың басын,-
деп қазақ шежірелерінде айтылған. Онда Наукрыз (Наурыз), Алаш деген бірге туысқан нақты адамдар екендігі көрсетілген. Ауызша тарих-шежіреде айтылған бұл деректер өте маңызды. Себебі Наурыздың Қазақ, Алаш болғаны ерте замандардан келе жатқан үрдіс екені көрінеді. «Көктемде ас берді дегені» – жыл басы көктем мерекесі ежелден аталып келе жатқанын меңзейді.

Наурыздың қазақ қоғамындағы рөлі кез келген астан, тойдан, басқа да шаралардан жоғары болған. Белгісіз автордың жазуы бойынша: «...Қайда атақты бай болса, Наурызнаманы сол байға қалдырады екен. Төле билердің заманында Наурызнаманың қадір-құны, астан, тойдан ілгері болады екен...», - делінген. Наурызнама – шат-шадыман, ойын-сауық, той, - деген мағынаны білдіреді.

Қазақстан халқы ортада 1926 жылдан бері Наурызды ресми түрде тойлауы үзіліп қалғанан кейін сүйікті мейрамы – жаңа жыл наурызбен қайта қауышып, ата салтын қайта жаңғыртып, 1988 жылдан бері тойлап келеді. Бұл мерекені шығыс елдері – Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғаныстан, Тәжікстан, Пәкістан ерте кезден өткізеді. Наурыз табиғат пен адамның үндестігін көрсетеді, күн мен түннің теңелген күні.

Наурыз – жыл басы. Парсы тілінде «нау» – «жаңа», «руз» – «күн», «жаңару» деген ұғымдарды білдіреді. Халық мерекеге алдын-ала дайындалады. Дәстүр бойынша үйге қос шырақ жағылады, ыдыстар ернеуіне дейін айранмен, сүтпен немесе бұлақ суымен толтырылады. Бұл – тоқшылықтың белгісі.

Науыз – достық, еңбек, бейбітшіліктің мерекесі. Ұлыстың ұы күні адамдар бір-біріне деген реніштерін ұмытып, өзіне де, өзгеге де жақсылық тілеген. Дастарқанның басты асы – наурызкөже болған. Наурызкөже жеті түрлі тағамнан жасалады. Наурызкөжені тойып ішу керек, сонда жыл бойы тоқшылық болады, - деген сенім бар. Дастарқан басында жастар үлкендердің батасын алған. Бата – үлкендердің өзінен жасы кішілерге беретін ықыласты тілегі. Ақсақалдар: «Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын, қайда барсаң, жол болсын!», - деп бата береді.

Дәстүр бойынша Наурыз айтысы өткізіледі. Бұл жақсылық пен жамандықтың, суық пен жылының, жаз бен қыстың айтысы. Мереке қызған кезде, ұлттық ойындар ойналады.

Көне деректер бойынша, наурыз тоғыз күн тойланады екен. Ол той «Наурызнама» деп аталған. Әдетте, оны бай, ауқатты адамдар жасаған.

Абай өзінің тарихи бір мақаласында : «...Сол күнді «Ұлыстың ұлы күні» дейді екен», - деп жазады. Ақын Наурыз тойын дінмен байланыстырмай, көктем мерекесі екенін ашық жазады.

Ахмет Байтұрсынұлы : «Наурыз – қазақша жыл басы», - дейді. Міржақып Дулатов : «Мұсылман жұрттарына ортақ, жылына екі рет келетін ораза, құрбан айттарын есепке алмағанда, бізде жалғыз мейрам бар, ол – Наурыз», - деген. А.Диваев оңтүстік өлкеде ақпанның аяғында, қар еріген кезде наурыздың атап өтілетінін көрсетеді.

Наурыз туралы көп айтуға болады. Сонымен, Наурыз – ерте заманнан қалыптасқан бүкілхалықтық Жаңа жыл. Ол – көктем, еңбек, шат-шадыман, ойын-сауық мерекесі. Наурыз – тазалықты, жан тазалығын, тән тазалығын, кешірімшілдікті, адалдықты, достықты, татулықты насихаттайтын мереке.
546-тапсырма. Мәтіннің мазмұны бойынша берілген сұрақтарға жауап беріңіздер.

1. Қазақ шежірелерінде Наурыз, Алаш туралы не айтылған? 2. «Наурызнама» қандай мағынаны білдіреді? 3. Қазақстан халқы бұл мерекені қай уақыттан бері тойлап келеді? 4. «Наурыз» сөзі қандай мағынаны білдіреді? 5. Наурыз мерекесін қалай тойлайды? 6. Бұл мерекедегі басты тағамды атаңыздар. 7. Қандай ұлттық ойындар өткізіледі? 8. Наурыз – қандай мереке? 9. Наурыз туралы ұлы тұлғалар не айтқан?


547-тапсырма. Мәтіннен бірнеше сөйлемдерді алып, олардан түсіндірмелі, толғаулы салалас құрмалас сөйлемдер жасаңыздар.
548-тапсырма. Наурызға байланысты берілген түсініктеменің мағынасын меңгеріп, есте сақтаңыздар.

Наурыз – парсы тілінде бір ғана күн аты, жаңа жылдың бірінші күні – жаңа күн.

Наурыз бата – наурызға арналып сойылған малдың басы мен жамбасын, ескі жылдан қалған дәм – сүрленген қазы-қарта мен жал-жаяға берілетін бата.

Наурыз жыры – қазақ халқының жаңа жыл, Наурызға арнап айтатын тұрмыс-салт жырының бір түрі.

Наурыз көже келер жылы молшылық болсын деген ниетпен әр шаңырақ міндетті түрде беретін арнаулы тағам.

Наурыз жұмбақ – наурыз айындағы жұлдыздардың қозғалысы мен орнына, күн мен түннің теңелуіне, табиғат қозғалыстарына байланысты айтылатын жұмбақ өлең.

Наурыз тілек – наурыз күні амандасу рәсімімен құттықтау негізінде тақпақпен айтылатын қуанышты тілек.

Наурыз төл – наурыз айында туған бота, бұзау болса, оны наурыз төл деп атайды.

Наурызша қарайған жерді толық жаба алмайтын жұқалау, қылаулап жауған жұқа қар.

Наурыз шешек – наурыз айында гүлдейтін өсімдік.
Талғаулы салалас құрмалас сөйлемдер

Құрамындағы жай сөйлемдер өзара болжамдық қатынаста болады да, тек біреуіндегі істің, қимылдың жүзеге асатындығын көрсетеді.



Мысалы: Бұл істің шындығын не көзімен көрген айтар немесе құлағымен естіген айтар. Малды не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек (Абай). Бұл жерде я сен тұрасың, я мен тұрамын.

Талғаулы салалас не, немесе, я, яки, болмаса, әйтпесе, не болмаса, я болмаса, әлде деген шылаулардың қатысуы арқылы жасалады.

549-тапсырма. Төмендегі жалғаулықтарды қатыстырып, толғаулы салалас құрмалас сөйлемдер құрастырыңыздар.

Немесе, не, я, яки, болмаса, я болмаса, әйтпесе, әлде, (или, иногда, то, однажды, либо).


550-тапсырма. Талғаулы салалас құрмалас сөйлемдердің қалай байланысып тұрғанын түсіндіріңіздер.

Үлкен мөлдір қара көздерінде әлде бір еркелік, әлде наз, аса бір сыпайы ұяңдық бар (З. Қабдолов). Бұл істің шындығын не көзімен көрген айтар, немесе құлағымен естіген айтар. Малды не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек (Абай). Үлкендер бала мінезіне бір күліп, бір таңданып сүйсініп қалды (М. Әуезов). Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған тоқтадым (Абай). Күндіз ылғи ұзақ жырлар жырланады немесе шешендер айтқан тақпақтар айтылады.


551-тапсырма. Сөйлемдердегі түсіндірмелі салалас құрмалас сөйлемдердің жасалу жолдарын түсіндіріңіздер.

Жолаушылардың шаршағаны соншалықты: тамаққа да қарамай ұйықтап қалды. Ол ұлдарына екі нәрсені өсиет етті: бірі – еңбек, екіншісі – татулық. Жұрттың бәрі соған қарай дүрлікті: біреу қолын бұлғады, біреулері оның атын атап айқайлады. Айтар сөзім мынадай: ешкімге де бір шөкім жер берілмейді. Осы арада көңіл ұйытар бір нәрсе – Әуезовтың адамзаттық келбеті. Байжанның әлі дағдылана алмай жүрген бір ғана нәрсесі бар еді: ол – Сырдария бойының маса-сонасы, құрт-құмырсқа мен бақа-шаяны сияқты жәндіктері. Абайдың жалғыз ғана бір арманы – Мағжанмен тілдесіп қалу.


552-тапсырма. Қазақ халқының ұлттық мәдени байлығы, рухани қазынасы болып саналатын бата туралы мәліметпен танысып, оның құндылығын түсіндіріңіздер.
Батаменен ел көгерер
Қазақ халқының ұлттық мәдени байлығы, рухани қазынасы болып саналатын бата сөздерінің мән-мағынасы, қадір-қасиеті ерекше бағалы. Өйткені бұл ақыл, нақыл сөздер – тәрбиенің бастау бұлағы. Ата-бабаларымыздың қасиетті өсиеті – ғасырлар бойы мысқылдап жиналып, ой елегінен өткізіліп, бүгінгі күнге жеткен.

Бата ұғымы құранның бірінші сүресінің аты «фатихадан» туындаған сияқты. Мұнда Жаратушы мен оның «елшісі» Мұхамедке мадақ сөз айтылады.

Халықтың тілек-батасы – жеткіншек жас ұрпақты әдепті, сабырлы, арлы болып өсуге баулиды. Елін, жерін қорғауға талпынтады.

Белгілі бір этикалық, эстетикалық, педагогикалық жүйемен құрылған тілек-бата сөздер – халықтың өзімен бірге жасасып келе жатқан ежелгі мұрасы. Бұлар – оның рухани өмірінде тұтастық бірлігін, салт-дәстүрін, адамгершілік қасиеттерін сақтауда ерекше қызмет атқарады.

Бата – адам баласына тек жақсылық тілеу мақсатында айтылатын ертеден қалыптасқан дәстүр. Кейіннен тілек айту, сол тілекке жету «құдіретке байланысты», - деген сеніммен батаның нұсқалары қалыптасты.

«Үйің құтты болсын», «Сапарың оң болсын», «Жайлы жатып, жақсы тұрыңыз» деген тілектер қысқа да, нұсқа айтылған баталық сөздер. Бата қарт адамдардың ризалық сезімін, жақсы тілектерін білдіреді: «Еліңнің елеулісі, халқыңның қалаулысы бол», «Шырағың сөнбесін», «Отбасыңнан бақыт кетпесін», «Арманыңның асуына жет», «Берекелі тірлік, мерекелі бірлік берсін», - деп жастарды халқын сүюге, бірлікке, тірлікке шақырып тәрбиелейді.

«Жауынменен жер көгерер, батаменен ел көгерер», - деп, халық батаны киелі сөз ретінде жоғары бағалайды. Оны жас ұрпақ жаттап, жадында сақтайды.

Бата беру – адал ниет, жақсы тілек білдірудің ұлттық дәстүрі. Халық ақ батадан рухани қуат алады, ол жақсылыққа жол ашады деп сенеді.

Батаның бірнеше түрлері бар: жас талапкерге бата; дастарқан батасы; алғыс батасы; наурыз батасы; шілдехана батасы; жас жұбайларға бата; жол жүрерде беретін бата; жаңа айдың батасы; теріс бата; серттесу батасы және т.б. Олардың кейбіреуіне тоқталсақ:

Дастарқан бата. «Дастарқаның мол болсын, Абыройың зор болсын» ( Ақ бата).

Алғыс батасы. «Бақ берсін, бас берсін. Өміріңе ұзақ жас берсін» ( Ақ бата).

«Батаменен ел көгерер, жауынменен жер көгерер», - деген сөз адамды ізгілікке, мейрімділікке баулиды.

Жаңа айдың батасы. «Жаңа айда – жарылқа, ескі айда есірке» ( бата). Жаңа туған айды көрген әр адам осылайша бата жасап, бет сипайды.

Наурыз батасы. Бұл батаның орны ерекше, ол жалпы көпшілікке бағытталады:

Ұлыс оң болсын, Төрт түлік ақты болсын!

Ақ мол болсын, Ұлыс береке берсін,

Қайда барсаң, жол болсын! Бәле-жала жерге енсін!

Ұлыс бақты болсын,

Болашақ ұрпағына ұзақ өмір, табыс тілеу адамзаттың асыл мұраты болса керек:

Айдай жарқыра, Маңдайың ашық болсын,

Жұлдыздай жалтыра, Дұшпаның қашық болсын.

Қазақ халқының бата сөздеріне оның тарихи салт-дәстүрі, танымдық ерекшеліктері, әсіресе болашақ ұрпағын тәрбиелеуге негізделген ізгі арман-аңсары жарқын көрініс береді.


Түсіндірмелі салалас құрмалас сөйлемдер

Құрамындағы жай сөйлемдердің алдыңғысы соңғысына нұсқап, ал соңғысы алдыңғы сөйлемнің мазмұнын ашатындай, талдап түсіндіріп тұратын құрмаласты түсіндірмелі салалас дейміз.

Түсіндірмелі салаластың жай сөйлемдері жалғаулықты шылаусыз, іргелес байланысады. Бірінші жай сөйлемде көбінесе сілтеу есімдіктері мен сілтеу мәнді сөздер (мынау, мынаны, сол, сонша, соншалық, сондай) болады.

Түсіндірмелі салаластың ара жігіне қос нүкте, не сызықша қойылады. Сызықша сонша, соншалық, сондай деген баяндауышы бар сөйлемдерде жиі қойылады.



Мысалы: Байжанның әлі дағдылана алмай жүрген бір ғана нәрсесі бар еді: ол – Сырдария бойының маса-сонасы мен құрт-құмырсқа, бақа-шаяны сияқты жәндіктер, Жұрттың бәрі соған қарай дүрлікті: біреу қолын бұлғады, біреулері оның атын атап айғайлады. Жамандық жалын секілді: өзін де, өзгені де жалмай берді. Тұманның қалыңдығы сонша – түк те көрінбейді.

553-тапсырма. Мәтіннен алынған сөз және сөз тіркестерін қатыстырып, түсіндірмелі салалас құрмалас сөйлемдер құрастырыңыздар.

Мәдени байлығы, қадір-қасиеті, ата-бабаларымыз, бата ұғымы, әдепті, сабырлы, тілек- бата, ежелгі мұра, салт -дәстүр, батаменен ел көгерер, дастарқан батасы.


554-тапсырма. Төмендегі талғаулы салалас құрмалас сөйлемдерді өз ойларыңызбен толықтырыңыздар.
Біз бір жылдың ішінде тілді үйреніп шығуға мүмкіндік жасаймыз, немесе ............ . Бүгінгі тартыста Абай тобы не ұтады, не .............. . Студенттер сабақ барысында білімін шыңдап шығады, немесе .............. . Анамның көзіне жас үйірілді, ол қуаныш жасы болуы мүмкін, әлде ................. . Күні бойы күн бұлттанып түнеріп тұрып алды, не жауар, не .................. . Арқаның кешкі самал желі біресе салқын, біресе .............. .
555-тапсырма. Екі жай сөйлемдерден талғаулы салалас құрмалас сөйлемдер жасаңыздар.
1. Екеуіміз сабаққа дайындалайық. Біраз серуендеп келейік. 2. Қонақтар қонақ үйге барады. Кешке қарай жолға шығады. 3. Мен Ақтөбеге пойызбен барамын. Ұшақпен ұшқанды да жөн көріп отырмын. 4. Әбден тынығып алған қонақтар бірден жатып демін алар. Астарын сіңіру үшін әңгімелесіп біраз отырар. 5. Бұл адамдардың ортасынан кетуім керек. Барша жанға тынымсыз болатын зұлымдықты қоюым керек екен ғой (Шәкәрім). 6. Өзеннің жағасында сайдағы ағаштардың көлеңкесінде отырады. Өзінің басқаға жем болмауын көздейді (Ғ. Мұст).
556-тапсырма. Төмендегі сілтеу есімдіктері мен сілтеу мәнді сөздерді қатыстырып, түсіндірмелі салалас құрмалас сөйлемдер құрастырыңыздар.
Ү л г і : Оның қорыққаны сондай – не айтып, не қойғанын білген жоқ. Өтірік сөз жарақат сияқты: жазылса да орны қалады. Адамды екі нәрсе қартайтпайды: бірі – жақсы мінез, екіншісі – жақсы сөз.

Мынаны, мынау, сол, сонша, соншалық, сондай.



15-апта. 44-тәжірибелік сабақ

Грамматика: Одағай.

557-тапсырма. Бала тәрбиесіне байланысты халық даналығы, қазақ халқының салт-дәстүрлерімен танысып, оның тәрбиелік мәнін түсініп, өз білетіндеріңізбен толықтырып, мазмұндаңыздар.
Бала тәрбиесіндегі халық даналығы, салт-дәстүрлер.

Ораза, құрбан айттарының тәрбиелік мәні
Бала – өмірдің жалғасы. Балаға өнер үйретіп, кәсіпке баулу, тиянақты білім беру, абзал азамат етіп тәрбиелеу адамзат қоғамының басты міндеттерінің бірі. Жанұяның жемісі, алтын діңгегі, тіреуі – бала. Осы ойды халқымыз – «Бесіксіз үйде береке жоқ», - деп түйеді. Бұл – әр ошақтың түтіні сөнбесін деген ізгі тілектен туған сөз ғана емес, сонымен бірге елдікті ойлау, елдің ертеңгісі жөнінде қам жеу. Қазақ халқы баланы өмірдің жалғасы, мәні мен сәні деп бағалаған. Ата-бабаларымыздың: «Бір баласы бардың шығар-шықпас жаны бар, көп баласы бардың үйінде жанған шамы бар», «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар», «Бала адамның бауыр еті» сияқты пайымдауларында терең мағыналы көзқарас жатыр.

Бала тәрбиесі отбасынан басталады. Оның өмірге белсенді көзқарасының бағыты үлкендер арқылы тәрбиеленеді. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда, оны түзете алмайсың», - деп бекер айтпаған. Сондықтан баланы кішкентайынан ізгілікке, мейірімділікке, адалдыққа тәрбиелеуде отбасының рөлі үлкен. Мектепке дейінгі баланың рухани-адамгершілік дамуы, оның балабақша мен отбасының арасындағы қарым-қатынасының тығыздығы артқан сайын ойдағыдай жүзеге асады.



Тәрбиенің негізгі мақсаты – дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, парасатты, еңбекқор, іскерлік қасиеттері қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеу.

Рухани-адмгершілік тәрбие – бұл дұрыс дағдылар мен өзін-өзі ұстау дағдыларының нормаларын, қарым-қатынас мәдениетінің тұрақтылығын қалыптастырады.

Сананың қалыптасуы – ол баланың мектепке бармастан бұрын қоғам туралы алғашқы ұғымдарының қалыптасуынан басталады.

Мақал-мәтелдер, қанатты, өсиетті сөздер, халық даналығы, жұмбақ, айтыс өлеңдер – адамгершілікке тәрбиелеудің арқауы. Үлкендерді сыйлау – адамгершіліктің негізі. Адамзаттық құндылықтар бала бойына іс-әрекет барысында, әр түрлі ойындар, хиқаялар, ертегілер, қойылымдар арқылы беріледі.

Адамгершілік тақырыбы – мәңгілік. Ол ешқашан ескірмейді. Жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіруді бесік жырынан бастау керек.

Ұрпақ тәрбиесі – келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени-ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу – қоғам алдындағы әр азаматтың борышы.

Мектепке дейінгі адамгершілік тәрбиесі – балалардың адамгершілік сана-сезімін, мінез-құлқын қалыптастырады. Дәлірек айтқанда, кішіпейілділік, сыпайылылық, үлкенді сыйлау, инабаттылық тәрбиесінің сатылап қамтитын мәселелері.

Қазақ халқының салт-дәстүріндегі бір ғана бала тәрбиесіне байланысты соңғы жылдарда көптеген ғылыми-көпшілік, ғылыми-әдістемелік әдебиеттер жарық көрді. Бұл еңбектер кейінгі ұрпаққа асыл қазына ретінде тарту етуге тұрарлықтай шығармалар. Мысалы, өмірге ұрпақ жалғасы нәресте келгендегі ел қуанышының жарқын көрінісі – сүйінші, көрімдік сұрау, байғазы беру өте жарасымды дәстүр. Өмір табалдырығын жаңа аттаған нәрестелерге арналған шілдехана, балаға ат қою, бесікке салу, бесік жыры, бесік тойы, нәрестені қырқынан шығару, тіл ашар, тұсау кесу, атқа мінгізу, сүндет тойы – осының барлығы халқымыздың тот баспайтын асыл қазынасы.



Бесікке салу. Шілдехана өткеннен кейін баланы бесікке салады. Бала халықшыл болсын деп, бесіктің үстіне тон, шапан жабады. Ат жалын тартып мінсін деп қамшы іледі, көз тимесін деп тұмар тағады, қырандай көреген болсын деп бүркіттің тұяғын байлайды.

Қырқынан шығару – Туғанына қырық күн толғанда баланы қырқынан шығарады. Әйелдердің үлкені «Отыз омыртқаң жылдам бекісін, қырық қабырғаң жылдам қатсын» деп, баланың үстіне қырық қасық су құяды.

Тұсау кесу. Тұсау кесу – сәби қаз тұрғаннан кейін, жығылмай, тез жүріп кетсін, болашағы жарқын болсын деген тілекпен жасалатын дәстүр. Тұсауды ақ, қара жіпті ширатып, ала жіппен кеседі. Ол балаға болашақта адал бол, ешкімнің ала жібін аттама, шыншыл, әділетті бол дегенді білдіреді.

Атқа мінгізу тойы. Бала 4-5 жасқа толғанда, әке-шешесі ұл балаға арнап ат, ертоқым даярлайды. Тойға келушілер қамшы, садақ, т.б. саймандарды әкеліп сыйға тартады. Бұл – баланы азамат болуға жарадың деген ырымды білдіреді. Ержеткенде еліңді, жеріңді қорғауға дайын болуының керектігін меңзейді.

Ата-бабамыз ұрпақ тәрбиесіне аса зор мән берген. Өйткені ұрпақ – болашақ. Оны жақсы түсінген халық: «Балаңды беске дейін патшаңдай күт, он беске дейін қосшыңдай жұмса, он бестен кейін құрдасыңдай сыйла»,-деп бұкіл тәрбиелік тағылымды үш-ақ сөзге сыйдырған. Қазақ халқының даналық сөздерінің мағынасы, тәрбиелік мәні өте жоғары. Қазақ халқының ұрпақ өсірудегі міндеті осындай қарапайымдылыққа құрылған.


Сөздік:

ізгілік – добро сана-сезім – самосознание; чувство

садақ – лук тағылым – урок; пример

инабаттылық – благонравность

кәсіп – занятие; профессия; специальность

парасат – разум; рассудок; здравомыслие; интеллект; смышленнось

қамшы – кнут; плеть; плетка; бич; нагайка

байғазы – подарки детям в честь обновки

даналық – мудрость; премудрость; гениальность

көрімдік – подарок, дающий право увидеть невесту или новорожденного


558-тапсырма. Мәтіннің бірінші мағыналық бөлігіне берілген сұрақтарға жауап беріңіздер.

1. Бала тәрбиесіне байланысты айтылған қандай халық даналығын білесіздер? 2. Ол айтылған даналық-құндылықтардың мағынасын қалай түсінесіздер? 3. Баланы тәрбиелеуді қай уақыттан бастау керек? 4. Тәрбиенің негізгі мақсаты не? 5. Рухани тәрбие нені қалыптастырады? 6. Баланың санасы қай кезден қалыптасады? 7. Мақал-мәтел, қанатты, өсиетті сөздердің, ертегілердің баланы тәрбиелеудегі маңызы қандай? 8. Адамгершілік тақырыбы туралы не айтасыздар?


559-тапсырма. Мәтіннің екінші мағыналық бөлігіне сұрақ-жауап (сұхбат) құрастырыңыздар.

Ү л г і:

– Қазақ халқының салт-дәстүрлеріндегі бала тәрбиесіне байланысты зерттеулер,

әдеби басылымдар бар ма?

– Қазақ халқының салт-дәстүрлеріндегі бала тәрбиесіне байланысты соңғы

жалдарда көптеген ғылыми-көпшілік, ғылыми-әдістемелік әдебиеттер жарық

көрді.
560-тапсырма. Мәтіннен алынған сөз және сөз тіркестерімен



сөйлемдер құрастырыңыздар.

Өмірдің жалғасы, адамзат, бала, адалдық, мейірімділік, отбасы, қарым-қатынас, негізгі міндет, дағды, мақал-мәтел, халық даналығы, құндылықтар, салт-дәстүр, кішіпейілділік.


561-тапсырма. Бала тәрбиесіндегі салт-дәстүр қандай мән-мағына береді? Жауаптарыңызды көрсетілген жолдарға толтырыңыздар.
1. Сүйінші сұрау ------------------------------------------------------------------------

2. Көрімдік беру-------------------------------------------------------------------------

3. Балаға ат қою--------------------------------------------------------------------------

4. Бесік. Бесік тойы----------------------------------------------------------------------

5. Сүндет тойы---------------------------------------------------------------------------

6. Тілашар тойы--------------------------------------------------------------------------

7. Базарлық--------------------------------------------------------------------------------

8. Тыйым салу----------------------------------------------------------------------------


562-тапсырма. Мәтіннен бірнеше сөйлемді алып, оның негізгі мағынасын сақтай отырып, одағайы бар сөйлемдер жасаңыздар.
Одағай (Междометие)
Дербес мағынасы жоқ, адамның алуан түрлі көңіл-күйін білдіретін сөз табын одағай деп атайды.

Мысалы: Япырым-ау, қайда сол күндер?! Аухау-аухау деп кешкі тымық даланы басына көтерді.

Междометие – это часть речи. Междометиями называются неизменяемые слова, служащие для передачи различного рода чувств, эмоций, переживаний, боль, тоску, радость, удивление, гнев и так далее. Междометие отдельно не имеет лексического значения.



Междометия по значению делятся на 4 вида:

1. Көңіл-күй одағайлары (Эмоциональные междометия);

2. Жекіру, ишарат одағайлары (Императивные междометия);

3. Шақыру одағайлары (Призывные междометия);

4. Тұрмыс-салт одағайлары (Бытовые междометия).
563-тапсырма. Сөйлемдерді қазақ тіліне аударып, ондағы одағайлардың оқылуына назар аударыңыздар.

Ах, как сегодня чудесно! Ох, что теперь будет? Ура, мы идем на каникулы! Ой, какая у кошки мягкая шерсть! Э, тогда ты будешь волком. Эй, иди сюда! Большое спасибо, друг мой! Эй, прекрати говорить!


564-тапсырма. Одағайларды тауып, мәнерлеп оқыңыздар.

Па, шіркін, жер деп осыны айтсаңшы! Ой, мынау әнші екен ғой! Мынаның дауысы қандай, ей! Қарағым-ау, босағада тұрғаның не, үйге кірсеңші! Қап, әлгі әртіс қызды мына Жанай ағасына көрсететін едім. Әттең, кетіп қалғанын қарашы! Уһ, осындай семсерім болып, мен де кезінде Ұлы Отан соғысына барсам ғой! Бәрекелді, көп жаса, балам! Жолың болсын! Моһ-моһ, іше ғой! Уһ, жүктің ауырын-ай! Пай-пай! Шіркін, қазақтың келіндері-ай! Бәрекелді, жаңа бір күш біткендей болды!



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет