Орта білім беру: құрылымы мен мазмұны
Мазмұндық және ұйымдастырылуы бойынша орта білім беру толық кешенді мектептер, гимназиялар, лицейлер деп үш типке бөлінеді. Меншігіне қарай мемлекеттік және жекеменшік мектептер деп екі түрге бөлінеді. Оқытудың формаларына қарай – күндізгі мектеп, атаулы мектептер, интернаттар деп бөлінсе, оқытудың ерекше жағдайына қарай мектеп-интернаттар, дарынды балалар мектебі, кемтар балалар мектебі деп аталады.
Қазақстан Республикасының “Білім туралы“ Заңына сәйкес үш сатылы: бастауыш саты (1-4 сынып), негізгі (5-9 сынып) және (10-11(12) сынып) жоғары сатыны қамтитын міндетті және тегін орта білім беру әлемдік білім беру үрдісіне сәйкес жетілдірілді. Орта білім берудің әртүрлі жолдары айқындалды. Жалпы білім беретін мектеп (күндізгі, кешкі, арақашықтықтан оқытатын (сыртқы)), кәсіптік мектептерге(лицей) және мектептің жоғары сатысының жалпы және кәсіби білім беретін оқу мекемелері мектеп бағдарламасы бойынша кәсіби білім алатын колледждер негізінде ұйымдастырылатын болды.
Қазақстан Республикасының “Білім туралы“ Заңында:
- гимназия – негізгі және қосымша жалпы білім беру бағдарламаларын іске асыратын, оқушыларды олардың бейімділігі мен қабілетіне сәйкес терендетіп, салаға бөліп, саралап оқытуды көздейтін, жалпы орта білім беретін оқу орны;
лицей – негізгі және қосымша жалпы білім беру бағдарламаларын іске асыратын, оқушыларды кәсіби бағдарлап оқытуды жүзеге асыратын жалпы орта білім беретін оқу орны;
мектеп-гимназия (мектеп-лицей) – гимназияның жалпы білім беру бағдарламаларын – гимназия сыныптарында; лицейдің жалпы білім беру бағдарламаларын лицей сыныптарында іске асыратын жалпы білім беретін орта оқу орны деп түсініктеме берілді.
Қазақстан Республикасы елді мекендерінің тарихи және географиялық орналасуларына байланысты шағын кешенді мектептер елеулі орын алады. Қазақстан Республикасының “Білім туралы“ Заңында “шағын кешенді (шағын жинақталған) мектептер – сынып жинақтамалары аралас және оқу сабақтарын ұйымдастырудың өзіндік нысаны бар, оқушылар саны шағын жалпы білім беретін мектеп“, педагогикалық сөздікте “шағын жинақталған мектеп – сынып-жинақтамалары аралас және оқу сабақтарын ұйымдастырудың өзіндік нысаны бар, оқушылар саны шағын жалпы білім беретін мектеп“ деп атап көрсетілген.
Шағын кешенді мектептердің ерекшелігі мұғалімге бірнеше пәнді қатар жүргізуге, кейде мұның үстіне мектепті басқару міндеттерін де қоса атқаруға тура келеді. Шағын кешенді мектептер бастауыш, негізгі және жоғарғы болып үшке бөлінеді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 25 ақпандағы 2000 жылғы № 300 қаулысына сәйкес шағын кешенді мектепті ұйымдастыруда қамтылатын оқушы саны былайша белгіленген:
5 және одан да жоғары бала болса - бастауыш саты;
41- ден жоғары оқушы болса - бастауыш және негізгі саты;
81-ден жоғары оқушы болса - жалпы орта білім беретін оқу мекемесі.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің статистикалық мәліметтері бойынша бастауыш мектептің оқушы саны 41-ден, негізгі мектептің оқушы саны 100-ден, орта мектептің оқушы саны 280-нен келген, олар шағын кешенді мектептер санатына қосылды.
Шағын кешенді мектептерде білім қазақ және орыс тілдерінде беріледі. Ұйғыр, өзбек, түрік тіліндегі шағынкешенді мектептердегі оқушы саны 0,5 пайызды құрайды.
Шағынкешенді мектептерде білім беру Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпы орта білім стандарттарына, базистік оқу жоспары мен бағдарламаларына сәйкес жүргізіледі.
XX ғасырдың соңында ұлттық дәстүрлер мен құндылықтар және әлемдік тәжірибелер негізінде құрылымдық жүйесі айқындалып Қазақстан мектептерін модерндеу (жаңаландыру) басталды. Білім мазмұнында ұлттық құндылықтар жалпыәлемдік құндылықтармен өзара кіріктіріле отырылып жүргізілуі тиіс. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен мектеп бітірушілердің білім сапасын айқындауға арналған бірыңғай ұлттық тестілеу енгізіліп, соның негізінде арнаулы орта және жоғары кәсіптік білім алуға мүмкіндік жасалды.
Орта білім беру саласы бойынша мектептегі тәрбие жұмысын ұйымдастыруға байланысты “Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалардың тәрбие тұжырымдамасы“, Қазақстан Республикасы білім беру ұйымдарында тәрбиенің кешенді бағдарламасы дайындалып, іске қосылды.
“Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалардың тәрбие тұжырымдамасы“ қазақ халқының өзіне тән ерте заманнан қалыптасқан ұлттық тәрбиесінің асыл қазынасы мен мол тәжірибесін бүгінгі ұрпақ тәрбиесінің негізіне ала отырып, жас балалар мен оқушыларға адамгершілік, ізгілік тәрбие берудің қажеттілігін айрықша атап өтеді.
Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, іскер, бойында басқа да игі қасиеттер қалыптасқан адамды тәрбиелеу. Тұжырымдамада басшылыққа алынған негізгі ұстанымдар – үздіксіз тәрбиенің негізі – ұлттық тәлім-тәрбие, тұлға бойындағы мәдени құндылықтарды қалыптастыру, әр саты бойынша тәрбиенің бірізділігі мен сабақтастығы көзделген.
Тұжырымдамада қамтылған міндеттерді қамтамасыз етуге байланысты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі 2002 жылы Қазақстан Республикасы білім беру ұйымдарында тәрбиенің кешенді бағдарламасын дайындап, төмендегі негізгі бағыттар бойынша іс-шараларды іс-жүзіне асыруды ұсынды:
оқушылардың жасы, жеке тұлғалық-психологиялық ерекшеліктерінің негізінде нақты мүмкіндіктерді ескере отырып, тәрбиенің мазмұны мен сапасын, оның нысандары мен әдістерін сәйкестендіруді қамтамасыз ету;
жалпы оқу-тәрбие процесін қамтитын тәрбие жүйесін қалыптастыру;
тәрбие жүйесінде жалпы адамзаттық, этно-мәдени құндылықтарды үйлестіру;
құқықтық және мемлекеттік жүйені, Қазақстан Республикасының рәміздерін зерделеу арқылы Қазақстанның отансүйгіш азаматын тәрбиелеу;
қоғамдағы тәрбиенің әлеуметтік статусын көтеру шараларын белсенді ету;
балалар мен жастар арасындағы жағымсыз әрекеттерді жеңуге ықпал ететін балалардың қараусыздығы мен бақылаусыздығының алдын алудың тиімді жүйесін құру.
Тұжырымдама мен тәрбиенің кешенді бағдарламасына байланысты мектептерде оқушылардың бастамасымен қоғамдық ұйымдар қалыптаса бастады. Еліміз егемендік алғаннан кейін бұрыннан қалыптасқан “Пионер“ ұйымы, “Скаутинг“ қозғалысымен қатар “Атамекен”, “Мың бала” атты балалар қозғалысы, “Болашақ” атты оқушылар ұйымы, “Жұлдыз”, “Кәусәр бұлақ”, т.б. бағдарламалар пайда болды.
Балалар қозғалыстары мен ұйымдарының негізгі мақсаты - әр түрлі қоғамдық қатынастардағы іс-әрекеттерге еркін араласа алатын мәдени құндылықтары қалыптасқан тұлғаны қалыптастыру. Қозғалыс пен ұйымдар оқушылардың сұранысы нәтижесінде құрылды.
“Атамекен” балалар қозғалысы республика мектептеріне кеңінен тарап, оқушылар тарапынан үлкен қолдау көрсетілді. “Мың бала” атты балалар қозғалысы Алматы облысы мектептерінде іске асырылды.
“Болашақ” атты оқушылар ұйымының Ережесі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Жалпы орта және бастауыш кәсіптік білім департаментінің шешімі (16 май, 2001 жыл) бойынша республика мектептеріне үлгі ретінде ұсынылды. Ереже Алматы, Маңғыстау облыс мектептерінде жақсы жолға қойылды. Жаңа Өзен қаласындағы “Болашақ” оқушылар ұйымы атқарған іс-шаралар облыс және республика мектептеріне таратылды.
Жоғарыдағы тәрбие тұжырымдамасы мен бағдарламасына сәйкес республика мектептеріндегі тәрбие жұмысы бойынша
-жалпы білім беретін оқу үрдісіндегі тұлғаны қалыптастырудың әдіснамалық негіздерін өрістету;
- мектеп, отбасы және қоғамдық ұйымдардың психологиялық, педагогикалық және тәрбиелік мүмкіндіктерін кіріктіре пайдалану;
- қазіргі кезеңдегі полимәдени оқушы тұлғасын дамыту мен тәрбиелеудің ғылыми-педагогикалық негіздерін басшылыққа алу;
- үздіксіз кәсіби білім беру жүйесіндегі Қазақстан мамандарын даярлауда ұлттық тәрбие негізін қалыптастыру;
- Қазақстан Республикасындағы үздіксіз білім жүйесіндегі салауатты өмір салтын қалыптастырудың ғылыми-әдістемелік негіздерін дамыту;
- тұлғаны отбасы арқылы әлеуметтендіру;
- отбасындағы дәстүрлі діни бірлестіктер мен діни секталардың психологиялық ықпалын зерттеу;
оқушылардың есірткіні пайдалануының алдын алудың психологиялық және педагогикалық негіздерін пайдалану;
балалар мен жасөспірімдерге гендерлік және рухани-адамгершілік тәрбие беру мәселелерін жүзеге асыру іс-шаралары қолға алынды.
Еліміздің бүгінгі негізгі мақсаты – бәсекелестікке қабілетті 50 дамыған мемлекеттер қатарына кіру болса, оның негізгі алғы шарттарының бірі – қазақ мектебінің дамуы. Қазақстандағы білім беру жүйесінің әлемдік білім кеңістігіне кіріктірілуіне байланысты қазақ мектебін ХХІ ғасырда өз биігіне көтеру мақсатында жүйелі түрде кешенді ғылыми-зерттеулер ұйымдастырылды. Аталған мақсатқа сәйкес Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтында Ш.К.Беркімбаеваның басшылығымен құрылған “Қазақ мектебінің даму мәселелері“ атты ғылыми-зерттеу зертханасы бүгінгі күн тұрғысынан қазақ мектебінің даму тарихы, ауыл мектебінің даму болашағы және зерттелу деңгейі, қаладағы қазақ мектебін дамыту мәселелері, аралас мектептер және оның қайшылықтары, мектептің оқу-тәрбие үрдісінің этнопедагогикалық негіздері: теориясы мен тәжірибесі, қазіргі мектепті басқарудың инновациялық технологиялары, ақпараттық технологиялар және қазақ мектебі, он екі жылдық оқуға өтудің мәселелері мен шарттары, шағын жинақталған мектеп: тарихы, тәжірибесі мен даму болашағы бағыттары бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Ғасырлар тоғысында үздіксіз білім беру жүйесінде ұлттық білім мен тәрбиенің мазмұнына аса мән беріліп, ұрапқтан-ұрпаққа жалғасқан қазақтың халықтық тәлімдік тәжірибесінің тағылымдарының, ойшылдарының мұраларындағы тәрбие иірімдерінің әлеуеті жүйеленіп, ғылыми айналымға енгізілді. Бұл ретте, профессорлар Қ.Б:Жарықбаев пен С.Қ.Қалиевың ХҮ ғасырды қамтыған “Қазақ тәлім-тәрбие антологиясы“ ерекше орын алады.
Республика мектептерін ақпараттандыру жүйесі құрылды. Әсіресе, шалғайдағы ауыл мектептерінде электрондық пошта, видеоконференция, интернет жүйесі арқылы өз бетімен білімдерін толықтыруға, еліміздегі және алыс, жақын шет елдердің орталық кітапханаларындағы қажетті мәліметтерді шұғыл алып пайдалануға мүмкіндік берді.
Достарыңызбен бөлісу: |