Қарапайым жоспар – мәтін мазмұнын түсініп оқып жоспар құру. Жоспар – мәтін мазмұнының ықшам, нақты әрі жүйелі берілген тірек-негізі. Қарапайым жоспар құруда басты мәселелер ғана көрсетілуі тиіс.
Жоспардың құрылымы мынадай:
Кіріспе – негізгі бөлімде айтылатын ойдың бастамасы, дайындаушысы.
Негізгі бөлім – тақырыптың мазмұнын ашатын дәлелдеуші.
Қорытынды – қорытынды тұжырым, түйіні.
Хабарландыру – бір нәрсе туралы хабарлау мақсатында газетке, журналға басылған немесе бір жерге ілініп қойылған мәтін. Мекемелердің, ұйымдардың атынан оның мүшелеріне алдағы болатын іс-шаралар туралы хабарлап жеткізетін құжат түрі.
Хабарландыру жазудың талаптары:
хабарлайтын тақырыпты анықтау;
хабарлаудағы мақсатты анықтау;
хабарлайтын аудиторияны анықтау;
хабарланатын тақырып туралы аудиторияның не білетінін қарастыру;
соңынан хабарландырушы мекеменің атын жазу, хабарландырушы мекеменің, ұйымның аты қойылады.
хабарланып отырған мәселенің (жиналыс, мәжіліс, кездесу т.б. жайлар) айы, күні, болатын уақыты мен орны көрсетіледі.
Хабарландырудың ресімделуі - хабарланатын мәселенің мазмұны мен мақсатына қарай хабарландыру түрлі-түрлі көлемімен, көркемделуімен ерекшеленеді.
Хат дегеніміз – біреуге арнап қағазға жазылған құжаттың жалпы аты. Ол мекемемен, жеке тұлғамен хабар алысу, мәлімет жіберу қызметін атқарады, әртүрлі мәліметтер жіберуге, оқиғалар туралы құлақтандыруға мүмкіндік береді.
Хaт жазудың нақты тұрақталған үлгісі болмаса да, белгілі бір жазу мәнері, жүйесі бар. Хат бірінші жақтан баяндалады. Хатта нақтылы адресант (хаттың авторы, хатты жолдаушы) пен адресат (хатты иеленуші, қабылдаушы) болуы керек (хат алушының жасын, әлеуметтік жағдайы мен қарым-қатынасын есепке алуы керек.)
Хат жазудың талаптары:
Адресант сәлемдесу мәнерін анықтауы қажет (хат жолдаушы корреспондентінің жасы, әлеуметтік жағдайы мен олардың арасындағы қарым- қатынас ескерілуі қажет).
Жазу барысында:
а) хат алушының өзіне, қызметіне қызығушылық тудыратын тәсілді анықтау.
б) мазмұнды баяндауды анықтау. в) қорытынды жасау.
г) тілек айту.
д) керек болған жағдайда «P.S» белгілеу (посткритум-хатта үлгермеген хабарлаулар)
е) хаттың безендірілу мәдениетіне көңіл аудару (күні, қолы, сауаттылығы, тазалығы). Бұл деңгей хат авторын, оның адресатқа деген көзқарасын анықтайды.
Достарыңызбен бөлісу: |