Зерттеу жұмысының кезеңдері.
Бірінші кезеңде (2010 ж) отбасы мәселесіне байланысты әдебиеттерге теориялық талдау жасалынды, зерттеу жұмысының обьектісі, пәні, жалпы және жеке болжамдары, мақсаты мен міндеттері, зерттеудің әдіснамалық негіздері мен әдістері анықталды.
Екінші кезеңде (2011 ж) нарық жағдайында этностық құндылықтар арқылы студенттерді отбасылық өмірге психологиялық дайындау эксперименттік тұрғыда зерттеліп, нәтижелері талданды.
Зерттеу базасы. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Педагогика және психология» мамандығының 3;4 курс студенттері
Жұмыстың құрылымы мен көлемі:
Магистрлік диссертациялық жұмыс кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиет тізімінен және қосымша тіркелген материалдардан тұрады. Жұмыстың жалпы көлемі - 86 бет, қолданылған деректер тізімі- 116 әдебиеттерден тұрады.
І Психология ғылымындағы отбасы мәселелерінің зерттелуін теориялық негіздеу
І.1 Отбасы - кешенді әлеуметтік құбылыс
Отбасы - қоғамдық қатынастар мен процестердің алуан түрлі формалары біртұтас болып ұштасатын кешенді әлеуметтік құбылыс болып табылады. Сондықтан да әлеуметтік құбылыс бола отырып, ол адамзат өмір сүру жағдайына қарай құрылып, оның дәстүрлері мен әдеттері ғасыр өткен сайын жаңа сипатта көрініс береді. Отбасын әлеуметтану ғылымында былай деп көрсетеді «отбасы дегеніміз – тарихи өзгеріп отыратын әлеуметтік топ, оның жалпы белгілері – бөтен адаммен жыныстық байланыс орнату, туысқандық қатынастар жүйесі, адамның жеке-дара адамгершілік сапаларын қалыптастырып дамыту, белгілі бір экономикалық қызметті іске асыру» [26, 24б.]. Яғни, адамзат отбасын құра отырып, сол шағын мемлекетке әлеуметтенеді, отбасылық құндылықтар қалыптастырады және әдет-ғұрып дәстүрлерін дамытады. Отбасының жоғарыда келтірілген анықтамасы бойынша, ол - отбасындағы қатынастар, отбасының құрылымы мен формасы тарихи өзгеріп отыратын әлеуметтік топ.
Ең алдымен біз жастар тәрбиесіндегі отбасының рөлін айқындап алайық. Әдебиеттерде көрсеткендей, “Отбасы – жанұя, үй деген сөздің синонимі”, яғни бір оттың (ошақтың) басында өмір сүріп жатқан қандас адамдар жиынтығы [27]. Бір оттың басында өмір сүруге дайындық физиологиялық және психологиялық тұрғыдан негіздеуді қажет ететіндігі сөзсіз. Ер адам мен әйел адамның сезімдерінен туындаған шешім мен жауапкершілікті ұғыну негізінде отбасылық өмір бастала отырып, ұрпақ жалғастыру процесі жүзеге асады.
Кейбір ғылыми зерттеулерде, отбасыға мынадай анықтама берілген: қазіргі заманғы отбасы – ерлі-зайыпты екі адамның арасындағы некеге құрылған негізгі әлеуметтік топ, отбасыға сонымен бірге ұрпақтары (ұл-қыздары) да кіреді. Отбасының негізгі функцияларының қатарына мыналар кіреді: өмірге бала әкелу, оны тәрбиелеп, өсіру, ең бастысы ерлі-зайыптылар жыныстық қарым-қатынас қажеттілігін және эмоциялық сезімдерін және басқа ішкі және сыртқы (әлеуметтік, экономикалық) мұқтаждықтарын өтеу [28;29].
Көптеген зерттеулерде отбасына деген жағымды қатынас таныту балалық шақтан қаланады деп тұжырымдалады. Балалық шақта адамгершілік қасиет ата-ананың балаға қатынасына және олардың өз басына деген қатынасына тәуелді болып келеді. Балалық шақ онтогенезде даму барысында адам өмірінің маңызды кезеңі. Тұлғаның балалық шағының өту жағдайына байланысты, яғни оның санасы мен жүрегіне қоршаған әлемнің әсер етуіне қарай бүгінгі нәрестенің ертеңгі болмысы қалыптасады. Қазақ халқы отбасы тәрбиесіне ерекше мән беріп, «он үште- отау иесі» деген. Ерте кезде қазақ отбасыларында қыз баланы 3-5 жастан анасы қасына алып, үйдің жұмысына араластырса, ұл балаларды аңшылық, мал бағу сияқты түздің тірлігіне араластырған. Осы орайда, қазіргі өмір тіршілігіміз мүлде басқа сипатта. Сондықтан отбасында әке мен ананың қарым-қатынасы тұлғаның болашақтағы отбасы егесі ретінде қалыптасуының негізі болып табылады. Ал, қазіргі таңдағы ересек азаматтардың өзі отбасылық жауапкершілік пен міндеттерді дұрыс түсінбеуінен қаншама шаңырақ шайқалып жатқаны белгілі.
Әрдайым отбасы мүшелері тұлғаның ең алғашқы қоғамдық ортасы мен өмір тәжірибесін жинақтау мектебінің ұстазы болып табылады. Бұл жағдайда отбасы қарым-қатынасында жағымды сезімдер оның мүшелерін көркемдейтін болады. Отбасы әлеуметтік институттың алғашқы сатысы болғандықтан тұлға өмірін әрдайым қолдап отыруы қажет. Себебі, осы әлеуметтік ортада әр баланың ата-анаға деген сүйіспеншілігі шексіз, шартсыз, кіршіксіз болып табылады. Егер бала өмірінің алғашқы жылдарында ата-анасының сүйіспеншілігі оның өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етсе, өсе келе ата-ана махаббаты адамның ішкі, эмоциялық және психологиялық әлемінің қауіпсіздігі мен қолдау қызметін атқарады.
Ата-ананың махаббаты – адамның жан және тән саулығының, рухани байлығының және берекесінің сапа көрсеткіштері мен қайнар көзі болып табылады. Дәл осыдан ата-ананың бірінші және негізгі міндеті баланың көзқарасында оны жақсы көретіні туралы сенімділікті қалыптастыру болып табылады. Қандай жағдай, қандай күйде болсын балада ата-ана сүйспеншілігінен еш күмән болмауы тиіс. Ұрпағына қай жас кезеңінде болмасын әрқашан мейіріммен, ілтипатпен және ізгілікпен қарау – ата-ананың табиғи да ең керекті міндеттерінің бірі.
Ата-ана сүйіспеншілігіне сенімділікті ерекшелеу бала тұлғасында кейбір жағдайларға байланысты қажеттілік тудыратындығы белгілі. Қазіргі таңда өсе келе бала ата-анасынан бөлек кететін жағдайлар сирек кездестіріп жүрміз. Бұл жағдайда баланың ең жақын адамдарымен эмоциялық байланыстары үзіліп, психологиялық, ішкі жан дүниелік жағынан алшақтайды. Қазіргі таңдағы зерттеулерге сүйене отырып, психологтар жеткіншектік кезеңдегі маскүнемдік пен нашақорлықтың астарында көбіне ұрпағын сүймейтін ата-аналар жатқанын дәлелдеген. Нарық жағдайында, материалды құндылықтар басым болып тұрған уақытта отбасылық тәрбиеге негізгі психологиялық талап – махаббат болып табылады. Яғни, баланы сүйіп және күнделікті соны жетекшілікке алып қоймай, сонымен бірге баланың өзі қандай қиындықтар мен қақтығыстар, жанжалдар туындатып отырса да, тіпті ол өзара қарым-қатынаста болмасын, мейірімін, олардың оған деген кіршіксіз махаббатын, жылуын үнемі сезінуі керек. Тек осы жағдайда ғана адамның ішкі әлемі дұрыс қалыптасып, сүйспеншілік негізінде ғана адамгершілік құлықтық іс-әрекет жасалады, ал сүйіспеншілікке тек сүйіспеншілік ғана үйретуі сөзсіз.
Қоғамдағы түбегейлі бетбұрыстарға орай, отбасылық қарым-қатынас сипатында, оған деген көзқарас жаңа сипатта көрініс беріп жүр. Ғылыми-экономикалық даму жағдайында ата-ана өз сезімдеріне, жүрегінің үніне, өз баласының қабілеттеріне сенімділікпен арқа сүйеуі керек. Осы орайда, ата-ана тәрбиенің қандай жүйесін ұстануына тек өзі ғана шешім жасауы тиіс. Бұл жағдайда баланың жараланғыш нәзік жүрегі үшін оның отбасында сүйікті екенін сезіну, ата-анасы үшін қымбат екенін ұғыну болып табылады.
Ғылыми зерттеулер көрсеткендей, өскелең ұрпақтың қалыптасуындағы отбасының маңызды рөлі оның бала дамуындағы әсерін және қайталанбастығымен, даралығымен және жақындығымен анықталады. Шын мәнісінде ата-анадан жақсы баланы ешкім біле алмайды [30;31]. Жоғарыда атап өткендей біз жастарды отбасылық өмірге психологиялық дайындауда балалық кезеңдегі отбасыішілік қарым-қатынасқа тікелей байланысты жағдайларды сипаттап отырмыз.
Ата-ана тәрбиесі негізінде отбасында тұлғаның адами сапалары қалыптасады. Бұл адами сапаларға адамгершілік, қайғыра білу, сөйлеу мәдениеті, зейінділік, мақсаттылық, инабаттылық, ізгілік және т.б. қасиеттер кіреді. Керісінше, ата-ана стиліне қарай, отбасышілік қарым-қатынасқа байланысты өзімшілдік, қаталдық, үлкенге деген дөрекілік, қоршаған ортаға салғырттық, жауапсыздық және аяусыздық сияқты жаман қылықтар да дамитыны сөзсіз. Осы орайда, ұрпағының тұлғалық сапаларын қалыптастыру мақсатында ата-аналар әр жағдайда отбасылық салт-дәстүрді ұстанып, өз ата-анасына құрметпен қарап, баласына боларлық тәрбиеші болып, шыншылдық, адалдығын көрсетіп, оны жетілдіруі керек.
Жалпы алғанда, әлемде мекендейтін тіршіліктің ішіндегі ең әдемі де қорғансыз тіршілік иесі-бұл адамзат болып табылады. Адам баласы тұлғалық дамып, әрі жетіліп өзіндік өмірге тән мен жан үйлесімдігіне жету үшін және әлеуметтік күрделі қатынастарға дайындалуы үшін шамамен екі он жылдықтай керек. Осы онжылдықтар адамға білім алып, тәжірибе жинап, мамандық алып, еңбек әрекетіне қатысып, қоғамда өз орнын табу үшін маңызды болып келеді. Сондықтан әрбір кезеңдегі тұлғалық дамуды ғылыми тұрғыда зерттеу маңызды мәселелердің бірі. Біздің зерттеуіміздің басты мәселесі болып табылатын студенттерді отбасылық өмірге дайындау өзінің құндылығымен алға шығады.
Белгілі ғалым, гуманистік психологияның негізін салушы А. Маслоу тұлғаның сәтті дамуы үшін оның қажеттіліктері өтелуі тиіс деген тұжырым жасайды [32]. Бұл қажеттіліктердің қанағаттандырылу деңгейі оның қалыпты дамуына, құрдастарынан қалмай жетілуіне немесе оның қате жолға түсуіне әсер етеді. Сонымен қатар, баланың жеке тұлға ретінде қалыптасып, қоғамда өз орнын табуына мүмкіндік береді. Айтылып отырған мәселе тікелей оның ата-анасының қатынасына тәуелді болып келеді.
Бүгінгі күні отбасылық өмір сүру жағдайлары түрлі сипатта көрініс беріп отырған жайы бар. Отбасында ерлі-зайыптылардың бірге тұруы, олардың ара қатынасын айналасындағылардың «жақсы» деп бағалауы некеде де бақыттылығын білдіре бермейді. Отбасы өмірінің астарында қитырқылардың әртүрі болады: сырттай тату болып есептелетін отбасыларда ерлі-зайыптылардың бір-бірін жек көріп, рухани салқындық байқалуы мүмкін.
Өз балаларының жан дүниесін ата-аналардың жақсы түсінуі, оларға отбасында дұрыс та тиімді тәрбиелік орта туындату үшін, бала тәрбиесіне қатысты білімі және біліктерін ұдайы көтеріп отыру қажеттілігін өздері түсінуі тиіс. Белгілі психолог Э. Фромм тұжырымдамасында көрсеткендей, ананың және әкенің махаббаты табиғаты, генезисі және көріну формасы бойынша бір-бірінен ерекшеленеді және баланың тұлғалық дамуында әртүрлі әсер етеді [33]. Ананың махаббаты- шексіз, нәзік және шарттанбайды. Әкенің махаббаты- баладан көп нәрсені талап етеді және ол шарттанған болып келеді. Ол махаббатқа бала лайықты болуы тиіс. Әке махаббатының туа берілетін алғышарты болмайды, ол бала өмірінің алғашқы жылдарында қалыптасады деп тұжырымдайды кейбір зерттеулер бар [34;35]. Бала әкенің махаббатына лайық болуы үшін белгілі бір әлеуметтік жүйенің талаптарына сәйкес болуы тиіс. Егер бала анадан эмоциялық қолдауды және жақындықты сезінуді қалайтын болса, әкеден бірлескен іс-әрекетте серіктесті және беделді болудың қайнар көзін табады. Баланың ата-анаға деген қатынасы ерлі-зайыптылардың бірі-бірімен қарым-қатынасынан туындайды.
Қазіргі таңда көп белең алып отырған ажырасуға аз қалған ерлі –зайыптылар түрлі ойлардан бірге тұра береді. Біреудің қызмет беделіне нұқсан келмес үшін, екіншілерін–белгісіз тұманды болашақ үрейлендіреді, үшіншілерін–бала алдындағы борышын өтеуде отбасы маңызды деп есептейді. Алайда мұндай позиция көп таралған адасуларға алып келеді.
Әке мен ана отбасында баланың бойында белгілі бір қасиеттердің дамуына негіз болады. Бала өзін әкесі сияқты көріп, өзін сол сияқты сезінеді, өзінше оның күшін, сенімділігін, ересектігін алғандай болады. Ол балаға жанына рухани тепе-теңдік пен сабырлық қалыптастыруға көмектеседі.
Кейбір жағдайларда ерлі-зайыптылар өзінің жұбайын бала арқылы мойындамайды. Жұбайын бала арқылы мойындамау - отбасы қарым-қатынасының бұзылғандығының күрделі белгісі, әйелінің не күйеуінің эмоциялық тартымдығының жоғалғандығының көрінісі.
Ерлі-зайыптылардың бірін-бірі “өзгертуге ” тырысу күші отбасылық қарым-қатынаста балаға бағытталады. Мұндай отбасыларда бала әрдайым қысымшылықта болады, ол әрине баланың тұлғалық дамуына әсерін тигізбей қоймайды. Бұған қарамастан бала өзін-өзі бағалауын онша жоғалтпайды, өйткені ол ата-анасының бірінің қамқорлығына ие екенін сезінеді.
Нарық жағдайында отбасында ата-ананың екеуі де ортақтық сезімін сезбесе, болашаққа бірлескен жоспар құрмаса, оның алға басуынан өмірлерінің даму жетістіктерін көрмесе, тұлғааралық қысымшылық туады. Мұндай отбасылық жағдай әрине баланың тұлғалық дамуына соққы болары сөзсіз. Дегенмен, ата-ананың қандай шешімі болғанда да бала дамуына кері әсерін тигізбеуі шарт болып табылады.
Отбасы нақты қоғамда өмір сүретін болғандықтан оның жалпы сипатымен қатар, өзі өмір сүретін әлеуметтік қатынастардың мазмұнына сәйкес ерекше белгілері де болатыны анық.
Отбасы туралы философ, педагог, психолог, әлеуметтанушы, мәдениеттанушы және т.б. ғалымдар анықтама беріп, еңбектер жаза отырып, осы мәселенің негізін қалаған. Айталық, әлеуметтанушылардың пікірінше, отбасы бұл қоғамның ажырамас бөлігі, оны тар мағынада қолдану мүмкін емес десе, ал психологтар отбасы бұл әлеуметтік институт, қоғамның бастауыш ұйымы, бірігіп шаруашылық жүргізетін және өмір сүретін кіші топ деп қарастырады [26; 27].
Әлеуметтік институттардың бірі ретіндегі отбасының бала тәрбиесінде рөлі төмендегідей:
-
бала тәрбиесінде отбасы басқа әлеуметтік институттарда жүргізілетін тәрбиелік ықпалдарға қарағанда басым болып келеді;
-
жаһандану жағдайындағы өркениетті, зайырлы, құқықты мемлекеттің азаматын тәрбиелеуде отбасы қоғамның негізгі буыны болып табылады;
-
отбасы өскелең ұрпақтың бойында ең құнды адамгершілік қасиеттерді қалыптастыратын қоғамның ажырмайтын басты әлеуметтік институт;
-
отбасының ең басты міндеттерінің бірі жеке тұлғаны әлеуметтендіру. Ол өскелең ұрпақтың дене жетілуіне, шынығуына, рухани және адами дамуына, ең құнды жалпы адамзаттық құндылықтарды және ұлттық рухани байлықты бағалауға, еңбек ету дағдысын тәрбиелеуге ықпал етуші;
-
отбасы бала тәрбиесінде адамзат қоғамының тарихындағы ғасырлар сынынан мүдірмей өткен ұлттық дәстүрді жалғастырушы;
-
отбасының әлеуметтік міндеттерінің өзегі тәуелсіздікке ие болған ҚР мемлекеттік заңдарын құрметтеуші, елжанды азамат тәрбиелеу;
-
отбасы баланың мамандықты еркін және саналы таңдауына ықпал жасаушы.
Кез-келген отбасы оның мүшелері үшін аса маңызды қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсатында құрылады. Қандай да болсын бұл қажеттіліктер отбасылық қатынастардың дамуымен ортақ, топтық және қоғамдық қажеттіліктермен толықтырылады. Отбасы мен тұлға және отбасы мен қоғам арасындағы өзара әрекеттестік жүйесі мен олардың мүшелерінің белгілі бір қажеттіліктерін қанағаттандыруға негізделген тіршілік ету сфераларымен байланыс жүйесінің көрініс табуы отбасының функциясы деп аталады [28,б.166]. Жоғарда айтылған мәселелер төңірегінде отбасының негізгі функциясы анықталады.
Әлеуметтік институт ретінде отбасы қоғаммен тығыз байланыста бола отырып, оның функцияларының бірқатары тікелей қоғам талаптарынан туындайды. Бір жағынан, отбасы-бұл өз заңдылықтары мен қызметтері әрекет ететін тұлғааралық қарым-қатынастар сферасы болып табылады. Осы орайда, қоғамның отбасыға және қоғамға қатысты, сонымен қатар, отбасының тұлғаға және тұлғаның оған қатысты функцияларын атауға болады. Осы тұрғыдан отбасы функцияларын әлеуметтік (қоғамға қатысты) және дара (тұлғаға қатысты) деп қарастыруға болады. Отбасы функциясы қоғамның отбасы институтындағы қажеттіліктерімен және отбасылық топқа қатысты тұлғаның қажеттіліктерімен тығыз байланысты болып келеді. Сонымен қатар, отбасы функциялары терең тарихи, қоғамның тіршілік әрекетінің әлеуметтік–экономикалық жағдайларымен тығыз байланысты. Сондықтан уақыт өткен сайын отбасы функцияларының сипаты мен оның иерархиясы өзгереді [4,б.104].
Маңызды қажеттіліктер мен тіршілік әрекетінің басты сферасымен байланысты қазіргі отбасының негізгі функцияларын Т.В. Андреева [36] атап көрсетті.
1-сурет. Отбасының негізгі функциялары
Уақыт өте келе отбасындағы жетекші рөлге ата-аналар болып саналатын ерлі-зайыптылар ие болады. Көптеген зерттеулерде отбасының функциясын шартты түрде барлық түрін шамамен төмендегі екі топқа бөліп қарастырады:
1.Ерлі–зайыптылар функциясы;
2. Ата–аналар функциясы.
Ерлі–зайыптылар функциясына рухани қарым–қатынас, күнделікті шаруашылық, басқарушылық (ерлі–зайыптының екеуі де отбасының тұтастай өмір сүру әрекетінің ұйымдастырушылары болып табылады) функциялары, алғашқы әлеуметтік бақылау функциясы, өкілеттілік функциясы (ерлі-зайыптылар өз отбасыларының өкілі ретінде қоғамның барлық ошақтарының алдында өз отбасы атынан шығады), эмоциялық, жыныстық–эротикалық және басқа да функциялар жатады.
Ата–аналық функциялар тобы балаларды туу және тәрбиелеу функцияларын еңбекке қабілетсіз және кәмілетке толмаған отбасы мүшелеріне қамқорлық ету, оларды материалдық және рухани қажеттіліктерін қамтамасыз ету функцияларын құрайды [37,б.154].
Рухани қарым–қатынас функциясы отбасындағы бос уақытты бірге өткізудегі, өзара жан дүние байлығын нығайтудағы қажеттіліктерді қанағаттандыруда көрініс табады. Сонымен қатар оның құрамдас бөліктері: отбасы ішіндегі қарым-қатынасты ұйымдастыру; бұқаралық ақпарат құралдарымен, көркем әдебиет пен шығармашылық пен өзара бірлестіктегі отбасы мүшелерінің байланыс әрекеті, отбасының өз мүшелерінің қоршаған орта мен әлеуметтік орта арасындағы әртүрлі байланыстарға әсері болып табылады [38].
Некедегі ерлі–зайыптылардың арасындағы үйлесімді тұлғалық келісушіліктерден отбасылық бақыт құралады, яғни бұл процесс барысында ой алмасу мен жағымды эмоциялар алмасуы жүзеге асады. Мұндай қарым-қатынастағы жағымды кері байланыстардың жүзеге асуына қажетті жағдай қалыптасқан әдет–ғұрып ережелері мен қағидалар жүйесі болып табылады. Бұл функцияның ең басты мақсаты – отбасында неғұрлым тығыз өзара түсінушілікті қамтамасыз ету. Сондықтан рухани қатынастарды жетілдіру қарым–қатынас мәдениетінің жоғарылауын қамтамасыз етеді. Ерлі-зайыптылардың қарым–қатынасы – тұлғаның өз-өзін жүзеге асыру сфераларының біріне жатады.
Отбасында ерлі-зайыптылар арасындағы рухани қарым–қатынас мәдениетінің негізі өзінің серіктесіне тең қарым–қатынаста қарау болып табылады. Мұндай қарым–қатынас барысында ерлі–зайыптылар өздерінің рухани әлемін, айналасындағылармен байланыс қабілеттерін жетілдіре түседі. Егер де ерлі-зайыптылардың бірі екіншісінен өзін жоғары санап, өз тұғасын биік қойса, онда өзара түсінушілік ғана бұзылып ғана қоймай, сонымен қатар қарым–қатынастың барлық түрінің бұзылуына әкелуі мүмкін [39]. Осы орайда, ерлі-зайыптылардың бірін–бірі сыйлауы, өзара қолдауды қамтамасыз етуі аса маңызды болып табылады. Бұл жағдайлар нәтижесінде жан тыныштығын сақтауға және эмоциялардың жақындасуына көмектеседі.
Отбасының эмоциялық функциясы оның мүшелерімен эмоциялық қолдау, психологиялық қорғаныс, өзара сыйластық және көңіл білдірудегі қажеттіліктерді қанағаттандыруды қамтамасыз етеді. Отбасындағы оңтайлы эмоциялық атмосферасы оның әрбір мүшесіне ішкі сезімдерінің жағдайын жасырмауға, қуанышымен бөлісуге, сәтсіздіктер мен көңіл-күйін айтуға, толғандырып жүрген мәселелер бойынша кеңес алуға, рухани және физикалық күш–қуатын толтыруға және қалпына келтіруге кең мүмкіндік ашады.
Отбасының алғашқы әлеуметтік бақылау функциясы–отбасы мүшелерімен, әсіресе әртүрлі жағдайларға (жасерекшелігі, сырқаттануы және т.б) байланысты әлеуметтік ережелермен толық сәйкестікте өзінің әрекетін өз бетінше құруға жеткілікті деңгейде қабілетсіз мүшелерімен әлеуметтік ережелердің орындалуын қамтамасыз ету болып табылады. Отбасында әрбір мүшесінің физиологиялық, психологиялық және әлеуметтік қажеттіліктерінің қанағатандырылуына ерлі-зайыптылардың жауапкершілік сезімі жоғары болуы шарт.
Отбасының мемлекеттік мекемелермен, қоғамдық ұйымдармен, еңбек ұжымдарымен және басқа да отбасы мүшелерімен (туыстық, достық, көршілік), сонымен қатар, жекелеген тұлғалармен байланыс жасап, олармен түрлі сипаттағы қарым–қатынасқа түсетінін ескеру аса маңызды болып есептеледі.
Жоғарыда аталған функциялар көмегімен отбасы басқа әлеуметтік қауыммен экономикалық, идеологиялық, заңды, жалпы мәдени, эмоциялық және басқа да қатынастар орната, сонымен қатар, әлеуметтік әлеммен өзара байланысқа түсе отырып, қоғамның алғашқы бөлігі ретінде өзін танытады.
Қазіргі таңда аса маңызды және өзектілерінің қатарына күнделікті тұрмыстық–шаруашылық (экономикалық) функциясы да жатады. Бұл функция материалдық қажеттілікті қамтамасыз етуге (азық–түлік, тұрғын үй, киім, алғашқы қажеттілік заттары) бағытталған және отбасылық топтың барлық мүшелерінің денсаулықтары мен физикалық күш-қуатының сақталуын қамтамасыз етуі тиіс. Отбасының экономикалық функциясы мынадай негізгі компоненттерден тұрады: қоғамдық өндіріске қатысу, үй шаруашылығын жүргізу, отбасылық қаржыны қалыптастыру, тұтынушылық әрекеттерді ұйымдастыру болып табылады. Осы орайда, біздің ғылыми жұмысымыз нарық жағдайында жастарды отбасылық өмірге психологиялық дайындау болып таңдалуының өзі осы функцияға негізделіп отыр.
І.2 Шетел және Кеңес ғалымдарының отбасы және неке туралы зерттеулері
Адамзат баласының отбасындағы тәрбиесі қай ғасырдың болсын өзекті мәселелерінің бірі болды. Ежелгі антикалық дәуірден бастап ойшылдар отбасылық тәрбие мен отбасылық өмірге дайындық жасау мәселесіне ерекше мән берген. Соның бір дәлелін грек ойшылы Платонның көзқарастарынан табамыз. Оның пікірінше, адамдар отбасын құру үшін болашақ өмірдегі серігінің қандай отбасынан шыққанын, оның әке-шешесі мен ата-бабаларын жақсы білуі қажет деген тұжырым жасайды [40]. Ал, белгілі ойшыл Аристотель болса, «отбасы - адамдардың қарым-қатынастарының ең бірінші түрі және ол мемлекеттің бірінші кішігірім бөлігі» деп санаған [41].
Отбасы мәселесін көптеген шетел философ ойшылдары жан-жақты қарастыруға тырысты. Солардың бірі классикалық неміс философиясының өкілі Кант отбасындағы адамдардың құқықтық мәселелеріне көп көңіл бөлген. Ал, Фихте отбасының негізі-махаббат десе, Гегель бірінші болып отбасы мен некенің тарихи формаларын көрсеткен [41, 57б.].
ғасырдың екінші жартысынан бастап отбасы мәселесіне деген тарихи көзқарастар мен зерттеулер толықтырыла түсті. Мәселен, Л. Морганның 1877 жылы шыққан «Ежелгі қоғам» атты кітабында отбасының тарихы, оның некелі қарым-қатынасы, экономикалық, әлеуметтік дамуы және қызметі қарастырылған [42, 49б.]. Әлеуметтік және отбасылық тәрбиенің өзара байланысын дәлелдейтін зерттеулер де бар (А.Н. Ганичева [43, 48 б.]). Бұл еңбектерде отбасын тарихи категория ретінде қарастырып, оның формаларының байланысын және даму жолдары көрсетілді.
Француз ағартушысы Ж.Ж. Руссо [44], швейцарлық И.Г. Песталоцци [45], орыс педагогтары К.Д. Ушинский [46], Н.К. Крупская [47], А.С. Макаренко [48] т.б. еңбектерінде өздері өмір сүрген замандарына сәйкес отбасы тәрбиесін қарастырған.
Философиялық тұрғыда отбасы ұғымын қарастырсақ, қоғамның ажырамас құрамдас бөлігі, өмірде зор мәні бар кішігірім ұйым деп есептесе, әлеуметтану ғылымында отбасы - некеде және қандас туыстар негізінде құрылған кішігірім топ ретінде көрсетілген. Отбасының мүшелері бір-бірімен тұрмыстық және құлықтық жауапкершілікте бола отырып, өзара жәрдем көрсету қарым-қатынас сипатына ие, сонымен қатар, әлеуметтік құрылым ретінде қоғамның экономикалық базисінің дамуына байланысты өзгеріп, жекелей дербестікке ие болады деп көрсетеді [26].
Педагогикалық – психологиялық тұрғыда отбасы ұғымына сипаттама берсек, ата-ана мен балалар арасындағы, ерлі-зайыптылардың және басқа да оның мүшелерінің қарым-қатынасының тарихи нақты жүйесі болып табылады.
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде отбасына - неке мен қандас туысқа негізделген шағын топ деп анықтама берілген [49]. Отбасының ерекшелігі мынада: тұрмыстық жағдайдың ортақтығы, өзара көмек пен қолдау және өзара рухани жауапкершілік арқылы байланысқан.
Кез-келген отбасының өмір жағдайы материалдық және рухани құрылымдармен, тіпті құндылықтармен сипатталады. Оның табиғи-биологиялық және шаруашылық тұтыну қатынастары материалдық жағын білдірсе, ал, руханилықты құқықтық, адамгершілік және психологиялық қатынастар құрайды.
Отбасы мәселелері бұрынғы Кеңес ғалымдары В. И. Зацепин, В. Д. Цимбалюк [50], Ю.Е. Алешина [51], Г. К. Матвеев [52], Ю. И. Семенов [53], М.Земска [54], А. Г. Хрипкова [55], Р. Зидер [56], ал Қазақстанда С. Қалиев [57], Қ.Б. Жарықбаев [58], Ж.Б. Қоянбаев [59], С. Қоңырбаева [60], Д.Б. Оспанова [61], Қ.Ғ. Жүнісова-Елшібаева [62] секілді ғалымдардың еңбектерінде қарастырылған.
Жоғарыда аталған ғалымдардың отбасы туралы тұжырымдаларын қорытатын болсақ, ол қарсы жынысты адамдардың, яғни некелік негізде қосылған еркек пен әйелдің, олардың туған немесе тумаған балаларының, кей кезде басқа да бірге тұратын жақын адамдарының қарым-қатынастық және бірлестік формасы деген анықтама жасауға болады. Аталмыш авторлардың пікірінше бұл анықтама барлық отбасының кез-келген даму кезеңдерінің мәні мен сипаттарын білдіреді.
Дүниежүзіндегі әрбір халықтың салт-дәстүріне негізделген отбасылық өмір тарихы бар болатыны сөзсіз. Осы сияқты, қазақ отбасы да өзіне тән ерекшеліктермен сипатталады. Қазақтың отбасы мәселесіне орай бұрын-соңды жазылып, өз кезегінде баспа бетінде жарық көрмеген үлкенді-кішілі еңбектер, әдеттік құқық туралы жинақтар мен қазақтың ауыз әдебиеті мен фольклорындағы деректер де көптептің қасы.
Отбасы бір жағынан адамдардың өзінің ішкі өмірін, құпияларын, сырларын, қарсы тұрған сыртқы әсерлерден қызғанышпен қорғайтын тұйықталған бірлестік. Егер отбасының ішкі өмірін әлеуметтік ортаға ашық етсе, онда ол бірден ыдырап, дағдарысқа ұшырауы мүмкін, ал екінші жағынан, отбасы адамдардың бірлескен өмірінде қоршаған ортаға, қоғамға ашық және айқын бірлестігі болып табылады. Мұндай отбасының ішкі жағдайлары қоғам мәселелерімен қатар қарастырылса, онда оның шешімін ыдыратпайды. Бұл жағдай керісінше, отбасының дамуына қауіпсіздік және сақтану сезімдерін қамтамасыз ететін мүмкіндік туғызады.
Кез-келген отбасы қанша жерден тұйықталған, жабық және кейбір өмір сұру жағдайлары жеке, тіпті жасырын сипатта болғанымен ол қоғамсыз өмір сүре алмайды. Себебі, оның кез-келген мүшесі жан-жақты әлеуметтік топтарға, яғни өндірістік, оқу ұжымдарына, балалар және қоғамдық ұйымдарға, сонымен қатар сауда және денсаулық орындарына қатысты қарастырыла отырып, ондағы адамдармен өзара тығыз және кері байланыста болады.
Әлеуметтік маңызды институттардың бірі ретінде отбасы қоғамдық қарым-қатынасқа түседі және оның барлық өмір ағымына ықпалын тигізе алады. Отбасында адамдар тек қажеттіліктерін қанағаттандырып ғана қоймай, бірқатар әлеуметтік функциялар орындайды. Сондай-ақ, қоғамның әлеуметтік құрылымы мен оның бір бөлшегі болып табылады.
Отбасының әрбір мүшесі бір-бірімен тығыз байланыста, ерекше жанашырлық пен сүйіспеншілік сезімде болады. Олар бір-бірінің жеке өміріне және тағдырына елеулі түрде ат салыса алады. Бұл жерде бір немесе бірнеше ұрпақ отбасы болып іріктелінеді. Екі ұрпақты отбасының құрылымы мынадай: әйелі мен ерінің, әке мен шешенің, балалардың, ағалардың және қарындас, сіңілілердің рөлі негізделеді. Ал, үш ұрпақтық отбасыда ата мен әженің, ене мен атаның, күйеу бала мен келіннің, қайындар мен балдыздардың рөлі қосылады.
Отбасындағы ата-ана мен баланың қарым-қатынасы мен сезімдер сипатына ешкімнің шүбәсі болмауы тиіс. Отбасылық қарым-қатынаста оның әрбір мүшесінің рөлі ерекше болып табылады. Отбасында ана баланы өмірге әкеледі, оны ақ сүтімен тамақтандырып, әлдилейді және мәпелеп өсіреді. Анадан бала эмоциялық жылық пен махаббат сезімін сезінсе, ал, әке мен бала арасындағы қарым-қатынасқа әртүрлі көзқарастар мен тұжырымдар бар. Бір көзқарастарда балаға әкесі әйелі арқылы байланысады десе, екіншілері әке мен баланың байланысы тек экономикалық және эмоциялық қолдау деп есептесе, үшіншілері әкенің баласына деген ниеті, жасаған жақсылығы- олардың анасын сүюі деген тұжырымдарды ұсынады [63;64;65]. Қазіргі таңда әкенің рөлі қалай болса да ананың рөлінен кем болмауы керек. Бұл жағдай тек әр адамның жауапкершілік сезіміне тәуелді болып келеді. Себебі, қазіргі таңдағы жаһандану жағдайында, әсіресе еуропалану уақытында ұлттық құндылықтарымыз арқылы баланы тәрбиелеу басты мәселелердің бірі болып отырғаны белгілі. Отбасылық дағдарыстардың белең алуы көп жағдайда еліктеушілік қасиетімізге байланысты екені ешкімге күмән туғызбас. Сондықтан бала тәрбиесіндегі мәселелер, әсіресе отбасылық өмірге тұлғаның дайындығы ғылыми тұрғыда негізделуі керек. Бұл жағдайлар жоспарланбаған сәбилердің дүниеге келуінен, жас отбасылардың дағдарыс жағдайларының, жауапсыздық сезімдердің алдын алуға мүмкіндік беруі тиіс.
Көптеген еңбектерде ғалым-педагогтар мен психологтар балаға әке-шешесінің қарым-қатынасы мен олардың берген тәрбиесіне жететін дүние жоқ деп есептейді. Осы орайда, балалардың рухани үйлесімді тұлға ретінде қалыптасуы олардың отбасындағы сүйіспеншілік, кішіпейілділік, сыйластық, жауапкершілік, қайырымдылық, сезімталдық, т.б. адамгершілік қасиеттерінің даму негізіне байланысты болып табылады.
Сонымен, қандай да болсын, мейлі ол толық не жартылай болсын әрбір отбасының өзіндік даму тарихы бар. Жоғарыдағы айтылған ойлардан туындайтыны отбасы – бұл кішігірім мемлекет, әлеуметтік топ. Ол алғашқы адам баласы пайда болған кезеңнен бері қарай дамуда, бүгінгі күні оның сипаты мен мәні өзгеруде. Дегенмен ерте кезден-ақ, отбасын құру күнкөріс қамынан, ерлі-зайыптылық қарым-қатынастан және ұрпақ әкелуден бастап туындаған.
Бүгінгі күні отбасы құрамын анықтау мәселесінде отбасыға психологиялық көмекті ұйымдастыру теориясы мен тәжірибесі біршама күрделі сипатта болып отыр. Отбасы туралы танымал американдық отбасылық психотерапевт С. Минухин оның мүшелерінің дара биопсиходинамикасына қарағанда неғұрлым кең дүние деп есептеген [66]. Аталмыш ғалымның пікірінше отбасы мүшелерінің өзара әрекеті олардың трансакцияларын басқаратын нақты бір заңдылықтарға тәуелді болып табылады. Сонымен қатар, осы заңдылықтар отбасы құрылымын құрайды деп тұжырымдаған.
Белгілі ғалым Л.Б. Шнейдер бойынша, отбасылық топтың маңызды интегралдық сипаттамасы оның қызметі, құрлымы және динамикасы болып табылады [67].
Келесі мәселеде отбасының жүйелеріне тоқталамыз. Отбасы жүйесінің динамикасы оның өмірлік циклімен тығыз байланысты. Біріншісі–жұптар немесе ерлі–зайыптылар жүйесі болып табылады. Бұл некеге отырумен жүзеге асады. Мұнда ерлі–зайыптылар өзара әрекет жасайды және атқаратын рөлдерді қабылдауға не қабылдамауға бейімделу (аккомодация) процесі басталады.
Ата–аналық жүйе ерлі–зайыптылардың балалары дүниеге келген соң пайда болады. Өз кезегінде ата-аналар жүйесі өзгеріп отырады, сонымен қатар, балалардың жасерекшелігіне қарай бейімделеді. Сондай-ақ, ата–аналар жүйесі отбасындағы барлық өсіп келе жатқан балалардың қажеттіліктерін ескеруге міндетті болып табылады. Өз кезегінде жоғарыда аталған жағдайлар, әрине тек жасерекшеліктік ғана емес, дара – психологиялық сипаттамаларымен және жыныстық ерекшеліктерімен негізделген бірқатар қиындықтармен тығыз байланысты.
Ал, балалар жүйесі балаға тек «бала болу» мүмкіндігін тудырады, қатарластарының қарым–қатынасы енгізілмейтіндей құзіреттіліксіз және жауапкершіліксіз тәжірибелі қарым–қатынас жасауға болады. Балалардың қарым-қатынасы қатарластарымен және ересектермен өздігінен байланыс орнату үшін оған қажетті дағдылар мен әдеттерді қалыптастыруға мүмкіндік беретін ерекше тәжірибе алаңына айналады.
Жоғарыда атап отырған жүйелердің бөлініп шығуы олардың ішкі және сыртқы байланыстарын анағұрлым анық көрсетуге мүмкіндік береді. Ал бұл байланыстар отбасы құрылымын оның шекарасы тұрғысынан сипаттайды. Осы шекаралардың жүйелері олардың арасындағы және ішіндегі қарым–қатынастарды реттеуге жағдай жасайды. Мұндай шекараларды С.В. Ковалев қарастырды [68].
Отбасылық мәселе бойынша еңбектерін ұсынған Э.Г. Эйдемиллер бойынша, отбасының шеңберінде шекараның үш типі кездеседі: нақты, ригидтік, дуффуздық [69].
Қазіргі уақытта жастардың отбасыға және некеге деген қатынастары ерекше сипатта болып отыр. Өйткені көптеген бүгінгі жастар өз әріптестерімен қарым–қатынасқа түсуге, істі жауапкершілікпен орындауға үйренбей жатып, ойланбастан немесе неке құруға асығыс шешім қабылдайды. Нәтижесінде неке туралы пікірлері мен сенімдері дұрыс болып шықпайды. Көптеген зерттеулерде көрсеткендей, неке сәтті болуы үшін жастар жауапкершілікті ең басты орынға қоюлары керек. Кейбір жастар ерлі–зайыпты өмірдің бірінші жылында стресстік жағдайларға ұшырап, өмірлік қиындықтарға толық дайын емес болып шығады. Мұның салдарынан жас отбасылар дағдарысқа ұшырап, ажырасулар көптеп белең алып кетеді. Осы орайда, «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген нақыл сөзі еріксіз еске түседі. Алып ұшпа-сезімдерінің салдарынан жастардың бір-бірінің өміріне жауапсыздығы белең алып, «әкесіз бала», «жалғызбасты ана» деген ұғымдар белең алып отырғаны кімді де болса ойландырады.
Қазіргі нарық жағдайында жастарды неке құруға және болашақ отбасылық өмірге дайындау өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеуде басты міндеттердің бірі болып табылады. Көптеген ғалымдардың зерттеулерінде (Ю.Е. Алешина, А.И. Антонов, В.А. Борисов) жастарды белгілі бір жасқа келгенде отбасын құруға толығымен дайын деп есептеген. Дегенмен, әлеуметтік ортаның мәдени-тарихи динамикасына орай, өсіп келе жатқан жас ұрпақты отбасын құруға арнайы дайындық жүргізу қажет. Толып жатқан әлеуметтік, педагогикалық және психологиялық зерттеулер және этностық құндылықтар арқылы жастарды неке және отбасын құруға дайындау психологиялық жұмыстың басты мақсаты болып отыр.
Отбасылық өмір туралы жағымды көзқарастар жастарды тұлғалық үйлесімді дамуға және өмірлік бақытты етуге жетелейді. Жас отбасының тұрақтылығы олардың неке құруға психологиялық дайындығымен ерекшеленеді. Аталмыш жүйе тұлғаның әлеуметтік–психологиялық орнығуымен және ерлі-зайыптылардың өмірге деген эмоциялық–психологиялық қарым–қатынасымен анықталады. Ал кейбір ғалымдар неке мен отбасының тұрақты қарым–қатынасы неке құруға психологиялық дайындығымен байланысты деп көрсеткен (А.А. Бодолев, К.Бейкер).
Белгілі шетел ғалымы және индивидуалды психологияның негізін салушы А. Адлер некеге психологиялық дайындықтың сәтті болуы адам өмірінің стилімен және оның түптұлғасымен негізделеді деп тұжырымдайды [70]. Аталмыш ғалымның пікіріне сай бірнеше жылдан кейін оның махаббат пен некеге туралы пайымдауы толығымен өзекті болып шықты. Ғалымның пікірінше, махаббат пен некеге психологиялық дайын болу үшін ең алдымен әлеуметтік тұрғыда бейімделген болу керек. Шын мәнісінде тұлғаның махаббат пен некеге деген қабілеттілігі адам өмірінің алғашқы жылдарынан бастап-ақ қалыптасады. Ересек адамдар отбасында тұлғаның қасиеттерін тани отырып, алдағы уақытта қателіктер жібермеуге тырысады. Бұл ғалым әрбір тұлға шешетін өмірдің ерекше үш саласын немесе ерекше үш бағытын бөліп көрсетеді. Алғашқы екі сала жастық шақта неке мен махаббатқа дайындалуды үйретеді. Екі жастың арасындағы басты міндеттердің бірі неке болып табылады. Бірақ көп жағдайда жастар мұны жалғыз өзі немесе көп адамдардың шешімінен табуға үйреніп кетеді. Өйткені көп жағдайда жастардың өз бетінше шешім қабылдауларына іскерліктері жетіспей жатады. Ғалым өмірде дұрыс бағытты таңдау кәсіби істі және пайдалы әрекетті талап етеді деп санайды. Бұл қасиеттерден айрылған адам махаббат сезімімен өзгелермен қарым–қатынас жасауға әлі дайын болмайды.
Тұлғаның гуманитарлық теориясының негізін салушылардың бірі, шетел ғалымы Э. Фромм сүйе алу қабілеті туралы көзқарастарының орны ерекше [71]. Э. Фромм махаббатты сезіну және түсінуді, іскерлік пен тәжірибені талап ететін өмірге деген қызығушылықты белсендіретін сезім деп қарастырады.
Жоғарыдаға айтылған пікрілерге орай, өмірлік жар табу оңай міндет емес. Біреулерге жүз жігіттің біреуі ғана ұнаса, енді біреулерге бәрінің де бір міні бар сияқты болып көрінуі заңды құбылыс болып табылады. Өмірде екі нәрседен қателеспеу керек: бірі мамандық таңдау, екіншісі жар таңдау деген қағиданы жастардың арасынан жиі естіп жүрсек те, көп жағдайда албырт сезімдер оларды көптеген адасуларға жетелеп келе жатқаны белгілі. Дегенмен, отбасылық өмірге психологиялық дайындық барлық құбылыстардың жиынтығын біріктіретін интегралды категория:
-
тұлғаның отбасылық өмірдегі жұбайы мен болашақ балаларына, жаңа жүйедегі қарым–қатынасқа дайындығы адамгершілік қасиеттерін қалыптастырумен байланысты. Біздің пікірімізше бұл құбылыстар ерлі–зайыптылардың отбасындағы рөлдерімен жүзеге асырылады;
-
ерлі–зайыптылардың отбасылық өмірлері дұрыс қалыптасу үшін, олар өзара түсінушілік пен тұлғааралық қарым- қатынасқа психологиялық тұрғыда дайын болуы қажет;
-
отбасылық өмірде бір–біріне деген эмпатиялық қабілеттері болу керек. Және де өз сезімдеріне сай жақсы көретін адамына әрекет етулері маңызды рөл атқарады;
-
эмпатиялық құбылыс адамның ішкі жан дүниесі мен рухани қасиеттерімен байланысты. Бұл құбылыстың ерекшелігі отбасылық өмір тұлғаның нәзіктік күшін күшейтіп, ерлі–зайыптылардың эмоциялық қабілетін дамытады;
-
отбасылық өмірде тұлғаның мінез–құлқында жоғары мәдени эстетикалық сезімдері болады;
-
отбасылық өмірде кездесетін тұлғалық шиеленістерді конструктивті іскерлік арқылы шешу;
-
ерлі–зайыптылардың тұлғааралық қарым-қатынастарын дамыту үшін жастар бұл шешу процесін қолдануға болады.
Балалар өмір сүру барысында отбасы мен некеге деген қатынас нормаларын айналысындағы ересек адамдардан үйренеді. Оларда адами қадір–қасиет, достық, жолдастық және шынайылық қасиеттері балалық шақтан бастап дамиды. Бұл қасиеттер адамдағы ең жоғары сезімдердің бірі махаббатты елестетуге және неке мен отбасылық қарым–қатынасты қалыптастыруға жол көрсетеді. Дегенмен, өмір талабының өзгеруіне байланысты бұл өте бағалы механизм білім беруде жеткіліксіз болып табылады. Әрдайым даму процесінде болады. Сондықтан да қазіргі таңда өсіп келе жатқан ұрпақты мектепте педагогтар және отбасында ата–аналары болашақтағы отбасылық өмірге психологиялық тұрғыда дайындауы қажет. Яғни, болашақта отбасын құрған кезде ата–ананың міндеттері қандай? Баланы қалай тәрбиелеу керек? Осы сұрақтар төңірегінде әрдайым ой қозғап, ол туралы сауатты мәлімет беру басты міндеттердің бірі болуы тиіс.
Ал, ғалым И.В.Гребенниковтың пікірінше, өсіп келе жатқан ұрпақты отбасылық өмірге дайындауда келесі негізгі ерекшеліктерді жүзеге асыруға болады [72]:
Біріншіден, әлеуметтік ерекшеліктер - отбасында ата–аналар мен ерлі–зайыптылардың рөлдерін, бағалауларын, белгілерін неке мен отбасындағы қарым–қатынастың қоғамдық маңызын ашады;
Екіншіден, адамгершілік–эстетикалық ерекшеліктер - жауапкершілік,
шынайылық, ұстамдылық, мейірімділік, инабаттылық қасиеттерді бойға сіңіре отырып, кіші және үлкенді, ана мен әкені сыйлауға, адамдармен достық қарым–қатынаста болуға тәрбиелейді;
Үшіншіден, заңи ерекшеліктер - заңды түрде неке мен отбасының негізгі заңдылықтарына сүйенеді. Отбасының жалпы заңына сай ерлі–зайыптылар қоғам мен балаларына, бір-біріне деген міндеттерді білуі керек;
Төртіншіден, психологиялық ерекшеліктер - неке мен отбасылық өмірдің психологиялық негізі. Ерлі–зайыптылар отбасылық өмірде бір–бірінің психологиясын түсінумен қатар, сезімдерін дамытып, қарым-қатынас дағдыларын игеру қажет;
Бесіншіден, физиологиялық ерекшеліктер - ерлі–зайыптылардың жыныстық өмірімен ерекшеленеді;
Алтыншыдан, педагогикалық ерекшеліктер - отбасында баланы тәрбиелеуде маңызы зор. Ата–ананың педагогикалық сауаттылығы мен мәдениетінің жоғарлауы отбасылық тәрбиелеуді қалыптастырумен байланысты;
Жетіншіден, шаруашылық–экономикалық ерекшеліктер - ерлі–зайыптыларды үй–шаруашылығын, мәдени тұрмысты және отбасы қаржысын жұмсауға үйретеді.
Жоғарыдағы айтылған ерекшеліктерді ескере отырып, өсіп келе жатқан ұрпақты, яғни жастарды отбасылық өмірге психологиялық дайындау қоғамда маңызды рөл атқарады. Мұндағы әрбір ерекшеліктер жастарды жан–жақты тәрбиелеуге өз үлестерін қосады. Жастарды отбасылық өмірге тәрбиелеудің барлық жақтары әлеуметтік–педагогикалық және психологиялық факторлармен ерекшеленетіндігі белгілі. Сондықтан жастарды отбасылық өмірге дайындау өзара әрекетті қажет етеді. Бұл айтылған мәселелердің барлығы жастардың отбасылық өмір туралы көзқарастары мен сезімдерінің қалыптасуымен байланысты болады.
Қазіргі қоғамда жастарды отбасылық өмірге және некеге психологиялық жағынан дайындау басты міндеттердің бірі екендігін жоғарыда айтылған болатын. Біздің жұмысымызда отбасылық өмірге этностық құндылықтар арқылы психологиялық дайындау мәселесі қарастырылады. Өйткені ересек адамдар әсіресе жастар отбасы адамға не үшін керек деген сұрақты сирек қояды. Бүгінгі жаһандану жағдайында “отбасы” ұғымы әрбір тұлға үшін әртүрлі мағына береді. Отбасы ұғымы бала үшін ата-ана және аға-апа, бауырларына байланысты қарастырылады, яғни оның тәрбиесіне қатысатындар арасындағы қарым-қатынас болса, ал жастар үшін некелескеннен кейін өзіне және оның жарына, содан кейін болашақ балаларына қатысты саналанады.
Отбасының сансыз көп құбылыстары тұлға сипатына әртүрлі мағына береді. Отбасы адамның психологиялық–физиологиялық жайлылығын толығымен қамтамасыз етеді және жоғарыда атап өткен эмоциялық функциясын атқарады. Отбасында әрбір тұлға өзін керек екендігін сезінеді. Өмірде кездесіп жатқан көптеген адамдардың келеңсіз жағдайларға түсуі өзін керексіз сезінуінен басталып отыр. Осы орайда, отбасында әрбір адам өзін бірегей, қайталанбас және қамқорлыққа ие, сонымен қатар өзінің қажет екенін сезінуі керек.
ҚР отбасы және неке туралы Заңына байланысты қазіргі жастар арасындағы неке құру үшін қажетті жағдай - екі қарсы жыныстың кәмелетке келуі, яғни 18 жасқа толуы болып есептеледі [73]. Қазіргі таңда ата–аналар да негізінен осы жас мөлшерін дұрыс деп есептей отырып, бұл жас кезеңіне дейін қызын ұзатуға және ұлын үйлендіруге асықпайды. Себебі, әрбір ата–ана өз балаларының оқу бітіріп, өз бетінше өмір сүруге дайын болған кезінде ғана жеке отбасылы болуын қалайды. Олай болса, қазіргі күнде орта мектепті 17 – 18 жасқа, ал жоғарғы оқу орнын негізінен 22 – 23 жасқа толғанда бітіретіндіктен, оның үстіне өзіне өмірлік жар таңдау жастардың өз еркінде болғандықтан, неке құру жолы бұрынғымен салыстырғанда әжептәуір жоғарылады. Жинақталған деректерге қарасақ, қазіргі жастардың арасында алғашқы неке құру жасы негізінен 18–25 аралығында болып отыр. Кейбір әлеуметтік және психологиялық жағдайларға байланысты бұл аралықтан әрлі–берлі ауытқуы да мүмкін. Көп жағдайда қыздар негізінен 20 жасқа дейін тұрмыс құруды дұрыс деп санаса, ер азаматтар Отан алдындағы борышын, яғни, әскер қатарында қызмет еткеннен кейін барып отбасылы болуды қалайды. Мұның өзі қазіргі заман талабына байланысты қалыптасқан заңдылық іспеттес десек қателеспеген болармыз.
Соңғы кездегі дерек көздеріне сүйенсек, неке құратын жастар негізінен бірге оқу немесе жұмыс істеу арқылы ұзақ бірін–бірі біліп, өзара сынасып, ұнатысу, бір-бірінің қырларын ұғынысудың нәтижесінде отбасын құру арқылы өз тағдырларын ұштастыруға келіседі. Әдетте жастар арасындағы мұндай ұзаққа созылған достық қарым-қатынасты екеуінің де ата-аналары хабардар болады. Сондықтан болашақ отбасын құруға ниеттенген қыз да, жігіт те әке–шешесімен ақылдасып, олардың келісімін ала отырып, өздері де өзара уәделеседі. Әрине, шешім қабылдауда шешуші дауыс әрқашан жастардың өзінде қалатыны сөзсіз. Алайда, осы жайттарды ескере келе, жастардың отбасыға және некеге деген қатынастары әртүрлі болып келеді. Жоғарыда айтылған мәселелердің барлығы заман талабына сай өзгеріске ұшырап, жаңа сипатта және бағытта көрініс тауып отырады. Бұл әсер етуші факторлардың динамикасына тәуелді болып табылады.
Көптеген отбасы мәселесімен айналысқан мамандар жастардың некеге және отбасыға деген қатынастарын талдады (А.Зейнеп, Д.Б. Оспанова). Отбасы жағдайы және онда жүргізілетін тәрбие мәселесімен айналысқан зерттеушілер отбасының және некенің тұрақтылығының басты шарты тұлғалардың адамгершілік деңгейі деп есептейді. Шын мәнісінде адам санасында белгілі адамгершілік қасиеттердің даму деңгейі отбасы сферасы үшін маңызды болып табылады. Дегенмен, қазіргі таңда жастардың отбасын құруға деген жетекші мотивтерінің бірі махаббат екені белгілі. Осы отбасын құрудың басты мотиві махаббат болса, жастар бұл ұғымның мағынасын әртүрлі түсінеді, сезінеді және бағалайды.
Ғалым Т.А. Флоренская «махаббат» ұғымының үш түрлі мағынасын бөліп көрсетті [74]. Бұл ұғымдарға сипаттама беретін болсақ, біріншіден, махаббат- жыныстық құмарлық, екіншіден, махаббат-сүйікті болу қажеттілігі, үшіншіден, махаббат өзгеге бағытталған доминантты қарым-қатынас.
Келесі кезекте біз осы ұғымдардың мағынасына талдау жасап көрелік. Гипертрофиялық жыныстық құмарлық ретінде махаббат адамның барлық өмірлік күшін тартымды етіп, өзінің нәпсісінің құлы етуге дейін апарады. Бұл жағдай адамның рухани және психологиялық дамуының тосқауылы бола отырып, ішкі және сыртқы шиеленістердің тамыр жаюына себептігін тигізеді. Балалардың психикасының дамуына ерлі–зайыптылардың жағымсыз, әрі дөрекі қарым–қатынасы қатты әсер етеді. Т.А.Флоренскийдің пікірінше, мұндай адам отбасын құруға қабілетті емес, оларда тек жыныстық қажеттілікті қанағаттандыруда әріптесті алмастыру ниеті өте күшті басым болады. Соңғы кездегі психологиялық зерттеулерде отбасындағы жоғарыдағы айтылған жағдайды “сериялық моногамия ” ретінде сипаттайды.
Сүйікті болу қажеттілігі ретінде махаббат балалық шақтан бастап туындайды. Бірақ көбінесе адамның сүйікті болуға деген қажеттілігі тек өзіне ғана бағытталған болуы да ғажап емес. Жоғарыдағы айтылған тек біржақты қажеттіліктер балалық шақта өзіне және өзгеге қанағаттанбаушылық пен жоғары мазасыздық сезімін ұялатуы мүмкін. Осы орайда, эгоцентрикалық және невротикалық қажеттіліктер өзіне деген махаббатты талап етеді. Сүйікті болу қажеттілігінің жоғарлауы сәтсіздікке қарай итермелейтін реакцияларды туындатады. Махаббат қарым-қатынасындағы тұрақсыздық, өзгені жақсы көре алмау қабілеті, сүйікті болу қажеттілігінің күшеюі қарқынды қызбалықты туындатады. Мұндай адамдар отбасылық өмірде үнемі қарым-қатынасты анықтаумен болады. Отбасылық өмірге қатысты жауапкершіліктерді, міндеттерді көбінде атқармайды.
Махаббаттың үшінші сипатында, яғни, басқаға доминантты қарым-қатынаста жақсы көру қабілетінің жоғары болуы өзіне және отбасына сенімділік тудырады. Сүйікті адамының өзін жалықтырмағандығы қарым-қатынасты тереңдете және нығайта түсетіні анық. Бұл жағдайда сүйіктілер әрдайым бірге болуды қалайды, оларды тек ажал ғана ажырата алады деп санайды.
Адамзат өмірінде отбасы қарсы жынысты екі жас үшін, тіпті материалдық экономикалық жағынан ата–аналарына бағынышты болса да елеулі іс болып табылады. Неке туралы сөз қозғағанда жастардың отбасылық әлеуметтік институтқа дайын болу жағдайы мен деңгейін анықтауды ұмытпауымыз қажет. Себебі, бұл ұғым біржақты ғана емес. Психологтардың көзқарастары бойынша (В.П. Левкович, С.В. Ковалев) тұлғаның отбасына деген адамгершілік–психологиялық дайындығы әлеуметтік стандартты және мінез–құлық ерекшеліктерінің толық жиынтығын талап етеді. Осы арқылы тұлға отбасылық өмірді реттейді. Адамгершілік-психологиялық дайындығына төмендегі жағдайлар жатқызылады: өзінің отбасылық әріптесі мен болашақ балаларының қылықтарына жауапкершілікті мойнына алуға үйрену, жаңа жүйедегі ерекшеліктерді қабылдауға дайын болу; отбасы мүшелерінің қадір–қасиетін және құқығын түсіну, тұлғааралық қарым–қатынаста тепе-теңдік принципін сақтау; өз жұбайымен күнделікті қарым-қатынас жасау, қарама–қарсы жыныс өкілімен өзара әрекет ету, өз кезегінде жоғары мәдени адамгершілікті жорамалдау; басқа адамның мінез–құлық ерекшеліктерін және оның психологиялық жағдайын және денсаулығын түсіну.
Ресей ғалымы В.С. Торохтий жоғарыдағы талаптар әртүрлі деңгейде жүзеге асады деп санайды [75]. Аталмыш ғалым бұл деректердің негізінде “некеге деген қабілеттілік” ұғымының бірнеше пайымдауларын ұсынды:
-
Басқа адамға аянбай қызмет ету, қамқорлық көрсету қабілетінің болуы,
жақсылық жасау;
-
Сезіну, уайымдау, қайғыру қабілетінің болуы, яғни осы арқылы
жұбайының эмоциялық әлеміндегі қуаныш пен қайғыны, уайым мен сәтсіздікті, жеңілу мен жеңісті түсіне алу. Демек, басқа адамның рухани бірлігін табу;
-
Кооперация, әріптестік, тұлғааралық қарым–қатынасқа деген қабілеттілік.
Үй шаруашылығын жайластыру мен тұтынуды ұйымдастыру. Әртүрлі еңбек түрін дағды мен іскерлік арқылы жүзеге асыру;
-
Әлеуметтік ортада жоғары психологиялық және этикалық мәдениеттің,
шыдамдылық пен төзімділіктің, ақкөңілділік пен мейірімділіктің басым болуы. Өзгелердің жетіспеушілік және таңқаларлық қасиеттерін қабылдау негізінде өзіндік эгоизмге үстемдік етеді.
Бұл барлық қабілеттер адамның іскерлік көрсеткішінің өзіндік мінез–құлқының сәйкестілігімен жағдайына байланысты тез өзгеріп отырады. Мұны шыдамдылық, тұрақтылық және өзінің мінез-құлқын алдын ала болжау немесе келісімге келу қабілеті деп атайды.
Отбасы психологиясында өзіндік зертттеулер жүргізген аталмыш ғалым өмірде әрбір тұлғаның отбасын құруға дайындығын маңызды жағдайлардың бірі деп белгілеп қояды. Ол отбасының беріктігі көптеген факторларға байланысты деп тұжырымдаған. Өйткені, отбасын күрделі психологиялық және физиологиялық ерекшеліктері бар қарсы жынысты тұлға құрады. Некеде болатын адамдардың әлеуметтік–психологиялық қарым–қатынасы толығымен кемелденген болуы керек. Оның пікірінше, психологиялық кемелдену эгоизм мен агрессивтілікті жойып, керісінше ерлі–зайыптылардың қарым–қатынасының үнемі өзіндік жетілуіне бағыттала отырып, өзіндік қателіктерін сезінуге қабілеттілігін арттырады.
Достарыңызбен бөлісу: |