Көптүбірлі тістер периодонтының созылмалы қабынуын емдеу.
Көптүбірлі тістерде периодонттың созылмалы қабынуын емдеудің нәтижелілігі түбір өзектерін жақсы өтетіндей етіп кеңейтумен және оларды жақсы пломбылаумен тікелей байланысты.
Бірінші қабылдау. Тісжегі қуысын егеп тазалап, сауыт қуысын ашып, өтетін өзектен ұлпа ыдырандысын алып, антисептиктер ертіндісімен жуып кептіреді және эндодонттық аспаптармен өңдеу арқылы өзек қабырғасындағы жұмсарған және толық минералданбаған дентин қабатын (предентин) қырып алып, өзекке конусқа ұқсас пішін береді. Түбір ұшы тесігін ашып кеңейткен соң, өтетін өзекті пломбылауға болады. Ол үшін алдын ала өзекте электрофорездеу әдісін жүргізеді, өтпейтін өзектердегі ұлпа ыдырандысын зарарсыздандыру үшін өзек сағаларында антисептиктермен мақта анжы қалдырып, уақытша пломбымен жабады.
Екінші қабылдау. Тісі сырқат адам екінші қабылдауға 2-3 күннен кейін келеді. Егер ешқандай шағымы болмаса, уақытша пломбыны алып, нашар өтетін өзектердің өтетін бөліктерін ұлпа ыдырандысынан тазартады және кеңейтуге әрекет жасайды. Нашар өтетін өзектердің түбір ұшы тесігі деңгейіне дейін өтетіндігін тереңдік өлшегіштің (глубиномер) көмегімен немесе түбір инесімен анықтайды (түбір инесінің ұшы периодонтқа жеткенде тісі сырқат адам инемен шаншып алғандай сезінеді).
Қажет болса өзекте ине қалдырып, тістің рентген суретін жасау арқылы немесе «Foramatron» типтес электронды апекслокаторды қолданып анықтайды. Қазіргі таңда барлық стоматологиялық емдеу мекемелерінің ондай аппаратқа қолдары жете бермейді. Эндодонттық аспаптармен кеңейтілген және антисептиктермен өңделіп, кептірілген өзектерді пломбылайды және олардың қатарына бірінші қабылдауды пломбыланбаған өзектер де кіреді. Бұл қабылдауда өту және кеңейту мүмкіндігі жоқ өзектерді импрегнациялау әдісімен өңдейді немесе өзекіштік электрофорездеу, депофорездеу әдістерін қолданады.
Ұлпа қабынуына қарағанда, периодонт қабынуы кезінде өзектер инфекцияға өте бай болғандықтан электрофорездеу әдісін бірнеше қабат (5-6 рет) жүргізген тиімді болады.
Үшінші қабылдау. Тісі сырқат адам үшінші қабылдауға да 2-3 күннен кейін келеді. Бұл кезде нашар өтетін өзектерде қайтадан импрегнациялау немесе электрофорездеу әдісі жүргізілгеннен кейін өтетін бөліктері пломбыланады, ал тіптен өтпейтін өзектердің аузына антисептикалық қойыртпақтардың (резорцин-формалин қойыртпағы және б.) бірі қойылып, аралық төсем төселген соң, тісжегі қуысы тұрақты пломбымен жабылады.
Көптүбірлі тістердің қисық түбірлерде орналасқан өте тар және өңдеу жағдайы қиын (науқастың аузы нашар ашылады немесе алыс орналасқан тістер) өзектерін кеңейту және пломбылау мүмкіндігі ылғи бола бермейді. Сондықтан мұндай тістерде және көпке дейін уақытша пломбымен жабуды көтермейтін тістерде (зубы не выдерживающих герметизма) трипсинмен өзекіштік электрофорездеу әдісін жүргізген жөн. Ол үшін кристалды трипсиннің 0,5% ертіндісін қолданады және оны 5 мг трипсинді сілтілібуферлі сұйыққа еріту арқылы дайындайды. Бұл сұйықтың құрамына 6,2 г бор қышқылы, 7,4 г калий хлориді, 3,0 NaOH (едкий натрий – натрий сілтісі), 500 мл дистилденген су кіреді. Сұйық pH-ның оңтайлы көрсеткішіне байланысты трипсин тіс тіндеріне жақсы және терең сіңеді.
Дәрігер-стоматологтың емдеу тәжрибесінде периодонттың созылмалы қабынуымен қатар оның өршуі де жиі кездеседі. Сондықтан өршу үрдісін периодонттың жедел қабынуынан ажырата отырып, емдеу тактикасын дұрыс қолдана білу керек. Бірінші қабылдауда түбір өзегі арқылы периодонтта жиналған жалқыққа жол ашу керек. Қажет болса ауыспалы қатпарда тілік жасап, жалпылай ем тағайындайды. Өршу үрдісі басылғаннан кейін емдеу кезеңдерін периодонттың созылмалы қабынуының белгілі бір түрін емдегдей етіп жүргізеді.
Түбір өзектерін өту мүмкіндігі болмаған жағдайда (түбірлері қисық, ертеректе өзектер металл штифтермен, цементтермен пломбыланған) перидонт қабынуын хирургиялық әдістермен емдейді.
Периодонттың созылмалы қабынуын консервативтік емдеудің барысы көбінесе түбір өзегін пломбылаудың сапасына байланысты. Өзек жақсы пломбыланған жағдайда периодонттағы қабыну үрдісі біртіндеп жойылып, сорылған сүйек тіні қайта қалпына келе бастайды. Жүргізілген емнің нәтижесін 6-9 және12 ай өткен соң анықтау қажет (оған дейін өршу белгілері мазаламаса), себебі, бұзылған сүйек тіні баяу қалпына келеді және көп жағдайда организмнің жалпы жағдайын да байланысты болады. Периодонттағы созылмалы қабыну ошағы организмнің созылмалы сенсибилизациялануының көзі болып саналатындықтан, сүйек тіні толық қалыптасқанға дейін, сырқат тіс емделіп жатқан кезде және әрбір үш айдан соң десенсибилизациялаушы, организмнің реактивтігін, иммундық қорғанысын күшейтетін дәрілермен жалпылай емдеу курсын жүргізіп тұрған тиімді болады.
Кейбір жағдайларда консервативтік емдеу әдісі нәтижесіз болуы мүмкін. Олар төмендегі жағдайлар:
1. түбір өзегі сапасыз және жартылай пломбыланған;
2. шайнау кезінде тіске қысым көбірек түседі (патологиялық тістем немесе көп
тістері жұлынған, протез қойылған);
түбір ұшындағы қабыну ошағы пародонтталдық қалтамен байланысқан;
егер көрші тісте ұлпа өліеттенген болса, кистогранулема және киста кезінде сүйек тіні қалпына келмейді;
жалпы иммундық реактивтігі төмендеген жағдайда.
Достарыңызбен бөлісу: |