Туркестанская Библиотека - www.turklib.ru – Turkistan Library
55
мұнарасының қажеті қанша... Көлденең көк аттының көзіне тұртіп, екі
аяқтылардың тағы бір илеуі бар деп жау шақыруға ма... Əлде, мынандай
қапас илеуге жуымаңдар, маң түзден айрылмаңдар деп ел үркітерге ме...
Неге керек?.. Не үшін керек?.. Оны өзі де білмейді. Былтыр бадырақ көз
бас уəзірден тапсырма алды да, кірісіп кетті. Сонау мəуе бақтың ішінде,
əлдебір түкпірде бұған қарап отырған Кіші ханымға керек болды дейді.
Оның мынандай тас үйікке неге сонша құмар бола қалғанын ит біліп пе?
Осылай шəлкес ойлар ойқастағанда ол мынау шым-шытырық шаһардан
да, сол шаһардың дəл өзіндей шым-шытырық сергелдең ойдан да
сергітетіндей бостан кеңістікке құлшынады. Мынау сұп-сұрғылт шым
үйіктер тасасында сағым шалып жатқан ұлы даланы көргісі келеді. Бірақ
күн жеп қуарып кеткен жер өңдес шым дуалдар мен шым қабырғалар,
бір-біріне астасып араласып кеткен күзді күнгі лайсаң шалшықтай мына
бір еш бедер-белгісі жоқ сиықсыз сұп-сұр перде, қайда қараса да
көлкештеп көз алдында тұрып алады. Ол сол бықпырт лайсаңға
тұншығып қалмайын деп, тырбынып, тас мұнараға иек асып, көкке қарай
тырмыса түседі.
Жаппар мұнаралардың неге керек екеніне енді түсінді. Сөйтсе, ол
адамдардың мынандай төрт тарапты түгел байлаған тығырықтан көз
бостандық алар кеңістікке, көк есектің құйрығының деңгейінен бой асыра
алмайтын аяқ асты аласалықтан көңіліңді сергітер зеңгір биіктікке, қол
басындайды ірі, құрық бойындайды биік көріп, қайдағы-жайдағының
бəрін қазына, қалай-солайдың бəрін қасиет санап, күйбең-күйбеңмен күн
өткізетін күйкіліктен бір кездегі ұлан-асыр болмысты барша ерен
ұлылығымен көре алатын ірілікке, илеудегі қыбыр-жыбыр тіршілік
иесінен аспан астын түгел шолып, түгел барлай алатын қырағы жанар,
ұшқыр қиял, биік арман иесі адамдыққа ұмтылған өр дəменің құлшынысы
екен. Тышқан екеш тышқан да ауық-ауық топырақ сасыған тар інін тастап,
жонын шуаққа тосып, сығырайған кішкене көзін ұлан-байтақ болмысқа
құныға қадап, жарық дүниенің өз індігешіндей емес көл-көсір кеңдігіне,
жер бетінде тек күйкілік қана емес ұлылық та бар екеніне көзі біржола
жетіп, көңілі бітіп, масаттана əндетпеуші ме еді.
Бəлкім, жер кіндігін тесіп шыққан мына мұнара, адамдардың əлгіндей асқақ
дəмесі ғана емес, анау аяғының астындағы былқ етпес көнбіс қара
жердің сонау тас төбеден еміне төнген көк аспанға емірене созған білегі
шығар. Қолындағы қыш кірпіш күні кеше сонау төменде көк есектің
тұяғына жаншылып жатқан көк тиындық құны жоқ топырақ емес пе еді
тəйірі... Енді, міне, ол бұның білегінен əлдебір сиқыр қақтай сорып
шығарып жатқан күшпен қосылып, жайдауыт бедерсіздіктен көлденең
көзді өзіне алаңдатпай қоймайтын биік нысанаға, ешкім ескермейтін
мағынасыз үнтақтан назарыңды көкке сүйрер маңғаз мұнараға айналмады
ма?
Былтыр алғаш қазық қаққанда, ол ескі обаның төбесіндегі көк ніл əуеге
қанша телміріп қарағанмен, көз алдынан қазір-ақ бір-бір ұшып жоғалатын
|