22-бап. Прокуратура ведомстволарының, мекемелерінің және білім беру ұйымының қызметі Прокуратураның ведомстволары, мекемелері және білім беру ұйымы:
1) статистикалық көрсеткіштердің тұтастығын, объективтілігін және жеткіліктілігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік құқықтық статистиканы қалыптастырады және арнайы есепке алуды жүргізеді, процестерді автоматтандырады;
2) ішкі істер органдары қызметкерлерін қоспағанда, заңнамада көзделген жағдайларда құқық қорғау қызметіне алғаш орналасатын адамдарды кәсіптік даярлауды, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін, оның ішінде Президенттік резервте тұрған Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары басшылығының қызметкерлерін кәсіптік қайта даярлауды, олардың біліктілігін арттыруды, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыруды, сондай-ақ құқық қорғау қызметі саласындағы ведомствоаралық ғылыми зерттеулерді үйлестіру мен жүргізуді ұйымдастырады және жүзеге асырады;
3) заңда көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
5-тарау. ПРОКУРАТУРАНЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТIЛЕРI
23-бап. Прокуратураның құқықтық актiлерiнiң жүйесi
1. Прокуратураның құқықтық актiлерiнiң жүйесiн:
1) прокурорлық қадағалау актiлерi: наразылық, санкция, нұсқау, ұсыну, қаулы;
2) прокурорлық ден қою актілері: өтінішхат, арыз, үндеу, заңды түсіндіру;
3) прокуратураны ұйымдастыру және оның қызметі мәселелерiн реттейтiн актiлер: бұйрықтар, өкiмдер, ережелер, нұсқаулықтар, регламенттер және басқалар құрайды.
2. Заңда белгіленген негізде, тәртіппен және шекте енгізілген прокурорлық қадағалау актілері олар жіберілген органдардың, ұйымдардың және лауазымды адамдардың қарауы, орындауы үшін міндетті. Заңда белгіленген негізде, тәртіппен және шекте енгізілген прокурорлық қадағалау актілерін қарамау, орындамау не прокурордың заңды талаптарын орындамау заңда белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 02.07.2021 № 62-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |