ҚР Қылмыстық іс жүргізу қҰҚЫҒы пәні бойынша дәрістер конспектісі



жүктеу 5.98 Mb.
бет16/35
Дата09.06.2016
өлшемі5.98 Mb.
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   35

5. Бұлтартпау шаралары ұғымы. Оларды қолданудың негіздері және тәртібі. Процессуальдық мәжбүрлеу шараларынын, бір түрі бұлтартпау шаралары болып табылады. Олар, басқа мәжбүрлеу шаралары сияқты, қылмыстық іс жүргізу міндеттерін орындауды қамтамасыз ету мақсатында және заңмен белгіленген тәртіп бойынша қолданылады (КІЖК 18-тарауынын, 139-155 баптары).

Бұлтартпау шаралары жалпы ереже бойынша айыпталушыға, сондай-ақ сотталушыға, ал сезіктіге ерекше жағдайларда қолданылады. Осыған сәйкес, сотқа дейінгі іс жүргізу кезінде бұлтартпау шарасын қолдануды қылмыстық ізге түсу органы шешетін болса, ал соттағы өндіріс кезінде бұл мәселені сот (судья) шешеді.

ҚІЖК-нің 139-бабында бұлтартпау шараларын қолданудың негіздері туралы былай деп жазылған: айыпталушы анықтаудан, алдын ала тергеуден немесе соттан жасырынады не алдын ала тергеудің және сотта іс қараудың объективті жүргізілуіне кедергі жасайды немесе қылмыстық әрекетпен шұғылдануды жалғастырады деп қарауға жеткілікті негіздер болған кезде, сондай-ақ үкімнің орындалуын қамтамасыз ету үшін қылмыстық процесті жүргізуші орган өз өкілеттігі шегінде ол адамға осы Кодексте көзделген бұлтартпау шараларының бірін қолданады. Осындай қылмыстық процестің міндеттерін орындауға кедергі келтіретін жағдайларды болғызбау бұлтартпау шараларын қолданудың тікелей мақсаты болып табылады. Ал бұл мақсаттың орындалуы ҚІЖК-нің 8-бабында көрсетілген қылмыстық процестің тікелей міндеттерін (қылмысты тез және толық ашу және т.б.) орындауға мүмкіндік туғызады. Осыдан келіп, бұлтартпау шараларын қолданудың негізі ретінде жоғарыда айтылған жағдайлардың өзі емес (олар бұл кезде жоқ жағдайлар болғандықтан), бірақ ондай жағдайлардың қылмыстық іс жүргізу барысында туындауы мүмкіндігін керсететін нақты деректер деп білеміз.

Сонымен, бұлтартпау шаралары қылмыстық іс жүргізу органы жалпы ереже бойынша айыпталушыға (сезіктіге ерекше жағдайда) немесе сотталушыға занда көрсетілген тәртіп бойынша қолданатын мәжбүрлеу шараларының жеке тобы болып табылады.



6.Бұлтартпау шараларының бірнеше түрлері бар. Олар ҚІЖК-нін 140-бабында аталып көрсетілген:

1)ешқайда кетпеу және өзін дұрыс ұстау туралы қолхат алу;

2)жеке адамдардың кепілдігі;

3)әскери қызметшіні әскери бөлім командованиесінің бақылауына беру;

4)кәмелетке толмағанды қарауға беру;

5)кепіл;


6)үйде қамап ұстау;

7)қамауға алу.

Бұл аталған шараларды, олардың сипатына қарай және кімдерге қолданылатындығын ескере отырып, екі топқа бөлуге жатады:

1)бұлтартпау шараларының жалпы түрлері;

2)бұлтартпау шараларының арнайы түрлері.

Бірінші топқа мына шаралар жатқызылады: ешқайда кетпеу және өзін дұрыс ұстау туралы қолхат алу, жеке адамдардың кепілдігі, кепіл, үйде қамап ұстау, қамау. Бұл топқа жататын шараларды қолдану үшін айрықша талаптар қойылмайтын болғандықтан, оларды бұлтартпау шараларының жалпы түрлері деп атаймыз. Екінші топқа жататын бұлтартпау шараларының түрлері: әскери қызметшіні әскери бөлім командованиесінің бақылауына беру, кәмелетке толмағанды қарауға беру. Бұл шаралардың ерекшелігі олардың аталған субъектілер үшін көзделгендігі болып табылады. Дегенмен, бұл субъектілерге де қажет болған жағдайда бұлтартпау шараларының жалпы түрін қолдануға тыйым салынбайды. Мәселен, әскери қызметші ауыр қылмыс жасаған жағдайда тергеуші оған қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолданады. Ал, кәмелетке толмағандарға мүмкіндігінше ата-анасының немесе сенімге ие басқа адамдардың қарауына беру шарасы кеңірек қолданылуға тиіс.

ҚІЖК-нің 144-153 баптарында бұлтартпау шараларының түрлерін қолданудың тәртібі реттелген, Соның ішінде: ешқайда кетпеу және өзін дұрыс ұстау туралы қолхат қылмыстық процесті жүргізуші органның сезіктіден немесе айыпталушыдан (сотталушыдан) тұрақты не уақытша тұратын жерінен тергеушінің, анықтаушының, прокурордың немесе соттың рұқсатынсыз кетпеуге, тергеу жүргізуге және істі сотта қарауға кедергі келтірмеуге, белгіленген мерзімде қылмыстық іс жүргізу органының шақыруы бойынша келуге жазбаша міндетгеме алуьшан тұрады (ҚІЖК-нің 144-бабы). Егер сезікті немесе айыпталушы тұратын жердің аумағында қоныс аударатын болса, бұл жөнінде бұлтартпау шарасын қолданған қылмыстык, іс жүргізу органын хабардар етуге міндетті болып табылады. Бұл шараны қолдану екі процессуальдық құжат жазу арқылы рәсімделеді: бұлтартпау шарасын қолдану туралы қаулы шығару және қолхат алу.

Бұлтартпау шарасы ретінде жеке адамдардың кепілдігін қолданудың тәртібі ҚІЖК-нің 145-бабымен белгіленген. Жеке адамдардың кепілдігі сенімге ие болған адамдардың сезіктінің немесе айыпталушының өзін дұрыс ұстауына және қылмыстық іс жүргізу органының шақыруы бойынша уақытында келетіндігіне кепілдік беретіндігі туралы өздеріне жазбаша міндеттеме алуы болып табылады. Бұлтартпау шараларының бұл түрін қолданудың мынадай шарттары бар:

— кепіл берушілердің саны екеуден кем болмауы тиіс;.

—кепіл берушілердің бұл жөнінде өздерінің жазбаша өтініштері болуы қажет;

—бұл шараны қолдануға сезіктінің, айыпталушының келісімі болуы тиіс;

—кепілдік беруші қылмыстық іс жүргізудің барысында кепілдігінен бас тартуға құқылы.

Жеке адамдардың кепілдігін қолдану туралы қылмыстық іс жүргізу органы қаулы шығарады. Сонымен қатар, кепіл берушілердің әрқайсысы жеке кепілдігі туралы қолхат береді. Бұл қолхатта кепілдік берушіге қылмыстық іс бойынша айыптаудың мәні түсіндірілгендігі және айыпталушының (сезіктінің) өзін дұрыс ұстамаған әрекеті үшін жауапты болатындығы көрсетіледі. Егер айыпталушы жеке кепілдікке сәйкес келмейтін әрекеттер жасаған болса, әрбір кепілдік берген адамға жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде ақшалай айып салынуы мүмкін (ҚІЖК 145-бабының 5-бөлігі).

ҚІЖК-нің 146-бабында бұлтартпау шарасы ретінде сезіктіні немесе айыпталушыны әскери бөлім командованиесінің бақылауына беру көзделген. Оның мәні әскери қызметшілер немесе оқу жиынына шақырылған әскери міндеттілер болып табылатын сезіктілер мен айыпталушыларға Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері мен Ішкі әскерлерінің жарғыларында көзделген шараларды қолдану арқылы ол адамдардың тиісті мінез-құлқын және олардың қылмыстық іс жүргізу органының шақыруы бойынша келуін қамтамасыз ету болып табылады.

Қылмыстық іс жүргізу органы бұлтартпау шарасын қолдану туралы қаулы шығарып, оны орындауды әскери бәлімнің командованиесіне тапсырады. Онымен бірге бұлтартпау шарасы қолданылған істің мәні хабарланады және әскери командованиенің міндеттері түсіндіріледі. Ал, әскери бөлімнің командованиесі бұлтартпау шарасын қолданған органға сезіктінің немесе айыпталушының бақылауға алынғандығы туралы жазбаша хабарлайды. Егер бақылауға алынған сезікті немесе айыпталушы бұлтартпау шарасын бұзатын әрекеттер жасаған болса, әскери бәлімнің командованиесі ол туралы қылмыстық іс жүргізу органына жедел хабарлауы тиіс.

Бұл шараны қолдануға байланысты өздеріне жүктелген міндетті орындамаған кінәлі адамдар занда көзделген тәртіптік жауаптылыққа тартылады (ҚІЖК 146-бабының 4-бөлігі).


7. Кәмелетке толмағанды қарауға беру (ҚІЖК-нің 147-бабы). Кәмелетке толмаған сезіктіні, айыпталушыны ата-анасының немесе қамқоршыларының, қорғаншыларының, басқа да сенімге ие адамдардың, сондай-ақ ол тұрып жатқан арнаулы балалар мекемесі әкімшілігінің қарауына беру кәмелетке толмағанның тиісті мінез-құлқын және оның қылмыстық іс жүргізу органының шақыруы бойынша уақытында келуін қамтамасыз ету мақсатында қолданылады.

Кәмелетке толмағанды ата-анасының немесе басқа адамдардың қарауына беру тек олардың жазбаша өтініші бойынша ғана мүмкін болады.

Бұл шараны қолдану туралы қылмыстық іс жүргізу органы қаулы шығарады. Онымен қатар, кәмелетке толмағанды қарауына алған адам (ата-анасы немесе қамқоршысы, қорғаншысы, арнаулы балалар мекемесі әкімшілігінің лауазымды адамы) қолхат беріп, онда қылмыстың сипаты және қарауына алған адамның өзіне қабылдаған міндеттерін бұзған жағдайда ол үшін жауапты болатындығы көрсетіледі.

Кәмелетке толмағанды қарауына алған адам өзіне жүктелген міндеттерді орындамаған жағдайда, оған жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде ақшалай айып салынуы мүмкін.


8. (ҚІЖК-нің 149-бабы); Үйде қамап ұстау қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдауға негіздер мен шарттар бола тұрып, бұл адамның жасы, денсаулық отбасының жағдайлары және басқа да мән-жайлар ескеріле отырып прокурордың санкциясымен не соттың шешімі бойынша сезіктіге немесе айыпталушыға қолданылатын бас бостандығын шектеу шарасы болып табылады. Яғни, үйде қамап ұстау адамның бас бостандығын шектеудің түрі ретінде қолданылады. Осыған байланысты, қылмыстық іс жүргізу органының бұл шараны қолдану туралы қаулысында үйде қамап ұсталатын адамға қандай нақты шектеулердің қойылатындығы көрсетіледі: белгілі бір адамдармен тікелей немесе өзгеше қарым-қатынас жасауға, хат-хабарлар алуға және жіберуге, байланыс құралдарын пайдалану арқылы сөйлесуге тыйым салу, тұрғын үйден шығуға шектеу қою және т.б. Қажет болса, қылмыстық іс жүргізу органыныи шешімі бойынша үйде қамап ұсталған адамның тұрғылықты жерінің күзетілуі, оның мінез-құлқын қадағалау белгіленеді. Қылмыстық іс жүргізу органының қаулысында белгіленген шектеулердің сақталуын қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган немесе лауазымды адам көрсетіледі.

Үйде қамап ұстаудың мерзімі, оны ұзарту және оған шағымдану тәртібі ҚІЖК-нің 110 және 153-баптарында көрсетілген бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алудың ережелеріне сәйкес шешіледі.


9. (ҚІЖК-нің 150-бабы). Қамауға алу бұлтартпау шарасы ретiнде соттың санкция беруiмен ғана және заңмен кемiнде бес жыл мерзiмге бас бостандығынан айыру түрiндегi жаза көзделген қылмыс жасаған деп айыпталушыға, сезiктiге қатысты ғана қолданылады. Ерекше жағдайларда бұл бұлтартпау шарасы заңмен кемiнде бес жыл мерзiмге бас бостандығынан айыру түрiндегi жаза көзделген қылмыс жасаған деп айыпталушыға, сезiктiге қатысты, егер:

 1) оның Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын жерi болмаса;

2) оның жеке басы анықталмаса;

3) ол бұрын таңдалған бұлтартпау шарасын бұзса;

4) ол қылмыстық қудалау органдарынан немесе соттан жасырынуға тырысса немесе жасырынса;

5) ол ұйымдасқан топтың немесе қылмыстық қоғамдастықтың (қылмыстық ұйымның) құрамында қылмыс жасады деп айыпталса не оған күдiк келтiрiлсе;

6) оның бұрын жасаған ауыр немесе аса ауыр қылмысы үшiн соттылығы болса, қолданылуы мүмкiн.

ҚР ҚІЖК-нің 150-бабында тұтқындау шарасын таңдау туралы шешім қабылдау шарттары көрсетілген. Айыпталушыны, сезіктіні қамауға алуға санкция беру туралы тергеушінің немесе анықтау органының өтінішін қолдау туралы мәселені шешу кезінде прокурор күзетпен ұстауға негіздерді қамтитын барлық материалдармен танысуға міндетті және айыпталушыдан, сезіктіден жауап алуға құқылы.

Прокурор табыс етілген барлық материалдарды зерделеп, заңда көзделген негіздер болған кезде және неғұрлым жеңіл бұлтартпау шарасын таңдау жолымен ҚР ҚІЖК 139-бабында көзделген зардаптарды жою мүмкіндігі болмаған жағдайда, тергеушінің немесе анықтау органының айыпталушыны, сезіктіні қамауға алуға санкция беру туралы өтінішін қолдау туралы каулы шығарады. Өтінішті қолдаудан бас тартылған жағдайда, прокурор тергеушінің немесе анықтау органының айыпталушыны, сезіктіні қамауға алуға санкция беру туралы өтінішін қолдаудан бас тарту туралы қаулы шығарады. Прокурор өтінішті қолдаудан бас тартқан кезде айыпталушы, сезікті күзетпен ұстаудан дереу босатылуға тиіс.

Тергеушінің немесе анықтау органның айыпталушыны, сезіктіні қамауға алуға санкция беру туралы өтінішін қолдаудан бас тарту және күзетпен ұстаудан босату туралы прокурордың қаулысына тергеуші, анықтау органы не өздерінің немесе берілетін құқықтар мен мүдделерді қорғайтын процеске қатысушылар жоғары тұрған прокурорға ҚР ҚІЖК 109-бабының тәртібімен шағым жасай алады.

Қамауға алуға санкция беру құқығы аудандық және оған теңестірілген соттың судьяларына берілген, ал соттың қаулысының күшін жою туралы және айыпталушыға сезіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берген жағдайда, шағымдануды қарау — облыстық және оған теңестірілген соттың судьяларына тиесілі (ҚР ҚІЖК 110-бап).

Қылмысты қудалау органының айыпталушыны, сезіктіні қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы өтінішпен іс қозғау туралы прокурор қолдаған қаулысы алдын ала тергеу ісі жүргізілген жер бойынша не сезіктінің ұстал-ған жері бойынша сот отырысында айыпталушының, сезіктінің, прокурордың жөне қорғаушының қатысуымен материалдар сотқа түскен кезден бастап сегіз сағат ішінде аудандық немесе оған теңестірілген сот судьясының жеке-дара қарауына жатады. Қаулыға өтініш білдірген прокурордың пікірінше тұтқындау шарасын қолданудағы негіздемелердің болуын жеткілікті түрде анықтайтын және басқа шараны таңдау мүмкін еместігі анықтайтын материалдар тіркеледі. Қажет болған жағдайда судья кылмыстық істі сұратады.

Тергеушінің қамауға алуға санкция беру туралы өтінішін қолдау туралы прокурордың қаулысын, сондай-ақ оның негізділігін растайтын материалдарды прокурор ұстау мерзімі аяқталғанға дейін он екі сағаттан кешіктірмей сотқа табыс етуге тиіс (ҚР ҚІЖК 150-бап 4-тармақ.)

Заң бойынша, сот отырысына айыпталушының, сезіктінің заңды өкілі, жәбірленуші, оның заңды өкілі және өкілі де қатысуға құқылы.

Судья отырыстың басында қандай өтініштің қаралуға жататынын хабарлайды, сот отырысына келген адамдарға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді. Содан кейін прокурор айыпталушыны, сезіктіні қамауға алуды бұлтартпау шарасы ретінде таңдаудың қажеттілігін негіздейді, бұдан соң сот отырысына келген басқа да адамдар тыңдалады.

Айта кететін бір жағдай, процеске қатысушыларға сот отырысының орны мен уақыты туралы сот уақытылы хабарлаған жағдайда олардың сотқа келмей қалуы сот отырысын өткізуге кедергі болмайды.

Қамауға алуға санкция беруге байланысты мәселелерді шешу кезінде сот қамауға алу бұлтартпау шарасын таңдау кезінде ескерілетін мән-жайларға қатысты істің материалдарын зерделеумен шектеледі. Осы материалдардың ішінде мыналардың көшірмелері болуы тиіс: қылмыстық істі қозғау туралы қаулы, күдіктіні не айыпталушыны айыпты деп тануға байланысты ұстау туралы хаттама, сондай-ақ іске қатысты кінәлілігін белгілейтін дәлелдемелер мен тұтқындау негіздемелер, уәждері.

Егер ҚР ҚІЖК 132, 134-баптарының тәртібімен айыпталушыға қатысты тұтқынға алу шарасын таңдау туралы қаулы шығарылса, онда ол прокурорға іске тіркелген материалдармен бірге тез арада, ұстау мерзімі аяқталғанға дейін он сегіз сағаттан кешіктірмей табыс етілуге тиіс.

Айыпталушы болмаған кезде қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы өтінішті соттың қарауына оған іздестіру жарияланған немесе ол Қазақстан Республикасынан тыс жерде болған және сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісінше хабарланған кезде алдын ала тергеу органдарына келуден жалтарған жағдайларда ғана жол беріледі.

Судья айыпталушыны, сезіктіні қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы өтінішті қарап, айыпталушыны, сезіктіні қамауға алуға санкция беру туралы не қамауға алуға санкция беруден бас тарту туралы қаулы шығарады.

Соттың қаулысы қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы өтінішпен іс козғаған қылмыстық қудалау органына, сондай-ақ прокурорға, айыпталушыға, сезіктіге, жәбірленушіге кідіріссіз жіберіледі және дереу орындалуға тиіс.

Атап көрсету қажет, қылмыстық қудалау органының нақ сол қылмыстық іс бойынша нақ сол бір адамға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы өтінішпен сотқа қайтадан жүгінуіне, судья аталған бұлтартпау шарасына санкция беруден бас тарту туралы қаулы шығарғаннан кейін, қамауға алу қажеттігін негіздейтін жаңа мән-жайлар туындаған кезде ғана мүмкін болады.

Егер сотталушы адамға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау туралы мәселе сотта туындаса, сот бұл туралы шешімді тараптың өтініші бойынша немесе өз бастамасы бойынша қабылдайды, және камуаға алу туралы қаулы шығарады.

Қылмыстық процесті жүргізуші орган он екі сағаттың ішінде айыпталушының, сезіктінің туыстарына қамауға алуды бұлтартпау шарасы ретінде қолданатыны жөнінде хабарлауға міндетті (ҚР ҚІЖК-нің 138-бабы).

Айыпталушыны, сезіктіні қамауға алуға санкция беру туралы немесе одан бас тарту туралы соттың қаулысына ҚР ҚІЖК 110-бабында көзделген тәртіппен шағым жасалады.

Егер аудандық немесе оған теңестірілген соттың қамауға алуға санкция беруден бас тарту туралы қаулысының күші жойылған болса айыпталушыны, сезіктіні қамауға алуға санкция беру туралы мәселені облыстық немесе оған теңестірілген соттың қарауы ҚР ҚІЖК-нің 110-бабында көзделген төртіппен жүзеге асырылады.

Сот отырысы барысында айыпталушыны, сезіктіні қамауға алуға санкция беру туралы немесе одан бас тарту туралы мәселе қаралса хаттама жүргізіледі.

Ескерте кету керек, сот тұтқындау шарасын таңдау туралы өтінішті сот отырысында қарайды. Осыған орай бірінші болып өтінішті қозғаған прокурор немесе тергеуші (анықтаушы) сөйлейді. Содан соң басқа келген адамдар тыңдалады, айыпталушыға қатысты қамауға алу шарасын таңдау туралы етінішті дәйектейтін материалдар жариялануы тиіс. Қорғаушы жақ қамауға алу шарасын жоқка шығаратын, тойтаратын өз материалдарын ұсынуға құқылы.

Өтінішті қарау нәтижесінде судья уәжделген үш қаулының бірін шығарады: қамауға алу шарасын таңдау; өтінішті қанағаттандыруды қабылдамау туралы, ұстау мерзімін ұзарту туралы (ҚР ҚІЖК 322-бап).

Бұлтартпау шараларын таңдау туралы сот шешіміне карсы апелляциялық және қадағалау тәртібімен шағымдануға болады. Егер бұл шешімді судья бірінші сатыдағы сотта қабылдаса, онда шағым апелляциялық тәртіппен беріледі.

Оның қорғаушысы және заңды өкілі өзінің өтініші бойынша қаулы көшірмесін алуға құқылы. Сот шешімінің көшірмесі жергілікті жердегі қамауға алу бастығына да жіберіледі.

Сот қаулысының тез арада орындалуы талап етіледі, яғни айыпталушы егер ол бұған дейін ұсталған болса, қамаудан босатылмайды немесе сот залында қамауға алады.



Қамауға алу орны (ҚР ҚІЖК 152-бап). Қамауға алу орны туралы, сондай-ақ қамауға алу орнының ауысуы, өзгеруі туралы қылмыстық процесті жүргізуші орган тез арада хабарлайды: айыпталушының туыстарына, әскери бөлім командованиесіне, сол мемлекеттің елшілігіне, өкілдігіне, айыпталушының қорғаушысына. ҚР ҚІЖК 138-бабындағы талаптарға хабарлау мерзімі 12 сағаттан аспауы керек.

Егер қамауға алынған адамның асырауында адамы болса және мүлкі қараусыз қалса, онда тергеуші, анықтаушы немесе прокурор қарауына алу, қамқорлық ету шараларын қабылдауға міндетті және ол туралы айыпталушыға хабарлауға міндетті (ҚР ҚІЖК 155-бап).

Қамауға алу орнына мыналар жатады: Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мен ҮҚК-нің қылмыстық-атқарушы жүйесінің тергеу изоляторы; ОВД және шекарашылық әскердің уақытша ұстау изоляторы; бас бостандығына айыру түріндегі жазаны өтеу мекемелері; гауптвахта, т.б. Айыпталушыны қамауға алу шарттары мен тәртібі кінәсіз адам ретіндегі мәртебесіне сәйкес болуы тиіс. Қамауға алу бұлтартпау шаралары мақсатына енбейтін қаралау, жазалау, қосымша бостандығын айыру сипатындағы жүргізілмеуі керек. Бұл шара айыпталушыға ол тергеу органдарының ісін тезірек жабу үшін кінәсін мойнына алу сияқты ықпалдар үшін колданылуға тиісті емес. Қамауға алу шарасының шарты айыпталушының өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейтін болуы тиіс және адамзатқа тән емес қатаңдық пен кемсіту сияқты қатынастар болмауы тиіс.

Қамауға алудың мерзімдері, оларды ұзарту тәртібі (ҚР КІЖК 153-бап). Бұл адамның бас бостандығын максимальді шектейтін арнайы мерзім кінәсіз деген үкім шыққанға дейін есептеледі. Қылмыстық іс жүргізу заңы тек қамауға алу мерзімін тікелей реттейді, бірақ алда аталғандай, осыған ұқсас шара, яғни үйде қамауға алу шарасына қатысты мерзімдер реттеуді талап етеді.

Алдын ала қамауға алу мерзімі анықтаудың жалпы ережелері кінәсіздік презумпциясына сүйенеді. Бұлтартпау шарасы айыпталушыға қылмыстық жаза тағайындаудан артық қатаң бола аламайды. Жазаны сот белгілейді және бұл жаза қандай қылмыс үшін тағайындалатыны, қандай мерзімге созылатыны сотқа ғана байланысты болады. Сотталушының мүддесіне қатысты шешу күмәндарын ойластыра отырып, соттың үкім шығаруына дейін оған қылмыстық заңда көрсетілген минимальді жазалардың қайсысы тағайындалатыны теориялық түрде анықталына бастайды. Бұның өзі бұлтартпау шарасы ретінде сот тағайындаған қамауға алу шарасының уакытша шегі бас бостандығына айыру шарасын қарастыратын қылмыстық заң санкциясының төменгі шегі деп саналуы тиіс. Қазақстан Республикасының қылмыстық құқықтары бойынша бас бостандығынан айыру мерзімінің төменгі шегі алты ай деп танылады. Қамауға алу мерзімі сотқа дейінгі өндірісте арнайы белгіленеді.

Алдымен сотқа дейінгі өндірісте бұлтартапау шарасы ретіндегі қамауға алу мерзімі мен сот тергеуіндегі тұтқындау мерзімін қарастырайық. Оларды алдын ала тергеу және анықтау мерзімінен ажырата білу керек. Ескерте кетейік, қамауға алу мерзімі мен алдын ала тергеу мерзімі уақыттың өту сипатына қарай бір-біріне сәйкес келуі мүмкін. Алдын ала тергеу сатысындағы қамауға алудың бастапқы мерзімі, ерекше жағдайларды есептемегенде, екі айдан аспауға тиіс.

Тергеуді екі айға дейінгі мерзімде аяқтау мүмкін болмаған жағдайда және бұлтартпау шарасын өзгерту немесе оның күшін жою үшін негіздер болмаған кезде бұл мерзімді тергеушінің аудандық (қалалық) прокурормен және оған теңестірілген өзге де прокурорлармен келісілген дәлелді өтініші бойынша аудандық және оған теңестірілген соттың судьясы — үш айға дейін, ал тергеушінің облыс прокурорымен және оған теңестірілген прокурорлармен және олардың орынбасарларымен келісілген дәлелді өтініші бойынша аудандық және оған теңестірілген соттың судьясы — алты айға дейін ұзарту мүмкін.

Сондай-ақ, қамауға алуды алты айдан астам мерзімге ұзартуды тек істің ерекше күрделілігіне орай тергеу бөлімі бастығының облыс прокурорымен және оған теңестірілген прокурорлармен келісілген дәлелді өтініші бойынша аудандық және оған теңестірілген соттың судьясы — тоғыз айға дейін жүзеге асыруы мүмкін.

Кейбір ерекше жағдайларда, қамауға алуды тоғыз айдан астам мерзімге үұартуға ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін айыпталушы адамдарға қатысты тергеу бөлімі бастығының облыс прокурорымен және оған теңестірілген прокурорлармен келісілген дәлелді өтініші бойынша аудандық және оған теңестірілген сот судьясының он екі айға дейін ұзартуына жол беріледі. Қамауға алуды тоғыз айдан астам мерзімге ұзарту туралы мәселе облыс прокуратурасының және оған теңестірілген прокуратураның алқасында алдын ал қаралады.

Атап көрсету қажет, қамауға алу мерзімін бұдан әрі ұзартуға жол берілмейді, қамауға алынған айыпталушы дереу босатылуға тиіс. Қамауға алу мерзімі айыпталушыға айып тағылған қылмысты жасағандығы үшін қылмыстық заңда көзделген бас бостандығынан айырудың ең жоғары мерзімінен аспауға тиіс.

Қамауға алудың мерзімдерін ұзарту тәртібі (ҚР КІЖК 153-бап, 6-тармақ). Қамауға алу мерзімін үш айға дейін ұзарту туралы өтініш аудандық (қалалық) прокурорға және оған теңестірілген өзге де прокурорларға қамауға алу мерзімі аяқталғанға дейін он тәуліктен кешіктірілмей келісім беру үшін табыс етіледі және прокурор өтініш келіп түскен кезден бастап үш тәуліктен аспайтын мерзімде қарайды.

Қамауға алуды уш айдан астам мерзімге ұзарту туралы өтініш келісім беру үшін прокурорға қамауға алу мерзімі аяқталғанға дейін он бес тәуліктен кешіктірілмей табыс етіледі және прокурор ол келіп түскен кезден бастап бес тәуліктен аспайтын мерзімде қарайды.

Қамауға алу мерзімін ұзарту туралы өтінішті қарап, прокурор келісімін білдіреді және оны қамауға алу мерзімін ұзартудың негізділігін дәлелдейтін қылмыстық істің материалдарымен бірге тиісті сотқа кідіріссіз жолдайды не өтінішке жазбаша қарар жазып, келісім беруден дәлелді түрде бас тартады. Атап көрсету қажет, прокурор қамауға алу мерзімін ұзарту туралы өтінішті қолдамаған жағдайда айыпталушы қамауға алу мерзімі аяқталғаннан кейін дереу босатылуға тиіс.

Қамауға алу мерзімін сотта қарау. Заңда көрсетілген мерзім бойынша, яғни екі ай ішінде тергеуді аяқтау мүмкін болмаған жағдайда істің ерекше күрделі, ауыр екеніне негіз болатыны түсініледі (бірнеше істің бір тергеу ісіне бірігуі, бірнеше айыпталушы қатысқан саны көп эпизодтарды тергеу, көптеген куәлардан, жәбірленушілерден жауап алу, сараптамалардың түрлі қорытындысы болуы, сот-бухгалтерлік ревизияны зерттеу т.б.)

Тұтқындау мерзімін ұзарту туралы өтінішті қозғайтын басқа да жағдайлардың болуы заңда және сот тәжірибесіңде қарастырылмаған (мысалы, отпуск, тергеушінің науқастануы, оның жұмыс басты болуы).

Заң бойынша қамауға алу мерзімін үш айға дейін ұзарту туралы өтініш сотқа — қамауға алу мерзімі аяқталғанға дейін жеті тәуліктен кешіктірілмей, қамауға алуды үш айдан астам мерзімге ұзарту туралы өтініш он тәуліктен кешіктірілмей табыс етіледі.

Атап көрсету қажет, қамауға алу мерзімін ұзарту туралы өтініш судьяның жеке-дара қарауына жатады. Сот отырысына міндетті түрде прокурор қатысады. Отырысқа айыпталушының қорғаушысы, заңды өкілі, жәбірленуші, оның заңды өкілі және өкілі де қатыса алады, олардың шағымды, наразылықты қарау уақыты туралы уақытылы хабарланған кезде келмей қалуы оларды сотта қарауға кедергі келтірмейді.

Судья отырыстың басында қандай өтініштің қаралуға жататынын хабарлайды, келген адамдарға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді, содан кейін енгізілген өтініш бойынша қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын калдыру қажеттігіне қатысты тараптардың дәлелдемелерін тыңдай келіп, мынадай шешім шығаруға тиіс:

1) айыпталушыны қамауға алу мерзімін ұзарту туралы өтінішті қанағаттандыру туралы;

2) айыпталушыны қамауға алу мерзімін ұзарту туралы өтінішті канағаттандырудан бас тарту және бұлтартпау шарасының күшін жою немесе қатаң еместеуіне өзгерту және айыпталушыны күзетпен ұстаудан босату туралы қаулылардың бірін шығарады.

Қамауға алу мерзімін ұзарту туралы өтінішті аудандық және оған теңестірілген соттың судьясы өтініш келіп түскен күннен бастап уш тәуліктен аспайтын мерзімде қарауға тиіс.

Күзетпен ұстау орны әкімшілігінің басшысы айыпталушыны қамауға алу мерзімі аяқталғанға дейін жиырма төрт сағаттан кешіктірмей қылмыстық іс жүргізуінде жатқан органға немесе адамға, сондай-ақ прокурорға ол туралы хабарлауға міндетті. Егер бұлтартпау шарасы ретінде заңмен белгіленген қамауға алу мерзімі аяқталғаннан кейін айыпталушыны босату туралы не бұлтартпау шарасы ретінде оны қамауға алу мерзімін ұзарту туралы тиісті шешім келіп түспесе, күзетпен ұстау орны әкімшілігінің басшысы оны өзінің қаулысымен босатып, оның көшірмесін жиырма төрт сагаттың ішінде қылмыстық іс жүргізуінде жатқан органға немесе адамға және прокурорға жібереді.

Атап көрсету қажет. Күзетпен ұстау орны әкімшілігінің басшысы жоғарыда айтылған талаптарын орындамаған кезде, ол заңмен белгіленген жауаптылыққа тартылады.

Қамауға алу мерзімін есептеу. Айыпталушы, сезікті күзетпен ұстауға алынған кезден бастап (ұстау туралы қаулы немесе хаттама толтырылғаннан бастап) прокурор істі сотқа жібергенге дейін есептеледі. Адамды сезікті ретінде ұстау уақыты, соттың шешімі бойынша үйде қамауда ұстау және психиатриялық немесе өзге де медициналық мекемеде мәжбүрлі түрде болу уақыты қамауға алу мерзіміне есептеледі. Сондай-ақ айыпталушыны (сотталушыны) қамауға алу мерзіміне мынадай шаралардың күнтізбелік уақыты есептеледі: алдын ала тергеу сатысындағы қамауға алу мерзімінде күдікті ұсталған адам ретінде келген барлық уақыты қоса есептеледі. Айыпталушының, оның қорғаушысының, сондай-ақ прокурордың айыптау қорытындысымен келіп түскен, ҚР ҚІЖК-нің 282-бабына сәйкес қылмыстық істің материалдарымен танысу он тәулік уақыты, қамауға алу мерзімін есептеу кезінде ескерілмейді.

Айыпталушыны, сезіктіні нақ сол бір іс бойынша, сондай-ақ онымен біріктірілген немесе одан бөлектелген қылмыстық іс бойынша қайта қамауға алу жағдайында қамауға алу мерзімі күзетпен ұстауда өткізілген уақыт ескеріле отырып есептеледі.

Сот өндірісі сатысында қамауға алу мерзімі туралы мәселені тереңінен зерттеу керек. Бұл мерзім арнайы реттеледі және сотқа іс келіп түскен сәттен бастап немесе бұлтаршау шарасын сот таңдаған сәттен бастап есептеліп алты ай ішінде жүргізіледі. Жалпы ережелер бойынша сотталушының қамауға алу мерзімі ұсталған немесе тұтқындалған сәттен бастап оның босатылған күніне дейін немесе үкім шығарылған жөне оның заңды күшіне енгеніне дейін есептеледі.

Заң сотталушының үкім шығарылғаннан кейінгі, апелляциялық тәртіппен істі қарау және оның орындалуына дейінгі қамауға алу мерзімін шектемейді, ал ерекше жағдайларда қадағалау инстанциясында үкімді қайта қарауға дейінгі мерзім шектелмейді.

Сотқа дейінгі, сондай-ақ сот өндірісіндегі қамауға алу мерзімін ұзарту туралы соттың шешіміне қарсы апелляциялық және қадағалау тәртібімен шағымдануға болады.

Іздестірілудегі адамды шет мемлекет Қазақстан Республикасына берген жағдайда қамауға алу мерзімі ол Қазақстан Республикасының аумағына келген күннен бастап есептеледі. Бұл ретте адамды шет мемлекеттің аумағында экстрадициялык қамауға алу тәртібімен күзетпен ұстау уақыты оны берген жағдайда жаза тағайындау кезінде жалпы күзетпен ұстау мерзіміне есептеледі.

Осы бапта белгіленген айыпталушыны қамауға алу мерзімін есептеу мен ұзартудың тәртібі қадағалау сатысында іс жүргізудін нәтижесінде немесе бас бостандығынан айыру түрінде жазасын өтеп жатқан адамға қатысты жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша үкімнің күшін жою және соттың қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолдана отырып, істі жаңа тергеуге жіберуі кезінде де қолданылады.

Сот айыпталушыны қамауға алудың шекті мерзімі аяқталмаған, ал бұлтартапау шарасын өзгерту үшін негіз жоқ істі қосымша тергеу үшін қайтарған кезде сол сот соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап бір айдың шегінде қамауға алу мерзімін ұзартады.

Айыпталушы қайтадан қамауға алынған жағдайда қамауға алу мерзімі осы іс бойынша алдыңғы қамауда болған уақытын ескере отырып есептейді. Соттың істі қосымша тергеу үшін қайтарған жағдайында айыпталушының қамауға алыну мерзімі жалпы негіздемелерге сай белгіленеді. Сондай-ақ бұл мәселе қылмыстық істі апелляциялық сатыдан бірінші сатыдағы сотқа қайтару кезінде де қаралады.


1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   35


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет