Білім беру бағдарламаларының Тізіліміне қатысты
ҚР Білім туралы Заңының 17-бабының 2-тармағына сәйкес ТжКОБ білім беру бағдарламаларының тізбесі техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларының Тізілімінде (бұдан әрі – ББ Тізілімі) қамтылады.
2024 жылдың қаңтарында ББ Тізілімін қалыптастыру және жаңа құрылым бойынша 2024-2025 оқу жылына арналған білім беру бағдарламаларының сараптамасы бойынша жұмыс басталады.
Бүгінгі таңда Тізілімді жүргізу тетігі толығымен автоматтандырылған.
ББ Тізілімге енгізу төрт кезеңде жүргізіледі:
1) білім беру ұйымының ақпараттық жүйеде электрондық өтінімді толтыруы;
2) ҚР НҚА ТжКОБ сәйкестігіне бастапқы сараптама және өтініш берушіге пысықтауға жіберу (ескертулер болған жағдайда);
3) сараптау тобының ББ сараптама жүргізуі және өтініш берушіге пысықтауға жіберу (ескертулер болған кезде);
4) бағдарламаны Тізілімге енгізу немесе өтінімді қабылдамау.
Ақпараттық жүйе колледжге ББ пысықтауға жіберілгенін, Тізілімге енгізілгенін немесе қабылданбағаны туралы автоматты түрде хабарлайды. Оң сараптамадан кейін білім беру бағдарламасына тіркеу нөмірі мен QR-код беріле отырып, Тізілімге енгізіледі.
«Білім беру жүйесінде кәсіптік стандарттарды қолдану» пилоттық жобасы аясында 17 колледж жаңартылған 47 кәсіптік стандарт негізінде жаңа құрылым бойынша 46 білім беру бағдарламасын әзірледі. Бұл білім беру бағдарламалары ақпараттық жүйені апробациядан өткізу мақсатында ББ Тізіліміне енгізілген.
«ТжКОБ ұйымдары іске асыратын білім беру бағдарламаларының Тізілімін жүргізу қағидалары, сондай-ақ білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізу және алып тастау негіздері» Қазақстан Республикасының «Әділет» нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінде орналастырылған (https://adilet.zan.kz).
Оқу процесін және қашықтықтан оқытуды ұйымдастыруға қатысты
Қашықтықтан білім беру бойынша оқу процесін ұйымдастыру «Білім беру ұйымдарына қашықтықтан оқытуды ұсыну бойынша қойылатын талаптарды және қашықтықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 137 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.
Оқу орындары студенттерді қашықтықтан оқытуға олардың оқу түрлеріне (күндізгі, сырттай, кешкі, экстернат түрінде) және оқу курстарына қарамастан ауыстыруға мүмкіндік алады. Студенттердің оқу жұмыс жоспарына сәйкес бүкіл оқу кезеңінде уақыттың 20%-нан аспайтын қашықтықтан білім алу мүмкіндігі бар. Бұл ретте қашықтықтан оқыту үшін рұқсат етілетін пәндер немесе модульдер сағаттарының тізбесі мен көлемін білім беру ұйымы дербес айқындайды.
Сонымен қатар, ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар, оның ішінде уақытша шектеулері бар адамдар, конкурстарға немесе чемпионаттарға қатысатын студенттер қашықтықтан білім алуға мүмкіндік алады
Төтенше жағдай, шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілген жағдайларда тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде (жекелеген объектілерде) қашықтықтан оқыту, төтенше жағдайлар жариялау облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармасының бұйрығы негізінде барлық білім алушылар үшін ұйымдастырылатынын атап өткен жөн
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 137 бұйрығына 1-қосымшаға сәйкес ТжКОБ ұйымдарында қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін мынадай талаптар белгіленеді:
1) оқу қызметін ұйымдастыру үшін Интернет желісіне қосылуды қамтамасыз ететін телекоммуникациялық арналардың болуы;
2) ақпараттық ресурстарға, цифрлық ресурстарға жедел қол жеткізу құралдарының болуы;
3) білім алушылар үшін оқу-әдістемелік, ұйымдастырушылық-әкімшілік ақпаратты қамтитын ақпараттық жүйенің болуы;
4) білім беру ұйымдары педагогтарында ақпараттық технологиялар бойынша курстардан өткені туралы сертификаттардың болуы;
5) оқу процесін цифрлық білім беру ресурстарымен қамтамасыз ету;
6) бағдарламалық-аппараттық кешенге және қолданбалы бағдарламалық қамтамасыз етуге қойылатын ең төменгі талаптарды сақтау.
Осыған байланысты облыстардың және Астана, Алматы және Шымкент қалаларының Білім басқармалары:
1) ақпараттық жүйелерді процестерді толық автоматтандыруға дейін жеткізу;
2) компьютерлік техника мен мультимедиялық оқыту құралдарының паркін үнемі жаңартуды қамтамасыз ету;
3) ақпараттық жүйелердің іркілістері мен артық жүктемелерінің алдын алу мақсатында байланыс арналарының өткізу қабілетін және интернет жылдамдығын арттыру;
4) IT-құзыреттілікті арттыру үшін педагогтарға бейіндік оқыту бойынша семинарлар (вебинарлар) өткізуді жалғастыру.
Достарыңызбен бөлісу: |