19-бап. Қылмыстық қудалау
Прокуратура мемлекет атынан қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнамаға сәйкес қылмыстық қудалауды жүзеге асырады.
4-тарау. ПРОКУРАТУРА ҚЫЗМЕТІНІҢ ӨЗГЕ ДЕ БАҒЫТТАРЫ
20-бап. Заңдылықты, құқық тәртібін және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті үйлестіру
1. Құқық қорғау органдарының және өзге де мемлекеттік органдардың заңдылықты, құқық тәртібін және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі қызметін үйлестіруді прокуратура органдары осы органдардың өзара іс-қимылын, өзара ақпарат алмасуды және ортақ міндеттерді іске асыру кезінде олардың келісілген әрекеттерін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырады. Аталған қызметті прокуратура органдары Бас прокуратураның, облыстардың прокуратуралары мен оларға теңестірілген прокуратуралардың жанынан құрылатын тұрақты жұмыс істейтін үйлестіру кеңестерінің шеңберінде жүзеге асырады.
2. Үйлестіру кеңестері өз қызметін Конституцияға, заңдарға, Заңдылықты, құқық тәртібін және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесі туралы ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Заңдылықты, құқық тәртібін және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесі туралы ережені Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
21-бап. Өтініштерді қарау
1. Прокуратура органдары өтініштерді осы Заңның 6-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында көзделген
жағдайларда, сондай-ақ заңдылықты бұзушылықтар не олардың басталу қаупі туралы өтініштерді осы Заңның 6-бабы 4-тармағында және 7-бабы 1-тармағының 1) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда қарайды.
2. Прокурорлар өтініштерді Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде белгіленген мерзімдерде қарайды.
Өтінішті қарауға байланысты тексеру тағайындалған жағдайда, оны жүргізу тәртібі мен мерзімдері осы Заңның 7-бабында айқындалады.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының талаптары қарау тәртібі Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік, азаматтық процестік заңнамасында, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық, әкімшілік сот ісін жүргізу туралы, сондай-ақ жедел-іздестіру және қарсы барлау қызметі саласындағы заңнамасында белгіленген өтініштерге қолданылмайды.
4. Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, анонимдік өтініштер прокуратура органдарында қаралуға жатпайды. Прокурор өтініш жасаған адамның мүддесi үшін ақпарат көзiн жария етпеуге құқылы.
Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.06.2020 № 351-VI (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.07.2021 № 62-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |