Туркестанская Библиотека - www.turklib.ru – Turkistan Library
94
жылмағай беттегі орынсыз жылтырақты жақтырмағандай, бір түрлі
бұйығы қалып танытады. Сол бұйығы мұңды айқындай түскісі келгендей
сүрмелі қастың астынан жасаураған екі көз мүлəйім мөлдірейді.
Ханым айнадағы жəудірей қарап тұрған мұсəпір бала қыз өзі екендігіне
сенгісі келмей, тесіле қарады. Мына түрімен жарық жалғанда қорықпай
қайтып тірлік құрып жүр. Оны көрген адам өліп-тіріліп сүймейтін де,
құрметтемейтін де, табынып таңғалмайтын да шығар, тек «байғұс
балақан-ай» деп мүсіркейтін ғана болар. Ұлы əміршінің көзінен бұл керіп
жүрген ұшқын да өзі ойлап жүргендей өртеніп бара жатқан махаббаттың
емес, жай əншейін аяныштың нышаны шығар. Арыстандай ақырған асау
бəйбіше мынандай мүскін немені табанына салып таптап кетпегеніне
шүкір.
Мынандай бейшара балапанға жарық əлемді қалтыратқан қаһарлы ханның
қылыш сілтесең де селт ептейтін қайсар жүрегі қайдан өліп-өше қойсын!
Бұл оған сүйікті жары тұғырдан қалғанда төсек жылытуға алған жай
əншейін жас иіс қана. Бұл бейбақ үлкен кісінің өзіне деген бір сəткі
мейірімін махаббатқа жорып жүріпті ғой. Жоқ, жоқ, сен енді ханның бір
сарайы мен санаулы түндерін иемденген жас иіс ұрғашы күніңе қанағат
қыл, тіліңді тобаға келтір... Бəйбішемен бесекелесу сенің не теңің?
Жаһанды қалтыратқан Ұлы əміршінің жүрегіндегі қимастықты да,
махаббатты да сол иемденген. Оның жолына тұрам деп босқа арамтер
болма.
Дəл мынандай мүсəпір кейпіңмен бəйбіше құсап күллі дүниенің күңкілін
құлағына ілмейтін Ұлы əміршінің назарын тоқтатар салиқалы ақылды
қайдан табасың, салауатты сұхбатты қайтып құрасың? Алыс жорығына
бірге ала кетіп, қиын кезде шақырып кеңес сұрайтындай кейуаналықты
құдай сенің қай жеріңе қисын?!
Ханым мына бір аяқ астынан қайдағы-жайдағы ойына оралып, көңілін
біржолата меңдеп алып бара жатқан күздің сылбыр жауынындай
салыңқы сезімге қарсы тұрар қайран таба алмай өз-өзінен мүжіліп жүре
берді.
Ту сыртына əлдекімнің демі тигендей болды. Жала-ңаш отырғанда үстіне
бөгде біреу кіріп келгендей, жалт бұрылып еді. Күрең қобдиша
құшақтаған күтуші кемпір түр екен. Мұның шарасынан шығып кеткен қос
жанарын көргенде, шырқ айнала əжім мен түбіт қылтанақ көмген екі езуін
ыржитып, күліп жібергендей болды.
– Мынаны жаңа бас уəзір əкеп беріпті. Жорықта жүрген Əміршінің сізге
арнайы жіберген сəлемдемесі көрінеді, – деп, қолындағы қобдишаны
бұның алдынан көлденеңдете берді. Өне бойын жидітіп ала жөнелген
əлгі бір дел-сал халден əлі арылып бола қоймаған ханша кемпірдің сөзіне
не жауап қатарын, не істеп, не қоятынын білмей абдырап қалды. Кемпір
қобдишаны ханымның төсегінің үстіне апарып қойды. Ханымды солай
қарай сүйреледі.
Ханым кемпірдің жетегінде енді-енді тəй-тəй тұрған жас сəбидей
|