Тәрбие көзі бесіктен,
Ата балаға сыншы,
Ұлы жаман болса, көршінің мазақ еткені,
Есер баладан ерке бала жаман,
Көзі соқырдан көңілі соқыр жаман, т.б.
Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле деп ескертеді.
Оқу, білім, еңбеккке байланысты:
Оқу инемен құдық қазғандай,
Оқу – білім бұлағы, білім – өмір шырағы,
Әлің барда еңбек ет, еңкейгенде қайтарсын,
Білімдіден шыққан сөз талаптыға болсын кез,
Мектеп – кеме, білім – теңіз,
Талап қылмай, мұратқа жетпессің, т.б.
Тазалыққа байланысты: Халық өз ұрпағының дұрыс өсуін ең алдымен «Денсаулық – зор байлық» деп баланың денсаулығын ойлап, денің сау болған кезде арманыңа жетесің деген.
Дені саудың – тәні сау,
Шынықсаң, шымыр боласың,
Тазалық – саулық негізі,
Ішің ауырса, аузыңды тый, т.б.
Осының бәріндегі негізгі ой – саулық, тазалық, ұқыптылық дей келе, «ұқыптының тоны тозбас, ұқыпсыздың ісі оңбас» деп ескерту айтады.
Мақал мен мәтелдер көбінесе сабырлы салмақты ырғақпен, өлеңдік өрнекпен де шешендік тілмен, қара сөзбен нақыл, өсиет түрінде айтылатын философиялық ой түйіндері.
Мақал, негізінен екі бөлімнен құралады. Бірінші бөлімде пайымдау екінші бөлімде ой қорытындысы айтылады. («Еңбек етсең, емесің»). Тура мағынада («Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей»), ауыспалы мағынада («От жақпаған үй қорамен тең, адам кірмеген үй моламен тең») қолданылатын мақалдарды, көбінесе халық шығарған. Жыраулар мен ақындар, ел басылары, батырлар, зиялы адамдар шығарған (авторы белгілі) мақалдар мен мәтелдер де баршылық.
Мәтелдер, негізінен, тұжырымы тұспалдау, өлеңде сыңар тармақты, қара сөзде нұсқалы сөз ретінде айтылады («Өлең — сөздің патшасы»), «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда»), т. б.
Мәтелдер де тура мағынада («Қадіріңді білгенге жұмса») және ауыспалы мағынада («Тікен гүлін қорғайды») айтылады.
Өтірік өлең – қазақ халық поэзиясындағы ерекше қызықты, балалар құмарта тыңдап, қызыға жаттап алатын фольклорлық жанр. Өтірік өлеңді бүлдіршіндер ғана емес, үлкендер де сүйсіне тыңдайды, тіпті бүгінгі айтыста да бұл жанр тіріле, жаңа қырынан танылып жүр. Сол сияқты халық «Тазша баланың кырық өтірігі» жөніндегі ертегіні де ұрпақтан-ұрпаққа қастерлей жеткізіп келеді. Бұл өтірік өлеңнің қазақ фольклорындағы көне де дәстүрлі жанр екендігін көрсетеді.
Қазақ өтірік өлең нұскаларының хатқа түсе бастауы XIX ғасырдың екінші жартысынан басталады. Оның алғашқы нұсқасын В.В.Радловтың қазақ фольклорына арналған жинағынан кезіктіреміз. Өтірік өлең үлгілерін жинап бастыруға Ә.Диваев, С.Сейфуллин, I.Жансүгіров сияқты белгілі адамдар да атсалысқан. Бұл орайда, әсіресе, I.Жансүгіров құрастырып, алғы сөз жазған «Ел өтірігі» атты жинақты ерекше атаған жөн. Кейінгі кезеңде өтірік өлеңдер жинағы әлденеше рет жарық көріп келеді.
Ел арасында өтіріктің қара сөзбен айтылатын түрлері де мол ұшырасады. Тіпті әр ауылдың өзінің қиыннан қиыстырып: «өтірікті шыңдай, ақсақты тыңдай» қылып әңгімелеу арқылы халық «құрметіне» бөленген адамдары болған. Бүгінгі күндері баспасөз бетін көріп жүрген Әлімжанның өтірігі, Сұраубайдың өтірігі, Судырахметтің өтірігі делінетін әңгімелер бұған айқын дәлел. Е.Ысмайылов өтірік өлең қиыстырудың салдар салтында да болғандығын айта келіп, былай дейді: «Салдардың... өлеңдері де өз мінездеріне сай өтірік, қыңыр мағыналы, қисынсыз құралған күлдіргі болып келеді. Жантұрған сал өзінің бір құрбысына кездескенде: Алабас ит көрдің бе шідерлеулі, Әр ауылдың көлінде оттап тұрған»,– деп бастайды өлеңді».
Өтірік өлең дегенде бұл шын нәрсені бұрмалайтын, баланы дұрыс бағытынан тайдыратын нәрсе деп, оның байыбына бармай, оған жеңіл-желпі нәрсе деп, шошына қарауға болмайды, Өтірік өлеңдердің айтылуында да ерекше сыр-сипат бар.
Өтірік өлеңдердің тағы бір өзгешелігі — балаларды қиыннан қиыстырып келтіретін тапқырлыққа үйретеді. Сөздің реті, орнын тауып қисынды сөйлеуге шеберлендіреді. Өйткені, өтірік өлеңдерде әсерлі қисын тапқан көркем сөздер, жақсы теңеулер көп. Өтірік өлеңдердегі суреттелген көріністердің бәрі де әсерлеу, теңдестіру, бейнелеу арқылы беріледі. Түйедейді түймедей етіп көрсету арқылы оқыс көріністер жасайды. Сондай оқыс көріністер баланы мәз-мәйрам етеді.
Қорыта айтқанда, өтірік өлең – балалардың ынтыға тыңдайтын да, қызыға жаттап алатын фольклордағы ең сүйікті жанрларының бірі. Ол бала көңілін жұбатып, қызыққа кенелтетін алданыш қана емес, жас ұрпақтың қиялын ұштап, арманын асқақтататып, күлдіре отырып ойға жетелейтін, өмірдегі қарама-қайшылықтарды шендестіре отырып сырына үңілетін дәстүрлі тәрбие құралының рөлін атқарады.
Негізгі әдебиеттер:
Ахметов Ш. Қазақ балалар әдебиеті. Алматы, 1974
Ахметов Ш. Қазақ совет балалар әдебиеті. Алматы, 1976
Қазақ балалар әдебиетінің хрестоматиясы. А: Мектеп, 1980.
Адамбаев Б. Халық даналығы. Алматы, 1976
Ергөбеков Қ. Жақсыдан қалған сөз. Алматы, 1991
Ергөбеков Қ. Мейірім шуағы. Алматы, 1985
Ыбырайым Б. Сырлы әлем. Алматы,1997
Қосымша әдебиеттер:
Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. Алматы, 1974
Ісләмжанұлы К. Рухани уыз. А: Ана тілі. 1995
Ақ сандық, көк сандық. А: Жазушы, 1988
Соқыр теке. А: Өнер. 1990
Жаттамақ. А: Балауса. 1994
Әбжанов М. Қазақ халқының жұмбақтары. Алматы, 2000
Қазақтың мақал-мәтелі. Алматы, 1980
БАҚ мен ғаламтор желісіндегі материалдар
3-дәріс
Ертегілердің танымдық мәні
Ертегілер – балалар фольклорының үлкен жанры
Балаларға арналған ертегілердің түрлері
Қазақ фольклорындағы қара сөзбен баяндалатын шығармаларды халық прозасы құрамына енгіземіз. Бұның басы ертегілер болып табылады. Ертегілер халқымыздың тарихын, тұрмыс-салтын, әдет-ғұрпын, нанымын, дүниетанушылық көзқарастарын білдіреді. Алдағы көп нәрселерді болжаған халық кейінгі ұрпақтарының тұрмыс-тіршілігін жеңілдетуді, табиғаттың мылқау күштерін өзіне бағындыруды, соны жеңуді ерте заманның өзінде-ақ арман етіп, қиял дүниесін кезеді.
Қазіргі техника табыстары мен ертегі оқиғаларын салыстырсақ, халықтың бір кездегі аңсаған арманы біздің дәуірімізде шындық болып іске асқандығына және сондай болатындығына халықтың кәміл сенгендігін көреміз. Қазақ халқы кейінгі ұрпаққа жақсы тәрбие беруді, оларды зұлымдық әрекеттерден сақтандырып, адамгершілікке үндеу мәселелерін ерте кезден-ақ қолға алғаны байқалады. Көп ертегілерде суреттелетін әділдік пен жауыздық арасындағы күрес осы тілектен туған. Ертегілерде зұлымдық, жауыздықтың символы ретінде мыстан, жалмауыз, дәу, алып тағы басқалар суреттелсе, әділдіктің жақтаушысы ретінде мерген, батыр, айлалы, ақылды адамдар бейнеленеді.Әділдікті жақтаушылар күрес жолында үлкен қиыншылықтарға кездесіп, кейде уақытша жеңіліс тапса да, ақыр аяғында мерейі үстем болумен тынады.
Қазақ ертегілерін М.Әуезов, Ә.Марғұлан, М.Ғабдуллин, Ә.Қоңыратбаев, Е.Тұрсынов, С.Қасқабасев, т.б. ғалымдар арнайы зерттеді. М.Әуезов қазақ ертегілерінің идеялық-көркемдік ерекшеліктерін, тарихи даму жолдарын зерттеді, ертегілердің әдебиет тарихынан алатын орнын анықтады. «Ертегілер» атты ғылыми еңбегінде қазақ ертегілерін жан-жақты алып тексереді, мазмұнына қарай тақырыпқа бөледі, көркемдік ерекшеліктерін анықтайды. Қазақ ертегілері (төрт мыңға жуық) сан алуан. Оларды кезінде бірқатар ғалымдар хайуанаттар туралы ертегілер, қиял-ғажайып ертегілер, тұрмыс-салтқа байланысты еретігілер, шыншыл ертегілер деп бірнеше топқа бөлген болатын.
Ертегілердің ішінен балалардың өзіне ғана арналған түрлерін анықтау оңай шаруа емес. Халық ертегілерін уақытында М.Әуезов қиял-ғажайып ертегілері, хайуанаттар жайындағы ертегілер және шыншыл ертегілер деп қарастырған болатын. Шыншыл ертегілерді салт ертегілер, күлдіргі ертегілер, аңыз ертегілер және күй аңызы деп жіктеді. Кейіннен «Ертегілер» еңбегінде хайуанаттар жайындағы ертегілер мен қиял-ғажайып ертегілерінің қатарында салт ертегілерін атайды да, салт ертегілерін тұрмыс-салт ертегілері, күлдіргі ертегілер, аңыз ертегілер деп бөледі.
Сонымен, қазіргі ғылыми ұстаным бойынша қазақ халық ертегілері хайуанаттар жайындағы ертегілер, қиял-ғажайып ертегілері, новеллалық ертегілер, батырлық ертегілер және сатиралық ертегілер түрінде қарастырылады. Қазақ балалар фольклорында жасы кіші балаларға арналған арнаулы ертегілер бар. Олар: «Мақта қыз бен мысық», «Күшік пен мысық», «Қотыр торғай», «Шудалы торғай», «Құйыршық» және т.б. «Хайуанат жайындағы осы алуандас ертегілердің көбі балаларға арналған күлкі, жеңіл болып та кетеді».
Қиял ғажайып ертегілерінде қиял мен миф сабақтас келеді. Ертегілердің ішіндегі баланың қиялын шарықтатып, балалық шақтың болашағын елестетіп, келешекке сеніммен қарауға тәрбиелейтін ең әсерлі ертегілер – қиял-ғажайып ертегілері. Ертеде «Ұшқыш кілем» ойлап шығарған халық енді «Зымыранның» өмірде бар екенін тілге тиек етіп, жұлдыздар мен планеталарды еркін аралайтын алыптар туралы ертегілер шығарды. Мұндай ертегілердің көпшілігі ғылым болжамдарына сәйкестендіріліп шығарылады. Сондықтан оларды ғылыми-фантастикалық ертегілер деп жүрміз.
Батырлық ертегі тақырыбы («Керқұла атты Кендебай», «Құла мерген», «Жоя мерген», «Жерден шыққан Желім батыр», т.б.) ерлікпен үйлену және неше түрлі құбыжық-жалмауыз күштермен соғысу болып отырады. «Батырлық ертегілерде елін қорғап, халқын қадірлеген ерлердің таңғажайып іс-әрекеттері баяндалады («Күн астындағы Күнікей қыз», «Ер Төстік», «Керқұла атты Кендебай», т.б.). Олардың ерліктері мен еңбектері, адамгершілік іс-әрекеттері кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге етіп айтылады. Көбінісе, қиял-ғажайып ертегілер мен батырлық ертегілер бір-бірімен сабақтас, өзектес келеді. Сондықтан көп батырлық ертегілерді әрі қиял-ғажайып ертегілер деуге болады.
Новеллалық ертегі («Уәзірдің қызы», «Әке өсиеті», «Әділ патша туралы ертегі», «Аяз би», т.б.) шытырман оқиғаларға құрылып, үй-іші, ерлі-зайыптылардың адалдығын дәріптейді. Тұрмыс-салтқа байланысты ертегілер халықтың тарихи талаптарына байланысты туған. Онда бай баласы мен жарлы баласының таптық айырмашылықтары сөз болады, ақылды кедей мен сараң бай, қанағатсыз саудагер, ақымақ хан мен данышпан шаруаның іс-әрекеттері, мінез-құлықтары суреттелінеді.
Сатиралық ертегілер (Тазша туралы, Қожанасыр жайлы, т.б.) қоғамдық әлеуметтік қатынастар мен теңсіздікті, тұрмыс-тіршілікті сатира мен юмор арқылы береді. «Аңыз ертегілер, негізінен, Алдар көсе мен Жиренше шешеннің, Қожанасырдың есімдерімен байланысты. Ондағы кейіпкерлер сараң бай, зұлым хан, қаныпезер уәзір, қуақы құл, еріксіз қыз, еңіреп туған ер-азмат болып келеді. Онда зұлымдықты тапқырлық жеңіп отырады.
Хайуанаттар жайындағы ертегілерге құрылысының қарапайымдылығы, шағын көлемділігі және диалогқа құрылуы жағынан новеллалық (салт) ертегілер («Ши бұт, қағанақ бас, қыл тамақ», «Ұр, тоқпақ», «Қаңбақ шал», «Байбай шал», «Айлалы тазша», «Қу тазша», «Тазшаның қырық өтірігі», «Қу бала», «Екі еріншек», «Үш жалқау», «Олақ қыз», т.б.) ұқсас келеді. «Алдымен бұндай ертегілердің оқиға ортасында жүретін бас геройының өзі ерекше. Оның бар іс-мінезінен бұрын аты-қалпы, кескін-ұсқыны да күлкі, оқыс келеді». «Ши бұт, қағанақ бас, қыл тамақ» ертегісіндегі кейіпкерлердің оқшау тұрпаты әңгіме басында-ақ күлкі туғызады. Олардың өрескел әрекеті мен өлімі де күлкі туғызбай қоймайды. «Ұр, тоқпақ» ертегісі сиқырлы заттардың әрекетіне құрылған. Бұлар шалды ойда жоқта оқыс күлкі туғызатын жағдайларға душар етеді. «Қаңбақ шал», «Байбай шал» ертегілерінде әлсіздік пен тапқырлық, айлакерліктің қатар жүріп, иесін жеңіске жеткізетіндігі әңгімеленеді. Тазша бала жайындағы ертегілерді М.Әуезов күлдіргі ертегілердің ең шебер үлгісіне жатқызады. «Күлдіргі әңгіме, тегінде, анық шебер құрылса, осындайлық көпке мәлім, көпке қанық жайдан алыну керек. Ол үшін күлкілі хал барлық жұрт білетін, көптің көз алдындағы табиғат ішінен алынатыны – халық күлкісінің бір ерекшелігі, даналығы». Бірқатар ертегілер жалқаулықты, еріншектікті, олақтықты әшкерелейді. Балаларға бұндай ертегілердегі тұрмыс, кәсіп белгілері мен сипаттары қызықты болмақ. Аталған ертегілердегі юмор мен тапқыр сөз – әрқашан бала тілегін қанағаттандыратын нәрлі дүние.
Негізгі әдебиеттер.
Ш.Ахметов. Қазақ балалар әдебиеті тарихының очеркі. А. 1965.
Қазақ әдебиеті тарихы Іт. Ікіт.-Алматы,1960.
Ғабдуллин М. Қазақ халық ауыз әдебиеті.-1974.
Бердібаев Р. Қазақ эпосы. Алматы,1982.
Ыбыраев Ш. Эпос әлемі. –Алматы, 1993.
Батырлар жыры 1-6т. –Алматы, 1986-1990.
Тарихи жыр. Іт. Алматы 1995.
Достарыңызбен бөлісу: |