Балалар-ау, балалар!
Бойларыңа қарап ал.
Беттеріңді жуып ал,
Белдеріңді буып ал.
Бастарыңды құрап ал,
Тізбектеліп тұра қал.
Жұрт тыңдасын тамсанып,
Би билейік, ән салып,−
деп балаларды көңіл көтеруге шақырады. Бұл ретте ақын өлеңдері І.Жансүгіровтің «Ой, балалар, балалар» деп басталатын «Жазғытұрым», «Күз» өлеңдерін еске түсіреді. Өтебай ақын «Балқаш көлге барайық» деп аталатын тағы бір өлеңінде балаларға:
Балалар-ау, балалар!
Қатар басып, барабар
«Балығы тайдай тулаған,
Бақасы қойдай шулаған»
Балқаш көлге барайық,−
деп тілек білдіреді.
Ө.Тұрманжанов − Ы,Алтынсарин, С.Көбеев, С.Дөнентаев секілді ағартушы ақындардың дәстүрін жалғастырушы. Ақын өз ұстаз ағалары сияқты балаларды өнер-білім үйренуге шақырады. Ө.Тұрманжановтың дидактикалық өлеңдері құрғақ ақыл айтумен шектелмейді. Ойын суретке жалғайды. Кейде белгілі бір оқиға, көріністі суреттей бастап, ойын ақылмен түйеді. Осының бәрі табиғи өріліп, өзара әдемі жымдасып жатыр. Ақынның ақыл айтқан қай өлеңі болсын, қимыл-қозғалысқа, бояуға толы динамикалы өлең болып келеді.
Ө.Тұрманжановтың әдеби мұрасы балалар әдебиетіндегі фольклор мен кеңестік кезең арасын жалғап жатқан алтын көпір іспеттес. Ол ауыз әдебиеті асыл қайнарынан үйреніп өсті. Фольклорлық тақырып, желі, сюжетті пайдалану, ауыз әдебиетін шығармашылық күшті қуатпен меңгеру − Ө.Тұрманжанов әдеби мұрасының басты ерекшелігі. Балаларға арнап шығарма жазу Ө.Тұрманжановты халық творчествосымен бұрынғыдан гөрі жақындастыра түсті.
Тақпақ. Ақында төрт түліктен өрілген әлденеше өлең бар. Мәселен, «Шұбар лақ», «Ақ бұзау мен көк лақ», «Қозы, қозы, қозылар», «Текешік», «Мысық тілеуі неге жаман? Күшік тілеуі неге жақсы?», «Төрт түлікті қалай шақырады?», «Қой мен ешкінің қағысуы», «Қарағай мүйіз қара ешкі», «Жүйткі, жүйткі, жүйрігім», «Нартайлақ», «Екі қодық», «Жан-жануардың баласын сүюі», «Ақ мүйізді ақ қошқар», «Төрт түліктің төлдерін сүюі», «Қошақан», «Ешкім, ешкім, егіз тап», «Ешкі деген жануар», «Ақ ешкіні баптап бақ» секілді өлеңдер − бірыңғай төрт түліктің қадір-қасиетіне құрылған тұрмыстық-этнографиялық туындылар. Ө.Тұрманжановтың бұл саладағы өлеңдерінің өзіндік бірсыпыра ерекшеліктері бар. Біріншіден, ақын қандай хайуанат хақында қалам тартса да, халықтың мінездеуі тұрғысынан қарайды. Демек, ақын өлеңінде сол хайуанат жайлы халықтық түсінік қоса тіріліп отырады. Екіншіден, хайуанаттарды бала кейіпкермен қарым-қатынаста алып бейнелейді. Үшіншіден, ақын хайуанаттар хақында өлең жазғанда, оларды жеке қызықтамай, оқушысын ойландырарлық ой түйіндейді.
Мазақтама. Ө.Тұрманжанов шығармашылығындағы және бір ерекшелік − өлеңді бала мінезіне құратындығы. Ақынның «Шыбық тимес шыңқ етер» аталатын өлеңі:
Шыбын қонса басына,
«Ойбай, мені шақты» деп,
Бала отырса қасына,
«Құлағымды тартты» деп
Бәле салып қыңқ етер, −
деп келеді. Бұл өлең халық айтқан аталы сөзді негізге алған. Өлең бір жағынан, халықтық ұғымды тірілту болса, екінші жағынан, қиқар баланы сынау, мінеу болып табылады.
Ақын, жазушы, аудармашы Ө.Тұрманжановтың ел аузынан мақал-мәтелді көп жинағаны мәлім. «Қазақтың мақал-мәтелдері» деген атпен бірінші кітабы 1935 жылы басылып шықты. Екінші кітабы «Таңдамалы мақал-мәтелдер» деген атпен 1957 жылы шықты. Үшінші кітабы таңдамалы жинақ болып «Қазақтың мақалдары мен мәтелдері» деген атпен 1959 жылы басылып шықты. Балаларға арналған «Асыл сөздер» деген шағын мақал-мәтелдер жинағы 1963 жылы басылып шықты. Сол себепті ақын шығармашылығынан мақал-мәтелдік орамдар мен ой айту үлгісінің ықпалын, ырғағын аңғарамыз. Осы ықпалды оның балаларға арнап жазған өлеңдерінен де кездестіреміз. Атап айтқанда, өлең арасында, лексикондық сөздік қорында: Еңбек – адамның ырысы екен. «Еңбек – ен байлық» деген дұрыс екен. («Есік алдында бір түп алма егіп») «Көшерімді жел білсін, Қонарымды сай білсін». Деді де, жөнелді дөңгелей. «Береке – көп жүрген жер»,− дейді халық, Жіберер жәрдемдесіп, қалсаң талып. («Көп түкірсе – көл») секілді райда қолданылады.
Екінші, мақал-мәтелдің ойын алып, философиясын таратып өлең жазады. «Өстіп жанын қинадым» өлеңі осы ойымызға дәлел:
Достарыңызбен бөлісу: |