11
бақытсыз болып, өкiнiште қалуыңа себепшi емеспiн. Бәлкiм, себепшi
өзiңсiң, ей, бауырым! Сен Аллаһ тағаланың тақуа, iзгi пенделерден ғана
қабыл ететiнін бiле тұра, бiзге жол көрсеткен Аллаһ тағалаға да, әкемiзге де
бағынбадың. Ал менің сенен күшім басым болса да, ешқашан сенi өлтiрудi
қаламас едiм. Өйткенi
мен шайтанның азғыруына ерiп, жолдан
адастырғанына көнбеймiн», – дедi. Осылайша Әбіл ағасын көздеген арам
пиғылды ойынан айныту үшiн оған біраз насихат айтты.
Әбілдің мерт болуы
Қабылға Әбілдiң насихаты әсер етпеді және ешбір пайда бермедi.
Керісінше, оның бойын ашу-ыза кернеді. Аллаһ тағаланың екi туыстың
ортасына шығарған үкiмінен кейiн де
ол Раббысына қарсы келіп, iнiсiне
жамандық ойлады. Әкесi де қолынан келгенiнше әрекет етiп, жол көрсетіп
еді. Бiрақ ол әкесiне де бағынбады. Ақырында
өшпенділік Қабылдың тұла
бойын билеп алды. Ол iнiсiн өлтiруге оқталды. Қабыл Әбілді басынан
таспен ұрып, мерт қылды. Әбілдің өлі денесі жерге құлап, қимылсыз жатты.
Қабыл өз бауырын өз қолымен өлтiрiп, ішіндегі жасырын жатқан арам
ниетiн жүзеге асырды. Ол
алдамшы сұлулыққа бой ұрып, қанiшерлiк
қылмысқа жол ашты. Әттең, қандай өкiнiштi іс!
Адам перзентi – Қабыл жаман ниетiн iске асырғанын, Әбілдiң пәк денесi
жансыз кейіпте жерге құлағанын түсінді. Әбіл – жер бетiндегi алғашқы
шәһид. Ол бұл жаратылыстан ғайып болды. Бұл тiршiлiкте туысқандық та
оны сақтап қала алмады. Әбіл өз ағасына қарсыласудан бас тартты.
Керiсiнше, ағасын жамандықтан қайтару үшiн оған насихат та айтқан-ды.
Тiптi ол басқаларға үлгi-өнеге болуы үшiн өзiн құрбан етуге әзiр болатын.
Осылайша Аллаһ тағала
ақыл мен даналықты берген, әке-шешесiн де,
Жаратушысын да риза еткен кiсi бұл дүниеден өтті. Оның бұл iсi басқаларға
өнеге үшiн жасалған едi.
Сөйтіп, Қабыл iнiсiнiң жансыз денесiн қалай жасыруды бiлмей, бiр қапқа
салып алып, арқалап келе жатты. Қабылдың кеудесін орны толмас өкініш
күйдіре түсті. Ал Аллаһ тағала бұл күнәдан пәк дененi сақтап қалуды
қалады. Аллаһ тағала Қабылдың алдына өлi
қарғаны көтерген бiр тiрi
қарғаны жiбердi. Қарға жерге қонды да, жердi қазып, өлген қарғаны жерге
көмді. Бұл оқиға Қабылдың көз алдында жүзеге асты. Мұны көрген
Қабылдың қайғы-қасiретi мен өкiнiшi одан бетер артты. Сонда қарғаның
білгенінің оның білгенінен көп болғаны ма? Қабыл: «Мен бұл қарға ғұрлы
да бола алмадым ба?» – деп, жүрегi езiлiп, даусы дiрiлдеп жылай берді.