АУЫЛ АДАМЫ, ЖҰМЫСШЫ ЖӘНЕ ӨНЕР ИЕСІ
Снелман бала кезден және университет қабырғасында жүргенде ұлтқа қатысты
мәселелер мен қоғамда болып жатқан жайттардың билік сарайындағылардың
түсінігіне орайластырып талданатынына және солай қабылданатынына іштей наразы
болатын. Себебі, барлық оқуылықтарда патшалар мен олардың жанындағылар,
ақсүйек отбасыларының өз араларындағы болған дау – жанжалдар, қала берді,
барондар мен генералдар жайлы жан – жақты мәлімет беріліп, кітаптың соңғы бірнеше
бетінде ғана жазушылар мен өнер иелері жайында, олардың өмірі жайлы болмашы
мағлұмат берілетін. Соғыстар, сарай ішінде болған құйтырқы әрекеттер,
дипломаттардың қулықтары, қасақана жасалған қастандықтар мен қиянаттар, үтір –
нүктесіне дейін баяндалатын. Тарих пәнінің мұғалімдері де тек осы тақырыптармен
шектелетін.
Бірақ, ғасырлар бойы түрлі мемлекеттерде өмір сүрген қарапайым халықтың қалай
күн кешкендігі жайлы, миллиондаған ауыл адамдары, мыңдаған өнер иелерінің өмірі
мен өнегелі істері тарихтың шеңберінен тыс қалып жататын.
Халықтың сана – сезімінің жоғарылай түсуін қалайтын адамдар өте аз болған.
Дәлірек айтсақ, ұлт өкілдерінің материалды және рухани өмірінің жақсаруына және
жоғары сатыға көтерілуіне бас ауыртқан адам бола қоймаған.
Егін мен бақшаның күтімін, жануарларды баптап – бағу, кірпіш, қағаз және түрлі
тауар өндірістерін дамытуда әжептеуір тер төгілгендігі көрініп тұрады. Бірақ,
миллиондаған адамның рухын, көңіл – күйін, денсаулығын, күнделікті қорегі мен
тұрмыс - тіршілігін жақсартуға айтарлықтай көңіл бөлінбеген. Бұл мәселелердің
шешімі қарапайым халықтың өз мойнына жүктелген. Құтты халықтың тұрмыс –
тіршілігіне жауапты ешкім жоқ және болмаған тәрізді.
Әрдайым барлық жерлерде қарапайым халық сабыр мен төзімділік көрсетуге
мәжбүр. Қиыншылықтар мен жоқшылыққа төзіп, күн кешу қарапайым халықтың
міндетіне айналған. Қит етсе, халықты кінәлап, оны мейлінше төмендетіп, басып
отырған.
Барлық жерде халық турасында мына сөздер айтылатын болған:
«Халық маскүнем, жалқау, еңбек етуге құлықсыз, қатыгез, ашкөз т.с.с..»
Енді бірде өз сөздеріне өздері қарсы шығып, былай дейді:
«Халық қиыншылықтарға сабыр мен төзімділік таныта отырып, өзінің ұлылығын
паш етуде. Аш-жалаңаш, суықта тоңып, жайсыз баспаналарда өмір сүрсе де,
шағымдануды білмейді».
Халықтың осындай шыдамдылығы мен төзімділігі туралы бар ынталарымен жарыса
айтып, олардың бұл қасиеттерін діни сенімнің жоғары деңгейіне балайды. Онсыз да,
осылай айтып-айтып, христиандықты сабыр мен төзімділік көрсететін дінге
айналдырған жоқ па?
Снелман сабыр мен төзімділікті бар ғибадат деңгейіне көтергендері үшін халыққа
да, халықты осы халге түсіргендерге де қатты ашуланатын.
62
Ең үлкен жоқшылық пен бассыздықтарға халықты сабырға шақырған зиялы қауым
өкілдеріне ашуланатын.
Осындай жайттарға үн – түнсіз көнбістік танытып келе жатқан туған халқына да
наразылығын жасырмайтын.
Халықтың самарқаулығына, өмірде кездесетін материалды және рухани
келеңсіздіктермен бірге өз құқықтарының желінуіне жол беріп, маскүнемдікпен күн
кешкендеріне ыза болатын.
Снелман кейде қатты ашуланып, халқына:
«Миллиондаған адамдар хайуан тәрізді өмір сүріп жатыр. Кір, лас, жиіркенішті.
Олардың бар білетіні – ас ішіп, аяқ босату.»
Артынша, сабасына түсіп, бұл пікірін былайша айқындай түсетін:
«Бірақ, бұған тек халық кінәлі ма? Бұл – халықтың басына төнген қауіп. Мұның
соңы жақсылыққа апармайды.»
Снелман халық пен билікті былай салыстыратын:
«Бақша мен орман ... Бақшаның ішіне жолдар салынып, екі шетіне топырақ төселіп,
гүлдер мен жеміс ағаштары отырғызылған ... Ашық алаңқайда күнделікті суарып,
уақытылы қырқылып, әдемі қалыпқа келтіріліп отыратын жап – жасыл шөп өсіп тұр ...
Шегіргүлдер гүлдеп, бақшаның ішін одан сайын көріктендіріп, құлпырта түскен ...
Жан – жақта орнатылған субұрқақ та көрген жанды сүйсінткендей ... Әр – әр жерге
ескерткіштер орнатылған ... Жолдың шетіне адамдар дамылдап, тынығулары үшін,
арнайы жұмсақ дивандар қойылған ... Бұл жердегі гүлдің әр талы мен тұқым түйірінің
өніп, көктеуі үшін бірнеше адамның еңбегі сіңгені көзге көрініп тұр.
Енді ойша орманды тамашалап көрейік: Бұл жердегі көрініс мүлде басқаша.
Ағаштар мен өсімдіктер күтімсіз, қараусыз қалған, жабайы. Ағаш тұқымдары желмен
қай жерге түссе, сол жерде өсіп шыға берген. Осының салдарынан орманның ішінде
адам жүретін жалғызаяқ жол шыға қалса, ол да жай ғана сәйкестік болуы мүмкін.
Мұндай жолдарды ашып, адам жүретіндей дәрежеде болуын қадағалап жатқан жан
жоқ.
Халық болса, орманға ұқсайды, егер қадірін білетін адам табылып жатса ғана,
орманды қорғауға атсалысады. Халық та зиялы қауым өкілдері сияқты – адам баласы.
Олардың да арасында ақылды, қабілеттілері бар. Олардың бойларында ең жоғарғы
деңгейдегі рухани дамуға деген бейімділікті оятып, дамыту үшін, күнделікті және
рухани азықпен қамтамассыз етіп, жағдай жасалу қажет.»
Снелман барлық ауыл адамдарын, жұмысшыларды, өнер адамдарын, бір сөзбен
айтқанда, халықты барынша жан-жақты тәрбиелей отырып, оларды дұрыс жолға
бағыттауды өзінің ең басты мақсаты деп білген. Ол – Финляндияда білім мен тәрбие
саласын дамытуда ерен еңбек сіңірген тұңғыш ұлт зиялысы.
Ол барған жерінде мынадай үгіт-насихат айтатын:
«Туған өлкеміздің басым бөлігінің сауатсыздық пен надандықта күн кешіп
жатқанын көре тұрып, үнсіз қалу бізге жараспайды. Мәдениеттің нұрына бөленген
адамның өз ұлтының болашағына бейқам қарауы – ұлтына жасаған қиянаты болып
63
есептеледі. Мемлекет дегеніміз жоғары қабатының терезелері кең, еңсесі биік, ауасы
тап – таза, іші жап – жарық, ал, төменгі қабаты мен шатыры болса, тастүнек,
қабырғасы дымқылданып, көгере бастаған, тар және терезесі жоқ ғимаратқа ұқсамауы
тиіс.
Халықтың басым бөлігінің төл мәдениетінен мақрұм қалуы зұлымдықпен пара –
пар. Бұл мемлекеттің түбінен шіріп, жоғалуына әкеп соқтырады.
Ең жақсы, ең сапалы он миллион ағашы бар орманды елестетіңіздер. Бұл орманға
еш көңіл бөлінбей, дер кезінде тазалық жұмыстары жүргізілмей, қараусыз қалатын
болса, ондай орманнан не пайда? Үлкен ағаштардың бұтақтары дауылдарға шыдас
бермей сынып, ақырында жаңбыр суымен шірісе, уақыт өте келе орманның орнында
белшеден балшық пайда болады. Осылайша, саф, таза ауасы бар орман жүздеген
шақырымға дейін созылып жатқан безгек ауруының қоздырғышы мекен ететін
балшыққа айналмай ма?».
«Мені дұрыс түсініңіздер! Мемлекетіміздің әрбір жұмысшысы – біздің баға жетпес
байлығымыз. Оның күнделікті ішіп – жемі мен басқа да шығындарын есептеп, жақсы
шарттарда жұмыс істеуіне жағдай жасалу керек.
Еліміздегі маскүнемдер дұрыс тәрбие алғанда, әрқайсысы ұлтымыздың болашағы
үшін таптырмас жұмыс күші болар еді.
Снелман Еуропаға сапары барысында басынан өткен оқиғаны баяндады. Ол
Берлинге барған кезде, Австралияның атақты жазушысымен танысады. Жазушы
шыққан тегі бойынша таза словакиялық болғанымен, шығармаларын тек неміс тілінде
жазады екен. Осыған дейін газет беттерінде жарық көрген сансыз мақалалары мен
кітапшаларында австралиялық немістердің Галицияда, Моравиядағы Чехтар мен
Словакиялықтарға, Сербтер мен Хорваттарға үстемдік жүргізуін дұрыс деп
есептемейтінін жазған. Ол өз мақалаларында: «Словакиялықтардың мінезі өте бос,
әйелдер сияқты. Жаратылыстарынан жалқау. Көп жылдар бойы басқалардың боданы
болғандықтан, өздіктерінен жұмыс жасауға құлықсыз және өмірлерін енжарлықта
өткізгенді ар санамайды. Олар сауда-саттық жасағанда көп адамдарды алдайды, көбісі
қулықпен өмір сүреді. Жеңіл табыс көздерін іздеп, тапқан – таянғандарын оңды-солды
шашқанды ғана біледі.
Менің ойымша, мұндай халыққа немістердің тәрбиесі қажет. Словакиялықтарға
қарасам, жұмсақ, иісі шығып кеткен қойдың терісі есіме түседі. Оларды немістердің
тері илеушілерінің қолына тапсыру керек. Немістер оларды таза, жылы тонға
айналдырады.
Жан – жақты білімді бұл жазушымыздың сөздеріне қарасаңыз, өте сапалы білім
алғандығы көрініп – ақ тұр. Бірнеше Еуропа тілдерін жетік меңгерген. Шығармаларын
жеңіл, түсінікті, тартымды тілмен баяндайды. Мақалаларына әр заманда өмір сүрген
атақты философтар мен қоғам қайраткерлерінің, тарихшылар мен әдебиетшілердің
сөздерін енгізіп отыратын әдеті бар. Жазған еңбектері үшін Австрия мемлекетінен
қомақты қаламақы алып отырады.
64
Негізі ол жаратылысында жаман адам емес. Бірақ, құмарханалар мен
мейрамханаларда сұлу әйелдермен көңіл көтеріп, қайғысыз – қамсыз өмір сүргенді
ұнатады. Ал ондай өмір сүру үшін көп ақша қажет.
Осы себепті, ол қажет болса, ақша үшін еш ойланбастан, өзінің ары мен намысын да
құрбан ете алады. Ол өзі аңсаған өмірге ар – намысын жоғары ұстап жүріп те, жетуге
болатынын ойламайды. Оны ойлау үшін адамның бойында рух тазалығы болу қажет.
Өкінішке орай, ол біздің жазушымыздың бойында көрініс таппаған. Себебі, ол
Австрия университетінде білім алып, сол кездің танымал саясаткері Меттерничтің
сұрқия саясатымен уланған.
Меттернич – өзінің саясатта сұрқия амалын халықтың бойына сіңіре отырып, бүкіл
Еуропа жұртының тәрбиесін бұзған сарай түлкісі. Оның ойынша өз мақсатына жетудің
бір ғана жолы бар, ол – пара беру. Тіпті Меттерничтің тұсында қай бастық қанша пара
алатынын алдын – ала біліп, сұрастырып отыратын секретарлар пайда болған.
Осылайша пара алып-беру күнделікті үйреншікті жайтқа айналған. Қоғамда түрлі
келеңсіздіктер бой алып, жастарға үлгі боларлық тұлғалардың өзі дүниелік пайданың
соңына түскен. Осылайша ертеңгі күнге мақсат-мұраты жоқ, рухани ашкөздікке душар
болған жастар көбейе бастады.
Міне, осындай қоғамның жазушысы болған біздің кейіпкеріміз де Шиллер сынды
адами қасиеттер мен сұлулықты, турашылдықты ту еткендерді мүлде түсінбейтін.
Немістерді жақтап, Словактарды жамандау оның бар өмірінің мәніне айналды.
Оның бұл қателіктерін бетіне айтқан адамдарға:
- Мен ең мықты жазушымын. Мен шебер жаза алмасам, немістер маған
мұншалықты көп ақша төлемес еді, - дейтін. Яғни, ол жасап жүрген ісінің дұрыс
екендігіне өзін шүбәсіз сендірген.
Снелман Берлинге барған кезде әлгі жазушымен танысады. Снелман бұрын – соңды
оның ешбір шығармасы немесе мақаласын оқымаған, тіпті атын да естімеген.
Берлинде Фин және Словакиялық бұл екі қонақтың құрметіне, немістердің тілімен
айтқанда «мәдениеттің жаршыларына» арнайы дастархан жайылады.
Басқосудың соңына қарай, адам аяғы басылған сәтті пайдаланып, Снелман
словакиялық «мәдениеттің жаршысын» әңгімеге тартады. Снелман оған ұлт
мәдениетінің өркендеуі жолында қызмет ететін адам барынша шынайы және рухы таза
болу қажеттігін айтады.
Снелман:
«Мысалы, біздер – фин халқы мәдениеттің ең дамыған сатысына қол жеткізгенімізге
кәміл сенеміз. Сол үшін тынбай еңбектеніп жатырмыз. Финляндияда болашақта білім
ошағы салынбаған бірде – бір елдімекен қалмайды. Қажет болса, балықшының
күркесін де білім нұрымен айдындатамыз. Сөйтіп, бүгінгі бөбектерімізден ертеңгі күні
білімді, рухты, көзі ашық жалындаған жастарымыз өсіп шығатын болады. Егер туған
халқың надан, мәдениетсіз болса, оны сынап – мінеудің орнына, мәдениет пен
өркениетке баулып, халқыңа адал қызмет қылу керек.» - деді.
65
Алғашында Снелманның сөздерін амалсыздан тыңдап отырған жазушымыз, бірте –
бірте оның айтқандарынан қатты әсерленіп, қоштасарда: «Мен сізбен өте кеш
танысқаныма өкінемін» - деп, қолын қысты.
Снелман Суомиге оралған соң, арада жиырма шақты күн өткенде хат алады. Хатта:
«Сенің сөздерің маған қатты әсер етті. Рухымды тербеді. Осы күнге дейін жасап
келген істерімнің дұрыс болмағанына көзім жетті. Енді бұлай өмір сүре алар емеспін.
Өзімнен қатты жиіркенем. Ождан азабына шыдай алар емеспін. Жанымды қоярға жер
таппай, өмірмен қош айтысуға бел будым.» - деп жазылған. Снелман хатты жазған
адамның қолтаңбасын тани алмады, оның үстіне аты-жөнін де жазбапты.
Арада бір ай өткен соң, Снелман Виана газетіндегі хабарды көзіп шалып қалады.
Онда атақты жазушының өмірден озғаны туралы жазылыпты. осы хабарды оқыған
сәтте ғана Снелман өзіне келген хатты кімнің жазғанын түсінді.
Арада біраз уақыт өткен кезде, дәрігерлер, мұғалімдер мен дін қызметкерлері
халықпен етене араласып, алған әсерлерін, ой-толғамдарын баспасөздерге жариялай
бастады. Кейбірі кішігірім кітап қылып басып шығарды. Осындай шығармалардың
арасында «ауыл дәрігерінің естеліктері» және «Ауылдағы поптың естеліктері» деген
кітаптар халықтың назарына ілікті.
Бұл екі кітап қоғамда түрлі қарама-қайшы пікірлер туғызып, елді елең еткізген
ерекше құбылыс болды. Біреулер: «Туған халқы үшін жүрегі сыздап, оның
болашағына үлес қосқысы келген барлық адамның жастанып жүріп оқитын
кітаптары!» - десе, енді біреулер: «Бұл кітаптарда жазылғандар қып-қызыл өтірік. Бұл
– Фин ұлтына жабылған жала!» - деп, кітаптарды да, оның авторларын да жерден
алып, жерге салды.
Шын мәнінде, бұл екі кітап та финдерге қалың ұйқының құрсауынан шығып,
сілкініп, рухани ояну қажеттігін айтып, жар салды. Себебі, бұл екі кітап та халықтың
мүшкіл жағдайын боямасыз суреттей отырып, тез арада шара қолданбаса, бүкіл бір
ұлттың жоғалып кету қаупі барын ескертеді.
Кітапты оқығандар:
«Бір миллион бауырымыз мынадай адам төзгісіз өмір сүріп жатқанда, қол қусырып
қалу жарамайды.» - десе, енді бірі:
«Құдайым – ау, мын кітаптарда жазылғандар рас болса, отандастарымыз адам
төзгісіз өмірге қалай шыдап келген? Екі аяқты жануар сияқты күн кешіп жатқандар
бар екен ғой. Олардың өмірі Дантенің суреттеген тозағынан да бетер ғой. Жарайды,
Дантенің шығармасындағы адамдар осы өмірде жасаған күнәларының өтеуі ретінде
тозаққа түседі. Біздің отандастарымызды мына жарық дүниеде жүріп, тозаққа
түсетіндей не істеп қойды? Олардың күнәсі не? Ол аз десеңіз, Дантенің
шығармасындағы тозақта күн кешетін адамдар жай ғана автордың ойынан
шығарылған кейіпкерлер ғой. Ал, біздің отандастарымыз және олармен болып жатқан
жайттар – ащы да болса шындық!
66
|