С.Мәуленовтың табиғат лирикасы. Психологиялық параллелизм
Сырбай да сол дәстүрді жалғастырушы. Ол тек тау суретін жырлауға бір топ өлең бағыштаған. “Көк таулар”, “Қаратау”, “Алатау”, “Таулар күледі”, т.б. Бұл өлеңдері біріне-бірі ұқсамайды, тақырыбы бір болса да, себебі, айтар ойы алуан түрлі. Ақынға таудың тәкаппар биіктігі, жықпыл-жықпыл тастары, асқар шыңдары, зеңгір көкпен таласқан шоқылары рух береді, содан барып лирик табиғатпен сырласып өзі де бір іштей тілегендей сыр төгеді. Ақын тауды тура табиғи кейпін жырлаудан гөрі тауды фон етіп алып өзінің сезім дүниесін, көңіл-күй әлемінің тебіренісін осы фонға ұштастырып жібереді. Табиғи көрініс те, ақын сезімі де ұштасып өлең әлемінің терезесін айқара ашып жібергендей болады. . Тау – қайсарлықтың, қаһарлылықтың, биіктіктің, сонымен қатар сұлулық пен кербездіктің, алыптықтың да символы ретінде көрінеді.
Ақын табиғаттың әсемдігін жырлай отырып, өзінің табиғатқа деген қатынасын білдіріп отырады:
Таулар күледі,
Төбесіне күн шыққанда.
Тастар күледі,
Төсіне көк қына гүл шыққанда.
Ақын күледі,
Айлар бойы дірілдеп.
Жүрегінен жыр шыққанда [1,178].
Ақын өлең жолдарынан табиғат құбылысының мінезін сезесің, әрі сыршыл лирик өзінің сезімін де қоса өреді.
Табиғатты көркем туындыға тиек еткенде, әрбір суреткер оған өзінің қарым-қатынасын, кейде көзқарасын білдіріп отырады, сол арқылы адам тағдырын, тіршілігін жырлауды белгілі деңгейде нысана етеді. Ақынның “Табиғат пен адам” атты өлеңіне назар аударайық:
Сөйлетсе егер өзендерді,
Тіл берсе егер ормандарға,
Талай өткен кезеңдерді,
Айтар еді бар ғаламға
Немесе:
Тасқын шайса, күнге қызып,
Желге үстімді кептіремін.
Желмен жайлап бірге жүріп,
Тау боп биік көк тіредім.
Жоқ ұштығы жол шегімнің,
Аспан мен Жер – сол серігім.
Мен – дүние өлшемімін,
Мен – табиғат бөлшегімін,
деп, Сырбай тербегеніндей, әр ақын өзін табиғат-ананың бір бөлшегімін деп санайды.
С.Мәуленов жырларындағы күтпеген жерден көлденең шыға келетін соны образдылық – бейнелік тосындық қазақ поэзиясының көркемдік тәжірибесін байытты. Болмысты, табиғатты, т.т. басқалар ауызға алмаған, “аңғармаған” қырынан таныту – ақындық қырағылықтың, суреткерлік мергендіктің жемісі. Мәселен: “Жазғы сурет” атты өлеңіндегі:
Көк жүзінде дөңгеленген кептердей,
Сүттей аппақ жарқырайды жазғы ай.
Аспан беті ашық жатқан дәптердей,
Ал жұлдыздар соған түскен жазудай.
...Жел қарғиды қарағайдан секіріп,
Соның лебі – бұтақтардың дірілі, –деген жолдардағы алғашқы шумақтағы әдемі көрініске бәлендей таңдана қоймаймыз. Ал жел қарағайдан қарғып секіргенде, бірден елең еткізеді. Гәп – қимылда немесе қозғалыста емес. Мәселе желге “жан” бітіп, қарғып желпінуінде.Егер алғашқы шумақта, көзге елестерліктей нақты дәйек – суреттер салыстыру арқылы сабақтасып, суреттер ұжымының ұясындай әсер етсе, кейінгісінде бұтақтардың дірілінен басқа “қолға ұстарлықтай” ештеңе жоқ. Жел қарғып түскен де, кеткен де, жүрген де жоқ; қарғиды – демек, жалғасып жатқан процесс. Сенбеске лаж жоқ: дәлел – бұтақтардың дірілі. Ойнаған, ойқастаған, жортқан, жортақтаған емес, ағаштардың арасымен қарғиды. Бұрын-соңды көрінбеген қозғалысты түйсікпен танып, ақылмен шамалаймыз. Көзге көрнектеліп көрінбесе де, көңілмен аулайтын көркемдік әлемі өзгеге ұқсамайтын, өзгені еске салмайтын “біртуарлығымен” жаңаша.
Достарыңызбен бөлісу: |