3 Жанзақов М.М., Мырзабек К.А. Стандарттау – Қызылорда, «Тұмар», 2007 ж. – 224 б
Модуль 3 Стандарттауды ұйымдастыру және әдістері
№ 22 дәріс
Тақырыбы: Стандарттау әдістерінің жіктелуі. Ұнамды сандар жүйесі және параметрлік қатарлар. Унификация, агрегаттау
Дәрістің мазмұны:
1Стандарттау әдістерінің жіктелуі.
2 Үйлесімді сандар жүйесі мен параметрлік қатарлар.
3 Унификаттау және агрегаттау.
Стандарттау қызмет түрі ретінде жалпы ғылыми және арнаулы әдістердің жиынтығына сүйенеді. Бұл әдістер жиынтығы қайталанып кездесетін міндеттерді оптималды шешу үшін қажет болып табылады.
Стандарттау жұмыстарында жиі қолданылатын әдістер:
-
стандарттау нысандарын ретке келтіру;
-
параметрлік стандарттау;
-
унификациялау;
-
агрегаттау;
-
кешенді стандарттау;
-
озық стандарттау.
Стандарттау нысандарын ретке келтіру стандарттау нысандарының алуан түрлігін басқару болып табылады. Мысалы, жіктеуіштер, типтік конструкциялар, комплекттеуші бұйымдар, процестер, ережелер, құжаттардың формалары (нұсқалары) ретке келтіру жұмыстарының нәтижесі болып табылады.
Ретке келтіру стандарттау нысандарын жүйелеу (жүйеге келтіру), типтендіру, селекциялау, симплификациялау және оңтайлау арқылы (жолымен) жүзеге асырылады.
Жүйелеу – біртекті, өзара байланыстағы стандарттау нысандарының белгілі тізбегін тағайындау болып табылады.
Нысандардың алуан түрлігін ескерсек, жүйелеудің маңызы өте зор болып табылады, өйткені оларды өзара байланыстырылған және өзара бағыныстағы топтарға біріктіруге, оларды жіктеуге жіне ранжирлеуге мүмкіндік береді. Мысалы, Қазақстан Республикасында қолданылатын техника-экономикалық және әлеуметтік ақпарат жіктеуіштері жүйелеу жұмыстарының нәтижелері болып табылады.
Типтендіру – бірқатар стандарттау нысандарына ортақ сипаттар негізінде типтік конструкциялық немесе технологиялық шешімдерді әзірлеу жөніндегі әрекеттер болып табылады. Типтендіру нәтижелері типтік конструкциялар, бұйымдар, ережелер, процестер, құжаттар формалары, есептер, жұмыс жүргізу тәртібі және т.б. болып табылады.
Селекциялау - әртүрлі қызметтер облыстарындағы ары қарай да өндіруге немесе қолдануға қолайлы деп танылған нақты стандарттау нысандарын іріктеп алу.
Симплификациялау – селекцияға кері - әртүрлі қызметтер облыстарындағы ары қарай да өндіруге немесе қолдануға қолайлы емес деп танылған нақты стандарттау нысандарын іріктеп алу.
Басқа сөзбен айтқанда симплификациялау деп әр қолданылатын элементтердің санын қолайлы минимумге дейін қысқартуды (мысалы, ыдыстың, ыдыс-аяқтың, бекіту элементерінің өлшемдік типтерін азайтуды) айтады.
Оңтайлау – мүмкін болғандардың ішінен ең жақсы (оңтайлы) стандарттау нысанын таңдап алу. Стандартталатын нысандардың параметрлерінің (арналу, қауіпсіздік, сапалық параметрлері, тұтыну қасиеттері және т.б.) оңтайлы мәндерін табуға негізделеді.
Стандарттау нысандарын оңтайлау экономика-математикалық әдістері және оңтайлы модельдерді қолдану арқылы жүзеге асырылады.
Параметрлік стандарттау – параметрлердің қолайлы номенклатурасын және сандық мәндерін таңдау және негіздеумен байланысты стандарттау әдісі.
Параметр – (parametron – грек - өлшеуші) – процестің, құбылыстың немесе жүйе, машина, аспаптың кез келген қасиетін сипаттаушы шама болып табылады.
Өнімнің ең маңызды параметрлері болып оның арналуын және қолдану шарттарын айқындаушы сипаттары табылады:
-
өлшемдік параметрлер (киімнің, аяқ киімнің размері, ыдыс аяқтың сиымдылығы.;
-
салмақтық параметрлер (спорт инвентарінің жеке түрлерінің салмағы);
-
машиналар мен аспаптардың өнімділігін сипаттаушы параметрлер (желдеткіштің өнімділігі, көліктің жүру жылдамдығы);
-
энергетикалық параметрлер (тоңазытқыш пайдаланатын қуаттын мөлшері) және т.б.
Белгілі типке жататын, яғни белгілі қызметке арналған, жұмыс істеу принципі мен конструкциясы айқындалған өнім бірнеше параметрлермен сипатталады. Параметрлердің тағайындалған мәндерінің жиынтығы параметрлік қатар деп аталады. Мысалы тоқ шамдарының параметрлік қатары (пайдаланатын қуаты бойынша): 25, 40, 60, 75, 100, 150, 200, 250, 500 Вт.
Параметрлік қатардың бір түрі болып өлшемдер қатары табылады. Мысалы, маталар үшін өлшемдік қатар мата енінің жеке параметрлерінен, ыдыс-аяқ үшін – жеке сиымдылық параметрлерінен құралады. Бір типті өнімнің (материалдың) әр өлшемі типтік өлшем (типоразмер) деп аталады. Мысалы, қазіргі кезде ерлер киімінің 105 типтік өлшемі және әйелдер киімінің 120 типтік өлшемі бекітілген.
Параметрлер қатарларын стандарттау процесі параметрлік стандарттау деп аталады. Мысалы, киім және аяқ-киімнің өлшемдік қатарларын құру үшін көптеген еркек және әйел адамдарын (әртүрлі жастағы, әртүрлі өңірде тұратын) антропометриялық өлшеулерден өткізу керек. Алынған нәтижелер математикалық статистика әдістерімен өңделеді.
Үйлесімді сандар және үйлесімді сандар қатарлары. Машина, аспап, ыдыстардың параметрлік қатарлары үйлесімді сандар жүйесіне сәйкес құралады. Үйлесімді сандар деп геометриялық прогрессия бойынша өзгеретін сандар тізбегінің жиынтығын айтады. Бұл жүйенің мағынасы – параметрлер мәндері үшін кез келген санды ала бермей, тек қана белгілі математикалық заңға бағынатын мәндерді ғана алу болып табылады.
Параметрлік стандарттауда негізгі стандарттар ГОСТ 8032 «Предпочтительные числа и ряды предпочтительных чисел» және ГОСТ 6636 «Нормальные линейные размеры» болып табылады.
ГОСТ 8032 бойынша 4 негізгі үйлесімді сандар қатары бекітілген:
1- қатар - R5 – 1,00; 1,60; 2,50; 4,00; 6,30; 10,00 – прогрессия знаменателі 1,6;
2- қатар – R10 – 1,00; 1,25; 1,60; 2,00; 2,50; … – прогрессия знаменателі 1,25;
3- қатар – R20 – 1,00; 1,12; 1,25; 1,40; 1,60; … – прогрессия знаменателі 1,12;
4- қатар – R40 – 1,00; 1,06; 1,12; 1,18; 1,25; … – прогрессия знаменателі 1,06.
R- индексі француз инженері Ш. Ренар атымен аталған. Бұл инженермен үйлесімді сандар қатарларын құру тарихы байланысты.
1 – 10 сандары аралығында R5 қатарында 5 сан бар, R10 қатарында - 10 сан, R20 қатарында - 20 сан, R40 қатарында - 40 сан бар.
Параметрлік қатардың жиілігі оңтайлы болуы керек: тым «қою» қатар тұтынушылар мүдделерін максимум қанағаттандыруға мүмкіндік береді, бірақ, екінші жағынан, өнімнің типтік өлшемдері тым көбейіп кетеді. Сондықтан R5 қатарын қолдану R10 қатарына қарағанда дұрыс болып табылады, ал R10 қатарын қолдану R20 қатарын қолданғаннан дұрыс болып табылады.
Үйлесімді сандар жүйесін қолдану белгілі типті өнімнің параметрлерін бірыңғайландыру ғана емес, сонымен бірге бөлшектерді, бұймдарды, көлік құралдары мен технологиялық жабдықтарды параметрлер бойынша сәйкестендіруге мүмкіндік береді.
Мысалы, машина жасау саласындағы стандарттау тәжірибесі көрсеткендей, бөлшектер мен тораптардың параметрлік қатарлары машина және жабдықтардың параметрлік қатарларында негізделу керек. Бұл жерде мынадай ереже сақталуы керек: машиналардың R5 қатарынан алынған параметрлерге бөлшектердің R10 қатарынан алынған параметрлер сәйкес келу керек, R10 қатарынан алынған параметрлерге бөлшектердің R20 қатарынан алынған параметрлер сәйкес келу керек және тағы солай. Теміржол вагондары мен автокөліктің жүк көтеру қабілеті, контейнер, жәшік және жеке алынған консерві банкасының өлшемдерінің қатары R5 қатары бойынша құрылу керек. Бұл шара консерві банкасына арналған ыдыс және оларды тасымалдайтын көлік құралдарын ұтымды қолдануға мүмкіндік береді.
Радиотехникада Халықаралық электротехникалық комиссиямен қабылданған Е қатары байынша құрылған үйлесімді сандар қолданылады. Е қатарлары:
Е3 – q = 2,2;
Е6 - q = 1,5;
Е 12 - q = 1,2.
Бұл қатарлар ГОСТ 2825 «Ряды номинальных сопротивлений постоянных резисторов» және ГОСТ 2519 «Ряды номинальных емкостей постоянных конденсаторов» стандарттарымен бекітілген.
Конденсаторлар үшін 1,5; 2,2; 3,3; 4,7; 6,8 (пФ, мкФ) сиымдылықтар қатары қолданылады.
Унификациялау – (бірыңғайландыру) (лат. unus – бір) - өнім, процестер және қызмет көрсетулер түрлерінің, олардың параметрлерінің және өлшемдерінің мәндерінің оңтайлы санын таңдау (тағайындау).
Бірыңғайландыру – бірдеңені бірыңғай жүйеге, формаға, бірегейлікке келтіру. Мысалы техникада бірыңғайландыру деп өнімнің және оны шығаруға қажет құралдардың минимум санды типтік өлшемге, маркаға, қасиеттерге келтіруді айтады.
Бірыңғайландырудың мақсаты өнімнің, процестердің қажетсіз көп түрлері болуға жол бермеу және олардың санын негізгі тұтынушыға қажетті минимумға келтіру болып табылады.
Бірыңғайландыру стандарттау нысандарын жүйелеу, типтендіру (типтеу), селекциялау, симплификациялау және оңтайлауға негізделеді және төмендегі бағыттарда жүзеге асырылуы мүмкін:
-
бұйымдар, машиналар, жабдықтар, аспаптар, тораптар мен бөлшектердің параметрлік және типті өлшемдік қатарларын әзірлеу;
-
біртекті өнімдердің бірыңғайланған топтарын құрастыру мақсатында типтік бұйымдарды зерттеп дайындау;
-
бірыңғайланған технологиялық процестерді, сынау әдістерін, құжат формаларын және т.б. зерттеп дайындау;
-
біртекті стандарттау нысандарының номенклатурасын оптималды минимуммен шектеу.
Бірыңғайландыру мына түрлерге бөлінеді:
-
типтік-өлшемдік бірыңғайландыру (мысалы, функционалдық арналуы бірдей, бір-біріне бас параметрлерінің сандық мәнімен ажырасатын өнімдер);
-
тип шегіндегі бірыңғайландыру (мысалы, бас параметрі бірдей, құрамдық элементтерінің конструкциясымен ажырасатын өнімдер);
-
тип аралық бірыңғайландыру (мысалы, әртүрлі типті және конструкциялы өнімдер).
Жүргізу аймағына байланысты нысандарды бірыңғайландыру салааралық, салалық және зауыттық болуы мүмкін.
Ең жоғары экономикалық әсерге жобалау сатысында қол жеткізуге болады.
Бірыңғайландыру нәтижелері бұйымдардың, бөлшектердің, тораптардың типтер, параметрлер және өлшемдер стандарттарының, конструкция, марка және т.б. типтік (бірыңғайланған) конструкциялары альбомы түрінде өңделеді.
Агрегаттау - бұйымдардың, машина, аспап және жабдықтарды бөлек стандартты бірыңғайланған бөлшектер мен тораптардан құрау және қолдану әдісі. Бұндай бөлшектер мен тораптар әртүрлі қосылыста конструкциясы және сыртқы бейнесімен ажырасатын өлшемдердің кең номенклатурасын өзірлеуге мүмкіндік береді. Мысалы, жиһаэ өндірісінде щиттардың 15 өлшемін және стандартты жәшіктердің 3 өлшемін қолдану осы элементтерді әртүрлі комбинациясы арқылы жиһаздың 52 түрін құруға мүмкіндік береді.
Бірыңғайланған, стандартты, өзара алмастырылатын бөлшектер мен тораптарды қолдану нәтижесінде бұйымның жөндеуге келу қабілеті мен жөндеудің тиімділігі жоғарылайды.
Агрегаттау машина жасау, радиоэлектроника және өлшем құралдарын жасау салаларында кеңінен қолданылады. Аталған салаларыдың дамуы бұйымдар конструкциясының күрделігі және жиі өзгеруімен сипатталады. Әртүрлі машиналарды жобалау және жасау үшін машинаның конструкциясын бір-бірінен тәуелсіз жинау бірліктеріне (агрегаттарға) бөлу қажет болып шықты. Әр агрегат машинада белгілі функция атқаратындай қылып жасалатын балды. Бұл шара агрегаттарды бөлек бұйым ретінде шығаруға және оның жұмысын машинаның жұмысынан бөлек (жеке) тексеруге мүмкіндік берді.
Бұйымдарды бөлек агрегаттарға бөлу агрегаттау әдісінің дамуының алғашқы себебі болды. Содан кейін машиналардың конструкцияларын талдау көптеген агрегаттар, тораптар және бөлшектер, құрылымы басқа болса да әртүрлі машиналарда бірден бір функция атқаратынын көрсетті. Бөлек конструкциялық шешімдерді бірыңғайланған агрегаттар, тораптар және бөлшектер әзірлеу жолымен жалпылау осы әдістің мүмкіншіліктерін едәуір арттырады.
Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар:
1Стандарттау әдістерінің маңызы?
2Cтандарттау әдістеріне мысалдар келтіру?
Ұсынылатын әдебиет:
1«Техникалық реттеу туралы» ҚР Заңы.2000ж.
2 Основы стандартизации, метрологии, сертификации и менеджмента качества. Учебное пособие под редак. Тазабекова Алматы.: 2003 г. - 450 с.
3 Е.М. Лифиц Основы стандартизации, метрологии и сертификации. М.: Юрайт, 2000 г. - 465 с.
4 Стандартизация и управление качеством продукции: Учебник для вузов. Под ред. Проф. В.А.Швандера. - М.: ЮНИТИ-ДАНА, 2000 г.- 487 с.
5 Жанзақов М.М., Мырзабек К.А. Стандарттау – Қызылорда, «Тұмар», 2007 ж. – 224 б.
№23 дәріс
Тақырыбы:Кешенді стандарттау . Озық стандарттау
Дәрістің сабағының құрылымы:
1 Кешенді стандарттау
2 Озық стандарттау
1. Кешенді стандарттау – кешенді стандарттау объектісінің өзіне және оның негізгі элементтеріне де, мәселеге әсер ететін материалдық және материалдық емес факторларға да өзара алмастырылатын талаптар жүйесін мақсатты бағыттау мен жоспарлау түрінде белгілеуді және қолдануды жүзеге асыратын стандарттау түрі.
Кешенді стандарттаудың мәні – талап етілген мерзімде өнім сапасының экономикалық оңтайлы деңгейін қамтамасыз ететін барлық өзара әрекет ететін факторларды жүйелендіру, оңтайландыру және байланыстыру. Машиналар және т.б. бұйымдардың сапасын анықтайтын негізгі факторларға мыналар жатады:
- машиналар конструкциясын және жобалау мен есептеу әдістерін (оларды құрайтын бөліктері мен бөлшектерін) беріктікке, сенімділікке және дәлдікке жетілдіру;
- қолданылатын шикізат, материалдар, жартылай фабрикаттардың сапасы;
- үйлестіру, агрегаттау және стандарттаудың дәрежесі;
- технология және өндіріс құралдары, бақылау және сынақтан өткізудің деңгейі;
- машиналардың өзара алмастырылу, өндірісті ұйымдастыру және пайдалану деңгейі;
- жұмысшылардың біліктілігі және олардың жұмысының сапасы.
Машиналардың жоғарғы сапасын қамтамасыз ету үшін көрсетілген факторларды оңтайландыру қажет, мысалы, автомобиль өндірісінде бұйымдар мен материалдардың 4000-ға жуық атауларын, өнеркәсіптің көптеген салаларының зауыттарында шығарылатын технологиялық жабдықтар, құрал-саймандар және бақылау құралдарының мыңдаған түрлерін қолданады. Кешенді стандарттау өзара байланысқан стандарттардың және техникалық шарттардың кешенін даярлауға мүмкіндік береді, көптеген орындаушы ұйымдардың қызметтерін байланыстырады.
Кешенді стандарттаудың бағдарламаларын даярлау және орындау мәселелері болып табылады:
-қоғамдық өндіріс, техникалық деңгей және өнім сапасының барынша тиімділігін жоғарылатуды қамтамасыз ету, барлық ресурс түрлерін үнемдеу тәртібін нығайту;
-ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-құрылымдық жұмыстардың нәтижелерін және ғылым мен техниканың жетістіктерін кеңінен қолдану негізінде НТП жылдамдатуда стандарттардың ғылыми-техникалық деңгейін және олардың ұйымдастырушылық рөлін жоғарылату;
-өнімнің маңызды түрлеріне кешенді стандарттау бағдарламасын орындауға жәрдемдесу.
Кешенді стандарттау бағдарламасының тізімдемесін, министрліктер және ведомстволардың ұсыныстарын ескере отырып, уәкілетті мекеме даярлайды. Бұл ұсыныстарды саланың дамуын болжау және тұтынушылардың сұранысын зерттеу арқылы даярлайды. Шикізат, материалдар, жинақтаушы бұйымдарды стандарттаудың озыңқы дамуы қарастырылады. Соңғы бұйымдарды өндіру үшін қолданылатын салааралық қолданудағы жинақтаушы бұйымдар, материалдар және сатып алынатын бұйымдар осы бұйымның кешенді стандарттау бағдарламасына кіргізілуі қажет. Кешенді стандарттаудың осы объектілері бойынша бағдарлама даярлаушылар олардың сапасына қойылатын озыңқы талаптарды және жаңа стандарт бойынша шығарылу мерзімін анықтаулары қажет.
Кешенді стандарттау бағдарламасын келесі қағидалар негізінде даярлайды:
- жүйелілік қағидасы – техникалық прогресс және өнім сапасын жоғарылату адамдардың еңбегі, еңбек құралдары және еңбек мәні (өндірістің барлық кезеңдерінде шығарылатын өнім) кіретін өндіріс үрдісіне жүйелі келудің объективті қажеттілігін тудырды;
- кешенділік және оңтайлы шектеу қағидасы – стандарттауда өзара байланыстағы материалдық және материалдық емес элементтер кешеніне қойылатын талаптар және сипаттамалар жүйесін қарастырады;
- Стандарттардың прогрестігі және оңтайландыру. Стандарттармен белгіленетін көрсеткіштер, нормалар, сипаттамалар және талаптар ғылым мен техниканың әлемдік деңгейіне сай келуі қажет. Өнімнің жаңа сапасының тиімділігін ғана емес оны даярлауға шығатын шығын, шикізат және т.б. есепке алатын экономикалық оңтайлы сапа көрсеткішін белгілеу қажет;
- бұйымның стандарттауын және функционалдық өзара алмастырылуын қамтамасыз ету қағидасы – пайдалану көрсеткіші бойынша бұйымдардың өзара алмастырылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді – басты болып саналады;
- стандарттардың өзара байланыс қағидасы– жалпытехникалық және салааралық стандарттардың, сондай-ақ терминдер мен анықтамалардың көптүрлілігінде өзара байланыста болуы қажет;
- стандарттарды даярлаудың ғылыми-зерттеу қағидасы – арнайы теориялық, эксперименттік және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізілуі қажет;
- артықшылық қағидасы– бөлшектердің типтік өлшемдері;
-динамикалық қағида– техникалық прогрестің талаптарына сәйкес келтіру мақсатында стандарттау объектілеріне қойылатын талаптарды әлсін-әлсін қарастырып тұру қажет;
Достарыңызбен бөлісу: |