Периодонттың созылмалы қабынуы.
Периодонттың созылмалы қабынуы клиникалық белгілерге аса бай емес. Сондықтан созылмалы қабыну өршу сатысымен асқынбаған жағдайда, тісі сырқат адам көпке дейін стоматолог-дәрігерге көрінуге келе бермейді.
Периодонттың созылмалы фиброзды қабынуы.
Қабынудың бұл түрі өз бетімен дамыған жедел қабынудың барысы ретінде және дұрыс емделген созылмалы қабынулардың басқа түрлерінің (гранулден және гранулемаланып қабынуы) дұрыс емделу нәтижесі ретінде көрініс беруі мүмкін. Периодонттың фиброзды қабынуы көптеген тістер жұлынған кезде, қалған тістерге шайнау күшінің шамадан тыс түсуіне байланысты дамуы да мүмкін. Бұл кезде тіс сауыты бұзылмаған болады және периодонт тінінің фиброздануға ұшырап қалың дамуына байланысты периодонт саңылауы тұтас және біркелкі кеңейеді (сурет).
Периодонттың созылмалы фиброзды қабынуы кезінде тісі бұзылған адам ешқандай ауыру сезіміне шағымданбайды, тек тісінің түсінің өзгергенін байқауы мүмкін. Егер тісінде тісжегі қуысы болатын болса, беткей немесе терең сүңгілеп және қағып тексергенде ауыру сезімі болмайды, сауыт қуысы көбінесес ашық болады. Температуралық және химиялық тітіркендіргіштерге ешқандай жауап туындамайды, тіс күші 100 мка дейінгі электр тогына жауап бермейді. Тіс төңірегіндегі қызыл иек өзгеріске ұшырамайды. Қорытынды диагноз тек рентгендік тексеру әдісінің көмегімен қойылады. Тістің рентген суретінде түбір ұшы төңірегіндегі периодонт саңылауы аздап кеңеюі нәтижесінде деформациялануға ұшыраған, бірақ тіс альвеоласының қатты сүйек қабаты аздап қалыңдағанымен онда бұзылу үрдісі байқалмайды. Кейбір жағдайларда периодонт саңылауы тарылып, тіпті анық көрінуі қиын болады. Мұндай жағдай түбір ұшында цементтің шамадан тыс құрылуы нәтижесінде туындайды және түбір ұшы үшкір конус пішінді болмай, түйреуіш басына ұқсас болып келеді, кемік сүйек бағаналары қалыңдап, склероздану үрдісі орын алады.
Патологиялық анатомиясы. Периодонттың фиброзданып қабынуы кезінде клеткалық құрылымдардың азайып, коллаген талшықтарының жуындап, фиброзды тінге айналғаны байқалады. Талшықтар шоғырларының арасында көбінесе склероздануға ұшыраған тамырлар төңірегінде орналасқан домалақклеткалы қабыну инфильтраттарының ошақтары кездеседі. Ретсіз орналасқан жуанталшықты құрылымдар периодонтқа тыртық тініне тән қасиет береді және периодонттың түбір ұшы аймағындағы бөлігінің тұтас қалыңдауын қамтамасыз етеді. (сурет).
Ескере жүретін жағдай, ертеректе асқынған тісжегімен емделген тістің түбір өзектері жақсы пломбыланған болса және рентген суретте бірақ түбір ұшы периодонтында фиброзданып қабынуға тән өзгерістер анықталса, мұндай тісті қайта емдеу қажеті деп қателісуге болмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |