Оқулық Жоғары оқу орындарының 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы студенттеріне арналған



бет28/111
Дата20.03.2023
өлшемі0.54 Mb.
#470972
түріОқулық
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   111
Î?óëû? Æî?àðû î?ó îðûíäàðûíû? 050117 «?àçà? ò³ë³ ìåí ?äåáèåò³» ì

Алғашқы рим ақындары


Алғашқы Рим ақындарының бірі – грек Ливий Андроник (б.з.б. 284-204) болды. Римдіктер оңтүстік Италиядағы Тарент қаласын бағындырғанда оны тұтқындап, Римге алып келеді. Кейін құлдықтан азат болған Андроник осы жерде қалып, Рим мектептерінде грек және латын тілінен сабақтар оқытады. Грек мектептерінде қолданылған негізгі оқулық Гомер поэмалары болғандығын біз жақсы білеміз. Латын тілінде мұндай оқулықтың болмағандықтан, Андроник ескі сатурн формасында «Одиссея» дастанын латын тіліне тәржімалайды. Бұл шығарманың бізге жеткен қысқа үзінділерінен оның өте еркін түрде аударылғанын байқаймыз. Түпнұсқадағы өлең жолдарының көбі қысқартылған, кейде түсіп қалған, тіпті образдарды өзгерту, грек мифологиясындағы құдайлардың аттарын рим құдайларымен ауыстыру жағдайларын көреміз.


Жалпы алғанда, Андрониктен кейін өмір сүрген аудармашылар да бұл салада оның ісін жалғастырып, аудармада түпнұсқаның барлық ерекшелігін сақтап қалуды мақсат қылмай, сол шығарманы Рим мемлекетінің мәдени қажеттілігіне сәйкестендіріп, өзге халықтың рухани мұрасы жәрдемінде өздерінің төл әдебиеті мен ұлттық әдеби тілін байытуды мұрат қылады. «Латын Одиссеясының» екі ғасыр бойы Рим мектептерінде негізгі оқу құралы болып қызмет етуі, бұл аударманың рим халқы тарихындағы маңызды оқиға болғандығын аңғартса керек.
Ливий Андроник аудармашылықтан өзге латын тілінде көптеген трагедиялар мен комедиялар да жазған. Ақынның бұл шығармаларының көпшілігі бізге дейін жетпеген. Сақталған үзінділерден ақынның өз трагедиялары мазмұнын Еврипид туындыларынан, ал комедияларының сюжеттерін Менандр, Филемон және Дифил шығармаларынан алғандығы анық байқалады. Ливий Андрониктен соң, көп ұзамай жаңа көркем әдебиетте басқа да қаламгерлердің есімдері таныла бастайды. Солардың бірі

  • Гней Невий (шамамен б.з.б.270-200). Бұл ақын Андроник сияқты Римге «келімсек» жан емес. Ол өз халқының тұрмыс-тіршілігін жақсы білетін, сол халықтың арман-тілегімен тыныстаған нағыз Рим азаматы, екінші Пун соғысының ардагері еді. Біз оның өмірінен Рим азаматының шынайы бейнесін, әдеби қызметінен болса, еркін қаламгердің алғашқы белгілерін көреміз. Невийдің шығармашылығында драмалық туындылар, яғни трагедиялар мен комедиялар негізгі орынды алады. Бұл ақын да Андроник сияқты өзінің трагедиялық туындыларының сюжетін грек қаламгерлерінің шығармаларынан алған. Бірақ, өз Отаны тұрмысынан алынған сюжеттерге трагедиялар жазу сияқты ұлы міндет Рим тарихында тұңғыш рет осы Невийге бұйырады.

Ұлттық мазмұнда жазылған мұндай трагедиялардың қаһармандары сахнаға Рим сенаторлары киетін алуан түсті киім, яғни протекста киіп шығады. Сол себепті, осы шығармаларды протекста деп атаған. Невий жазған протексталардан біз тек екеуінің ғана атын білеміз. Мұның бірі – «Ромул», екіншісі – ақынның замандасы Клавдий Марцелдің Кластидий қаласы маңындағы галдармен болған шайқасы туралы жазылған «Кластидий» трагедиясы.
Невий трагедияға қарағанда комедиялары арқылы кеңірек танымал болды. Бірақ, мұнда да ақын өзінің әріптесі Андроник секілді грек комедияларын Рим сахнасына көшіріп қоя салмай, тұңғыш рет Рим әдебиеті тарихында контаминация, яғни екі грек комедиясынан жаңа бір Рим комедиясын жасау әдісін қолданады. Плавт пен Теренций тәрізді атақты ақындар кейін бұл әдістен кең түрде пайдаланды.
Невий негізінен, ежелгі аттика комедиясындағы секілді өз туындыларында Рим мемлекетінің ірі қайраткерлеріне тіл тигізуден, заманының жайсаңдарының кемшіліктерін әшкерелеуден қорықпайды. Жалпы оның комедияларындағы өткір саяси сатирадан Рим тұрмысының ұлттық тынысы айқын сезіледі.
Невий талантының ең биік шыңы – «Пун соғысы» атты дастаны. Рим ұлттық дастаншылық өнерінің негізін салу тұрғысынан бұл туынды латын әдебиеті тарихында маңызды орынды алады. Дастан жақында ғана болып өткен алғашқы Карфаген соғысының оқиғаларына арналған. Бірақ, шығармада Гомер дастандарындағы сияқты шынайы тарихи оқиғалар мифологиялық аңыздармен аралас бейнеленген. Біз дастанның басында өртке оранған, апатқа
ұшыраған Троя қаласын көреміз. Қаһарман Эней құдайлардың әмірімен өз жұртын тастап кетуге мәжбүр болады. Теңіз сапарының ауыр азаптарын жеңіп, Энейдің Карфаген қаласындағы Дидона ханымның құзырына келуі, осыдан соң троялықтардың Италия жағалауына бағыт алуы және Энейдің ұрпағы болған Ромулдің Рим қаласының іргетасын қалауы шығармада кең түрде баяндалады. Сөйтіп, рим халқының троялықтардан келіп шыққандығы жайлы аңызды алғаш рет көркемдік тұрғыда жырлаған ақын осы Невий болды. Невийдің басқа туындылары сияқты «Пун соғысы» дастанынан да аздаған үзінділер сақталып қалған. Сондықтан да оның көркемдік ерекшеліктеріне толығырақ тоқталудың мүмкіндігі жоқ. Ғасырлар бойы дастанның рим халқы арасында ең сүйікті туынды болып келуі, шығарманың көркемдік жағынан осал болмағандығын дәлелдесе керек деп ойлаймыз.
Алғашқы Рим ақындарының ең көрнектісі, әрине Квинт Энний (б.з.б.239-169) болды. Оның туған жері Италияның оңтүстігіндегі Калабрия өлкесінде грек мәдениеті көне замандарда-ақ кең таралғандықтан, ақын балалық шағынан бастап эллин философиясы мен әдебиеті әсерінде тәрбиеленеді. Кейін Римге қоныс аударып, осы елдің азаматы ретінде Пун соғысына қатысады. Римге оралған соң латын және грек тілдерінен дәріс сабақтар оқытады, әдеби қызметпен шұғылданады.
Энний өз шығармашылығының алғашқы кезеңінде Ливий Андроник пен Невийдің әдеби дәстүрін жалғастырып, грек комедиясы мен трагедияларын Рим сахнасына бейімдеумен айналысады. Замандастарының айтуына қарағанда, комедия жанрында әлсіздік танытқан Энний көрермендерге ұнамайды. Дегенмен, оныңтрагедиялары Рим театры сахналарынан ұзақжылдар бойы түскен жоқ. Грек трагедияшылары арасында Эннийді көбірек қызықтырған ақын – Еврипид. Рим ақынының Италия тұрмысына сәйкестендіріп қайта өңдеген нұсқалары арқылы көрермендер ұлы грек қаламгерінің бірнеше туындысымен («Гекуба», «Ифигения»,
«Александр», «Медея» және т.б.) танысады.
Бізге дейін жеткен кейбір үзінділерден трагедия жанрында Эннийдің өте талантты ақын болғандығы, қаһармандардың ішкі жан-дүниесін ашуда, әсіресе олардың шабытты, буырқанған сезімдерін көрсетуде өзінен алдыңғы ақындардан едәуір биікке көтерілгендігі айқын сезіледі.
Энний өзінің өткір поэтикалық шеберлігін «Анналдар» дастанында кеңірек танытады. 60 мың жолдан тұратын 18 тарау (бізге дейін оның 1200 өлең жолы жеткен) бұл шығарма Энейдің Трояны тастап қашуынан бастап, сонау ақын өмір сүрген кезеңге дейінгі Рим тарихын толық қамтиды. Энний «Анналдарды» жазуға кіріскенінде, Рим құдайларынан медет тілеп, сыйынып отырмайды. Ол тек Гомердің жәрдеміне ғана сүйенеді. Шығарманың кіріспесінде айтылуынша, «Энний бір күні түс көреді. Түсінде музалар оны көкке көтеріп, Геликон тауының асқар шыңына алып шығады. Осы жерде ғайыптан Гомер пайда болып, өз талантын Эннийге сыйға тартқан-мыс».
«Анналдардың» авторы осы кіріспесімен «Илиада» және
«Одиссея» әдісінде дастан жазбақшы болғандығын, грек ақынынан үлгі ала отырып, Рим елінің Гомері болғысы келетіндігін ескертеді. Шындығында да Энний Гомердің көркемдік әдістерінен (эпитеттер, теңеулер), поэтикалық тәсілдерінен кең түрде пайдаланып, тамаша жетістіктерге қол жеткізеді. Энний өзінің дастан жанрына енгізген осындай жаңалықтарымен бірге латын поэзиясындағы өлең құрылысын да түбегейлі өзгертіп, ескі сатурн өлшемін грек гекзаметрімен ауыстырады. Рим әдебиеті тарихында алғаш рет Энний тарапынан қолданылған бұл өлең өлшемі поэзияның кейінгі даму барысында мол мүмкіндіктер туғызады. Эннийдің эпикалық дастанынан сақталып қалған үзінділерге назар аударсақ, ондағы әдемі көріністер, өткір драмалық тартыстар, терең рухани толғаныстар, жалпы, ірі поэтикалық эпизодтарды жасауға деген құлшыныстар ақын қолданған латын гекзаметрінің мүмкіндігі мол болғандығын дәлелдейді. Эннийден соң жаңа өлең өлшемі рим эпикалық шығармаларының негізгі көркемдік тәсіліне айналып, сатурн өлшемі қолданыстан мүлдем шығып қалды.
Энний драма және дастан жанрларын дамытумен ғана шектеліп қалған жоқ. Ақын өз халқы арасында ілім мен білімді кең түрде насихаттау мақсатында оларды грек философиясының озық үлгілерімен де таныстырды. Ол грек дидактикалық поэзиясын, грек эпиграммасын да қайта өңдеді. Шағын өлеңдерден, мысал және кішігірім күлкілі әңгімелерден құрастырылған «Сатурлар» («құрама») жинағын жазды.
Сұрақтар мен тапсырмалар:

  1. Рим әдебиетінің тарихи маңызы мен оның антикалық қоғамдағы орны?

  2. Рим әдебиетінің қалыптасуына ежелгі грек әдебиетінің тигізген әсері қандай болды?

  3. Алғашқы рим ақындары шығармашылығындағы әдеби ізденістер.


    1. тарау.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   111




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет