Сарузенова Айгерім Әбдіқадырқызы Нарық жағдайында этностық құндылықтар арқылы студенттерді отбасылық өмірге психологиялық дайындау


І. 3 Этнопедагогика мен этнопсихологиядағы отбасы мәселесі



бет3/7
Дата13.06.2016
өлшемі0.97 Mb.
#134073
1   2   3   4   5   6   7

І. 3 Этнопедагогика мен этнопсихологиядағы отбасы мәселесі
Қазақ этнопедагогикасы мен этнопсихологиясындағы отбасы тәрбиесі туралы педагогикалық-психологиялық көкейкесті мәселелерді шешуде алдымен тарихи зерттеулерге талдау жасап көрелік.

Этнопедагогика және этнопсихология мәселесі зерттеу жұмысының тақырыбына байланысты, яғни этностық құндылықтар негізінде отбасылық өмірге жастарды дайындау туралы болып отырғандығында екендігін ескерсек, алдымен тарихи мағлұматтарға тоқталып соңынан салт-дәстүр, әсіресе діни дәстүрлер мен ұйғарымдардың ықпалдастық дәрежесін қарастыруға болады.

Сыр өңірінің абызы Қорқыт атаның мұрасындағы отбасылық тәлiм-тәрбиелік өсиет бүгiнгi өскелең ұрпақ үшін де аса маңызды. “Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман... Менмен, тәкаппар адамды тәңiрi сүймейдi... Ақылсыз балаға ата дәулетiнен қайран жоқ... қонағы жоқ қараша үйден құлазыған тұз артық», - дейдi ұлы Қорқыт баба [76].

Сан ғасырлар бұрын ата-бабамыз өмiр сүрген ұлан-ғайыр өңiрдiң қысқаша тарихи-географиялық сипатындағы отбасылық тәлім-тәрбиесінде тұтас халық жөнiнде әлi де болса толық анықталмаған жәйттер аздың қасы. Болашақта тәуелсiз елдiң тарихшылары, әдебиетшiлерi, лингвистерi, археологтары қазақтың қанына сіңген этнотарихи сипатына тән этностық құндылықтарымыздың тың деректерімен толықтыра берерi сөзсіз. Бiздiң зерттеуiмiздiң шеңберi этностық құндылықтар арқылы жастарды отбасылық өмірге дайындау болғандықтан бүгінгі күні ғылыми еңбектер, әсіресе мемлекеттік тілдегі зерттеулер жоқтың қасы. Жастарды ұлтымыздың қанына сіңген құндылықтар, яғни тіліміз, дініміз, діліміз және салт-дәстүрлеріміз пен ырым тиымдарымыз негізінде болашақ отбасын құруға дайындау бүгінгі күні өзінің өзектілігін туындатып отырғаны белгілі.

Этностық құндылықтар болып саналатын халықтық әдет-ғұрып, салт-дәстүр ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан кез-келген ұлттың өзiне тән сипатын айқындай түсетiн асыл қасиеттер болып табылады. Этнопедагогика осы әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлерде мәңгi қалған педагогикалық мағлұматтар мен тәрбиелеу тәжiрибесiнiң жиынтығы болса, этнопсихология әрбір ұлттың психологиялық ерекшеліктерін және өмір жағдайларының психологиялық негіздемелерін ұсынады [77;78].

Бүгінгі күннің ағымы қоғамдағы отбасының рөлi мен оның жай-күйiн елеулi өзгерiстерге ұшыратып қоймай, сонымен қатар, олардың қызмет аясына, сипатына және мазмұнына едәуiр ықпал етiп отырады. Бұларға төмендегi жайларды жатқызуға болады:

- әлеуметтiк институттар (бiлiм беру мекемелерiнен өзге) негiзiнен тәрбие процесстерінен алшақтаған жағдайда ата-аналардың қызмет аясы отбасылық шаруашылықты жүргiзумен ғана шектелiп қалмайды, жауапкершiлiктiң едәуiр ауқымы ата-аналарға түседi;

- коммуникация құралдары арқылы аса кең көлемде жүргiзiлiп отырған шетелдiк мәдениеттiң әсер-ықпалы көп жағдайларда халқымыздың ұлттық құндылықтарына және тәрбиесiндегi идеалдарға түбiрiмен қарама-қайшы келедi;

- әрбiр халықтың мәдениетi мен дәстүрлерiн өркендетуде ұлттық құндылықтарды орнықтыра түсу аса қажет.

Жоғарыдағы айтылған мәселелерге байланысты этнопедагогика мен этнопсихологияға негізделген зерттеулерді, сондай-ақ, зерттеу өзегі болып отырған отбасылық тәрбиенi уақыт талабына сай жаңа қырынан жандандырып, оның теориялық негiзi мен практикалық нұсқау-кеңестерiн байыта түсумен қатар, жастарды оған психологиялық дайындау аса маңызды болып табылады [79; 80].

Халқымыздың этнопедагогикасында және этнопсихологиясында жастарды болашақ отбасына дайындауда бай әрі тиімді тәжiрибе жинақталғаны айқын көрінуде. Оны қазiргi заман талабына сай әрі күнделiктi болып жатқан отбасылық тыныс-тiршiлiкте пайдалану қазақ халқының рухани-адамгершiлiк әлеуетін байыта түсуге өлшеусiз үлес қосары айқын.

Қазақ халқының мәдениетi жөнiнде толық түсiнiк алуымызда дiни дәстүрлер мен қағидаларды ғылыми түрде ой елігiнен өткiзудiң елеулi әсер етер маңызы бар. Оның үстiне қазіргі таңда қазақ отбасының көптеген дiни дәстүрлерi мен қағидалары этнопедагогика мен этнопсихологияның бөлшектерімен тығыз байланыса келе халықтың тұрмыс-тiршiлiгiне тереңдей бойлап, оның ажырамас бөлiгiне айналып отырғаны сөзсіз.

Егер де археологиялық және өзге де тарихи ескерткiштер мәлiметтерiнiң негiзiнде қазақ халықтарының дiни наным-сенiмдерiнiң генезисiне тарихи тұрғыда ой жүгiртер болсақ, мәдениет сияқты, оның да қат-қабаттар мен қыр-сырлары бары анық.

Жастарды отбасылық өмірге діни көзқарастар арқылы дайындау да болашақ оған деген қатынастың жағымды көріністерін берері даусыз. Ислам дiнi идеология ретiнде елеулі түрде қазақ халқының көзқарасын қалыптастыруда аса маңызды ықпал тигізді. Қазiргi кезде дiни ұғымдар мен түсiнiктер көптеген қазақ халқының отбасыларына тән болып келедi.

Халқымызда дiни мәдениеттiң бiлiм беру мен рухани сана-сезiмдi дамытудағы, салт-дәстүрлердi қолдап отырудағы, тұрмыс-тiршiлiгiміздің өмiрлiк бейнесiн ұйымдастырудағы, ұлттар арасындағы өзара келiсiм мен мейiрбандықты қалыптастырудағы рөлi орасан зор болып отыр [82]. Сондықтан да оның идеялары мен ықпалдары өскелең ұрпақ тәрбиесiнде, жоғары өнегелi тұлғаларды қалыптастыруда, рухани-адамгершілік қасиеттерiн орнықтыруда барынша молынан пайдалану қажеттiгi туындайды. Қазақ халқында дiни қарым-қатынастың, өнегелiлiктiң қарапайым нормаларын насихаттауда, жоғары деңгейдегі өнегелiк, рухани тазалық қасиеттерiне негiзделген неке қатынастары мен отбасылық арқауды қалыптастыруда, ондағы бала тарбиесіне зер сала қараушылық аса маңызды рөл атқарып келедi.

Біздің зерттеуімізде қарастырылып отырылған мәселеде ислам діні iлiмiндегi отбасы тiрлiгiне жүргiзiлген қысқаша зерттеулер, мұнда қазiргi заманда аса пайдалы болып есептелетiн педагогикалық және психологиялық ой-пiкiрлер мен ұстанымдардың бар екенiн нақтылай түседi. Сондықтан да педагогикалық және психологиялық тұрғыдан алғанда ислам дiнi жастардың отбасылық тәрбиелiк дәстүрлерiн жаңғыртуда, байыта түсуде, сөйтiп, оны болашақ отбасылық өмірге қазақ халқының көзқарасы рухында тәрбиелеу бағытындағы әдiстемелiк нұсқау-кеңестер түрінде қалыпты жүйеге келтiру аса маңызды міндеттердің бірі болып табылады.



Қазақ халқының отбасы тәрбиесіне елеулі үлесін қосқан педагог-ғалым Қ. Бөлеев өз еңбегінде жастардың бойындағы жеке дара тұлғасын жан-жақты қалыптастыру үшін отбасындағы тәрбиенің маңызын ерекше екенін атап көрсетеді [83].

Бүгінгі таңда жалпы әлемдегі қоғамдық қайғылы қасіреттер: тастанды балалар, зағип балалардың көптеп кездесуі, отбасындағы жанжалдарға куә болып отырған әжелер мен аталардың қайғысы, ішкілік пен нашақорлық жолына салынған жастар, қаулаған қылмыстық әрекеттер, сыбайлас жемқорлық, мектептердегі оқу-тәрбие жұмысының, іс-шараларының күрт төмендеуі, жағымсыз әдеттерге бой ұрған ұлдар мен тәрбиесіз қыздар, ата-ананы құрметтемеу, ата-ана намысын аяққа таптау, ата-ананың бала тәрбиесіне салғырт және ат үсті қарауы, өз тілін, дінін, тарихын, әдебиетін, мәдениетін, салт-дәстүрлерін білмейтін және олардан мүлдем хабары жоқ жастар, тұрмыс-тіршіліктің нашарлауы, өмір сүрудің қиындауы, көп кездесіп жатырған жұмыссыздық, табиғат жағдайларының нашарлауы, т.б. ұлттық тәрбиенің болмауынан пайда болған құбылыстар деп санасақ қателеспеген едік. Осы жоғарыда қозғалып отырған мәселеде қазақ халқы отбасында және ислам дініндегі тәрбие мен мектепте ұлттық тәрбие алған болса, бұл қайғы-қасіреттер болмас екендігі анық еді. Бүгінгі күні тәрбиенің негізгі діңгегі ұлттық тәлім-тәрбие мен ислам тәрбиесі болуы тиіс. Осыдан кейін ғана жоғарыда аталған құбылыстарды болдырмауға және одан құтылудың нық сенімді жолдары пайда болады [84].

Бұл жағдайлардың негізгі себебі — елдегі орын алып отырған әлеуметтік-экономикалық, яғни нарықтық жағдай. Алайда, отбасы өміріне тек қоғам әсерін тигізбейді, отбасының да қоғамға тигізер әсері зор. Сондықтан да, қазіргі таңда жастарды отбасылық өмірге психологиялық дайындаудағы басты педагогикалық іс-әрекеттер олардың отбасы-некелік өмір туралы көзқарастарын қалыптастыру үшін ең алдымен жоғары сынып оқушыларынан бастап қазақтың салт-дәстүрлерін және ислам шарттары мен амалдарын олардың бойларына қалыптастыру, және де тарихи құндылықтармен таныстыру, отбасы-некелік өмір туралы толық білім беру және отбасы-некелік өмірдегі үлгілі іс-әрекеттерге тәрбиелеу болып табылады.

Айтарлықтай көп жылдар бойы мектеп бағдарламасында жоғарыдағы айтылған мәселеге тиісті пән тіпті қарастырылмаған. “Отбасы өмірінің әдебі және психологиясы” арнаулы курсының ашылғандығы қуантарлық, дегенмен қазіргі кезде ол пәннің болуы да, болмауы да мүмкін.

Ғалым В.Н. Панферов өз зерттеулері нәтижесінде ұсынған еңбегінде мына қызметтердің талдауын ашып береді: гуманистік, кәсіптік-экономикалық, әлеуметтік саяси, мәдени-тәрбиелік және отбасы өміріне даярлау қызметі [85]. Бірақ, соңғы қызметі оның еңбегінде тек аталып ғана қойылған, ал оның талдауы іс-жүзінде берілмеген. Осы орайда, отбасылық өмірге дайындау мәселесінің біздің зерттеулерімізде қарастырылуы жұмысымыздың құндылығын арттырып отыр.

Ал, қазақстандық ғалым Х. А. Арғынбаевтың пікірінше әр қоғамдық формациядағы әлеуметтік өзгерістер отбасы мен некелік өмір сипатына да әсер ете отырып, өзгереді және жаңарады деп тұжырымдалады [86].

Жоғарыда айтылып отырған бұл жағдайлар отбасы мен неке өміріндегі мәселенің, оның дамуындағы тарихының үлкен қоғамдық мәселелер екендігін айқындай түсетіні анық. Мұны зерттеу ісіндегі ғылым алдындағы аса жауапты, өте қажетті, әлеуметтік мәні бар үлкен мәселенің бірі болып есептелінеді.

Қазақстандық педагогика ғылымының дамуында өзіндік үлесі бар Ж. Қоянбаевтың еңбектерінде осы отбасы жайлы, оның құқықтық және адамгершілік негіздері, отбасы тәрбиесі, оның ерекшеліктері, отбасы тәрбиесі процесінде кездесетін және көп мөлшерде орын алатын қателіктер, оларды болдырмаудың жолдары мен әдіс-тәсілдері және жастарды отбасы-некелік өмірге даярлау мен әзірлеу мәселелері тұжырымдалады [87]. Сондай-ақ, отбасылық өмірге дайындаудағы тәлім-тәрбиені жетілдірудің тағы да бір басты шарты — ата-аналарды оқыту мен білім беру жүйесін өрістету, мәдени дәрежесін көтеру болып табылады. Осыған орай, қазіргі таңда ата- аналарға психологиялық-педагогикалық білім берудің ең негізгі формалары мен мазмұнына үлкен мән беріліп келеді.

Келесі қазақстандық ғалым Р.М. Қоянбаевтың еңбектерінде халық педагогикасында жастарды болашақ некелік- үйелмендік өмірге дайындау ана мен әкенің басты міндеттерінің бірі болып есептелінеді деп тұжырымдалған [88].

Отбасындағы ерлі-зайыптының бірлігі, ынтымақтастығы мен сүйіспеншілігі, татулығы мен өмірге деген жаңа және қызығушылық көзқараспен қарауы, бір-біріне жылы сезімі мен қамқорлығы, ата-анаға деген ізеттілігі, олардың өзара адамгершілік қарым-қатынастарын байытады.

Жоғарыда атап өткендей мұндай үйелмендік өмір балаларға өнеге көрсететін, қуаныш пен шаттықа бөлейтін ұстамды, берік, бірлікті, баянды, бақытты әлеуметтік отбасына айналуы тиіс. Қазақ халқында қазіргі кезеңнің өзінде де балаларды болашақ үйелмендік өмірге яғни болашаққа нық сеніммен қарауға, өзіне деген болашағына деген сенімділікпен қарауға даярлау — ана мен әкенің тікелей борышы болып есептелінеді.

Көптеген зерттеулерде қазақ халқының отбасылық тәрбиесі бойынша бағдарлама құру мәселесін қарастыру керек деген тұжырым жасалынған [89, 56].

Сонымен, жастарды отбасылық өмірге психологиялық дайындауда этнопедагогика және этнопсихология саласының зерттеулері жүйеленіп, талдама жасалатын жағдайлар отбасына жағымды қатынас пен дұрыс пікірлердің қалыптасуына мүмкіндік берері сөзсіз.

І бөлім бойынша тұжырым
Бұл бөлімде біз кеңес шетел және отандық отбасы психологиясындағы ғылыми тұжырымдамаларға теориялық талдау жасалды. Отбасының негізгі функцияларына, отбасылық қарым-қатынас, рөлдік сипатына түсінік беріліп, салыстырмалы түрде жүйеленді. Отбасы туралы ғылыми-зерттеулерге талдау жасап, этнопедагогика және этнопсихология саласындағы іргелі тұжырымдамаларға салыстырмалы талдау жасадық. Бірқатар зерттеулерде отбасына жағымды қатынас таныту балалық шақтан қаланады деп тұжырымдалады. Балалық шақта адамгершілік қасиет ата-ананың балаға қатынасына, олардың өз басына деген қатынасына тәуелді.

Жастарды отбасылық өмірге психологиялық дайындауды этностық құндылықтар арқылы негізделуіне орай ұлтымыздың рухани қазынасы сараланып, жағымды қатынас туындату жағдайы қарастырылды. Отбасында әке мен ананың қарым-қатынасы тұлғаның болашақтағы отбасы егесі ретінде қалыптасуының негізі болып табылады.

Әрбiр қоғамдық-экономикалық формацияның даму кезеңiнде, тақырбымыздың өзегінде бар мәселе нарық жағдайында өзiндiк салт-дәстүрлер жүйесi болады. Бұл өзiндiк салт-дәстүрлер жүйесі экономикалық қатынастардың сипатына сәйкес өскелең ұрпақтың рухани жан-дүниесiн қалыптастырудың маңызды құралы қызметiн атқаруы тиіс. Ұжымдардың рулық-тайпалық қызметiн ұйымдастырудың қажеттi формасын қалыптастырып, әлеуметтiк тәжiрибенi жинақтап, оны өскелең ұрпаққа таратудың әдiс-тәсіліне айналып отырды.

Қазіргі таңда білім беру жүйесі қызметінің бір саласы ретінде жастарды отбасылық өмірге психологиялық тұрғыда дайындауды зерттеу үшін оның мәселелерін, ондағы қиындықтарды, пайда болу жағдайын, эволюциясын білу қажет. Сонымен қатар, басты мәселелердің бірі ретінде этностық құндылықтар негізінде зерттеу жүргізу бүгінгі таңдағы құнды материалдарды ұсынатыны сөзсіз.

Қазақстанның бүгінгі таңда өзгермелі, даму шаралары үстіндегі әлеуметтік жағдайында отбасының даму процесін бақылап отыру және жас ұрпақты отбасылық өмірге деген жағымды көзқарастарын туындатуды ескере отырып жүзеге асыру өте маңызды шарттардың бірі болып есептелінеді. Жастарға болашақтағы отбасының не екенін, оның қандай түрлері болатындығын, жас отбасының қандай әлеуметтік қызмет атқаратынын, сол қызмет тарихи процессте, қалыпты жағдайларда қалай өзгеріп отыратынын және отбасы мәселелерінің даму болашағы қандай екенін білмей, болашақ отбасы иелерін даярлауда тиімді ықпал етуге болмайды.
ІІ. Нарық жағдайындағы жастарды отбасылық өмірге этностық құндылықтар арқылы дайындаудың теориялық мәселелері

ІІ.1 Жастарды отбасылық өмірге психологиялық дайындауда әлеуметтенудің рөлі
Жастарды отбасылық өмірге дайындауда әлеуметтік институттардың рөлі ерекше. Жоғарыда тұлға әлеуметтену институтының ең алғашқысы отбасы туралы ғылыми теориялар мен тұжырымдаларға сипаттама берілді. Жалпы зерттеуіміздің мақсаты жастарды отбасылық өмірге дайындау болғандықтан біз әлеуметтік институттардың рөлін негіздеуді жөн көріп отырмыз.

Болашақ ұрпақ тәрбиесінде мектептің рөлі маңызды екенін көрсеткіміз келеді. Мектеп баланың тұлғалық және тәрбиелілік жағынан да қалыптасуынының басты әлеуметтік институттарының бірі болып табылады. Мектеп қабырғасынан бастап білім нәрін сусындап, өмірлік мақсаттарды қоюда дүниетанымы қалыптасып, тұлғалық үйлесіммен дамиды. Мектепте ажырамас үштік- мұғалім, бала және ата-ана арасындағы ынтымақтастық ұрпақ тәрбиесіндегі басты жағдайлардың бірі болып саналады. Қазіргі таңда ұрпақ тәрбиесіне жаңа сипатпен қарау тұжырымдамаларда анық көрсетілгенмен де кейбір жағдайларда қарама-қайшылықтардың туындап отырғанын біз жоққа шығара алмаймыз.

Соңғы кездегі деректемелерге сүйенсек, мектепте оқушылар алдындағы педагогтың беделі ең алдымен білімділік деңгейімен, сосын мінез-құлқымен және іс-әрекетімен өлшенетіндігі белгілі болған. Бүгінгі нарық және бәсекелестік заманында қаншалықты білімді болсаң, соншалықты жастар тарапынан құрмет көрсетілетіні анық. Қазіргі жастар педагог іс-әрекетінде кездесіп жататын кей жағдайдағы кемшіліктерге көз жұма және салқын қанды қарай қоймайды. Сондықтан, бүгінгі күні мектеп жүйесіндегі педагогикалық қарым-қатынас мәдениеті тұлғалық үйлесімді дамудың негіздерінің бірі болып табылады. Мектепте қабырғасында оқушылар тұлғасының идеалы қалыптасып, оған еліктеу жағдайы көрініс береді. Сондықтан мектепте әрбір педагогикалық іс-әрекетті жүзеге асырушы педагог оқушылар үшін идеал бола білуі шарт.

Қазіргі таңда Қазақстандықтарды тәрбиелеуде қоғамның ықпалы мен күші айтарлықтай орасан зор. Жалпы алғанда адамзат психикасына өмір сүріп отырған әлеуметтік ортасының әсері күшті болады. Қоғамдық күштермен әлеуметтік институттар жастардың мінез-құлқы мен іс-әрекетіне әсерін тигізіп ғана қоймай, өмірлік жағдайларына да елеулі ықпалын тигізеді.

Әлеуметтік қатынастар субъектісі әрі әлеуметтік мәнді қасиеттердің иегері ретінде әрбір адам - тұлға болып сипатталады. Психология ғылымында «тұлға» түсінігімен қатар біздің қолдануымызда «тұлға», «дара тұлға», «даралық» терминдері қосарлана жүреді [90]. Бұл ұғымдардың әрқайсысы өз ерекшеліктерімен ажыратылады, бірақ бір-бірімен тығыз байланысты болады. Осының ішінде ең жалпыланған және қолданылуы жағынан көбірек кездесетін бірнеше қасиеттердің жиынтығын «тұлға» ұғымы қамтиды. Тұлға – табиғаттың ең күрделі бөлшегі бола отырып, тіршілік иелерінің ішінде дамудың ең жоғарғы деңгейдегі көрінісі болып табылады. Сонымен қатар, қоғамдық еңбек барысының жемісі ретінде әрі табиғатпен әлеуметтік болмыс тұтастығын аңдататын тіршілік иесі. Дара тұлға бұл «homo sapiens» тектілерінің өкілі, адамдық даму нышандарының иесі. Даралық ұғымына түсінік беретін болсақ, нақты адамның табиғи және әлеуметтік қабылдаған қайталанбас ерекшеліктері мен қасиеттері болып табылады. Тұлға баласының әлеуметтік мәні оның қоғаммен байланысында қалыптасады және сонда көрініс береді [91].

Қоғам құрлымына орай тұлғаның қасиеттері мен сапаларының өлшемдері әрқилы келеді. Психология ғылымында тұлғаның көп сатылы құрылымға ие екендігі көрсетілген. Мұндай тұлғалық психологиялық құрылымының ең жоғарғы да жетекші деңгейі бұл қажеттіліктері, себеп аймақтары мен тұлғаның бағыт – бағдарлары жатады. Тұлғаның құрылымы қоғамға, басқаларға, өзіне қатынасынан және қоғамдық әрі еңбектік міндеттерден тұрады. Сондай-ақ, тұлға үшін ең мәнді құбылыстардың бірі тек оның ұстанған бағыттары ғана емес, сонымен қатар, оның өз қатынас мүмкіндіктерін жүзеге асыру қабілеті үлкен маңызға ие болады. Демек, бұл өз кезегінде адам баласының іс-әрекетке бейімділігімен, оның қабілетімен, білімі мен ептілігімен, көңіл–күйі мен еріктік және ақыл-ой сапаларымен, мінез-құлықтарымен астасып, әрі байланысып жатады. Адамзат баласы өмірге дайын қабілет, білім мен ептілікпен, мінез және қызығуларымен келмейді, олардың тек нышаны көрініс береді де, бұлардың барлығы белгілі бір табиғи негізде тұлғаның өмір ағымында пайда бола отырып, сонда қалыптасады [92].

Тұлға тәнінің негізгі, яғни генотипті оның анатомиялық– физиологиялық ерекшеліктері мен жүйке жүйесінің қозғалысын анықтайды. Яғни биологиялық тіршілік иесі тұлға өткен аға ұрпақтың білімі, салт-дәстүрі, заттай және рухани мәдениеті күйінде жинақталған өмір тәжірибесін игерумен ғана тұлға деңгейіне көтеріле алады. Тұлғаның сапалары мен қасиеттері оның айналасында араласқан қатынастар өрісі мен әртүрлі әлеуметтік өмір аймағында қызмет ете алу мүмкіндігіне байланысты келеді. Тұлғаның даралық санатына көтерілуі үшін маңызды факторларға мыналар жатады:


  • Идентификация- дара тұлғаның өзін басқа адамдармен теңестіре алуы мен қоғам талабына сай болу ниетімен қалыптасуы;

  • Персонализация – өзінің қадірі барын түсіне білу.

Жоғарыдағы ұғымдарға орай тұлғада белгілі бір теңестірулер мен қадірін түсінулер арқылы отбасылық қарым-қатынас негіздері қаланады. Сонымен бірге, нақты әлеуметтік топта өзінің кісілік мүмкіндіктерін жүзеге асыра алады. Басқа да әлеуметтік топ мүшелерімен тұлға өз «мені» негізінде қатынас жасайды.

Психология ғылымда «тұлғалық рефлексия» деген ұғым қолданысқа енді. Бұл дегеніміз «мен» ұғымы арқылы тұлғаның өзін және өзінің жеке қасиеттерін сезе білу сапаларын қамтиды. Тұлғаның өзіне берген бағасы жоғары не төмен болуынан сол адамның ішкі жан дүниесінің мәні шығады. Дегенмен, тұлға ұғымына ғылымда әртүрлі түсінік береді. Солардың ішінде Қазақстандық этнопсихологияның негізін салушы Қ. Жарықбаевтың айтуынша, дүниеге келген сәби «адам» деп аталғанымен, жеке «тұлға» деген атқа көпке дейін ие бола алмайды. Себебі, кісі ретінде ер жету үшін бала оңы мен солын, өзінің «менін» басқа «мендерден», яғни басқа адамдардан ажырата алуы тиіс [93]. Осы орайда, аталмыш ғалым нәрестені жеке тұлға деп айту қиын деп тұжырымдайды.

Өзінің өмірлік салтында тұлға жеке құндылық бағыттарына бағдарлана отырып, тіршілік жағдайларын өзгерту арқылы қайта құрудың жалпыланған және тұрақты тәсілдер жүйесін құрады. Осы орайда, тұлғаның тұрмыс тіршілік салты мен оның жалпы өмір сүруі және қоғамдағы орнын иелеу бағдарына айналады. Тұлғаның әлеуметтік салт–бағытынан жоғары инабаттылығы, жасампаздық өмірі, рухани–этикалық және рухани–эстетикалық дүниетанымы туындайды. Тұлға өмірі бір мезеттік ықпалдар билігінде қалып қоймай, ішкі заңдылықтар арқылы ниет–себептер жүйесін арқау етіп, өзінің әлеуметтік мәнді және мағыналы мұраттарын бірлестіре саналы бағытта болу мүмкіндігін ие болады [94].

Жастарды отбасылық өмірге психологиялық дайындауда әлеуметтену ұғымының мәні ерекше. Белгілі ғалым И.С. Кон әлеуметтенуді барлық әлеуметтік және психологиялық өмірдің жиынтығы деп көрсеткен [95]. Әлеуметтену дегеніміз тұлғаның білімді жүйелі меңгеруі, қоғамның нормалары мен құндылығын қабылдауы болып табылады. Сонымен қатар, тұлғаға қоғам мүшесі ретінде жұмыс жасауға құқық береді. Тұлға өмірге келгеннен бастап айналасындағылармен әлеуметтік әрекеттестіктерге араласады. Әрбір тұлға бірдей жағдайларда өмір сүре отырып, әртүрлі әлеуметтік тәжірибе жинақтайды.

Әлеуметтену процесі тәрбие негізінде басқарушы және мақсатқа бағыттаушы болып келеді. Тұлғаның әлеуметтену процесі барлық өмір ағымында жүзеге асатын процесс. Тұлғаның әлеуметтенуі оның белгілі бір қоғамда өмір сүруі мен басқа адамдармен нәтижелі қарым–қатынас жасауы үшін қолданылады.

Тұлға әлеуметтік тәжірибені игеру және ұдайы өндіру барысында екі түрге ие бола алады. Олар: объективті және субъективті әлеумет болып бөлінеді. Белгілі кеңес ғалымы Б.Г. Ананьев тұлғаны өзіне бағытталған әлеуметтік нысан ретінде анықтайды [90]. Мұнда ең алдымен тұлғаны оның ішкі көзқарасы тұрғысынан қарастырмай, яғни қоғамдық қатынастың субъектісі ретінде емес, барлық әлеуметтік күштер мен құбылыстардың жиынтығына сипаттама бере отырып, оған әсер етуші сыртқы күштер арқылы негіздеме беру керек деген тұжырым жасалған [90, 20 б.]. Басқалай айтқанда, тұлғаны қоғамның даму объектісі ретінде алып қарайтын болсақ, ал оның субъект ретіндегі сипаттамасын қоғам дамуының тұрғысынан ішкі орнығуын түсінуіміз қажет.

Қазіргі таңдағы әлеуметтенудың маңызды ерекшеліктерінің бірі оның басқа кезеңдермен салыстырғанда ұзақтығында екені сөзсіз. Алғашқы әлеуметтенудың кезеңі, яғни балалық шақта белгілі бір мөлшерде және белгілі бір уақытта басқа жаспен салыстырғанда ұзақ жүзеге асады. Осы орайда, балалық шақтың статусы ұдайы (жағдайы, күйі) өзгеріп отырады.

Тұлғаны отбасылық өмірге дайындауда әлеуметтік-психологиялық ерекшеліктерін анықтау мәселесі маңызды болып табылады. Тұлғаның әлеуметтік–психологиялық ерекшеліктерін анықтау жолында негізінен Е.С. Кузьминнің [96], А.А. Свинецскийдің [97], К. Роджерстің [98], А. Маслоудың [99] тағы басқа ғалымдардың тұжырымдамалары белгілі. Бұл тұжырымдамаларда тұлғаның өзіндік бағалауы, өзіндік «Менін» бағалауы, өзіндік актуализациялануға талпынуын, қоршаған ортаны субъективті қабылдауын және әлеуметтік – психологиялық қасиеттерін қарастырудың маңызы зор екендігі көрсетілген. Тұлғаның қоршаған ортамен қарым–қатынасы, жеткен жетістіктері мен ерекшеліктері көптеген жағдайларға тәуелді болатындығы белгілі. Солардың бірі тұлғаның әлеуметтік есею ұғымымен түсіндіріледі.

Тұлғаның әлеуметтік есеюін шетел психологиясында «өзіндік аяқталу» терминімен анықтай отырып, оның мағынасын тұлғаның өз мүмкіндіктерін аңғаруына және ұдайы дамыттырып отыруына бағыттылығы ретінде сипаттайды. Тұлғаның актуализациялануы ең алдымен дербестігімен, өзіндік мәнді жүзеге асыра алуымен, өзіндік тұжырымдауларымен, сонымен қатар, ақиқатқа талпынысымен сипатталады. Осы орайда, тұлға өз жағдайларын өздері құрауы тиіс. Себебі, өмірлік тәжірибелер арқылы тұлға өмірлік жоспарлар құрып, болашақтарын өздері жасаған кезде ғана әлеуметтік ортаның белді мүшесі бола алады. Сонымен қатар, осы әлеуметтік жағдайларға қатысушылардың әрекеттері құралады.

Тұлға мен әлеуметтік ортаның қатынасын түсінуде оның жеке басының ерекшеліктерін анықтаудың маңызы зор екендігі атап өту керек. Әлеуметтік ортаның дамуы үйлесімді болуы үшін тұлға бойында жағымды қасиеттердің дамуы маңызды мәнге ие болып табылады. Тұлғаның әлеуметтенуі әлеуметтік–бақыланатын және бағыттылық–ұйымдасқан жағдайлар жиынтығынан ғана емес, сонымен қатар, тосыннан болатын жағдайлардан да тәуелді болып келетіні белгілі [100]. Осы кезде ғана тұлға өміріндегі кездейсоқ жағдайлар мен конформды ойлау ерекшеліктері, өмірде көрген және бастарынан өткізген қиыншылықтарына және айналадағы қоршаған ортасына деген көзқарасын өзгертеді. Тұлғаның әлеуметтік жағдайларға саналы түрде икемделуінде оның өзіне және айналасындағыларға зиянын тигізбейтін жағдайларды қолдап отыру керек. Тұлғаның саналы түрде бейімделуі өзінің және айналасындағылардың өмір жағдайын жеңілдете түседі. Байқап отырғанымыздай, тұлғаны әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан қарастыруда оның өзіне деген субъективті көзқарасын олардың әлеуметтік ортада орнын белгілеуде маңызды мәнге ие екендігінде болып табылады. Индивид әлеуметтік қатынастар жүйесіне ене отырып, осы процесс арқылы қалыптасатын интегралды әлеуметтік қасиетін, яғни тұлға дамуын әлеуметтенуден тыс қарастыру мүмкін емес екені белгілі. Тұлғаның әлеуметтенуін индивидтің қоғамдық тәжірибені жаңғыртуы және меңгеруі процесі ретінде анықтауға болады. Сондықтан индивид жеке тұлғаға айналып, өмір үшін қажетті психологиялық қасиеттерді, білімдер мен дағдыларды игереді. Тұлға әлеуметтену процесінде қоғамдық тәжірибе жинақтайды, қайта жасайды және өзгертеді.

Әр заманның өзінің өмір сүру салты өзгеріп отырады. Осы өмір салты тұлғалық сапалық қасиеттердің қалыптасудың негізі болып табылады. Кеңес ғалымы Р.С. Немовтың пікірінше әлеуметтену адамзатпен жасалған өркениетте индивидтің сан қырлы таным процесі, яғни әлеуметтік тәжірибені игеруі мен табиғи тіршілік иесінен қоғам иесіне ауысуы арқылы индивид және тұлға ретінде қалыптасуы болып табылады [101].

Қазіргі кезде И. С. Конның пайдалануынша әлеуметтену ұғымы кең мағынада қолданылғанымен, оның нақты тұжырымдамасы әзірге жоқтың қасы болып отыр [95, 14 б].

Болашақтағы тұлғаның әлеуметтенуі әсіресе қарқынды түрде балалық және жеткіншектік кезеңде дамиды [102]. Қоғам дамуы тұлғаның даралық қалыптасуында жол сілтеп отыратыны белгілі, сондықтан жалпы даму құрылымындағы әлеуметтенуге әрбір сол ортаға әлеуметтенушінің қосатын өз үлесі бар. Психологиялық және әлеуметтану ғылымындағы зерттеулерге сүйенсе, тұлғаның әлеуметтенуі даралық дәрежеде бірнеше процесстен тұрады. Біріншіден, ол тұлғалық өзара әсерлесу арқылы қалыптасады. Дегенмен, олардың өзара әсерлесу сипаты жас, интеллекттік дәреже, жыныс қатынасы тағы сол сияқты факторларға өзінің ықпалын тигізіп отырады. Екіншіден, әлеуметтік орта баланың тұлғалық қалыптасуына септігін тигізсе, үшіншіден, тұлғалық даралық тәжірибе арқылы қалыптасады. Төртіншіден, мәдениет тұлғалық құрылымға әсер ететін маңызды аспект болып саналады. Негізінен әлеуметтену феномендеріне мінез-құлық стереотиптерін, іс-әрекеттегі әлеуметтік нормаларды, дәстүр мен қызығушылықтарды, құндылықтар мен бағыттарды т.б. құрылымдарды игеру жатқызылады. Осы орайда, әлеуметтенудің негізгі институттарына мыналалар жатады: отбасы, мектеп мекемелер, формалды емес ұйымдар, жоғарғы оқу орындары, еңбек ұжымдары және т.б.

Кеңес ғалымы іс-әрекет тұжырымдамасын ұсынушы А. Н. Леонтьевтің пайымдауынша, адам бүкіл әлеуметтену процесінде көптеген іс-әрекет түрлерімен айналысады [103]. Осы орайда үш негізгі маңызды процесстер өтеді. Біріншіден, бұл әрбір іс-әрекет түрінде және олардың арасындағы байланыс жүйесі аясында бағыт-бағдар болып табылады. Бұл дегеніміз тұлға үшін маңызды әрбір іс-әрекет аспектісін анықтауы мен игеруі болып табылады. Жоғарыда атап отырған бағдардың өнімін іс-әрекетті тұлғалық таңдау ретінде анықтауға болады. Осы арқылы екінші процесс туындайды, яғни, негізгі таңдалған іс-әрекет төңірегінде орталықтандыра отырып, басқаларды соған бағынышты ету болып табылады. Үшіншіден, қандай да бір іс-әрекетті жүзеге асыру кезінде тұлға жаңа рөлдерді игеріп, олардың мәнділігін табады.

Тұлғаның әлеуметтенуі контектісінде қарастырылатын екінші аумағы қарым-қатынас болып табылады. Қарым-қатынас та іс-әрекетпен тығыз байланыста болғандықтан әлеуметтенудің өрісін кеңейту мен ұлғайту жағын қарастырады. Осы орайда, қарым-қатынасты кеңейту ретінде тұлғаның басқалармен байланысқа түсу ауқымын жоғарылату деңгейі түсініледі. Бұл жағдайда монологтық қарым-қатынастан диалогтікке көшу, децентрация, яғни қарым-қатынас жасаушыға бағдарлану және оны дәл солай нақты қабылдай алу мүмкіндігі қарастырылуы қажет. Әрине, тұлғаның өмір сүру ағымында қарым-қатынасқа түсу ерекшелігі оның қоғамдағы статусын, өзінің жақындары арасындағы орнын және отбасындағы беделін белгілейді. Әлеуметтену процесінің үшінші бір аумағы, яғни өзіндік сыни көзқарас пен бүкіл адамзатқа тән «Менінің» қалыптасуына бейім келуінде болып табылады. Бірақ, осы тұста айта кететін жайттардың бірі бұл мәселе төңірегінде туындап отыратын қарама- қайшылықтар өте көп кездеседі. Өйткені, психологтардың тұлға тұжырымдамасында «Мен-бейнесі» түрліше қабылданып, өз сипатын тапқан.

Тұлғаның Мен-тұжырымдамасы әлеуметтік-психологиялық негізде теориялық-концептуалды жоспарларында феноменологиялық немесе гуманистік психологияның, интеракционизмнің және психоанализ бағытының зерттеулеріне сүйеніп отырады. Тұлғаның Мен-тұжырымдамасы өзінің өмір процесіндегі айналасындағылармен өзара әрекеттесу арқылы пайда болып отырады.

Алғаш болып американ психологы У. Джемс өз зерттеулері негізінде Мен тұжырымдамасы идеясын ортаға салып, ол идеяның дамуына зор үлес қосқан болатын [104]. Аталмыш ғалымның айтуынша «ауқымды Мен» құрылымында екі аспект бар: біріншісі, эмпирикалық объект; екіншісі танымдық субъективті бағалаушы сана болып табылады. Осы зерттеулерінде ол «Мен» объект ретінде 4 аспектіден тұратындығын айтты. Олар: рухани «Мен», материалды «Мен», әлеуметтік «Мен», тәндік «Мен».

Психология ғылымында феноменологиялық шеңберде құрастырылған Мен тұжырымдамасы келесі жағдайлармен негізделеді.

Біріншіден, индивидтің мінез-құлықты қабылдауы болып табылады. Бұл ол өз алдына феноменологиялық, яғни, индивидтің психологиялық шынайы өмірі. Бұл жалпы объективті өмір ғана емес, сондай-ақ, мінез-құлық жағдайындағы субъективті қабылдау нәтижелері болып табылады. Екіншіден, индивидтің орталық буында интеграцияланатын феноменалды жазықтығының нүктесі. Бұл Мен тұжырымдамасында барлық қабылдаудың бейнелері қалыптасып отырады. Үшіншіден, Мен тұжырымдамасы бір мезетте қабылдау нәтижесі бола отырып, мәдени әлеуметтік ортадан алынған құндылықтар жиынтығы ретінде алға шығады. Төртіншіден, Мен тұжырымдамасы толық құрылғаннан кейін тұлғаның мінез-құлық оған бағынышты болады. Бесіншіден, тұлғаның Мен тұжырымдамасы уақытпен және осы контекстің жағдайымен санасады. Бұл оның болжамдаушы құндылығы болып саналады. Алтыншыдан, Мен тұжырымдамасы басқалардың жақсы қасиеті мен қатынасын қажетсінулердің құрылымдануымен қатар жүреді. Тұлғаның өзіне деген жағымды қасиеті мен көзқарастарды қажетсінулері басқалардың оны жақсы бағалауы тәжірибесін игеру арқылы қалыптасады. Жетіншіден, нақ осы өтіп жатқан өмір тәжірибесі мен Мен тұжырымдамасы арасында кездесетін қарама-қайшылықтарға қарсы сан алуан қорғаныс стратегиялары пайда болады.

Сегізіншіден, тұлғадағы негізгі әрі маңызды мотивация болып табылатын өзіндік актуализациялануға деген қажеттілік өзінің Мен тұжырымдамасының құндылықтарын жоғары ұстай отырып, оны жоғатпау болып табылады.

Психология ғылымында тұлғаның Мені бағдарлар негізінде 3 категорияға топтастырылды: реалды Мен (индивидтің дәл осы мезетте өзін-өзі қабылдауы), әлеуметтік Мен (индивидтің ойынша қоршағандары қалай қабылдайтындығы жайлы), идеалды Мен (индивидтің болғысы келетін бейнесі).

Бүгінгі күні тұлғаның психологиялық денсаулығының дәстүрлі түрдегі басты көрсеткіші болып табылатын барлық психотерапиялық практикада кеңінен колданылатын Мен ұғымының ішінара сәйкес келмеушіліктері басты назарда болып отыр. Бұл орайда, «Мен - өткен шақ», «Мен- болашақ», «Мен - қазіргі» арасындағы қайшылықтар белгілі бір дәрежеге жеткенге дейін әлеуметтік-психологиялық дезадапцияның негізгі факторы (К.Роджерс [98], А.Маслоу [99]) немесе нақты психикалық ауытқулардың, яғни депрессия мен беймаздықтың бастауы ретінде қарастырылып келеді. Тұлғаның актуализациялану тенденциясында оның өмірге деген құштарлығы жатыр. Гуманистік психологияның өкілі К. Роджерс теориясында өзіндік актуализация тенденциясы тұлғаның өмір бойы өзінің әлеуетін толыққанды функциялану мақсатында жүзеге асыру болып табылады. Әрине, бұл жолға жету мақсатында тұлға өмірі мәнге, ізденіске және толқуға толы болады. Шын мәнісінде өзіндік актуализацияланатын тұлға еркін және тағдырдың әр қуанышты мезетіне қанағаттанып өмір сүре алады. Тұлға табиғат күшіне байланысты негізінен белсенді түрді актуализацияланады. Әрбір адам өз бетінше субъективті қабылдауына байланысты шындықты интерпретациялай отырып, оның ішкі әлемі толығымен тек өзіне ғана мәлім болып келеді. Осы орайда субъективті тәжірибе тұлға мінез-құлқын түсінудің тірегі болып табылады. Сондықтан тұлғаның субъективті сезінулерін зерттеу психологиялық мәселелердің негізгісі болуы сөзсіз. Осы орайда, нақ осы сезімдер мінез-құлыққа жауапты бола отырып, тұлғаның болашағын болжауына мүмкіндік береді. Жоғарыдағы айтылған мәселелерге байланысты шетелдік ғалымдар Л. Хьелл, Д. Зиглердің еңбектерінде мынадай мысалдар келтіріледі: «Егер әйел адам ер азаматтармен қарым-қатынасқа түсе алмайтындығын сезсе, онда ол өткен шақ қиыншылығынан емес, болашақта болар сәтсіздіктен қорқа бастайды. Бұл жағдайда ол өзінің «ер адамды қызықтыра алмаймын» деген өзіне қойған болжауына бағынып тұр. Егер ол осындай теріс көзқарастан құтылса, онда болашақтағы жыныстық сәттілікке қол жеткізер еді» [105, 45б.]. Бұл зерттеудің нәтижесінде ғалым К. Роджерс тұлғаға байланысты «осы шақ — болашақ» контексіндегі идеясын ұсынды [98, 546б.].

Жалпы алғанда, тұлғаның дамуын әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан түсіндіргенде оның мотивациялық құрылымы негізге алынуы қажет. Себебі, тұлғалық үйлесімді дамуда мотивациялық аймақ басты құрылым болып табылады.

Қорыта келе, тұлғаның әлеуметтенуі арқылы отбасылық қарым-қатынасқа психологиялық дайындау мәселесі өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Әлеуметтену арқылы тұлға қоғамның құндылықтарын бойына сіңіре отырып, болашаққа бағытталған жоспарларды құруды үйренеді. Бүгінгі күні «гиперқамқорлық» ұғымы психология ғылымында кеңінен пайдаланылып жүр. Бұл дегеніміз әлуеметтік институттарда, яғни, отбасында, білім беру ұйымдарында жастарды бостандықтарынан айырып, шектен тыс қамқорлыққа алу жағдайлары өз өмірі жолында кездесетін қиындықтарға төтеп беру қасиетінен айырып, психологиялық тұрғыда әлсіз тұлғалардың дамуына алып келіп отыр. Сондықтан әлеуметтік институттардың ең басты міндеті, жастардың өмір жолын құрып беру емес, оны тек бағыттау мақсатында ғана бірлескен әрекетке алып келуі басты жағдайлардың бірі.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет