Семинар: 248 сағат обтөЖ: 124 сағат ТӨЖ: 40 сағат Барлығы: 412 сағат І аб-30 балл ІІ аб-30 балл Емтихан-40 балл



бет5/16
Дата17.06.2016
өлшемі1.74 Mb.
#142608
түріСеминар
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16

2.Азимут бойынша жол тауып жүру. Кдраңғы түнде, қалың түман, ақ түтек боранда, сондай-ақ орман ішінде немесе тұлдыры жоқ жазық жерде жол тауып жүру қашан да қиын. Мұндай жағдайда алдын ала тағайындалған деректер бойынша бағдарды компаспен белгілейді де, жүрген қашықтықты өлшеп отырады. Бұлай жол тауып жүруді азимут бойынша жүру дейді.

Азимут бойынша жүру үшін қажетті деректер (азимут пен қашық-тық) картадан алынады. Мұндағы алға қойылатын шарт - жергілікті жерде қажетті бағытты таба білу, компастың көмегімен сол бағыттан айнымай жүріп отыру, соның нәтижесінде белгіленген жерден тура шығу. Бұл әдісте жол жүруші бір бағдардан екінші бағдарға дейін жетіп отырады. Қажетті деректер қолдан сызып алынған жол сызба нұсқасына белгіленеді (13-сурет). Есептеп жатпау үшін бағдарлардың метр есебімен көрсетілген ара қашықтығын қос қадам есебіне айналдырып алған жөн.



3. Жер бетін планға түсіру үшін тек қана заттардың бір-бірінен қай бағытта орналасқанын анықтау жеткіліксіз. Сонымен бірге олардың мөлшерін, бір-бірінен ара қашықтығын да білу керек.

Жер бетіндегі қашықтық таспамен, өлшеуіш ашамен және басқа түрлі құралдармен өлшенеді. Онша үлкен дәлдік қажет болмаған жағдайда қашықтықты қадаммен де анықтауға болады.

Жасына және бойына қарай адамдардың қадамының ұзындығы біркелкі болмайды. Сондықтан әр адам өз қадамының орташа ұзындығын анықтап алуы керек. Ол үшін тегіс жерден 100 м қашықтық өлшеп алынады. Бұл қашықтықты қадамдап 3 рет жүріп өтіп, оның орташа мөлшері шығарылады.

Мысалға, 100 м жерді жүргенде бірінші рет 154, екінші рет 153, үшінші рет 155 қадам шықты дейік. 154+153+155=462 : 3=154 қадам. Бір қадамның орташа мөлшері 100 м : 154=0,65 м.

Топсеруен кезінде, алыс жол жүргенде сан көбейіп кетпеу үшін қашықтықты қос қадаммен санау қолайлы. Қадамдау сол аяқтан басталады да, есеп оң аяққа келіп отырады. Біраз жаттыққанға дейін сол аяққа «және» деген сөз сәйкес келіп отырады. Мысалы, «және бір, және екі, және үш, т.с.с».

Кейде қашықтықты барып жатпай-ақ көз мөлшермен анықтау қажеттігі туып қалады. Ол үшін мына кестедегі белгілерді пайдалануға болады:


Жер бетіндегі зат Көрінетін қашықтық

Жеке үй 5 км

Үйдің терезесі 4 км

Шатырдағы мұржа 3 км

Жеке ағаш және жеке адам 2 км

Терезе рамасының ағаштары 500 м

Шатырдың тақтайлары 200 м
Адамның көзі, мұрны,

саусақтары 60-70 м

Көздің аласы 20 м
4. Жер бетінде өлшенген кез келген қашықтық қағазға әлденеше есе кішірейтілген түрде түсірілетіндігі сендерге белгілі.

Жер бетінде өлшенген қашықтықты қағазға түсіргенде қанша рет кішірейтілгендігін көрсететін бөлшек сан масштаб (немісше мас -өлшеу, штаб - таяқ) деп аталады/ Масштабтың алымы әрқашанда 1-ге тең, бөлімі кішірейту мөлшеріне сәйкес келеді. Мәселен, 1:10 000 десек, бұл - жер бетіндегі қашықтық 10 000 есе кішірейтіліп алынды деген сөз.

Бөлшек санмен көрсетілген масштаб сан масштаб деп аталады. Неғұрлым бөлшектің бөліміндегі сан көбейген сайын, соғұрлым масштаб ұсақ деп есептеледі. Керісінше бөліміндегі санның мөлшері аз болған сайын, масштаб ірілене береді. Мәселен, 1:10 000 масшта-бы 1:50 000 масштабқа қарағанда ірі.

Планның немесе картаның масштабы сөзбен де жазылады 1:10 000 масштабты сөзбен 1 см-де - 100 м (10 000 см-ді метрге айналдырғанда - 100 м) деп көрсетеді. Мұны ; атаулы масштаб дейді.

Планнан немесе картадан қашықтықты анықтау үшін екі нүктенің аралығын сантиметрмен өлшейді. Масштабтың мөлшерін алынған сантиметр санына көбейтеді.

Бұлай есептеп отыру картаны пайдалануда қолайсыздық тудырады. Сондықтан қашықтықты арнайы есептеп жатпай-ақ бірден анықтау үшін сызық масштаб қолданылады. Ол өзара параллель екі қатар сызықтан тұрады (14-сурет). Сызық көлденең сызықшалармен өзара тең кесінділерге бөлінеді. Бұл кесінділердің әркайсысы атаулы масштабта көрсетілген санға тең етіп алынады. Сол жағындағы ең шеткі кесінді онан әрі ұсақ, бір-біріне тең шағын бөліктерге бөлшектенеді. Бұл - сызық масштабтың ең кіші бөлігі. Планнан немесе картадан алынған кесіндінің ұзындығын анықтау үшін өлшеуіш циркульдің бір басы сызық масштабтағы тұтас кесіндіні қамтып қойылады да, екінші басы кіші бөліктерге келтіріледі. Сонда нөлден оңға қарай сандық масштабқа сәйкес келетін тұтас сандар, сол жағынан оған қосымша ұсақ мөлшерлі сандар алынады.

Жер бетін картаға түсіру үшін таңдап алынатын масштаб әр түрлі. Шағын аумақтардың картасы ірі масштабта жасалады. Ондай карталар күнделікті тұрмыста шаруашылық қажеттерін өтеу мақсатында пайдаланылады. Шағын аумақтар план (масштабы 1:5000, 1:2000, 1:1000 және одан да ірі) және топографиялық картада (1:10 000-нан 1:100 000-ға дейін) бейнеленеді.

Бақылау сұрақтары:

1. Азимут деген не?

2. Азимут неше градустың аралығында өлшенеді?

3.Жер бетіндегі қашықтықты қандай тәсілдермен өлшейді?

4. Қадамның орта мөлшерін қалай табуға болады?

5.Сан масштаб пен атаулы масштабтың қандай айырмасы бар?


6 - сабақ

Тақырыбы: Жергілікті жердің планы

Жоспар:

1. Жергілікті жердің планы

2. Шартты белгілер

3.Абсолют және салыстырма биіктіктер



4. Горизонтальдар

5. Адамның іс-әрекеті үшін планның маңызы



Сабақтың мақсаты: Жергілікті жердің планындағы шартты белгілерін, абсолют және салыстырма биіктіктерін қарастыру

Теориялық мәлімет:

1. Жергілікті жердің планындағы көк түсті ирек сызық - өзен; ағаштың суреті салынып қоршалған алқап - орман; ұсақ қоңыр нүктелер - құм; көп қорапшалар -селодағы үйлер; үстіне ұсақ дөңгелекшелер салынып, жасыл түске боялған жер - жеміс бағы. Олардың бәрінің де мөлшері барынша кішірейтіліп көрсетілген. Жер бетінің қағазға осылайша кішірейтіліп түсірілген нұсқасын план деп атайды (латынша планус - жалпақ, тегіс).

Планға қарап, жер бетінің жалпы сипатын, ондағы заттардың орнын, бір-бірінен ара қашықтығын дәл анықтауға болады. Планда заттардың пішіні оның төбесінен қарағандағымен бірдей болады. Сондықтан онда бір, екі және одан да көп қабатты үйлер бірдей болып шығады, өйткені кағазға олардың тек қана алып жатқан орны сызылады (17-сурет).



2. Шартты белгілер Пландағы заттарды бір-бірінен ажыратып тану үшін, олардың үстіне жазып қою қажеттігі туады. Бірақ онда бүкіл сызбаны жазу басып кетер еді де, мұндай сызбаны түсініп оқу өте қиын болар еді. Сондықтан пландағы жер бетінің сипатын оңай елестету үшін оған шартты белгілер қолданылады. (18-сурет).

Шартты белгілердің суреті немесе түсі көп жағдайда планда бейнеленетін заттардың ерекшелігін көрсетеді. Мәселен, жекедара ағаштың, жел дирменнің, жол көрсеткішінің және басқа да сол сияқты көптеген заттардың белгілері олардың нақты кескінін елестетеді. Жер бетін бірыңғай жауып жататын немесе бір-бірімен тығыз байланысты обьектілер тобы бірыңғай бояу арқылы көрсетіледі. Мәселен, су айдындары – көгілдір, орман – жасыл, бұта өсімдігі қаулап өскен жер үстіне белгі қойылған солғын жасыл, т.с.с. бояумен боялады.



3. Абсолют және салыстырма биіктіктер. Планда жер бедерін бейнелеу үшін жер бетіндегі нүктелердің биіктіктерін білу қажет.

Жер бетінде таулар, қыраттар, ойпаттар бар. Олардың қаншалықты биік немесе аласа екендігін бірдей деңгейден есептеп қана білуге болады. Ондай бастапқы деңгей ретінде мұхит немесе оның бөлігі болып табылатын теңіз беті алынады.

Жер бетіндегі нүктенің мұхит немесе теңіз деңгейінен бастап есептелінетін биіктігі абсолют биіктік деп аталады (латынша абсолют - толық, сөзсіз).

Бұрынғы Кеңес Одағы аумағында жер бетінің абсолют биіктігі Балтық теңізі деңгейінен бастап есептелінеді. Ол жерде биіктік 0 м. Теңіз деңгейінен жоғары жатқан нүктелердің биіктігі - оң, төмен жатқандарынікі теріс (-) деп есептелінеді (19-сурет).

Жер бетіндегі кез келген нүктенің басқа бір нүктеден биіктік айырмасы салыстырма биіктік деп аталады. Мәселен, төбенің басы етегінен 20 м биік десек, бұл салыстырма бйіктік болады.

Жер бетінде салыстырма биіктіктер деңгейлегіш құралдың көмегімен анықталады.



4. Горизонтальдар. Жергілікті жердің планында және топографиялық картада жер бетінің ой-қыры горизонталь сызықтармен бейнеленеді (грекше горизон - шектеуші). Горизонтальдар деп биіктіктері бірдей нүктелерді қосатын қисық сызықтарды айтады.

Горизонтальдар топографиялық картада белгілі бір биіктік сайын жүргізіледі (1 м, 2,5 м, 10 м, т.с.с.). Бұл мөлшер картаның масштабына және жер бедерінің ыңғайына қарай белгіленеді. Мәселен, 1:10 000 масштабтағы топографиялық картада горизонтальдар тегіс жазықта 2,5 м сайын, ал қыратты жерде 5,0 м сайын жүргізіледі.

Жер бедерінің сипатын анықтауды оңайлату үшін картада кейбір горизонтальдардың және нүктелердің биіктігі жазылып қойылады. Цифрдың жоғарғы жағы әрқашанда өрге, аяғы ылдиға қарап тұрады. Сонымен бірге ылдидың бағытын горизонтальдарға кесе көлденең қойылған сызықша – бергштрих (немісше берг – тау, штрих - сызық) көрсетеді.

Жер бетінің кейбір горизонтальдармен түсіруге келмейтін бедері (жарқабақ, жыра, т.с.с.) қосымша шартты белгілер қолдану арқылы бейнеленеді.

5. Адамның іс-әрекеті үшін планның маңызы. План күнделікті өмірде өте қажет. Кез келген ірі құрылыс - зауыт, фабрика және су электр станцияларын салудан бұрын сол жерлердің планын сызады. Жол салу, ғимараттар тұрғызу үшін де план керек. Ауыл шаруашылық маманы егісті планға қарап жоспарлайды. Туристік жорық, саяхат кездерінде жол тауып жүруге планның көмегі тиеді. Сондықтан планды ажыратып оқудың, қажетті жағдайда оны түсіре білудің үлкен пайдасы бар.

Бақылау сұрақтары:

1. План деген не?

2. Планға жер беті қалай бейнеленеді?

3. Абсолют және салыстырма биіктік деп нені айтады?

4. Горизонтальдар деген не?

5. Берг-штрих не үшін қолданылады?

6. Адамның шаруашылық әрекетінде планның қандай маңызы бар?

7 – сабақ



Тақырыбы: Жергілікті жердің қарапайым планын түсіру

Жоспар:

1.Дайындық жұмыстары.

2.Айнала нысаналау әдісі

3.Көлденең сызықтар әдісі

4.Айналып шығу әдісі.



Сабақтың мақсаты: Жергілікті жердің қарапайым планын түсіруді қарастыру

Теориялық мәлімет:

1.Жер бетінің планы ұшақтан түсірілген фотосуретке негізделіп жасала­ды. Осымен қатар шағын жердің планын тікелей жер бетінде өлшеулер арқылы да жасауға болады.

Дайындық жұмыстары. Планға түсірумен айналысу үшін бастауыш сыныпта пайдаланған құралдар жеткілікті. Үлкендігі 40x30 см аржа тақтайға (планшетке) тығыз ақ қағаз жапсырылады. Оның сол жақтағы жоғарғы бұрышына сүргішпен «С» әрпін жоғары қаратып компас бекітіледі. Қағаздың сол шетіне солтүстік-оңтүстік бағытын көрсететін бағдарша, төменгі жағынан сызық масштаб сызылады. Оны алынған сандық масштабқа сәйкес белгілеп жазып қою керек.

Кез келген нүктеде жер бетін түсіру жұмыстарын атқарарда алдымен план­шет компас бойынша бағдарланады. Ол үшін магнит тілінің бағытын қағазға сызылған бағдаршаның бағытына сәйкес келгенге дейін бұру керек. Енді планшет түсіру жұмыстарына дайын.

Планға түсіретін жердің мөлшеріне қарай әр түрлі әдістер қолданылады. Олардың неғұрлым оңай деп саналатын кейбіреуіне тоқталайық.



2. Айнала нысаналау әдісі шағын жерді планға түсіру үшін қолданылады. Бұл әдіспен жер беті бір нүктеден қамтылады. Мысалы, көрсетілген шағын алкапты планға түсіру қажет болды делік. Түсіруші планшетті бағдарлап алғаннан кейін ең алдымен қағазға өзі тұрған нүктені белгілейді (А нүктесі). Одан әрі кезекпен ағашқа (1), өзеннің иілістеріне қарай (2, 3, 4, 5-нүктелер) көздеп сызықтар жүргізеді. Нысаналарға дейінгі қашықтықтар тікелей өлшенеді. Олар әрбір сызықтың бойына масштабқа сәйкес салынады. Жеке ағаш, өзен, бұта және шалғын шартты белгілермен белгіленеді.

3.Көлденең сызықтар әдісі жолға жакын, екі қапталда орналасқан заттарды планға түсіру үшін қолданыла­ды. Бұл әдіс орманның, тоғайдың, өзеннің және т.б. иректелген жиек сызығын түсіруге колайлы.

Масштаб 1:1000 (1 см-10 м). № 1 нүктеде планшетті компаспен бағдарлап алғаннан кейін қағазға жүретін бағыт сызылады. Осы нүктеден солға, яғни орманға қарай көлденең сызық жүргіземіз. Өлшенген қашықтық 20 м болды делік. Сызықтың бойына масштабқа сәйкес 2 см кесінді саламыз. Енді оңға, яғни өзенге қарай көздеп көлденең сызық сызамыз. Оған өлшенген 22 м қашықтыққа сәйкес 2,2 см кесіндіні белгілейміз. № 1 нүктедегі жұмыс аяқталғаннан кейін негізгі бағыт бойымен № 2 нүктеге дейін қашықтықты өлшеп барамыз. 40 м қашықтықты масштабқа сәйкес белгілеп (4 см), № 2 нүктенің пландағы орнын анықтаймыз. Бұл нүктеде солға жә­не оңға қарай көлденең сызықтар жүргізіп, орманшының үйін, орманның шетін және өзеннің иілісін белгілейміз. Жолшыбай батпақты және шалғынды түсіреміз. Одан әрі карай № 3 және № 4 нүктелердегі жұмыс та осы ретпен атқарылады.



4.Айналып шығу әдісі. Егер планға түсірілетін жер аумақты болса, оны түгелдей айналып шығуға тура келеді. Айнала жүру жолы ретінде көдімгі жол, өзен бойы, сайдың табаны, тоғайдың шеті және т.б. таңдап алынады. Бұл жағдайда жер бетін планға түсірудің басқа әдістері аралас қолданылады.

Жұмыс мына ретпен аткарылады.

Әр нүктеде планшет компас бойынша және жер бетіндегі заттарға сәйкестендіріліп бағдарланады.

Төңіректегі заттар планға түсірілгеннен кейін келесі нүкте нысанаға алынып, сол бағытта сызық сызылады.

Бір нүктеден екінші нүктеге дейін қашықтык өлшеніп, алынған масштабқа сәйкес белгіленеді.

Жолдың екі жағындағы заттар көлденең сызық немесе айнала нысаналау әдісімен түсіріледі.

Дала жұмыстары аяқталғаннан кейін түсірілген план үйде өңдеуден өткізіледі. Қойылған нүктелер, олардың аралықтарындағы және қосымша нысаналау сызықтары өшіріледі. Жер бетіндегі заттардың шартты белгілері қойылады, қажетті түсінік жазулары жазылады.

Бақылау сұрақтары:

1.Жер бетін планға түсіру үшін қандай дайындық жұмыстары жүргізіледі?

2.Планшет қалай бағдарланады?

3.Жер бетін планға қандай әдістермен түсіруге болады?


8 – сабақ

Тақырыбы: Глобус

Жоспар:

1.Глобус - Жердің нақты үлгісі.

2.Глобустағы меридиандар мен параллельдер.

3.Географиялық координаталар.

4.Глобустан қашықтықтарды өлшеу.

Сабақтың мақсаты: Глобустағы меридиандар мен параллельдерді,Географиялық координаталарды,Глобустағы қашықтықтарды өлшеуді қарастыру

Теориялық мәлімет:

1.Глобус - Жердің нақты үлгісі. Сендер глобус Жердің нақты үлгісі кендігін жақсы білесіңдер (латынша глобус- шар). Бұлай деп глобус Жердің шар тәріздес пішінін дөл көрсететіндіктен ғана емес, сонымен бірге Жер бетіндегі материктердін, мұхиттардың, аралдардың, теңіздердің, көлдердің және т.б. пішінін, олардың бір-бірімен салыстырмалы мөлшерін, алып жатқан орындарын ешқандай бұрмалаусыз дөл бейнелеуіне байланысты айтылған.

"Глобусты пайдаланып, түрлі тәжірибелер жасауға, өлшеу жұмыстарын жүргізуге болады.



2.Глобустағы меридиандар мен параллельдер. Глобуста меридиандардың солтүстік және оңтүстік полюстерді бастыра жүргізілген шеңберлер екендігін білеміз (латынша меридиан талтүстік). Барлық меридиандардың ұзындықтары бірдей. Парал­лельдер - меридиандарға кесе-көлденең жүргізілген шеңберлер (грекше параллель - қатар жүруші). Олардың ұзындығы экватор дан полюстерге қарай қысқара береді де, полюске барғанда нүктеге айналып кетеді. Ең ұзын параллель - экватор (латынша экватор - теңдеуші). Жер экваторының ұзындығы 40 000 км-ден артығырақ.

Экватор мен меридиан шеңберінім ұзындығы бірдей (неліктен?). Экватор және меридианның 1° доғасының ұзындығы шамамен 111 км (40 000 км: 360° = = 111 км).

Параллельдердің 1° доғасының ұзындығы полюстерге қарай қысқара береді

3.Географиялық координаталар. Жер шарының бетіндегі кез келген нүктенің орны оның географиялык координаталары арқылы белгіленеді (латынша ко - бірге, ординатус - реттелген). География­лық координаталар ендік пен бойлықтан тұрады.

Географиялык ендік деп нүктенің экватордан градус есебімен алынған қашықтығын айтады. Ендік экватордан полюстерге қарай 0° пен 90° аралығында есептелінеді. Экватордан солтүстік полюске дейін солтүстік ендік (се.), оңтүстік полюске дейін оңтүстікендік (о.е.) деп аталады.

Ендік глобуста бастапкы меридианный бойына экватордан солтүстікке және оңтүстікке қарай параллель сызықтарының үстіне жазылады.

Біздің еліміз түгелдей Солтүстік жарты шарда, яғни экватордан солтүстікке карай орналаскан. Сондыктан оның кез келген нүктесінің ендігі солтүстік ендік деп есептеледі. Мысалы, Астана қаласы 40° пен 60° с.е. параллельдердің аралығында жатыр, дөлірек айтқанда, 51° солтүстік ендікте.

Географиялық бойлық деп Жер бетіндегі нүктенің бастапқы меридианная градус есебімен алынған қашықтығын айтады.

Глобустағы кез келген нүктені бастырып меридиан сызығын жүргізуге болады. Лоңдон каласының түбіндегі Гринвич обсерваториясын басып өтетін меридиан халықаралық келісім бойынша шартты түрде бастапқы меридиан ретінде кабылданған. Ол екінші сөзбен «нөлдік меридиан» деп те аталады. Өйткені ол жерде бойлық 0°-қа тең.

Бойлық Гринвич меридианнан батысқа (батыс бойлық - б.б) және шығысқа (шығыс бойлық - ш.б.) қарай 0°-тан 180°-қа дейін есептеледі. Бойлықтың градустык мөлшері экватор сызығының бойына меридиандардың тұсына жазылып қойылады.

Біздің еліміз Гринвич меридианынан, яғни нөлдік меридианнан шығыста жатыр. Оның жері түгелдей шығыс бойлықта. Астана қаласы 71° шығыс бойлықта.



4.Глобустан қашықтықтарды өлшеу. Глобусты пайдаланып, жер бетіндегі кез келген нүктелердің ара қашықтығын өлшеуге болады. Глобустың масштабы оңтүстік жарты шар жағына жазылып қойылады.

Қашыктықты анықтау үшін нүктелердің арасын жіппен өлшеп алады да, сызғышқа салады. Мысалы, 1:30 000 000 (1 см - 300 км) масштабтагы глобустан өлшенілген қашықтық 5 см болды дейік. Сонда оның жер бетіндегі қашықтығы 5 см х 300 км=1500 км.



Бақылау сұрақтары:

1. Неліктен глобус Жердің нақты үлгісі деп аталады?

2. Географиялық ендік деген не?

3. Географиялық бойлық деп нені айтады?

4. Глобустан әрі ендік, әрі бойлық басталатын нүктені табыңдар.
9 – сабақ

Тақырыбы: Глобустан картаға көшу

Жоспар:

1.Шар бетінің жазықтыққа өзгеріссіз (бұрмаланусыз) жаюға келмеу себебі не?

2.Жер бетін жазықтыққа жазып бейнелеу әдістерінің көп түрлілігі.

3.Жарты шарлар картасы.

4.Қазақстан картасы.

Сабақтың мақсаты: Глобустан картаға көшірудің түрлерін қарастыру

Теориялық мәлімет:

1.Шар бетінің жазықтыққа өзгеріссіз (бұрмаланусыз) жаюға келмеу себебі не? Өткен такырыптан глобус Жердің нақты үлгісі екендігін білдіңдер. Онда материктер, аралдар, түбектер және жер бетіндегі басқа да объектілердің пішіні мен мөлшері айнымастан бейнеленетіндігіне көздерің жетті. Бірақ жер бетін егжей-тегжейлі түсіру үшін өте үлкен глобус жасауға тура келер еді. Мәселен, жер бетін 1 см - 10 км (1:1 000 000) масштабта бейнелеу үшін көлденеңі 6 метрден астам глобус жасау керек болар еді. Әрине, ондай глобус пайдалануға ыңғайсыз. Сондықтан жер бетіндегі заттар мен құбылыстарды мейлінше толық көрсету үшін оның жазықтықтағы сызбасы -карта жасалады. Картаның басты артықшылығы - оның жер бетін түгелдей немесе жеке бөліктерге бөліп, ірі масштабта бейнелеуге мүмкіндік беретіндігі. Бірақ қандай жағдайда да шардың бетін жазықтыққа түсіріп бейнелегенде еріксіз ауытқушылық пайда болады. Жазық жерде тұрып жан-жағына көз жіберген адам Жер шарының дөңестігін байқамайды. Шағын жер бақылаушыға тегіс болып көрінеді. Оны қағазға сол күйінде кішірейтіп түсіру де онша қиын емес. Шағын жер бетінің сызбасы - план осылай жасалады. Ал жер бетінің үлкен алқабын немесе бүкіл Жер шарын жазықтыққа жазып бейнелеу- тым күрделі жұмыс.

Енді осы доптың орнына ойша глобусты койып көрейік. Глобусты меридиандардың бойымен әрқайсысы жазықтыққа жазғанда одан онша алшақ кетпейтіндей етіп, полюстен полюске дейін жіңішке тілімдерге бөлшектейік. Тілімдерді бір-бірімен экватордың бойымен түйістіріп орналастырсақ 30-суреттегідей меридиандардың бас жақтарының бір-бірімен жұғыспай тұратынын көреміз. Тілімдерді парал­лель бағытында бірте-бірте созу арқылы аралық ашық жерлерді толтырсақ, 31-суреттегідей дүние жүзі картасы шығады.

Осындай әдіспен жасалған картаны глобуспен салыстыра отырып, Жер шарының бетін жазықтыкка жазғанда кдндай өзгерістерге үшы-рағандығын байқау қиын емес.

2.Жер бетін жазықтыққа жазып бейнелеу әдістерінің көп түрлілігі. Жер шарыньщ бетін жазықтыққа түсіріп бейнелеу жоғарыда айтылған тәсілмен ғана шектелмейді. Ғалымдар жарты шарлардың, біртұтас дүние жүзінің, жеке материктердің, мемлекеттердің, жер бетінің шағын бөліктерінің картасын жасаудың түрлі өдістерін ойлап тапқан. Бұл әдістер бәрінен бұрын меридиан және параллель сызықтарын кескіндеуден айқын көрінеді. Бірақ қандай әдіс қолданылса да, Жер шарының бетін жазықтыққа ешқандай бұрмалаусыз жазып көрсету мүмкін емес.

3.Жарты шарлар картасы. Сендерге жақсы таныс жарты шарлар картасы глобусты меридианның бойымен қақ жарып, пайда болған екі бөлікті жазықтыққа түсірудің нәтижесінде жасалран. Жерді екі жарты шарға бөліп бейнелеу шардың бетін жазықтыққа жазғанда пайда болатын бұрмалану мөлшерін біраз азайтады. Мұны жарты шарлар картасындағы жер бетінің көрінісі глобустағыға ұқсастығынан байқауға болады. Дегенмен зер сала карасак, бұл картада да бұрмаланулар айқын көрінеді.

Глобуста барлық меридиандардың ұзындығы бірдей. Ал жарты шарлар картасындағы меридиандар әр жарты шар шеңберінің ортасынан шетіне қарай барған сайын өзінің нақты мөлшеріне қарағанда ұзара береді. Соған орай шеңбердің шетіне жақын жатқан Африканың батыс жағасы, Оңтүстік Америка мен Аустралияның шығыс жағалары глобустағыға қарағанда созыңқы бейнеленген. Дегенмен жар­ты шарлар картасы бүкіл Жер шарын бірден түгелдей көруге мүмкіндік береді.



4.Қазақстан картасы. Қазакстан картасы Жер шарының шағын бөлігін қамтиды. Сондықтан онда жер бетін бейнелеудегі ауытқулар оншалықты көзге түспейді. Дегенмен мұндай карталарда да шардың бетін жазықтыққа түсіргенде орын алатын ауытқуларға сәйкес өлшем жұмыстарына түзетулер енгізу қажет болады.

Бақылау сұрақтары:

1.Жер бетін картаға еш бұрмаламай, дәл түсіруге болмайтыны неліктен?

2.Дүние жүзінің, жарты шарлардың, жеке мемлекеттердің карталарында бұрмалану мөлшері қалай өзгереді? Неліктен?

3.Планға жер бетін бұрмаланусыз түсіруге болатыны неліктен?

10- сабақ

Тақырыбы: Түрлі карталарда меридиандар мен параллельдердің бейнелену ерекшеліктері

Жоспар:

1.Түрлі карталардағы меридиан және параллель сызықтары.

2.Картадан географиялық координаталарды анықтау

Сабақтың мақсаты: Түрлі карталардағы меридиан және параллель сызықтардыжәне картадан географиялық координаталарды анықтауды қарастыру

Теориялық мәлімет:

1.Меридиан бойынша тілімдерден құрастырылған дүниежүзі картасыда меридиандар - өзара тең, түзу сызықтар. Параллельдер оларға кесе-көлденең түзу сызықтар түрінде жүргізілген. Олардың ұзындықтары экватордан полюстерге қарай глобустағыдай қысқара бермейді, бір – бірімен тең қалпын сақтаған.

Жарты шарлар картадағы экватор және әрбір жарты шардың орта меридианы – түзу сызықтар. Басқа меридиандармен параллельдер әртүрлі қисық сызықтар түрінде жүргізілген. Орта меридианнан шетке қарай меридиандардың ұзындығы арта түседі.(бұл нені көрсетеді?).

Қазақстан картасында параллельдер шеңбер доғалары түрінде бейнеленген. Меридиандар картаның жоғарғы жағына қарай бір-біріне жақындай түсетін түзу сызықтар құрайды.

Карта меридиандардың шетіне – бойлық параллельдердің шетіне ендік жазылып қойылады.Жарты шарлар картасында бойлық меридиандардың экватормен қиылысқан жерінде жазылады.

Глобусың және карталардың өн бойында меридиандандар мен параллельдер тұрақты түрде белгілі бір градус сайын жүргізіледі (глобуста,жарты шарлар картасында және Қазақстан картасында неше градус сайын жүргізілгенін өздерің анықтаңдар).Сондықтан меридиандар мен параллель сызықтарының қиылысуынан пайда болған тор градус торы деп аталады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет