Қасым Аманжолов әдебиетке, өнер ортасына қалай келген?
1930 жылы Алматыға келіп, бір жыл «Лениншіл жас» газетінде жұмыс істейді. 1931 жылы Санкт-Петербургтегі орман шаруашылығы институтына түсіп оқиды. Бірақ денсаулығына байланысты елге оралып, Орал қаласында «Екпінді құрылыс» газетіне қызметке орналасады. 1933 жылы міндетті әскер қатарына алынып, оны сол Орал қаласында өтейді. Ән-күйге, өнерге деген құштарлықҚасымды Оралда қазақ театр труппасынұйымдастырып қана қоймай оның көркемдік жетекшісі әрі әртісі болуға
құлшындырған.
Осы жылдар ақын өмірінде ұмытылмас, қызықты да аяулы шақтар болып, жадында жатталып қалады. Әншілік, әртістік қабілеті осы кезде айқындалып, әр алуан музыкалық аспаптарда: домбыра, мандолина, сырнай, скрипка, пианинода еркін ойнап, ақын шығармашылық ортада рухани есейеді. Бойында буырқанған дарыны айқын белгі беріп, өлеңдері жұртшылық назарына ілінеді.
Ақын қандай шығармалар жазды?
1938 жылы тұңғыш өлеңдер жинағы «Өмір сыры» деген атпен жарық көреді.
1939–1941 жылдар арасында жазылған «Нар тәуекел», «Дауыл», «Көкшетау», «Орамал», «Заула, заула, Түрксиб», «Сұлтанмахмұт туралы баллада»
сияқты өлеңдері ақынның шығармашылық дәуірінің басталғанын айғақтайды. Бұдан соң оның «Ақын», «Чернышевскийге», «Хантәңірі», «Ақын соты»,«Дүниеге жар», «Қаһарман», «Дүние қандай жап-жарық», «Сақыпжамал»,«Күйім тасып барады, күйім тасып», «Күлемін де жылаймын»,«Ғабдолға»,
«Қапанға», «Елге хат», «Нұрлы дүние», «Өзім туралы» сияқты өлеңдері дүниеге келді.
Ақын шығармашылығы жан-жақты, көп салалы.
Қасым Аманжолов – соғыстан кейінгі қазақ әдебиетінің дамуына айтарлықтай үлес қосқан ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясының көрнекті қайраткерлерінің бірі, сонымен қатар журналист, композитор, аудармашы. Лирикалық өлеңдерімен қатар кең көлемді «Жамбыл тойында», «Құпия қыз», «Біздің дастан», «Бикеш», «Боран», «Ақын өлімі туралы аңыз» атты поэмалары да бар.
Қ.Аманжолов қаламынан сонет, балладалар («Отан күзетінде», «Байкал»,«Мартбек», «Сырттан», «Сұлтанмахмұт туралы баллада»), өлеңмен жазылғаночерк («Бейсекештің бес ұлы»), фельетондар («Семейдің театрында», «Панасыз
кемелер, ұқыпсыз төрелер» т.б.) да туды. «Дариға, сол қыз», «Өзім туралы» әндері ел арасына кеңінен таралды.1941 жылы майданға алынып, соғыс аяқталғанша басқа жауынгерлермен бірге жауға қарсы ерлікпен күрескенін мына шығармаларынан білеміз: «Елге хат» (бес бөлімнен тұратын ұзақ толғау), «Ұлы күтіс», «Үстімде сұр шинелім», «Подполковник Әлпинге», «Қапанға», «Сәбитке», «Ғалиға жауап», «Қызғалдақ», «Сен фашиссің, мен қазақпын». Ақын шығармашылығының шыңы, қазақ поэзиясының алтын қорына қосылған қастерлі мұрасы – «Ақын өлімі туралы
аңыз» поэмасы да соғыс кезінде туады.
Поэмадағы басты кейіпкер – ақынның
досы Абдолла Жұмағалиев. Осындай аяулы досының өлімі ақынды қатты тебіренткені сөзсіз. Өмір мен өлім бетпе-бет келген қан майданда, миллиондаған адамның тағдыры қыл көпірде тұрған шақты суреттеуде ақынның тебіренісі
орасан қуатпен көрінген.
Майдан етіп дүние төрін,
Темір болат қақтап отқа.
Бетпе-бет кеп өмір, өлім,
Соққыласып жатқан жоқ па? –
деп, бірден шарықтаған өр дауыспен, асқақ пафоспен басталған поэма аяқталғанша осы шырқау биіктен бір де төмендемейді. Романтикалық серпін, реалистік қуат майдан даласындағы арпалысты көз алдымызға әкеледі.
Қаламгер аударма саласында да өзінің баға жетпес қолтаңбасын қалдырды. Ол Т.Г.Шевченко, Ш.Руставели, В.В.Маяковскийдің өлеңдерінен басқа Г.Низамидің «Ләйлі мен Мәжнүнін», А.С.Пушкиннің «Полтава», М.Ю.Лермонтовтың «Маскарад», А.Т.Твардовскийдің «Василий Теркин» поэмаларын қазақ тіліне аударды.
Бүгінгі таңда Қасым Аманжолов шығармалары бауырлас халықтар тіліне аударылып, қазақ халқының ғана мақтанышы емес, сонымен қатар тілегі бір басқа елдердің де рухани байлығының көзіне айналды деуге болады. Ақын сөзімен айтқанда:
Барым да, бақытым да осы өлеңім,
Жақыным, жүрегімнің досы – өлеңім.
Өмірге келгенім жоқ бостан-босқа,
Мен қайтіп босқа жасап, босқа өлемін.
Достарыңызбен бөлісу: |