Құрметті аудан тұрғындары !



Дата22.02.2016
өлшемі198.37 Kb.
#616


Ақтөбе облысы Ойыл ауданы әкімінің 2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2016 жылға арналған міндеттер туралы есебінің ТЕЗИСТЕРІ
Құрметті   аудан тұрғындары !

          Елбасының 2013 жылғы 15 тамыздағы №615 Жарлығына сәйкес халықты елде жүргізіліп жатырған реформалар туралы хабардар етіп, мемлекеттік басқару процесіне кеңінен тарту мақсатында әкімдердің есеп беру кездесулері өткізілгелі отыр.

Есептік кездесулер-өткен жылы атқарылған жұмысқа баға беріп, алдымызда тұрған міндеттерді анықтау арқылы тұрғындардың әлеуметтік ауқаттылығын арттыру және аудан экономикасының тұрақтылығын сақтау жолдарын талқылау маңыздылығымен ерекшеленуде.

Өткен жылғы есеп беру кездесулерде елді мекен аралығындағы автокөлік жолдарын жөндеу , бiлiм беру, денсаулық сақтау және мәдениет нысандарының құрылысын жүргізу жөндеу мәселелерi жөнінде 5 мәселе көтерiлген болатын.

Бүгінгі таңда аудандық деңгейдегі 3 шешіліп, облыстық деңгейдегі 2 ұсыныс шешілу сатысында .

Солардың ішінде: 1. Ойыл жерасты суынан құйылмалы ыдыста су шығаратын кәсіпорын ашу мәселесі - С.Бәйішев атындағы университетімен келіссөздер жүргізіліп, қажетті құрал-жабдықтар әкеліп қойылған. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарын бастау үшін жер учаскесіне тиісті құжаттарын жасақтау жұмыстары жүргізілуде.

2-3. Көптоғай ауылдық округінің Шұбарши және Саралжын ауылдық округінің Ақкемер елді мекендерінде жаңа мектептер құрылысын салу мәселесі бойынша - бюджеттен 700,0 мың теңге бөлініп, мектептер құрылысы үшін жобалық-сметалық құжаттарын дайындау жұмыстары басталды.Ағымдағы жылы құрылысы басталғалы тұр.

4.Қараой ауылындағы балабақша ғимаратын жөндеу мәселесі-«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен бөлінген 1206,2 мың теңгеге Қараой ауылындағы балабақша ғимаратына ағымдағы жөндеу жүргізілді.

5. Аудандық «Саз» мектебін басқа ғимаратқа ауыстыру мәселесі - Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясының бұрынғы ғимаратына ауыстырылып шешілді.



Ауданның 2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық одан әрі дамуы бағытындағы атқарылған жұмыстар Елбасының өткен жылғы 11 қарашадағы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол»  атты Жолдауынан басталып, 2015 жылғы 30 қарашадағы «Қазақстан жаңа Жаһандық нақты ахуалда :өсу, реформалар, даму» атты Жолдауын насихаттау және жүзеге асырумен жалғасын табуда.

Осыған орай аудан әкімдігі жанындағы ақпараттық-насихаттау тобы, облыстық, республикалық ақпараттық насихаттау тобымен жыл бойы бекітілген кестеге сәйкес Елбасының халыққа арнаған Жолдауларын кеңінен насихаттау мен түсіндіру мақсатында , елді мекендерде кездесулер мен дөңгелек үстелдер өткізіліп, қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырды.

Мемлекет басшысының алға қойған мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыру аудан экономикасының ілгері дамуын қамтамасыз етті.

Аудан экономикасының нақты секторында негізгі көрсеткіштердің орындалуына тоқталар болсақ, өнеркәсіп өнімінің көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 109,3 пайызға өсіп, 1004,9 млн.теңгені құраса , негізгі капиталға салынған инвестиция 3180,7 млн.теңгені құрап, 125,2 пайызды құрады.

Бюджетті қалыптастыру саласында ауданның жергілікті бюджетінің кіріс жоспары артығымен орындалып, бөлінген қаржы толық игерілді.

2016 жылғы мақсат:

бюджеттік тапшылықты барынша қысқарту;

ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағытына жоспарланған бюджеттік қаржының мақсатты да тиімді жұмсалуына тұрақты бақылау ;

аудан кәсіпкерлерінің қалыпты жұмыс жасауына қолдау көрсете отырып, жергілікті бюджеттік кіріс түсімдерін ұлғайту;

аудан тұрғындарының жер, мүлік, көлік салықтарын уақытында төлеуіне байланысты түсінік жұмыстарын жүргізіп, шаралар қабылдау.



Аудан экономикасының негізін қалап отырған ауыл шаруашылығы саласында мал басы сақталып, өндірілген өнім артты. Бүгінде ауданда қолда бар төрт түлік мал мал азығымен толық қамтамасыз етіліп қыстатылуда.

Өткен жылы көктемде егілген 65 га картоп, 69 га көкөніс пен 18 га бау-бақшадан 1950 тонна өнім алынды.

Сала бойынша мал басының өсуі сақталып, одан өндірілген өнім де тұрақты артып келеді.

Атап айтсақ, мүйізді ірі қара саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 100,1 пайызға , қой-ешкі 101,0 пайызға, жылқы 101,5,и түйе 101,7 пайызға өсті.

Ет өндіру өткен жылмен салыстырғанда 102,2 пайыз , сүт 101,3 пайыз , жұмыртқа 101,4 пайыз , жүн 103,6 пайыз болып, нәтижесінде ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 5млрд699,1 млн. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 101,3 пайызға артты.

Ауыл шаруашылығы саласының дамуына қабылданған бағдарламалар бойынша мемлекеттік несиелік қолдау шаралары елеулі үлес қосуда.

Атап айтқанда:

«Сыбаға бағдарламасы» бойынша:

ағымдағы жылға 285 бас мүйізді ірі қара малын сатып алу жоспарланып, бүгінгі таңда: 388 бас мүйізді ірі қара малдарын сатып алынып, жоспар 136,1 пайызға;.

«Алтын асық» бағдарламасы бойынша:

Ағымдағы жылы 700 бас қой сатып алу жоспарланған, бүгінгі таңда 938 бас сатып алынып, жоспар 134,0 % ға;

«Құлан» бағдарламасы бойынша:

Өткен жылы 160 бас жылқы сатып алу көзделіп, бүгінгі таңда 170 бас сатып алынып, жоспар 106,3% ға орындалды.

Қоғамдық табындарға шаруа қожалықтары арқылы 30 бас асыл тұқымды аталық мүйізді ірі қара малы әкелініп қосылды.

Мал бордақылау алаңына - 458 бас мүйізді ірі қара төлдері тапсырылды.

«Агробизнес 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша ауданда асыл тұқымды мүйізді ірі малдарын өсіру қолға алынып, 2 шаруашылықтың асыл тұқымды қазақтың ақбас мүйізді ірі малдарын өсіруші шаруашылыққа айналуына қолдау көрсетілді.

Бүгінгі таңда асыл тұқымды «Еділбай» қойын және асыл тұқымды қазақтың құйрықты қылшық жүнді қой тұқымын өсіруші 7 шаруа қожалықтарында 10,0 мыңнан аса асыл тұқымды қой өсірілуде.

Шаруашылықтардың мал басын көбейту, мал тұқымын асылдандыру бағытындағы жұмыстарына Үкімет тарапынан мемлекеттік қолдау шаралары жалғасып, ағымдағы жылы 111 шаруа қожалығына 127609,0 мың.теңге субсидия берілді.

12 шаруа қожалығына лизингтік жүйемен 50543,0 мың теңгеге техникалық базасын нығайтып, жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуларына қолдау көрсетілді.

Мал дәрігерлік қамту шаралары бойынша жоспардағы белгіленген аурулардың барлық түрлері бойынша алдын алу-емдеу, тексеру жұмыстары орындалып, республикалық бюджеттен бөлінген қаржы толық игерілді.

2016 жылғы міндеттер:

1.Мал шаруашылығында: «Агробизнес 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік субьектілерінің ұсынылған жобаларына қолдау көрсету;

мемлекеттік бағдарламалар негізінде шаруашылықтардың мал сатып алу үшін ауыл шаруашылық құрылымдарының несие алуларына, лизингтік жүйемен жаңа техникалар алуына, малды асылдандыру жұмыстарына қолдау көрсетуді одан әрі жалғастыру;

мал өнімдерін өңдеу кәсіпкерлігін ашуға инвесторлар іздестіру;

жұқпалы мал ауруларына қарсы ветеринариялық жұмыстар деңгейін одан әрі жоғарылату;

2. өсімдік шаруашылығында: жергілікті көкөніс, картоп, бау-бақша өнімдерімен қамтамасыз етуді одан әрі жақсарту .

Жер ресурстарын басқару.

Өткен жылы 59 ауылшаруашылығы субьектілерінен пайдаланбай отырған 44620 га жер учаскесі қайтарылып алынып, жаңадан құрылған 26 шаруа қожалығына 40506 га, жұмыс жасап келе жатқан 35 шаруа қожалығына қосымша 71725 га жер учаскелері беріліп, жыл басынан есептегенде пайдаланудағы жер көлемі 67611 гектарға артты.

Ауданның кәсiпкерлiк құрылымдары экономиканың дамуына, халықты жұмыспен қамту мәселесiн шешуге, қызмет көрсету саласының кеңеюiне өз үлестерiн қосуда.

2014 жылмен салыстырғанда кәсіпкерлік субъектілер саны 105,3 пайызға өсіп, 670 бірлікке жетіп отыр,оның ішінде ағымдағы жылы жаңадан 1 заңды тұлға, 20 шаруа қожалығы, 60 жеке кәсіпкер ашылып, заңды тұлға саны 29, шаруа қожалығы 306, жеке кәсіпкерлер 335 болып отыр. Белсенділігі 92,2 пайызды құрайды.

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының 2 бағыты «Кәсіпкерлікті дамыту» бойынша 30 адамға 52,0 млн.теңге несие берілді, оның ішінде 6 адамға ауыл шаруашылығы саласын дамыту жобалары үшін -32650 мың теңге, 8 адамға қызмет көрсету саласын дамыту жобалары үшін 19350,0 мың теңге берілді, оның ішінде Ш.Берсиев атындағы ауылдық округ орталығында «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1 кәсіпкерке 3,0 млн.теңге несие алып, (кафе) тойхана ашуына қолдау көрсетілді. Оған қосымша өткен жылы елді мекендерде жаңадан 1 тігін цехы, 1 аптека, 1 наубайхана, 1 сапаржай қызметі, 1 фото салон, 1 автокөлік дөңгелектерін ауыстыру, 1 қоғамдық монша, 1 шаштараз, 1 құрылыс дүкені ашылды.

«Бизнестің Жол картасы 2020» бағдарламасы аясында 3 жоба қолға алынып, оның ішінде Көптоғай ауылдық округінде 1 кәсіпкер «Евразия» банкісі арқылы, «Өндіріс» бағдарламасы бойынша 10,0 млн. теңге көлемінде несие алып темір бұйымдарын өңдеу цехын ашу жобасы бойынша жұмысын бастады, 1 кәсіпкердің наубайхана қызметін ашу және 1 кәсіпкердің ет өнімдерін өңдеу жобалары бойынша 25,0 млн.теңге несие алуға құжаттары банкке тапсырылып қаралуда.

Ойыл-Саралжын елді мекен аралығында жанар-жағармай құрылысына 0,1 га жер учаскесі бөлінді.

Ауыл шаруашылығы саласындағы «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» мемлекеттік бағдарламалар арқылы 19 шаруа қожалығына мал бастарын көбейту үшін 153,5 млн.теңге, өз жұмыстарын кеңейту мақсатында «Кәсіпкер» бағдарламасы бойынша 2 шаруа қожалығына 11,0 млн.теңге несие алуларына қолдау көрсетілді.



2016 жылғы жоспар:

«Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы аясында ұсынылған кәсіпкерлік жобаларға мемлекеттік қолдау көрсету;

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында бөлінген несиелелерді бірінші кезекте аудан елді мекендерінде қызмет көрсету орындарын ашуға бағыттау;

Әлеуметтік салада жұмыспен қамту және халықты әлеуметтiк қорғау мәселелерiне ерекше көңiл аударылуда.

Аудан бойынша мемлекеттік, салалық және өңірлерді дамыту бағдарламалар шеңберінде мемлекеттік қолдау шараларымен 722 адам қамтылды.

2015 жылы 300 жаңа жұмыс орындарын құру жоспарланса осы қараша айында 305 жаңа жұмыс орындары ашылды. Жұмыссыздарды жұмыспен қамтуда «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының тиімділігі орасан зор.

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 130,0 млн теңге бөлініп, 11 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп 45 адам жұмысқа тартылды.

30 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа жолданып, 8 адам тұрақты жұмысқа орналасты. 36 адам жастар тәжірибесінен өту барысында 12 адам тұрақты жұмысқа орналасты.

Бұдан басқа, ақылы қоғамдық жұмысқа 138 адам, жасыл ел және көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына 120 адам, маусымдық жұмыстарда 152 адам жұмыспен қамтылды.

Мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес өткен жылы 125 мүгедектің оңалту Бағдарламалары жүзеге асырылуда.

Оның ішінде 17 мүгедекке санаторияға жолдама беріліп, жүріп тұруы қиын 13 мүгедекке жеке көмекші тағайындалды, 39 мүгедек гигиеналық құралдармен қамтамасыз етіліп, 9 мүгедекке Алматы қаласынан протез-ортопедиялық көмек алуға жолдама берілді, нашар көретін мүгедектерге арналған таяқшамен 8 мүгедек қамтылып, 4 мүгедек арнаулы медициналық-әлеуметтік мекемелерге орналастырылды және 19 мүгедек арнайы жүріп тұру құралдарымен (кресло арбамен) қамтамасыз етілді.

Өткен жылы ниет білдірген 9 мүгедек тұрақты жұмыспен қамтылып, 7 мүгедек қоғамдық жұмыстарға, 1 мүгедек әлеуметтік жұмысқа тартылып, аудан бойынша оңалту бағдарламаларына сәйкес жұмыспен қамтылу ұсынылған мүгедектердің 65,3 пайызы жұмыспен қамтылып отыр.

Жеңістің 70 жылдығына орай 215 Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілгендер мен тыл еңбеккерлеріне 4265,0 мың теңге біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіліп, 180 тыл ардагеріне бюджеттен берілген қаржылай көмекке қосымша демеушілік қаржымен 400,0 мың теңгеден астам мерекелік сыйлықтар табысталды.

Атаулы күндер мен мерекелік күндерге байланысты 412 мүгедекке (әрқайсысына 30,0 мың теңгеден) жергілікті бюджеттен 12 млн.360 мың теңге бөлініп, бір жолғы жәрдемақы есеп шоттарына аударылып берілді.

Аудан шаруашылықтары да қарттар мен мүгедектерге қайырымдылық көмектерін көрсетіп, алдағы мал қыстату науқанына 49 адамға 600,0 мың теңгенің шөбін тегін және жартылай бағасына түсіріп берді.

Аудандық мүгедектер қоғамы мен жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен мүгедектерді әлеуметтік қолдау мақсатында әр-түрлі қайырымдылық акциялары ұйымдастырылды.

Мүгедектерге арналған қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында 25 бейімдеуге жататын ғимараттардың 11 бейімделді.

2016 жылы:

жүгінген жұмыссыз азаматтардың 65 пайызын, оның ішінде нысаналы топтың 43,0 пайызын жұмыспен қамтуды жүзеге асыру,

жастар жұмыссыздық деңгейін 1,9 пайызға дейін төмендету;

300 адамды жұмысқа орналастыру, 200 жұмыссызды қоғамдық жұмысқа тарту, 70 әлеуметтік жұмыс орындарын ашу, 70 жасты Жастар тәжірибесіне тарту, 10 жұмыссызды кәсіптік даярлау.

Денсаулық сақтау саласында Еліміздің денсаулық саласын дамытудың «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында аудандық орталық аурухана арқылы 9308 тұрғын, облыс орталығындағы емдеу мекемелерінен келген кешен арқылы 340 әйел адам қатерлі ісіктің алдын алу бойынша және облыстық балалар стамотологиясының жылжымалы қондырғысымен тіс ауруына қарсы 400 ден аса бала тегін тексеруден өткізілді.

Өткен жылы 2014 жылмен салыстырғанда туылған балалар саны 21 ге артып, 359 сәби дүниеге келді. Туберкулезге қарсы 11028 тұрғын тексеріліп, алғашқы аурулығы анықталған 10 адамға емделуге жолдама берілді.

Ана мен баланы қорғау және туберкулезге қарсы шараларды одан әрі күшейту шаралары қабылдануда. Туберкулез ошағында болған 78 балаға «Шағала»санаториі мен «Қорайлы» мектеп-интернатына, 21 балаға аудандық санаторлық топта сауықтыруға жолдама берілді.

Жергілікті бюджет қаржы есебінен туберкулезбен және онкологиялық аурулармен ауыратын азаматтарға материалдық көмек беру жұмыстары жалғасып, ағымдағы жылы есепте тұрып емделіп жүрген 65 адамға әрқайсысына 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 5642,1 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді.

Жолдамамен еліміз аймағында емделуге барған 6 мүмкіндігі шектеулі азаматтың 94,0 мың теңге көлемінде жол шығындары өтелді.

Емдеу мекемелеріне «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасқан 7 маманға 971,2 мың теңге көтермежәрдемақы, 2 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 5 656,0 мың теңге бюджеттік кредит берілді.

Ауданның емдеу мекемелерін әлі де жетіспейтін жоғары білімді мамандармен толықтыру үшін шаралар қабылданып, ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде.

Өткен жылы «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында ағымдағы жылы 22684,0 мың теңгеге Құбасай, Екпетал, Қарасу ауылдық медициналық пункттеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оған қосымша аталған бағдарлама аясында 2 траншпен бөлінген 10067,6 мың теңгеге Шиқұдық ауылдық медициналық пунктіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.



2016 жылғы жоспар:

Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізуді одан әрі қалыптастыра отырып, әлеуметтік маңызы бар аурулар санын азайту мақсатында профилактикалық шараларды одан әрі күшейту;



тұрғындардың туберкулезге қарсы толық тексерумен қамтылуы бойынша шаралар қабылдау;

емдеу мекемелерін жоғары кәсіби медициналық кадрлармен қамтамасыз ету шараларын жалғастыру;

емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базаларын одан әрі жақсарту;

Білім беру саласында жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру мәселелері аудан әкімдігінің басты назарында ұсталуда. Қабылданған шаралар өз нәтижесін беріп 2014 жылмен салыстырғанда осы саладағы көрсеткіштердің өсуіне септігін тигізді . Өткен оқу жылында жалпы орта білім курсын 173 түлек аяқтап, олардың 68,8 пайызы немесе 119 ы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Ұлттық бірыңғай тестілеуде орташа балл көрсеткіш – 86,8 балл болып, өткен жылмен салыстырғанда 5,9 баллға жоғарылады. 7 түлек «Алтын белгі» иегері атанды. Аудан мектептерінде аз қамтылған отбасындағы 540 бала (мектеп оқушыларының 16,7 пайызы) ыстық тамақпен 100 пайыз қамтылуда.

2015-2016 оқу жылына 10626,0 мың теңгеге оқулықтар сатып алынып, мектеп оқушылары толық оқулықтармен қамтамасыз етіліп отыр.

Білім беру ұйымдарын аяқтаған - 34 жас маман жұмысқа орналастырылды. «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен жұмысқа орналасқан 24 маманға әрқайсысына 138мың740 теңгеден көтермежәрдемақы, 8 маманға 17млн 756,6 мың теңге тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредит берілді.

Өткен жылы «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде білім беру саласында 3 мектепке 62,6 млн. теңгеге , Ойыл аграрлық колледжіне 27,5 млн. теңгеге және «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 3млн287,0 мың теңгеге Тайсойған негізгі мектебіне, Қараой балабақшасына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында қосымша 10,0 млн.теңге бөлініп, мектептерге 710 парта және 50 компьютер және 50 тақта алынып берілді. 790,0 мың теңгеге Көсембай негізгі мектебіне ауа алмастыру жүйесі жасақталды.

Апаттық жағдай алдында деп танылған «Жамбыл», «Жақсыбайкөл» мектептеріне 2016 жылы жаңа ғимарат салу бойынша жобалау-сметалық құжаттары дайындалуда.

«Туған жерге тағзым»акциясы және «Түлек.kz» жобасы бойынша ауданның барлық мектептерінде ұйымдастыру жұмыстары басталып, мектеп түлектері өздері оқыған мектептерге 2,0 млн.теңгеден астам қаржыға демеушілік көмектерін берді, атап айтқанда: Саралжын ауылдық округінде орналасқан Ә.Дербісалин атындағы орта мектебінің 1996 жылғы түлектері 150,0 мың теңгеге мектептің кіре беріс маңдайшасын жасақтап берсе, «Спартак» шаруа қожалығы-100,0 мың теңгеге мектеп ауласында гүлзар алаңын жасақтауға көмектесті, өзге түлектер 350,0 мың теңгеге класс бөлмелері терезелеріне жалюзилер алып, 150,0 мың теңгеге мектеп фойесіндегі стенділерді жаңғыртты; Ш.Бекмухамбетова ат мектеп-гимназия түлектері мектепке заман талабына сай арнайы ақпараттық графопроектор сыйлап , 200,0 мың теңгеге компьютер сатып алып берген. Ж.Жүсібалиев ат.орта мектебінің түлектері 520,0 мың теңгеге мектептің ішкі безендіру жұмыстарын жүргізуге көмектесті, Ойыл қазақ орта мектебін бітірген түлектер 200,0 мың теңгеге класс бөлмелерінде стенділер жасақтауға көмек беріп, балалар үшін 100,0 мың теңгеге коньки сатып алып берді.

2016 жылғы жоспар:

оқушыларға білім беру сапасын одан әрі арттыру бойынша шараларды, оның ішінде мұғалімдердің жауапкершілігін жоғарылату шараларын жалғастыру;

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде мектептер мен бала бақша ғимараттарын күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге ұсыну;

Халықтың рухани байлығын молайтып, мәдениетін арттыру, ұлттық мәдениетті сақтауда кітапханалар мен түрлі мәдени мекемелердің алар орыны ерекше.

Ауданның мәдениет саласында есепті мерзімде еліміздің мерекелерімен қатар, ұлттық мәдениет пен дәстүрлерді насихаттау шаралары жалғасып, еліміздің дәстүрлі мерекелерімен қатар, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына, Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы мен Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығына және Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына байланысты көпшілік мәдени шаралар ұйымдастырылды.

Өткен күзде «Ұлы жібек жолында жаңғырған Көкжар жәрмеңкесі» облыстық этнофестивалінде белгілі жыршы-термешілердің , батагөй қариялардың жарысы аудан абыройын асқақтатып, ерекше маңызға ие болды.

Жергілікті бюджеттен 3793,4 мың теңге бөлініп, «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы атындағы мәдениет және демалыс орталығы» мен аудандық мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасы нығайтылды.

Ағымдағы жылы аудандық мәдениет үйі мен ауылдық клубтар ақылы қызмет көрсету жоспарын толық орындаса, «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы атындағы мәдениет және демалыс орталығының» ақылы қызмет көрсету көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2 жарым есе өсті.

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында бөлінген 17,4 млн.теңгеге Ш.Берсиев атындағы аудандық өнер және өлке тарихы музейіне күрделі жөндеу жүргізіліп, «Өңірлік даму» бағдармасы бойынша республикалық бюджеттен бөлінген 5441,5 мың теңгеге Көптоғай, Көсембай және Сапақкөл ауылдық клубтарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

2016 жылғы жоспар:

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде мәдени мекемелерді күрделі жөндеуге ұсынуды жалғастыру;

еліміздің мерекелерін әлі де жоғары деңгейде өткізу бойынша шаралар қабылдау ;

«Көкжар» жәрмеңкесін насихаттау бойынша іс-шараларды жалғастыру ;

мәдени мекемелердің материалдық-техникалық базасын жақсарту бойынша шаралар қабылдау;

ақылы қызмет көрсету ауқымын одан әрі кеңейту шараларын қабылдау.

Ауданда Жастар саясаты «Қазақстан 2020: болашаққа жол» мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы негізінде жүзеге асырылып келеді. Ауданда есеп бойынша 6024 жас бар немесе аудан халқының 31,7 пайызын жастар құрайды. Оның ішінде, ауылдық округтерде- 4054, аудан орталығында 1970 жастар бар.

Ауылдық округтерде өткізілген жастар күндері жастардың жаңалыққа, өнерге құштарлықтары мен отаншылдық сезімдерін одан әрі нығайтуға септігін тигізді .

Жыл ішінде «Мәңгілік ел» идеясын насихаттау, жастар арасында патриотизмді нығайту жұмыстары тұрақты жүргізілді.

Жастар арасында ұйымдастырылған «Жақсылық жасауға асығайық» атты акциясы барысында, аудан орталығындағы кәсіпкерлердің қолдауымен мүмкіндігі шектеулі жастарға арналған қайырымдық акциясы ұйымдастырылса, «Қамқорлық» , «Таза су айдындары», «Асар» әлеуметтік акциясы және «Мейірімді іс» акциясы аясында аға буынның қолдауымен жастарымыз туған өлкенің таза болуына үлес қосып, қамқорлықты қажет ететіндерге қолкөмек ұйымдастырып, бірқатар игі істер атқарды.

«Елбасымен бірге жастардың жүз қадамы» іс-шаралар жоспары аясында жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыру, жастарды жұмысқа орналастыру және жұмыссыздықтың, жастар арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстылықтың алдын алу және жастардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде.

Есепті уақытта 57 жас ақылы қоғамдық жұмысқа, 91 жас жастар тәжірибесіне, 7 жас әлеуметтік жұмыстарға тартылды. 13 жұмыссыз жас «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында нысандардың күрделі жөндеу жұмыстарына тартылып, 4 жасқа кәсіпкерлік қызмет бастау үшін 12,1 млн.теңге көлемінде несие алуына қолдау көрсетілді.

«Жасыл ел» бағдарламасы бойынша студенттік жасақтар құрылып, жаз айларында Ойыл орман шаруашылығында 40 жас жұмыс жасады. Сонымен қатар, елді мекендердің абаттандыру, көгалдандыру мақсатында облыстық бюджеттен бөлінген 2,8 млн.теңгеге ауылдық округтерде 80 адам жұмыспен қамтылды.

Сондай-ақ, жазғы маусымдық кезеңде ауылдық округтерде 182 жұмыссыз жастар мен студенттерден отрядтар құрылып, 14 шаруа қожалықтарында мал азығын дайындау жұмыстарына тартылып табыс табуына ықпал етілді.

Ойыл ауданында орналасқан Құмсай (Қырықоба) қорымына Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі жүргізген археологиялық қазба жұмыстарына 4 жас азамат жұмыспен қамтылды. 4 жас отбасы жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

Елбасының тапсырмасына орай халықтың жаппай спортпен шұғылдануын жақсарту мақсатында аудандағы барлық мектептердің спорт залдары қазіргі заман талабына сай жөнделіп жылдың кез келген мерзімінде жаттығу жасауға мүмкіндік туғызылды.

2016 жылға дейінгі белгіленген стратегиялық жоспарды жүзеге асыру аясында 37 спорттық іс-шара өткізіліп, 2432 адам қатысты, оның ішінде маусым айында Қайыңды ауылдық округінде спортттың 8 түрінен өткен спартакиадаға 300 ге жуық спортшылар қатынасты.

Аудан бойынша аудандағы халық санына шаққанда тұрғындарды бұқаралық спортпен қамту 2014 жылмен салыстырғанда 101,4 пайызға артып, 4092 адамды құрап, Елбасының 2020 жылға қарай тұрғындарды бұқаралық спортпен қамтуды 30 пайызға жеткізу жөніндегі тапсырмасы 21,5 пайызға жетті.

Аудан аумағында спортты дамытуда ерекше маңызға ие болып отырған Ойыл балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 11 үйірмеде бүгінде 864 оқушы (жалпы үлесі 26,8 пайыз) спортпен шұғылданады. Алты селолық округ орталығы мен алты елді-мекенде филиалдары жұмыс жасауда .

Өткен жылы жаңадан Қараой елді мекенінде -волейбол, қазақ күресі, Сарбие елді мекенінде -дзюдо, футбол, Көптоғай елді мекенінде -үстел теннисі, еркін күрес, Ш.Берсиев а/о Қаратал елді мекенінде -еркін күрес, Саралжын елді мекенінде -бокс, волейбол, тоғызқұмалақ, Қайыңды елді мекенінде -қазақ күресі, волейбол, Ақшатау елді мекенінде -қазақ күресі, Қарасу елді мекенінде - шахмат, Амангелді елді мекенінде - еркін күрес, Жақсыбайкөл елді мекенінде -тоғызқұмалақ, Құмжарған елді мекенінде - еркін күрес, Көсембай елді мекенінде -тоғызқұмалақ, үстел теннисі үйірмелері ашылды.

Демеушілік қаржылармен аудан орталығында жасанды жамылғылы спорт алаңы және балалар ойын алаңы жасақталып, пайдалануға берілді.

Аудан орталығындағы мекеме қызметшілеріне спортпен шұғылданулары үшін жұмыстан тыс кешкілік уақытта әр аптаның екі күні спорттық кешен пайдалануға берілсе, ауылдық округтерде мектепішілік спортзалдар пайдалануға берілуде.

2016 жылғы мақсат:

2020 жылға қарай 30%-ға дейінгі қазақстандықтарды бұқаралық спортқа тарту жөніндегі Елбасының тапсырмасының одан әрі толық жүйелі жүзеге асырылуын қамтамасыз ету ;

мектептерді спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету шараларын жалғастыру ;

елді мекендердегі спорт алаңдарын жарақтандыру жұмыстарын жалғастыру;

Құрылыс саласында ағымдағы жылы коммуналдық тұрғын үйлер салынбағанымен, жеке секторда тұрғын үй салу жоспары толық орындалды.

Алдағы жылдардың жоспарына енгізу үшін жалпы сметалық құны 122млн840 мың теңге 18 жалдамалы-коммуналдық тұрғын үйлер және 121,5 млн.теңге инженерлік-коммуналдық желілер құрылысы үшін жобалау-сметалық құжаттары дайындалып, ағымдағы жылы 18,2 млн.теңгеге аудан орталығында жеке тұрғын үйлер үшін инженерлік-коммуналдық желілер құрылысы пайдалануға берілді.

2016 жылға жоспар:

жалдамалы-коммуналды тұрғын үйлер салу және инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымды жобалау, дамыту, жайластыру және (немесе) сатып алу бағдарламасы бойынша бөлінген қаржыларды толық игеру;

тұрғындарға жеке тұрғын үй құрылысын салуға қолдау көрсетіп инженерлік-коммуналдық жүйемен жабдықталған тегін жер учаскелерін беруді одан әрі жалғастыру ;

аудан көлеміндегі жүргізіліп жатқан құрылыс, күрделі жөндеу жұмыстарына қоғамдық бақылау орната отырып, бөлінген қаржының мақсатты игеріліп, құрылыс–жөндеу жұмыстарының белгіленген мерзімде сапалы аяқталуын қамтамасыз ету.

Аудандық маңыздағы 312,0 км автокөлік жолдарын күтіп ұстау жұмыстары жергілікті бюджеттен есебінен жүзеге асырылды. Оған қосымша «Анвар»ЖШС президенті А.Салфиковтың демеушілік көмегімен Сарбие ауылына кіре беріс 10 км автокөлік жолына жөндеу жұмыстары жүргізілді.

2016 жылғы жоспар:

қыс айларында автокөлік жолдарын қардан аршу жұмыстарына түсінік жұмыстарын жүргізе отырып, елді мекендердегі шаруашылықтар иелігіндегі техникаларды қосымша жұмылдыру;

«Ойыл-Қобда» автокөлік жол бойына және аудан елді мекен аралығындағы автокөлік жолдарына жөндеу жүргізуге ұсыну.

Аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету 73,3 пайызға жетіп, аудандағы 6 ауылдық округ орталығы мен 1 елді мекендерде тұратын 18836 адам орталықтандырылған сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Қалған Қайыңды ауылдық округ орталығында және 6 елді мекенде ауыз су құбырын жүргізу үшін жер асты су қоры зерттелуде.

«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жалпы сметалық құны 238,0 млн.теңге тұратын Көптоғай ауылдық округінің Амангелді елді мекеніне ауыз су құбыры құрылысын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілді.

Облыс елді мекендерін газдандыру бағдарламасына енгізілген жалпы сметалық құны 3 163 937,0 мың теңге тұратын өткен жылы басталған табиғи газ құбыры аудан орталығы шекарасына келді.

2016 жылы Ойыл селосының ішіндегі мекемелер мен тұрғындардың тұрғын үйлеріне газ құбырын жүргізу бойынша шаралар ұйымдастырылатын болады.

Аудан елді мекендерінің санитарлық тазалығы мен жасыл желектендіру, абаттандыру жұмыстары аудан әкімдігінің басты назарында ұсталуда.

Аудан елді мекендерінің санитарлық тазалығы мен жасыл желектендіру, абаттандыру жұмыстарына келсек, ағымдағы жылы елді мекендерді көркейту жұмыстарында 14472,4 мың теңге игеріліп, елді мекендерді жарықтандыру шығындарына 11798,6 мың теңге төленді.

Барлық ауылдық округтерде сенбіліктер ұйымдастырылып, ауыл-көше, елді мекен аралығындағы автокөлік жолдары аймағының тазалығы тұрақты бақылауда ұсталды.

Ағымдағы жылы 6326,0 мың теңге игеріліп, Ойыл селосы көшелеріне қосымша жарықтандыру жұмыстары жүргізілді.

«Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атындағы саябақ алаңы тас төселіп, жарықшамдар, отырғыштар орнатылып кеңейтілді.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен бөлінген 2201,0 мың теңгеге Ш.Берсиев атындағы ауылдық округіндегі саябақ жасақталып, пайдалануға берілді.
Қадірлі аудан тұрғындары,

2016 жылы еліміздің Тәуелсіздігіне 25 жыл толғалы отыр. Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт еліміз осы уақыт аралығында толағай табыстарға жетіп, алып, құқықтық, дербес демократиялық мемлекет ретінде әлемге танылды.

Егемен еліміздің айбыны мен мақтанышына айналған Астананың әлемнің 161 мемлекетінің арасында топ жарып «EXPO-2017» Халықаралық көрмесін өткізу құқығына ие болуы - әр қазақстандық азамат үшін үлкен мерей, зор құрмет.



Бұл – біздің бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің жемісі, бұл – біздің Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының жеңісі.

Елбасының ағымдағы жылғы 30 қарашадағы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жалпыұлттық идеямыз – Мәңгілік елді ту етіп, тәуелсіздігіміздің одан әрі нығайту мен еліміздің дағдарысқа қарсы экономикалық дамудың 5 бағыты бойынша басты межелерді айқындап, алдымызға үлкен міндеттер мен тапсырмалар қойды.

Біздің барлығымыздың алдымызда ортақ мұрат – ел болып ұйысып, жұрт болып жарасқан тәуелсіз Қазақстанның абырой-мәртебесін одан әрі арттыру үшін аянбай еңбек ету міндеті тұр.

Елбасы сенімін ақтап, Жолдауда айтылған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында ел болашағы үшін, соның ішінде ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін күш-жігерін аянбай жұмсайды деп сенемін.



Ауданның өркендеуіне үлес қосқан баршаңызға ризашылығымды білдіре отырып, алдағы есептік кездесулерде барша аудан халқының ауданның әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін шешуге белсенді қатынасуға шақырамын.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет