ҚР Қылмыстық іс жүргізу қҰҚЫҒы пәні бойынша дәрістер конспектісі



бет2/35
Дата09.06.2016
өлшемі2.32 Mb.
#124695
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   35

2.Қылмыстық іс жүргізу заңымен реттелетін қоғамдық қатынастар құқықтық нормалар түрінде тиянақталады және сондықтан заң құқықтық нормалардан құралады. Осыған байланысты процессуальдық құқықтық нормалар ұғымы және олардың құрылымы жөнінде сұрақ туындайды.

Процессуальдық нормалар деп қылмыстық іс жүргізу саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеу мақсатында мемлекет белгілеген немесе мақұлдаған қылмыстық іс жүргізу субъектілерінің мінез-құлық ережелерін айтамыз. Бұл ұғым жалпы құқық теориясында айтылатын құқықтық нормалар ұғымына сәйкес келеді және процессуальдық нормалар өзге құқықтық нормалар сияқты сипатталады. Яғни, процессуальдық нормалар:

1)нормативтік құқықтық актілерде тұжырымдалып баян етілген;

2)олардың орындалуы тиісті мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдары, мемлекеттік емес ұйымдар және азаматтар үшін де міндетті;

3)олардың орындалуы қажет болған жағдайларда еріксіз көндіру амалдары арқылы қамтамасыз етіледі.

Процессуальдық нормалар өзге құқық салаларының нормаларынан пәні бойынша ерекшеленеді. Бұл нормалар құқық қорғау органдарының іс жүргізу қызметін реттейтін болғандықтан, оған қатысатын субъектілердің құқықтары мен міндеттерін баян ету арқылы олардың мінез-құлық ережелерін белгілейді. Сөйтіп, процессуальдық нормалар қылмыстық іс жүргізу қызметімен қатар осы саладағы қоғамдық қатынастарды да реттейтіндігі айқын болып табылады.

Қылмыс іс жүргізу саласындағы қатынастарды құқықтық нормалар арқылы реттеудің бірнеше амалдары бар. Ол амалдарға мыналар жатады: міндеттеу, құқықтандыру және тыйым салу. Осы амалдарға сәйкес келетін процессуальдық нормалар міндеттеу, құқықтандыру және тыйым салу нормалары деп аталады. Мысалы, ҚІЖК-нің 36-бабына сәйкес, қылмыстық ізге түсу органы қылмыстын, белгілерін тапқан әрбір жағдайда өз құзыреті шегінде қылмысты ашуға, қылмыс жасауға кінәлі адамды анықтауға, оны жазалауға, сондай-ақ кінәсіз адамды ақтауға қажетті заңмен көзделген барлық шараларды қолдануға міндеттелген. Қысқаша түрде «процессуальдық нормалар» деп те айтамыз. Ал құқықтандыру нормалары қылмыстық процесс субъектілерінің заңға сәйкес өз құқықтарын колдану, сондай-ақ іс-әрекеттер жүргізу мүмкіндігін білдіреді. Мысалы, айыпталушының қандай қылмыс жасағандығы жөнінде айыпталатындығын білуге, қорғаушы алуға, дәлелдемелер тапсыруға және т.б. құқықтары бар. Тыйым салу құқықтық нормаларының мысалы: тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде күш қолдануға, қорқытуға және өзге де заңсыз шараларды қолдануға жол берілмейді (ҚІЖК-нің 201-бабының 4-белігі). Қорыта айтқанда, осындай құқықтық амалдарды қолдану арқылы қылмыстық іс жүргізу саласында туындайтын қатынастар заң актілерімен реттеледі.

Процессуальдық қатынастардың реттелу механизімін ұғыну үшін жоғарыда айтылған амалдармен қатар процессуальдық нормалардың құрылымын білу қажет. Бұл құқықтық нормалар өзге құқық салаларының нормалары сияқты үш мүшеден (элементтерден) тұрады: гипотеза, диспозиция және санкция.

Процессуальдық норманы және оның құрылымын заңның баптарынан ажырата білу қажет. Яғни, процессуальдық норма заңның бабымен тепе-тең болмайды. Сондықтан, заңның әр бабында оған сәйкес құқықтық норманың барлық элементтерінін, бірдей қамтылуы міндетті емес. Мысалы, ҚІЖК-нің 1-бабында қылмыстық сот ісін жүргізу тәртібі қандай зандармен ретте-летіндігі баян етілген. Бұл бапта процессуальдық норманың гипотезасы (қылмыстық іс жүргізу кезінде) және диспозициясы (ҚІЖК қолданылады) бар, ал санкциясы көрсетілмеген. Алайда, бұл норма бұзылған жағдайда, оған байланысты қолданылатын санкция жоқ емес. Ол санкцияны ҚІЖК-нің жүйесінің негізінде анықтай аламыз. Мәселен, алдын ала тергеу жүргізу кезінде тергеуші заңның талаптарын бұзған болса, онда прокурор занда көрсетілген шаралардың бірін қолдануы тиіс. Ондай жағдайдағы прокурор қолданатын шара — процессуальдық санкция болып табылады. Осы айтылғандай, басқа да процессуальдық нормалар бұзылған жағдайларда қандай санкция қолданылуға тиіс екендігі ҚІЖК-нің негізінде анықталады.

Процессуальдық санкциялардың түрлерін басты екі топқа бөлуге болады: 1) сотқа дейінгі іс жүргізу стадияларында қолданылатын санкциялар; 2) сотта іс жүргізу стадияларында қолданылатын санкциялар.

Сотқа дейінгі іс жүргізу кезінде қолданылатын процессуальдық санкциялардың мынадай түрлері бар: біріншіден, зандылықтың сақталуын қадағалауына байланысты прокурор қолданатын шаралар (тергеушінің заңсыз қаулысын бұзу, оны іс жүргізуден босату, қылмыстық істі қосымша тергеуге қайтару); екіншіден, судьяның қылмыстық ізге түсу органдарының шешімдеріне берілген шағымдарды қарап, олардың қаулысын бұзуы, сондай-ақ прокурорға заңның бұзылуын жоюды міндеттеуі.

Сотта іс жүргізу стадияларында қолданылатын санкциялардың түрлеріне мыналар жатады: бірінші саты сотының қылмыстық істі қосымша тергеуге қайтаруы; апелляциялық саты сотының заңды күшіне енбеген үкімді бұзып, істі бірінші саты сотының жаңадан қарауына жіберуі немесе қосымша тергеуге жіберуі, немесе үкімді өзгертуі; қадағалау саты сотының занды күшіне енген төменгі саты соттарының үкімдерін (қаулыларын) өзгертуі немесе үкімді және бұдан кейін шығарылған соттың шешімдерін бұзып, істі бірінші саты сотының жаңадан қарауына жіберуі және т.б. Бұл аталған процессуальдық санкциялардың маңызы — оларды қолдану арқылы қылмыстық істі жүргізуге қатысушы адамдардың (ұйымдардың) бұзылған құқықтарын қалпына келтіру, сондай-ақ қылмыстық процестің заңдарды дұрыс қолдану міндетін орындау қамтамасыз етілуге тиіс.
3.Уақытқа, кеңістікке, тұлғаның айналасына қатысты қылмыстық іс жүргізу заңының әрекеті

Қылмыстық іс жүргізу процесінің қайнар көзі (бастамасы) Қазақстан Республикасы кылмыстық іс жүргізу кодексінің 1-бабында айқындалған. Онда Қазақстан Республикасы аумағына қылмыстық сот ісін жүргізу тәртібі Қазакстан Республи-касының Конституциясымен, конституциялық зандарымен, Қазақстан Республикасының Конституциясына және халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған принциптері мен нормаларына негізделген Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексімен айқындалады деп көрсетілген.

Қылмыстық іс жүргізу құқығының негізгі қайнар көзі заңды күші бар Қылмыстық іс жүргізу кодексі болып табылады. Қылмыстық іс жүргізу заңнамаларына мынадай нормативтік актілердің жиынтығы енеді:

— Қазақстан Республикасы Конституциясы (онда қылмыстық құқық негіздері, яғни адам мен азаматтың бостандығы мен құқығы, жеке тұлғалық қол сұқпаушылық, кінәсіздік презумпциясы, т.б. белгіленген).

— Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексі; Конституциялық занды күші бар Қазақстан Республикасы

Президентінің Жарлығы:

— Қазақстан Республикасындағы сот пен сот мәртебесі туралы;

— Қазақстан Республикасының прокуратурасы;

— Қазакстан Республикасының ішкі істер органдары туралы;

— Жедел іздестіру қызметі туралы;

— Адвокат қызметі туралы, т.б.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот пленумының Қаулысы қылмыстық іс жүргізу құкығының негіздеріне жатпайды, бұл Қаулы оның нормаларына сот талқылауын береді.

Қылмыстық іс жүргізу құқығының негіздеріне сондай-ақ заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер де, ведомстволык, нормативтік актілер де (ҚР Бас прокурорының бұйрықтары, Әділет министрлігінің нормативтік актілері, Ішкі істер министрінің бұйрықтары, т.б.) жатпайды. Олар кылмыстық іс жүргізу нормаларының таратылуы мен орындалуы тұрғысынан колданылады.

Қылмыстық іс жүргізу кодексі — бұл қылмыстық іс жүргізу құқығының жүйеленген негізі, ол 1997 жылдың 13 желтоқсанында қабылданып, 1998 жылдың 1 қаңтарында күшіне енді. Негізінен Кодекс Адам мен азамат кұқығы Декларациясының идеясын танытады және қылмыстық процеске қатысатын тұлғалардың занды мүддесі мен құқығын қорғауға бағытталады. Ол жалпы және Ерекше бөлімдерден тұрады.

Жалпы бөлім 5 бөлімнен (1—5), 21 тараудан және 176 баптан тұрады. Ерекше бөлімде 8 бөлім (6—13), 40 тарау, 400 бап (177— 577) енеді.

Ескерте кету керек, 2007 жыддың 1 каңтарында Қылмыстық іс жүргізу кодексіне «Алкабилердің қатысуымен істер бойынша іс жүргізу» деп аталатын, 57—62 тараулардан, 542—577-баптардан тұратын жаңа 13-бөлім енгізілді.

Бірінші бөлім жалпы (негізгі ) ережелерді сипаттайды, екінші бөлім қылмыстық, іске қатысушы субъектілер мен олардың құқықтары мен міндеттерін, процесс субъектісі ұғымын айқындайды, үшінші бөлім дәледемелер мен дәлелдеу ұғымдарын, төртінші бөлім іс жүргізулік мәжбүрлеу шаралары мен тәртібін анықтайды, бесінші бөлімде қылмыстық процестегі мүліктік мәселелерді шешу ережелері белгіленген.

Қылмыстық іс жүргізу кодексінің Ерекше бөлімі алтыншы бөлімнен басталады, онда қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу ережелері реттелініп берілген, жетінші бөлімде бірінші сатыдағы сотта іс жүргізу әрекеттері көрсетілген, сегізінші бөлім соттың занды күшіне енбеген үкімдері мен қаулыларын қайта қарау мәселелерін шешеді, тоғызыншы бөлімде сот шешімдерін орындау мәселелері қарастырылады.

Оныншы бөлім соттың занды күшіне енген шешімдерін қайта қарау жөнінде іс жүргізу тәртібі туралы түсінік береді, он бірінші белімде қылмыстық істердің жекелеген санаттары бойынша іс жүргізудің ерекшеліктері (кәмелетке толмағандардың, артықшылықтары мен қылмыстық ізге түсуден иммунитеттері бар адамдардың, яғни Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттары, соттар, дипломаттар, т.б.) берілген. Он екінші бөлім ессіз күйдегі адамдарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын колдану туралы істер бойынша сот ісін жүргізу тәртібін және шет мемлекеттердің қылмыстық істер бойынша құзыретті мекемелермен, лауазымды адамдармен өзара іс-қимылының тәртібін анықтауға арналған. Соңында жаңадан енген он үшінші бөлім алқабилердің қатысуымен іс жүргізу тәртібін көрсетеді.

Уақытқа, кеңістікке, тұлғаның айналасына қатысты қылмыстық іс жүргізу заңының әрекеті

Уақытқа қатысты қылмыстық іс жүргізу заңы қылмыстық сот ісін жүргізу, іс жүргізу әрекетін орындау, іс жүргізу шешімін қабылдау кезіне дейін күшіне енген қылмыстық іс жүргізу заңына сәйкес жүзеге асырылады. (ҚР ҚІЖК 5-бабы).

Ережеге сай, заңның іс жүргізу әрекетіне ену сәті заңның өзінде белгіленеді (ҚР ҚІЖК 1998 жылдың 1 қаңтарында іс жүргізу әрекетіне және занды күшіне енген болатын).

Кеңістіктегі Қылмыстық іс жүргізу заңы — бұл оның Қазақстан Республикасының барлық аумағында әрекет етуі. Қазақстан Республикасының аумағында қылмыстык сот ісін жүргізу қылмыс жасалған жерге қарамастан ҚІЖКке сәйкес жүргізіледі (ҚР ҚІЖК 3-бап). Қазақстан Республикасы аумағы қуаң далалық, әуелік, теңіздік, зендік кеңістік және құрлықтық шельф пен айрықша экономикалық аймақ болып саналады.

Бұған қоса, Қазақстан Республикасы аумағына біздің мемлекеттің шетелдегі елшілігі мен өкілдігі, Қазақстан Республикасы туымен жүретін әуе және теңіз соты да енеді.

Осы аумақта қылмыстық іс жасаған адам Қазақстан Республикасы заңы бойынша жауапқа тартылады.

Қылмыстық істер бойынша іс жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасы азаматтары үшін, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін ортақ, бірдей. Бұл ереже ҚР ҚІЖК-нің 6-бабында белгіленген, онда «шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қатысты қылмыстық сот ісін жүргізу Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында белгіленген дипломатиялық немесе өзге де артықшылқтар мен иммунитеттерге ие адамдарға қатысты немесе олардың қатысуымен жүзеге асырылатын қылмыстық сот ісін жүргізудің ерекшеліктері ҚР ҚІЖК 53-тарауына сәйкес айқындалады».

Уақытқа қатысты заң әрекетінің тоқтатылуы одан бас тартуын, жаңа заңмен өзгертілуін, уақыт мерзімінің өтуін, шарттар мен жағдайлардың өзгеруін білдіреді.
4. Процессуальдық нысан «процессуальдық кепілдіктер» ұғымымен байланысты болып табылады. Бұл ұғымдардың ара қатынасы философиялық «нысан» және «мазмұн» категорияларының байланыстылығына сәйкес келеді. Процессуальдық кепілдіктерді процессуальдық нысанның мәні ретінде түсіну қажет. Өйткені, процессуальдық нысанды сақтау — қылмыстық істер бойынша өндірістің дұрыс жүргізіліп (сотқа дейінгі іс жүргізу және сотта іс жүргізу стадиялары), істі соттың әділ шешуінің басты кепілі болып табылады. Яғни, процессуальдық кепілдіктер процессуальдық нысан ретінде қаралатын қылмыстық іс жүргізудің заңда көрсетілген тәртібімен қамтылады. Толық айтқанда, процессуальдық кепілдіктер — қылмыстық іс жүргізудің міндеттерін және іске қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етудің заңмен белгіленген

Құқықтық амалдары ретінде қаралады. Осыған сәйкес процессуальдық кепілдіктердің екі жақты маңызы барын айту қажет: біріншіден, қылмыстық іс жүргізудің міндеттерін орындауды қамтамасыз ету үшін; екіншіден, іске қатысушы адамдардың құқықтары мен заңда мүдделерін қорғау үшін. Мысалы, ҚІЖК-де қылмыстық істі қозғаудың тәртібі және осыған байланысты қылмыстар туралы арыздар мен хабарларды тексерудің амалдары көрсетілген. Осы тәртіпті сақтаудың өзі және өкілетті органдардың тиісті амалдарды қолдануы-қалмыстық істі қозғаудың заңды болудың және мүдделі адамдардың құқықтарын қорғаудың процессуальдық кепілдіктері болып табылады.

Процессуалдық кепілдіктердің іске қатысушы азаматтардың құқықтары мен заңда мүдделерін қамтамасыз ету үшін ерекше маңызы бар. Олардың әрқайсысының құқықтарын жүзеге асырудың кепілдіктері заңда көзделген. Соның ішінде іске қатысушылардың барлығына ортақ және бірдей процессуальдық кепілдік ретінде қолданылатын қылмыстық іс жүргізудің мына жалпы ережесін білу қажет: іс жүргізу органы мүдделі адамға оның құқықтарын түсіндіріп, ол құқықтарын жүзеге асыру үшін тиісті жағыдай жасауға және осыған байлаеысты уақытылы шаралар қолдануға міндетті болып табылады. Сөйтіп, қылмыстық іс жүргізудің жалпы тәртібі және оның әр стадиясы өзара тығыз байланысты түрде қолданылатын іске қатысушылардың құқықтары мен олардың құқықтарын жүзеге асырудың кепілдіктерін қамтиды.

5.Қылмыстық іс жүргізуші мемлекеттік органдар мен іске қатысушы басқа да тұлғалар өз мақсаттарына сәйкес заңды түрде іс-әрекеттер жасайтын болғандықтан, олардың қызметі бірнеше жеке бағыттарға бөлінеді. Осы субъектілердің қылмыстық процестегі қызмет ету бағыттары процессуалдық қызмет ету деп аталады. Дара мағнада айтқанда, процессуальдық функция деген- қылмыстық процесс субъектісінің өз мақсаттары мен міндеттеріне немесе заңды мүдделеріне сәйкес атқаратын іс-әрекеттер жүйесі болып табылады.

Процессуальдық функциялар негізінен үш түрге бөлінеді: айыптау, қорғау, қылмыстық істі соттың шешу функциясы. Бұлардың ішінде алдымен айыптау функциясына тоқталу қажет. Себебі, қалмыс жөнінде айыптау болмаса, онда қылмыстық іс жүргізу де болмайды. ҚІЖК-де бұл функция «қылмыстық ізге түсу (айыптау)» деп жазылған (7-баптың 13-тармағы). Яғни, «қылмыстық ізге түсу» және «айыпта» терминдері бір мағнаны білдіреді.

Айыптау функциясының мәні-қылмыстың болғандығын анықтау және оны жасаған адамның кінәлілігін дәлелдеу, сондай-ақ бұл адамға жаза немесе өзге құқықтық ықпал ету мақсатында атқарылатын іс-әрекет болып табылады. Бұл функцияны атқаратын субъектілерге мыналар жатады: прокурор (мемлекеттік айыптаушы), тергеуші, анықтау органы, анықтаушы, жәбірленуші (жеке айыптаушы), азаматтық талаптар мен заңды өкілдер мен өкілдер. Бұл аталған субъектілер айыптау тарабы деп аталады, яғни бұлар айыптау тарабын құрайды.

ҚІЖК-нің 32-бабына сәйкес, айыптау функциясының өзі үш түрге бөлінеді: жеке айыптау, жеке жариялы айыптау, жариялы айыптау. Айыптау функциясын мұндай үш түрге ажыратудың негізі, қылмыстық сипаты мен ауырлығы болып табылады. ҚІЖК-нің 33-бабында жеке айыптауға жататын қылмыстардың тізімі келтірілген (қорқыту, жала жабу, қорлау, және т.б.) Бұл қылмыстар туралы істер бойынша жәбірленушінің арыздары бойынша ғана қозғалады. Ал қозғалған іс бойынша кейін жәбірленуші айыпталушымен татуласқан болса, онда бұл жеке айыптау ісі қысқартылуға тиіс. Жеке жариялы айыпталуға жататын істер де жәбірленушінің арызы болса ғана қозғалады (ҚІЖК-нің 34-бабында көрсетілегн қылмыстар туралы). Бұл топқа жататын істерді жүргізудің жеке айыптауға жататын істерді жүргізуден айырмашылығы бар. Айырмашылығы: жәбірленуші айыпталушымен татуласқан жағдайда істі қысқарту міндетті емес, ол үшін қылмыстық кодекстің 67-бабында көрсетілген қосымша сақталудың шарттардың сақталуы қажет етіледі. Бұл бапта былай деп көрсетілген:

1.Ауыр емес қылмыс жасаған немесе адамның қайтыс болғанымен немесе оның денсаулығына ауыр зиян келтірумен байланысты емес орташа ауыр қылмысты бірінші рет жасаған адам, егер ол жәбірленушімен татуласса және келтірілген зиянның есесін толтырса, қылмыстық жауапкершіліктен босатуға жатады.

2. Орташа ауыр қылмыс жасаған адам, егер ол жәбірленушімен татуласса және жәбірленушіге келтірілген зиянның есесін толтырса, қылмыстық жауапкершіліктен босатылуы мүмкін.

Жеке айыптау және жеке-жариялы айыптауға жатпайтын басқа қылмыстар жөнінде істер жариялы түрде жүргізіледі. Мұндай қылмыстық істер жәбірленушінін арызы болмаса да қозғалуға тиіс. Жариялы айыптаудың мәні — қылмыстық ізге түсу органы қылмыстың болғандығын анықтаған әрбір жағдайда бұл қылмысты толық ашу және қылмыс жасаған адамдарды жазаға тарту үшін қажетті барлық шараларды қолдануға міндетті болып табылады. Жариялы айыптауға жататын істерді жәбірленушінің айыпталушымен татуласуына байланысты қысқартуға жатпайды.

Қылмыстық процесте айыптау функциясының болуы оған қарама-қарсы қорғау (қорғану) функциясын қажет етеді. Қорғау функциясының мәні — сезікті мен айыпталушының құқықтары мен занды мүдделерін қамтамасыз ету, айыптауды жоқка шығару немесе жауаптылықты жеңілдету, сондай-ақ заңсыз қылмыстық жауапқа тартылған адамдарды ақтау мақсатында жүзеге асырылатын іс-әрекет болып табылады (ҚІЖК-нің 7-бабының он тоғызыншы тармағы). Бұл функцияны атқаратын субъектілер қорғану тарабы деп аталады және қорғану тарабына мыналар жатады: сезікті, айыпталушы, олардың заңды өкілдері, қорғаушы, азаматтық жауапкер және оның өкілі.

Айыптау және қорғау функцияларын ажырату — қылмыстық сот ісін жүргізудің тараптардың бәсекелестігі принципіне негізделгендігін көрсетеді. Осындай айыптау және қорғану тараптарының бәсекелестігіне сүйене отырып, сот қылмыстық істі мәні бойынша қарап шешеді. Яғни, қылмыстық істі шешу функциясын тек сот қана жүзеге асырады. Соттың мақсаты — қыл-мыстық іс бойынша ақиқатқа жетіп, заңды және дәлелді үкім шығару болып табылады.

Кейбір авторлардың пікірінше, процессуальдық функциялар жоғарыда айтылған айыптау, қорғау және соттың қылмыстық істі шешу функцияларымен шектелмейді. Осыған байланысты заңи әдебиетте іс жүргізу функцияларын екі топқа (негізгі және көмекші) бөліп қарастыру бар. Мұндай көзқарасқа сәйкес, процессуальдық функциялардың негізгі тобына мыналар жатқызылады: қылмыстық істі тергеу, қылмыстық ізге түсу (айып-тау), заңдылықтың сақталуын прокурордың қадағалауы, қорғау және соттың қылмыстық істі шешуі; ал көмекші процессуальдық функциялар ретінде ақтау (реабилитация), азаматтық талапты қолдау, азаматтық талаптан қорғану, процеске қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қылмыстардың алдын алу мақсаттарына байланысты орындалатын іс жүргізу әрекеттері қаралады1. Процессуальдық функциялардың түрлері жөнінде бұдан басқа да пікірлер заңи әдебиеттерде кездеседі. Бірақ, ол пікірлердің барлығы да айыптау, қорғау және қылмыстық істі шешу — бұлар негізгі іс жүргізу функциялары екенін жоққа шығармайды.


Өзін-өзі бақылау сұрақтары:

  1. Қылмыстық іс жүргізу нормалары, олардың түсініктері, негізгі белгілері

  2. Қылмыстық іс жүргізу нормаларының негізгі түрлері.

  3. Қылмыстық іс жүргізу нормасының құрылымы.

  4. Қылмыстық іс жүргізу занының уақыт тұрғысында, кеңістікте және тұлғаларға қатысты қолданылуы.Қылмыстық іс жүргізу занының аналогия бойынша колданылуы. Қылмыстық іс жүргізу реттеу механизмдегі сендіру, мәжбүрлеу және жауапкершілік. Қылмыстық сот ісін жүргізудің имандылық бастаулары.

  5. Қылмыстық іс жүргізу кепілдіктерінің түсінігі, олардың маңызы мен түрлері.

  6. Қылмыстық іс жүргізу функциялары, олардың түрлері мен қарым қатынастары.

  7. Қылмыстық іс жүргізу функцияларының жүйесі: қылмыстық істерді тергеу функциясы, қылмыстық ізге түсу функциясы, прокурорлық кадағалау функциясы, қорғау функциясы, қылмыстық істерді қарау мен шешу функциясы.


Дәріс тақырыбы 3. Қылмыстық іс жүргізу принциптері.

Негізгі сұрақтар

  1. Қылмыстық іс жүргізу принциптерінің ұғымы мен маңызы. Қылмыстық сот ісін жүргізу принциптерінің жүйесі.

  2. Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген қылмыстық іс жүргізудің принциптері. Қылмыстық іс жүргізу кодексінде бекітілген принциптері.


1. «Принцип»термині (латынша «рrіnсіріum») негіз, негізгі бастама деген мағынаны білдіреді. Сол сияқты, қылмыстық іс жүргізудің принциптері ретінде бұл қызмет саласының негіздерін құрайтын және занда белгіленген бастама ережелер қарастырылады.

Сонымен, қылмыстық процестің принциптері — қылмыстық сот ісін жүргізудің тәртібі негізделген және оның маңызды сипаттары мен белгілерін көрсететін заңда бекітілген бастама ережелер болып табылады. Бұл принциптердің маңызы осы айтылған тұжырымның өзінен туындайды. Біріншіден, қылмыстық іс жүргізу қызметі осы принциптерге негізделген және олар қылмыстық процестің ең маңызды жақтарын сипаттап көрсетеді. Екіншіден, қылмыстық іс жүргізу органдары осы принциптерді басшылыққа ала отырып өз қызметін атқарады және бұл принциптерді қатаң сақтауға міндетті. Үшіншіден (ҚІЖК-нің 9-бабында айтылғандай), бұл принциптерді сақтамау, оның сипаты мен мәніне қарай, іс жүргізудің барысында шығарылған шешімдерді бұзуға және осы кезде жиналған істін, материалда-рының занды күші жоқ деп табуға әкеліп соқтырады.

Қылмыстық процестің принциптерін бастама ережелер ретінде қарау заңи әдебиетте қабылданған ортақ пікір болғанымен, олардың заң актілерінде тұжырымдалып көрсетілуі жөнінде ғалымдардың арасында пікірталас жоқ емес. Кейбір авторлардың пікірінше, занда баян етілмеген, алайда басшылыққа алынатын құқықтық идеялар да қылмыстық процестің принциптері ретінде бола алады деп санайды1. Ал, ғалымдардың басымкөгішілігі қылмыстық процестің принциптеріне заң актілерде белгіленген бастама ережелер ғана жатқызылу керек екендігін қолдайды1. Бұл жағдайда принциптер кұқықтықнормаларғаайналып, олардың іс жүзінде қолданылуы және қатаң сақталуы процеске қатысушылардың барлығына бірдей талап болып табылады. Олай болмаса, принциптердің іс жүзінде сақталуы қыл-мыстық процестің субъектілері үшін міндетті бола алмайды.

Қылмыстық іс жүргізу принциптері ҚІЖК-нің екінші тарауында («Қылмыстық процестің міндеттері мен принциптері» деп аталған, 10-31 баптарда) баяндалып жазылған. Мұнда аталып жазылған принциптер Қазақстан Республикасы Конституциясының жетінші бөлімінде баян етілген сот төрелігінің бастама ережелеріне сәйкес келеді. Бірақ ҚІЖК-де жазылған принциптердің көпшілігі Конституцияда жекеленіп айтылмаған. Бұлай болу түсінікті: Конституцияда белгіленген бастама ережелер негізінен сот төрелігін атқарудың жалпы принциптеріне жататын болғандықтан, олар қылмыстық іс жүргізу принциптерін толық қамти алмайды.

ҚІЖК-нің 10-31 баптарына сәйкес, қылмыстық процестің принциптеріне2 мына бастама ережелер жатады:


  • зандылық;

  • сот төрелігін тек соттың ғана жүзеге асыруы;

  • адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғау;

  • жеке адамның абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеу;

  • адамнын, жеке басына тиіспеушілік;

  • қылмыстық іс жүргізу кезінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау;

  • жеке өмірге қол сұқпаушылық; хат жазысудың, телефон арқылы сөйлесудің, почта, телеграф арқылы және өзге де хабарласудың құпиялылығы;

  • тұрғын үйге қол сұқпаушылық;

  • меншікке қол сұқпаушылық;

  • кінәсіздік презумпциясы;

  • қайта соттауға және қылмыстық ізге түсуге жол берілмеуі;

  • сот төрелігін заң мен сот алдындағы теңдік негізінде жүзеге асыру;

  • судьялардың тәуелсіздігі;

  • сот ісін жүргізуді тараптардын бәсекелестігі мен тең құқыктылығы негізінде жүзеге асыру;

  • істің мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеу;

  • дәлелдемелерді ішкі сенім бойынша бағалау;

  • сезіктінің, айыпталушының қорғану құқығын қамтамасыз ету;

  • куәлік айғақтар беру міндетінен босату;

  • білікті заң көмегін қамтамасыз ету;

  • жариялылық;

  • қылмыстық сот ісін жүргізу тілі;

  • іс жүргізу әрекеттері мен шешімдеріне шағымданудың еріктілігі.

Бұл аталған бастама ережелер өзара байланысты және бір-біріне қайшы келмейтін болғандықтан, олар қылмыстық іс жүргізу тәртібін тұтас сипаттап көрсететін процессуалдық принциптер жүйесін құрайды. Бірақ, процессуалдық принциптер жүйесі аталған ережелермен ғана шектеледі деп айтуға жатпайды. Яғни, принциптер жүйесін одан әрі толықтыру мүмкіндігі жоққа шығарылмауы тиіс.

Сонымен қатар, жоғарыда аталған бастама ережелер қылмыстық іс жүргізудің жалпы принциптері ретінде қаралатын болғанымен, олар процестің барлық стадияларында бірдей көлемде қолданылмайды. Мәселен, сот төрелігін тек соттың ғана жүзеге асыруы немесе судьялардың тәуелсіздігі принципі тікелей сотта істі қарау кезінде өз көрінісін табады. Сол сияқты, тараптардың бәсекелестігі және тең құқықтылығы принципі басты сот талқылауы стадиясына жузеге асырылады. Олай болса да, бұл принциптер қылмыстық процестің ортақ ережелері ретінде қаралады. Өйткені, сот төрелігін атқару — қылмыстық іс жүргізудің негізгі мәнісі болып табылады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   35




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет