Орта ғасырлық саяси ой-пікірдің көрнекті өкілдерінің бірі –орта ғасырлық діндар-философ, ғалым Фома Аквинский болды (1225-1274жж.). «Билеушілердің басқаруы туралы», «Теологияның қосындылары» деген еңбектерінде мемлекет, заң, құқық туралы мәселелерді қарастырады. Аквинский Аристотельден адам табиғаты жағынан «қарым-қатынас жасайтын және саяси жануар» деген қағиданы алды. Ол мемлекеттік биліктің үш мынандай элементін енгізді:
– мәні;
– формасы (шығу тегі);
– қолданылуы.
Биліктің мәнін ол құдайдан деп түсіндірді. Алайда қолында билік бар адам құдайдың өсиетін ұмытып, зұлымдық жасауы да мүмкін дейді. Ондай тиранды халықтың тақтан түсіруі де мүмкін.
Аквинский саяси биліктің аристократиялық, олигархиялық және демократиялық түрлерін атап көрсетеді. Сонымен қатар монархиялық құрылымның абсолюттік және саяси түрлерін ажыратады. Ол заңның ерекше теориясын жасап та шығарды. Барлық заңдардың негізі алла-тәңірден деген пікір айтады. Ал табиғи заңдар болса, содан негіз алады. Адамдық заңдар да содан шығады. Адамдық заңдар туралы түсінікті енгізгенде Аквинский феодалдық заңдар туралы айтады. Оның ілімінде Інжілден негіз алатын құдайшылдық заңдары да бар. Өйткені заңдар зұлымдық атаулының баршасын бірдей жоя алмайды екен. Сонымен Фома Аквинский папаны, феодалдық-монархиялық құрылысты жақтаушы ретінде олардың дұшпандарына мейірімсіз екен. Рим-католик шіркеуінің оны жоғары бағалап, «періштелік доктор» деген атақ беруі де содан. Ал папа ХIII Лев Ф. Аквинскийдің схоластикалық жүйесін «католицизмнің бірден-бір шыншыл философиясы» деп бағалады. Бұл ағым қазір марксизмге, социализмге шабуыл жасауға қолданылады.
Орта ғасырлық ерестер – діни догмаға қарсы күресушілер. Оның алғашында бұқара арасында тірегі болмады. Ерестік қозғалыс ХI-ХII ғғ. Солтүстік Италияда, Оңтүстік Францияда, Алманияда қалалық жерлерде жаппай етек алды. ХIV-ХV ғғ. өз алдына плебейлік (шаруа) және бюргерлік (қалалық) еретиктер дамыды. Олар алғашында Х-ХIII ғғ. Болгарияда құдайды қолдамаушылар болып, шіркеудің өктемдігіне қарсы шықты. И. Христостың ілімін бұрмалап, шексіз байлыққа батқан шіркеу қызметкерлеріне қарсы антифеодалдық күресті өрістетті. Ерте христиандық теңдікті орнатуды көздеді. Інжіл еретиктердің қолында күшті қару болды.
Бюргерлік еретиктердің көрнекті өкілдері қатарына Оксфорд университетінің дін профессоры Джон Уиклиф (1324-1384), чех теологі Ян Гус (1371-1415) жатады. Олар басшылық еткен діни қозғалыстар ұлт-азаттық күреспен қабаттасып жатты. Аталған ойшылдар «мыңжылдық патшалық» пен теңдік орнап, ортақ істер халықтың араласуымен шешіледі деп ойлады. Бірақ олардың іс-әрекеттерін феодализмнің рухани және зиялы өкілдері жоққа шығарып отырды.
Достарыңызбен бөлісу: |