Оқулық «Мәдениеттану»


Қазақ мәдениетінің көркем шығармашылық типологиясы



бет50/57
Дата03.01.2022
өлшемі1.81 Mb.
#451815
түріОқулық
1   ...   46   47   48   49   50   51   52   53   ...   57
Мадениет тану экзамен

Қазақ мәдениетінің көркем шығармашылық типологиясы

Өнер ұғымы мәдениеттануда сөздің тар және кең мағынасында қолданылады. Терминнің тар мағынасында «өнер» деп көркем шығармашылық процесін және оның әртүрлі бітімдерін айтады. Оның қазақ мәдениетіндегі алғашқы жүйелерін көрсеткен - Жүсіпбек Аймауытов: «Атам заманда табылған өнер, білімнің бәрі сөз арқылы бұл күнге, жетіп піскен астай даяр болып, жемісін бүкіл адам баласы пайдаланып отыр». Оқымыстылар өнерді беске бөледі:

• 1. Сөз (словесность).

• 2. Суретшілік (живопись).

• 3. Мүсіншілік (скульптура). Балшық, тас, мрамор әм басқа нәрселерден адамның, басқа хайуандардың пішінін жасау.

• 4. Үй ішілік (архитектура, үй, сарай, көпір салу сияқты өнер).

• 5. Ән-күй (музыка), т.б.

Бес түрлі өнердің ең артығы - сөз. Сөздің артықшылығы - өзге төртеуін сөзбен суреттеп айтуға болады. Басқа өнерлер қанша кәмелетке жетсе де, сөзді суреттей алмайды. Қазақтың «Өнер алды - қызыл тіл» дегені терең ақыл-тәжірибемен айтылған сөз. (Қар. «Абай», 1918, 3, 8-9-бет). Қазақ мәдениетінің көркем өнерін зерттеу дәстүрі осы жолмен ары қарай дамыға-нын ғылыми әдебиеттен байқаймыз.

Алайда, «өнер» ұғымын кең мағынада қез келген адамның шығармашылық әрекетінің баламасы ретінде де қолдануға болады. Бұл мағына «шеберлік», «жасампаздық», «іскерлік» және жалпы «мәдениеттілік» ұғымдарымен сабақтас. Осы сипатта өнер адамның басқа тірі жандардан түбегейлі айырмашылығын білдіретін қасиетке жатады. Өнерлі адам деп тұлғалық қасиеттерді бойына толыққанды және үйлесемді жинақтаған кісіні айтады. Тек кейін еңбектің қоғамдық бөлінуі нәтижесінде сөздің тар мағынасындағы кәсіпқой «өнер қайраткерлері» пайда болды.

Әрине «Өнер алды - қызыл тіл» деген мақалмен келісуге болады. Сонда да көркем шығармашылықтың бастауы сөз емес деген пікір қазіргі мәдениеттануда ұсынылып отыр. Шынында да, адамзат дыбыстары ажыратылған сөйлеу қабілетіне ие болғанға дейін де жаза білген. Көне адамның тасқа салған суреттері (петроглифтер) шығармашылықтың алғашқы үлгілері болып табылады. Қазіргі кезде осыдан 4-5 миллион жылдар бұрын салынған петроглифтер табылып отыр. Әлі сөйлей білмейтін бір жастағы бөбек те қабырғаны сызғылауды ұнатады. Кейін тілді меңгергеннен кейін де ол суретшілік қабілетін ұмытпайды.

Егер қазақ мәдениетінің терең қойнауларына көз жіберсек, таңбалар айғақтарының молдығына көзіміз жетеді. Э. Кассирердің адам таңбалық (символикалық) жануар деген анықтамасының жаны бар. Өйткені, оның мәдениет әлемі - таңбалар дүниесі.

Қазақтың арғы ата-тектерінің бірі - сақ мәдениетінің негізгі арқауы «аң стилі» екендігі ғылымда дәлелденген қағида... Оның пайда болу себептер Ғасырлар тарихының құпиясы, алайда олардың тотем-магиялық бастаулардан шығатыны анық. Бұл стиль тек әшекейлі заттармен шектеліп қалмай, негізінен ер адамның әлеуметтік орнының рәмізі түрінде қоғамдық иерархиялық сатыға тығыз байланысты болды. Сондықтан басқа мәдени ортада олар түсінік таппай, өздерінің таңбалық және мағыналық ақпарат белгілерінен айырылып қалып отыр. Мысалы, Есік қорғанынан табылған «алтын адамға» байланысты ескерткіштерде хайуанаттық және өсімдіктік бейнелер қабаттаса жүреді. Жалпы алғанда сақ өнеріндегі «аң» стиліне тіршілікті динамикалық түрде бейнелеу тән. Арыстан секірейін деп тұр, бұғының қозғалысынан серпіліс сезіледі, ат шабысы әлемдік гармонияға ұқсас. Зооморфтық (адамды және құдайды аң кейіпінде суреттеу) скиф-сақ өнері табиғат пен мәдениетінің етене байланысының куәсі. Сақтардың «аң» стилі кейін қазақ мәдениетінде өзінің өшпес ізін қалдырды. Ислам діні тірі жанды бейнелеуге тыйым салған соң, қазақтағы атақты «тұйық оюы» деп аталатын белгі-айғақ осы стильмен үндес болды. Дәстүрлі ұғымымызда тұйық оюы бақыттың, достықтың, мәңгіліктің, шексіздіктің айғағы. Сон-дықтан да тұйық ою ел қорғаған батырлардың иығы мен қалқанына, аузы дуалы билердің жауырын тұсына салынатын болған. Қазақ шеберлері тұйық оюын «Тас бақа» деп те атайды.

К. Леви-Стросстың пікірінше, сақ-скиф өнері табиғат пен мәдениетті бөліп қарамайды. Ал классикалық Эллада, Оңтүстік Америка мен Австралияның байырғы тұрғындарының дүниетанымы дәл осы табиғат пен мәдениетті екі бөлек алып қарауға негізделген. Демек, «аң стилі» эстетикасын айқындаудағы түбірлі фактор - олардың мәдени-типологиялық әмбебаптың қайсыбір әлемдік сипат алған заңдылықтарынан да бас тартуында жатыр.

Осы шеберлік өнерінің типтері орта ғасырларда Қазақстан жеріндегі қалалық мәдениеттің сәулет, кескіндеме, суретшілік өнеріне арқау болған. Қ. Байпақовтың зерттеулері бойынша, Қазақстан жеріндегі орта ғасырлық қалаларда қолөнер жоғары деңгейде болған. Сәулет өнерінің Қазақстан жерінде жоғары эстетикалық талаптарға сәйкес келетіндігі жөнінде Ғұзыхан Ақпанбек Жошы хан, Домбауыл, Алаша хан мазарларын зерттей отырып, былай дейді: «Құрылыстың сырт тұлғасының әсемдік ерекшелігін тек мінсіз қатынастар ғана емес, қалау едісі де ерекшелей түседі. Ол - мазардың жоғары қарай тартыла қалануы. Мұның өзі табиғи перспективалық қысқару әсерін күшейте келіп, жақыннан қарағанда құрылыстың еңсесін биіктете түседі. Жұлдызды прихма, цилиндр пішінді күмбез табаны және күмбездің өзі бір кезде көгілдір жасыл бояумен сырланғандығын елестетсек, аспанмен біртұтас әсер беріп, ғимарат асқақтай көрінеді. Мінсіз қатынастық өлшемдерді таба білген, геометриялық пішіндерді сәтті үйлесіммен жинақтаған қалаушы шеберлердің қалдырған осынша көрікті сәулет өнерінің туындысы олардың шеберлігіне, ең бастысы шынайы өнеріне тәнті етеді».

Құранда тікелей сурет салуға қарсы пікір айтылмаған. Мәселе ислам дінінің пұтқа табынушылыққа қарсы қатал күрес жағдайында қалыптасқанына байланысты. Пұттарды бейнелеп, оларға табынуды шектеу үшін жалпы тірі жанның суретіне тыйым салынған. Яғни, адамды пұтқа айналдырмай, шындық тұрғысынан бейнелеу мұсылмандықпен үйлесімді. Керісінше, қаншама данышпан болса да, тірі тұлғаны әсіре көтермелеу - кәпіршілік. Адам құдай бола алмайды.

Қазіргі кезде біздің республикамызда талантты суретшілер, мүсіншілер, сәулеткерлер аз емес. Олардың нәр алатын бір қайнары - көне архетиптік көркем мәдениет. Мысалы, суретші Т. Сыдыхановтың «Таңбалы кескіндеме» атты көрмесін алайық. Т. Сыдыханов көне таңбаларды қолдану арқылы қазақтардың тұрмысының әртүрлілігін, әрқилылығын көрсетеді. Суретші түрлі рулар мен тайпалардың ел таңбасы іспеттес таңбаларына зер салды. Ол осы таңбалар арқылы дүниені пластикалық түрде бейнелеуге ұмтылды. Көзінде мәдениет тарихын зерттеушілер – Рашид-ад-дин мен М. Тынышпаев та таңбалардың кестедік жүйелерін көшпеділердің салт-дәстүрін, рәміз-рәсімдерін, өзіндік санасын түсіндірудегі басты құралдың бірі деп есептеген.

Таңбалық шығармашылықтың басты түріне тіл жатады. Тіл - мәдени болмыстың бітімі. Ол тек дыбыс пен таңбаның бірлігі емес, ең маңыздысы - мәдени сабақтастықтың құралы. Өз бітіміне және мәдени ақпараттарды беру тәсіліне қатысты мәдениеттің үш типі айқындалады: жазусыз, жазбалы, экрандық. Бұл үш типтегі таңбалар арқылы қалыптасқан ақпараттық жүйені текст-код деп атайды. Ауызша мәдениетте де текст-код бар, ол салт-дәстүр рәсімдері мен таңбалары, фольклордың заттандырылған бітімдері арқылы ұрпақтан ұрпаққа беріледі. Әрине, бұл типтер таза күйінде сирек кездеседі. Әрбір этномәдени жүйеле ауызша және жазбаша мәдени кодтардың арасал-мағы нақтылы тарихи жағдайларға қатысты. Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде фольклор басым болған, бірақ бұдан келіп ол жазбаша мәдениеттің ықпалын қабылдаған жоқ деген пікір тумауы тиіс.

Салт-дәстүрлік мәдениетте «таза» әдебиет жоқ. Сөз жай ғана өнердің түрі емес, ол адамды әрі тудырады, әрі өлтіреді, әрі емдейді, әрі ауыртады. Жазусыз мәдениетте сөз тылсымдық, мистикалық, магиялық және құдайылық қызмет атқарады. «Жылқы кісініскенше, адам сөйлескенше», «Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді», «Тау мен тасты жел бұзар, адамзатты сөз бұзар» дейді қазақтың халық мақалдары.

Қазақ халқының көркем шығармашылығының архетипі де, дәстүрлік басты типі де - фольклор, ауыз әдебиеті. Сөз өнерін жете білген Абай қазақ фольклорын «толғауы тоқсан тоты құсқа», «білгенге маржан інжу-маржанға» теңейді. Фольклор - халық даналығы деген ұғымды білдіретін неміс сөзі. Фольклор жазу-сызу дамымаған кездегі бір ұрпақтың екіншісіне қалдырған мұра-өсиеті, тіршілік бағдарлары, құпия-сыры, тылсымдық жұмбақтары. Яғни, фольклорсыз ұрпақ сабақтастығы мүмкін емес.

Бұл мақсатқа сәйкес келетін әдеби жанр - поэзия. Тіпті, көне адамдардың бәрі өлеңмен сөйледі деген де пікір бар. Поэзия мен фольклор бір типтес. Белгілі бір ырғақпен (ритм) айтылған сөз есте қалады. Кейін жазу пайда болғаннан соң адамның жадылық (мнемикалық) қабілеті әлсірейді. Сондықтан болар, сағаттап жаңылмай дастандарды айтатындар қазір сирек кездеседі. Манасшыларға экзотикалық көзқараспен қарау да бар. Бұл қазіргі заман тұрғысынан экзотикаға жатады, ал көшпеділер үшін құдіретті сөз өмірлік қажеттілік болған.

Поэтиканың философиялық мәнісін, оның типтік белгілерін қарым-қатынас, айтушы мен тындаушының арасындағы тылсымдық бірлік, көңіл көтеру, импровизация, жалпы алғанда - сұхбаттасу мәдениеті деп анықтауға болады. Жыр, толғау, айтыс көзінде тыңдаушы көпшілік ерекше бір рухани дүниеге енеді, пендешілік күйбең өмір тауқыметтерінен тазарады (катарсис), жаңғырады, шынайы адамдық кейіпке көшеді, көңілдері көншиді.

Мәдениеттануда ресми және сауықшылдық мәдениет деген бар. Жануарлар тек табиғи қажетін өтеу үшін өмір сүрсе, адам дүниені әсемдік заңдары бойынша да өзгертеді. Адам дем алуы, ойнап-күлуі, зерікпей уақытты өткізуі және бұл арқылы өмірдің терең тұңғиына бойлауы, оның көркемдік сырына енуі қажетті. Гомо сапиенсті (ақылды адам) жиі Гомо луденс (ойын адамы) ауыстырып тұрады. Антикалық өркениетте Аполлондық және Дионисийлік мәдени типтер айырылды. Егер біріншісі салқын қанды, пайымдаушы, мақсаткер тұлғаны бейнелесе, екіншісі - шексіз қуаныш пен сезімдік байлыққа бағытталған.

Бұл типтік белгілер қазақтың көркем мәдениетіне де тән. Г.Н. Потанин қазақтың ақ жарқын мінезін, сауықшылдығын, білім құмарлығын француздарға, ал жаңалыққа, даналыққа және өмірге құштарлығын ежелгі афиндіктерге-гректерге ұқсатады. «Қазақтар - пысық, пісіп-қатқан, өмірге құштар халық; олар ойын-сауыққа құмар, киімде ашық бояулыны, тұрмыста тоймерекені сүйеді. Өлгенді еске алу бұл халықта ойын-сауығымен, ат жарысымен, ән-күйімен, ақындар айтысымен ұзаққа созылатын үлкен сауық-салтанатқа айналады. Серілік өнер мен сән-салтанат қуу, бәлкім, қазақтарды кейбір жағдайда даңққұмарлыққа баулитын сияқты. Бұл жағынан олар француздарға ұқсайды. Афиндіктер секілді қазақтар жаңалық-хабарға әуес. Осы әуестік жас буында білім құмарлыққа ауысуда» (Қар. Ел аузынан. Алматы, 1985, 5-бет),- деп жазады ол.

Ресми мәдениет пен халықтық мәдениеттің арақатынасы бұқаралық мүдде мен ел басқарушы жүйенің мүддесінің үйлесімдігімен қатысты. Тоталитарлық жүйеле «музейлік мәдениет» деген пайда болды. Ол жасанды құндылықтарды мұрат етіп ұсынып, халықтың ғасырлар бойы жинақтаған рухани қазынасынан алшақтап кетті. Ресми мәдениетте ұлттық қасиеттен гөрі конъюнктуралық, корпоративтік, саясаткерлік мақсаттар жоғары қойылады. Сұхбаттасу бұл жағдайда жалған, қоңыз дүниедік сипатта өтеді. Ал фольклор жалғандықты көтере алмайды. Өйткені, оның өсіп-өркендеуіне қажетті жағдай - еркіндік, ешкімнен қысылмай, қымсынбай еркін сөйлеуге бостандық, сөз бостандығы. «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы» деген Абай.

Ауыз әдебиетінің тағы бір типтік ерекшелігі - оның табиғатпен үйлесімдігі. «Бірінші ақын - табиғат» деген сөз өте орынды айтылған. Антикалық мәдениеттегі «мимиесис» (еліктеу) ұғымы қазақтың шығармашылық өнеріне, соның ішінде ауыз әдебиетіне тән бейне. Табиғат - сұлулықтың қайнар көзі, қайталанбас керемет әсем көріністер галереясы, ізгілікке тәрбиелеу мектебі екендігін халық жақсы түсінген.

Адамның мінез-тұрпатын, ажар-көркін; арыстандай, асқар шындай, құз-жартастай, емендей, қарағайдай, ақ қайындай, сүмбіл талдай, кер маралдай, бәйге кердей, қаршығадай, қырғидай, тұңғиық терең, ала құйын, тарпаң, үркек, т.б. және т.с. деп; жеті қарақшы, үркек (жұлдыз атаулары), дарқан дала, ерке самал, ақырған аяз, тулаған толқын, сыбырласқан жапырақтар, тентек су т.б. және т.с.с. деп сипаттаулар соны көрсетеді. Ал лексиканың еліктеу сөздер деп аталатын бір саласы, атынан да көрініп тұрғандай, түгелдей табиғатта барды дыбыстық, қимылдық қайталаудан, еліктеуден тұрады.

Тағы да бір салыстырудың реті келіп түр (кейде салыстыру ақсамай-ақ қояды). Атышулы ертелегі грек мәдениетіндегі «каллокагатия» (ізгі әсемдік) ұғымын алайық. Әдемілік пен сұлулықтың арнасы ізгіліктен тыс бола алмайды. Сұлулықтың ең керемет көрінісі - адам, оның сұлулығы. Адам анадан сырт бейнесі, пішіні сымбатты, сұлу болып туылуы мүмкін, бірақ ішкі сұлулыққа тек әдебімен жетеді. «Адам әдебімен кәрікті» дейді халық мақалы. Қазақтың ауыз және жазба әдебиетінде «тән сұлулығы» және «жан сұлулығы» деген түсініктер бар. Халық түсінігі бойынша рухани сұлулық жоғары тұрады: «Көркін алма, мінезін ал», «Сөзі райлының - жүзі шырайлы», «Сұлу - сұлу емес сүйген сұлу», «Адамның жылтыраған сыртына емес, сұлу ішіне қызық».

Ф. Бэкон «поэзия - ғылымның ұйтқысы» деген. Бұл жерде мәселе поэзия мен ғылымды бір-біріне қарсы қоюда емес. Ғалым мен ақын бір нәрсе туралы айтады, тек ғалым өз ойын теориялық ұғымдар арқылы топшыласа, ақын типтік бейнелерді қолданады. Кез келген көне жыр бір уақытта әрі мейрам-сауық, әрі діни рәсім, әрі қауымдық ойын, әрі сиқырлау, сәуегейлік, өнер сайысы, әрі жас ұрпақты тәрбиелеу болып табылады.

Көшпеділік мәдениеттегі ақын-жыраулар тұтас тұлғалар болған. Олар сол қоғамның тек жыршысы емес, сонымен қоса абызы, бақсысы, шешені, ақылшысы, философы, биі, саяси қайраткері ретінде әрекет еткен. Жалпы алғанда фольклордың философиялық мәдениеттанулық мәселелері бізде жеткіліксіз зерттелген. Бұл түсінікті де. Себебі қазақ философиясы енді ғана қалыптасып келе жатыр.

Енді қазақтың көркем шығармашылық мәдениетінің фольклор арнасының типологиялық жүйелеріне қысқаша тоқталайық. Бұл мәселемен негізінен әдебиеттанушылар айналысып, қомақты тұжырымдар айтқан. Тоталитарлық жүйе уақытында да гуманитар ғылымдарының арасында әдебиеттану озық тұрды. Бұл бір жағынан қазақтың рухани мәдениетіндегі ауыз әдебиетінің рөліне де байланысты.

Т. Қоңыратбаев қазақтың ауыз әдебиет үлгілерін төмендегідей жіктейді: «Қазақ фольклорының жанрларын біз негізінен ертегі, аңыз, эпос деп бір бөлсек, салтжырлары (лирикалық жанр) деп тағы да жіктейміз. Лирикаға үйлену салтына байланысты беташар, жар-жар, сыңсыма, қоштасу, тойбастарлар жатса, діни әдет-ғұрыптарға байланысты бәдік, жарапазан, жаназалау жырлары да осы салаға келіп құйылады. Бұлардың әрқайсысының туған заманы, халық музыкасы мен поэзиясынан алатын орны мен үлесі бар. Салт жырларында ән мен өлең басым болса, бақсылар дәстүрінде күй мен сарын, жыраулық поэзияда күй мен поэзия үстемдік еткен. Алғашқыларының құралы домбыра болса, бақсылар көбіне қобыз аспабын үрдіс еткен. Бұл дәстүрлердің басты айырмасы олардың мақамында: бірі кең ауқымды, әуелеп орындалатын асқақ сезімді әнге негізделсе, екіншісі бақсы сарынына, жыр, терме, толғау үлгісіндегі эпикалық мақамға құрылған. Ертеле мұндай жырлар бір ғана қобыз аспабымен айтылатын болған». (Көне мәдениет жазбалары, 259-260-бет). Қазақ ауыз әдебиетінің пайда болған дәуіріне қарай типоло-гиясын жасағандардың бірі - Ә. Марғұлан. Ол былай бөледі:

• 1. Ең көне замандағы эпостық жырлар. Бұған «Ер Төстік», «Ақ Кебек», «Құламерген», «Шора мерген» сияқты жыр-аңыздар жатады;

• 2. Оғыз-қыпшақ заманында пайда болған эпостар (XI-XII ғ.). «Қорқыт», «Алпамыс», «Қазанбек», «Домбауыл», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», т.б. жырлардың сюжеттері;

• 3. Тарихи дәуірлердегі эпос (XIII-XV ғ.). Бұл кезеңнің өзі іштей екі салаға бөлінген: қазақ даласында Жошы ұлысының құрылуы, оның ішкі қақтығыстарын («Қобыланды», «Ер Тарғын») және осы ұлыстың ыдырау көзін бейнелейтін эпостар («Қамбар», «Қазтуған» т.б.). Кейде бұлар Ноғайлы дәуірінің жырлары деп те аталады;

• 4. Жоңғар феодалдарының қазақ даласына шапқыншылығын және оған қарсы күресті сипаттайтын жырлар («Қабанбай», «Бөгенбай», «Олжабай», т.б.);

• 5. Феодалдық қайшылықтарға қарсы күреске байланысты туған эпос.

Түрік халықтарының фольклорының дүниежүзілік әдеби-мәдени мұраның бір тармағы екендігін және оның терең мағыналығын салыстыру-типологиялық әдіс арқылы батыстық зерттеушілерге паш еткен - Ш. Уәлиханов. Ол грек мифтеріндегі Циклоптың түрік аңыздарындағы Төбекөзбен, «Манастың» «Иллиадамен», қазақтың батырлық жырларының Геракл туралы аңыздармен ұқсас екендігін аңғарған. XX ғасырда мифтердің құрылымдық сәйкестігін зерттеу арқылы структурализм өкілдері дүниежүзілік мәдениеттегі архетиптік сабақтастық туралы қорытындыға келді.

Көшпеділік феодьклордың көршілес аймақтарға тигізген әсерін, қазақ халқының фольклорлық мәдениетін объективті және жанашыр көзбен зерттеген ғалымдардың қатарында Г.Н. Потанин құрметті орын алады. Ол өзінің «Орта ғасырлық Еуропа эпосындағы шығыс мотивтері» деген еңбегінде былай деп жазады: «Кітаптың басты идеясы - Батыс Еуропаның эпосына да таратылатын, орта ғасырлық батыстық және шығыс-ордалық эпостың бірлігі идеясы... Эпикалық материалдармен алмасу жүріп жатқан дәуірді өте ертеле болды деп және оны ортаазиялық ордалардың кейінгі қоныс аударуымен байланыстырмай-ақ қоюға болады; бұл алмасу, кейін пайда болған, ол Орталық Еуропа мен Орта Азиялық далаларда мәдени айырмашылықтар болмаған ерте кезде жүрген. Ауысып алу біржақты болмаған, ол шығыстан батысқа және батыстан шығысқа қарай өзара болған». Қазақтың ауыз әдебиетін зерттеуде типологиялық-генетикалық тәсілдің де беретіні көп. Бұл, әсіресе, рухани мәдениетті өркениеттік тұтастық жағынан алған кезде анық байқалады. Кейбір зерттеушілер қазақ халқы қалыптасқанға дейінгі әдеби шығармашылық этнос аймағынан алшақ, оның тілі мен рухы түсініксіз, сондықтан қазақ мәдениетінің мүлкі бола алмайды деген пікір айтады. Не болмаса, керісінше, түбірі ортақ мұраларға жеке ен салушылық та кездеседі. Б. Кенжебаевтің пікірі бойынша, «Қай халықтың әдебиеті, жазба әдебиет нұсқалары сол халықтың бүгінгі тілінде болуы шарт емес. Кейбір халықтардың ондай әдебиетінің басқа тілде, сол халыққа осы күнде түсініксіз тілде болуы, бірақ сол халық жерінде, сол халық өкілдері тарапынан жасалған, сол халықтың бір кездегі өмірін көрсететін әдебиет нұсқалары болуы ықтимал».

Түрік халықтарының ортақ мұрасына көне мифологиялық-салттық жырлар, шамандық культ поэзиясы, оғыз-қыпшақ фольклоры мен жазба әдебиеті, Алтын Орда және басқа да түріктік мемлекеттер әдебиеті жатады. Бұл мәдени туындылар ескі нұсқасын сақтап, әрбір жаңа дәуірде өзгеше бітімге еніп отырған. Мысалы, белгілі «Қобыланды» жырын алайық, С. Сейфуллиннің пікірі бойынша, жырдың арқауы XIII ғасырдағы қыпшақ-қияттардың қызылбас Ғазан ханға қарсы жорығы жөнінде болған.

Келесі бір зерттеулер (әсіресе, қазіргі көркем әдебиетте) бұл батырлық эпос қазақ хандығы құрылар кезді - 1460 жылдарды қамтиды дейді. Алайда бұл оқиғаны ізін сала баяндаған Мұхаммед Дулатидің деректерінде Қобыландының аты кездеспейді. Орхон-Енисей жазбаларында VI-VII ғасырларда түріктердің Қобылан деген қолбасының Қытай мен Иранға қарсы жорығы туралы деректер бар. Ә. Хасенов осы айғақтардың негізінде мынадай бір қорытындыға келеді: «Бұл айтылғандардан шығатын түйін Қобыланды, Қобылан, Қабылан атанған адам төңірегінде алғаш аңыз әңгіме тараған. Кейін келе қыпшақ тайпасы күшейіп, көбейгенде сол адамның атын тай-паның бірлігі, тәуелсіздігі жолындағы күрестің туына айналдыру мақсатында жыршылар өз дәуірінің, өз тұсының наным-сенім, көзқарастарын қосып, оны көлемді жыр-дастанға айналдырған. Сөйте келе, заманалардың өтуімен Қобыланды мұсылман, одан қазақ батыры әлпетіне көшкен».

Қазақтың көркем шығармашылық мәдениетінің тағы бір типологиялық ерекшелігі оның тек Батыс пен Шығыстың арасында болуы ғана емес (бұл туралы соңғы кезде еуроазиялық менталитет деп көп айтылып жүр), сонымен бірге әңгіме еуроазиялық дала мәдениетінің араб-парсылық әлемге терең руханият дүниесімен үйлесімді қосыла білуі туралы болып отыр. Бұл қазақ мәдениетінің Орта Азия халықтарымен тығыз тағдырлық және мәдени тұтастығынан туатын тошпылау. Жоғарыда айтып кеткендей, қазақ мәдениетінде екі шаруашылық-мәдени типке (номадалық және оазистік-диханшылық) сәйкес ауыз әдебиеті мен жазбаша әдебиет бір-біріне нәр беріп отырған. Мәселе бұл жерде олардың қайсысының басым екендігі жөнінде болып отырған жоқ.

Қазақтың көркем өнерінің басты бір саласына ән-күй (музыка) жатады. Оның маңызды ерекшелігі сөз өнерімен синкретті тұтаса келуінде. Ән мен жырды бір-бірінен бөліп алу жай нәрсе емес, олар - халық өнерінің қосқанатты туындысы. Қазақ «Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күйді» ұнатқан.

Қазақтың музыкалық өнерінің типологиясының бір үлгісін Т. Қоңыратбаев келтіреді: 1) сарын; 2) мақам; 3) саз; 4) күй.

Жоғарыда келтірілген типологиядан музыка типінің шаруашылық-мәдени және дүниетанымдық діни жүйелерімен тығыз байланыста болғанын аңғарамыз. Дүниежүзілік басқа өркениеттермен салыстырғанда көшпенділердің музыкалық өнері бимен, сахналық көріністермен (мысалы, үнді музыкасы) көп байланыста болмаған. Ол сөз өнерінің типтерімен (миф, эпос, аңыз, жыр, қисса) тығыз бірлікте болған. Айталық, «домбыра сөйлейді», «қобыз жеткізеді», «сыбызғы білдіреді» деген сөз тіркестері қазақ мәдениетінде кездейсоқ кездеспейді.

Күй орындау арқылы ханға қаралы хабарды жеткізген атақты «Ақсақ құлан» аңызы осының куәсі.

Қазақтың музыкалық өнерінің тағы бір типтік ерекшелігі оның табиғатпен тұтастығында жатыр. Күйдің өзі - әлемнің бір ырғағы мен қалпы, о дүниенің дем-тынысы іспеттес. Күйде адам өмір сүрудің мақсатын айқындайды, әлемді жеңеді, мәңгілікке жетеді (Қорқыт ата); күй арқылы адамның көңіл-күйі әлемдік ырғақтармен түсіндіріледі (Абылайханның «Қара жорғасы»); күйде дүниенің сұлулығы мен мінсіздігі суреттеледі (Тәттімбеттің «Сар жайлауы»).

Қос ішек философиясының (Ә. Мұхамбетова) қазақтың көркемөнерлік шығармашылығын, тіпті, жалпы мәдениетін түсіну үшін берері мол. Бұл туралы арнаулы зерттеулер керек. Қарастырып отырған мәселелерді кестедік жүйемен топтастырып көрейік:




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   46   47   48   49   50   51   52   53   ...   57




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет