4. Интеллектуалдық меншікті қорғау саласында халықаралық деңгейдегі ең негізгі институт және бірқатар ұйымдар бар. Негізгі халықаралық ұйымдар Бүкіләлемдік интелектуалдық меншік ұйымы (БИМҰ) және Бүкіләлемдік сауда ұйымы (БСҰ) болып табылады. Аймақтық ұйымдар арасында Еуропалық Одақ маңызды орын алады. Бұл ұйымдар өте маңызды қызмет атқарады. БИМҰ және БСҰ интелектуалдық меншікті корғау саласындағы негізгі халықаралық шарттарды жасау мен қайта құру үшін жауап береді. Олар мұндай шарттарды жасап қана қоймай, кейбір жағдайларда олардың күштеп орындалуын жүзеге асырады. Европалық Одақ тауар таңбалары жөніндегі аймақтық бюро ашып, қазіргі уақытта тауар таңбалары туралы аймақтық заңнама жасаумен шүғылданады.
Бүкіләлемдік интелектуалдық меншік ұйымы (БИМҰ).
Интеллектуалдык меншікті қорғау саласындағы халықаралық әріптестіктің қажетті бөлігі БИМҰ қызметіне қатысу болып табылады.
Бүкіләлемдік интеллектуалдық меншік ұйымы - интеллектуалдық меншік мәселелерімен айналысатын халықаралық ұйымдардың ежелгісі және ірісі. БИМҰ тамырлары Иоганн Брамс өзінің Үшінші симфониясын, Роберт Луи Стивенсон «Остров сокровищ» еңбегін жазғанда, ал Джон мен Эмили Рэблинг Нью-Йоркта Бруклин көпірінің құрылысын аяқтап жатқанда 1883 жылға кетеді.
Яғни, бұл ұйымның құрылу тарихы XIX ғ. аяғында «Өнеркәсіп меншігін қорғау жөніндегі Париж конвенциясы» мен «Әдеби және көркем шығармаларды корғау туралы Берн конвенцияларын» жүзеге асыру үшін құрылған құрылымдарының қосылу кезеңіне жатады. 14 мемлекет қатысатын Париж конвенциясы 1884 жылы күшіне енді. Оның ережелеріне сәйкес мүше мемлекеттердің мәжілістерін ұйымдастыру сияқты әкімшілік міндеттерді орындау үшін Халықаралық бюро құрылды. 1886 жылы халықаралық құқық және онымен бірге Берн ковенциясы пайда болды. Берн конвенциясы шеңберінде әкімшілік міндеттерді орындау үшін де Халықаралық бюро құрылды. 1893 жылы бұл екі шағын бюро Интеллектуалдық меншікті қорғау жөніндегі біріккен халықаралық бюро деп аталатын бір халықаралық ұйымға бірікті (бұл ұйым француз тілінде қысқартылған нүсқасымен белгілі БИРПИ). Швейцарияның Берн қаласында орналасқан штаб-квартирасы бар, жеті адамнан тұратын бұл кішігірім ұйым бүгінгі Бүкіләлемдік интеллектуалдық меншік ұйымының алғашқы бейнесі болды.
1967 жылдың 14 шілдесінде Стокгольмде Бүкіләлемдік интеллектуалдық меншік ұйымын қалыптастыратын конвенцияға қол қойылды. Онда ұйымның мақсаттары, қызметтері, құрылымы және ондағы меншік анықталды. 1974 жылдан бастап БИМҰ Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
БИМҰ құратын конвенция 4 түрлі органның құрылуын көздейді: Бас Ассамблея, Конференция, Координациялық комитет және БИМҰ Халықаралық, бюросы.
БИМҰ құрылымында ұйымның хатшылығы болып табылатын Халықаралық бюромен катар, Патенттік ақпарат жөніндегі тұрақты комитет (ПАТК) пен Патенттік құжаттама орталығы әрекет етеді.
ПАТК акпараттық іздеу саласында қызметтестік жөніндегі халықаралық комитеттің мирасқоры ретінде 1977 жылдың қазаң айында құрылды. ПАТК-да 4 жұмыс тобы әрекет етеді: жоспарлау, дамушы елдерге арналған патенттік ақпарат, жалпы акпарат және іздеу ақпараттық бөлімдері. ПАТК БИМҰ қатысушы мемлекеттер арасында патенттік ақпаратқа қатысты мәселелер бойынша қызметтестікті ұйымдастырады. ПАТК келесі бағыттарда жұмыс атқарады:
-
патенттік ақпарат саласында БИМҰ-ға қатысушы-мемлекеттердің патент ведомстволары қызметін стаңдарттау;
-
патенттік ақпарат саласында автоматизация;
-
патенттік құжаттама іздеу қорын ұйымдастыру және сақтау;
-
өнеркәсіптік меншік саласында статистикалық мәліметтерді жинау, өңдеу және тарату.
Қазіргі кезде штаб-квартирасы Швейцарияның Женева қаласында орналасқан БИМҰ Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінде 16 мамандандырылған мекемелерінің бірі болып саналады. Ол интеллектуалдық меншікті корғаудың әр түрлі аспектілеріне қатысты 23 халықаралық шарттың әкімшілік қызметтерін жүзеге асырады. 182 мемлекет Ұйымның мүше мемлекеттері болып табылады. Бұл бүкіл әлемдегі мемлекеттердің 90 пайызын құрайды, ұйым қызметінің айрықша маңыздылығы мен мәнділігін көрсетеді.
Бүкіләлемдік сауда ұйымы (БСҰ).
Бүкіләлемдік сауда ұйымы 1995 жылы Тарифтер мен сауда жөніндегі Бас келісімді жетілдіру туралы көп жақты келіссөздердің нәтижесінде құрылды. Бұл келісім еркін сауда дамуында маңызды орын алады. Бірақ оның ережелері қызметтерді сату туралы және интеллектуалдық меншікті алу туралы мәселелерді қамтымайды. Оған қоса ГАТТ шеңберінде оның ережелерін күштеп орындау институттары мен механизмдер құрылмаған болатын.
1986 жылдан 1994 жылға дейін созылған халықаралық келісімдердің Уругвай раунды БСҰ-ның құрылуы туралы келісім де, өзге келісімдер де кірген Қорытынды актіні қабылдаумен аяқталды. Қорытынды актіге кірген тағы бір келісім - интеллектуалдық меншік құқытарының сауда аспектілері жөніндегі келісім (Trade Related Aspects of Intellectual Property Rights - TRIPS). Интеллектуалдық меншік құқықтарының сауда аспектілері жөніндегі келісім ТРИПС мемлекеттің интеллектуалдық меншік жөніндегі негізгі халықаралық шарттарды ұстану, сәйкес шарттар бойынша талап етілетіндей оның қорғалуының деңгейін қамтамасыз ету дайындығы және ең бастысы, шарттық міндеттемені күштеп орындаудың тиімді механизмдерін қолдану БСҰ-ға мүшеліктің талаптарын көрсететін ережелері бар.
Заң жобасы «Авторлық кұқық және сабақтас құқықтар туралы», «Қазақстан Республикасында селекциялық жетістіктерді қорғау туралы», «Қазақстан Республикасының Патент Заңы», «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары мен тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Қазақстан Республикасының Заңы және «Интегралды микротәсімдер топологияларын құқықтық қорғау туралы» сияқты Қазақстан Республикасының бірнеше заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.
Заң жобасы Қазақстанның интеллектуалдық меншік объектілерінің кажетті деңгейде қорғалуын және бұл салада ұлттық заңнаманың интеллектуалдық меншік құқықтарының сауда аспектілері жөнівдегі БСҰ Келісіміне сәйкестендірілуін талап ететін Бүкіләлемдік сауда ұйымына енуге дайындалуына байланысты жасалды.
Заң жобасы әрекеттегі заңдардың негізгі қағидаларын сақтай отырып, оларды біздің мемлекетіміз соңғы жылдары жасасқан «Таңбаларды тіркеу үшін тауарлар мен қызметтерді халықаралық классификациялау туралы» Ницце келісімі, «Халықаралық патенттік классификациялау туралы» Страсбург келісімі т.б. сияқты халықаралық шарттар талаптарына сәйкестендіреді.
«Қазакстан Республикасындағы селекциялық жетістіктерді қорғау туралы», «Қазақстан Республикасының Патент Заңы», «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» және «Интегралды микротәсімдер топологияларын құқықтық корғау туралы» Заңдарына енгізілетін өзгертулер мен толықтырулар әрекеттегі нормалардың бірқатар ережелерін нақтылайды, құқықтық әрекеттің шекараларын анықтап, олардын бір мәнді емес талқылануына жол бермейді.
Заң жобасы еліміздің заңнамасының өзгерістерін, сонымен қатар, аталған заңдардың интеллектуалдық меншік объектілеріне қорғау беру тәжірибесінде қолданылуын ескереді және жұмыс істемейтін ережелерді жою мен неғұрлым жаңа реттеу механизмдерін енгізуге бағыггалған.
Бүкіләлемдік санаткерлік меншік ұйымымен Бүкіләлемдік сауда ұйымы арасындағы байланыстар.
Бүкіләлемдік сауда ұйымы (БСҰ) ГАТТ шеңберіндегі көп жақты сауда келіссөздерінің Уругвай раундының сәтті аяқталуы нәтижесінде 1994 жылдың 15 сәуірінде құрылды. 1995 жылдын 1 қантарында күшіне енген Интеллектуалдық меншік құқықтарының сауда аспектілері туралы келісім (ТРИПС) сол кезде жасалған келісім болып табылады. ТРИПС келісімі интеллектуалдық меншік құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету саласында жаңа кезеңді белгіледі, сонымен қатар БИМҰ жұмысы бағдарламасының маңыздылығын арттырды. ТРИПС келісімінің авторлық құқыққа және сабақтас құқықтарға, патенттерге, тауар таңбаларына, өнеркәсіптік үлгілерге және интегралды микротәсімдер топологиясына қатысты ережелері БИМҰ хатшылығы және оның алдында болған ұйымдары 100 жыл бойы қызмет көрсеткен халықаралық шарттар мен конвенцияларды тікелей толықтырады.
1995 жылдың 1 қаңтарынан бастап Бүкіләлемдік интеллектуалдық меншік ұйымы мен Бүкіләлемдік сауда ұйымы арасындағы келісім күшіне енді. Келісім ТРИПС келісімін жүзеге асыруда, атап айтқанда, заңдар мен ережелер туралы ескертулер, дамушы мемлекеттер мүддесіне құқықтық-техникалық көмек көрсету және техникалық қызметтестікті жүзеге асыру нысандарында қызметтестікке бағытталған.
Еуропалық Одақ.
Еуропалық Одаққа ұзақ мерзім бойы интеллектуалдық меншікті корғаудың мықты жүйесі әрекет ететін мемлекеттер кіреді. Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттер мен Еуропалық Одақ басқарушы органдары интеллектуалдық меншікті қорғау саясатында мына мақсаттарды алға қояды:
- интеллектуалдық меншікті қорғауды күшейту;
- интеллектуалдық меншікке құқықтың адал емес бәсекелестікте қолданылуынын алдын алу;
- интеллектуалдық меншік туралы заңнаманы үйлестіру;
- тауар таңбаларымен айналысатын ұлттық патенттік қызметтер мен құрылымдардын күштерін қайталау деңгейін төмендету.
Бұл мақсаттарға жету үшін Еуропалық Одақ бірқатар механизмдер қолданады:
-
міндетті директиваларды жариялау;
-
негізгі халықаралық ұйымдар жұмысы мен шарттарын дайындауға қатысу;
-
еуропалық, Одақка мүше мемлекеттері үшін косылу шарттарын дайындау (кейбір жағдайларда басқа мемлекеттер үшін де ашық);
-
жеке институттарды, атап айтқанда, Еуропалық патенттік бюро мен Тауар таңбалары жөніндегі Еуропалық бюроны құру.
5. Интеллектуалдық меншікті қорғау жүйесі авторлық-құқықтық, патенттік-құқықтық және аралас тәсілдер болып бөлінеді. Біздің пікірімізше, бұл үш категорияны да екі түрге сыныптауға болады: универсалды және арнайы тәсілдер деп. Бұл жерде, универсалды тәсіл болып интеллектуалдық меншік объектілерін қорғаудың авторлық-құқықтық тәсілі табылады.
1. Авторлық-құқықтық тәсіл. Негізгі бірлік ретінде, авторлық құқықта туынды табылады. Қазақстанның және Ресейдің заңнамасында туныдының түсінігі жоқ, тек Заң санаткерлiк меншiк саласында ғылым, әдебиет және өнер туындыларын (авторлық құқық), қойылымдарды, орындаушылықты, фонограммаларды, эфирлiк және кабельдiк хабар тарату ұйымдарының хабарларын (сабақтас құқықтар) жасауға және пайдалануға байланысты туындайтын қатынастары реттейдi деп қана көрсетілген.
Қорғаудың авторлық-құқықтық әдісі оның мағынасын емес, туындының нысанын қорғайды дегенді көрсетеді. Заң жағынан оның мағынасы келесіден көрінеді: «авторлық құқық идеялардың, тұжырымдамалардың, принциптердiң, әдiстердiң, жүйелердiң, процестердiң, жаңалықтардың, фактiлердiң өздерiне қолданылмайды» (Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңның 6-бабының 4-тармағы).
Қорғаудың авторлық-құқықтық әдісі туындының нысанына ғана емес, сонымен қатар оның мазмұнына да таратылады. Сонымен бірге, ол айрықша құқықтардың басқа субъектіге беруінен де қорғалуымен сипатталады.
Сонымен, біздің пікірімізше, авторлық-құқықтық әдіс нысанмен қатар, онымен байланысты мазмұн элементтерінің барлығын қорғауға көмектеседі. Бірақ, мұндай қорғау объектінің мазмұнынан туындайтын айрықша мүліктік құқықтарды бермейді.
Универсалды авторлық-құқықтық әдіс шығармашылық қызметтің кез келген нәтижесіне таратылады, бірақ ҚР АК-нің 961-бабында көзделген - азаматтық айналымға қатысушыларды, тауарларды, жұмыстарды немесе қызмет көрсетулердi дараландыру құралдарына таратылмайды. Бұл түсінікті де, себебі бұл объектілер шығармашылық қызмет нәтижесінде емес, патенттік ведомствомен тіркелгенде ғана пайда болады.
2. Патенттік тәсіл және патенттеу жүйесі. 1992 жылдың 18 маусымында ҚР Президентінің Жарлығымен ҚР Ұлттық патенттік ведомствосы құрылды. Осыдан кейін, біздің республикамыздың аумағында өнеркәсіптік меншік объектілерінің патенттік қорғауы жүзеге асуға бастады.
«Патент» термині кеңінен қолданылып жүр. Ол латын сөзі «patere» -ден ашық болу, көрінуге ашық деп аударылады. Алдынғы бетінде мөрі бар құжат «ашық мадақтама» деп аталды.
Патент әртүрлі заңды және әдеби анықтамалардан тұрады, сондықтан біз оған толық анықтама беріп көрелік:
патент деп заңнама нормаларына сәйкес уәкілетті мемлекеттік органмен патент иесіне берілетін, белгілі уақыт ішінде белгілі аумақта патенттелген техникалық шешімді өз қалауы бойынша қолдануға айрықша құқықтардың бергендігін куәландыратын қорғау құжаты табылады.
Патенттік қорғаудың пайда болуынан, екі ғасыр бойы көптеген әдебиеттерде патенттің экономикалық және құқықтық рөлі туралы көптеген тұжырымдар болды. Мысалы, патент құқықтарды беру туралы акті және шарт болып есептелінді. Кейбір әдебиеттерде патент монополия және интеллектуалдық меншік объектісі ретінде де қаралды.
Қазақстан Республикасында патент интеллектуалдық меншік объектілерін қорғаудың ерекше тәсілі, ол заңнамамен толық реттелген және өзінің аспектілерімен сипатталады. Қазақстандық патенттік жүйе тұпнұсқалы, сондықтан оның аспектілерін қарастырған жөн.
ҚР Патенттік жүйесіне келесі белгілер тән:
- қорғалатын объектілердің шектелген тобы. ҚР Патент заңының бірінші бабынан бастап осындай объектілердің шектелген тобы көрсетілген - өнертабыстар, пайдалы модельдер және өнеркәсіп үлгілері. Оны қысқартылған түрде өнеркәсіптік меншік объектілері деп атайды. Заңның 5-7 баптарында осы объектілер нақтыланады.
1999 жылдың 13 шілдесіндегі «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданғаннан кейін, патентпен қорғалатын объектілер саны кеңейді. Заңның 3-бабына сәйкес селекциялық жетiстiкке құқық Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалады және патентпен расталады. Патент селекциялық жетiстiктi пайдалануға патент иесiнiң айрықша құқығын, оның басымдығын және селекционердiң авторлығын куәландырады.
2001 жылдың 29 маусымындағы «Интегралды микротәсімдер топологиясын құқықтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабына сәйкес құқық иесіне «Топологияны тіркеу туралы куәлік» деп аталатын қорғау құжаты беріледі;
- патенттік құқықтар пайда болуының ерекше тәртібі. Бізбен анықталған патенттеу объектісі техникалық немесе шығармашылық-техникалық шешімді білдіреді, ол авторлық құқық объектілеріне қарағанда қайталанатын болып келеді.
Патенттеу тәртібін схемалық түрде келесідей көрсетуге болады: патенттік ведомствоға өтінім беру - өтінімді қабылдау бөлімінде формальды сараптама - өнертабыс және пайдалы модельдер бөлімінде сараптама – қорғау құжатын беру туралы шешім – берілетін патент туралы мәліметтерді басу – патент иеленушіге қорғау құжатын беру.
Патенттеу жүйесін таңдау сұрағы біздің республикамызбен тәуелсіздік алғаннан бері шешіліп келген.
Барлық белгілі ұлттық жүйелерді екі негіз бойынша сыныптауға болады: патент иелері болуға құқықтары бар субъектілер бойынша және патенттік сараптама тәртібі бойынша.
Бірінші негіз бойынша авторлық және арыздық жүйелерді бөлуге болады.
Авторлық жүйеде патент иесі ретінде автор не оның мирасқорлары ғана бола алады. Мұндай АҚШ-та қолданылады.
Арыздық жүйеде патент иесі ретінде кез келген арыз берген тұлға бола алады – автор оның мирасқорлары немесе өзге де тұлғалар. Көптеген Еуропа мемлекеттері осы жүйені таңдаған. Қазақстан да осы жүйені таңдады.
Екінші негіз бойынша патенттеудің келушілік, тексерушілік және аралық жүйелерін бөлуге болады.
Келушілік жүйе (Греция, Италия, Швейцария т.б. мемлекеттерде қолданылады) бойнша патент қажетті құжаттар мен талаптар орындалғаннан кейін, оның жаңалығы мен өнертабыс деңгейін анықтамай-ақ беріледі.
Бұрыңғы Кеңес Одағында тексерушілік жүйе қолданылған. Кез келген өтінім оның жаңалығына, өнертабыстық деңгейіне және өнеркәсіпте қолданушылығына толығымен тексеріледі. Осы тексерушілік жүйе қазір Ресей Федерациясында қолданылады.
Қазақстан Республикасы тексерушілік жүйені енгізе алмағандығының себебі, сараптамалық патенттік қордың болмауынан болды.
Сондықтан, патенттеудің жаңа жүйесін құру қажет болды, біз оны аралас деп атадық, яғни екі жүйенің элементтерін біріктіретін жүйе.
Таңдалған патенттеу жүйесі тіркеулік-тексерулік болып келеді. Пайдалы модельге патент өтінiм берiлген күннен бастап бес жыл бойы күшiн сақтайды, патент иеленушiнiң өтiнiшi бойынша оның қолданылу мерзiмi ұзартылуы мүмкiн, бiрақ ол үш жылдан аспауы керек. Өнеркәсiптiк үлгiге алдын ала патент өтiнiм берiлген күннен бастап бес жыл бойы күшiн сақтайды. Өнеркәсiптiк үлгiге патент өтiнiм берiлген күннен бастап он жыл бойы күшiн сақтайды, патент иеленушiнiң өтiнiшi бойынша оның қолданылу мерзiмi ұзартылуы мүмкiн, бiрақ ол бес жылдан аспауы керек ( ҚР Патент заңының 5-бабы).
Берілетін қорғау құжаттарына сәйкес өтінімді сараптаудың тәртібі белгіленген. Олардың саны екеу – формальды сараптама және мәні жағынан сараптама.
Өнертабысқа өтiнiмнiң ресми сараптамасын еткiзу барысында қажеттi құжаттардың бар-жоғы және оларға қойылатын талаптардың орындалуы тексерiледi, өтiнiмнiң берiлген күнi, ұсынылған өтiнiмдi өнертабыс ретiнде қорғалатын объектiлерге жатқызу мүмкiндiгi айқындалады, сондай-ақ өнертабыстың бiрлiгi тексерiледi. Өтiнiм берiлген өнертабыстың Заңның 6-бабының 1-тармағында белгiленген патент қабiлеттiгi талаптарына сәйкестiгiне тексеру жүзеге асырылмайды. Алдын ала патент өтiнiм берушiнің тәуекелiмен және жауапкершiлiгiмен берiледi.
Формальды сараптама жүргiзу барысында қажеттi құжаттардың бар-жоғы және оларға қойылатын талаптардың орындалуы тексерiледi, өтiнiм берiлген күн, мәлiмделген ұсынысты пайдалы модель ретiнде қорғалатын объектiлерге жатқызу мүмкiндiгi айқындалады, сондай-ақ пайдалы модельдiң бiрлiгi тексерiледi.
Алдын ала патент беру туралы мәлiметтер жарияланғаннан кейiн, алдын ала патенттiң қолданылу мерзiмiн ұзарту жағдайында өтiнiм берiлген күннен бастап бес жылдан кешiктiрмей берiлетiн өтiнiм берушiнiң немесе үшiншi тұлғалардың өтiнiшi бойынша сараптама жасау ұйымы өтiнiмге мәнi бойынша сараптама жүргiзедi. Өтiнiмге мәнi бойынша сараптама техника деңгейiн анықтау үшiн өтiнiм мәлiмделген өнертабысқа қатысты ақпараттық iздестiру жүргiзудi, мәлiмделген шешiмнiң өнертабыс бiрлiгiнiң талабына және патентке қабiлеттiлiк шарттарына сәйкес келетiнiне тексеру жүргiзудi қамтиды және өтiнiмге мәнi бойынша сараптамаға ақы төленгенiн растайтын құжат, сондай-ақ өтiнiштi өтiнiм берушi жасаған болса, алдын ала патенттiң қолданылуын күшiнде ұстап тұруға ақы төленгенiн растайтын құжат табыс етiлген жағдайда жүзеге асырылады.
Мәнi бойынша өтiнiм сараптамасын жүргiзу кезеңiнде сараптама жасау ұйымы өтiнiм берушiден онсыз сараптама өткiзу мүмкiн болмайтын қосымша материалдарды, оның iшiнде өнертабыстың өзгертiлген формуласын сұратып алуға құқылы.
Сараптама жасау ұйымының сұратуы бойынша қосымша материалдар, сұратуға немесе өтiнiмге қарсы қойылатын материалдардың көшiрмелерiн өтiнiм берушi оған сараптама жасау ұйымының сұратуы жiберiлген күннен бастап екi ай iшiнде сұратқан жағдайда, аталған көшiрмелер жiберiлген күннен бастап өнертабыстың мәнi өзгертiлмей үш ай мерзiмде табыс етiлуге тиiс. Егер өтiнiмге мәнi бойынша сараптама жасау нәтижесiнде сараптама жасау ұйымы өтiнiм берушi сұрап отырған құқықтық қорғау көлемiндегi мәлiмделген ұсыныс Заңда айқындалған өнертабыстың патент қабiлеттiлiгi талаптарына сәйкес келетiнiн анықтаса, онда сараптама жасау ұйымы белгiленген басымдықты көрсете отырып патентке өтiнiм берушiмен келiсiлген өнертабыс формуласымен оң қорытынды береді.
Өтiнiм берiлген өнертабыс өтiнiш берушi сұраған құқықтық қорғау көлемiнде өнертабыстың патент қабiлеттiлiгi талаптарына сәйкес келмейтiнi анықталған кезде сараптама жасау ұйымының терiс қорытындысы берiледi.
Өтiнiм берушi сараптама жасау ұйымының терiс қорытындысы жiберiлген күннен бастап үш ай мерзiмде уәкiлеттi органға қарсылық бере алады. Қарсылықты шағым кеңесi ол түскен күннен бастап төрт ай мерзiмде қарауға тиiс.
Өтiнiм берушi өтiнiм қаралуының кез келген сатысында, сондай-ақ патент иеленушi және үшiнші тұлғалар алдын ала патент беру туралы мәлiметтер жарияланғаннан кейiн техника деңгейiн салыстыру арқылы өнертабыстың патент қабiлеттiлiгiн бағалау жүзеге асырылатын анықтау үшiн ақпараттық iздестiру өткiзу туралы өтiнiш жасай алады.
Өтiнiм беруші сараптаманың қарсы қойған барлық материалдарымен таныстырылуы мүмкiн. Өтінiм берушi сұратқан материалдарды сараптама жасау ұйымы оған сұрау салынған күннен бастап бiр ай мерзiм iшiнде жiбередi.
Мерзiмдi қалпына келтiру туралы өтiнiштi өтiнiм берушi өткiзiп алған мерзiм бiткен күннен бастап он екi айдан кешiктiрмей беруi мүмкiн. Мұндай өтiнiш сараптама жасау ұйымына сараптаманың сұратылған құжаттарымен немесе шағым кеңесiне жасалған қарсылықпен бiрге тапсырылады. Егер өтiнiмдi қарау кезiнде онда мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтер анықталса, өтiнiм Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпиялар туралы заңдарында белгiленген тәртiппен құпияландырылады.
ҚР Патент заңының 32-бабына сәйкес шағым кеңесi берiлетiн қарсылықтар бойынша дауларды сотқа дейiн қарау жөнiндегi уәкiлеттi органның мамандандырылған құрылымдық бөлiмшесi болып табылады. Шағым кеңесi туралы ереженi, шағым кеңесiне қарсылықтардың берiлу және қаралу тәртiбiн уәкiлеттi орган бекiтедi.
Берiлген қарсылық шағым кеңесiнiң алқа отырысында белгiленген мерзiм iшiнде қаралуға тиiс. Қарсылықтарды қарау мерзiмi қарсылық берген адамның, сондай-ақ патент иеленушiнiң өтінішi бойынша ұзартылуы мүмкiн, бiрақ ол қарсылықты қарау үшiн белгiленген мерзiм өткен күннен бастап алты айдан аспауы керек.
Шағым кеңесiнiң шешiмiне қарсылық берген адам немесе патент иеленушi өздерi шешiмдi алған күннен бастап алты ай iшiнде оған сотқа шағымдануы мүмкiн;
- патент иеленушіге кешенді құқықтардың, оның ішінде объектіні пайдалануға айрықша құқықтардың бекітілуі.
Сонымен, патенттеу процесінің финалы ретінде алдын ала патенттің және патенттің берілуі табылады.
- қорғаудың уақытша және аумақтық сипаты.
Патенттер мен алдын ала патенттердің қолданылуы Қазақстан Республикасының аумағымен шектелген. Патенттік монополия уақытпен де шектелген. Ол ҚР АК 999-бабында көзделген: алдын ала берiлетiн патент пен патент патенттiк органына (ұйымына) өтiнiм түскен күннен бастап қолданылады және заң актiлерiнде белгiленген талаптар сақталған жағдайда:
1) өнертабысқа алдын ала берiлетiн патент - бес жыл бойы, патент иесiнiң өтiнiшi бойынша бұл мерзiмдi патент органы (ұйымы) ұзартуы мүмкiн, бiрақ үш жылдан аспауы керек;
2) өнертабысқа патент - жиырма жыл бойы;
3) пайдалы модельге патент - бес жыл бойы, патент иесiнiң өтiнiшi бойынша бұл мерзiмдi патент органы (ұйымы) ұзартуы мүмкiн, бiрақ үш жылдан аспауы керек;
4) өнеркәсiптiк үлгiге алдын ала берiлетiн патент - бес жыл бойы;
5) өнеркәсiптiк үлгiге патент - он жыл бойы күшiн сақтайды, патент иесiнiң өтiнiшi бойынша бұл мерзiмдi патент органы (ұйымы) ұзартуы мүмкiн, бiрақ бес жылдан аспауы керек.
Өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi қорғау патент органына (ұйымына) өтiнiм келiп түскен күннен бастап қолданылады. Құқықтарды қорғау тек патент берiлгеннен кейiн ғана жүзеге асырылуы мүмкiн. Патент беруден бас тартылған жағдайда қорғауға алынбаған болып есептеледі;
- айрықша құқықтардың заңды шектелуі мен патент иесіне міндеттердің жүктелуінің қабілеттілігі.
Патенттік құқықтардың айрықшалығы және абсолюттігі сипаты түсінікті. Ол ҚР АК-нің 992, 993-баптарында көзделген.
Патент иесi кез келген тұлғаға өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi пайдалануға лицензия (ашық лицензия) алу құқығын беру туралы патенттiк органына (ұйымына) өтiнiш бере алады. Ашық лицензияны пайдалануға ниет бiлдiрген тұлға патент иесiмен төлем туралы шарт жасасуға мiндеттi. Мұндай шарттың талаптары туралы дауларды сот шешедi. Ашық лицензияға құқық беру туралы патент иесiнiң өтiнiшi қайтарып алуға жатпайды.
Патенттік қатынастарда патент иесінің және үшінші тұлғалардың қорғау шешіміне құқықтарының параллельді болуы да мүмкін. Ол ҚР АК-нің 1004-бабында немесе ҚР Патент заңының 13-бабында көзделген.
Өнеркәсiптiң меншiк объектiсiнiң басымдық алған күнiне дейiн Қазақстан Республикасының аумағында оның авторына тәуелсiз жасалған өнеркәсiптiк меншiк объектiсiне ұқсас шешiмдi адал пайдаланған немесе бұған қажет дайындықтар жасаған тұлға мұндай пайдалану көлемiн ұлғайтпай оны өтеусiз пайдалану құқығын (бұрын пайдалану құқығын) сақтайды.
Бұрын пайдалану құқығы басқа адамға ұқсас шешiмдi пайдалану орын алған немесе оған қажеттi әзiрлiк жасалған өндiрiспен бiрге ғана берiлуi мүмкiн.
Өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн басымдық берiлген күннен бастап, бiрақ өнертабысқа, өнеркәсiп үлгiсiне, пайдалы модельге алдын ала патент беру туралы мәлiметтер ресми жарияланған күнге дейiн пайдалана бастаған адамдар патент иеленушiнiң талап етуi бойынша одан әрi пайдалануын тоқтатуға тиiс.
Патент иесінің негізгі міндеттерінің бірі ретінде техникалық шешімді пайдалану міндеті табылады.
ҚР Патент заңының 11-бабына сәйкес патент иеленушi өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалануға мiндеттi.
Қорғау құжаты бiрнеше адамға тиесiлi өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалану жөнiндегi өзара қатынастар олардың арасындағы келiсiммен айқындалады. Ондай келiсiм болмаған жағдайда патент иеленушiлердiң әрқайсысы қорғалатын объектiнi өз қалауынша пайдалана алады, бiрақ өзге патент иеленушiлерiнiң келiсiмiнсiз басқа адамдарға лицензия немесе қорғау құжатын беруге құқығы жоқ.
3. Аралас тәсіл. Ол аталған екі тәсілдердің элементтерінен тұратын модификацияланған тәсіл болып табылады. ҚР АК-нің 961-бабында типсіз деп көрсетілген объектілерге қатысты қолданылады.
Типсіз сыған қатысты құқықтардың заңды бекітілуінің тәсіліне сипатталады.
Біздің пікірімізше, типсіз объектілерді қорғауды жүйелемекпіз. Авторлық тәсілге интегралды микротәсімдер топологиясын қорғау жақын, ал патенттік-құқықтыққа селекциялық жетістіктерді қорғау жақын болады.
Әртүрлі мемлекет заңнамасында және әдебиеттерінде типсіз институттардың тізімін әртүрлі анықтайды.
Селекциялық жетістіктерге, ашылмаған ақпаратқа және интегралды микротәсімдер топологиясына РФ тағы ғылыми жаңалықтар мен рационализаторлық ұсыныстарды жатқызады.
Мәселен, интегралды микротәсімдер топологиясы авторлық құқықтың элементтері сияқты тұпнұсқалы болуға тиіс. Авторлық құқық идеялардың, тұжырымдамалардың, принциптердiң, әдiстердiң, жүйелердiң, процестердiң, жаңалықтардың, фактiлердiң жеке өздерiне қолданылмайды. Сол сияқты құқықтық қорғау интегралды микротәсімдердің мазмұнды бөлігіне – идеяларға, тәсілдерге, жүйелерге, технологияларға қолданылмайды.
ҚР АК-нің 1017-бабында ашылмаған ақпаратты қорғау көзделген. Техникалық, ұйымдық немесе коммерциялық ақпаратты, оның iшiнде үшiншi тұлғаларға белгiсiз (ашылмаған ақпарат) өндiрiстiк құпияларды (ноу-хау) заңды түрде иеленетiн тұлғаның, осы ақпаратты заңсыз пайдаланудан қорғауға құқығы бар. Ашылмаған ақпаратты заңсыз пайдаланудан қорғау құқығы осы ақпаратқа қатысты қандай да болсын шарттылықты орындауға (оны тiркеу, куәлiк алу және т. б.) қарамастан туындайды. Ашылмаған ақпаратты қорғау туралы ережелер, заң актiлерiне сәйкес қызметтiк немесе коммерциялық құпия бола алмайтын мәлiметтерге (заңды тұлғалар туралы мәлiметтер, мүлiкке құқықтар және олармен мәмiлелер туралы мәлiметтер; мемлекеттiк статистикалық есеп беру ретiнде ұсынылуға жататын мәлiметтер және басқалары) қатысты қолданылмайды.
Ашылмаған ақпаратты заңсыз негiзде алған немесе таратқан не оны пайдаланушы тұлға осы ақпаратқа заңды түрде иелік етушiге оны заңсыз пайдаланудан келтiрiлген залалдарды өтеуге мiндеттi.
Егер ашылмаған ақпаратты заңсыз пайдаланушы тұлға оны таратуға құқығы жоқ тұлғадан алса, ол туралы ақпаратты алушы бiлмесе және бiлуге тиiс болмаса (адал ниеттi алушы), ашылмаған ақпараттың заңды иесi адал ниеттi алушы оны пайдалану заңсыз екенiн бiлгеннен кейiн одан ашылмаған ақпаратты пайдаланудан келтiрiлген залалдардың орнын толтыруды талап етуге құқылы.
Ашылмаған ақпаратқа заңды иелiк етушi тұлға оны кiм заңсыз пайдаланса, содан оның пайдаланылуын дереу тоқтатуды талап етуге құқылы. Алайда сот ашылмаған ақпаратты адал ниеттi алушының оны пайдалануға жұмсаған қаражатын ескере отырып, оны айрықша тегiн лицензия талаптарымен одан әрi пайдалануға рұқсат беруi мүмкiн.
Ашылмаған ақпараттың мазмұнын құрайтын мәлiметтердi өз бетiнше және заңды түрде алған тұлға бұл мәлiметтердi тиiстi ашылмаған ақпарат иесінің құқықтарына қарамастан пайдалануға құқылы және мұндай пайдалану үшiн оның алдында жауап бермейдi.
Интеллектуалдық меншік объектілерінің азаматтық-құқықтық сипаты айрықша құқықтарды қорғаудың тәсілдерін анықтады. ҚР АК-нің 9 және 970-баптарында көзделген арнайы қорғау тәсілдері толығымен осы объектілерге қолданылады. Айрықша құқықтарды қорғау АК-тің 9-бабында көзделген әдiстермен жүзеге асырылады. Айрықша құқықтарды қорғау:
- пайдалану арқылы айрықша құқықты бұзған материалдық объектiлердi және осындай бұзушылық нәтижесiнде жасалған материалдық объектiлердi алып қою;
- жiберiлген кемшiлiктер туралы, оған бұзылған құқықтың кiмге қатысты екендiгi туралы мәлiметтердi қоса отырып, мiндеттi жариялау жолымен;
- заң актiлерiнде көзделген өзге әдiстермен де жүзеге асырылуы мүмкiн.
Сонымен қатар, арнайы қорғау әдістері басқа да нормативтік актілерде көзделген. Мысалы, Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңының 49-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген, ең төмен жалақының жиырмадан елу мыңға дейiнгi мөлшерi, ал ЭЕМ-ға арналған бағдарламаның немесе деректер базасы авторларының құқығын бұзғаны кезде ең төмен жалақының бес жүзден елу мыңға дейiнгi мөлшерi сомасында өтем төлеу арқылы жүзеге асырылады. Зиянның орнын толтырудың немесе табысты өндiрiп алудың орнына өтемақы мөлшерiн сот белгiлейдi.
Өзін өзі бақылау сұрақтары
1. Интеллектуалдық меншіктің қазіргі халықаралық-құқықтық түсінігін қалыптастыру тарихын сипаттау.
2. Интеллектуалдық меншіктің нормативтік түсінігін ашу.
3.Интеллектуалдық меншік бойынша әрекет ететін халықаралық конвенцияларды сипаттау.
4. Интеллектуалдық меншікті қорғау саласындағы халықаралық ұйымдарды талдау.
5. Интеллектуалдық меншік құқығын қорғау тәсілдерін талдау.
Достарыңызбен бөлісу: |